Асанәлі Әшімов
ӨНЕРДІҢ ӨРЕН ЖҮЙРІГІ
(Асанәлі Әшімов хақында)
Әбіш КЕКІЛБАЙ
Біздің қазақта «өрмек жүзінен ауыпты» деген сөз бар. Ондай сөз әдетте өрмектің тоқылған жерінің мөлшері тоқылмаған жерінен асып түскен тұста ауызға алынады. Әлбетте оған екі өзулері құлақтарына жеткенше мәз болысып қуанысады.
Қуанудың да жөні бар сияқты. Кеше ғана жерге шұқынып тұқшаңдаған тоқтышақтардың арқасында ербиіп тұрған ебіл-себіл түк ызғыған ұршықтың үйірілгеніне ілесіп келептеулі жіпке айналғанына, енді оның көргеннің көзінің жауын алатын көрікті бұйым, келісті іс болып біткелі тұрғанына, соның бәріне тәуекел еткен қайсар ыждаһаттың көп ұзамай дегеніне жеткелі тұрғанына қайтып қуанбассың?!
Жоқты барға, барды зорға айналдырып жатқан тынымсыз тіршіліктің сиқыр күшіне қайтып таңғалмассың?! Тынымсыз тіршіліктің мігірсіз қозғалысы да сол құрулы тұрған өрмекке келіңкірейді.
Артыңа бұрылсаң – бастаған ісіңнің де берекесі келіп, іс болып бітіп келе жатқанын көрсең, алдыңа қарасаң – әлі де қол қусырып қарап отырып қалмай, діттеген жеріңнен барып шығатыныңды сөзсең, одан асқан бақыт бар дейсің бе?
Біреулерге қара ала, біреулерге қызыл ала, біреулерге сары ала боп құрылғанымен, адам ғұмыры да бір өрге тартылған өрмек қой?!
Қара ала боп құрылса, бала-шағаңның үстіне лыпа, ауызына мәпақа байтаба боп шығар.
Қызыл ала, сары ала боп құрылса, досыңның көзін қыздырар, дұшпаныңның жүрегін сыздырар төріңнің көркі боп шығар.
Не де болса екі қолыңды ербеңдетіп бос отырғызбас, әлсін-әлі алды-артыңа көзіңді бір салдырып, көңіліңді де қош етер өз ермегіңнің болғанына не жетсін?
Тағдыр тек бейнетіңе бағыт, зейнетіңе шабыт бұйыртпай, өмір бақи құр әуре қып жүн сабатып қойғанынан сақтасын?!
Мен бұның бәрін неге айтып тұрмын?! Осынау Ұланғайыр залды ұлан-асыр толтырған мына баршаңыз түгел жақсы біліп, түгел жақсы көретін, бұл залдың сыртында тап осындай он мыңдаған, жүз мыңдаған залдарды лық толтырар алуан пішінді, алуан ныспылы қауымның егде буынын түгел ырза, кенже буынын түгел ынтызар етіп келе жатқан Асанәлі Әшімов бүгін елуге шығыпты дегенге айтып тұрмын.
Неге екенін қайдам, ауызыңа елу іліксе, көңіліңде жүз тұратын бір әдет пайда болды ғой.
Содан ба екен – елуге келгендерге қалай да жүзге жет деп жалбарына тілеп жатқанымыз.
Бірақ, соған қарамастан, жүзге жеткендермен не бір дастарханның басында, не бір фонтанның қасында бірге отырып көрген жеріміз жоқ. Анда-санда газеттен оқитынымыз бар.
Онда да әлгі жүз жасаған жандары сірі жарықтықтар ту сонау Қап тауының я күнгей, я теріскей бір қапталында өмір көшіп жатады деп естиміз. Қап тауының атын бала көзімізден тек ертегіден естіп қалғандығымыздан ба екен, қай ретте әлгі гәптен де «ертегі емес пе екен» деп, көңілімізге секем алып қалатынымыз рас.
Жә... Жүз жасағандар қанша жасағанын өздері білер... Ал біздің Асанәлі Әшімовтың елу жасағаны әбден ақиқат. Өйткені бүгінгінің әйелі түгілі еркегінің жасын кішірейтпесе, ұлкейте қоюы еш мүмкін емес. Әсіресе, ондай-ондай артист дейтін ағайындардың әуестігі жоғын әуелден жақсы білеміз. Ендеше, Асанәлі Әшімов қалыптан тайып елу бірге келіп қойып жүрмесе, тап елуге келгеніне күмәнданудың еш қисыны келмейтін сияқты.
Ал, елу дегенің әлгі айтылған атышулы «жүз» дегеннің тең жартысы емес пе еді?!
Олай болса, екінің біріне қиып жатқан жүзді Әшімовтен аяймыз ба?!
Онда, кәнеки, «жүзге жетсін» деп бір қол соғып қоялық та!
Жарайды, бұл тілегіміз орындала қалған күнде де, Асанәлі Әшімовтың соның бүгін тең жартысын артқа салып отырған жайы бар.
Ендеше, бүгін Асанәлі Әшімовтың өрмегі де жүзінен ауады.
Бұған жата қалып қуана ма, жоқ отыра қалып ойлана ма – онысын Асанәлі Әшімовтың өзі біледі.
Қуанамын десе, қуанатын да реті жеткілікті. Ойланамын десе, онысының да оғаш көрінер ештеңесі жоқ.
Қуанамын десе, қуанатын да реті барлығы... Сонау ит арқасы қиян Сарысудың аяғындағы бәрімізге таныс төзек жиып, қи жаққан қиян ауылда туып, қозы қуып, баспақ мініп өскен тілік өкше, жалақ бет бала кергенін істеп, не зоотехниқ не тракторшы болып кетсе, бүгіндері оны біреуіміз танығанмен, біреуіміз тани алмай арманда қалар едік. Ал енді кермегенін істеп, не атомшы физиқ не космонавт боламын деп ауаланса, онысынан не шығара алатынын кім білетінін былай қойғанда, оның жымыңдаған көзі мен жылтыраған сақал-мұртын сахнадан жүзбе-жүз, көшеден бетпе-бет кермек түгілі кино мен телевизияның экранынан анда-санда ұшырастыра алмай мұң боламыз ғой. «Көжесінің қатығы жоқ, көңілі құртқа шабады», – демекші, клуб түгілі, қызыл бұрышы жоқ пұшпақта туа тұра, қиялына басқа емес, театр түскені қандай ғанибет болған!
Егер тағдыр Сарысудың сарбалақ адырларынан келген бұйра шаш баланы Алматының Құрманғазы атындағы өнер институтының табалдырығынан шығармағанда, Асанәлі Әшімовтың қанша ұтылатынын кім білген, ал қазақ театр өнері, кино өнері сөз жоқ ұтылар еді.
Қазір қазақ сахнасын Асанәлі Әшімовсіз елестету қиын.
Ал қазақ экранын Асанәлі Әшімовсіз елестету атымен мүмкін емес.
Оның есімі ғана емес, кескінін қазіргі дүниенің төрт бұрышы түгел біледі.
Осы бір кең маңдай, толқын шаш, құм жағалап өскен қияқтай қара сақал, қиғаш мұрт жадыраң жүз Батыс пен Шығыстың, Теріскей мен түстіктің талай қаласы мен қыстағының көшесінде ғана емес, талай бойжеткеннің төсегінің басында жаңа ғана жып етіп терөзеден секіріп түскен бозбала жігіттей әлденеден дәметіп, не әлденеден дәметтіріп жымия қарап тұрғаны. Ай асты әлемнің талай пендесінің құлағында тек «Әшімов» деген сөз ғана емес, «қазақ» деген сөз шалынғанда, көз алдына өлгі бір келісті кескін келе қалатын сияқты. Бір көзде тек біздің сүйкімді Майра Шәкеновна ханымның көзіне оттай басылып, көкірегіне шоқтай қадалатынды шығарды. Бір көзде оны көрсе, тек Сағижан ғана мәз болған болса, қазір оны кешеден емес, экраннан көргеннің өзінде әлемнің бар баласы бір шуылдап қалады.
Расында да, бүгінде Асанәлі Әшімовтей кеңінен танымал актер кем де кем. Осының өзі-ақ оның талантының қаншалықты салауатты, өнерінің қаншалықты салихалы екендігін айтқызбай-ақ аңғартатындай.
Бірақ, үлкен таланттың басына да бақыт жолы болғыш аушыға жолыққан сар сазандай салаң етіп бірден түсе қалмайды.
Атымен белгісіз Әшімовтің қандай болғанын өзінен басқа ешкім білмейді. Ал біздің біреу білсе де, біреу білмейтін Әшімовті де көре қалғанымыз бар.
Оның творчестволық жолының алғашқы жылдары киностудия қабырғасында өтті. Ол тұстағы қазақ фильмдерінің қай-қайсысының да афишасынан Әшімовты көретінсің. Әлдебір қыздың қолын қысып, әлдебір келіншектің белінен құшып, сызылып-мызылып тұратын сол бір сыпайы жігітті осы күнгі арыстан жал, арлан көз, адуын темперамент иесі Асанәлі Әшімов дегенге сенгің де келмейді.
Кім біліпті, сол әу бастағы сүрлеуімен семпеңдей берсе, қайдағы бір сулы көз қыздар мен булы көз келіншектердің құшағынан пенсияға бір-ақ аттанып жүрер ме еді, қайтер еді, егер өзінің «экрандағы тағдырына» өз көңілі толмаған жас актер сонау 1964 жылы жамырай қараған көп көрерменнің көз сұғымен бетпе-бет шайқасқа түсетін театр сахнасынан тұрақты мекен тебуге біржола тәуекел етпесе...
Театрда да Әшімовтың бірден жарқ ете қалған ештеңесі жоқ. Көпке дейін көз тасалау көлеңкеде жүрген жайы бар.
Жаңылмасақ, Асанәлінің үлкен актерлық жолының тұсауын кескен СССР-дің Кіші театрынан келіп, әуезовтіктердің сахнасына Қалтай Мұхамеджановтың «Жат елдесін» қойған профессор Новохижин сияқты еді.
Сахнаға дәйім жалтақтай басып кіріп, талтақтай басып шығып бара жататын маскүнем жігіттің көкірегін өртеп бара жатқан көк запыран шарап емес, ту сонау терең құрдымда тұншыққан мәңгі арылмас, мәңгі айықпас азап екенін сығымдап ашып, ақыр аяғында лақылдата төгетін шерменде ақындықтың, рухани далбасалықтың трагедиясын мұншалықты жеріне жеткізе білген актерлық еңбектер бізде кемде-кемтұғын. Мұндай тоқсан иірім дағдарыс тағдырды тінте зерттеп, зерделей жеткізіп бере білген жас актердің жұлдызы сосын-ақ жарқырап сала берді.
Асанда шерменде өкініш пен өлермен ызаны шебер мазмұндаған Әшімов Ахтановтың «Боранында» оған қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын, қай тасқынның тұсында да қалқып судың бетіне шығатьга, қай толқынның бетіне де басқаның иығын жаншып, басып суға тұншықтырып барып шығатын, жұрт үстінен күн көріп, жораның үстінен бақ асырған қараулықты қапысыз сомдады. Ол ойнаған Қасболат осылай боп ойда қалыпты.
Желек салғанның білегінен сипап, желең кигеннің жеңінен тартып жүруге ғана қауқары жететіндей бозөкпе кейіпкерлерді көп ойнаған Асанәлінің тап мұнандай төтен самғауларына жұрт таңғалып ұлгермей жатып, жас актер тағьг бір сахналық «рекорд» жасады. Ол – Макс Фриш комедиясындағы Дон-Жуанның белгісі. Асанәлі Әшімов бір терөзеден екінші терөзеге қарғып, бір төсектен екінші төсекке ырғып, бір құшақтан екінші құшаққа күмп беріп жүрген ләззатқұмар еркетотай еркектің ғана емес, бал деп ұрттағанның бәрі у боп шығып, уыз сөзімін былғап алған соң, аяр дүниеге қарсы аярлық жолымен күреске шыққан ызалы жанның күрделі күйзелісінен көлкөсір сыр шертті. Бұл дүниеде шындықтан басқа сұраусыз, адалдықтан басқа аяусыз ештеңе жоқ екен. Аяр болсаң ақылды, сұм болсаң ер, жылпос болсаң жампоз, әумесер болсаң әулие тұтып жатқан әзәзіл дүниеде алданғысы келгендердің ауыздарын ашқызып, арбалғысы келгендердің абыройын шашқызып жүрген сұлей жігіттің қай сөзі мен қылығына да қаралай қыбың қанып, «қап, бәлем, өз обалдары өздеріне» деп отырасың. Дұрыстықтың белден басылып, бұрыстықтың мейманасы тасып тұрған жерде қорланған ар мен тапталған намыстың тап осылай да ереуілдейтін реті болады. Табаныңда жанышталып жатқан жыланның да қашан жаны шығып кеткенше жиралаңдап жататыны бар емес пе?
Кейде күлкі де соңдай жандәрмен ызадан шығады. Әшімовтың Дон-Жуаны да парықсыз ортада кеп парықсыздың бірі боп асып тасудан емес, жел етек ұрғашының елп етпе нәпсісіндей арзандап кеткен парықсыз дүниенің патуасыздығына шамырқанудан шыққан күлкі.
Өз бойындағы актерлық шеберлікті, азаматтық темпераменті әбден жарқырата жайып салған тарлан суреткерге сахна мен экран жарыса құшақ ашты.
Қазақ киносының «Қыз Жібектей» кезеңдік туындысының бел омыртқасындай Бекежан бейнесін енді Әшімов ойнамағанда кім ойнайды?! Әшімовтың Бекежаны зұлым емес даңғой, есерлігі бар болса да, ер. Қыз Жібекке деген махаббатында да шек жоқ. Бірақ, бақыттың табағына екі мықтының басы қашан сиған?! Әшімов өз кейіпкерінің сыртқы тағдырымен қоса, ішкі драмасын да өзектестіре өреді. «Сия алмай жүрсек екен-ау, сиыспай жүрміз ғой» – деген фильм өзегіне Әшімов орындаған Бекежан «Сиыспай жүрсек екен-ау, сиыстырмай жүр ғой», – деген ойланбасыңа болмайтын, тоқтамасыңа қоймайтын жаңа бір сарын қосқандай.
Әшімовтың атын әлемге танытқан экрандық Чадьяров бейнесінің дүниеге келуіне актер орындаған аталмыш рольдердің бәрі де өз үлесін қосқан. Соларды орындау үстінде қалыптасқан жалын құштарлық, мұқалмас жігер, сарабдал сабыр – бәрі-бәрі шынайы қаһарман, ойшыл азамат барлаушының сом бейнесін мінсіз мүсіндеуге мүмкіндік жасаған.
Сахна мен экранда Әшімов жасаған образдар ондап саналады. Олар Әшімовтың актерлік тағдырының Алатаудың ұзыншабақ жотасындай көлкөсір де көркем екендігін танытқандай. Бірақ көлбей сұлаған Алатаудың да анадайдан айбын шақырып андап-андап тұрған Талғары мен Найзақарасы бар екендігі секілді. Әшімовтың актерлік Алатауының асқаралы биіктері өлгі аталғандар сияқты. Солардың ішінде Жоңғар Алатауындай бөлектеніп бір бүйрек жатқаны «Қан мен тердегі» Еламан. Бұл кейіпкердің Әшімовтың өзге қаһармандарына қарағанда иі жұмсақтау, көрген қорлығы да молдау. Мұнда олардағыдай шапшыған асау темперамент, жалт-жұлт қимыл, арсы-күрсі әрекет жоқ. Сарқылмас сабыр, таусылмас төзім, шашылмас парасаттың жиынтық бейнесіндей. Ұзақ жыл жер ауып келген Еламанның көңілі босап кеткенін білдірмеу үшін бөркін көзіне түсіріп жіберетін бір ғана деталь адамның мазмұны аршындай басқан адымымен де, құлаштай созған қарымымен да емес, жүрегіне қандай мұң жия білгенімен, көңіліне қандай ой түйе білгенінен өлшенетінін аңғартқандай.
Бұл Әшімовтың актерлық қарымының сан қырлы, мол сырлы екендігін айғақтайды. Актер ондай молдыққа, ондай масштабтылыққа суреткерлік кемелдігінің биіктігімен көтеріле алса керек.
Әдетте алуан қырлы адам тағдырларын зерттеп, алуан тұрлі әлеуметтік сырлар аңғарған актер, болмыстың адам бейнесі сынды бір көрінісін ғана зерделеумен шектелгісі келмей, шығарма сынды тұтас бір құбылысын таразылап көруге бой ұрады. Әшімовтың кейінгі жылдардағы режиссураға келісінде де осындай бір зандылық болса керек. «Аждаһа жылында» жақсы байқалған бұл қабілеттің сындарлы көрінген бір тұсы – Шоқан Уәлиханов жайлы телесериал. Бұл туынды А. Әшімовтың телевизиялық фильм сынды соны жанрдың поэтикалық мүмкіндіктерін жан-жақты меңгеріп алғандығымен қоса ұлттық тарихымыздың ең бір талмау тұсындай рухани құбылыстың көкжиегін кеңнен шолып, идеялық-философиялық тереңдігіне қаймықпай құлаш ұра білгендігіне көзімізді жеткізе түсті. Бұл – қазақ кино өнерінің соңғы жылдардағы ең елеулі туындысы десек, асыра айтқан болмаспыз.
Осының бәрі, әне, бүгін бір сөзіміз құлағына жақса да, бір сөзіміз құлағына жақпай, бірақ онысын байқатпай, күлімсіреп ортамызда отырған Асанәлі Әшімовтың қазақтың ұлттық сахна, кино өнерінің, тек қазақ өнері ғана емес, көп ұлтты совет көркем өнерінің мерейлі терінен орын алғандығының куәсі. Қаздаңдап қасыңда жүрген сабаз қалтасына пенсионерлік кітапша салмай тұрып-ақ талтаңдап тарихтан бір-ақ шықты деген осы.
Оған тек ол ғана емес, баршамыз қуанамыз. Сондықтанда бүгінгідей мерекелі күні мерейі тассын деп осының бәрін көзінен тізіп айтамыз.
Бұл Асанәлі Әшімовтің әлгі айтқанындай жата қалып қуанам десе, қуанатын реттерінің жеткілікті екендігінің айғағы.
Ал енді отыра қалып ойланамын десе, оның да қисыны келіп тұрған сияқты.
Кәрібоз қартайғанда жорға шықты демекші, Әшімов биыл осы қара шаңырақтың бар билігін бір өзінің қолына алды.
Дәлірек айтсақ, өнерлес достары оған осындай зор сенім көрсетті.
Сенім керсетілген жерде, жауапкершілік жүктеледі. Жауапкершілік жүрген жерде ойланбай болмайды. Әсіресе Асанәлі Әшімовке ойланбай болмайды.
Қанша дегенмен, бүкіл бір ұлттық өнердің кеш басын бермей келген әйгілі ұжымның тізгінін ұстау қандай батырдың да жүрегін қобалжытатын жауапкершілік.
Оның үстіне ол жауапкершілік бүкіл қоғамымыздың барша болмысының ой-қыры қайта қаралып, қайтадан сарапқа салынып жатқан тұста беріліп отыр.
Жасарып-жаңғырып жатқан дүниенің талай сырына тереңірек қанығу үшін қазіргі жасампаз ұрпақ, жаңартушы ұрпақ өзінен бұрынғылардың бастарынан еткізгендеріне үңіледі, өзгелердің басында болып жатқандарға үңіледі. Оны білу үшін көшеле кетіп бара жатқан көз келгенді тоқтатып қойып жәй-күй сұрамайды, кітапқа үңіледі, не театрға келіп, сахна төріне үңіледі. Сонда қазіргі ой үстінде жүрген, терең тебіреніс үстінде жүрген замандаеымыздың көкірегін қозғап, көңілін тербей алатындай тегеурінді қай жаңалығымыз бар?
Жоқ болса, оны қайдан іздеп, қайдан табамыз? Жазатындармен, жазушылармен қолын ербеңдетпей, иығын селтеңдетпей, көсіліп сөйлесе ала алар көшелі режиссерлар тобы жасақталды. Бір халықтың театры мен әдебиеті бір-бірімен қашанғы тілмаш жалдап тілдесіп, делдал арқылы ділдаласады. Тіке байланысқа шықпас па?
Шықса, төл әдебиетіміздің жазылмағандарын былай қойғанда, жазылғандарымен түгел танысып үлгере алдық па, жоқ па? Соның бәрі еленіп, соның бері ескеріліп пе екен? Өткір шығармалар, ойлы шығармалар драматургияда жоқ болса, прозада бар шығар, поэзияда бар шығар. Оған көздеріңіз түсті ме? Бар болса, сол барды сахналандырудың жолын таптыңыздар ма?
Тіпті ұлттық репертуарымызда бардың өзінің барша идеялық, эстетикалық нәрін таңқы желін саулықтың өзінен жарты шелек сүт алмай қоймайтын аққаптал сауыншыдай әбден иітіп, әбден жебеп, әбден қақтап, әбден сарқып сауа алдық па? Уызына не мағызына жете алдық па, жоқ көк суландырып бетінен қалқып жүрміз бе? Бардың өзін қыз бен жігіттің арасындағы қылтың-сылтыңнан әріге ұзата алмай, сюжеттің ғана сіңірін созып, одан өрбитін концепциялық жүйені соны ізге сала алмай, шиыр шиырлап жүргеннен саумыз ба?
Көп ұлтты Отанымыздың бүгінгі драматургиясының сүбелісі мен сүйектісін уақытысында өз сахнамызда сөйлете алып жатырмыз ба?
Пәлен орденіміз бар дейміз, академиялық театр дейміз, пәленіміздің одақтық, түгеніміздің республикалық атағы бар дейміз. Оның бәріне қуана қол соғамыз. Бірақ, сондай шоқ кеуде шонжар театрларға лайық Медеямыз қайсы, Эдип патшамыз қайсы, Макбетіміз қайсы, Гамлетіміз қайсы? Кориоланымыз қайсы? Клеопатрамыз қайсы? Қайсы? Қайсы? Қайсы?
Жоқ па? Ендеше, әлемдік классиканың ең сұлей емтихандарын тапсырмай тұрып, қалай кеуде қағып, қалай иық кереміз?
Немене ондай Эверестерге құлаш созуга режиссерларымыздың шамасы келмей жатыр ма, әлде актерларымыздың шамасы келмей жатыр ма?
Қайдам, әй, қайдам...
Талай Макбетті бесікке түспей жатып тұншықтырып, талай Гамлетті бойға бітпей жатып түсік тастаттық па деп қорқам...
Жарайды, аларымызды алып болдық дейіқ ал берерімізді беріп болдық па?
Жетпістен асқан ата буынның сақалына жармаспай-ақ қоялық.
Алпыстан асқан, не оған жақындаған аға буын берерін беріп болды ма?
Ыдырыстың армандаған қанша рөлі ойналып, қанша рөлі ойналмады?
Фариданың қанша арманы орындалып, қанша арманы орындалмады?
Кеше ғана арамыздан абайсыз аттанған ұлы актер Әнуар Молдабеков өзінің сахнадағы жұлдызды сағатын бастан кешіріп ұлгерді ме, жоқ па?
Жанартаудай жалын талант иесі Нұрмахан Жантуринның бетіне бүгінде ұялмай-қызармай тура қарауға дәтіміз қалай шыдамақ?
Хадишаның, Бикеннің, Шолпанның көкірегінде қанша арман кетіп барады?
Талай талант ағытылар уақытында ағытылмай қалған аш құрсақ тайлақтай уызына жарымай, шер көкірек шерменде күйінде қалып келе жатқан жоқ па екен?
Айдаладағы Аралдың, іргеміздегі Балқаштың тартылғанына тарынғанымыз дұрыс-ау! Ал ендеше, қасымыздағы әріптесіміздің көкірегіндегі көлдарияның босқа рәсуа болып жатқанына неге күйінбейміз?
Шөптің басына өнгеннің есебі бар, төрт аяқтының соңына ергеннің есебі бар, ал біз бен сіздің көкірегіміздегі сыздап жатқан мен қайнап жатқанның неге есебі жоқ?
Оларды кім байқап, кім абайлап, кім аялайды?
Олар тек бізге ғана қажет пе? Ел-жұртқа керегі жоқ па?
Халық, халық деп ауыз ауыртқанда жақсымыз, неге ғана сол халық жалғыз атқа аяқ артқан жалба шекпен жарлы Қара қасқа атты Қамбардай жалғыз шешеннің ғана ауызына қарап, жалғыз таланттың ғана арқасынан қағуға тиісті?
Неге оның маңдайына көп жұлдыз, неге оның құшағына көп дарын симайды?
Бұған кінәлі кім? Уақыт па, халық па, қоғам ба?
Жоқ, өзіміз. Болған қыз теркінін танымайды, – деп, басымызға азғантай бақ қонса, төңірегімізге көзіміз түспейді, қолымызға азғантай билік тисе, айналамыздағының жалын шайнап, тірсегін тістелеп бітеміз.
Халық дегеннен шығады... Ал, сол халықтың атын білеміз, санын білеміз, одан қанша академиқ қанша министр шыққанын білеміз. Басқа несін білеміз? Тіл үйренеміз деп, театрға келсең, актердың бәрі ана бір жылдардағы ат үстіндегі бригадирлердей шетінен әкіреңдеп сөйлейді... Басқаны былай қойғанда, біздің ғашықтарымыздың өзі сахнада бажылдаса сұхбаттасып, бақырыса сүйісетінді шығарды. Жә, тілінің өзіне осындай шорқақ болғасын, ол халықтың әдет-ғұрпына, мінез-құлқына қайдан жетік болайық. Кейбір спектакльдердегі баяғының батырларының жүріс-тұрысы қазіргінің тракторшыларының жүріс-тұрысына көбірек ұқсайды. Ерең-серең аяқ басқанына, елтең-селтең қылығына қарап отырып, «бұл шіркіндер қазір рок-н-рол билеп жөнелмесе жарар еді», – деп қаралай зәрең кетеді. Киім екеш киімнің өзін ойымызға не келсе, солай құбылтатын болдық. Халық бейнесін жасағанда жоқты ойлап табудан атымен аулақ, барлы бойлап тануға мейлінше құштар болған жөн еді.
Жә, мүшел тойында сөйленер сөздің леп белгісі көп, сұрау белгісі атымен жоқ болмағы шарт болатын. Бірақ, Асанәлі Әшімов елуге баяғыдан бері уақыт жетпей жүріп, қазіргідей қайта құру кезеңінде келген, бастық болуға баяғыдан бері зауқы соқпай жүріп, қазіргідей барлық іске басқаша қарап, басқаша кірісіп жатқан тұста болған өзінен көрсін!
Оның үстіне біздің халықтық енеріміздің, заманалық өнеріміздің жай-жапсарына Асанәлі Әшімовтей атанжілік азаматтар ойланып-толғанбағанда кім ойланып-толғанады?
Ондай-ондай өзекті өртеп бітуге айналған мәселелерді Асанәлі Әшімовтей айтса аузы дуалы, барса беті ажарлы, созса қолы ұзын азаматтарымыз шепшегенде кім шешеді?
Азамат, сені сақтадым
Бір ісіме керек, – деп Махамбет ақын айтқанындай, Асанөлі Әшімов, сен де халқыңның, қоғамыңның, Отаныңның жұлдыз қып маңдайыма ұстаймын десе, оған жарайтын, бедел қып алдыма ұстаймын десе, оған жарайтын бір перзентсің.
Бірақ маңдайларына ұстайды екен деп жылтырағаннан басқа ештеңені білмейтін жәй әншейін моншақ боп кетуге болмайтынын біз айтпасақ та білетін ақылыңа сенеміз.
Алдарына ұстайды екен деп өзінен басқаға өзегін ашпайтын даңкеуде өзімшіл боп кетуге жол бермейтін парқыңа сенеміз.
Сен керіп жатқан қадір-құрмет қазір де жеткілікті, көретінің де мол.
Сен алып жатқан абырой-атақ қазір де жеткілікті, алатының да мол.
Бірақ, соның бәрінен берік ат, биік ат, баянды ат – Азамат. Сол атыңды ардақтап бақ!
Бар бол, Азамат!
Қажыма, талма, қарыштай бер!
1987ж
6alash ұсынды