Біз бұл жолы сол «Қарқаралының» жалқы шумағындағы жалғыз ғана «сайғақ» дейтін сөзі айналасында әңгіме өрбітпекпіз.
Сонау, ілкі тарих керуенінен бері қарай мың ұрыс, мың соғысты басынан өткеріп келе жатқан қазақ деген халықтың тағы бір аласапыран кезеңге тап келген тұсында өмір сүріп, тарғалаң тағдырын әнімен таңбалап кеткен атақты Мәдидің:
«Атыңнан айналайын Қарқаралы
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы», деп басталатын зарлы да шерлі, запыран үні қай қазақтың құлағына жетпеді дейсіз! Ертелі-кешкі ыңылын «Қарқаралының» әуеніне қоспайтын қазақ та кемде-кем шығар...
Біз бұл жолы сол «Қарқаралының» жалқы шумағындағы жалғыз ғана «сайғақ» дейтін сөзі айналасында әңгіме өрбітпекпіз.
Бұл күнде «сайғақ» десе көпшілігімізге жапан түзде үйір-үйір болып жайылып жүретін ақбөкен ғана елестейді. Журналистер де жиі қолданады. Басында оны орыстардың «сайгак» дейтініне қарап бізге со жақтан кірген жоқ па екен деген күмән болғаны рас. Олай дейін десең моңғолдар да оны «сайга» деп атайтын көрінеді. Былайша «сайы» да, «қағы» да сәйкесіп бөкеннің осы түрін «сайғақ» деп атауға келіп тұрғандай. Мүмкін орыстар түркілерден алды ма екен? Ол енді мүйіздері алты салалы, осы тілдерде ор киіктей ойқастайтын қасқа ғалымдардың жұмысы.
Қазақ аспанының жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов Жоңғар хоңтайшысы Қалдан Серен басқарған қалың жау қазақ жеріне басып кіргені туралы жазып отырып: «...Шошынған ел сайғақтың үйіріндей дүние-мүлкі мен мал жанын тастап түстікке қашты. Орта жүз Самарқанд маңына, кіші жүз Хиуа мен Бұқар барып тоқтады» дейді. Бұған қарасақ бөкен-сайғақ, бертінде ғана «сайғақ» атанбаған сияқты.
Алайда, «сайғақ» сөзінің өзге де мағыналары бар екенін көп ескере бермейді екенбіз. Ендеше, негізгі әңгімемізге көшейік.
Қазақ «сайғақты» бір нәрсені ұруға арналған қатқан ағаш, сойылдың атауы ретінде де қолданған екен. «Арыс» баспасынан шыққан «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» және «Шыңжаң халық баспасында» жарық көрген «сөз сандық» түсіндірме сөздіктерінде солай таңбаланыпты. Ал, Сәкен Сейфуллин 1916 жылғы көтеріліс туралы жазған «Қазақ қозғалысы» деген мақаласында «Қолдарында, тақымдарында сайғақ. Шошайған сайғақтарының ұштары күнге шағылысады» деп суреттейді. Оған ақын Зейнолла Әкімжановтың «Тарихи шындаққа сәйкессіздік Сегіз Серінің дастандарына сенімсіздік тудырады» атты мақаласындағы: «...Жасағының қарасы кемігеніне налыған Исатай жауға үрей тудыру үшін өзінің әйелі Несібеліден бастап, Беріштің қыз-келіншектерін еркектерше киіндіріп, қолдарына найза да емес, сайғақ ұстатып, ат-түйеге мінгізіп құмның адырларынан бой көрсетіп шығуға бұйрық бергенін көтеріліс тарихын тиянақты зерттеген қаламгер Берқайыр Аманшин жазған» деген жолдарды қосыңыз. Бұл – бір.
Екінші, жоғарыда аталған «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» сайғақтың негізгі бір мағынасы туралы: «Зираттың басына белгі ретінде қойылатын таяқ, діңгек ағаш» деп тайға басқан таңбадай анық жазылыпты. Енді осы мағынадағы қолданысты әдеби сөз қорымыздан іздеп көрелік.
Қазақ әдебиетінің алыбы Әбіш Кекілбаев «Бір шоқ жиде» повестінде зират басында құран оқып отырған қарияны: «Жиде сайғақ шаншылған қызыл төмпектің құбыла бетіне ши барқыт бешпент-шалбары бар имек мұрын тарамыс шал жер тізерлей жүгініпті» деп суреттейді. Және осы шығармада: «Құм арасындағы теңгедей қатқыл ойпаңдағы анадайдан-анадайдан андыздап көрінетін жиде сайғақтар күн жеп қурап бозараңдап көрінеді» дейді. Бұл да шағын зираттарды суреттеуі.
Ал, Мұхтар Мағауин «Сар қазақ» романында жақынын жерлеп жатқан қаралы жалғыз туралы айта келіп: «Жерге басы жеткенше иіліп, дөңкиген қабірдің дымқыл топырағын сылады. Қатарында дәл осындай, бірақ басылған, кеберсіген, үстіне сояу-сояу ақ сораң шыққан, құбыла бетіне арбақ-сарбақ сексеуіл сайғақ шаншылған үлкенді-кішілі тағы екі қабір бар екен» дейді.
Оралхан Бөкей өлген бурасына «хайуан болса да пайдасы көп тиіп еді...» дейтін Әбіш шал туралы айта келіп, «Бураны шал ұмытқан жоқ-тын. Қардың шеті тесіліп, күн жылына, немересін ертіп Нарын құмына жаяу аттанған. Түйенің шыбын қонып, саси бастаған денесін жер қазып көмген. Арқалай келген діңгекшесіне «бұл жерге поезға соғылып өлген қара бура көмілді» дегізіп жаздырды да, түйенің басына сайғақ етіп орнатты» деп тіпті анық жазады.
Енді жырларға кезек берелік.
Аталған сөздікте сайғақтың осы анықтамасына Мағжан Жұмабаевтың «Жылқышы», «Жігер шіркін желінді» өлеңдеріндегі:
«Боран мынау қабандай,
Қатуланған қаба алмай,
Түбі қайыр болса игі.
Басында, өлсе – сайғақ жоқ,
Өліміне айғақ жоқ,
Жылқышы сорлы не күйде?» және:
«Қолды қардан оқ үзді,
Ордаға байрақ байлатпай.
Өлер өмір, сөз қалар
Молаға қойған сайғақтай» дейтін жолдарын қоса келтіреді. Ал, «Жауынгер жыры» өлеңінде ақын:
«Қазам жетсе майданда,
Басымда найзам – сайғағым.
Қайратты, қайтпас жан досым –
Ерлігіме айғағым» деп тағы қолданады. Енді Мағжаннан сәл әрірек мысал алсақ, «Саздауға біткен қара ағаш, Кімдерге сайғақ болмаған?» дейді Шалкиіз жырау. Шопықұлы Қалнияз жырау «Ер Қармыс» жырында хас батырдың сөзін:
Үстімдегі боз шекпен,
«Кебінім» деп кигенмін.
Солқылдаған ақ найза
Басыма сайғақ болсын деп,
Оң қарыма ілгенмін» деп төкпелейді. Ал, сол тамырдан нәр алған ақын Сабыр Адай:
«Ер өлген жерде сайғақ бар,
Бəйгіге басты байлап бар.
...
Көкмойнақ мінген ауыл-ды,
Күмістен тұрман салулы.
Ер өлген жерде сайғақ бар,
Сайғаққа тұлпар таңулы» дейді өзінің «Ер өлген жерде сайғақ бар» атты Маңғыстауға арнаған жырында. Ал, Баян-Өлгейден келген ақын Бақытбек Бәмішұлы «Оспан батыр» поэмасында:
«Аңырап қырда сайғақ тұр.
Намысымды қайрап тұр,
Қаным бойда қайнап тұр» деп Сабыр ақын жырымен үндеседі. Осылай тізе берсек бұрынғы бай тілімізден әлі де талай деректер келтіре беруге болады. Өкінішке қарай, кедейдің ешкісіндей кеміп-ақ қалған бұл күндегі әдеби сөз қорымыздан таба қоймайтын секілдіміз. Тапсақ та бөкен-сайғақтан ары аспайды. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме...
Айтпағымыз, Мәдидің «сайғағы». «Мен бір жан қуғын көрген...» деген сөзі, әрине «тұрақтатпадың, тұрғызбадың» деген сөз ғой. Тұрақтап қалатын, мәңгілік мекен, ол – зират болса, сол мызғымас топмешікке шаншылып, топырақпен бірге тозатын белгі сайғақ емес пе? Қайран ер! Жарлыдан жазғыз туған қайран Мәди! Қалай айтқан, қалай шерленген? Шалғынына аунап өсіп, атынан айналған аяулы Қарқаралысында молаға шаншылған қу ағаш құрлы тұрақ таптырмағанда күңірене шыққан күйік-шер ме екен «Қарқаралы». «Кір жуып кіндік кескен қайран жерлер, Көзіме бір көрінбей қалды-ау деймін» деген өкініш зары көкірегінен қайнап шыққан махаббат жыры екен ғой туған жеріне. Сол махаббат, сайынан сайғақ құрлы сая таппай кеткен перзентінің жүрегінен жарып шыққан сол шерлі сөз, сол мұңлы ән, сол басынан бұлт арылмаған «Қарқаралы» енді Мәдидің бейітіне қойылған ескерткіш-сайғақтай мәңгіге біте қайнап бірге қалмақ!
Неге екенін, біздің түйсік, біздің сана осылай қабылдағысы келеді де тұрады. Бұл әрине, әркімнің жеке қиялы, таным-түсінігінің еркіндегі шаруа. «Сая тірі тіршілікке керек емес пе?», «Қуғын көрген...» дегеннің өзі бөкен-сайғаққа келіп тұрғандай» деген уәждер алға тартылса ол пікірмен де сыңарезулеп таласу беркершілік.
Осы тұсқа қысқа бір оқиға қыстыра кетудің реті келіп тұр. Өйткені, осы әңгімелерді қозғауымызға түрткі болған да сол әңгіме еді.
Ана Алтайдың ар жағы не бір айтулы оқиғалар өткен кәрі мекен ғой. Қытайдағы «мәдениет зор төңкерісі» аталатын аласапыран кезеңінде Алтайдың аюдай-аюдай біраз шалдарының 15-20 жыл өмірлері Тарымның түрмесінде өткенін көпшілік білсе керек. Мерзімді уақыты толып түрмеден босаған әркім өз ауылына жетіп, зарығып көрген туысы, ауылдас, ел іші, тіршілігі бар дегендей өздерімен өздері болып кетеді. Кейін замана келбеті түзеліп, түрмеден шыққандарына 10-15 жыл бола бастағанда барып бір-бірлерін қайта іздейді. Қанша дегенмен пәлен жылы бірге өткен адамдар ғой, оның үстіне өздерін өмір құндылықтары өзгеріп сала берген кейінгі уақыттың өзіне өгей секілді сезінетін олар бірін-бірі алыстан көксеп келіп, апталап жатып әңгіме соғатын болған.
Осыдан жарты жыл ілгері ауылдағы Бөшей дейтін ағамыз сол қариалар туралы әңгімелеп отырып мынадай бір оқиғаны айтты: «Өмірхан атамыз дүниеден өткенде сонау алыстағы Дүре деген жерден келген бір ақсақал: «Түрмеде көп дәмдес болып едік, бір келіп әңгімелесіп ақтарылып қайтармын деп жүр едім, ішімде қалды-ау... үлгермегенім-ай...» деп қатты күйзелді. Содан қабірдің басында, «Өмекем-ай, жарықтығым! Қандай жақсы адам еді! Енді мына сайғақ менен де бір белгі болсын!» деп арнайы кесіп әкелген талдың бұтағын бейіт басына шаншыды. Қимастық қой...».
Сөздің шыны керек, оқыған шығармалардан кездестіргенімізбен көз тоқтатып, көңілге түйіп, мәніне бойлай бермеген «сайғақ» сөзі сол кезде санамда кенет қайта жаңғырып еді. Еміс-еміс есіме келе бастаған. Кейін қағаз бетінен қайта іздедік. Ал, біздің ауылда бейіттің топырағына ағаш шаншу әлі күнге сақталып келеді.
Атыңнан айналайын арда Алтай, аяулы Алтай, арман Алтай! Құрақтай желкілдеп балалығым қалған, құр аттай ойнақтап жастығым өткен жайлау Алтай, қайран Алтай! Қол-аяғымыз байланып қуғын көрмесек те, сайынан сайғақ құрлы сая таппай біз де кеткен екенбіз ғой...
P.S. Бір таңғалғанымыз, күні кеше ғана қолданыста болған, тіпті осы күні көзі тірі қаламгерлер шығармаларында кездесіп отырған бейіт белгісін «сайғақ» деп атайтынымыз неге есімізден көтеріліп кетті екен? Мүмкін, ол көшпенді, жаугершілік заманның қажетіне жарап, қазір ескі жадыларда ғана сақталып қалған жәдігер болар? Қазіргі сайғақ орнына «сарай» салынған зираттықтарымызда оған орын да қалмады ма екен...
Мәди бабамыздың «сайғағы» бәлкім, ағаш-сайғақ, мүмкін, бөкен-сайғақ болар. Тап басып ұстап, табандап тұрып алмақ ойымыз жоқ. Біз «Қарқаралы» әніндегі «сайғақ» сөзі арқылы оның ескі бейіт басындағы белгідей болып бүгінге жете жығылған, ұмыт болып бара жатқан тағы бір мағынасын еске салғандаймыз.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»