«Боқ» деген сөзді естісе болды бұл күннің адамдары мұрнын басады. Жирене, жиіркене қарайды. Сонда біз осы бір жалғыз дыбысты сөзден қашаннан бері жирендік? Бірер мың жылдың айналасында-ау, сірә?! Ал, осыдан мың бес жүз жылдың алдындағы адамдар, былайша айтқанда, біздің ата-бабаларымыз осы дыбыс құлақтарына шалынса-ақ болды, «қайда, қайда» лап шауып жүрген болатын. Осыдан-ақ бұл мақалдың қанша жасқа келгенін көріп алуға болады. Егер, бұлайша созсақ, бұл мақалдың арғы тегі Оғыздар дәуірімен үндесер еді. Мейлі қалай болса, солай болсын, ол кездегі осы «боқ» деген сөздің мағынасы; «1. байлық, дүние, 2. тәңір, жаратушы» деген екі мағынамен белгілі болатын. Бұны қазіргі «боқ дүние» деген сөзден-ақ түсініп алуға болады. Кезінде бұл сөздің осы күндегі «мал-мүлік, қайыр-сақауат» деген сияқты арасына сызықша қойылып жазылғаны мәлім. Кейіндеп бұл сөздің арасына «шылық» жұрнағы келіп түскенде, «боқшылық дүние» болып кете берген. Бұл кез «боқ»-тың осы күнгі мағынаға көшкен кезі.
Абайдың «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» дегені бұл сөздің ескі, жаңа қос мағынасын қатарынан беріп тұр. Көтеріп жүргенің «дүние», ал, ішіңдегің соның «шірітіндісі» демекші. Бұл күндері өзіміз «қоқыр-қоқсық, сыпырынды» дегенді де «боқтық» дей саламыз. «Сонша жиған боқтық неге тұрады» деуіміз де сонан. Ал, «берекесіздікке салынды» дегенді «боғы сұйылды», «түкке тұрғысыз» дегенді «боқтан өзге» дейміз. «Саған ол боқты сүйеу болар» деуде осыған сакін. Дегенмен, бұл сөздің «Тәңір, жаратқан» деген мағынасы осы кезде мүлде жоғалып, тек ескі кездегі «Тәңір, жаратқан» деген мағына беретін «Боғда» деген ныспы күйінде таудың атында ғана қалған. Бұл күндері осы бір «дүниенің өгізі, дүниенің арқасы» делінетін күллі тау сілемін «Тәңір тауы» деуімізде осыдан. Бұны онан ары дәлелдеу керек болса, осы күнде орыстардың өзі «Тәңір, жаратқан» деген сөзді «бог және бох» деп екі түрлі атайды да, «бай, байлық, ырыс, құт» дегенді «богати» дейді. Түркі тас жазуында «буыншақ-түйіншек» дегенді «боқ» дейді де, қазіргі өзіміз «боқша» деп жүрген сөзді «боғ, боқтай, боқтұй» деп үш түрлі атайды. Бұл Махмұт Қашқари сөздігінде де осылай. Қазіргі түркілер «көтермеші саудагер әйел, һамбал(жүк көтеруші)» дегенді «боқшажы» дейді де, парсылар «боқша» дегенді «бохшы» десе, тым ескі кездегілер «боқжама» дейді. «Ақысын берсең, боқысын шығарады» деген мақал да осымен сарындас. Былайша айтқанда, ақысын берсең, пайдасын үйіп тастайды деп тұр. Бұларды және де ілгерлей дәлелдеу керек болса, Махмұт Қашқарида «жинады, топтады» деген мағына «бұқды» болып, «тойды, семірді» деген мағына «бокті» болып келеді. Бұл жерде дыбыстың тегі тұрғысынан «о, ұ, ө, ү» дыбыстарының жалғыз-ақ «о» дыбысы екенін ұмытпау керек. Мұның дәлелі: Дыбыстың ең өркендеген түркі тас жазуларының өзінде «о мен ұ» бір-ақ таңбамен, «а мен ә» бір-ақ таңбамен белгіленіп, бүкіл әліппеде төрт-ақ дауысты дыбыс болған ғой. Егер, мұны онан ары апару керек болса, тек дауыстыларды ғана емес, күллі дыбыс атаулыны жалғыз-ақ «а» дыбысына апарып байлар едік. «А» күллі дыбыстың, былайша айтқанда, жаратылыстың басы есепті, бұған дәлел ауызды өз табиғаты бойынша кең ашып дыбыс шығарып көрсек-ақ белгілі. Дәл осы жерде сіздің қай ұлт болуыңыздың да, қай тілде сөйлейтін адам екеніңіздің де еш қажеті қалмайды. Тіпті осы дыбысты аузын дөңгелентіп өгіздің «ө» деп шығаратынын ескерер болсақ, жаратылысымыз тұрғысынан өз тумысымызға онан ары жақындай түсер едік. Ал, мұнан арғы өзгерінді, туынды дыбыстардың еріннің, тілдің және танаудың көмегімен жасанды іс қосу жолы арқылы ауаға тарайды,- деген едік. Енді мына ескі айтыс үзіндісіне қараңыз;
«Өзің-ақ ен боғыңа иелік қыл,
Былғама Расул атын бей янат.
Ауламақ момын көңілін болсаң егер,
Айт уағыз, адал малдан қыл салауат». Мұндағы «ен»-ның мағынасы; «кең, мол, бай, дарқан» деген мағынаны береді де, «ен боқ» болғанда «мол дүние» деген сөз болып шығады. Өзіміз әдетте көп балалы үйді «боқташақты үй» дейміз де, үйелмелі-сүйелмелі туылған көп баланы «боқташақ» дейміз. Осындағы «боқ» та «көптікті, молдықты» білдіреді де, ал, ескі кездегі «ташақ» пен «тас»-тың мағынасы біреу. «Мың бір түн» де өзін әбден басынған есерсоқ жігітті мас қылып, әтек етіп тастаған қыз қимылын «қыз тасты шарт кесіп алып, қасындағы қызып тұрған темірдің отына басып алды» деп жазады. «Боқташақ» тың мағынасы енді түсінікті болған шығар.
Сонда «Болар бала боғынан» дегенде оның «қалай үлкен дәрет сындырғандығында» деп тұрған жоқ. «Үпшіні, дүние-мүлкі, былайша айтқанда, қалай ойнап, қандай ойыншықтар жиды» деп тұр. Бала биді есіңізге алыңыз.
Көрдіңіз бе, жалғыз-ақ дыбысты «боқ» деген бір сөздің өзінде ат үсті баяндағанда осыншалық мағына мен мәнер жатыр. Егер, мұны жүйелендіре, сыбайлас мағыналарымен қоса баяндасақ не болар еді? Осыдан-ақ көруге болады. Қазақ тілі кім көрінгеннің итпегіне көне беретін қарабайыр ессіз дыбыстардың қосындысы емес. Ол өзінің ұшан-теңіз ақыл-есімен, рухымен, тарихымен етене құшақтасып жатыр. Оны басынуға келмейді. Онан жаратылыстан шошығандай шошу керек.
Қытай қазақтарынан шыққан белгілі сыншы, тіл ғалымы Серік ҚАУЫМБАЙҰЛЫ
6alash ұсынады