«Қазақта би болмаған» деп кім айтты? Кеңестік өктем саясат санаға сіңдіріп тастаған осы бір тұрпайы түсінікті алғашқы боп бұзғандардың бірі – Шұғыла Сапарғалиқызы-тұғын.
Қазақтың басынан не өтіп, не кетпеді. Мың өліп, мың тірілдік. Тағдыр тәлкегімен Қытай асты қаншама қазақ. Тәуелсіздік көзімізді ашты. Жоғалтқанымызды түгендедік. Арғы жағы ақ патшадан, бергі жағы Қызыл империядан қысастық көрген мыңдаған қандасымыз тарихи отанына оралуға мүмкіндік алды…
Жә, әңгіме ауанынан ауытқымайық. Шұғыла 1971 жылы Қытай жерінде дүние есігін ашты. Іле-Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласы Шұғыланың туған жері.
Әкесі де, шешесі де оқыған адамдар. Өмір бойы ұстаздық еткен. Бала жасынан бері Шұғыла өнерге жақын болды.
Бесінші сыныпқа аяқ басқанда Шұғыла газет бетінен «Бейжің қаласындағы хореграфиялық мектеп оқушылар қабылдайды» деген хабарламаны көзі шалады. Қатысуға, бағын сынауға бел байлайды.
Қаршадай кезінен елдің алдында ән айтып, би билеп, өлең оқып, одан қалды түрлі акробатикалық өнер көрсетіп жүргендіктен 12 үміткердің арасынан озық шығады. Оқуға қабылданады. Осылайша шағын ғана Құлжадан алып қала Бейжіңге жол тартады.
Биші қызымыз 1985 – 1988 жж. Іле өнер мектебінің би кәсібінде оқып, үздік нәтижемен бітіргеннен кейін Іле аймақтық ән-би ансамбліне қабылданған екен.
Өнерде адалдық керек. 1989 – 1990 жж. Шыңжаң әртістік өнер институтының би факультетінде білімін толықтырып, кейін әскерге алынып, 1990 ж. Шыңжаң Қарулы сақшы бөлімі атынан бүкіл Қытай қарулы сақшысы бөлімінің мемлекеттік би жарысына қатысып, 2-дәрежелі сыйлық алады, сонымен бірге 3-дәрежелі әскери еңбек медалінің иегері болады.
Ол 1991 ж. Пекинде Қытай Қарулы сақшы бөлімі ән-би ансамбліне қабылданып, сол тұста Корея, Италия мемлекеттері мен Гонконг аудандарында өнер көрсетеді.
Ол тұстары енді ғана тәуелсіздік алып, етек-жеңін жаңа жинап жатқан қазақ талантты қызын әлі танымайтын еді. Аумалы-төкпелі 90-шы жылдардың басында Шұғыла Қытайдағы ең үздік өнер ошақтарының бірі – Қытай Орталық Ұлттар университетінің халық биі факультетінде білім алып жатқан және сол тұстары оған Қытай мемлекеттік халық билері ұлттық ансамблінен шақырту түседі.
Ұлттық дәстүрлерімен қайта қауышқан қазақ халқы күллі республика көлемінде Наурыз мерекесін тойлайды. Дәл осы жылы дарынды биші туған еліне алғаш рет табан тіреп, туған халқының алдында бар өнерін ортаға салады. Сол жолы әйгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов басқаратын «Жазира» ансамблімен бірге Орталық концерт залында шағын шығармашылық кешін өткізеді. Кейіннен «Тамаша» ойын-сауық отауында, Жамбыл атамыздың 150 жылдық мерейтойында өнерін көрсетеді.
Осы аз ғана уақыттың ішінде Шұғыла халқының ықыласына бөленіп үлгереді. Елдегі мәдениет пен өнер қайраткерлері Шұғыладай қызымызды Қазақстанға алдыруымыз керек, ол отандық би өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосарына сенімдіміз» деген пікір білдіреді.
Міне, осылайша көптің көзіне түсіп, аз ғана уақыт аралығында күллі Қазақстанға танылып үлгерген биші қызымыз 2000 жылы Елбасының: «Өнерлі қандастарымыз Қазақстанға да керек!» – деген үндеуінен кейін Қазақстан елшілігі тарапынан бірнеше шақырту алып Атамекенінен оралады.
Бұл туралы бишінің өзі былай деп еске алады:
– Әлі есімде, 1996 жылы «Достық» қоғамының шақыруымен Алматыға келіп, өнерімді көрсеттім. Атажұртыммен тұңғыш дидарласқаным сол кезде еді. Бұдан кейін де Астана тойына арнайы шақырумен келіп, Елорда төрінде би билегенім есімнен кетпейді. Ал 2000 жылдың күзі менің өмірім үшін ерекше. Себебі Елбасының шақыруымен ата-бабамның кіндік қаны тамған Атажұртыма оралдым. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген дана сөз бар. Бұл сөздің мағынасын сыртта жүріп түсінеді екенсің. Елге оралғаннан кейін маған ерекше қамқорлық көрсеткендер аз болмады. Оларға шексіз ризамын. Елбасының өзі өнерімді бағалап, үлкен сенім білдіргені мен үшін зор бақыт деп білемін. Қытайда атағым шығып тұрса да, Атажұртымның орны бөлек…
Бұл Шұғыланың өз таңдауы еді. Туған жеріне оралудан, туған халқының ықыласына бөленуден артық бақыт бар ма?
Өз өнерімен тарихи отанын сусындату мақсатында елге оралған ол Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балетмейстері, «Ұлан» президенттік оркестрінің бишісі атанады.
Бұл кез Шұғыланың тасы өрге домалаған, өнері барынша бағаланып, ел көлемінде лайықты бағасын алған кезең болатын. Талантты бишінің тынысын ашу үшін Астанада Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанынан ректор М. Жолдасбековтың қолдауымен үлкен би залы мен екі кабинет беріліп, «Шұғыла» хореографиялық мектебін ашады.
Міне, осы арада ілгерідегі сауалға қайта ораламыз. «Қазақтың ұлттық биі жоқ, қазақта «Қамажайдан» басқа би болмаған» дейтіндердің аузына Шұғыла Сапарғалиқызы құм құйған еді.
«Анығында, бұлай дейтіндер адасып жүр. Біле білгенге, қазақ биінің өзіндік ерекшеліктері көп. Қазақтың биі қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінен туындаған. Өмірден алған әсеріңізден, күйініш-сүйінішіңізден ән немесе өлең-жыр тумай ма?! Біздің биіміз де сол сияқты. Бірақ бұндағы ішкі сезімдерді бейнелеу құралы – қимыл-қозғалыс. Әрине, ойды тілмен емес, қимылмен жеткізу – қиын нәрсе. Мысалға, өзбек биі дегенде, иық қозғалыстарынан-ақ біз оларды бірден ажыратамыз. Сол сияқты үнді биі болса, оны да бірден танимыз.
Міне, сондай ұлттық нақышты бейнелейтін, басқа ұлттарға өзін таныстыратын би элементтері бізде де бар.
Заман ағымына қарай біз ұлттық бейнені сақтай отырып, қазақ биін одан әрі дамытуымыз керек. Мысалға, мен білім алған оқу ордасында барлық ұлттардың биін үйретті. Бұнда бір халықтың биін үйретпес бұрын сол елдің тарихы, салт-дәстүрі, табиғаты, өзіндік ерекшелігі мен философиясы оқытылады. Сол халықтың болмысын ұққаннан кейін оның биін түсіну қиын емес», – дейді ол.
Шұғыла «Қаражорға» моңғолдың биі дейтіндерге мүлде қарсы.
«Бұл пікірге 100 пайыз қарсымын. Біз көшпелі ел болып саналатындықтан, қазақ пен моңғол болсын, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізде жақындық, ұқсастық болуы заңдылық. Барлығымыз бірдей ат үстінде өскен халықпыз. Сондықтан «Қара жорғадағы» ат үстінде шауып бара жатқандай көрінетін иықтың қозғалысы баршамызға таныс. Бірақ бұл би әр ұлттың өзіндік элементтерімен ерекшеленеді. Өз тәжірибемнен айтар болсам, әр халықтың бидегі қимыл-қозғалысы сол ұлттың тарихына байланысты туындайды. Айтып отырған жүйрік ат бәрімізге аткөлік есебінде таныс болғандықтан, моңғолдар оны өздерінің нақышына салып билеп жүр. Тіпті қырғыздың өзі «Қара жорғаны» билеу арқылы Гиннесстің рекордтар кітабына енгелі отыр. Осыған енді не дейсіз?», – деген еді бір жолы Шұғыла.
Қазіргі күні оның жеке орындауында 100-ге жуық биі бар. Соның ішінде 30-дан астамы қазақтың биі. Атап айтар болсақ – «Шыны», «Үкілі ару», «Бөрте», «Тоты құс» — «Тауыс», «Ай нұры», төл туындысы – «Шұғыла назы», «Қытайдың лента биі», «Күн астындағы Күнекей қыз» сияқты билер ұлттық би өнерімізді жаңа деңгейге көтерген туындыларға айналды.
«Қазақта би болмаған» деушілерге тағы бір рет жауап қаталық. Олар Шұғыланы орындауында «Бөрте» биін тамашалады ма екен? Анығында, Шұғыланы сахнаға алып шыққан да осы би еді ғой.
Бұл биге арналған бейнебаян Бекболат Тілеуханның ұйытқы болуымен түсірілген. Алматы облысындағы әйгілі «Үш қоңыр» жайлауында түсірілген бұл бейнебаянда өзіндік тарихи негізі бар. Оқиға желісі бойынша қос жас ғашық Шыңғыс хан аулынан қашып шығады, алайда қашып кете алмайды. Оларды қуғыншылар қуып жетеді, хан жас қыз бен жігітті өлім жазасына кеседі. Бейнебаян сценарийі бойынша сол кезде Бөрте өзінің биін билей жөнеледі. Шыңғыс ханға еріксіз жастық шағы мен Бөрте екеуінің махаббаты есіне түседі. Соңында хан жастарға кешірім жасайды…
Қазақтың биі шетелді тамсандырды
Қазақтың биі – қазақтың төл өнері. Айналып келгенде, ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс асыл қазына. Осы өнерді насихаттауды, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңдіру Шұғыла Сапарғалиқызы өзінің ең басты бірі деп есептейді.
Осы орайдағы бишінің өз пікірін мысалға келтірсек:
«Жат елдің арзанқол әні де, биі де зорлық-зомбылықты, көргенсіздікті насихаттау арқылы жастарымыздың санасының жабайылануына, ұлттық түп-тамырымызды жидітуге бағытталған. Ұлттық рухы жоқ жастардың отаншылдық сезімі де жойылады. Бізге шетелдіктердің әкеліп жүргені олардың ең азған-тозған дүниелері.
Мен өнер сапарымен талай шетелде болдым. Сонда көптеген елдердегі жастардың өз ұлттық музыкаларына деген ынталары, ұлттық салт-дәстүрлерін мақтан тұтатындықтары таңқалдырған. Испания елінің шақыруымен Мадрид қаласында болдым. Испандықтар өздерін би жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатардағы елміз деп есептейді. Менің биім жайында естіп, «қазақтың ұлттық биі бізден асып кетуі мүмкін бе» деген ойда болған болулары керек. Шынында да мен билеген қазақтың биі оларды тамсандырып тастады. Олар сол жақта менің шығармашылық концерттерімді ұйымдастыруға ынталы екендіктерін жеткізді, би өнері жағынан үнемі тәжірибе алмасып тұруға ұсыныс жасады».
«Мен өнерді өзімнің өмірім деп білдім. Өмірімдегі түрлі қиыншылықтар менің өнерге махаббатымды босаңсыта алған жоқ, керісінше, қасқайып қарсы тұруға ұмтылдым. Қайда жүрсем де қимыл мен жарасымдылық іздеймін.
Күллі дүние ритмді, ретті, музыкаға толы қозғалыстардан құралатынына имандай сенемін»
– дейтін Шұғыла қазір өзінің жеке өнер ордасын ашып, шәкірттер тәрбиелеп жүр. Өнертанушылар Шұғыла қазақ биінің жаңа бедерін қалыптастырды деп бағалайды. Оның би әлеміндегі орны мен үлесі өлшеусіз дейтіндердің қарасы мол. Ол туралы бірнеше деректі фильм түсірілген.
Шұғыла ашқан би мектебі қазіргі таңда қазақтың би өнерін өрге сүйреуге үлкен үлес қосуда. Ол тәрбиелеп жатқан жас буын ертеңгі күні әлем сахнасынан көрінеді деген сенімдеміз.
Шұғыла Сапарғалиқызы – 1971 жылы Қытай Халық Республикасы Іле-қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келген. Бесінші сыныпта Бейжің қаласына хореографиялық мектепке қабылданады.
Ол 1991 жылы Бейжіңде Қытай Қарулы сақшы бөлімі ән-би ансамбліне қабылданып, Корея, Италия мемлекеттері мен Гонконг аудандарында өнер көрсетеді. 1992 – 1995 жылдары Қытай Орталық Ұлттар университетінің халық биі факультетінде білім алады. 2000 жылы Қазақстан Президентінің «Өнерлі қандастарымыз Қазақстанға да керек!» – дегенінен кейін елге оралып, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балетмейстері, «Ұлан» президенттік оркестрінің бишісі атанады.
6alash ұсынды