Асық – дәуір шаңының астында қалмасын

Асық десе «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген аталы сөз алдымен ауызға алынады. Бұдан асықтың зиянынан басқа, пайдасы жоқтай көрінгенімен, нағын айтқанда, асықтың қазақ мәдениетіндегі орыны бөлек. Өйткені тіліміздегі «Қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой», «Асығы алшысынан түсті, бүге-шігесіне дейін анықтады» деген тіркестер де тегін айтылды дейсіз бе?! Халқымыздың жақсы көрген жас жеткіншекті «Алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр» деп сипаттауы теңейтін басқа зат таппағанынан емес, керісінше, асықтың маңызы мен мәнін жете түсінген танымдық көзқарасы жатыр.  

Асық – төрт түлік мал мен аңдардың тілерсегінде болатын, бітісі бөлек, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қазақ ұғымында асық тек балалардың ойын құралы ғана емес, өзіндік қасиеті бар мағыналы бұйым. Сосын да шығар, ұлтымызда баласы ұл болса, пәле-қаладан аулақ, қарымды, қайратты болсын деп бесігінің басына бөрінің; қыз болса, сұлу, көрікті болып бой жетсін деп бесігіне еліктің асығын тағатын әдет бар. Келіні құрсақ көтергенде, атасы мен әжесінің ырымдап асық жинайтын әдеті де «Немерем ұл болсын, келінге көз тимесін, аман-есен босансын» деген ырыммен үндес. 

Қазақ халқында жауырынға қарап болжам жасап, бал ашқан секілді, асық үйіріп те болжам айтатын ескілікті хадет болған. Жаугершілік заманда бабаларымыз соғыс стратегиясын, соққы беретін түйіндерді асықты шашып жіберіп түсіндіріп, соғыс жоспарын жасаған. «Бағы мен соры, қайғысы мен қуанышы төрт түлік малмен біте қайнасқан қазақ халқы асықты иіргендегі қалай түсуін де сол төрт түлік малының нышаны деп білген. Айталық, алшы – ойсыл қараның түлігі түйенің, тәйке – қамбар атаның түлігі жылқының, бүк – зеңгі бабаның түлігі сиырдың, шік – ұсақ мал шопан ата мен шекшек атаның түліктері қой мен ешкінің баламасы деп, үйірген асықтың түсуіне қарай сол кездегі маусым өзгерісінің, дала тынысының, өріс-қоныстың қай түлік малға тиімді болатындығы, сондай-ақ, қандай адамға қайсы түліктің мол бітетіні жөнінде болжайтын болған.

 

Ал, асық арқылы бал ашу мақсатымен аңшының олжасынан, жолаушының жолынан, жоқ іздеген жоқшының соңынан, құрған қақпанның қанынан хабар бер деп тілек сөз айтып асық  үйірген. Егер, асық алшысынан түссе, ол ақ жол, амандықтың, жолы болған жолаушының және басқа да көңілге бүккен істердің оңына басқандығын білдірген. Деген сөз осыдан қалса керек. Ал түссе, онда үйірілген асықтың сөйлемей, ешқандай болжамның болмағандығы. Түссе, бұйырғаны орынында, еш жамандық не жақсылықтың жоқ, қалыпты жағдайды көрсеткені. Түспсе, аңшының алымы болмай, құр қол қайтатынын, жолаушы мен жоқшының жолы болмай босқа сенделгенін, құрылған қақпанға аң түспегенін, көңілге бүккен істердің сәтті болмағандығын білдірген». 

Қазақ дастарқанында асықты жілік күйеу баланың, келіндердің және жасы кіші әйелдердің сыбағалы жілігі саналады. Асықты жіліктің басындағы қатты сіңірлерді «Қарғыс өтпес» деп атап, әдейі ырымдап жейді. Ал асығын сіңірінен арылтып, балаға береді. Асықтың сіңірін жеу жетесіздіктің, жамандықтың белгісі деп қарап, оның сіңірін әсте жемейді. «Алты күн аш қалсаң да, асық мұжыма» деген мәтел содан қалған.

Екінші сөзбен айтқанда, асықты жілік малдың сан жіліктерінің ішіндегі ең төменгі мүше. Алайда, оның орыны төтенше маңызды. Атқарар физологиялық қызметі де аса күшті. «Асықты жілік тек асығы арқылы жоғары буын мен төменгі буынды жалғап тұрады. Әрине, жастар жағы да дәл осындай, аралық буын болып табылады». Асықты жіліктен бесіктегі баланың шүмегін жасайды. Сондықтан, асықты жілікті ұсынудың астарында сындардай сымбатты, сұқтының сұғынан, тілдіның тілінен аман бол, басыңа отау көтеріп, бауырыңа қазан астың, енді өрім-бұтақты бол деген ізгі тілек, адал ниет жатыр.

Жаугершілік замандарда жауға аттанған ер азамат артында қалған жалғыз тұяғын ең жақын серттескен досына, жанашыр туыс-туғанына, дос-жарандарына тапсырарда «Көзің түссе, асықты жілікті ұстата жүр» деп табыстайтын болған. Мұның мағынасы артымда қалған тұяғым, тәрбиелеп қатарға қос, жетімдік тақсыретін тартпасын дегенді білдірсе керек. «Балалы үй базар» дегендей, асықты жіліктің қадірлі болуындағы тағы бір себеп − оның асығы балалардың ең тамаша ойыншығы болғандығында. 

Асық жинау және асық ойнау – қазақ халқының, әсіресе, қазақ жастары мен балаларының ерекше дағдысы. Ол бағзы замандардан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүр десек, «Алтын сақа», «Ертөстік» ертегілеріндегі асық ойыны әне соның айғағы. Асық ойынын қырғыз, Қарақалпақ халықарының бәрі ойнағанымен, бірақ олардың асық ойын түрлері қазақтай мол емес. Айталық: алшы, омпы, хан ойыны, кентәй ату, үштабан, қақпақыл, сасыр... т.б сияқты ойындар бүкіл қазақ даласына жалпыласқан. Ойыншылар асықты жаз-жайлауда, қыс-қыстауда, үйде, далада және мұз үстінде ойнаған. Кейбір асық құмарлар мен сал-серілер дорбаларына салып алып, ел аралап, аты шыққан ойыншыларды іздеп барып өнер сынасқан. Тек Наурыз айы туып, көктемгі күйек түскен, шаруаның қаурт кезінде асық ойнау жаман ырым саналып, ойнауға тыйым салынған. 

Әрине, асық ойынының мұндай қастерленуынде асықтың балалардың өсіп-жетілуінде маңызы рол атқаратындығымен тікелей қатысты. Өйткені асық ойыны балалардың жастайынан нерв жүйелерін шыңдап, оларды дәлшілдікке, ұстамдылықа, байсалдылыққа, қағылездікке тәрбиелеген. Асықтарды қаз-қатар тізу кезінде олардың санын алу, кейін ұтысты есептеп, ұпай бөліскенде асық санау баланың математикаға бейімін арттырып ғана қалмай, балаларды көз мергендігіне, қол буындарының икемді болуына баулиды. Асық ойнағанда адамның тек екі қолы емес, ойлау мүшелерінен бастап, иығы, аяғы, барлық бұлшық еттері қимылдайды. Онда йога мен биде қолданылатын әрекеттер де қамтылады. Былайша айтқанда, асық ойнаған бала жүгіреді, секіреді, көздейді, жеңеді, жеңіледі, ұтады, ұтылады... Міне осының бәрі таза бәсеке, таза дене тәрбие.

Бауыржан Момышұлының «Асық – үлкен халықтық тәрбие» деп бағалауының сыры да осында. Халқымыз жетіген аспабының «Тиегіне» асық қоюдан сырт, асықтан естелік бұйымдар мен әшекей бұйымдарын да жасайды. Мұның жанды мысалы ретінде Көктоғай ауданының тұрғыны Қаден Қожақапанұлының қой асығынан «Шинжияң қаритасын» жасағаны; Алматылық шеберлер − Нұрлан Абышев, Нұрлан Әділхан, Қуаныш Мәтеновтар Қазақстанның түкпір түкпірінен 8500 асық жинап, алты айда ақбозат мүсінін тұрғызғаны әне соның айғағы.  

Соңғы кездері тұрмыс дағдымыздың өзгеруі және ойын құралдарының көптеп барлыққа келуіне ілесе, сондай-ақ электронды ойындардың көбеюіне сай асық ойыны дәуір сахнасынан сырғыды. Тек асықты жілік ғана өз құнын жоғалтпағаны болмаса, асықтың ұлтымыз өміріндегі орыны да біртіндеп әлсіреді. Ойыншық машина мен компьютерге телмірген балалар асыққа пысқырып та қарамайтын болды. Асық туралы атауларды қойып, астықтың өзін «Сүйек» деп танитын деңгейге жетті. Мәселен, «Қамшы» порталында асық туралы мақала жазған Дулат Аманжол асық атаулары деген сілтемемен мындай деректер көрсетеді:  «Түйе асығы − бунасын, жылқы асығы – қидасап, сиыр асығы – топай, қой-ешкінікі – кеней, киік асығы – кигат, арқардың асығы – қоңқар, қасқыр асығы – бунақ». Ендеше, осы атаулардың қаншауын білеміз? Мұны қойып, алшы, тәйкіні ұмыта бастаған балалардың «Асығың алшысынан түссін» деген ақ тілеудің мәнін түсінудің өзі қиын. 

Қазақтың асық мәдениетін зерттеушілер асық ойынының түрлерін атай келіп, оны «Үй ішілік» және «Далалық» деп 2 ге жіктейді. Бізше, осы асық ойынының 2 түрін де қазір қайта жаңғыртуға мүмкіндік бар. Балаларға денсаулыққа залалды әрі пайдасыз ойыншықтарды әпергенше, асық ойнауға үйретудің өзіндік пайдасы бар. Мән-мағынасы жоқ ойыншық ойнау орындарына ақша төлеп барғанша, тегін аулада асық ойнаған пайдалырақ. Күнде компьютер алдында отырып, көру қуаты әлсіреп, дене қуаты төмендеп бара жатқан балаларға бір мезгіл асық ойнатса, тым құрығанда, денесінің қанын таратқанына пайдасын тыйгізер еді. 


Ескерту: Мақаладағы ішінара деректер ұлттық спорт сайттындағы Бекен Қайратұлының «Асық ойыны» мақаласынан алынды.


Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

6alash ұсынады