Сәукеле сәнімізге сай келсе екен...

Сәукеле, қазақ, қызғыз сияқты көшпелі халықтардың ортақ мұрасы болғанмен, қазақ халықының сәукелесі бөлекше образға ие. Сәукеле тіке табиғаттың, онымен етене жасаған халықтың туындысы екені хақ.

Қазақ ұлтының эстетикасы, танмы табиғатпен тамырлас. Ұлттық киімдерінің формасында, өн бойына табиғаттың алуан гүлі нақышталған. Басқаны былай қойғанда, анау әмір-сана аталған сәукеле тас, сәукеленің табиғат жаратқан ең алғашқы нұсқасы емес пе?

Көк түріктердің атасы Ашина бабаның ұрпақтары, осы тасқа ұқсатып сәукеле киген де шығар кім білсін? Кешегі ұлы даланы түйнек табан аттарның тұяғымен дүбірлетіп, хандық та, салдық та құрған көк түріктердің бел баласындай қазақ халқының салт-дәстүрі әне сол, сақ, үйсін қатарлы ұлыстардан бері жалғасып келгенін, Шүлен тау мен Алтай тауларындағы жартас суреттері, археологиялық қазбалар, тарихи жазба дерктер айқындап келеді. Демек, бұл дерктер қазақ ұлтының сәукелесін, үш мың жылдық тарихқа ие етті.

Сәукеле-ұзатылған қыздың қайын жұртына жеткенше киіп баратын бас киімі. Бұл бас киімді қыз бір-ақ рет киетін болған. Қыз әкесі бай болса, бір сәукеле үшін қырық қысырақтың құнына жасататын болған. Сондықтан да, бұл бас киімнің әдемілігі мен қымбаттығы қатар екені ақиқат. Міне, осындай сәукелені қолға түсіру мақсатында жол торитын қарақшылар сол замандарда да бар еді. Ал, келінді күтіп отырған ауылдың балалары қозы көш жерден таймен күтіп алып, адамдардың, сәукеленің амандығын көріп «Сау келеді, сау келеді» десіп ауылға қарай шабатын болған деседі. Бұл ғана емес, сәукеле-оң жақ босағаны қызартатын келіннің сау-саламат, аман-есен, ары таза, сау келді деген мағынаны да білдірген.

Қазақ той киіміне ерекше көңіл бөлген халық. «Әкесі - күйеу, шешесі - қалыңдық болмаған ба?» деп мінейді. Бүгінгінің сәукелелері сәнсіздеу әрі шелек тәріздес формада әшекейі аз, тіпті кейде қазақ қасиетті санаған үкісіз кездесіп, көңіл құлазытатыны бар. Тіпті кей соңғы сәндегі сәукелелер сараң қолдан Шыққандай әсер береді. Қазақта қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бөлек. Себебі сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық саты. Ол - бұлғақтап өскен оң жақтағы және ақ босаға аттар арасындағы қимас та қызықты кездің ескерткіші. Бұл аз болса, келіншекке сәукеле кигізудің өзі бір ерекше салтанат. Түптеп келгенде, сәукеле - бас киім ғана емес, сән-салтанатының, салт-дастүрінің мәдениеті мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей ол, ақ киізден немесе арасына қыл салынып сырған матадан жасалып, сырты қымбат матамен (барқыт, атлас, шұға) қапталып, шетін құндыз, кәмшат терісімен айналдыра тігіледі. Інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп әшекейленеді.

Негізі, мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлы-түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек саны ғана емес, салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс!

Кейінгі жылдары қазақтың тойына өзінің әу бастағы қазақы реңі кіріп, ұлттық бояуы көрініп, көз қуантып жүр. Қалыңдықтың саны бұрынғыдай ақ фатамен емес, сәукелемен бағаланатын күнге жеттік. Әйтсе де, әрәкідік «Әттеген-ай...» деп қалатын кезіміз де жоқ емес. Сән-салтанатқа жиылғанда, қалыңдық пен күйеу жігітті іздей бастайтынымыз заңдылық. Кейде өзіміз іздеген көріктіні көріп, көзіміз тояды. Ал кейде «Ұлттық киім кисек болды» деген қамсыздау көңілмен талғамсыз киінген жастарды көргенде жаның жабырқайды. Алайда бәріне бірдей жастарды жазғыруға болмас. Ұлттық киім үлгілерін ұсынатын жерлерде талғамсыздау тігіліп жатқанын да мойындаған жөн. Кез келген жерден қошқар мүйіз оюын ғана көресіз. Кей қалыңдықтардың басына сәукеле киіп, көйлегін батыстық стильінде киіп, қойыртпақ дүние жасап жүргендері де жоқ емес-ты.

Омарғазы ақынның жайлаудағы биге басқан қыз образын:

Билеп жүр бір сәукеле

Көкпееңбек көк жайлаудың алабында,

Қонғандай быр көбелек

Тап-таза табиғаттың табағына.

 

Жұп-жұқа көйлегі ме,

Жап-жасыл нұр бояуын төксе құзы.

Жалтылдап күн ашықта

Секілді күміс кесте көкше мұзы.

 

Билеп жүр бір сәукеле,

Сола ма екен лала гүлі?

Кешкі сағым

Құбылтып көрсеткендей

Алтын зер қауашағын-сән моншаын.

 

Емес пе осы мұра

Баяғы Жібек киген,

Баян киген?

Билеші жайлауымның биші қызы,

Өкшесі әрең ғана жерге тыйген.

 

Билеп жүр бір сәукеле,

Көз алман көк сауырлы кебісінен!

Бейістің жасыл Сирақ әсем құсы

Өткендей көңілімнің кеңісінен.

 

Қарашы сәукелеме,

Дулыға ма?

Мүмкін ол махаббатың дулығасы,

Қалдырған талай қызды оқтан сақтап,

Қабыл боп ақындардың жір дұғасы.

 

Билеп жүр бір сәукеле,

Төгіліп әшекейі етегінен.

Секілді жасыл-ала бір көбелек.

Білмеймін сәукеле ме,

Алтын тәж бе?

Әлде бұл алтын тәжі сұлулықтың,

Алдында осы тәждің

Бар біткен патша тәжі

Бекер-ақ екенсің ғой енді ұқтым

Деп, сәукелемен елестетуі тегін емес!

Хых ғасырда алғашқы жартысында өмір сүрген кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалаған. Рас, бар байлығыңды сәукелеге құй дегіміз келмейді. Алайда, шебер қолдан шыққан, шынайы махаббатпен тігілген ортаңқол дүниенің өзі адамға ерекше әсер беретінін ескерсек екен. Яғни тарихи туындыларды тың зерттей отырып, ұлттық нақышты бүгінгі техника өнерінің биік деңгейімен ұштастыра отырып, тамсантып, таңдай қақтыратын тамаша туынды жасау ұлттық киім шеберлерінің ортақ мақсатына айналса нұр үстіне нұр болар еді.

                                   Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ

                                                                      6alash ұсынды