Азия поэзиясы: Өте баяу, тасбақаның аяңымен мимырттап келеміз

Моңғол ақыны Г.Мэнд-Ооёо-ның Астанада өтіп жатқан Азия қаламгерлерінің форумында жасаған баяндамасын оқырмандар назарына ұсынамыз. Баяндама автордың рұқсатымен жарияланып отыр.


Нобель сыйлығының үміткері, Моңғол ақыны Гомбожавын Мэнд-Ооёо

Құрлығы бір, тірлігі бір қаламдастар!

Моңғолиядағы жазушылар атынан Сіздерге дұғай сәлем жолдаймын.

Поэзия дегеніміз тілдік құбылыс бола тұра қандай да бір елдің қоршаған ортасы, тарихи мәдениеті, дәстүрлі этнографиялық жағына негізделген шығармашылық таланттық әлем; ғарыштан келетін қуат, сонда сақталатын рухани саналық ақпарат түренімен ұштасатын зау пайымдық ғаламат, ғажайып ғалам.

Дүние жүзіне есімі мәшһүр, дана, жиһангер ұлы суреткер, Азиятанушы Николай Константинович Рерих бұдан 100 жуық жыл бұрын жазған «Азия жүрегі» аталатын ғылыми-танымдық мақаласының әлқиссасында «Азияның жан тамыры тірі ме?» деп сауал қойған еді. Ұлы ғұлама бұл сауалды өзіне ғана қоюмен шектелмей әзіргі Азия кіндігіндегі бізге арнаған өсиеті ме дерлік.

Ол, расында да Азия құрлығындағы күллі адамзатқа рухани азық боларлық сана мен пайымның теңдессіз құндылығы бір мүйісте жасырын сақталып жатуы мүмкін деп із кесті. Рухани ілім эстетикалық сабақтастық батыс пен шығыста ерекше етенелікпен шүйіркелесуі тиіс деп сенді. Өзара түсінушілік, береке бірлік, жалпыадамзаттық есентүгел өмір, жалпығаламдық бейбітшілікті пір тұту мағынасы бойынша «Шамбала» ұғымын күллі адамзаттық таңданысқа қарай біршама икемдесе керек. Менің бұл ұғымдарды нақты айтуымның себебі - «Шамбала» сөзінің төркіні аумақтық орналасуға қатысты түсініктен тыс біздің қоңсылас ошарласуымыздың құпиясы һәм оның тәңіри саналық, ілімдік қорымыздың – қуатты ақпараттық кеңістігі. Бір сөзбен айтсақ поэзиялық шабытқа жақын, ақындарға ең етене игілік болуы да мүмкін. Дәуірдің рухани гүлзарына сыйланған сондай шайырлардың бірі -Моңғолдың говь даласынан жарқ еткен ХІХ ғасырдың данагөй ағартушысы, буддист Данзанравжаа еді. Ол, тау мен тасқа қашалған ақпараттардың сырын ашумен бірге жоғарғы  рухты  тылсым бір күшпен тілдесуге ерекше қабілетті жан болған. Жер мен көктің кеңістігінен тапқан оның орыны -  «Шамбала» деп әспеттеліп, алыс-жақыннан келетін жиһанкездер жиналатын киелі ұйыққа  айналды. Мен оны ақынға тән даналықтың қасиетті құпиясы, нәзира арқылы ұлы абыздықтың биігіне жеткен таңғажайып үр дүниесі деп ойлаймын.

Моңғолия мәдениетіне «Еңбек сіңірген қайраткер» Сұраған РАҚМЕТҰЛЫ, Қазақстанның «Еңбек Ері» Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Моңғолия мәдениетіне «Еңбек сіңірген қайраткер» Моңғол ақыны Гомбожавын Мэнд-Ооёо. «Азия қаламгерлерінің форумы» 2019. Астана.

Сөзбен тәпсірлеп сездіретін рухани сана немесе поэзиялық сілкіністің күшті түрені тықсырып жеткен кезде өзіңнен кейінгі барлық уақыт арнасында ой тоқындарын өте көп уақыттар бойы өзіне сақтап мәңгі қалатындықтан мыңдаған жылдар бұрынғы өлең жырлармен біз бірге жасасып, өткендердің жүрегінің соққанын  да тыңдап жүрміз.

Біздің долбарымыздан да алыс аулақта жазылған бағзы Ведалардың үн әуендері  тәңір текті рухани санадан, шуақты сүлдерлер арқылы өзге әлемнен түсірілген деген көзқарасты құптаймын.

Орыстың әйгілі ақыны М.Ю.Лермантов бірде: «Гомерден бұрын кім болды?» деп түрен көтерген деседі. Ұлы шығарма туар алғы шарт, басты тұғырнама қалайда болуы хақ деген оймен Лермонтовтың сауалы туындаса керек. Солай, болған; Азияда бар ондай гәп.

Біздің эрамыздан бұрынғы екінші мың жылдықта пайда болған Ведалардың ілімі яғни поэтикалық жыр дастандары соңыра «Махабхарата», «Раһамаяна» секілді ұлы эпостар арнасымен бізге жеткен.

Сондай-ақ, б.э.б. ХІІ-ІХ ғасырлар аралық нанхиадтардың халық жырларын жинақтаған Күңзінің (Конфуции) «Жырнамасы» - әлем халықтарының тұңғыш антологиясы болуы да мүмкін.

Ұлы түземдік көне көшпелілердің ұзна әуен үні – бүгінгі Моңғолдың «ұзына әуені» делінетін әуезді өлеңдері немесе Азияның кейбір елдеріндегі әсіресе көне Алтай жұртының ерлік эпостары бағзы бұрынағы Гомердің заманында тіпті одан да бұрын болғаны анық.

Сонымен бірге Парсының  рубайлары, Қазақтың халықтық толғау жырлары, Моңғолдардың қос әуезі, әлемдік үш бәйіті, Жапонияның хайкуі, танкасы, орта Азияның ғазалы, Қытайдың цзы секілді поэзиялық көптеген әуезді құбылыстарды тек Азия ғана адамзатқа ұсына алды.

Үнділердің Галидасаны, Қытайдың Ли Бай, Дү Фүін, Парсының Фердоуси, Омар Хайямын, Моңғолдың Цогт тәйжісі, Данзанравжаасы, Жапонияның Мацуо Башё, Такбоку, Тибеттің Цанянжамц, Түркменнің Мақтұмқұлы, Қазақтың Абай Құнанбайұлы, Үндістанның Рабиндант Тагүрі секілді көптеген ақын даналарды адамзаттың құдіретті бау бақшасына Азия ғана сыйлай алды. Демек, ХХ, ХІ ғасырдағы Азия поэзиясының ықпалы және иеленетін орыны жөнінде де ойланатын уақыт жетті. Азия поэзиясының әлем әдебиетіндегі осы замандық орыны ең әуелі аударманың сапасы мен баспаханалардың бизнестік мүддесіне көбінесе байланысты болмақ. Өте баяу, тасбақаның аяңымен мимырттап келеміз.

Парсының данышпан ақыны Омар Хайямның  бастапқы аздаған рубайлары осыдан 160 жыл бұрын Лондонда ағылшын тіліне тұңғыш рет сәтті тәржімаланғанымен оқырманға жету жолында ұзақ уақытты қатты сарп еткені бар. Осыған қарағанда шалғай алыстағы ұлттың тілі мен мәдениеті, саналық сарындағы поэзиясы басқаның назарына ілігуіне, тәржімалануына, аналитикалық сараптамалық жасалуына, оқулықтар мен антолгияларға қамтылуына, сол арқылы өзгені мойындатуға дейінгі аралықтарда кедергілерге ұшырап жүр. Азияның көптеген елдерінің ақындары осы жолмен келе жатыр.

Бүгінгі технологиялық әсіре қарқынды өркен, өндірістену, қалалану, жаһандану қатарлы материалдық тұрмысқа тығыз ден беретін дамыстың құрылымына қарай көміле бастады. Адамзаттың төл табиғилығы, тілі мен мәдениеті, жүрек қалауының ең нәзік құндылықтары жойылып, тірі кісілер дижиталға айналып, поэзия құнсызданатын күйде. Тіптен кейбір тілдер мүлдемге азып, жойылып, жоғалып барады. Сонымен бірге поэзияға әсіре батыстың да әсері күшейіп түрлі «измдер» тығырыққа тіреуде. Әйтеуір жаңа ізденістер жолындамыз. Осынау қилы сәтте Азиялықтар өз қолындағы бар мүмкіндігі бойынша әлемге бейтаныс поэзиясының ерекше құбылыстарын қалай ұлықтаудың жолдарын қарастыру керек секілді.

Поэзияға орныға бастаған кедергілер Азияның поэзиясына жаңа жағдаяттарды  ашуға игілігін береді. Бізді түбеселікті жаңа жігерлі талпыныстар күтіп тұр. Өркеннің теңсіздігі, діни қасіреттер, көзқарас алуандылығына қарамастан Азиялық руханиятты біртұтас бітімдеуге қатысты күш-жігер Сіз бен біздің поэзиямызда түгел баршылық. Ендеше Әлем әдебиеті деген ұлы түренге Азияның иеленетін орнын, салмағын дұрыстап бағытталуымызға жол ашық.

Адамзат өркениетінің поэзия теңізінен терген жауһары секілді - «Антология» мәдениетіне Азияның да айрықша ұсынар жаңалықтары енуі керек-ті. Әуелі Азия құрлығы елдерінің ерекше ілтипатымен «Азия поэзия антологиясы» көп тілге тәржімаланып шығуына тілектеспін, әрі қолдаймын. Бұл прозаға да әдебиеттің өзге жанрларына да қатысты сөз. Біз қашанға дейін батыстың қабағына қарап, қолына телміреміз?

«Батыс деген – батыс, Шығыс деген – шығыс, бір – біріне еш қарамайтын тұс...» деп Р.Киплинг (Редьярд Киплинг) емеруін білдірген  уақытта  тағы да сол баяғы Н.Рерих «Батыс пен Шығыстың арасындағы қорған құлатылсын» деген-ді.                    

Р. Киплингтің лепесін «өзара айырмашылық ерекшелігіне қарай сақтап қалу» деп жайма-шуақтап, Н.Рерихтің ойын «бөлініп жарылмай, әлем әдебиетінің ұлы арнасындағы әсіре батысшыл үстемдікті өзгерту мағынасында» түсінулеріңізді сұраймын. Азия әдебиетін қолдауға қатысты тиімді тәсілдер табу, айталық бір белдеулік қор құру арқылы тәржіма және таңдаулы шығармаларды насихаттау – осы құрлықтағы Елдердің өкіметтерінің міндеті болмақ.

Қазақ Елінің халықаралық әдебиет қарым-қатынасын дамыту, қолдау жолындағы игілікті істеріне бек разымыз! Азияның мәдени, рухани, текті білікті таңғажайып әлемін кемелдендіруші поэзиялық жаңа толқынды бастауға шақырамын. Сөзімнің әуелі бастабындағы «Азияның жан тамыры тірі ме?» деген Н.Рерихтің сауалына;

- Иә, солай, Азияның жүрегі соғып тұр! Азияны жаңғыртып ашудағы рухани жаңа сапарымыз Азияның әдебиет әлеміне қарай шеру тартатын болады деймін!

Моңғол тілінен аударған Сұраған РАХМЕТҰЛЫ