Расул Ғамзатов – Ана тілі

Расул Ғамзатов (1923-2003) – Дағыстанның халық ақыны. Расул Ғамзатов жырлары қазақ жұртшылығына да жақсы таныс. «Жарық жұлдыздар», «Менің Дағыстаным» кітаптары әр қазақтың төрінде тұр. «Тау қызы» театр сахнасында қойылды. «Менің атам» – бүлдіршіндердің сүйіктісі болды. Шынында, Расул Ғамзатов жырларынан адамға деген соншалық бір жылылық сезіледі. Кейіпкерлердің мінез-әрекеттері, салдығы мен мәрттігі, қайсарлығы мен қайырымдылығы да қазақтан айнымай, ұқсап тұрады. Ол бәрін де бүкпесіз, ағынан жарылып айтады. Жазу мәнерінен, ұлттық бояуынан, жеңіл әзілінен жүз ақынның жырынан Расул өлеңін бірден айыруға болады. Туған топырақтың бар маңызын бойына сіңірген Расул екі сөзінің бірінде өз халқының дана қасиеттерін, кесек мінездерін алға тартады. Ылғи да ел мен жерге деген іңкәрлікті жырлайды. Ол бұрынғы аңыздар мен бесіктегі жазуларға дейін қисынын тауып құлпыртып, осы бір перзенттік құштарлықты уағыздайды. Әрі үлкен-кішіге, тұрмыс-тіршілігі әр түрлі адамдарға бірдей ұғымды тілмен, табиғи түрінде шебер жеткізе біледі.

Ана тілі

Адам деген не көрмейді түсінде,

Жатыр екем бүгін қабір ішінде.

Дағыстанның кең аңғары күн ыстық,

Көкірегімде орнаған бір тыныштық.

Асау өзен арқырайды жарды ұрып,

Жұрт тараған жалғыз мені қалдырып.

Мен жатырмын үнсіз туған жерімде,

Жер болады балғын тәнім менің де.

Мен жатырмын қара жерге табына,

Жоламайды келмейді ешкім маңыма.

Тек қырандар шаңқылдайды шың жақта,

Бұғылар кеп ыңырсыйды бір жақта.

Кетті ғой, деп қыршын ғана жасында,

Жыламайды ешкім молам басында.

Жарым қайда, досым қайда кешегі,

Анам қалай жатқанымды білмеді.

Бар адамнан жатырмын тек бөлек мен,

Бір дауысты естіп қалдым кенеттен.

Естідім мен осы арадан үнін де,

Екі кісі сөйлесті авар тілінде.

Мен жатырмын қара жерде көз жұмып,

Мына екеуі күбірлейді сөз қылып.

Ғасан деген бір кісінің қулығын,

Әли деген бір кісінің сұмдығын.

Естідім де сөзін ана тілімнің,

Бойым жылып лезде мен тірілдім.

Балгер де емес, дәрігер де емес, емдейтін,

Тек өзімнің тілім екен сөйлейтін.

Өзге бір тіл емдер басқаларыңды,

Мен онымен айта алмаймын әнімді.

Егер тілім ертең болса құрымақ,

Мен дайынмын өтуге де бүгін ақ.

Мен жаныммен сүйем осы тілімді,

Кедей деп ақ айта берсін білімді.

Ассамблеяда естілмесін үні де,

Ана тілі ұлы менің өзіме.

Махмұт жырын оқу үшін жастауын,

Күтем әлде аударуын басқаның.

Мен болдым ба ең соңғы ақын бүгінде,

Өлеңдерін жаза алар тілінде.

Мен сүйемін планетаның барлығын,

Өзен тауын, әр гүлі мен әр қырын.

Мен сүйемін бұл елімнің гүлін де,

Әлім шолы айттым алар тілінде.

Қымбат маған елімнің бар даласы,

Балтық пенен Сахалиннің арасы.

Қайда болсын қия маған жанымды,

Туған жерден қазсын бірақ қабірді.

Алаша бір жазып қойған құлпы тас,

Тұрсауылда хабарлар да ұмытпас.

Еске ап жүрер кәрі жасы жақын кеп,

Мұнда Расұл Ғамзаұлы жатыр деп!

 

***

...Өзге бір тіл емдер басқаларыңды,

Мен онымен айта алмаймын әнімді.

Егер тілім ертең болса құрымақ,

Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ.

 

Мен жаныммен сүйем осы тілімді,

Кедей деп-ақ айта берсін білімді.

Ассамблеяда естілмесін сөзі де,

Ана тілім – ұлы менің өзіме.

 

Махмұд жырын оқу үшін жас қауым

Күте ме әлде аударуын басқаның?

Мен болдым ба ең соңғы ақын бүгінде,

Өлеңдерін жазар авар тілінде.

 

***

...Жанымды бұл ән жайлы етті,

Білмедім бірақ, нені ұқты,

Жігіттер көздеп әйнекті,

Жіберді қызға бөрікті.

 

Қыз бірақ мені жұбатып:

– Тоқтай тұр, – деді алайда –

Ертерек кепсің ұнатып

Кейін кел, қалқам, жарай ма?

 

Бөріктер іске кірісті,

Мен де оған үміт артамын.

Әйнекке қарай тік ұшты

Менің де сәнді қалпағым.

 

Бір кезде өзім байқадым –

Бәрінен асып әр қарай,

Жалп ете қалды қалпағым

Жаралы болған қарғадай.

 

 Көңілге медеу бергелі,

Көзіме қарап ол менің:

– Кешігіп қалдың сен, – деді –

Ертерек неге келмедің?

 

 Осылай ылғи өмірде

Арманды қуам көсіліп.

Ертерек келіп мен бірде,

Қаламын бірде кешігіп.

 

***

Менің махаббатым да –

Қос бұтақты шынардай,

Бірі жаңа көктеген,

бірі шіріп сынардай.

 

Менің махаббатым да –

қос қанатты қырандай,

Бірі көкке құмартып,

бірі жатыр тұра алмай.

 

Кетпей жүрген қашаннан

Қос жара бар жанымда,

Бірі бітіп келеді,

біреуі жүр қанымда.

Дәл осылай әрдайым:

бір-біріне жалғасып,

Қуаныш пен қайғы да

Тұрады ылғи алмасып.

 

 

Егер саған ғашық болып мың жігіт...

Егер саған ғашық болып мың жігіт

Сөз айтуға келсін мейлі ғаламнан

Сақта есте, сүйген жарым, арайлым

Мен солардың төресімін Ғамзатов

 

Егер сені перім деген жүз жігіт

Жасауыңа бар асылды жыйса да

Жанарыңды салғаннан-ақ аяулым

Тау қыраны Расулды байқарсың

 

Егер саған мына ғалам таңданған

Ғашық болса жалындаған он тарлан

Шаттығың мен қасретіңді тең көрген

Мен солардың төресімін Ғамзатов

 

Жанарында жалғыз үміт жарқ еткен

Болса біреу сенен үміт үзбеген

Мен деп, мен деп білгін аяулым

Ғамзатовпын сені талмай іздеген

 

Егер саған ешкім ғашық болмаса...

Батқан күнмен жаның мұңға оранса,

Демек мұнда, жанартаулы қыратта...

Бақи жаққа кеткен мәңгі Ғамзатов...

6alash ұсынады