Сауысқан шықылықтады

Бүгін бозала таңнан сайраған бозторғайдың үні емес, сауысқанның шықылмен ояндым.
– Шық, шық, шық!
Ұшса бірігіп ұшпайтын, жүрісі секіріс, құстың жаманы саналған осынау бейбақтың "шықылын", келе жатқан жолаушының хабарына балап кеткен кім екен деші? Қай ата-бабамнан қалған тағылым? Оны білмеймін… Оны бізге әкеміз айтқан, шешеміз айтқан. Осылайша, табиғаттың титтей құсы біздің жүрекке жақсылқтың хабаршысындай орнап қалған. Я, далалықтардың даңсалы тәрбиесі, осындай ырым, ұстаным, дағыды, бір ауыз тыйым сөз арқылы-ақ ұрпақ көкірегіне бәйтеректей көктеген емес пе…

Біздің балалық шақ беймәлім сағыныштың жетегімен өтті. Көрші отырған ауыл көшкенде, бірге ойнаған досың кететін алысқа; пішен шабуға жайлаудан ойға әкең кететін ай бойы жоғалып; алысқа ұзатылып әпекең кететін… олардан еш хабар ала алмайсың… бұзауыңды қайыра жүріп қара жолға қарайлайсың. Тау басына шығып бұлдырап жатқан ойға көз саласың…

– Шіркін, әкем қашан келер екен, пішенді шауып болып қалған болар? Ертіс пен Қыран тасымаса екен, өте алмай қалады-ау дейтін сауалыға толы ойымен риясыз жанарға жас та келетін…  Көлеңке ұзарған сондай бір кеште, шелегін алып шешем сиыр сауып жатқанда, арбақ мүйір көк сиырдың (жануар малдың басы еді) мүйізіне сауысқан қонып шықылықтаған. Шешем:

– Алыстан жолаушы келер, әкелерің кеп қалар бәлкім, ақ сөйле алақанат хабаршым-деп, біздің үркітуімізге жол қоймайтын.  Сағыншқа маталып, сарылып жүрген шақта төр жайлаудан ел көшіп, ауыл ауыл мен ауыл қосылып, бала достар да келетін. Қыстың қамын жаз ойлап, пішенді тау мая қып жиған, жұмыстан сәл қажыған әкем де келетін. Бала көңілдің ортайған тұсы ілезде толып мәре-сәре өмір басталатын-ды!

Бірақ, сол алақанат хабаршы мені алдап та кетті. Мен оны тұңғыш рет жек көрдім. Жер бауырлап өксідім. Жанатбек ағам қайтыс болғанда, үлкендер мені:

– Ағаң алыс жаққа сапарға кетті-деп алдапты. Мен сауысқан шықылықтаған сайын ағам келер деумен болдым. Бірақ, ағам қайта келмеді… (Сауысқан емес, үлкендер алдағанын кейін білдім) сол сағыншпен жиырма көктем өткенде, ақын болып:

"Тәтті күнім тәттіден де, ол бір шақ,
Көрінетін жердің бәрі жолға ұқсап.
Бал қызыққа қанбайтұғын бал өмір,
Мол сағыныш арман екен, енді ұқсақ.

Армандайтын мінсем-ау, деп құйынды,
Тентек едім текті ауылға сыйымды.
Менің бұлақ көңілімді ылайлап,
Қайран ағам, қыршынынан қиылды.

Мен өлімді онан бұрын көрмедім,
Көрдім сәби дүниеге келгенін.
Анам жылап, әкем жылап жатсада,
Мен ағамның өлгеніне сенбедім.

Қайдан сенсін тұнбадайын тұнық күн,
Қалғандығын бүрін ашпай сынып гүл.
Жер қойнына әкеткенде ағамды,
Алыс жаққа сапар шекті деп ұқтым.

Анам - аққу, балапан ек көлдегі,
Ғаламат жыр ана өмірі мендегі.
Мен ағамды көктем сайын көп күттім,
Бірақ, ағам қайта айналып келмеді...

Уақытқа қалай кінә тағасың,
Бір бақтықа жету үшін жанасың.
Балалық жоқ,
Қара жолда мен тұрмын,
Іздеп кеткен шығар бәлкім ағасын?!"- деп толғаппын. Бәрі көрген түстей өмір, баяғы көңіл!

"Ұшып жүрген әуеде ақ сауысқан,
Ай он екі болғанда жыл ауысқан.
Тіршілктің барында ойна да күл,
Бұл жалғанның қызығын кім тауысқан?" деп әнге салушы еді үлкендер. Өмірді, уақытты сауысқанмен сабақтастыра айтуында әлде бір мән бар шығар? Ақ сауысқанды кім көрді екен деші? Біз тек, алақанат сауысқанды көрдік. Шықылына сеніп өстік!

Ал, оның шықылына балам сенбейді… Үйткені, олар да сағыныш жоқ. Алыстағы ата-әжесі, ата-анасы, досы бәрі-бәрімен алақандай телофонымен күнде сөйлесіп, бірге жүргендей сезімде ол. Иә, техника ең алдымен адам бойындағы сағынш дейтін құндылықты жеп қойды. Сағына алмаған жан бағына да, алмайды, табына да алмайды!
Мен, иә, мен сауысқанның шықылына имандай сенген қалпымда қалдым. Міне, тағы сеніп тұрмын.

Күн шықты. Жарық дүниенің бастауындай шығысқа қарадым…Сауысқан ұшып кетті. Тек ғана, жақсылықтың дабылын қаға бергей менің аяулым құсым!

Саусықан шықылықтады,
Сағынған туыс келер ме?
Сәлемін бауыр берер ме?
Өзенім толып кемерге,
Қосылар ма екен ел-елге?
Ойыма осынау өлең шумақтары оралды! Сауысқан шықылықтады…

Қуаныш ІЛИЯАС
2020.05.14
Сары арқа

6alash ұсынады