Саңлақ

Шәкен Айманов

САҢЛАҚ

(Шәкен Аймановтың туғанына 80 жыл толуына орай)

Әбіш Кекілбай

Ағайын, расымды айтсам, дәл бүгін дәл мына сахнадан сіздердің жаудыраған көздеріңе қарап, сөз сөйлеу маған онша оңайға тиіп тұрған жоқ. Өйткені, бүгін тап мына сіздерді тап мына залға әншейін жиынқұмарлық жетелеп әкелмегеніне сенімім кәміл. Қайсыңыздың да жанарыңыздан соншалықты бір қимас жанға деген соншалықты бір шексіз ықыласты, шексіз сағынышты көргендеймін. Көбіңіздің көз алдарыңызда – Оның жарқылдаған жүзі, құлағыңызда – Оның саңқылдаған үні тұрғанына еш күмәнім жоқ.

Содан да ма екен, «Шіркін-ай, қазір мынау барқыт шымылдықтардың ар жағынан аршындай басып, Оның Өзі шыға келсе ғой... Қажыңқы жүзіне мейірімді күлкі үйіріп, қарлығыңқы үніне мейірбан діріл жүгіріп, мынау аңтарылып отырған әлеуметпен шүйіркелесіп бір амандасса ғой»,- деп армандап тұрмын.

Иә, бүгінгідей күні естияр қазақ қауымына мынау қашанғы қара орда орнымыздың қасиетті төрі түгілі, қала толы киножайларымыздың, үй басына самсап тұрған теледидарларымыздың самала айналары да, тіпті сапырылысқан көшелеріміздің өзі де Шәкен Аймановты еріксіз еске түсірері даусыз. Өйткені, ол бүкіл дүниені бір өзі толтырып жүретіндей ерекше ересен тұлға еді ғой.

Кәні, бір сәт күні кешегі сылдыраған бұлағы құлағының құрышын қандырып, үйлері терегінен, терегі желегінен бой асырмай, жасыл масаты жамылып, жайнап тұратын жәйбарақат астанамызды көз алдымызға әкелейікші. Данагөйлері мен шалағайлары, атақтылары мен шатақтылары, ұстаздары мен шәкірттері, ұлықтары мен кішіктері бірдей жаяу-жалпылап, бір дастарханның басынан, бір мәслихаттың ортасынан табылып, мидай араласып, бірге жүретін дәуренді жадымызға оралтайықшы... Егер жұрттың бәрі қоғадай жапырылып, құрақ ұшып жатса – топтың ортасына не Қаныш Сәтбаев, не Мұхтар Әуезов, не Ахмет Жұбанов келгенін, ал жадырай күлісіп, жамырай сөйлесіп мәз-мәйрам боп жатса – не Сәбит Мұқанов, не Қалыбек Қуанышбаев, не Серке Қожамқұлов әңгіме айтып отырғанын, ал сол алқалы топ кенет шетінен аяғының ұшынан басып, ауыздарын бағып, бәйпектей қалса – қақ ортада таяғын жерге, мұртын көкке шанши қадап, қайсар Бәукең, полковник Бауыржан Момышұлы қасқая қарап тұрғанын бірден біле қоймаушы ма ек!

Несін айтасыз, ол көзде Алматының желегі мен майсаңы қандай көп болса, жақсысы мен жайсаңы да сондай көп еді ғой. Алшайып алқалы төрге жайғасатын ақсақал-қарасақалын былай қойғанда, табақ тартып, шарап құйып жүретін бала-бажырының өзі қазір ұлттық рухани шежіреміздің бір-бір тарауын иемденіп, тарих қойнауына бір-ақ шықты емес пе?! Сондай базарлы заманның өзінде де Аймановтың орны айрықша бөлек еді-ау...

Көшеде келе жатып, алдыңыздан бастарына қай-қайдағы дағара қалпақ, делдиме телпек, шелтиме тақия, селтиме бөрік киіп, өзулерінде ұзынды-қысқалы калияндары бұрқырап, біреулері далаңдаған балақтарына сүрініп, біреулері сидаңдаған сирақтарын тізеден асыра тұрініп, мойындарына сытырлаған-сатырлаған, жылтыраған-жарқыраған асай-мұсайларын асынып, әлдекімді қаумалай қоршап ап, асығып-үсігіп келе жатқан әлем-желем айғыр топ адам көрсеқ қазіргідей: «бұл келіп қалған қай мемлекеттің басшысы болды екен?»,– деп басымызды қатырмаймыз, бірден: «пәлен жаққа фестивальға кеткен Шәкен аға ауылға аман-есен оралған екен ғой»,– дейтінбіз. Егер алда-жалда не көшеден, не алаңнан құжынасқан қарақұрым халық көрсеқ бүгінгідей: «дүкенге не түсіп жатыр екен?»,– деп ентелемейтінбіз, не: «апырай, тағы қай көсем тағы қандай дауды бастап, митинг өткізіп жатыр екен?»,– деп қаралай күпті болмайтынбыз. «Е, Шәкен аға және бір жаңа фильм түсіруге кіріскен екен-ау!»,– деп қуанатынбыз. Иә, қай құлық, қай қылығымен де ол ылғи көптің алдында жүрді. Иә, қай құлық, қай қылығымен де ол ылғи көптің көңілінен шыға білді.

Өйтіп, қай құлық, қай қылығымен де жалпының жанын жадыратып жүру тек ілуде біреудің, онда да, шариғаттың тілімен айтқанда, әуелден құдайдың сүйген құлы, пайғамбардың сүйген үмбеті, шадиярдың сүйген сәруары болып, бізше айтқанда, тал бойына талай сирек сипаттар мен ерек қасиеттер жинап туған ерекше жандардың қолынан келсе керек еді.

Шәкен Аймановтан да тағдыр мен тарих айрықша шарапатын аямай-ақ баққан сияқты. Тіпті ұлы актердің өзі де 1974 жылы Мәскеуден шыққан «Өзім туралы, өнерім туралы» кітапшасында да өз талайының талай бұлтарыста. қалай оңтайын тауып, оңынан орала білгеніне таңғала жазады.

Расында да қалай таңданбассыз... Ала шаңы аспанға шығып жатқан байтақ даланың қақ төрінде қаттап жиған жүктей боп ғажайып тау орнапты. Баурайы – ну, етегі – мөлдіреген көл. Шын пейіштің өзі. Жарық дүниеге ол сол бір жұмақ қойнауда келіпті. Маңдайына құдай Кенжетайдай дәулескер күйші әкеп беріпті. Ол аз болғандай, туған жөздесі де Қали Байжановтай теңдесі жоқ әнші болып жолығыпты. Сондай ортада өсіп, өнерден ерте ауызданып, жер-көкке сыймай жүрген жеткіншек інісін көзқарақты ағасы Қажымұрат қызмет бабымен Зайсанға көшкенде бірге әкетіп, орыс мектебіне орналастырады. Кейін Семейдегі халық ағарту институтына түсіреді. Сонда жүріп, өнерпаздықтың жолына түскен жас жігіт 1933 жылы Алматыдаи арнайы шаруамен келген Ғабит Мүсіреповтың көзіне ілігеді. Сөйтіп, институттың үшінші курсында оқуын тастап кеткен әуесқой өнерпаз бірден кәсіби театрдың сахнасынан бір-ақ шығады. Бірнеше жыл қатарынан көпшілік сахнада салпақтап, зейілі тарқай бастаған ол алғаш рет аңсап жүрген басты рольге қолы жетеді. Әуелден де жолы оңғарылып туған жас артиет Мәскеудегі бірінші онкүндікке бара жатып, жол-жөнекей Жамбыл ақынға ұнап қалады. Үлкен қалаға алғаш келген қария мейманханаға орналасқанда оны қалап алып қасына жатқызады. Сөйткен Шәкен Аймановқа кейін «Жамбыл» фильмі түсірілерде жәреуке ақын Шаймұхамбеттің ролі бұйырады. Бірақ, әзірлік кезінде ол сценарийдегі өлеңдерді ұнатпай, басқа бір өлеңдерді оқып береді. Сонысына риза болған режиссер Дзиган бастапқы шешімін өзгертіп, ұлы ақынды отыз алты жасар жас артистке ойнатуға тәуекел етеді. «Оның бет әлпеті, көздері, қолдары, сөз саптасы мен жүріс-тұрысы соншалықты дәл, соншалықты сенімді. Көрермен бүкіл фильмнің өне бойында орындаушы актерды атымен естен шығарып, өз халқының ұлы, отаншыл азамат, ақын, данагөй қария, тірі Жамбылды көріп отырғандай елтіп қалады»,– деп жазды кейін Айманов жасаған бұл бейне жайында айтулы актер, режиссер Сергей Бондарчук.

Нағыз бағы жанғандық деген осы-ақ болар! Бірақ, бармақтай бақтың бұлай жануы үшін таудай талантпен қоса талмас талап керек екендігіне де Шәкен Аймановтың тағдыры куә.

Кішкентайынан ауылдың алдындағы Серектастың басына жалғыз шығып ап, қараптан-қарап жылап отыратын қиқар баланы сөлекет көргендерді Кенжетайдың ағасы Аббас: «Тимеңдер, оған... Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр»,– деп тиып тастайды екен.

Есін біле-ақ, өнер қыстай бастаған Шәкен тәуекелге бел буды. Тәуекелге бел бумаса, ел асып, жер асып бара жатқан ағайынға ілесіп, оқу іздеп кетер ме еді?! Тәуекелге бел бумаса, мұғалімдікке оқи жүре, бір қолынан домбырасын, бір қолынан мандолинасын тастамай, бір күні ана клубқа, екінші күні мына клубқа, көзек жүгіріп мұрнынан шаншылып жүрер ме еді?! Нар тәуекелден қаймықпайтындай жүрегінде түгі болмаса, Семейдің үйірмелерімен қоса Риддерден келген жұмысшы жастар театрының сахнасында ойнар ма еді?! Астанадан келген атақты драматурттың шалғайына ілесіп, маңдайға тигізер жалғыз ұлттық кәсіби театрдың құрамына қоеылудан шындап дәмету үшін де нағыз тас жұтқан нар тәуекел керек шығар.

Ондай нар тәуекелге тек өзіне-өзі кәміл сенгендер ғана бел буа алады. Өзіне сену деген – еңбегіне еену деген сөз, Өнердегі еңбек – күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан қалып мігірсіз іздену. Қиындыққа мойымау. Қырсық пен қасіретке шыдай білу.

Айманов та солай етті. Жігітке жеті өнер де аз деген ата-баба ғұрпын әз ғұмырының басты қағидасы тұтынғандай, сәби көзінде бірде әншінің, бірде күйшінің, бірде ертекші мен хиссашының қасынан шықпады, жас еспірім көзінде бірде ән мен күйдің, бірде европалық музыканың, бірде бидің, тіпті сахара жұрты бұрын-соңды салт етіп көрмеген театр өнерінің соңына түсті. Қазақша труппаны былай қойып, орыс труппасының ойынына қатысты. Кәсіби өнерге келгесін де сол елгезектігінен танбады. Шәкірттіктен жалықпаған бір кісі болса, ол Шәкен Айманов шығар. Кешке көпшілік эпизодтарына қатыса жүріп, күндіз театр жанындағы студияда оқып, драма актерының шеберлігін шыңдады. Оны місе тұтпай, музыкалық театрдың артисі болуға дайындалды. Тіпті, опера өнерімен әуестене бастады. Басқа театрларға барып, тәжірибеден өтетін топ ұйымдастырылса, оған ең алдымен Айманов сұранды. Басқа республикаға барып, үлкен өнер мектебінен өту үшін қайтадан партаға отыруға тура келсе, оған да елден бұрын Айманов тілек білдірді.

Осы бір білімге деген тойымсыздық, жаңаға деген құмарлық оны көркем өнердің барлық саласында, барлық жанрында бағын сынап көруге итермеледі. Алматы түбінде «Аманкелді» туралы кино түсіріле бастағанда өз аяғынан сұранып барып, эпизодқа түсті; сұранып жүріп, сол фильмге тұрмыс жөніндегі кеңесшілік етті. Сөйтіп, кино әлеміне аяқ басты.

Сырттай қарағанда, бәрі де өз-өзінен орайласа кеткен сияқты. Ал түптей келсеқ бәрінің де тап солай болуы өбден заңды.

Өйткені, бұның қай-қайсысы да ұшқалақтықтан, әр нәрсемен бір әуестенген әуейіліктен туындап жатпаған-ды. Қайта, дегеніне жетпей қоймайтын табандылықтан тап осылай қисыны жоқ жерден қисын тауып, өз-өзінен қиюласып жатқан-ды. Аббас ағамыз айтқан-дай, «өнер қысып» бара жатпаса, осының бірін де істемеуге болар еді ғой. Онда тек бір ғана Шәкен Айманов емес, барша қазақ өнері мықтап ұтылар еді. Егер оған табиғат пен тағдыр қиған таудай талантты барша қырынан жарқыратып ашу жолында жалықпай күресетіндей ынта-жігер, ыждаһат пен тәуекел де бірге дарымағанда, бір суреткердің ғана емес, күллі қазақ мәдениетінің даму жолы атымен басқаша өрістеп, атымен басқаша қалыптасуы мүмкін еді.

О заман да бұл заман талай ойшылдың басын қатырып келе жатқан: «Тарихта жеке адам не істеп, не бітіре алады?»,– деген әйгілі сауалға Шәкен Аймановтың ғұмыр жолы-ақ өте тұрлаулы жауап тауып бере алғандай. Ең ғанибеті, оған осынша шексіз мол дарын қиған табиғат қайрат-жігерді де соншалықты аямай сыйлапты. Ол сахнада қырықтан астам жаңа тұлға жасапты, он бестей спектакль қойыпты. Экранда жиырмадан астам рольде ойнап, он терт фильм түсіріпті. Бұған академиялық драма театрының, киностудияның керкемдік жетекшілігін, шығармашылық ұйымның бірінші басшылығын, ондаған комитеттер мен жюрилердегі, актер тәрбиелеудегі, қоғамдық-саяси өмірдегі мігірсіз қызметті қосыңыз. Қандай өнікті және кеңқұлашты, алуан қырлы және абыройлы еңбек десеңізші...

Қазақ сахнасының ең кенжесі боп көрінген балғын талант араға он жыл салмай жатып ұлттық театр енерінің мақтанышына айналды.

Тәжірибеден өтіп, тағылым алуға келген шәкірт санаулы жылдарда ұлттық кино өнеріміздің кешін бастады.

Бір көзде оқуын аяқтамай кеткен студенттер әлемдік театр мен кино өнерінің ең саңлақ өкілдерімен бірге планетамыздағы осы заманғы мәдениеттің табыстарын таразыға салатын бас сарапшылар қатарына ілікті. Ұлттық, аймақтық көркем ой аумағынан шығып, әлемдік көркем ойдың салихалы да сарабдал тәлімгерлігіне жетті. Қандай қарышты самғау!

Егер біреу менен: «Шөкен Айманов қандай өнерді айрыңша қадір тұтқан?»– деп сұраса, мен: «Барлық өнерді де өте-мөте қадір тұтқан»,– деп жауап берер ем.

«Қай жанрды айрықша ұнатқан?»,– деп сұраса, тағы да солайша жауап берер ем.

«Актер Айманов қай амплуаны өзіне айрықша бейім санаған?»,– деп сұраса, тағы да соны айтқан болар ем.

Бұл қалай? Суреткерлік табиғатына қайшы келмей ме? Жоқ, қайшы келмейді. Егер тәңірдің өзімен тайталасып, күллі дүниені өзінше қайта құрып, өзінше қайта жетілдіруді аңсамаса, суреткер суреткер болмас еді. Оның ізгілік пен сұлулыққа, тіпті атақ пен даңққа да соншама тойымсыз болатындығы да осыдан. Егер олай болмаса, тоғышарлыққа ұрынып, тоқмейілсуге бой алдырады. Онда сәйгүлік боп суырыла озбай, тұғыжым тұғыр боп, тойған жерінде жайылып қалады. Өнердегі қанағатсыздық өзіңе деген талапшылдықтан, ал ол өмірге деген талапшылдықтан өрбиді.

Егер Айманов осының бәрін өзімшілдіктен істесе, ол өзіне оңтайлы бір-ақ жанр, бір-ақ амплуаны таңдап алар еді де, соны қапысыз шыңдап бағар еді. Сөйтіп, еш-теңеден сыр алдырмай, ешқандай сәтсіздікке ұрынбай, бір биіктен бір биікке өрмелей беретіндей мейлінше сенімді жолды, мейлінше қауіпсіз сүрлеуді таңдар еді. Өнерде олай еңбектенетіндерді де сөкеттеуге болмайды. Өз ісінің шебері болған адам қай тұрғыдан да қалтқысыз қастерлеуге тұрарлық Әлемдік мәдениеттегі не бір саңлақ шеберлер солай қалыптасып, солай танылған. Ал, бірақ шын суреткерлік, шын ойшылдық – көбіне-көп рухани максимализмнен туындайды. Ондай жан болмыстағы қай құбылысқа да, қай сыр-сипатқа да назар аудармай тұра алмайды. Барға қанағат етпейтін талапшылдық жоқты бар етіп тынбай тыншымайтын тағатсыздыққа бастайды. Түптеп келгенде, өнер-білім дегенді өрістетіп жүрген де сол тағатсыздық. Ізденімпаздық та – сол тағатсыздықтың бір тұрі. Ізденістегі тағатсыздық еңбектегі табандылықпен табысып барып, дегеніне жетеді.

Айманов талантының ең басты екі сипаты да осы: ізденістегі тағатсыздық пен еңбектегі табандылық. Оған бір оқуды тастатып, екінші оқуды бастатып, бір мамандықтан екінші мамандыққа, бір қызметтен екінші қызметке, кейде тіпті бірден екі-үш қызметке қатарынан ұрындырып жүрген де әлгіндей тағатсыздық пен әлгіндей табандылық.

Ойлап қараңызшы: мұғалімдік, театрдағы артистіқ театрдағы режиссерлік, театрдағы ұйымдастырушылық пен басшылық, кинодағы актерлық, кинодағы режиссерлық, кинодағы ұйымдастырушылық пен басшылық, қоғамдағы көсемдік ықпал, өнердегі ұстаздық ықпал, жалпы планеталық мәдени байланыс, кино өндірісі, театр экономикасы... Шәкен Айманов қамытын арқалаған осы қызметтердің әрқайсысы бір-бір ғұмырды сарп етуге тұрарлық емес пе?! Таңғалатын нәрсе: соның бәрі бір-ақ ғұмырға сыйыпты. Соның бәріне керек қабілет бір-ақ кісінің бойынан табылыпты.

Шәкен Аймановты бір жанрдан бір жанрға, бір амплуадан екінші амплуаға ауытқытып жүрген де осы бір тағатсыздық пен осы бір табандылық.

Егер ол экранда «Алдар көсені», «Біздің сүйікті дәрігерді», «Ән шырқадыны», «Тақиялы періштені», сахнада «Шегіршінді тоғай» мен «Қылжақбастарды» қойып, Петручионы, Хлестаковты, Алдаркөсені ойнаса да, комедияның теңдесі жоқ шебері ретінде өнер тарихынан өте сыйлы орын иемденер еді.

Егер ол тек Отелло мен Ақанды, Қобыланды мен Есенді, Щадрин мен Тихонды ойнаса да, қазақ сахнасының ең үздік трагедиялық, ең үздік әлеуметтік қаһарманы ретінде көрермен қауымды мәңгілік баурап алар еді.

Бірақ, ол сахна мен экранда қаншама сан қырлы, сан бояулы кейіпкерлердің толыққанды бейнесін жасады. Шәкен Аймановтың актерлық палитрасында адам болмысында қанша мінез-құлық болса соншама сыр-сипат, қоғам болмысында қаншама құбылыс, қаншама қайшылық болса, соған лайық соншама ыза мен уыт, әжуа мен мысқыл, қайрат пен жігер табылатыны шексіз.

Алайда, актер Айманов пен режиссер Аймановтың әлгіндей тақырыптық, жанрлық, пайымдық бағыттарының әралуан болуын тек қана мол дарынмен, суреткерлік табиғатының көп қырлылығымен ғана түсіндіру аздық етер еді.

Біздіңше, Аймановтың өнердегі ізденісіне өмірдегі елгезектігі, суреткерлік көп қырлылығына азаматтық тұрлаулылығы да аз ықпал етпеген сияқты. Оның тағатсызданып жүргені – тек өнер қыстап жүргендігінен емес, өмір де қыстап бара жатқандығынан. Тек өнер қыстап бара жатса, өзін, өзіндегі өнерді қызықтап өтер еді. Бірақ, ондай адам біреудің шалағай шығармасын жендеп, өз басына өзі азап тілеп алар ма еді? Ондай адам жарым-жарты қаржысы шығындалып, жабылып қалған жарымжан фильмді бастан-аяқ қайта түсіріп шығам деп, өз жанын өзі отқа салар ма еді? Тек өнер қыстап бара жатқан адам намысшыл болса болар. Бірақ, көптің қамын ойлап, тақырға отыруға айналған әнер ұжымын құтқарып қалу үшін өз абыройын өзі өйтіп көрер көзге қатерге тігетініне күмәніміз бар. Жоқ, ондай көзсіздік өзім десе, өгіз қара күші бар, біреу десе, бітпейтұғын ісі бар, өз келеңкесіне өзі сұқтанған өзімшілдің қолынан ешқашан келмейді. Қарабасының бағы асса болды, қалған қара орман халқы түгел өртеніп бара жатса да, қыңқ ете қоймайтын «өнер қыстаған» өзімшілдерді талай жерде көріп жүрміз ғой. Ал, Аймановтың әлгідей жанпидаға бір емес, сан рет бара алғанына театр куә, кино куә... Қажет десеңіз, тап мұндай көзсіздіқ тап мұндай жұлын жұтқандық – оның әрқашанғы өмірлік дағдысы.

Оны соны салаларға, соны салаларға, соны жанрларға, соны бағыттар мең тақырыптарға елден бұрын тәуекелге байлатып, бой ұрғызып жүрген де, ең алдымен, елдің қамы, өнердің қамы-тұғын. «Өзгелердің қолынан келіп жатқан біздің неге қолымыздан келмейді?», «Өзгелердің игере алып жатқанын біз неге игере алмаймыз?»– деген намыс еді. Туған ұлты мен туған мәдениетінің намысы еді. Ол сол жолда неге болса да бас тігуге пейіл болды. Майлықтың да, сулықтың да ж.олында қатар жүрді. Қай сынға да, қай қиынға да төтеп бақты.

Сырт қарағанда, Шәкен Аймановтың бүкіл өмірі сән-салтанат, қуаныш-шаттық, той мен жиында өткен сияқты.

Байыбына барсақ, тіпті де олай емес... Ол ылғи сынақ мен қиында жүрді. Қапелімде, өз тізгініне өзі ие бола алмай келген театр өнерімізде ұлттық режиссураның біржолата орнығуына Айманов қойып, бұрынғы Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығын алған «Абай» спектаклі өлшеусіз қызмет атқарды. Айманов қойған Шекспирдің «Отеллосынсыз», Мүсіреповтың «Ақын трагедиясынсыз» ұлттық драма өнеріміз дәл қазіргідей еңселі, дәл қазіргідей ересен көрінбес еді. Әсіресе, қазақ шексприанасын жасауда жазушы Әуезов пен актер, режиссер Аймановтың еңбегі елден ерекше. Ол да өзінің ұстаз ағасындай Шекспир әлемін өз жұртының рухани әлемімен туыстыра, тұтастыра еңбек етті. Шекспирді қазақ ұғымына жақындатсам деп қарабайырлыққа ұрынбай, қайта ұлттық парық пен ұлттық мінезге Шекспир көзқарасымен үңіліп, олардын бұрын байқала бермеген талай-талай шын асыл сипаттарын ашып берді. Сөйтіп, ұлттық рухтың тек төл топырақ, төл табиғатпен шектелмей, адамзаттық мәдениеттің ұланғайыр галлактикасына батыл қадам жасауына бірден-бір себепші болды.

Бұл ретте актер Айманов та, режиссер Айманов та әлемдік шексприанаға сүбелі үлес қосты. «Асауға тұсаудың» қойылуы ұлттық актерлық мәдениетіміздің, шын мәніндегі, ең шырқау мерекесі болды. Қазақ театрының омырауына тағылғын қос інжу-маржандай Катарина-Бөкеева мен Петруччио-Айманов таланттары барша қырынан жарқырай ашылып, барша Шұғыла-нұрымен жарқылдап бақты. Көрермен көңілінің мұншама кенелуі әлемдік театр тарихында тіптен некен-саяқ шығар. Ұлы драматург бұл шығармасын әуелден де қыз бен жігіт тартысын қызықтап, қыз бен жігіт айтысын тыңдап ескен қазақ артистері мен қазақ көрермендеріне арнап жазғандай. Қазақ театрының өзінде де одан асқан «қазақы» спектакль болған емес. Сахнада – азаттық пен еркіндік мерекесі. Ештеңеден тауы шағылып, ешқашан сағы сынып көрмеген асау ару, арда жігіт. Бір-біріне әп дегенде-ақ көңілдері бітіп, бірін-бірі әп дегенде-ақ ұнатып қалады. Бірақ, жүрекке оқыс түскен ол ықыласты бірден мойындауға еркелік пен өжеттік ырық бермейді. Сүйе тұрып, сүймегенсіп, мойындай тұрып, мойындамағансып бағады. Жігіттің қиқарлығына қыздың қайсарлығы жеңістік берер емес. Қыздың тәкаппарлығына жігіттің жүрек жұтқан өктемдігі де қайрансыз. Шекелей қараған мардамсу сыр тартқысы келген қалжыңға, қалжың ашуға, ашу дөрекілікке ұласады. Бірақ, екеуінің де өр көңілі мен өжет мінезі өршелене тайталасқан сайын бір-біріне қызыға, құмарлана, ынтыға түседі. Сол құштарлық бір-бірінің шын қасиетін тануға ұмтылған шынайы ықылас, ыстық пейілге алмасады. Ол пейіл ақыр аяғында қалтқысыз адал махаббатқа ұласады. Кім жеңді? Кім жеңілді? Жігіт қызды баурап алды ма? Қыз жігітті арбап алды ма? Ол арасы белгісіз. Белгілі нәрсе – өжеттікті махаббаттың жеңгені. Асау мінезді қаяусыз сөзім тұсап тастағаны. Нағыз адал махаббаттың тек нағыз азат адамдардың ғана арасына желі жая алатындығы.

Қазақтың «кітәби» әдебиетіндегі сүйген жардың жолында не қорлықтың бәріне пейіл болатын «мәжнүн» махаббатты «ауыз» әдебиетіндегі баққа да, сорға да бірдей шыдап, бірге көріп алатын терөзесі теңдер махаббаты мансұқтап жатушы еді. Жібек пен Төлеген махаббаты қандай қылықты, қандай ерке? Қозы мен Баян махаббаты қандай аянышты, бірақ қандай асау...

Шекспир шығармасындағы романтикалық коллизия қазақ сахнасында сондай нанымды, сондай дәл реалистік коллизияға айналады. Олай болуына әр қимыл, әр сөзінен еркін даланың еркін мінезінің исі бұрқыраған Айманов ойнының шешуші ықпал еткені өз-өзінен көрініп тұрады. Бостан табиғат, бұла мінез, бұлғақ қылықтың соншама сұлулығын, соншама абзалдығын ондай жеткізе алған суреткер кем де кем шығар. Айманов пен Бөкеева ойнаған «Асауға тұсау» азаттық пен абзалдықтың гимніндей шабытқа, шаттыққа белейді. Отелло махаббаты Айманов орындауында атымен жаңа мазмұнға ие болды. Талай Отелло алданғандықтан отқа түсіп жүрсе, Айманов-Отелло арланғандықтан отқа түсіп жүреді. Ол жат қоғамның жадылығына жастайынан қаныққан-ды. Сондықтан да намысшыл, баққұмар боп өсті. Тегіне қарап, менсінбейтін өркөкіректердің өздерінен де асып түсу үшін қиын өнердің сырын меңгерді. Қиын шайқастарда көзге түсті. Жұрттан асып атағын шығарды. Жұрттың бәрінің қолы жете алмай жүрген аруға да жұрттан асып түсу үіпін ғашық болды. Дөздемона махаббаты – мавр Отеллоның былайғылармен тең екендігінің емес, олардың бәрінен асып түскендігінің куәсіндей еді. Аяр Яго намысшыл жүректің осы бір осал жерін бірден тапты, дөп басты. Дөздемона ойда жоқта жоғалған орамалын ұрғашы жыныстың дәстүрлі мекерлігінің емес, өзге нәсіл өкіліне деген табиғи немкеттілігінің нышаны қып түеіндірді. Отеллоның өз жеңісі жайындағы нық сенімі бірден күйреді. Жұртты жеңгенмен өзін жеңе алмады. Өзіңе деген сенімді жұрт күдігі емес, өз күдігің тәрк етеді екен. Табиғаттың көзсіз көбелегі Дөздемона болмай өзі боп шықты. Табиғаттан ауытқудың көзсіз көбелек жендеті де, құрбаны да өзі болып шықты. Айманов-Отелло ұрғашының ұшқалақтығынан емес, өз аңғалдығынан опық жеді. Азаттықтың асқақ болмауға, адалдықтың аңғал болуға қақысы жоқ екен. Аршыл емес азаттық өз-өзінен құлдыққа итермелесе, аңғал адалдық өз-өзіңнен құрбандыққа шалдырады екен.

Аймановтың бұл пайымы – рух азаттығының, рухани азаттықтың ең бір көкейкесті тылсым сырларын шертетін үлкен азаматтық пәтуа еді. Әсіресе, қазіргі таңда кешегі отаршылдық психология біреулерімізді жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас дейтіндей әсіре шалдуарлыққа ұрындырып, екінші біреулерімізді жұрт сенгенге өзің сенбейтіндей, өз дәуреніңді өзің көпсініп, өз қағыңнан өзің жерініп, өгей ене жарамсақ өзгенің күйтін күйттеушілікке ұрындырып жатқан тұста мейлінше шұқшия зерделеуге тұратын шұрайлы көзқарас. Шамасы, өзгенің ұшқарылығынан азат болудан гөрі өзіңнің ұшқарылығыңнан азат болу әлдеқайда қиын секілді. Ол үшін қандай қарлы қаратау күн туса да, басқадан айырылғанмеНі намыстан айырылмауға тырысу керек екен. Әйтпесе, өзіңді өзгеден бұрын өзің жатсырап, өзгеден бұрын өзің жаусынып шығуың оп-оңай екен. Тек намыс қана елді өздіктен де, есерліктен де сақтай алады екен.

Кешегі бір замандарда Аймановтай таланттарға таудай талап қуғызып, әр қияға бір салдырып жүрген де сол ел қамын ойлаған намысшылдық екен. Ол қазақ театр өнерінің қаз басуына қатардағы өнерпаз болып қатысса, есейіп еңсе көтеруіне көреген көшбасшы боп атсалысты деп батыл айта аламыз.

Түптеп келгенде, оны атымен соны кино өнеріне де тап сол намысқойлық алып барса керек. Ұлттық театрдың белді қайраткері, беделді басшысы басымен басқа өнердің қолбала қызметтерінен бастап, бас қолбасшылығына дейінгі ауыр да ұзақ жолды қимайтындар ондай қылыққа өлсе де барар ма?! Айманов барды. Көнбеске көнді. Шыдамасқа шыдады. Айтысып-тартысып емес, ізденіп, үйреніп, еңбек етіп күресті. Шын намысқой күрес сондай болса керек. Әйтпесе, айқай-ұйқайдан, ойбай-байбайдан заман түзеліп, іс оңғарылып кетер болса, әлдеқашан қой үстіне бозторғай жұмыртқаламас па еді?!

Сабырсыздық ауыз күйдірмесе, абырой алып бермейді. Бір ғана Шәкен Аймановтың табандылығы мен сабырлылығы есігінен қарай алмайтын бейтаныс мекемені көп ұзатпай ұлттың жаңа бір рухани ұясына айналдырып берді. Ол жаңа саладан тек өзіне ғана жол ашып қоймай, туған мәдениетіне тың өріс тауып берді. Оның табыстарынан шабыттанған қазақ жастары экранда да бағын сынай бастады. Алғашқы кинорежиссерларымыз, киноактерларымыз шыға бастады. Көпшілігін қолынан жетектеп жүріп, Шәкен Айманов шығарды.

Даңқтың жолы даңғыл, абыройдың жолы арналы болмайтыны белгілі. Жеңіске жеткізетін жол қашан да жіңішке келмек.

Шәкен Айманов сол жіңішке жолды жападан-жалғыз өтпей, соңынан лек-лек жеткіншектерін ілестіріп баңты. Ол қойған әр фильм бірнеше жаңа есімдерді дүниеге әкелді. Ол тек өз өнерін ғана танытып қоймай, өзгелердің өнерін де насихаттап бақты. Ол қойған «Біздің сүйікті дәрігер», «Ән шақырады», «Тақиялы періште» сияқты музыкалық фильмдер ұлттық өнерімізді күллі дүние жүзіне кеңінен танымал етті. Рас, жаңа жолдың ой-шұқыры көп. Шәкен де бірден қарыштай қадымдап кете алмады. Опық жеген тұстары да аз болмады. Алайда, аталмыш фильмдермен қоса «Алдар Көсе» комедиясы, тың поэтикалық лебімен, гуманистік мәнділігімен баурай алған «Атамекен» фильмдері ұлттық киноөнеріміздің кемелденуіне айтарлықтай әсер ете алды. Әсіресе, «Атаманның ақыры» фильмі Қазақстанда толыққанды актерлық мектеп, қапысыз шыңдалған режиссерлық шеберлік бар екендігіне жұртшылықтың көзін даусыз жеткізді.

Өкініштісі, ұлы суреткер жаңа өнердегі табысының шырқау шыңына енді жетіп тұрғанда мерт тапты. Еліміздің етектегі басын терге шығара білген, мәдениетіміздің мерейін асырып, әлемдік аяда мәшһүр ете білген күллі азаматтық дәрежедегі кемел қайраткерден айырылып қалғанымызға сонда түсініп, қапаландық. Көз алдымызда жүрсе де, жете зерделене қоймаған заңғар таланттың бүгін мен болашақтан алатын алып асқар-таудай орнын да сонда аңғара бастадық. Содан бері талай рет: «Әттең, Шәкен болғанда ғой...»,– деп аңтарылған жерлеріміз аз болған жоқ.

Қай-қай үлкен суреткерлер сияқты Айманов та ойлаған ойының көбін жүзеге асыра алмай арманда кетті. Арманда жүргені көзінен де көрініп тұратын. Тыңға тереңдеп енген тұреннің ізіндей тым жиі, тым қазылыңқы әжімдер, миығына мәңгібақи ілініп қалғандай жұмбақ мысқыл мен жұмбақ өжуа сол жеткізбей келе жатқан мақсаттың, орындала қоймаған арманның көзге ұрып тұрған салдарлары сияқты еді. Алдаркөсе боп ойнағанда да жұртты күлдіргенмен өзі күлмейтін-ді. Тіпті жұрт қыран-топан күлкіге батып жатқанда да, өзі кемсеңдеп, іштей жылап тұратын. Комедиялық фильм тап солай аяқталатын.

Мен сол бір эпизодтан ұлы актер, ұлы режиссер, ұлы азаматтың кейіпкерінің емес, өзінің түбегей сырын, түпкілікті ахуалын аңғарғандаймын.

Тақсыретті заманда туып, тауқыметті өнер майданында өмірбақи арыстанша алысып өту кімге оңай тиеді дейсің. Қаншама зор бақтың ар жағында соншама зор азап тұрары сөзсіз. Әсіресе, Айманов өмір сүрген орта мен дәуір үшін бұл тіптен бұлжымас қағида еді. Әсіресе, өзге дегенде емешегі үзіліп тұратын қауымыңның елім, жерім деп екі етек боп жүргеніңде қос аяқтап өзегіңнен тебетіні жанға батары анық. Әуелден де тобаға тілін тигізіп, пайғамбарларын тірілей отқа салып, ашаға асып, данышпандарына тас атқызып үйренген екі аяқты нәсілденбіз ғой. Ондай-ондай үшін бір ғана өз ұлтымыз-ды, өз дәуірімізді жазғыру әділетке сыймас. Алайда, әркім түзей алса өз қауымын, өз дәуірін түзеудің жолында әлектенері рас. Жуырда архивтен алпысыншы жылдар ортасында Аймановтың республика басшылығына жазған хатын оқып, оның да ары мен жанын қуырдақтай қуырған талай сырға түгел қаныққандай болдым. Елін танымай жатып, билік құру, тілін білмей жатып ақыл үйрету, жанына бойламай жатып, жазғыра жөнелу өндіріс пен шаруашылықты былай қойып, әдебиет пен өнерге де желі тартқанына алдымен ашынғандардың бірі Айманов екен. Ол заңды да еді. Мал екеш мал да төрт аяғын ала арқан буғанда: «Сойсаң да қасапшыға сойғызшы... Пышақ ұстай білмеген жанымды бекер қинайды ғой»,– деп бақыратын көрінеді ғой. Қазақ өнері жолында шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген шын шеберді де ызаға булықтырған осы ақиқаттың көрер көзге аяққа басылуы еді. Бірақ, ондай-ондай жанайқайға кім қашан елең етіп көріп еді?! Қазақ енерінің қол-аяғы буылмай бауыздалуының алды мен арты жаңғыз Пясталовтың ғана тұсы емес қой... Соны ойласаң, айдарларынан жел есіп жүргендей көрінетін Аймановтай арыстарыңның: «асау той, тентек жиын, опыр-топыр, ішінде түсі суық бір жан отыр»,– дегендей, неге қараптап-қарап, ішіне мұз, сыртына сыз жиып, сарсаң-кесектеніп алатынына қаралай түсіне бересің.

Талаптың тауы жығылып, таланттың сағы сынатын тұстар Айманов тұсында да аз болмаған сияқты. Ұлы режиссердің өз ұлтының ондай шерменде ахуалына терең бойлауына жәрдемдесетіндей кемел драматургия тумады. Туса да, ол көздегі бекітулі, тұсаулы қалпымен бәрібір алысқа шапшып бара алмасы белгілі. Ұлы актерды әлемдік драматургияның кәусарына емін-еркін шомылдырып, тал бойындағы саф алтындай талантының барша Шұғыла-нұрымен жарқырай көрінуіне жағдай жасайтындай жайсаң режиссура және табылмады. Сөйтіп, жомарттың қолын жоқтық байлап, бір ғасырда бір рет тууы мүмкін ұлы талант бойындағы барының тек жүзден бірін, бәлкім, тіпті мыңнан бірін беріп ұлгөріп, дүние ауып жүре берді.

Ол көзде мыңдаған, миллиондаған жандар ерлік жасай алғанмен, тек ілуде біреуге ерлік жасауға рүхсат етілетін-ді.

Ол көзде мыңдаған, миллиондаған жандар шындықты айта алғанмен, тек ілуде біреуге шындықты айтуға мүмкіндік берілетін-ді.

Ол көзде шын шедеврлар жасай алатын талай-талай таланттар табылғанмен, бәр-бәріне ондай жағдай жасала қоймайтын.

Шәкен Аймановтың «Атаманның ақырын» қойған көзі сондай айрықша жағдайға қолы енді-енді жете бастаған тұсы еді. Соны түсінген ол көптен бергі арманы – «Абай жолы» эпопеясын экрандауға мықтап бел буған-ды. Бірақ, оны құдай көпсінді. Ол да орындалмаған арман боп қалды...

Иә, арман қашан да ұзақ... Ғұмыр қашан да қысқа. Талант арманға табынады. Өмір мүмкіндікке бағынады. Қауым азаматын: «Ананы неге істемедің? Мынаны неге бітірмедің?»,– деп қинай алады. Бірақ, азамат қауымын: «Сол айтып тұрғандарыңды жүзеге асыру үшін маған қандай мүмкіндік жасап едің?»,– деп күстәналай алмайды. Талай боздақтың арманының ішінде кететіні де, бармағының тістеулі кететіні де осыдан. Сондай ардақтың бірі – Шәкен Айманов.

Біздің өткенді көксейтініміз – жоғалтқанымыздың көптігінен. Ертеңді көксейтініміз – дәметкеніміздің көп-тігінен. Құдай тек көксейтінімізді көп қылғай. Күдерді күзеп, үмітті үзіп тастағаннан сақтағай. Осы арада, жуырда ғана оқып шыққан «Абайдың жастық шағы» атты сценарий ойыма түсіп тұр. Ұзағынан сүйіндіргей дейтіндей талантты туынды. Авторлары – Шәкеннің немерелерімен тұстас ұл-қыздар. Ат тұяғын тай басты, ата арманы жалғасты деген осы.

Кім арманына түгел жетіп кете алған? Өзі жетпегенге елі жетсе, болмай ма? Аймановтың көкейін тескен көптеген алыс армандар біздің бүгінгі қауым үшін қазір қолға алмай болмайтын өзекті міндеттерге айналып отыр. Мұндай тұста, шіркін, оттай маздап ортамызда жүргенің жақсы еді, Шәкен аға! Бірақ, сізге басқаның орайын талай келтірген тағдыр тап мұның орайын келтіре алмапты. Алайда біздің бүгінгі кескекті күресіміздің қай-қайсысына да Сізге тән батылдық, Сізге тән қайсарлық, Сізге тән намысшылдық пен нар тәуекел әбден керегіп-ақ тұр. Бізді өзіңіз болмағанмен, өнеріңіз бен өнегеңіз демері хақ. Соған да мың шүкірлік, мың тәуба дейміз.

Әбіш Кекілбай, 1994 жыл

6alash ұсынды