«Шыңырау» – Адамзаттың қазақ жасаған соңғы аңызы

Әбіш дүние салды. Қазақ прозасы виртуоз қаламынан айырылды. «Аңыздың ақыры» мен «Шыңырау» тәрізді қос шедеврді дүниеге әкелген асыл қаламгер уақыттан озды. Енді оның уақыты күннің қандай кезі, түннің қандай уағы, жылдың қандай маусымы, ғасырдың қандай заманы тумасын, мәңгіліктің ұлы мезгілінде өмір сүретін болады.

Ол жүз жылдықтар оқитын кітапқа айналады. Жүз жылдан соң, әдебиетте әр жазушыдан бір-бір кітап қалады... Сол шақта «Аңыздың ақыры» ма, «Шыңырау» ма, қайсысы алға озады, оны тағы да мәңгіліктің адал перзенті, төрелікке жарап қалған уақыт қалқа біледі.

Біз «Шыңырауды» оқимыз. «Шыңыраудың» түпсіз шыңырауына жете аламыз ба, жоқ па, шыңына шыға аламыз ба, жоқ па, оны шығыс біледі, әлде, батыс та түсініп қалар, мүмкін, адамзат ұрпағы ешқашан, әлем оқырманы ешқашан қадырлы Джеймс Джойс жазған «Улисс» тәрізді, тіпті, интеллектуалдардың өзі жұмбағын шеше алмайтын, тауысып оқып, сарқып тани алмайтын шығармасына айналар.

Шынымен, “Шыңыраудың” жөні бөлек еді. Форма тұрғысынан кемел дәрежеген жеткен озық шығарма болатын.

Тіпті, “Шыңырауды” оқып отырып повестің құйылған қалыбын көргендей күй кешіп отыратын едім. Сөзден сөзге жетіп, абзатстан абзатсқа көшіп, беттен бетке ауысқанда шығарма формасы әуелі сұлбаланып, сосын тұлғаланып айқындала түсетін.

Бәріміз де – Еңсеппіз. Еңсеп – қазақ тудырған сизиф. “Шыңырау” – Адамзаттың қазақ жасаған соңғы аңызы. Алаштың жаңа тәмсілі.

Әбіштің өзі маңдайы жарқыраған алып аңызға ұқсайтын еді. Оның тұлғасы да, тұла бойы да, төңірегі де аңызға, әфсанаға толы еді. Әбіш деген сөз шежіреге тұнып тұратын. Ұстаз қаламгердің соңынан әфсана қалды. Асыл мұра қалды. Өзінің қайталанбайтындығын білмей бақиға аттанған қайталанбас жазушының бізге қалдырған үлкен жұмбағы қалды.

Әбіш Кекілбай менің жазушы болып қалыптасуыма қатты әсер еткен кітаби ұстаздарымның бірі еді. Сырттай аға дос санаған Әбекең оны білмей өтті. Мен де ешқашан айтқан жоқпын.  

Дидар АМАНТАЙ

6alash ұсынды