Түйесі түлкі алған Шәку бай (Моңғолия сапары)

Түйесі түлкі алған Шәку бай

(Моңғолияға сапардан...)

Шәку байдың моңғолиядағы ұрпақтары мал мен басы тең өсіп, 1050 түтіннен асыпты. Баян-Өлгей аймағының Тұлба ауданында негізінен Шәку бай ұрпақтары тұрады. Тұлбада өткен Шәкубайдың асында бас бәйгеге түгелдей бір қысрақтан беріліп, Шәку бабаның байылығын, мәрттігін көрсетті. Шәку бабаға арнап ескерткіш тас қойылды. Аламан бәйгеден тартып қазақтың дәстүрлі спорттық ойындарының бәрі салтанат құрған астың қызық-думанына мына өлеңді арнаған едім.
"Біздің қазақ баласына,
Жер есімін қояды.
Тау менен тас, даласына,
Ен-таңбасын ояды!

Ал, баласы, даласына,
Есім болу - егейлік.
Даламен тең бабасына,
Құрмет етпеу - өгейлік.

Алақақта "Шәку" атты қоныс көп,
Шәку баба күл төккен.
Келеді әлі ұрпағына өріс боп,
Басы қарлы, баурайы гүл-көктем!

Жайлау аты - Шәку арал төрінде,
Тірілердің аққан өмір бұлағы.
Қабырыстан аты - Шәку елімде,
Өлілердің ұйқыдағы тұрағы!

Шәку баба көп байлардың бірі емес,
Сасық ырыс жинаған.
Ол жайында жетелілеу жыр мес,
Тілім жетпей қиналам!

Жаяу қалсаң жалғыз атын қиятын,
Мәрттігімен мереймін.
Құшағына күллі адамзат сиятын,
Шәку баба - кең қолтығы Керейдің!

Биіктікті қайсы бірі ұғар ед?
Қыран ғана самғап ұшып қонбаса.
Қазақтан да қайыршылар шығар ед,
Қолы жомарт Шәку байлар болмаса.

Теріменен нұрландырып ғұмырды,
Шәшіліпті шәшу боп.
Әлемдегі байлық деген ұғымды,
Түсінемін, Шәку деп!

Біз жылқымыз, ауған үркіп, шашыла,
Өрісіміз алтай, Қобда арасы.
Ашылатып жишы бізді басыңа,
Шарапатты Шәку байдың науасы!"


Шәку баба басқан топырақта қаз тұрып, есейіп ержеткенім үшін де бақттымын! Баяғыда біреу: "Абылай ханының арбакешінің көршісі болғамын деп мақтаныпты" дейді. Оған қарағанда біз Шәку бабаның рухымен сусындап өскен ұрпақ едік. Мақтануға, кейінгіге мақтана айтуға хақылымыз! Ендеше, Шәку бай кім?

"Бағың жанған шағыңда, қарға салсаң қаз ілер, бағың тайған шағыңда сұңқар салсаң, аз ілер" дегендей, бағы жанып, бақыты өрлеген Шәку байдың жетелеп келе жатқан түйесі шеңгелді қарбытып жұлғанда, тығылып жатқан түлкіні қоса ұстаған, ағаш жонып, қой қашаға ұмыт қалдырған пышағы, түнде қораға секіріп түскен қасқырды жарып өлтірген. Осылайша, "түйесі - түлкі, пышағы - қасқыр алған" Шәку бай атанған деседі.

Шәку бай Алтайда болған атақты бай. Шәку Есілбай ұлы 1785-1862 жылдар аралығында жасаған адам. Құт дарып, бақ қонған Шәку байға 10000 қой, 5000 жылқы, 1500 сиыр, 600 түйе, 500 ешкі біткен айтулы жомарт бай. 20000 басқа жуық мал бар Шәку байдың қоныстары да көп болған. Алтай қаласының алағақ қалашығындағы Шәку қыстағы, арал жайлауындағы Шәку дарасы соның куәсі.

Аға сұлтан Құнанбай Алтайға келгенде, Ажы төре бастаған елбасылары Шәу жырау, Шегетай батыр, Көкен би, Жетібай би, Тілеуді қатарлылар мөлдір сулы-саялы Қаба өзені бойына 50 үй тіктіріп дайындық жасап, күтіп алады.

Бір кезде Құнанбай түскен үйге адам толып қызу жиынның басталар кезі болады. Қазақ билері бас қосқанда байырғы салт бойынша біріне бірі сөз тастасушы еді. Керейдің бұл тұстағы алғыр шешен қариясы Шәу:

- Ал аға баласы (Орта жүз рулары Арғынды аға баласы деп атайды), сөз бастаңыз,- дейді. Сонда Құнанбай өзіне ұсынылған сөзге құрмет етіп:

- Сөзді ауыл иесі болып отырған Керей баласы өздеріңіз бастайсыздар да!- дейді. Бұл кезде үлкендерге орын беріп, төменде отырған, құлын тайжақы киіп, камер белбеу буынып, сапы асынған өткір көзді, ақсұры жігіт былай дейді:

- Біз қалай бастаймыз?! Бұзылған ордамыз тігілмей келе жатқан елміз. Келген жеріміз Алтай-Сауыр болғанымен, бейіт белгісі, бесік үлгісі жоқ, алса бітім, берсе бітімді білетін Моңғол ортасында отырған жайымыз бар. Ортасы ойылып, ордасы бұзылмаған ханы бар, заңы бар аға баласы өзі бастайды да!-депті! Сонда Құнанбай жас жігітке барлай қарап:

- Болар, болар, өзі де болғалы тұр екен. Аузының алпауыттай иесі, көмейінің сусылдап тұрған сұр жыланы бар жігіт көрінеді, жиын өзі де басталды емес пе !?- дейді.

Құнанбай алдында сөз бастаған бұл жас жігіт әйгілі шешен, айтулы күйші Бейсенбі еді. Содан басталған жиын қазақ рулары және моңғол тайпалары мен Керей-Найман рулары арасындағы бітпей келе жатқан дау шарларға бітім жасайды. Ажы төре бастаған Абақ елінің қонағы Құнанбай жолдас-жораларымен аттанғанда Керейдің ақсақалдары қош айтып, Бейсенбі қатарлы жастары ел шетіне дейін шығарып салмаққа, бірге аттанады. Жүзден астам нөкерлі топ Алқабек бойына таяғанда, бүркіт алып, ит ерткен, жарау атты жалаң саятшылары бар атақты бай Шәку алдарынан шығады. Ақ боз атты, ақтөбе тымақты Шәку бай анадайдан аттан түсіп қарсы жүргенде, бұл құрметке ілтипат жасаған Құнанбай да аттан түседі. Торғын тонын көлбіретіп қарсы келген Шәку топ алдындағы Құнанбаймен құшақтасып, төске төс соға амандасып:

- Аға баласы Құнанбай мырза келеді деп естіп едім, әкең Өскенбай біздің Жәнібек батырдың қызынан туған жиен екенін де білетінмін. "Алыстан алты жасар бала келсе алдынан алпыстағы қариясы шығатын" салтымызда бар еді. Бірақ, малымның күйі, баламның жайымен бара алмадым. Бүгін ауылымыз күзеулікке түсіп кетті. Солай болсада, қайтып келе жатыр деген соң жолыңды тосып дәм татырайын деп күтіп тұр едім, жеріміз шалғай болсада көңіліміз жақын. Ат басын бұрып дәм татып қайт!- дейді. Құнанбай қонақ болуға ат басын бұрғанда, еріп келе жатқан басқа елдердің билері Құнанбайға қош айтып кетпекші болады. Сонда Шәку ақсақал:

- Ас атамыздыкы, береке елдікі, қонақ көптікі емеспе!? Ел ағасы Құнанбайды шақырғаным, бәріңді шақырғаным! Қане, түгел жүріңдер!- деп топты өзі бастап, Алқабек өзенінің бойына түседі. Құнанбай кең сайлы орман арасынан желісі тартулы, биесі байлаулы, қонақ үйлері тігулі тұрған күтім орнын көреді.

Бірде алдыға ас келді. Үлкен астауға салынған ет малдың шарбы майымен жабылған. Аға сұлтанның көзіндегі аңтарылсты сезген Шау жырау:

- Бұл «Кежім табақ». Абақ Керейдің анасы Абақтан қалған сый табақ!- деп батаға қол жайғызды.

Шәку Құнанбайды күні-түні күтіп, келген жолыңа деп, қонақтардың жарымына біріңғай ақбоз ат, жарымына жирен ат, ал, Құнанбайға өзінің 62 жылқыға бағалап алған қоңыр жорғасын тарту етіп аттандырады. Сонда, Бейсенбі Дөненбайұлы қоңыржорғаға арнап"62 қоңыр күйін" шерткен деп аңыз етеді.

Разы-хоштықпен аттананған Құнанбай, сапарластарына: - Абақ Керей баласы 15 мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, кегін жоқтар ер туып, дауын сөйлер би туып, бақ қонған елге айналған еке. Түбі біздің қазақтың бір тыянағы сол болар!- деп айтқан деседі.

"Торғайты, Шәку менен Құрманбұлақ,
Бұлағы сыр шертетін қырдан құлап.
Қамшысы ер бабамның қалған мұнда,
Тамшысы тас бетіне тұнған жылап.
Көкқуыс, төр торғайты, Егізтөбе,
Өзіңдей кең болуды қылғам мұрат!
Менде бір қаршығатас сақыңдағы,
Алтайдан басқа таудан тұрған жырақ!" - деп келетін өлеңім туып-өскен жерге, Шәку сынды бабалардың құрметыне арналған еді.

Жол алысқа бастап барады... Әне, Алағақ қалашығының шығыс оңтүстік жағындағы биік қабақта Шәку қыстағы, одан ары Шәку қабырыстаны тұр. Панидегі тұрағы да, бақидағы тұрағы да өз атымен аталып мәңгілік ұйықыда Шәку баба сонда жатыр. Жол алысқа бастап барады... Жол қайта бастап келеріне сенемін...

Алтайдың арал жайлаундағы Шәкубай қонысы

Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ

2015.08.20

Үрімжі

6alash ұсынады