Қаламнан тамған «Қан мен тер» – Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов айтқан әңгіме
Мен «Қан мен тер» романын орталау мектеп оқып жүрген шағымда оқыдым. Ол кезде «Осы кітаптың авторымен кездесем» деген үміт үш ұйықтасам ойымда жоқ. «Дәм ғайып, дидар ғайып, неке ғайып» дегендей дәм тартып, сәтіне басайын десе оңай екен, «Шинжияң Халық баспасының» тапсырмасымен Алматыға Әбекеңе кездесу үшін арнайы бардым. Көліктен түсе Әбекеңе телефон шалып, келген бұйымтайымды айтып едім, «Онда келе ғой айналайын, қазір емханада жатырмын, сол арадан күтемін» деп келісім берді...
Есіктен имене кірген мені Әбең ықыласты қарсы алды. Қайыра есендік сұрап «Әкетіп бара жатқан сырқат болмаса да, 85 тен асқан жас кішкене шаршатып тұр. Анда-санда емханаға жатып күтімделіп қою әдетке айналып барады» деп өз жағдайын қысқа қайырды да алдымен бұйымтайымды сұрады.
− Сіздің «қан мен тер» романыңыз біздің елде төте жазумен ертеректе басылған. 3000 дана шамасында ғана басылған кітапты сол кездің өзінде оқырмандар кітапхана сөресіне көп тұрғызбай талап алып кеткен. Қазір қажетсінген оқырманға оңай табылмайды. Осы бір жағдайды ескерген «Шинжияң Халық баспасы» «Қан мен терді» қайта басуға ниет байлап, сізден рұқсат сұрайды,- деп баспаның жіберген қағазын ұсындым.
− Жарайды, менің кітабымды қайта шығарып, оқырманмен жүздестірсек деген пейілдеріңе алғыстан басқа айтарым жоқ,-деп рұқсат қағазын жазып, қолыма ұстатқан Әбекеңнің ендігі әңгімесі де «Қан мен тер» жайында болды.
− «Қан мен тер» романының орысша басылымы 7 миллионнан астам таралыммен шықты. Орыс тілінде бұрын 14 рет басылды, мынау 15 рет басылып шыққаны (алдында жатқан «Қан мен тердің» қос томын нұсқап). Енді жаңа нұсқасы бойынша қайта басуға жоспар алған баспа орындары қайта редакциялап беруімді сұраған болатын. Осы келісім бойынша «Қан мен терді» қайтадан редакциялап жатырмын. Орысшасы 2 кітап. Қазір кітаптың сапасымен емес, санымен мақтанатындар көбейді ғой, маған кітаптың санынан гөрі сапалы болғаны ұнайды. Ал қазақша басылымы нақ неше мәрте екені есімде қалмапты, әйтеу көп мәрте басылды. 100 мың (5-басылымы), 30 мың, 25 мың, 20 мың таралыммен бірнеше рет басылды. Ал орысша 200 мың, 250 мың, 260 мың таралыммен бірнеше мәрте баспадан шықты. Орыстың «Роман газеті» басылымында жарияланып, 3 миллион 400 мың таралыммен таралды. Бірақ қанша көп шықса да, қанша мәрте басылса да, «қаны жерге тимей» демей-ақ қояиын, баспадан шыға көп тұрғызбай, бәрін талап алып кететін. Ал қазір мұның мүлде керісінше. Кітап оқитындар күрт азайды, оқырман жоқ, 15-басылымы (орысшасы) 10 мың таралыммен шықты. Өтімі саябыр. Сөзден қадір кеткен заманға не шара...
− «Қан мен тер» қанша ұлттың тіліне аударылды?
− Дәп басып айта алмаймын, есімде қалғаны Германияда 2 мәрте, Францияда 2 мәрте неміс, француз тілдерінде басылды. Испания, Болгария, Белгия сияқты 30 қанша елдегі оқырмандардың қолына тиді. Кеңес үкіметі кезінде Бейжиңдегі СССР-дың елшілігінде қызмет істеген бір бауырымыз «Бейжиңде жұмыстан қайтып келе жатып, жол шетіндегі кітап жаймасынан «Қан мен тер»-дің қытайшасын көріп қалдым. Іздестіріп, тауып алыңыз» деген еді. Ол кезде кітап авторынан рұқсат сұрайтын жосын жоқ еді, кімді басқысы келсе, баспаға дайындап шығара беретін тәрізді. Сіздердің елден «Қан мен терді» басуға рұқсат сұраған қағазды мен бірінші рет көріп отырмын. Әрине, мен кітабымның қайталай басылғанын қуана құптаймын. Демек, әдейілеп келген бұйымтайың орындалады. Бірақ менің бір өтіншім, егер «Қан мен тер» шынымен қытай тілінде басылған болса (басылса 70-80 жылдары басылған болуы керек), маған бір нұсқа тауып берсең, көп алғыс айтып, ризалығымды білдірер едім.
− Жарайды, өтіншіңізді орындауға дайынмын. Деседе, «Қан мен тер» қытай тіліне аударылды деген сөзді естіген де, «Қан мен тердің» қытай тіліндегі аудармасын да көрген емеспін. −Тұңғыш шығармаңыз қайсы? әдебиетке қалай келдіңіз?
− Мен 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданы Құланды ауылында дүниеге келппін. Ауылда сауат аштым. Бірақ ол кезде қазіргідей жағдай қайда, жерде отырып сабақ тыңдадық. Қағаз кемшіл. Индия шайының сары қағазына шимайлап жүріп қолымыз хат таныды. Керек десеңіз, мұғалімдеріміз де шала сауат болатын. Сосын да шығар, алғашқы жылы 3-4 әріпті әзер үйрендік. 2-3 сыныпты да жүрді-барды оқыдық. Кейін отбасымыз Шалқар қаласына көшіп келді де 4 сыныптан бастап дұрыстап оқу орайына ие болдым. 1942 жылы 10 сыныпты бітіріп, 18 жасқа толмай әскерге бардым. Сталинградқа 42 шақырым жерде тұрдық. Содан соғыс біткенше армия қатарында Сталинградта болдым.
− Қан майданға да бардыңыз ба?
− Штапта істедім де, кескілескен қанды қырғын соғыстың басында болғам жоқ. 1946 жылы армия қатарынан шартқа босап, елге қайтқанда, алдымен Алматыға ат басын тіредім. 12 беттік дәптерге үлкен романның басын жазған едім. Сол тұңғыш шығармамды Сәбит Мұқановқа, Ғабиден Мұстафинге көрсету мақсатымен бұрылғаным еді Алматыға. Ол кіслер көріп, «беталысың дұрыс, соңын жақсылап жалғастыр» деп ықлас танытты. Бұл соғыс жөнінде жазылған, менің тұңғыш романым «Курляндияның» бастамасы еді. Сонымен бір жарым жылда бітірдім. «Курляндия» баспадан шыққан соң Алматыдағы қазақ университетынен бір жыл оқып, келесі жылы Мәскеудегі М.Горки атындағы әдебиет иниститутына оқуға түстім. Ол арадан бес жыл оқыдым. 1956 жылы оқу тауысқан соң екі жылдан кейін, Яғни 1958 жылы «Қан мен терді» бастадым. Материалын оқып жүрген кезімде жиған едім. Бастағаннан тартып, соңғы нүктесін қоюға 8 жыл уақыт кетті. «Курляндия» бір қанша үлкен сыйлықтарды алды. Ал «Қан мен терге» СССР-дың мемлекеттік сыйлығы берілді.
1961 жылдан бастап Арал тартыла бастады. 1980 жылдан бастап осы арал қасыреті жайында жазылған «Соңғы парыз» романын бастадым. Бұл екі кітапты жазуға 20 жылға таяу уақыт жұмсадым. Шынымды айтсам осы шығармама ықласым бөлек. Мүмкін, қарапайым оқырмандарға түсіну қиндау болуы мүмкін, бірақ көркемдік деңгейі, композициялық құрылсы секілді жақтардан алғанда тартымды шығарма деп айта аламын.
− «Қан мен тер» романына астар болған оқиғалар мен кейіпкер туралы не айтар едіңіз, «Қан мен тердегі» кейпкерлердің бәрі өмірде бар адамдар ма?
− «Қан мен терге» арқау болған оқиғаны мен ойдан қиыстырғам жоқ. Өмірде болған нақты оқиғалар. Ал кейпкерге келсек, кейпкердің бәрі өмірде бар адамдар. Бірақ мен оны типтестіріп, басқа адамның басында болған оқиғаны өз кейпкерімнің басынан көрсеттім. Мәселен, Ақбала, Кәлен, Еламан, Тәңірбергендердің бәрі ойдан жасаған кейіпкерлер. Бірақ әр қайсының өзінің прототиптері бар.
− Сізше, қазақ әдебиетінің қазіргі халы қалай? Назарыңызды бұрған үмітті жас жеткіншек қаламгерлер бар ма?
− Мен негізінен өзіммен өзім. Жазушылар одағына бармаймын. ПЕН клуб деген ұйым бар. Орталығы Лондонда. 1992 жылдан бастап осы халықаралық қазақ ПЕН клубының төрағасы болдым, жылына бір рет басқосу болады. Соған ғана қатынасып жүрмін. Біздің қарым-қатынас Еуропамен, Ресеймен ғана. Сондықтан кейінгі жастар туралы мен ештеңе айта алмаймын.
Ал қазақ әдебиетінің халына келсек, сын жоқ, проза нашар. Поэзияның беталысы жақсы. Жақсы ақындар бар. Деседе, қара үзген ірі таланттар жоқ менің қарауымша. Тіпті, біз Рухани жақтан күннен күнге құлдырап бара жатқан сияқтымыз. Неге десең кітап оқитын адам жоқ, нарық билегелі оқырман қатары тіпті азайды. Кітап оқитын, кітап сатып алатын оқырман болмаған соң, баспалардың да күйі кетіп барады. Баспадан шыққан шығармалардың да шырайы қашып, көркемдік деңгейі төмендеді. Тек бізде ғана емес, тұтас Еуропа әдебиетін де дәл осындай құлдырау бар. Бұрын оқырман жазушы деңгейіне жетуге, жазушының ойының астарын анық түсінуге тырысатын, ал қазір жазушының оқырманға бейімделмеуіне шара жоқ. Бұрын шығарманың көркемдік қуатын асырып, айтар ойын жасырын қалдырып, «Ерін айтпағанды емеуірін айтады» дегендей, айтар ойын жұмбақтап айтса, ал қазір ашық айтуың ғана қажет болды, тісі шыққан адамға шайнап берген тамақ ас бола ма? Сосын да бізде лирикалы, жанды, көркемдік деңгейі жоғары шығармалар азайып барады. Бізде ғана емес, тұтас әлем әдебиетінің беталысы осы. Лирикалы леп қосып, айтар ойын көркемдікке орап жеткізетін тартымды шығармаларды оқуға оқырмандар да құлқсыз, тіпті, оны оқып отыруға уақыты жоқ. Кітап оқитындардың идеясы өзгерген, шығарманың оқиғасын қуалап, неге осылай деп ойланбай оқитындар көп те, шығарманың тереңіне үңіліп, ой елегінен өткізіп, көркем шығармадан ләззәт алып оқитын оқырман аз.
Әңгімелескен Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ, 2009
6alash ұсынады