Арқадан ұшқан алты қаз…
(элегия )
Ахау, сабаз!
Ұшырдың ұясынан балапан қаз...
(халық әнінен)
Жел ұйтқып, қар аралас жаңбыр жауып тұр. Арқа түнін оятып қаздар қайтып барады. Алтайдан да дәл осылай жыл құстары қайтып жатыр-ау!
Иә, қарақара бастап жыл құстары қайтқалы қашан? тек, шалшық көлін қимай қараша қаз ғана бейғам жүр…әл, әлгі бір әндік қасқалдақ пен шүрегей үйрекке жылы үйектен гөрі борсыған көлі ыстық сезіледі- ау! әлі қамсыз. Қайрандап қалған өлмелі шабақтарды теріп жегеніне мәз…
Самалынан аңыз аңқыған ұлы даланы аққудың сұңқылы, қоңыр қаздың қаңқылы, тырнаның тырауы кернеп тұр. Әне, арқа аспанын сұңқылмен тілгілеп қаздар ұзап барады. Үш бұрыш жасап ретті тізілген (тіліміздегі «қаз-қатар» деген сөзді осылар берген-ау). Бейне жебенің ұшына ұқсайды. Құйтұрқы боранды қақ айырып тартып барады…
Жыл құстары желді, жауынды күні түн жастана сапарға шығады. Әйтпегенде, балапандары жұмыртқадан шайқалған жылы ұясын, қанаттанған көлін, қалықтаған жерін қимай қалып қояды. Міне, мынау қаздар тірлік үшін ұрпақтарын жаңбырлы, желді күні адастырып алып ұшқаны. Олардың артында киіктің көзіндей мөлдіреген тұмалар, сорпаның бетіндей шымырлаған көлдер, көк орайлы белдер қалып барады…
Иә, біз де дауыл, қар аралас жаңбыр үдеп тұрған сәтте, дәл осы қаздардай, Алтайдан арқаға балапанымызды ертіп бір түнде ұшып жеткен едік. Біздің балапандар алдануға да үлгірмей қалды…
Көтере ұшуға арқаға симай Алтай қалды. Ортасынан бөлген жыландай шоршып, еңіреп Ертіс қалды. Екі көздің шарасына қапелімде толып, төгілмей қалған ашты жастай мөлтілдеп Қанас пен үліңгір қалды. Бабам басқан ертік жолдар мен жондар қалды. Әр сайыңда бейіт белгім, бесік үлгім қалды қайтейін…
Арқаның сыңсыған сағал нулары, аққу-қаздай жамырай қонған тағдырымызды қуана қарсы алды. Балапандарымыз лезде бауыр басып кетті…
Домбыраның қос ішегіндей Алтай мен Арқа бір ішегіңде мұңайып, бір ішегіңде қуанып, шанағыңда шайқалған қазақтың тағдыры қинайды мені…
Арқадан ұшқан қаздар көрінбей кетуге айналды.
- Қаздар-ау, біз қандай бақыттымыз, сен тоңсаң ұшып барар жылы көлің бар, мен торықсам ұшып жетер жерім мен елім бар,- деп айғай салдым…
Даусымды арқа аспаны қайталап жатты…
Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ,
Сарыарқа, 24.10.2019
6alash ұсынды