Қытай қазақтарынан шыққан белгілі сыншы, тіл ғалымы Серік Қауымбайұлымен сұхбат.
«Тіл тазалығы – рух тазалығы» -дейді Қытай қазақтарынан шыққан белгілі сыншы, тіл ғалымы Серік Қауымбайұлы. Жөн сөз! Өйткені «тіл ойдың тікелей шындығы» дейтін уәжге жүгінсек, тілдің ділімен тамырлас екені де талассыз шындық. Әр ұлттың әдет-ғұрпы, салт-санасының ұқсамауына да тіл мен тілдегі парық басты фактор. Демек, ұлттың өркенін өсіріп, ана тілдің арқауын аласартпай, тілдің тұнығын сақтау әрбір азаматтың рухымен, жан дүниесімен жалғасып жатуы тиіс.
– Серік аға, сіз қазақ тілінің өркенін өсіріп, тазалығын сақтау жайындағы тақырыптарға көбірек тоқталып жүрген қаламгердің бірісіз. Сіздің бағамыңызша, тіл байлығының әдебиеттегі маңызы қандай?
– Тіл дегеніміз үлкен құбылыс. Әдебиеттің басы тілден басталса, соңын да тіл шығарады. Тілсіз әдебиет болуы мүмкін емес дейтініміздің себебі осы. Демек, әдебиеттің арқауы, жаны да, қаны да болған тілге қаншалық назар аударып жүрміз?! Менше, қазақта тілге, тіл мәселесіне назар аударып жүргендер төтенше аз. Тіпті, саусақпен санап аларлықтай ғана десек артық емес. Әрине, жазушы жоқ деуге болмайды, жазушы көп қазақта. Бірақ тілді қаншалық деңгейде меңгердік?! Айналасы үш-төрт мың сөзбен шығарма жазып жүрген жазушыларымыз аз ба?! Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Абай» романын жазғанда қолданған сөздік қоры 18 мың екен. Бұл тек сөздің сүйектік мағынасындағы саны ғана. Қазақ тілінің 10 томдық «Түсіндірме сөздігінде» жүз үш мың сөз бар. Қазақстан ғалымдарының айтуынша, от деген сөзді түбір етіп жасалған сөз бен сөз тіркестерінің өзі 10 мыңнан асады екен. Байқадыңыз ба, қазақ тілінің қаншалық бай тіл екенін?!. Ендеше, біз бұл күнде сол көл-көсір байлығымыздан емін-еркін пайдалана алғамыз жоқ. Мықтағанда өзіміз білетін үш-төрт мың сөзді түрлендіріп, қолданысқа түсірумен ғана шығарма жазып жүрміз.
Ауыз екі тіл, жазба тіл деген ұғымдар пайда болды соңғы кезде. Әуелі, осы екі тілдің қатынасы қандай?! Ауыз екі тіл мен жазба тілдің парқы ұлттың мәдениет деңгеймен тіке қатысты. Ұлттың мәдениет деңгейі жоғарылаған сайын бұл екеуінің парқы барған сайын азая түседі. Тіпті, парық та қалмайды. шынын айту керек, біз қазыр бейберекет сөйлейміз. Тіпті, сөзді бейберекет қолданудан радио, телевизия сияқты белді ақпарат орындары да қалыс емес. Мәселен: Құрметті көрермен, құрметті тыңдарман деп соға салады. Осы сөздердің соңындағы «дер, дар» деген көптік жалғау қайда?! бұл бір адамға емес, көп адамға қаратылып тұр ғой. Байқайым, кейбіреулер тыңдарман дегендегі «манды» көптік жалғау деп ойлайтын тәрізді. Ман – ежелгі түркі сөзінде адам деген мағына береді. Махмұт Қашқаридың «түркі тілдер сөздігінде» «сокман» деген сөз бар. Бұл қоршауды бұзатын, шеп жаратын батыр деген сөз. Осы «ман» ағлшын тілінде «адам», «ер адам» деген екі меғынамен жүр. Парсы сөзінде де бар. Мәселен: Шабарман, аларман, қаһарман, бағыбан. Соңғы сөздегі «бан» да маннан өзгерген. Баққа қарайтын адам деген сөз.
«Өлді» деген сөзді алып айтайықшы. Көне түркі сөзі. Оның түбірі – өл. Мұның әсілгі мағынасы тою. Тоя тамақтанғанды дегенді «өле жеді», жылқының қатты оттауынан болатын ауруын «өлі тиу» дейміз. Демек, мәселенің бәрі сөздің арғы тегін, астарын түсінбеуден шығып жатыр. Кез келген басылымды ақтар. Бәрінен табылады. Мұның екі түрлі себебі бар: Бірі, жазушыларымыздың пәруейсіздігі болса, енді бірі, оқырмандардың пәруейсіздігі. Өйткені оқырман алдына не келсе соны талғамсыз қабылдай берген соң, жазушылар иі қанбаған, тілі орашолақ шығармаларын «лақтыра» беруді әдетке айналдырып алды. Міне осыдан барып тілдің берекесі қашты. Мұны түзету де оңайға соқпайтыны анық.
– Бір ұлттың тілінің дамуы сол ұлт тілінде жарық көрген сөздіктерден бейнеленіп жатады. Жоғарда сіз қазақ тілінің түсіндірме сөздігін ауызға алып жатырсыз. Ендігі әңгімені қазіргі сөздіктер жайлы өрбітсек.
– Сөздік дегенміз үлкен құрал. Ол оқулық емес, роман емес. Оны оқығанда рухани ләззәт ала алмағаныңмен, тілдің тұнығынан сусындататыны шындық. Сөздік жасауда басты назар аударатын мәселе – алдыңғы сөздіктерді қарап шығып, кем болса толықтап, қатесі болса түзетіп, мүмкін бар атауларды біркелкі алуға тырысу керек. Атауды келсе-келмес ала беру бізге аброй әпермейді.
Өз басым қолыма түскен сөздіктерді түгел оқып шықтым. Білмейтін сөзімді бір жағына, қате сөздерді бір жағына тізіп жазу менің баяғыдан қалыптасқан әдетім. Қолыма қалам алған күннен бастап кітаптардан оқыған өзім түсінбейтін сөздерімді тізіп жазып отырдым, осының арқасында талай сөз үйрендім. Талай сөздің тегін білдім. Қазір үстелімнің үстінде мен жинаған 100 мың сөз тұр. Былайша айтқанда, мен сөздің мәнісіне, сөз төркініне қолыма қалам алған күннен бастап үңілдім. Онда мен сөздік жасау емес, қайта жазған шығармаларымда сөзді дұрыс қолдануды мақсат еттім. Өйткені жазушының құдыреті – бір сөзді қате қолданбау, бір сөйлемді бұрыс жасамау. Бұл тіпті жазушының ең қарапайым өлшемі. Образ жасау, харектер ашу екінші мәселе.
Менің сөз төркіне үңілуім өзімнің тілдік қорымды молайту үшін еді. Ал ұлттың тілі – ұлттың қасиеті. Тілді әдетте қатынас құралы деп жүрміз. Менше, бұл қарабайыр анықтама ғана. Ғалымдар дәлдеген: Иттің сөздік қоры 19 екен. Былайша айтқанда, ит 19 түрлі дыбыспен өзара сөйлесе алады екен. Пілдің қимыл тілі 19 екен. Олар 19 түрлі қимыл арқылы бір-бірімен сөйлесе алады. Хайуанаттардың ішінде сөздік қоры жоғары хайуан дельфин екенін де ғалымдар дәлелдеді. Адамға қимылдық жақтан жақындаған да дельфин. Дельфиндер теңізде бірін-бірі босандыра алады екен. Ғалымдар тынық мұхиттан ұстап алған дельфинді 600 киллометр жердегі дельфиндер тобына қосқанда, олар тіл табыса алған. Демек, егер тіл қатынас құралы дейтін болсақ, онда бұл анықтама жоғарыдағы хайуанаттарға да сәйкес келеді. Сондықтан, тіл қатынас құралы ғана емес, ол рухпен байланысып жатыр. Әр бір сөйлеген сөзің, шығарған ләмің өз рухыңмен ұштасып жатыр. Қазақтың «жаман сөз ауыз садағасы» деген сөзі міне осыған қаратылған.
– Сіз ағылышын тілінен өлең де аударып жүрсіз. Сізше, сол аударған өлеңдеріңіздің көркемдік деңгейі қаншалық? Егер кім көрінген сіз сияқты басқа тілді 2-3 жыл ғана үйреніп, аудармамен айналысса, біздің аудармамыздың тағдыры қалай болмақ?
– Мен алды мен қытай тілінен аудардым. Алғашында әңгіме, повестен бастап, кейін өлеңге ауыстым. Сол өлеңдерді аудару барысында қытай тіліндегі аудармасына тым қанағаттанып кетпедім, сосын ағылшыншасы қалай екен деген оймен ағылшынша үйренуді бастадым. Бұған мен 8 ай уақыт бөліп, негізін қаладым, содан үйренуімді үзгем жоқ. Кейін өлең аудардым. Орысшадан да аудардым. Бір мысал айтайын: Бір франсуз ғалымы шығарма жазып жатқанда, мәлім бір мақаладан материял алу керек болған. Ал ол мақала басқа тілдегі мақала еді. Сонымен әлгі ғалым 4-5 ай жағаласып жүріп, қажетті мақаланың мазмұнын шығарып алған да, сосын барып пайдаланған. Демек, мазмұн шығару, оны пайдалану үлкен мәселе. Көп адам ойлайды, қазіргі аудармашылар аударатын тілді толық біліп алған деп ойлайды. Менше, бұл қате ұғым. Себебі аударма мәселесінде қайысы тілге аудармақшы болсаң, сол тілге жеттік болуың шарт. Әрине, мәтінді түсіну керек. Ал ол мәтінді екінші бір тілге майын тамызып отырып аудару үшін сол тілге қанық болуың қажет. Сондықтан аударма үшін қажет нәрсе – аударатын тілді емес, аударылатын тілді қанық білу аса қажет. Міне осы негізден алғанда, қытайшадан аударған өлеңдерді біршама жеткіздім деп ойлаймын әрі аудармашылар да, оқырмандар да солай бағалады. Ағылшыншадан аударғандарым да тым осал соққан жоқ.
Өлең аударғандарды көріп жүрмін. Аудармасы өте нашар екені көрініп тұр. Өйткені ол өзі ақын емес. Алдымен сен бір ақынды аударатын болсаң, құрығанда сол ақынға таяу дәрежедегі ақын болуың керек. Әйтпесе, өлең аударылмайды. Демек, мен өлеңге деген бейімдігіме және тілдік қорыма сүйеніп ғана аударған болуым мүмкін. Егер осы өлеңдерді керісінше бұрынғы тіліне аударып бер десе, бұл менің мүлде қолымнан келмейді.
– Сіз тек аударатын тілге жетік болу керек деп отырсыз. Бұлай болғанда, түп нұсқадан алыстап кетпейсіз бе? Түп нұсқаға адалдық қайда қалады?
– Шетелде аудармашыларды жартылай жазушы деп мойындаған. «Аударма дегеніміз азғын әдебиет» деп Нобел сыйлығын алған бір жазушы айтқан. Сондықтан аударылған шығарма азбай қоймайды. Бірақ сақталып қалатын нәрсе не? Сақталып қалатын тек идея ғана. Егер сөз сөйлемін сақтаймын десек бұл аударма болмайды. Мәселен: Біз Толстойды неге төбемізге көтереміз? Жауабы анық. Оның ақыл-есі, яғни шығармаға сіңірген идеясы ерекше. Аударма да сол. Сосын да аудармада идеяны жеткізуді негізге алу керек. Бір мысал айтайын: Абайды, Омарғазыны қай тілге аударсаң да ұтылмайсың. Ұтып шығады. Ал Мұқағалиды аударшы. Ол ұтылады. Мүмкін емес. Өйткені өлеңде сезім аударылмайды. Өлеңде дірілдеген сезімді сол күйінде жеткізу қиямет. Тек идеясы ғана аударылады. Демек, аударма – идеяны жеткізудің тәсілі. Адам қандай сөйлесе, оның ақыл-есі де сондай. Әдебиет те мұнан тысқары емес әрине.
– Қазақстан жазушылары «Абай қай тілге аударылса да ұтылады» деп қарайды. Сіз Абай да, Омарғазы да қай тілге аударылса да ұтады дейсіз. Осында бір қайшылық тұрған жоқ па?
– «Абай қай тілге аударылса да ұтылады» деген сөзді естігем және сол пкірді оқығам. Мен ұтады деймін. Неге? Себебі қай тілге аударылса да Абай ұтылады дейтіні аударма Абайды жеткізе алмайды деген сөзді меңзеп тұр. Қалай аударсаң да Абай Абай биігінен төмендеп қалады. Абай ұтылады дейтіндері осы. Ал қай тілге аударылса да Абай ұтады дейтінім – Абайдың ақыл-есі, яғни идеясы аударылады. Егер шынайы аудармашы болса, осы идеяны дұрыс, дәл, тұшымды етіп жеткізе алса, Абай ұтылмайды.
Бізде «басқа ұлттарға таныстрамыз» деген мақсатпен аударту үрдісі көбейді соңғы кездері. Бірық ол аударманың сапасы қалай? дұрыс жеткізе алды ма? оны ешкім қадағаламайды. Талғампаздықпен аударту әдеті қалыптасқан жоқ. Мәселен: Олжасты Олжас қылған, күллі қазаққа танытқан Қадыр Мырза Әлі болатын. Демек, қазақы рух, қазақы сезім сіңірілген шығармаларды аудару ұлкен күш пен талғампаздықты қажет етеді. Әрине, бұл салада еңбектеніп жатқан аудармашылардың еңбегі ерен. Бірақ осы шығармалардың иін қандырып, исін шығарып аудару әлі де көп күшті қажет ететіні шындық.
Әңгімелескен Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
6alash ұсынады