Бямбын РЕНЧИН (1905-1977) – дүниеден өткенде өркөкірек дегдарлар қауымы, оларды жағаттаған сыншы-оқымыстысымақтар, марапатшыл мақтаншақтар жері кеңіп, төбесі көк тірегендей қуанып қалды. Өйткені «ит кетсе шошқа үрмек қораға», орны кеңіді. Алайда нақты ғылым, шексіз білім, еркіндік әлемі, ұлтжандылық орны толмас қазаға ұшырады.
Табанды патриот, ұлттар бауырластығына адал, көрнекті ағартушы, ғұлама ғалым, маңдай алды қаламгер, білгір этнограф Ренчин Қияқтының Найма шәрі, қазіргі Сэлэнгэ аймағы Алтынбұлақ ауданы Бұлсарай өңірінде буриад еншөөбү Раднажавтың отбасында дүниеге келген. Әкесі мәнжі, қытай, орыс тілдері мен жазуын білетін білікті зиялы, Қияқты шекара комиссариатында аудармашы болып қызметтеген прогресшіл адам еді. Ренчин жеті жасында ұстаз Билигсайханға шәкірт болып моңғол, мәнжіше білім алып, Ресейдің шекара комиссариатының аудармашысы Каленовтан орысша үйреніп 1914 жылы Жоғарғы Шивээде орыс орта мектебінің дайындығында, 1917 жылдан кеңестік екінші сатылы мектепті оқып бітірген. 1924 жылдан Ленинградтағы шығысты зерттеу филиалында, КСРО ҒА-ның Азия мұражайы, Ленинград университетінің фонетика зертханасында оқып, академик Владимирцов, Олденбург, Шербатской, Бартольд, Юдахин, Шерба, Марр, Козин, Алексеевтерден дәріс алып бітірген.
1927 жылдан Моңғолия Ағарту министрлігі тарих филиалында қызметтеп, 1937 жылы нақақ жаламен қамауға алынып, 1942 жылы көкекте босатылған. Сол кезден «Үнэн» газетінде 16 жыл қызметтеп, 1958 жылдан ҒА-да қызметтеп академик дәрежесіне көтерілген. 1956 жылы Венгерия ҒА-сында «Моңғол грамматикасы» тақырыбымен доктор атағын қорғаған Моңғолияның тұңғыш докторы. 1970 жылы Венгер ҒА-ның мүшесі болған. Моңғол тілі, тарих, этнография, әдебиет, аудармаға байланысты қыруар ғылыми зерттеу еңбектерін жасап, көптеген тілдерде бастырып шығарып, сан жүздеген мақала, публицистикалық еңбек жазып, 20-дай елдің 70-тей жазушысының 240-қа жуық роман, повесть, әңгіме, поэзиялық туындыларын моңғолшаға тәржімалаған. Көркем әдебиеттің барлық жанрында шығарма жазды. «Моңғол тілі», «Невскийдегі кеш», «Келін гүл» қатарлы өлең, «Жас дәурен», «Ұлы көш», «Тәйжі Цогт», «Сандо уәзір», «Таң шапағы» романдарын, «Қол», «Күтуші кемпір», «Ханыша», «Ану ханым», «Ашылған құпия», «Парашютшы Буниа» қатарлы әңгімелерін, «Оңтүстіктен сапарнама», «Солтүстіктен сапарнама», «Ұлы құбы қаһармандары» сынды жолбелгілеу, очерктерін жариялаған. Моңғол тілі мен жазуын таза ұстау, кирилшені дара қолданбау жолында ақырғы деміне дейін күресіп, бұл туралы социалистік лагерь билеушісі Н.С.Хрушев, КСРО-ның елшісі В.М.Молотов, ел билеушісі Ю.Цэдэнбалға тілек хат жазған. Осындай көзқарасы мен батылдығы, білімі мен таланты үстем тапқа жақпағандықтан қыспақтап, кіналап, шетелдерде де зор бағаланғаншығармасын жариялауды шектеп, кейде өртеп, жәбірлеумен болды. Алайда өз заманында ешбір содырға бас имеген ұлы ғұлама, мірдің оғындай тапқыр сөздері халқының ардақтысына, аңызға айналып мәңгі жадында қалды.
Үстінде етек-жеңі кең-мол моңғол шапан, беліне қазақтың шебер жасалған күміс белбеуін буынған Бямбын РЕНЧИН.
Қолында асатаяқ, үстінде етек-жеңі кең-мол моңғол шапан, беліне қазақтың шебер жасалған күміс белбеуін буынған еңгезердей бойлы, маңдайы кереқарыс, қою ақ бурыл шашты, әппақ ұзын мұрты бар, қоңыр көздері жалын шаша жайнап, кеудесін шалқақ тастап Ұланбатырдың көшесімен баяу басып бара жатқан сол бір таңғажайып жұмбақ жанға ерсілі-қарсылы өткен адамдар тамсана, қызыға қарап, бастарын ізетпен иіп өтіп бара жатушы еді.
Тапқыр ғұламаның сан ондаған шешендік сөздері ел аузында қалған. Бірде Рекең әлдеқандай бір жазғыштың үйіне таяп барып айналсоқтап жүріп алады. Көргендер оған таңданып «Бірдеңеңізді жоғалтып алдыңыз ба?» деп сұрайды. Сонда Ренчин атай: «Иә жоқ қарап жүрмін. Бінеше сөзім қолды болған екен, із шала келіп осы маңға тиянақтап тұрмын» деген екен. Сын таққыш, жала жапқыш күншілдер сөйте тұра одан осылайша ұрлап тамақ табады екен!..
ХАНЫША (әңгіме)
Сонау бір мұндар жылдар,
Жұртшылық болған ынтызар
Сол шіркеу Хэрлэн-Барс шәрінен
Жердің түбі шығар.
Күздің қысқа күні еді,
Түннің жапты түнегі.
Аттың сорғалап сүмегі
Ерте кезгі сораппен
Ентелей шауып жүреді.
Аңсап келсем шіркеуді,
Қапаста қалған бүркеулі.
Әлденуақытта таң атып,
Күн де жайды қанатын.
Ешнәрсе де жоқ мұнда,
Жұртшылық таң қалатын.
Сағынып адам құрметін,
Көне шіркеу тұр жетім.
Тоналып жалқы зират
Құлпытас қалған қирап.
Зұлымдарды қарғап-сілеп
Кәрі ағаштар тұр шулап.
Қасірет-шіркеу тамтығы-
Қатыгез ханның жарлығы.
Жұбынан, ұлынан айрылып
Қан жұтқан ханшаның зар-мұңы.
Қайғылы жардың арманы-
Жауыздықтың зардабы.
Аямай салған таңбаны,
Тарихтың бір тармағы.
Зұлымдықтың кешегі
Зұлмат оты өшеді.
Азат моңғол әділетке жетіп
Қайтаруы хақ есені.
Қаһарға болмас тосқауыл,
Адамға адам дос, бауыр.
Езілгендер, еңсе көтерер
Еркіндікке қосқан үн.
Самала орнап санада,
Әкелген бақыт
Атаға, жарға, анаға,
Тамаша қандай замана.
Әлқисса, киіз үйдің белдеуінен түндіктің бауы ақырын шешілгендей болды да үзіктің үстін бір-екі дүркін дырт-дырт еткізді. Оны тартқан адам қанша қобалжығанымен өзінен еріксіз болымсыз дыбыстады. Әдеттегідей таң сайын естілетін дыбыс құлағына сіңісті болғандықтан Ханша оянғанымен көзін ашпастан тыңдап қана жата берді.
Ұлан-байтақ даланың моңғолдары ханы бар, қарашасы бар ерте тұратындықтан мәнжі империясы патша ағзамының ханшасы да моңғол жеріндегі Қайсар уаң Дондубдоржның ханымы болып жоғары мәнсап дәрежеге жеткенімен, моңғолдың салтына бағып, таңнан тұрып түндік ашуға бұлданбай, от жаққан жалшылардың қолын қақпай ел дәстүрімен етене қабысқаны бір дәурен еді. Маңлық перденің арғы жағынан құлақ салып еді, түндік еппен түріліп, торқамен қапталған киіз есікті үнсіз көтеріп әлдекім кіріп келгендей болды.
Жұмсақ табан моңғол етік сырмақ, кілемдердің үстін басқанда сытырлаған дыбыс үлкен орданың дөңгелек еденінің тақтайы, кереге ағаштары, төсектің таңғажайып өрнектелген сандал ағашы арқылы Ханшаның құлағына айқын жетіп, аттап қимылдаған сол дыбыстан сүйікті аспазы Сувд бикені жазбай таныған.
Сүйікті ері мен сүйкімді ұлынан айырылып қан жұтып, жаны мен тәні азапқа тап болған ханшайымына өз кезегі келген күні өліп-өшіп қызмет ететінін ханша жақсы білетін. Түндікті тартып, от жақпас бұрын шаңырақтан түсетін салқын ауаға соғылып қалмаса екен деп көрпесінің шеті салақтаған болса тартып қымтайтынын білетіндіктен ұйқыдағы сыңайда көзін тарс жұмып жатқанда оятып алар ма екенмін деп қаймығып, Ханшаның шымылдықты төсегінің алдына келіп, маңлық перденің етегін безендіріп таққан алтын әшекей ақырын сыңғырлап, салбыраған шәйі көрпенің шетін үнсіз сиырып қымтағаны сезілді.
Сәл-пәл тым-тырс сәт, Ханшаның өз тынысы мен Сувдның тікесінен тік тұрып дем алғаны ғана естілді. Ханша өзінің қысқа демі мен оның баяу демін шендестіріп ойласа тынысы не деген кең адам еді. Соншама кең қау көкіректі адам дегеніңіздің тынысы осыншалықты кең болмағанда ше, дұрыс-ақ деп ойлағанда дүп-дүп-дүп дүрсілдеген жүрегінің соғысын жастығына басын баса тыңдап, Сувдның құлан-таза жүрегіне қарағанда өрт пен дертке шалдыққан менің сорлы жүрегім жойқын дабыл қағылғандай екен-ау деген ой келді басына. Ағаш еден, ағаш төсек арқылы Ханша жүрегінің соғысымен жарыса және бірдеңе дүрс-дүрс соғылғандай. Даланың гүл-бәйшешегіндей, толған айдай толықсыған осы бір моңғол аруының сұлулығы егей. Тұп-тұнық жүрегінің лүпілі құлағыма сәуемен жеткені ме екен деп ойлап жатқанда керемет сымбатты, омырауы томпайып, албыраған күрең қызыл шырайы, шиедей қызыл ерні, ұшқын атқан қара көз, шебер сызған суреттей қиғаш қас, қыр мұрынды, жан ынтызарындай ажарлы Сувдның тұлабойы көз алдына толықсып келе қалғандай сезіліп, осы кішкентай қызға дейін маған жаны ашып бәйек болып жүргенін қарап қой деп қорланып, бөгдеге есіркетіп-мүсіркеткісі келмейтін ақсүйек әйел заты ызаға булығып, Сувд, маған жаның ашымай-ақ қойсын, мүсіркеме мені!-деп айқайлап жібергісі келсе де сабыр тұтып, тілін жұтты. Сувдның болымсыз күрсінгені естіліп, маңлық перденің етегіндегі алтын моншақтар сәл сыңғыр етіп, сырмақ, текеметтердің қыбырлаған сыбысы шығып, ошаққа қаланған тезекті тамызбаққа баяу үрлеген дем білінді.
Іле тезек түтінінің иісі бұрқ етіп, орданың үлкен киіз есігі түріліп, босағаға әлдене ақырын топ етіп түскен дыбыс естілгенге маңлық перденің көлеңкесіндегі қуыстан сығалап еді, ордада тірі жан жоқ. Болат ошақта тезектің оты үнсіз алаулай жанып, қызуы Ханша жатқан төсекке төтелей жеткені беп-белгілі, жанға жайлы.
Орданың оң жағында Қайсар уаң Дондубдорж марқұмның тағының артындағы шашақты орындықтан төмен әсем моңғол төсегі, тымақ қоятын сөре иесіз жетімсіреп, жастықтың тұсындағы шағын үстелшенің үстінде мұқабалы, мұқабасыз бірнеше кітап, күміс сауытты қылқалам, сиясауыт, ағаш қалам, қол тимегелі бірталай уақыт өткен.
Төрдің қақ басында бес түрлі торғын-торқадан келістіре қиюластырған орындық астында таңғажайып көркем жасалған мүсін, бес түсті бояу, алтынмен апталған әдемілігі көздің жауын алатын моңғол жез табақшада қарт тақуа биік әулиенің өз қолымен құйылып шыққан, бейнеленген қасиетті бұрқандар, бәр бәрі де әулиенің Қайсар уаңға тарту еткен асыл заттары! Сонымен бірге ата-бабадан мирас болып келген моңғол, қытай, үнді, тибет, непал, қызылбас, кәріс шеберлері жасап шығарған алтын мұнаралы моңғол «батад» яғни үндіше ставира деп аталатын, кейін ламалар моңғол тілін екінші дәрежелі тіл деп атайтын болған он алты күнадан тиылудың таңғажайып құйма бейнесі. Әсем тегершік, сегізтәуеп, қоңырау жақұт пен оталауы құлпырған үш құлақты үшбұрыш таған тоспалы, төбесінде жақұт қақпақты алтын қарағұсты пері. Алтын, күміс, қола, жас пілдің азуынан жасалған сегізтәуеп, тоғыз асыл, арша тұтататын астауша, тамызық тостағаны, күл салғыш, құты, қырынан қарағанда айбындылар бейнесі көркем мүсінделгені көз тартады. Алдынан қарасаңыз кілең жылтыр түсті қола айна, дыбысы әлденеше қайталанатын ырғақ, тоғыз асылмен көзелген сырнай қатарлы мінажат құралдарының қайсыбірі Қайсар уаңның өз заманындағы туындылар болғанымен өзара таңданарлықтай жарасым тауып, орданың сәнін толыстырады. Тілі мен салты әрбасқа елдерде бұрын-соңды жасалғандар бола тұра түп төркіні бір ғана ірі орталықтан сол барша елдерге таралып һәммасының мәдени игілігіне айналып, тамаша аңыз, ертек, адал ниет, ақиқат мақсатпен сол елдердің талай ұрпағының жасампаздық дарынын дамытып, шабытын шалқытқаны мәлім. Сол көп буындар мен қалың жұрт өнерпаздарының тамаша туынды маржандарын өзара шебер үйлестіріп тұтас бір кешенге айналдыра үйін безендірген отағасы ел-елдің өнер туындыларын танып қастерлеген ғаламат мәдениетті халықтың қаламгері болған екен-ау деп тамсанарлықтай.
Тек қана осы орданың отағасылы тұрып, иен қалғандығының салқын белгісі әрнәрседен аңғарылып, отбасында тезек оты маздаған болат ошақты, төрінде кітаптары мен пірлері бар кебеже-сандықты, оңы мен солында төсек-орын, тақ тұрған, сол жақта ергенек-сөре, құман, оң қанатта иесінің ер-әбзелі тақтайы сынды көрікті үй жиһаздары бола тұра өмір сыйлайтын жаны жоғалғандай Ханшаның көзіне құлазыған құба түз көрінген үй толы дүниелер иесін жоқтап жетімсірегендей сезіліп, жүректі шымшылап торыға береді.
Таңғы мамыражай мезетінен бері ордада маңлық перденің артында жатқан Ханшаның жібіне жете тұралағаны көрпе сыртынан мен мұндалап, ойжадылық пен дертке мүжілген, жел мен күн тимегелі көп болған, қала жатақтарынша жүдеп-жадап бозарған жүзінен әскере сырлы аяқтың сыны кетпегені байқалады. Қасы, жұмулы көзі, езу тартқан жұқа ерні, қыр мұрнының желбезегінен талай атадан мирасқорлықпен билік құрғандығы аңғарылады. Моңғолдың ертек, аңыздарында Дайуан патша деп айтылатын қытай Дайман елінің мемлекетін жойып, ел атағын жаугер деп өзгерткен хамниган текті мәнжі ханы айдаһарлы таққа қонып ел билегеннен бері ежелгі моңғол хандарының ақсүйек дейтін Қият сүйекті Бөріжігін тайпасының тұқымы. Қытай жұртының көптеген уәлиеттерінен ең сұлуларын таңдап қатын қылған, ежелден Қианған жотасы Голмин шаньян алин атты Ұзын таудың ну ормандарын мекендеп, күркеде өмір сүретін бабаларының әдетін тастап, қытайдың балшық, кірпіш тамдарында тұратын болғандығы арқылы ерте ғасырдағы ыстыққа күйіп, аязға қақталатын күркедегі ашық от пен сәбилерін орман алаңқайындағы алаудың түтініне қайыңтоз құндағымен ыстап тотықтырған күрең келбеті қытай, моңғол нағашыларына тартып өзгерген. Өлген-тірілгеніне қарамай аң олжасына телміретін орман аңшысының надан да сұсты жүзі мен көзі де өзгере келіп, шені шектен асып, сүйегі кеміктеніп, еркетотай құлға айналғандығымен мәнжі қағанының ұрпағы, жауынгер елдің нағашысы деп Айсан Гиоро тайпасына қыздарын күңдікке беретін мәнжінің тұқияны Йехелердің жиені екен деп Ханшаны Айсан Гиоро тайпалық күрең белбеулі, Йехерана жұртының нағашыларын көрген адам жазбай танитын еді. Мұны айтпай-ақ әлқисса:
Ордадағы ошақта тезек оты лаулай жанып, жанға жайлы жылылық жан-жақты баурап, күлдіреуішпен сырттан моңғолдың түлеп жатқан ту сақарасындағы алуан өсімдіктер иісі кеу-кеулей аңқып келіп, сонау жырақта жылқының кісінеп шұрқырағаны, торғайлар шырылы ханшаға талып жетіп, ұзақ жылдар бойы моңғолда тұрып құлаққа сіңісті болған дыбыстарды тыңдай ұйқылы-ояу көз жұмулы қалпында жатқанда көкірегінде неше алуан ойлар бас көтерді. Қайсысы түсі, қайсысы өң белгісіз. Ертедегі қытай ойшылы Жуанз көбелекке айналып көзінекөріне берді. Шынымен көбелекпе, әлде өзімкөбелек болып кеткенім бе, сонда қалай болғаны деп күлімсіреді. Жуанзны еске алуы бала кезінде Бейжіндегі хан сарайында ұлы шешесі Әмбалингудың немере ағасынан күн сайын дәріс алғанда төрткүл жазу үйренгені ойға оралғаны да.
Үлкен меруерт көзілдірік тағып, оқымысты әдебіндегі бас киімін киген қартұстаз сабақ беріпотырғанда жібек құрты жабысып қалғандай қою қасты, жүзі қатқыл, адуынды әжесі әредік кіріп келіп немере қызын қадағалап отыратын-ды. Дәл қазірде перденің сыртынан телміріп тұрғандай елестеді. Таң-тамаша болып көзін ашып еді, төскектің бас жағындағы орындық, жанындағы маңлық перде, одан әріде қызыл уық, ақ киіз үзік көрініп, әлдеқашан сүйегі қурап қалған Әмбалингу әжесінің айбынды бейнесі қас қағымда ғайып болды.
Ханшаның көңілі алай-дүлей, есі барды-жоқты, неше түрлі естеліктер еске оралып, жас дәурен, албырт шақ, аға-бауыр, немере аға ұстаздан алған дәрістер, сабақта басқа да көптеген ананың ханшаларынан алдына жан салмаған зеректігіне масайрап жүрген кез кешегідей ғана сезіледі. Мәртебелі патша уәзірлерінің сыртқы Моңғолдың мемлекетінжайластыру саясатына қолдануға келісіп жарлық шығарғаны туралы хабарды естісімен ата-ананың қарызын ақтап ата-бабажолымен әділ қызмет атқарармын дейтін қайран арманы-ай әттең. Өзін өзге ханышалардан бақытты санағаны қандай ақымақтық еді.
Сарайдағы мәнжі әйелдер қытайларға қарағанда орман-тоғай, тайганың хамниг мәнжі аңшылар тайпасының еркіндік салтына бір табан жақын, қытай ұрғашыларынша аяқтарын қаршадайынан буып семдірмейді, жүріп-тұруына дейін еркін бола тұра Мин өкіметінің хан сарайындағы тәртіпке қытай отбасындағыдай қаталдық ықпал етіп, сарайда Фэй ханымға, ханның сансыз тоқалдары мен күңдеріне, азбан құлдарына бақтырады. Қия басып тырп етпей мұңаюмен, көрер қызық жоқ, ішіп-жеу, отбасының өсек-аяңымен ғана тұйықталып тұншыққан қапа тұрмыс. Білімнің өзі жабық та сыңаржақ. Көптеген ананың ханышалары ортасынан нендейбір істі уәзірлер пікірі, өкімет саясаты бойынша, қайсыбір шет аймақтардың мемлекет қайраткерін шырғалап тарту немесе бағындырмақ үшін некелестіріп алақанға салу әдісі туындағаны жайлы астыртын хабар, оңаша байлам табанда шашылып, біраздан сарай ішін күбір-сыбыр болады.
Ақыл мен ажар тозып, өкімет ісінен шеткері қалып, сарай түбінде қасаңдап, еркек те табылмай басы қаңғырып, зеріккенде тайгалықтарды алдап-сулап болашағын айтып бергіш балшы, құмалақшы әйелдерге түс жорытып, тағдыр-талайын айтқызумен көңілкөтеріп, әне-міне ем-дом тұтынумен уақытын өткізіп, балгер қатындардан сары қаланың ақ қорғаны сыртында, төрт мұхит аралығында не болып жатқаны жайындағы қауесеттерді айтқызып, әлем ахуалын сол арқылы ғана біліп алдым деп алданумен қартайған ханышалар мен тоқалдардың бәрі де күндізгі жұлдыздай сирек ұшырасатын, ханышаны шет аймақтағы бекке ұзататын хабарды естігенде қатты толқыған.
Жас ханыша сол кәрі ханышалар мен кемпір болған тоқалдардың ортасында тұратындықтан олармен бірдей сарай тұтқыны болып қала бермесем екен, аттап шығып, адам болып жаратылғандағы сыбағамды толық игіліктенсем екен деп сарайдың ішкі ахуалына қаныққан сайын, ақылы толған сайын армандай беретін. Моңғол уәзір Қайсар уаң Дондубдоржға ханышаны ханымдыққа беріп, уәзірді жауынгер елдің төртінші дәрежелі ұлығы «гүрэн-и эфү» етіп өрлету туралы сыбыс сарайға нажағай жарқылындай шапшаң тарап үлгерген. Тоқалдар, ханышаның кәрі апасы Әмбалингуды құттықтасып, ол моңғол уәзіріміз қандай адам екен? Қылшылдаған жас еркек пе? Олай болғанда ханышаның бағы бар екен. Лақса кәрі, ұсқынсыз адам ба? Олай болғанда ханышаға обал ғой, жарлық қатты жан тәтті, қалайда орындауына мойынсал. Еркекті кәрісіну сарай тәртібіне жатпайды емес пе десіп сыбыр да күбір. Ханышадан, сол бір салымы барды көріп пе едің? Тымболмаса баранын байқап, төртінші эфүдің жағдайын білер күн таяды ма десіп сарайдың күнделікті мезі тұрмысы менжалықтырып қажытқан өмірінен өзге бір жаңалықтың тап бола қалғанына Фэй ханым, басқа ханышалардың таң болуы ханышаның да көңіл күйін толқытып, ол моңғол уәзір дегені қандай адам екен? деумен күндіз-түні зарығып, әттең көрсем деп ынтықты.
Сол ынтызар күнге де жеткен. Моңғол уәзірдің ханшайым қалыңдығы айбынды ажармен астамсу, жағатсуды білмейтін. Бүркітше телміре қарап әдеттенген, өңменіңнен өткізе қарап, іштегіңді қас қағымда білетіндей көзі өткір, жанары мейлінше отты, маңлық перденің арғы жағынан көз тастағанына көңілі семіріп, әрі ұяла қорғаншақтап, өзін жаугер мемлекетінің жарлығына жанастырмақ міндетін арқалағанына бола мақтанғандық пен жүрексізденгендік астасып, жуандар мен Әмбалингу әжесіне бұрылып қарап еді жүздерінен таңғажайып бір белгі білініп, Ханышаның қуанышына кейігені, оны аяғаны беймағлұм жұмбақ бір көрініс қылп етті. Ұзақ жасап, көпті көрген көне көзінде әдеттегідей әндігерлейтін немере қызына сол күні мейірін төге жаны ашығандығынан мұңая қараған екен-ау мұндар.
Сол кеште жатар алдында Ханышаның оң жақ бетін сүйіп тұрып:
– Билік дегенің беті бес баттам бетбақ болады ғой қызым, біліп ал-деген сөзін еске алса көпті көрген, көнтері болған ақылдың кені кәрі ана қасаң ой, қақсал тәжірибе, қайырымды көңілімен ханышаның болашақ тағдырын дөп басып болжай білген екен ғой.
Төрт кітап, бес жазуды ұқтырып, оның ішіндегі ережелерді зор мақтаныш тұтып, адамдықтың басты қағидасы осылар екен деп білетін, адамдық қасиет ежелден асыл деп адамды аса мәртебелейтін әрі білім алған соң қызмет атқармай да Иехенара тайпасының дәулеті, патша ризығы бір ғұмырға жетеді, атақ, мәнсап іздеп дүние боқшылығына былғанбай дегдар қауымның ілімін үйреніп, адамдық борышыңды оқумен ақта дейтін қарт ұстазының орнына бір күні Ханышаға ханның бас уәзірі Айсон Гиоро тайпасының дегдары қарт уаң арнайы келіп кезігіп, алыстан орағыта сөйлеп, жас ханшайымды сөзімен баурады. Үлкен Хүрээдегі мәнжі уәзірлігіндегі орынбасар уәлидің ханымымен әрдайым жолыға беру ыңғайсыз.
Міндетті уәзір мен Ханшаның арасында мемлекеттік темір желі болып тұрған сенімді бір бекті Ханшаның дәрігері Дайфүүдің бас дәрігері деп жолдап, тығыз мәселе туындаса Ханшаны емдейтін құнды дәрілерді астандан келтіру атымен ханның астанадағы бектері арқылы атқарады. Ежен ханның саясатын шет өлкелерге таратушы уәзірлік те ханның ашық, астыртын түрдегі уәзірі әрі бас дәрігер де Дайфүүдің сөзін еш бұрмауға тиіс. Оның сөзі жарлықпен тең. Сол құпия уәзірдің нұсқауы бұзылмайды, қалай да орындалады. Дайфүү дәрілік заттарды тани біледі, ханның өзі де мемлекеттік құпияға айналған ол уәзірдің сөзін бұрмайды. Онымен тынбай Йе тайпалық адам тұрғысында Ханыша сенің нағашың болып келеді деп қарт уәли таныстырған сол йе Дайфүү ойына оралса зәресі ұшар еді.
Ханшайымның көңілі барған сайын тәсбығына жиылып, жұдырығына жұмыла түсті. Қармақты қапқан шабақтың қармақтан құтыла алмайтыны секілді қаншаәрекеттенсе де жалқы әйел адам өкіметтің асықпай есептеп әзірлеген астыртын айласынан құтыла алмады. Йе Дайфүү ханышаның сөзі түгіл ауыз ашпауын, қалай тіл қатарын білмей аңтарылуының сырын біліп өзіне жол тауып алатын да мінезі жаймашуақтана бастағанда ханышайымның қарт ұстазын әжуалап: Сенің ұстаз туысың екеуіміз де Йехенара тайпасынанбыз. Сенің немере ағаң ғана емес-ау анығына баққанда жазба тұрғысынан қарап, ұстаз Күнзні ұқтырып, ескіге еліктеу керек деп басқаға жол нұсқағысы келеді. Біздер ескіні естен шығармаспыз, еліктейтін жерде еліктемегенде ше. Тек еліктеудің де өз орны бар. Ұстазыңмен рулас болғаныммен еліктеуге байланысты оның ойымен келісе алмаймын. Мемлекет тұрғысынан қараймын.
Біздің жаугер мемлекетті құрған тайзү, хаас, моңғолдың Юан мемлекетінің тарихын арнайылап мәнжі тіліне тәржімалап, Мин мемлекетін жойғанда Юан мемлекеті бұрынғы Алтын, Сүн мемлекетін қалай жойған үлгісін көрген едік.
Моңғолдар айтады, мемлекеттің беті-жүзі темір деп. Рас сөз, сенің немере ағаң санго оқысаң санасыз боласың дегеніне күлкім келеді. Мемлекет адамының беті темір, санасыз, жалпы туыстық, жұбайлық салт өзара қосылмайтын сиырдың мүйізінше екі жаққа тартатын салт. Сен патшалық ханшайымы болғандығың үшін мемлекеттік салттың кей жоралғысын білгенің ләзім.
Мемлекет қызметінен тысқары қарт ұстазың ескінің сойылын соғып шарап жылтып салтанатты бақшада айдың жарығымен жыр қисса оқып, ежелгі хань дәуірінің Ли бай сықылдыларына еліктегенімен ескілікпен масайрауы адамшылықтан безген бұзықтар депқарғайтын біздердің арқамыз екенін ол оқу соққаның қайдан білсін.
Мемлекеттің иісін білмейтін ол ақымағыңның біздерді солай бағалайтыны біресепте дұрыс та. Мемлекеттің адамы мемлекеттен сезігі жоқ бейадам болса мемлекет адамы бола алмайды дегенді ол оқу соққаның кәперіне де алмайды. Ол мемлекет адамы болудан қорықса, мемлекет адамы біздер сенің немере ұстазыңдай оқу соққан немесе қараша халықтай бишара болудан қорқамыз. Мемлекет адамдары біздер жоғалсақ Мәнжі жаугер елі де жойылады. Ол оқу соққаның осыны да ойламайды.
Ескілікке еліктеуде біздер санго делінетін үш елдің жазуын мақтаныш тұтып, Цооцооны аса хан көтереміз. Ханшайым ұстаз ағайының өсиетімен ол жазуды үйренбеуіне болады. Алайда жарлық бойынша оны мәнжі қарпіне аударғанына көңіл аударар болсақ, мәнжі жазуының әдіскерлері ортасында сенің немере ағаңның болғаны да анық. Ұстазыңмен бұл тұрғыда қосылмайтындары да бар. Үш жазуда Цооцооның бір хикметінде атап өткендей оның ғаскері жеңіліп, күміс жалақыны бермей ұзақ сандалтқанына ғаскерлер наразы болған. Цооцоо қазына бегіне әмір беріп астық таратып ғаскерді тыныштандыр дейді. Соғыста залал шегіп, астық жалақыға жетпей қалған екен. Сонда Цооцоо астық өлшейтін таразыны кішірейтіп өлшеп бер дейді. Шағын таразымен өлшеп бергеніне өкпелеген сарбаздар ашынып бүліншілік шығарған. Цооцоодан астық талап еткенде ол: мен сендерге астықты жалақысына шақтап бер дегем. Енді білсем қазына бегі арамзалық жасап, аралығынан тартып қалып сендерді алдап өзі пайда тауып сендерге зардап шектірген екен. Оның шашқанын мен сендерге қалай тауып берейін.
Соғыстағы залалдың орнын толтырарлық амал менде қалмағаны өздеріңе белгілі. Табан ет, маңдай терлеріңді келесіде еш ұмытпаймын. Енді сол арамза бектің басын ғана сендерге беріп жандарыңды жадыратсам қалай болады? дейді. Бұл зардап қазына бегінен болған екен деп иланған ғаскерлер жарайды, соның басын алып берсең ашуымыз тарқайды деп бұйрықты орындаған бектің басын алумен бүлікті тоқыратқан екен. Осы уақиға Цооцооның мемлегеттік кемеңгер саясатының қуаты болмағаны ма.
Сенің ақпейіл ұстазың мемлекеттің сәні болуына болады. Біздің Йехенара тайпасынан мұндай оқымысты туғанын бәлки біз де мақтан тұтармыз. Бірақ мемлекет сәндіәшекейімен ғана тоқтап тұра алмайды. Тіректерімен ғана бекем тұрады. Мемлекет үшін темір беттеніп, рахымшылық, кешірім, аяушылық, адамшылықты артық ұстанатын мемлекет адамы біздердің құлшынысымызбен алдияр ханымыз тәңір жарылқап тағында ұзақ уақыт мамырлап отыра бермек.
Тіректерінің қуатымен мәнжі патшалығы ғұмыр сүріп, ол тіректері мемлекет жолында әрдайым жанталасады, ақ пен қараны алаламайды. Мемлекет қараны аққа санаса пайдалы. Қап-қараны әппақ ақ деп көру Еженханға пайдалы. Олай емес десек мемлекет адамы біздерді мемлекеттің дұшпаны деп біледі. Ақты қараға санау Еженханға пайдалы болса, әппақ ақты қап-қара деп жер жүзіне уағыздасақ, олай емес делінетіннің бәрін түгел мансұқ ету жүз мың жасайтын Еженхан мемлекетіне пайдалы сыбаға. Мемлекет мемлекеттік пайда тұрғысынан шеткергі бір өлкенің бір биі түгіл ол өлкенің күлін көкке ұшыру мәнжі патшалығына пайдалы болса жойып жіберуден тайынбайтынына Қалдын бошқыттың Жоңғариясын жойып жіберген Энхамгалан қағанының саясаты айқын айғақ.
Ханшайым, сен Еженханымыздың қанысың. Алдиярдың мемлекеттік құпия қызмет адамы болғанымыз үшін билеуші мен бегі, әкесі мен баласы, ері мен зайыбы осы үш түйінге мемлекеттік тұрғысынан ой жіберіп қызметшілік міндетті патшалық алдында атқарып мәртебелі тайпа Айсан Гиоролық болғандығымыз үшін ханымыздың алдында әке, бала парызын ақтап, ерлі-зайыптық парызды соған бағыттап атқаруға тиіссің. Бұл тұрғыда саған руы бір қарапайым азамат, ұстаз ағайыңмен тең қарау мүмкін емес.
Ежен ханымыз саған қызметкері рәуіште, баласы ретінде қарағандығы, жаугер мемлекеттің саясаты тарапынан біздер сені шет өлкенің адамына қосуымыздың мәні қатардағы азаматтардың жұбайлығымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Осы себепке ой жүгіртіп, ханшайым сен мемлекетімізге үлкен еңбек сіңірсең жаугер мемлекеттің заңына сәйкес сені мемлекеттің нағыз ханышасы дәрежесіне көтеріп, кейін ол дүниеде де аруағыңды мемлекеттің тұмарына айналдырып, мәңгі тәуап ететін болады.
Мемлекет жолында жан аямаудан жаңылып, ерлі-зайыптық салтты артық санасаң адамгершілікке сайғанымен мемлекет салтына қайшы келетінін біліп ал. Мемлекет пен жеке адамның қалауы жараспақ емес дейтін ұстаз ағайыңның надандығын саған қайталап ескертейін. Зердеңе тоқып ал. Сенің ол ұстаз ағаңды қарашаға, жез бен мысқа теңеуге лайық. Жаугер елде мыс қаншама мол екендігі өзіңе мәлім. Мемлекет ханышасы мемлекеттің ең асыл қазынасы болғандықтан елімізге сенің күйеу жігітің моңғол Қайсар уаңды қосқанда мәнжіге күйеу небары төрт-ақ Эфү бар екенін біліп ал.
Жүз рулы жұрттың алдында билеуші мемлекеттің ханышайымы дейтін мәртебелі ат-абырой шаң тиместен әрқашан мұнтаздай таза болуға тиіс. Әне сондықтан мемлекет алдында ағат басып айыпты болсаң да оныңды мемлекет тірегі біз ғана білмесек ханыша болып жаратылуыңның хақысы ретінде қыруар бұқараның мәңгі көз алдында қалуға тиіссің. Ханыша, зәудеғалам сен адамгершілікті артық санап, мемлекет мүддесіне опасыздық жасасаң ағат басқан денеңді мемлекет тіректері оқшау жазалап «нимэ мэ акү охо» дертімен көзің жоғалған соң аруағыңа ханышалық мәртебені көрсетіп тұрып, оны адамгершілікке, ерлі-зайыптыққа құлшылық еткізіп, қарт ұстазың айтқандай әділдікті көзіңе көрсетіп замана ауанына салады. Батыс хань мемлекетінің Хан син үш елінің Цооцоосы тәрізді ертедегі қысылтаяңда шарасыздықтан жазықсыз жанды өлтіргендігін кейін аруағы алдында әділ көрсететінін ұстаз ағайың бекерге шығармас.
Мемлекет қызметкері біздер сенің ұстазыңша төрт кітап, бес жазуды әр қарпымен ежіктеп жаттамасақ та ескіге еліктеуде ұстазыңнан қалыспаймыз. Мемлекеттік тәртіпке қарапайым бұқара мен ханыша түгіл хан да қайшы келсе бәрібір, зәудеғалам хан мемлекет тәртібіне олқы соқса мәртебе мәнсабы қарттар шіркеуінде қабылданып, айдаһарлы таққа онымен тұқымдас уаң көтерілетін ескінің үлгісі үш хуан, бес диннен бергі елдер тарихында аз емес ұшырасқан. Моңғолдың уаң мемлекеті тарихын мәнжіге тәржімалаған кітаптан қарасаң айдан айқын. Мемлекет қызметкері біздерүшін мемлекеттің орнықтылығы маңызды. Мемлекеттің беріктігі жолында мыңдарды құрбанға шалсақ та аламдамауға тиіспіз. Мың жасайтын ханымыздың өзі мемлекет салтымен жараспаса ескілердің үлгісімен атқаруға міндеттіміз. Сені біздер мемлекет ханышасы, мемлекет адамы деп біліп осы құпиияны құдайшылықпен ашып отырмын. Ойға тоқы, орындай біл. Ашатын болсаң өкінумен тынбайсың, періштелер де сені қорғай алмайды. Патшалықтың қисапсыз көзі мен құлағы бар.
Мәнжі еліне бодан болған ханзу, кәріс, моңғол, тибет, хотын тәрізді ұлттардың һәммасы билеуші ұлттың тұқымы мәнжі адамын жоғары, өзін төмен санауға тиіс. Шен-шекпені ұқсас болса да мәнжі адамы билеуші ұлт болғаны үшін мәртебесі жоғары, жаугер мемлекеттің барлық заңнамасында да қытайды өлім жазасына қолма-қол басын кесу көрсетілген.
Жаугер елдің мың жасайтын патша ағзамы тәңір әмірімен уақыт ұтып айдаһар тағында отырған уақытта патшаның, жаугер елдің, билеуші мәнжі адамының құхы басқа қырық құрау құлдардың көзіне биік көрініп тұрмақ керек. Еженханымыздың мемлекет саясатында бұрыс-қағыс нәрсе жоқ. Бола қалған күнде мемлекет саясатын жүргізетін бектерде ғана болады. Сол жазықты болған бектің кім болуға тиістігін мемлекеттің тірегі болушы мына біздер жоғарыдан белгілеп, мән-жайын ұқтырып, бұқараға насихаттаймыз, мемлекет саясаты қашан да дұрыс.
Оны бұрмалап азаматтарды нақақ айыптаған жазықтыны мынау деп, өкіметті түзеп, ағаттықты жер жастандырамыз. Бұл тұрғыда біз қарт ұстазың әспеттейтін ертедегі ескі жолды ұстанып Цооцооның мемлекеттік саясаты теріс емес, оның қазына бегі кіші таразымен астық таратқаны теріс дегенді бұқараға таныстыруды ұстанамыз.
Ханшайым, сен хан тұқымы, мемлекет ханышасысың, Жаугер елдің мемлекеттік ішкі саясатының күрделі нәрселерінің құпиясын өз міндетіңді жүзеге асыруда басшылыққа аласың деп мұқият тапсырды. Сыртқы саясат саған ғана қатысты болады. Айтылған, жүктелгенндердің баршасын ішке түй де ұстан. Осыларды Ежен ханымыздың сенімді уәзірі менің сөзім дегенді ұмыт. Тәңірлік құпияны ашсаң нендей күйге тап болмағың жоғарыда айтылды-деп зәр күлкімен сөйлеген сол сөздері көңілге үрей туғызып, таңдана қорыққан ханышаның кеудесі қапаланды. Ақтық демі сарқылғанша ешқашан ұмытылмастай тапсырылды. Бала кезінде бір айтқызып жатқа алған үш әріптей айтылған сайын ойға тоқылып, Еженханның мемлекеттік саясаты деген сөз естілген сайын Йе Дайфүүдің сол еттен өтіп сүйекке жетер қатты сөздері ойға оралып, жексұрын кейіп-кеспірі быржия-тыржия елестейді. Сұқты көзі әбжыланның көзінен аумайды. Кешірім, мейрім, аяу дейтін атымен жоқ өңменіңнен өткен суық көз жаныңды түйреп, жүрегіңді айнытатыны еске түсіп, адам жанын құнсыз деп білетін, адамды адам, досты дос дей алмайтын, әділет дегенді ақиқатқа санамайтын, қашан көрсең сезіктеніп, ерін зайыбына, атасын баласына, ұстазын шәкіртіне, ағасын бауырына, уәлиін бегіне, бегін хатшысына айдап салып аңдытып, шығыстағы қытайды батыстағысымен жаңжалдастырып, моңғолдың ішін ішкі, сыртқы, өлет, торғауыт деп өзара жауластырып, сыртай жік салып, бетпе-бет келгенде бәрі бірдей қытай, моңғол, кәріс бес тарап патшалығының бұқарасы дей тұра дәрежесі ұқсас мәнжі әскери бегін қытай, тибет, моңғол, кәрістен жоғары санайды. Йе Дайфүүдің таңдайтын кадр саясаты, ақсүйектер өкіметі неткен жауыз еді деген ойға тірелді.
Қалалы жерде саудагер бірер бірер орыс адамын көргені ойға оралды. Ақсары сақал-мұрты, үстеріндегі киімі ханышайымның көрген бес нәсілді адамдарынан өзгеше болғанымен, моңғол, қытай қарапайым адамдарын өздерімен тең санап, аға-бауырларының ортасында жүргендей бауырмал, ақкөңілдігі көрген көзге жылы. Қарт поптары кемеңгер болған соң орыс адамы өз халқын сүймесіне не шара. Ханышайым сол орыстармен етене танысқысы келсе де мемлекет ханышасы, уәзірдің ханымы деген секілді бөгеттер жол бермеген-ді. Уәзірліктің моңғол адамы қара, сары деп ала-бөле қарамайтын орыстармен әмпей-жәмпей болды деп те қыспаққа алатынын ойлаған. Йе Дейфүү деп күрсінгенде мәнжі мемлекеті қызметкерлерінің бәрі бірдей Йе Дейфүүдің бейнесінде елестеді.
Таңертең тым-тырс тыныштық еді. Іргелес үйде мәнжішелеп тілдескендердің дыбыры естілді. Йе Дейфүү астанаға қайтып кеткен соң келген оның дайф жетекшісі лауазымына біреудің тағайындалғанын білді. Басын көтеріп тыңдап еді, астанадан, дайфтен жолданған дәрі дайындағыштың үні естілді. Мұқият құлақ салып еді, маңлық пердеден табақшада қарт әулиенің Қайсар уаңға жасап берген бұрқаны көзге шалынды. Сувд ұстай шыққан шырақтың бозалаңдаған жарығы түсіп, мұңдана күлімсіреген түр-түсі біртүрлі, Жаугер мемлекет уәлиінің нұсқауымен қарт әулиеге оның қасындағы бір күтуші арқылы қару жіберіп ол дүниеге аттандырған уақиғаны еске түсіргендей. Қаңыраған абажадай ордада жападан жалғыз жатқан ханышайымға жұмыр жер бетінде өзі ғана бардай сезілді. Басын жастыққа сұлқ тастай салып еді, есіл жолдасын астанаға шақыртып алып, аса аяусыздықпен өлтіргенін шерлене еске алып, шерудегі моңғол ұлықтарының көтешісі болған шалдардың айтқан сөзі ойға келді.
Ақсақалдардың мұңлы сыбыр-күбіріне қарағанда Қайсар шын уаң жаугер елінен моңғолын бөліп әкетуге моңғол ұлықтарымен қырда астыртын мәслихаттасқанын әлгі Йе Дайфүүдің қол-аяқтары жеткізе қойыпты. Мәселе ушығып, ханшаның қолынан келері жоқ, уаң астанаға шақырылып ажал құшыпты. Шеру билерінің атқосшы кәрілерінің әңгімесіне қарағанда моңғол билері некелескен соң патшалығымызға опасыздық жасап, моңғолды азат етпекке талпынады екенсіңдер, көретіндерің осы. Қайсар уаңды ташан тиынның тесігінен өткізе азаптап өлтірген, қисапсыз жарақат алған денесін той соңында көрсеткенде масайраған билер шошып ақыл-естерін табанда жиған көрінеді.
Соны сүйектері сырқырай еске алғанда сүйіктісінің азаппен өлтірілуі қорқынышты-ақ, тұлабойы қалтырап, өз денесін тиынның тесігінен өткізгендей жаны қиналды...Онымен қоса сүйікті жұбайының қаны, өз перзенті, қарт әулиенің ізбасары екінші боғданың да өлтірілгендегі анасының кегін айтып тіл жетер ме? Сансыз кекті тәңірге айтарсың ба, аспан алыс, жерге айтармысың, жер қатты деп торығып жатқанда жұбайының атқосшысы шалдың және бір сөзі ойға оралды.
Ақсақалдың жүдеу жүзі көзге көрінгендей елестеп, айтқан сөзі естілгендей. Береген боғда сенімді бірер билермен бас қосып, ата-бабаларымызды қарулы күшпен басып алған мәнжі ханының жауыздығынан майдан салып құтылайық дескен екен. Ұлы іске бәрі түгел жан аямай, жаланған қылыш пен кезелген мылтықтан тайсалмауға серт етелік десіп баршасы бұрқандарын ұстай ант-су ішкенде қарт атқосшы уаңның сырт жағында тұрыпты.
Аңдамастан жалт қараса уәзір, уәлилер қолтаңба салынған парақ шығарып, ант көтеріп тәбәрік алғанына кәрі атқосшы мәнісін ұқпай аң-таңболған. Сонымен мәжіліс тарқағаннан кейін боғда би өзі жақсы көретін кәртең бір малшыға өзімсініп, мәнжінің жауыз билігінен құтылу жолын игі жақсылармен бірауыздан келістік деген екен, малшы қарт бұл ұлы істі қалың бұқара қолдап қозғалары хақ. Тек қана мұндай мәселені келісерде атшабарлар бекетін қысқартып тастаған жөн болар еді. Уәзірлік секем алып, астанаға хабарлап қоюы кәдік емес дегенде ғана кәрі атқосшы билердің анттасуын еске алып құлақ түрсе уәзір, уәлилер бекеттен астананы бетке ала аттана жөнелгенін бекет бектерінен естіпті. Ханымға асығыс жетіп, істің жайын еңірей мәлімдеп, бұл жайтты Боғдаға білдірмек болған екен, уәзірліктен боғданың сарайын қоршап алып, ол ауырып жатыр деп маңына жан жуытпай қойған.
Ие Дайфүүге жолығып, жағдайды білмекке талпынса да боғда сырқат, кезігуге мұрсасы жоқ, Ханышаға дәрігер керек болса уақытша оның көмекшісі жәрдемдессін деген жауап алған соң ханшайымға бәрі де ұғынықты болды. Ол игі-жақсылар халқына опасыздық жасады, Йе дайфтің «мемлекет тірегінің» қол-аяғына айналғаны осы, балаға көмектесер айла жоқ, әкесімен бірдей болды деп қасірет үстіне қасірет жамады. Боғдаға екі дүркін елші жолдағанымен жауап ала алмады, хотгойдның қаһарманы Цэнгүнжав жаугер еліне қарсы аттанғаны үшін уәзірлік жасағынан соққы жеп өлтірілгендіктен оның кіші ханымы, хотгойд Даштың қызы хотгойд деген айыппен сарайда қамалғанын ханышаға аспаз арқылы еппен хабарлады. Көмек сұраған Йе Дайфүүден де секем алған ханшайым қамырыға отырып ойласа, ел мүддесін ойлаумен қарт әулие көз алдында пышақталып, ері тірі тозақпен өлтіріліп, әулиенің ізбасары ретінде таққа отырған ұлының у ішіп өлгені жан түршігерлік қасірет болмағаны ма.Хотгойд Цэнгүнжав өлтірілген жылы Йе Дайфүүдің қожайыны да мемлекет саясатына байланысып Бейжінде басын алғызды. Жаугер мемлекеттің құлына айналған қытай бұқарасының көптеген ауданында солармен бірдей жазаланған адамдарда қисап жоқ. Солардың ішінде мен секілді сүйген жар, сүйікті перзентінен айырылған әйелдер, аналар қаншама! Жаугер мемлекеттің саясаты дегеніміз ел отбасына қамтылған қыруар ұлтттар мен ұлыстарда адамды азаптап, жанын шырқыратып жатқанына қарағанда құпия уәлилер мен йе дайфтің аяушылық, жанашырлық дегенді білмейтін дүлей қара күштері ханшайымғаашық көрінгендей сезіліп, ашына күбірледі:
«Ие Дайфүү, Ие дайфүү! Сенің мемлекеттік тәртібің тәртіпсіздік екен-ау! Сенің «оқу соққан» дейтін, менің қарт ұстаз ағайымның адамды адам деп білетін тәртібі нағыз тәртіп екен ғой!».
Жаугер мемлекеттің құлына айналған жүздеген тайпалы, жүздеген тілде сөйлейтін халықтардың сендердің илеулеріңе итше көніп мәңгі азап шекпегі жалған екен. Сендерді етімен, қанымен мың күн асыраса да қарызын қузайды екен. Қайғы жұтқан жар, қан жұтқан ана, қасіретті ханшайым мына мен сол азапты кешсем де менше зар шеккендердің ащы айқайы аруақтарымен бірге бас көтергенін кешікпей көзбен көресіңдер. Әділет, ақиқат жеңіске жетіп, ақеділ қарт ұстазым айтқандай дүние жүзі жалғыз ғана отбасына тоғысып, халақтардың бауырласар уақыты келгенде сол уақыттың жолында құрбан болып, азап арқалап өткендердің ғибадатханасы бой көтерері анық деген ой түйді. Тебіреніп, қызуы көтерілгеніне жанары шырақтай жайнап күбірлей түсті. Қаңыраған абажадай ордадағы маңлық перденің артында жатып, әлденуақытта есік түріліп, сыбыс білінді де Сувд самауырмен шәй көтере келіп еді, оған ілесе дәрі езгіш бек те жетіп, перде алдында жартылай ізет білдіре иіліп:
– Астанадан қарт уәли дайфүүдің жасап жіберген Ханшайымды қалжыраудан сейілтіп, қайғысын арылтатын ішірткісі еді, алып келдім-деп еді, маңлық перденің арғы жағынан қараса, әкесінің аяулы ұлы, анасын апалап еміренетін перзенті боғдаға шаршау шығаратын дәрі берген сол әлгі дәрі езгіштің тәжіне көк тас қосылып тағылғанын байқап:
– Мынау дәріңде сенің тымағыңа көк тас қосып берерлік құдірет бар ма? деген сауал қойып еді, дәрішінің басы төмен салбырап кетті.
– Сувд, анау дәрісін алып берші-деп басын көтеріп отарып, Йе дафүүдің «оқу соққан» дейтін қарт ұстазына бала кезінде оқып білгендерін тектетіп, үрдістік құрмалас сөйлемнен құралған сол төрт кітаптың сөздері мен қаріптеріне шешім бере жауап қатқан жалынды жастық дәурендегі зор дауысымен жігерлене үн қатты:
– Менде батыр бабам Нурхацтың қару-қайраты жоқ болғанымен жігері бар. Дайчин гүрүн дорой гүнжү нимэнэ аку охо. Жаугер елдің мемлекеттік ханшасы дерттен өлді.
Қуаныш пен қайғымды осынау елде қабат өткізген ет пен сүйегім бейнет арқалап келе жатса да ержүрек моңғолдың топырағына көміңдер. «Мемлекетің мәңгілік емес. Халық мәңгі жасайды» - деп сол бір кәрі дайфүүлеріңе айта барыңдар! - деп дәрішінің алып келген дәрісін бір деммен басына көтере салды да жұп-жұқа шыныны өзіне таңдана қарап тұрған Сувдға қайтарып ұстата салған соң қуаты сарқылғандай көзін тарс жұма сылқ түсіп жата қалды.
Менменсіп тұрған дәрішінің беті қайтып, жігері мұқалып, мысы басылып мойнына су кеткендей, жауап қайтарудан да қаймығып, аузы буылып, шегініп үйден шыға берді. Ханшайымның сүйікті күтушісі Сувд ғана қасында қалған еді, мәселенің мәнісіне енді ғана барып, маңлық перденің алдында, шәйін жерге қойғанын ұмытып, қаңырап қалған ордада булыға жылап тұрғанда қыздың демімен маңлық перде қозғалып, алтын шолпысы баяу ғана сыңғырлап тұра берді.
Соңы.
1962 қара барыс жылы 20-25 қыркүйек.
аударған Шынай РАХМЕТҰЛЫ
Моңғолияның "Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері", ақын-жазушы, аудармашы
Баян-Өлгий
2018.ХІІ.29-30
6alash ұсынады