Домбыраның қос ішегі сияқты (Құрманбек пен Риза)

"Туыстар-ай" 

Орындаған: Құрманбек Әлімғазы


Халық әні "Угайым-ай"

Орындаған:  Риза Қайырбай


Мен оларды алғаш Елордамыз Астанада өткен жақын досымның мерейтойында көрген едім. Республикамыздың түкпір-түкпірінен жақсылар мен жайсаңдар жиналды. Кешті жүргізуші асаба ортаға Қытай Халық Республикасының еңбек сіңірген әртістері, ерлі-зайыпты Құрманбек Әлімғазы мен Риза Қайырбайды шақырғанда жиылғандар елең ете қалды. Көп өтпей жұртшылықтың алдына әніне сәндері жарасқан келбетті жұлдызды жұп шығып, қазақтың ежелден келе жатқан әдемі әнін әуелете жөнелгенде, зиялы қауым сілтідей тына қалды. Талай әншілерді тыңдап жүрміз ғой, бірақ екеуінің орындау шеберлігі де, мәнері де бөлек. Дауыстарында бүртүрлі өзіндік ерекше сыршылдық, сұлулық, көп адамда кездесе бермейтін әсем саз бар.Не керек, осы жолы өзіміз тыңдаған әншілердің арасында Құрманбек інім мен Риза қарындасым бізге ерекше әсер қалдырды. Қолайлы бір сәтте олармен танысып, білістім. Сөйтсем, бүгінде атамекенге оралып, Алматы қаласында қызмет атқарып жатыр екен.

Көктемнің жадыраңқы күндері­нің бірінде өнер мен мәдениет ордасы Алматыға күтпеген жерден іссапар шықты да, жол жүретін болдым. Орналасқан соң қойын дәптеріме жазылған жұлдызды жұптардың ұялы телефондарына хабарластым. Арғы жақтан Құрманбек інімнің құлаққа жағымды дауысы естілді. Уақыт та­уып кездесетін болып шештік.

Әңгімесінен қазіргі таңда әлгі үлкен шаһардағы қазақ өнерінің киелі ордасы «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігінде әнші болып жұмыс істеп жатқандығын білдім. Түстен кейін Алматының нөсерлеп жауған жаңбыры тоқтап, күн ұясынан жарқырап көрінді. Осы кезде бұл қала сұлу бойжеткендей жасанып, айнала көкорай шалғынға оранып тұр еді. Құрманбек пен оның сүйікті жары Риза қарындасымды бірден таныдым. Бәріміз де шығар­машылық адамдарымыз ғой, әңгі­меміз жарасты. Олар да өткен өмір жолдары, өнердегі қолжеткен табыс­тары, отбасы және алда тұрған жос­парлары жайында жан-жақты айтып берді.

Құрманбек Әлімғазы мен Риза Қайырбай Қытай елінде туып-өсті. Қазақстанға қоныс аударуына кезінде Алматы қаласы мен Алматы облысын басқарған марқұм Заманбек Нұрқаділов тікелей ықпалын тигізіпті. Сол кісінің көмегімен осы үлкен қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтер де алды.

Содан бері екеуі де атамекенге тастай батып, судай сіңіп кету үшін аянбай еңбек етті. Өздері секілді ән жолында жүрген әртістермен, сазгерлермен, ән өңдеушілермен қарым-қатынастарын барынша жақ­сартты. Қазір олардың бәрімен бір шаңырақтың адамдарындай болып кетті.

Ізденіссіз ілгерілеу жоқ

Олар Қазақстанға келген тоғыз жылдың ішінде өздерін нағыз сахна майталмандары әрі талғампаз өнер қайраткерлері ретінде танытты. Есімдері елімізге белгілі әнші-сазгерлер Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев, Нұрлан Еспанов, Ержан Белғозиев, Ермұрат Зейіпхандармен шығармашылық тығыз байланыс жасады. Олардың әндерін сахнада өздеріне тән шеберлікпен орындап жүр.

Ерлі-зайыпты Құрманбек пен Риза ұлтымызды әлемге танытқан көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың әндерін де өздерінің репертуарына енгізді. Өткен жылдар ішінде бұлар шығармашылық жағынан да бірқатар табыстарға қол жеткізді. 2007 жылы қазан айында Республика сарайында атамекенге келгелі бері тұңғыш жанұялық «Елік-ай — Сәулем» деп аталатын жеке есеп беру концерті табыспен өтті.

Ал көрермендер қауымына таби­ғи қоңыр даусымен жақсы танылған Құрманбек Әлімғазының өзі қызмет атқарып жатқан «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігінде де концерті ұйымдастырылды. Онда жолдасы Риза Қайырбайқызы да ән айтып, жиналғандарды тәнті етті.

Оларға менің кейбір әріптестерім: «Осы уақытқа дейін қандай бейне­клиптеріңіз шықты?» деп те сауал қоятын көрінеді. Бұл мәселе қашан да қаржыға келіп тірелетіндігі белгілі. Алайда Құрманбектің «Сүйікті туған жерім – Тарбағатай» деп аталатын бейнеклипі жұртшылық назарына ұсынылды. Әңгіменің орайы келгенде оның репертуарында 50-ге жуық ән бар екендігін де айтып өткендігіміз орынды болар. Олар – негізінен Италия, Қытай, ұйғыр және қазақ­тың халық әндері.

Риза қарындасымыздың әңгіме­сінен өзіне аса талғампаздықпен қарайтын әрі жоғары талап қоятын әнші екендігін байқадым. Оның репертуарындағы әндер де әрқашан мазмұндылығымен, сұлулығымен, өзіндік айтар терең ойымен дараланып тұрады. Мәселен, оның «Мен туралы ойландың ба бақтарда» деп аталатын бейнеклипі тыңдармандарға керемет рухани нәр сыйлағандығын айтып өткеніміз абзал.

Сондай-ақ оның Қазақстан Рес­публикасы өнер шеберлерінің «Алтын диск» жинағына «Елік-ай» халық әніне түсірілген бейнеклип те енді. Сондай-ақ СD дискісі шықты. Алдағы уақытта да олардың басқа да әндері жазылған дискілері мен альбомда­ры жарық көрмек. Олардың айтуына қарағанда, болашақта жүзеге асырсақ деген шығармашылық жоспарлары да назар аударарлықтай. Ерлі-зайыпты әншілер республиканың барлық облыстарын аралап, концерт қойсақ деп армандайды.

Өзім олармен көптен бері араласпасам да, аз уақыттың ішінде Құрманбек пен Ризаның нағыз сахна үшін туылған жандар екендіктеріне көзім анық жетті. Олар табиғатында атақ-даңқ қуған адамдар емес, әрдайым рухани байлықты жоғары қояды.
Халықтан асқан сыншы жоқ. Сондықтан да олар әрбір әнді таң­дап-талғап, орындаушылық ше­бер­лік деңгейіне жеткізіп барып, көрермендерге ұсынады. Сон­дықтан болар, көпшілік ор­та­сында қашанда сыйлы. Өнер­ді түсінетін адамдар ерлі-зайыпты әншілерге қам­қорлық жасап, өз­дерін көрсетулері­не мүмкіндік берді. Әрине, олар да: «Біз сырттан кел­­дік, сендер бізге жағдай жасаң­дар» деп қарап отырмады. Ән­шілік өнерлерін шыңдай түсу үшін уақытпен санаспай жұмыс істеді. Бұл еңбектері зая кет­педі. Республика деңгейінде өте­тін қаншама мәртебелі ән байқаула­рына, басқосуларға шақырылды.

Олар жай күйем-сүйем деген ма­ғынадағы жеңіл әндерден бойларын әрқашан аулақ ұстайды. Ондай ән­дердің ғұмыры да қысқа. Әсіресе, қа­зақтың халық әндеріне көп ден қоя­ды. Себебі «қазақ әнінің тұла бойы тұнып тұрған классика» деп есеп­тейді. Сондықтан да мұндай туындылар халық жадында ұзақ жасайды.

Олар өздері орындайтын әннің мазмұны, әуеніне ғана емес, әннің табиғатына сай келетін киімге де көп көңіл бөледі. Ерлі-зайыптылар әртістің түр-сымбаты мен ішкі жан дүниесі бір-бірімен үйлесім тауып, жымдасып тұруы керек деп санайды. Сол себептен сахнаға жаңа әнді шығармас бұрын үстеріне киетін киім­нің қонымдылығына да барынша назар аударады.
Әншілерде көп уақыт бола бер­мейтіндігі белгілі. Егер қолдары қалт еткен жағдайда ұлы мен қызының жанында болғанды жандары сүйеді. Олардың сабақ үлгерімін қадаға­лайды. Жаңа әндер жаздырып, ой-өрістерін кеңейтер кітаптар мен басылымдар оқиды.

Қанша жылдан бері киелі сахнада жүрсе де олар алдыңғы толқыннан, кейінгі көк құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастардан да үйренеді. Өйткені өнерде өзіңді үнемі қам­шылап отырмасаң көптен қалып қоясың, ілгерілеушілік деген болмайды. Соны балаларына да үнемі айтып отырады.

Кімге болсын кіндік қаны тамған туған жері ыстық. Олар қазір қаншама жылдар бір көруге зар болған қазақ елінде тұрып жатқанымен, өздерінің бал дәурен балалық шағы, есею кезеңдері өтіп, әншілік шеберліктері шыңдалған көршілес Қытай еліндегі күндері мен ондағы өздеріне тілекші болып қалған мыңдаған бауырларын сағынады.

Алайда олардың алдында тұрған үлкен мақсат – қазақ өнері мен мәдениетін шырқау биікке көтеріп, өздерінің әншілік талантын барынша жетілдіре түсіп, жаңа да тың, айтары бар әсем әндерді репертуарларына енгізе беру.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

6alash ұсынады