Жәди ШӘКЕНҰЛЫ: Қытай қазақтары

ЕЖЕЛГІ ЕЛ МЕКЕНІ

Бүгінгі Қытай қазақтары мекендеп отырған байтақ дала ежелден-ақ қазақ ұлтын құраған ру-тайпалардың ата қонысы. Мұны Қытай жазбаларының қай-қайсысы да терістемейді. "Тарихи жазбалар" мен "Ханнамада" жазылған үйсін, қаңлы, алан қазақтың белбасар ата-бабасы есептеледі. "Сонымен бірге байырғы қазақ даласындағы сақ, иүзі (ұлы жүз), сондай-ақ кейіннен қазақ даласына көшіп келген ғұн, сиянпи, жожан (авар), түркі, теле (тірек), кеден, моңғол секілді тайпалар да арт-артынан қазақтармен тоғысып, қазақтарға сіңісіп кет­ті"(1). Аталған тайпалардың арғы тарихына көз жіберсек олар бүгінгі қазақтар отырақтанған жалпақ даланы ғана ме­кен­деп қалмай, одан сыртқы жерлерге де кеңінен қоныс­танған.

Қытай тарихын зерттеуші қазақ ғалымдарының пайымын­ша қытайлармен қоныстас, көршілес отырған түркі тілдес тайпалардың мәдениет іздерінен қарағанда олар осыдан 3000-7000 жыл ілгері бүгінгі Қытайдың орталық өңірі мен орта жазық төңірегінде жасағаны мәлім. "Мәдениеттік деректерде қазақты құраған ескі тайпалардың қазіргі Қытай жерінің Лияуниң, Ішкі Моңғол, Хуаңхы бойы, Чиланшан баурайы, Хши каридоры (дәлізі-Ж.Ш) сияқты жерлерге дейін мекен­дегені көрсетіліп отыр"(2). Тарихи дәйектемелер алға қойған бұл тұжырымдар қазбалар мен жартас суреттері арқылы өз дәлелдерін көрсетіп отырады.

Бүгінгі Қытайдағы қазақтар қоныстанған Шынжаң өңірін айтар болсақ ол қытай жазбаларында тарихқа "Батыс өңір" деген атпен қалған. Қытай хандықтары мен ғұндардың арасында болған ұзақ жылдарға созылған талас -тартыс пен қантөгіс нәтижесінде қытайлар ырықты орынға шығып, ғұндар біртіндеп батыс өңірге қарай шегінеді, әрі бүгінгі Дұңхуаң және Іле өңірін мекендеген үйсін тайпаларымен де белгілі қарым-қатынаста болады.

Қытай патшасы Хан Уди жыл санауымыздан бұрынғы 138 жылы Жаң Чиянды батыс өңірмен байланыс жасауға аттандырады. Әрі көп өтпей құдандалық байланыс орнатады. Бұл ғұндарға аса жағып кетпейді де олар Хан елінің батыс өңірге жасаған қадамын барынша тежеу ойында болады. Сол себепті де ғұндар мен хан армиясы арасында және ғұндар мен үйсіндер арасында көптеген қанды жорықтар жасалады.

Қытай жазбаларында батыс өңір тұрғындары негізінен сақтар, үйсіндер, қаңлылар, чияңдар, ғұндар, дилиңдер, тағы басқалар делінеді. Олар негізінен егіншілік және мал шаруашылығымен айналысқан. Бүгінгі оңтүстік Шынжаң өңірі егіншілікті кәсіп етсе, Баркөлді өзек еткен солтүстік аймақтар негізінен мал шаруашылығымен айналысып "көшпенді елдер" аталған.

Демек, біздің заманымыздан бұрынғы 176-177 жылдардан бастау алатын жазба деректер қазақты құраған ру-тайпа­лардың сол дәуірлерде-ақ бүкіл Қытай өңірінде, жүйеден Шынжаңда жасағандығын айғақтап отыр.

Тарихта "батыс өңір", бүгіндері Шынжаң ұйғыр автоно­миялы районы аталып отырған осы байтақ мекеннің терри­ториялық жер аумағы бір миллион 600 мың шаршы километр. Жалпы Қытай жер аумағының алтыдан бір бөлігін ұстайды. Оның құрылықтық шекарасының ұзындығы 5600 километр болып, Моңғолия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пакстан, Үндістан секілді 8 мемлекет­пен шека­раласады. Шынжаңда қазір 2 аймақ дәрежелі қала, 7 аймақ, 5 автономиялы облыс, 20 аудан дәрежелі қала, 62 аудан, 6 автономиялы аудан, әскери орынды түйін етіп өндіріс және құрылыспен айналысатын 14 дивизия (185 полк) бар. 2000 жылы Қытайдың өз ішінде жүргізілген санаққа негізделгенде (14 дивизия, 185 полктағы 2 миллион 453 мың 600 адам мұның сыртында -Ж.Ш) Шынжаңдағы 47 ұлттың жалпы жан саны 19 миллион 250 мың адам болған. Оған дивизияны қоссақ, онда жалпы халық саны 21 миллион 703 мың 600 адам болады. Мұның 10 миллион 969 мың адамын қытайдан (ханзулардан) басқа ұлттар ұстайды екен. Шынжаңдағы қазақтар негізінен Іле қазақ автономиялы облысына шоғырлы қоныстанған. Онда шамамен 4 миллион 83 мың 300 халық тұрады(3). Одан сырт Санжы хүйзу (дүңген) автономиялы обылысы, Құмыл аймағы, Боратала Моңғол авто­номиялы облысы, Үрімжі қаласы аумағына отырақтанған.

Соның ішінде қазіргі қазақтар мекенденген Іле, Алтай, Тарбағатай, Баркөл өңірінің ежелден қазақтардың мекені екендігі туралы тарихи жазылымдар көп кездеседі.

Атамекен - Алтай

Қытай жазбаларының дерегіне негізделгенде Алтай тауы өңірі заманымыздан бұрынғы 5-6 ғасырлар шамасында сақтардың мекені болған(4). Ал ежелгі грек авторларының деректемелерінде сақтардың ішіндегі армиясып тайпасы исседондардың солтүстік және шығыс солтүстік жағында, Алтайдың батысындағы сілеміне дейінгі жерлерде тұрғандығы айтылады(5).

Қазақ тарихын зерттеуші Қытай ғалымы Су Бихай Алтай өңіріндегі ежелгі молаларға талдау жасай келіп, ол өңірде жасаған халықтар және олардың өзге өңірлермен болған байланысы туралы мынадай деректер айтады: "Қарасук дәуірінен кейін Алтайдағы ұлыстардың мәдениетінің дамуы көптеген жақтардан тагар ұлыстарының ахуалына ұқсап кетті. Нарын өзенінің басындағы маним (майем) сахарасынан Бұқ­тырма өзенінің аяғындағы Солонеч - Берк маңынан, Черно­вая қыстағы маңынан алынған қазбалардың нәтижелері бұл араларда Алтайдың біршама соңғы дәуірдегі әйгілі тас оба­ларынан (қорымдарынан) сырт, тас пен балшықтан жиналған (қаланған - Ж.Ш) обаларда болғанын сипаттады. Обаның астынан ашылған төрт бұрыш көрдің шығыстан батысқа ұзындығы 2,05 метр, кеңдігі 1,5 метр, тереңдігі 2,75 метр. Көрден мынадай заттар шықты:

Ұзын қайрақ тас, құстаспен немесе шағылмен төрт қыры қырланған, тесікті тұтқасы бар, іліп байлауға болады. Мұндай ұзын тастар Алтай мен Орал өңіріндегі скиф - сармат дәуірі молаларынан өте көп кезігеді.

Алтай тұяқты ежелгі молаларынан шыққан жүген-ауыздықтарының бәрінің шығырығы бар, оның төртеуінің темірден соғылғанын, тек біреуінің ғана қоладан құйылғанын көруге болады. Бұл біздің заманымыздан бұрынғы vғасырда жалпыласқан скиф темір ауыздықтарына мүлде ұқсамайды. Темір ауыздықтардың жақтауы түгел жалпақ, екі басы сом, ортасында екі тесігі бар, манимның (майемнің) бастапқы дәуріндегі үш тесікті ауыздықтарына ұқсайды.

Заманымыздан бұрынғы V- ІІІ ғасырлар аралығында Алтай өңірінде жарыққа шыққан жаңа тұрпатты қару-жарақтар Енисей бойындағылардан бұрын пайда болды, оны қорыту өнері де біршама тез жақсарып, батыстағы скифтер мен иран - сакалардың қару жарақ жасау әдістеріне ұқсап кетеді. Әсіресе манимның (майемнің) бастапқы дәуірі мен соңғы дәуіріне жататын молаларда өлікке атты қоса көму басым орынға өтті. Бұл Минусинскідегі тагар қабірлерінен аз ұшырайды. Бұған қарағанда сол заманда Алтай өңірінде соғыстың толас­сыз туылып тұрғанын, оның стратегиялық орнының Енисей алқабынан әлдеқайда маңызды болғаны аңғарылады.

Тұяқты 6-номерлі моласынан қазып алынған мола иесінің сүйегін зерттеуге негізделе отырып, бұрынғы Кеңес Одағының палеоантропологы Дебец былай дейді: "мұнысы қазақтардың бас сүйегіне ұқсайды, бұл ертедегі сол заманда "біздің жыл санауымыздан бұрынғы V-ІV ғасырларда шығыс оңтүстіктегі ұлыстардан кемінде некен-саяқ адамдар Алтайға келгенін түсіндіреді". Мұнан қазақтардың арғы ата - бабаларының сол заманда ішкі Қытайдан Алтайға ілгерінді -кейінді бара бастағанын байқауға болады.

Таңну - уранхай өңіріндегі археологиялық тексерулер ол арадағылардың алтайлықтармен айқын туыстық қатынасы бар екенін дәлелдейді. Біздің заманымыздан бұрынғы VІ-ІV ғасырларда ол арада да сүйекке ат қосып жерлеу көп болып, олардың қабірлерінен темір құралдар едәуір көп шықты, көбі Алтайдыкіне қатты ұқсайды. Мәселен, Успен қыстағы маңындағы мола мен Бегал өзенінің сол жақ жағасындағы молалардан шыққан ұшқыр жебелер, Ұлұх - қобы молаларынан шыққан қайрақ тастар мен айбалта сабы шығырығы, Туран қыстағы маңынан шыққан бірнеше аттың ер-тұрмандарындағы шығырықты ауыздықтар мен бедерленіп әшекейленген қабан тістері сықылды темір, қола бұйым­дардың бәрі де соған ерекше ұқсайды. Бұған Алтайлықтар мен Тува өңіріндегілердің ертеде қою шаруашылық қатынаста болғанын, оның Алтайдан Тува жерін басып өтіп, Қытайдың орта жазық өңіріне баратын байырғы хан жолы болғанын байқауға болады"(6). Демек, біз бұл деректерден біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІV-V ғасырларда Алтай тауы өңірінде қазақты құраған ежелгі тайпалардың болғанын әрі олардың басқа өңірлер мен жүйеден бүгінгі қытайлар қоныстанған Ішкі Қытай өңірімен, қытайлармен көршіліс отырған тайпалармен белгілі барыс-келісте болғанын көре аламыз. Қытайдың батыс Хан дәуіріне келгенде ғұндар Алтай даласына дейін қанат жайған. Ғұн тәңірқұтының билік иелері- Әжік, Хагат, Тезек, Хоханше, Қағиян секілді тәңір­құттар Алтай даласын бірінен соң бірі билеп тұрған. Ал осыдан кейінгі кезеңдерде бір мезет батыс түріктер, қарлұқтар дәурендеген. Шыңғысханның қанды жорығына дейін Алтай тауының негізгі иелері керей, найман тайпалары болған (7). Тарих ғылымының докторы, профессор М. Оразбай "Керей мемлекеті" атты еңбегінде былай дейді: "Керейлер деп аталған қазақ ұлтын құраған рулар бірлестігі, өте ертеден ірі рулар бірлестігі ретінде қаралады. Олар жөнінде жазылған тарихи жазба дерек өте көп... тарихи деректердің көбі, осы керей елінің тарихи мекенін, дәлірек айтқанда, олардың территориясын Байкалдың батысынан бастап, Алтай тауларының шығыс сілеміне дейінгі аумақта деп белгілеп көрсеткен"(8). Енді бір айта кетерлігі Шыңғысхан заманында аталған қазақ тайпалары ешқайда босып кетпеген немесе құрып жоғалмаған. Қайта өзге тайпалардың қазақтануына белгілі дәрежеде ықпал еткен.

Шыңғысханның жаулауына байланысты Алтай өңірі оның үшінші ұлы Өгедейдің еншісіне тиіп, кейіннен ойрат тайпаларының иелігіне өткен. Ойраттар дөрбед, жоңғар, торғауыт, хошуд секілді тайпаларды өз ішіне алған. Тек 1770 жылдардан бастап қазақтар атамекені болған Алтайға қайтадан орала бастаған. Жоңғарлардың жойылуын орай деп білген Чиң патшалығы 1755 жылдардан бастап жоңғарлардан босап қалған Алтай-Тарбағатай өңірлеріне ресми қарауылдар тұрғыза бастаған. "1761 жылы Чиң патшалығы Қобдаға ақылшы уәзірін қойып, Алтай тауының шығысы мен батысын және Монғол үстіртінің батыс бөлегін, осы күнгі Алтай аймағының көп бөлегін қамтыған кең алқапты басқарды"(9). 1904 жылдан бастап тікелей басқаратын әкімшілік жүйе тіктеп, Қобда мен Алтай бөліп басқарылатын болды. Сөйтіп, Алтай аймағының негізі қалана бастады. 1906 жылға келгенде Алтай аймағы құрылды. Шың Сысай дәуірінде (Шың Сысай 1933-1944 жылдар аралығында Шынжаңда билік жүргізді), яғни 1933 жылы Алтай әкімшілік мекемесіне өзгертіліп, әкімшілік бастығы тағайындалды. 1945 жылы Алтай гоминдаңшыл қара қытайлардан азат етілді. 1949 жылдан кейін қызыл ком­мунистердің басқаруына өтті.

Алтай аймағы Қытай елінің батыс солтүстігіне орналасқан. Моңғолия, Ресей, Қазақстан елдерімен шекараласады. "Алтай тауы" көне түрік және моңғол тілдерінде "Алтын тау" дегенді білдіреді. Сондықтан алтын байлығы біршама мол. Ертіс өзенін өзек еткен үлкенді-кішілі 56 өзені, Үліңгір, Қанас, Таңбалы секілді көлдері бар.

Алтай аймағына қарасты алты аудан, бір қала бар. Олар: Алтай қаласы, Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай, Буыршын, Қаба, Жеменей аудандары. Мұнан сырт Алтай аймағында ауыл шаруашылық 10-дивизиясы және оған қарасты әскери полктар мен мемлекеттік кен, орман басқару орындары тұрады. Алтай аймағының жалпы жер аумағы 117 мың 700 шаршы километр. 2003 жылғы дерек бойынша аймаққа қарасты тұрғындардың жан саны 612 мың 600 адам. Бұл 1949 жылғы қазақтар 89 пайызын ұстайтын 56 мың 211 адамнан 11 есе көп болғанымен, қазіргі қазақтардың саны жалпы санының 45 пайызын құрайды дегенді білдіреді.

Бай аймақ - Тарбағатай

Тарбағатай таулары Алтаймен қанаттас жатқандықтан тарихтағы орыны жағынан да көп ұқсастықтарға ие.

Бұл өңірді де бір мезет сақтар, батыс түріктер, ғұндар ілге­рінді-кейінді мекендеген. Тарбағатай тауының батыс солтүстік сілеміндегі Шілікті жазығынан табылған сақ тайпасының ежелгі зираты соның бір айғағы.

Ескілікті қытай деректері мен жартас суреттерінен "Қобықсарыдан Тарбағатай, Барлық тауына дейінгі жасыл жазира, дарқан дала ежелгі көшпенді малшылар қажырлы еңбегі, мол парасаты арқылы малдың асыл тұқымын көптеп жетілдіргенін көруге болады. Еміл өзенінің түстігі мен терістігіндегі Тарбағатай, Барлық, Жайыр, Орқашар таулары­нан бірсыпыра таңбалы тастар кезікті. Шағантоғай ауданы Барлық тауының Бардақұл деген жеріндегі жүздеген жартас суреттерінен сиыр, жылқы, бұғы, тауешкі, түйе, ит, аңшы, тағы осы секілділерді көруге болады"(10). Ендеше көшпенді мал шаруашылығы тұрмысын негіз еткен ата-бабалары­мыздың ізі Тарбағатай төсінен де ап-айқын көрінеді.

1977 жылы Тайваньда басылып шыққан Цыхай (сөз теңізі) деген кітаптың 802 бетінде наймандар туралы айта келіп: "...Осы аталған ру тарихтағы аса гүлденіп, дәурендеген кезде, қазіргі Шынжаңға қарайтын Тарбағатай өңірінде Жасақты хан деген атпен мәлім болған көсемдерінің бастауында сол жерде хандық құрған. Ал кейін келе солардың жалғасы ретінде Таян хандық құрды" дейді.

Атамекені Тарбағатайдан Сыр бойына дейін босқан найман, керей тайпалары 1760-1770 жылдарға келгенде байырғы жұртына қайтадан бауыр басты. Әрі осыдан бұрын жасап келген ойрат тайпасының торғауыт руымен қанаттас, көршілес отырды. Бүгінде Қобықсары аталатын Монғол автономиялы ауданында торғауыттар мекендейді.

Жоңғарлар тыныштанғаннан кейін 1766 жылы Чиң патшалығының Ұржарға жіберген билік жүргізуші ақылшы уәзірі Агуй ежелден қазақ тайпаларының орталық өңірінің бірі болып келген қазіргі Шәуешек қаласы тұрған жерге жамбыл соқтырып, бұтхана салдырады. Кейін келе бұл қытай жамбылы немесе ескі жамбыл аталды(11).

1758 жылдардан басталған қазақ-қытай саудасының дамуы үшін Үрімжіден қалса негізгі орталықтың бірі Шәуешек қаласы болды. Бұл туралы Қытай жазбаларында былай делінеді: "Үрімжіден гөрі қазақ өңіріне Тарбағатай жақын еді. Чиянлұңның 23 жылы ( 1758 жылы ) Тарбағатайға әскер тұрғызылғаннан кейін, қазақтар өздеріне жақын Тарбағатайда сауда жасасуды талап етті. Тарихи деректерде "Тарбағатайда әскер тұрғызылғаннан кейін қазақтардың Үрімжіге келіп сауда істегісі келмейтін болды" деп жазылған. Сөйтіп, Чиң үкіметі Чиянлұңның 24 жылы ( 1759 жылы ) Тарбағатайды да үкімет саудасы жүргізілетін орын етіп белгіледі"(12).

Тарбағатайдың Майлы-Жайыр өңірімен қолтықтасып жатқан Қарамайлы мұнай алабы ҚХР бойынша мұнай мен газдың ең бай қамбасының бірі. Сондықтан да мемлекет оны Тарбағатай әкімшілігіне қаратпай өз қарауына алып, орталығын Қарамайлы қаласы етіп құрған. Қалада 300 мың адам тұрады. Майтау мұнай-химия серіктестігі, Қарамайлы мұнай-химия бөлімше серіктестігі секілді ірі өндіріс орындары Қарамайлы- Майтау өңірін шикізат ететін 200 түрден астам өнім өндіреді. Қарамайлы өңірінен мұнай-газ байлығынан қалса асфальт, асфальт құм, көмір, тұз, гипс, әртүрлі хрусталдар шығады. Даласында ақбөкен, құлан, қоян-түлкі секілді аңдары бар. Тарбағатай сөзінің "суырлы" деген моңғол сөзінен келіп шыққанына сенсек, Тарбағатай-Алтай өңірінен ауып бара жатқан моңғолдардың:

Тарбығасы (суыры) сиырдай,

Тас бастауы қымыздай.

Саранасы жүректей,

Сарымсағы білектей,

Қайран жерім қалдың ба!? -

деп жылағаны еске түседі.

Тарбағатай аймағына Шәуешек және Шиху қаласы, Сауан, Толы, Шағантоғай, Дөрбілжін аудандары мен Қобықсары моңғол автономиялы ауданы қарайды. 2003 жылдың соңын­дағы Қытай санағы бойынша бүкіл аймақтағы тұрғындар саны 953 мың 400 адам болған.

Жер жаннаты - Іле

Тарихи жазбаларда Іле өңірі ежелдің ежелінен ұлы жүз - үйсін тайпасының жері деген деректер көп айтылады.

"Ұлы жүздер заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырда Дунхуаң мен Чилан тауы аралығын қоныстанған, бұлар өз кездерінде ғұндардың батыс жағындағы ірі ел еді.

Ғұндардың үртіс-ұдай жасаған шабуылынан үріккен ұлы жүз тайпалары өздерінің бұрынғы мекенін тастап, Іле өзенінің алқабына қоныс аударады. Бұдан бұрын Іле өзені алқабы сақ тайпаларының мекені еді, қоныс аударып келген ұлы жүздер сақ тайпаларына шабуыл жасап, олардың ханын қуалап жіберіп елі мен жерін басып алды. Бұл жөнінде "Хан патшалығы тарихында" былай деп жазылды: " Ғұндардан жеңіліп батысқа ауған ұлы жүздер сақтардың ханына шабуыл жасады, сақтардың ханы оңтүстікке қашып кетті. Ұлы жүздер олардың жерін иемденіп алды". Ұлы жүздер батысқа қарай ауғанда, олардың көше алмай қалған бір бөлегі Наншан тауына шегініп, ол жердегі тайпалармен араласып кетті де "кіші жүздер " деп аталды. Ұлы жүздердің Іле өзені алабына ауып келуі заманымыздан бұрынғы 174, 160 жылдар ара­лығында болған оқиға деп ұйғарылады. Бірақ қай жылы көшіп келгені жөнінде нақтылы дерек жоқ.

Бұрын ұлы жүздер Чилан тауы мен Дұңхуаң аралығында тұрған кезде, үйсін ұлысы да осы өңірде олармен қанаттас жасаған еді. Ұлы жүздер Іле өңіріне қоныс аударған соң, үйсін ұлысы ғұндардың көмегіне сүйеніп күшейе бастады, ғұндар оларды әскери күш ретінде пайдаланып, соғыс жорық­тарына жұмсап отырды. Ақырында үйсіндер ғұндардың көмегімен ұлы жүздерге шабуыл жасап, оларды батысқа қарай ығыстырып жіберді де, Іле өзені алқабы мен Ыстықкөл алабындағы құнарлы қонысқа келіп орнықты. Ұлы жүздердің көшіп кете алмағандары осы өңірде қалып, үйсіндерге қосылды. Тегінде үйсіндер шағын ел еді, Іле өзені алабына ауысқаннан кейін тез дамып "12 мың түтін, 630 мың адам, 188 мың 800 әскері бар" ірі елге айналды. Осы өңірде отырып қалған сақ тайпалары мен ұлы жүз тайпаларының тоғысуы үйсіндерді осындай ірі елге айналдырды...

Қазақтың байырғы аңыз-шежірелері мен жазба әдебиетте "үйсін" деген атау екі түрлі мағынада - тар мағынада және кең мағынада қолданылады. Тар мағынасындағы "үйсін" - қазақтың ұлы жүзінің құрамындағы тайпаның аты, ал кең мағынадағы "үйсін" - Іле алқабы мен Жетісу өңірін және Оңтүстік Қазақстанды мекендеген ұлы жүз тайпаларының жалпы аты. Бұлар ежелгі заманнан бері осы өңірді мекен­деген. Іле аймағындағы албан, суан, жалайыр тайпалары осы үйсін ұлысының тармақтары(13).

Ал, "Хан дәуіріндегі үйсіндер туралы бірқанша мәселелер" деген еңбекте: "Ғұндардың Аспан тәңір құты кезінде (б.з.б. 171-161 ж.ж.) үйсіндер ғұндардың көмегінде ел-жұртымен батыс жаққа қарай көшіп, ұлы жүздерге шабуыл жасайды. Ұлы жүз тайпалары еріксіз түрде оңтүстікке ауа көшеді. Сөйтіп, Балқаш көлінің оңтүстігі мен шығысында кең байтақ өңірді үйсіндер иемденіп алды" деп жазған.

Тарихи деректер бойынша қарағанда ұлы жүз тайпасының басым бөлігі үйсін тайпасына сіңіп кеткен. Сөйтіп, олар негізінен бүгінгі Жетісу және Іле өңірін мекендеген.

Батыс хан патшалығы тұсында үйсіндер де қалаларда тұрды. Хан патшалығының Ши Жун, Жие Иу ханшалары үйсін ханына ұзатыла барғанда көптеген шеберлерді ерте барды. "Ханнама. Батыс өңір шежіресінде": "Ханша үйсін еліне барған соң өзіне арнап сарай салдырды " деп жазылған.

Демек, Іле өңірінің қала іргесінің қалану тарихы да тым ұзақта деген сөз. Шоқан Уәлиханов жазбаларында да Ыстықкөлдің шығыс өңірінде ежелгі қала жұртының табылғанын айтады.

Іле өңірінен табылған жартас суреттерінен үйсін секілді ежелгі тайпалардың наным-сенімі мен тұрмыс-тіршілік жағдайын көруге болады. Оның бастылары, Іле аймағының Қорғас ауданындағы Тақырсай, Нылқы ауданының Қызыл­нұр елді мекеніне қарасты Дөң, Текес ауданының шығыс жағындағы 16 километр қашықтықтағы Таңбалы шоқтас секілді ата-бабаларымыздың ежелгі қонысындағы жартас суреттері. Одан басқа да көптеген тарихи-мәдени ескерт­кіштер бар. Ежелгі қала жұрттарынан Шат, Күнгүт, Алмалы, Қайнұқ секілді қалалардың орны және Сақ, Үйсін зираттары, түрік заманынан қалған тас мүсіндер, Уайыс хан мазары, Тоғылық Темір хан мазары сияқтылар бар.

Қытай тарихи деректері бойынша қарағанда Іле шекаралық маңызды аймақ ретінде қаралып келген. Жаң Шиянның батыс өңірге жасаған сапарынан кейін ұлы жүз - үйсіндермен тығыз байланыстар жасай бастаған Қытай хандықтары оны уысынан шығарғысы келмеді. Әсіресе, Чиң патшалығы дәуіріне келгенде Шынжаңдағы үстемдігін нығайта түсу үшін Ілені және басқа да өңірлерді басқаратын арнайы генералдар тағайындады. Іле генералы тұтас Шынжаңды басқаратын әскери әкімшілікке тікелей араласты.

Жоңғарлар тынышталған 1760 жылдардан кейін бұл өңірге қытай билеушілері ресми түрде үстемдік ете бастады. Чиянлуңның 25 жылы (1760 жылы) Чиң үкіметі Іледе тың ашуға ат және егіс көлігі қажет болғандықтан, Чиң үкіметі Ілені де үкімет саудасы жүргізілетін орын етіп белгіледі. Іле төңірегіне қазақтар келе бастағандықтан сауда жасау қолай­лығы одан ары арта түсті. 1762 жылы Чиянлуң патша арнайы жарлық түсіріп Ілені - Шынжаңның орталығы санауды қадағалады. Сол жылдардан бастап қазіргі Құлжа қаласы тұрған жерде қамалдар салына бастады. ХVІІІ ғасырдың соңғы жарымынан бастап бір мезет атамекеннен ауып кеткен қазақтар өздерінің байырғы жұртына қайтадан оралды.

1888 жылы Іле-Тарбағатай аймағы құрылса, 1917 жылға келгенде Іле айырым аймақ болып құрылды(14).

Қазір бұрынғы Іле аймағын құрамына алған Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласы. Оған Алтай, Тарбағатай аймақтары қараумен бірге Құлжа қаласы, Күйтүн қаласы, Күнес, Текес, Моңғолкүре, Құлжа, Тоғызтарау, Нылқы, Шапшал аудандары қарайды. 2003 жылы алынған санақ бойынша бүкіл облыстың жан саны 4 миллион 300 адам болған.

Көрікті барыс көлі - Баркөл

Баркөл Қытай жылнамаларында "Барыс сазы", "Барыс көлі" деп аталады. Бұл көне түріктер заманынан қалған сөз болып, кейіннен Баркөл атанған(15). Соңғы Хан патшалы­ғының дерегінде: " Тәңір таудың батыс аңғарына ірге тепкен Пули (Баркөл) бектігінде 800-ден астам түтін, 2 мыңнан астам адам, 700 шерік бар. Ондағылар кілең киіз үйде кү­нелтіп, шөп қуалап, су жағалап жүретін төрт түлігі сай жандар екен..." делінген. Баркөл ауданының батыс оңтүсті­гіндегі шамамен алты километр қашықтықтағы Ланжоууанзы деген жерден табылған жартас суреттеріндегі төрт арбаның суретіне жасалған зерттеулер нәтижесі оны сақ заманына телиді.

Тарихи деректер бойынша бұл өңірде ғұндар, түріктер, үйсіндер, моңғолдар және қазақты құраған басқа да ру-тайпалардың алма-кезек жасағандығы мәлім. Жыл санауымыздан бұрынғы 74-86 жылдары шамасында Баркөл ғұндардың оң қанатының саяси орталығы болған.

576 жылы қанатын кеңге жайған түрік қағанаты Баркөлге дейін ірге тепкен. 744 жылы бір мезет ұйғырлар дәурендеп, Ұйғыр хандығын құрып, Барыскөлді өзіне қаратқан. Шыңғысхан заманына келгенде Барыскөл "Баркөл" деп өзгертілді. Ұйғыр хандығы тұрған өңір Бесбалық деп өзгертілгенде Баркөл соған қарасты ел болды. 1438 жылы Ойраттардың иелігіне өтсе, ХVІІ ғасырдың басында Жоңғар­ларға тәуелді болды.

Чиң патшалығы жоңғарларды аластаған тұста Баркөл мен Қобданы өзіне маңызды әскери шеп ретінде пайдаланған. Әрі 1731 жылы қазіргі Баркөл қаласының іргетасы қаланған. 1882 жылы "Жинши (Баркөл) - Дихуа (Үрімжі) аймағы " деп өзгертілген. Осы жылдардан бастап қазақтар өздерінің атамекені болған Баркөлге орала бастады(16).

Баркөл қазақтарының бір бөлімі кейіннен Гансуге және Чиңхай жеріне қоныс аударды. Алды қандыбалақ жылдардың аласапыраны тұсында шетелге дейін босып кетті.

1954 жылы Жинши ауданы "Баркөл ауданы" болып өзгертілді. Сол жылы 30 қыркүйекте Баркөл қазақ автоно­миялы ауданы құрылып, ол Құмыл аймағына қарасты болды. Бүгін де Құмыл аймағының "Баркөл қазақ автономиялы ауданы " деп аталады. Баркөл қазақ автономиялы ауданына 4 қалашық, 8 ауыл қарайды. Ауданның жалпы жер көлемі 36 мың 947 шаршы километр, тұрғындары 100 мыңнан астам.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚОНЫСТАНУЫ МЕН КӨШІ-ҚОН ЖАҒДАЙЫ

Қытайдағы қазақтар ШҰАР- дың Іле қазақ автономиялы облысында (Іле, Алтай, Тарбағатай үш аймақты өз ішіне алады), Мори қазақ автономиялы ауданында, Баркөл қазақ автономиялы ауданында тұрады. Бір бөлімі Үрімжі, Шыхызы, Қарамайлы қалаларында және Санжы хуйзу (дүңген) автономиялы облысына қарасты Шонжы, Жемсары, Фукаң, Мишуан, Санжы, Құтыби, Манас аудандарында тұрады. Бұдан басқа, Шынжаңмен шекаралас Чиңхай өлкесінің Хайши моңғол-тибет қазақ автономиялы облы­сында (көбі Шынжаңға қайтып келді), Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұрады.

Қазақ халқының ерте заманда Қытайдың батыс өңірін, Алтай, Тяньшань таулары мен Жоңғар ойпатын, Жетісу өңірі мен Сырдария алабын және Дешті қыпшақ даласын мекен еткен ежелгі түркі тілдес тайпалардың, атап айтқанда, сақ, үйсін, қаңлы, алан, қимақ - қыпшақ, дулат, түркеш, қарлық, оғыз, арғын, найман, керей, уақ, қоңырат, жалайыр, алшын т.б. да тайпалардың тұқымы екенін ескерсек, осынау жалпақ жаһанның төсінде көшіп-қонып жүргені де жасырын емес. Әсіресе, Шыңғысхан шапқыншылығы дәуірінде торғайдай тозған қазақ халқы өзінің атамекені болған қасиетті күл төккен жерінен жыраққа босып кеткен қанды көштің куәсі болғаны да шын.

Қазақ халқының құрамындағы керейлер, наймандар, қоңыраттар, жалайырлар, меркіттер, дулаттар, қыпшақтар, қаңлылар... өз алдарына хандық құрған дербес мемлекеттер болатын.

Керей, найман сықылды ежелгі тайпалардың ХІІ- ХІІІ ғасырдағы мекені - Бес өзен (Орхон, Енисей, Керлин, Тамыр, Тула) аңғарларын өзек еткен бүгінгі Моңғолияның Қытаймен жалғасқан аймағындағы асқар таулар мен асау өзенді байтақ дала еді.

"Рашид-ад-Динның мәліметі бойынша, Әлкей Марғұлан керейлердің қыстаулары Алтай мен Қаңқуй (Ханхай) тауының ішінде болғанын, олардың ең атақтылары - Орен-қорық, Түс, Құласын, Өтеген, Құбақия екенін; атақты Оң ханның (шын аты Тұғырыл, Маркөздің немересі ) орталық қаласы Исақ Моңғол Алтайында болғанын жазады. Тағы бір астанасы Борсықатар өзені бойындағы Қара-қото. Ресей ғалымы Б.Козлов осы қаланың орнын тауып зерттеген. Керейлерден қалған Орхон жазуы бар құлпытас Биук-Туран өзенінің бойында тұр. Оған "алтын ілгекті кісені беліме буындым" деп жазылған.

Әлкей Марғұлан жазған керей, наймандардан қалған құлпытастар олардың түркі тайпалары екенін даусыз дәлелдейді.

Рашид-ад-Дин мен Марко Полоның айтуынша, ол кезде уақтар, қоңыраттар Оң ханға бағынатын" (17).

Қазақ халқының Шыңғысхан шапқыншылығына қарсы 20 жылдық қажырлы күресі жеңіліспен аяқтады. Елі мен жерін қорғау үшін шапқыншылыққа қарсы күрескен Тоқтабек, Бұйрық, Тұғырыл, Таян, Күшілүктер қан майдан­да қаза тапты. Шыңғысхан олардың алауыздығы мен быты­ран­дылығынан пайдаланып жеке-жеке талқандады. Ол қарсы­ласқандарға садақ, тізе бүккендерге табақ тартты. Үйсін қарт пен Көкше бақсыға төрден орын берді. Жалайыр тайпа­сынан шыққан Мұқалыны гоуаң ( мемлекет әмірі ) етіп таға­йындады. 1204 жылы тұтқынға түскен найман ханды­ғының бас уәзірі Татонғаны хатшылық қызметіне пайдала­нып, наймандардың ел басқару ережесін, жазу мәдениетін - бұдан бұрын найман, керей, меркіттер қолданып келген көне ұйғыр жазуын қабылдады.

Шыңғысхан әскерлері Жетісуға келгенде өз еркімен ел болған қарлық Арыстан ханға ( Балқаш көлінің жағасындағы Қиялық қаласын билеген) Шыңғысхан өз қызы Алқабикені атастырды. Іле алқабындағы Алмалық қаласында тұрып Жетісуды билеген қаңлы тайпасының ұлыс бегі Тұғырыл мен оның баласы Сұнақтегін өздерінің барлық әскерімен Шыңғысханға қосылғанда, Шыңғысхан Жошының үлкен қызы - Бикені Сұнақ ханға тегінге қосты(18). Шағатай хан Жоңғарияны мекендеген дулат тайпасының басшысы Ортөбеге (Әмір Болатшының атасы) өз еркімен ел болып еңбек сіңіргені үшін "Маңғылай сүбе" өңірін иелікке берді. Сөйтіп, Жоңғария мен Жетісу өңірі Шыңғысхан патшалығы­ның құрамына қосылды. Қазақ тайпалары бұдан былайғы жерде Шыңғысханның батысқа жасаған жорығына қосылып, әскери күшке айналды.

Шыңғысхан 1220 жылы Отырарды ойрандады.

"Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы бастаған қол Сыға­нақ, Сауран, Баршынкент, Жент, Үзкент қалаларын алды. Сырдария жағасындағы қалалардың алынуы Мауран­нахрға шабуыл жасауға жол ашты.

Отырар қаласы алынғаннан кейін Шағатай мен Өгедей бастаған қол Шыңғысханның өзі бастаған қолға қосылып жорыққа шығып, Бұхара мен Самарханды бағындырды. Шыңғысхан бастаған қалың қол 1220 жылдың мамырына дейін Орта Азияның Амудария жағалауына дейінгі барлық территорияны алып болды.

1221-1220 жылдардың қысында Хорезмді жаулап алды. Хорезм шаһы Мұхаммет қашып, Каспий теңізінің бір аралына барып өлді. Осыдан соң Орта Азияны жаулап алу аяқталды да, бұл арада соғыс қимылдары тоқтады.

1221 жылдың көктемінде соғыс қимылдары Қорасан, Ауғанстан және солтүстік Үндістан территориясына ойысты. Бұл өңірде үздіксіз қарсылық көрсеткен Жалалиденді (Хорезм шаһы Мұхамметтің баласы) Үнді өзеніне дейін қуалап барып, 1221 жылы 24 қарашада талқандады. Шыңғысханның қолбасылары Жебе ноян мен Сүбедей батыр бастаған 30 мың әскер Иранның оңтүстігін басып өтіп, 1220 жылы Кавказ тауларына барып грузиндер мен азербайжандардың бір бөлегін ойрандап, Каспийдің жағасымен жүріп отырып, аландардың жеріне жетіп (1222 жылы) оларды талқандады. Одан Қыпшақ даласына шығып, қыпшақ ханы Қотанның әскерлерін қиратты. 1223 жылы 31 мамырда Қалқа өзенінің бойында орыс жасақтарын жеңіп Днепр өзеніне дейін ығыстырып тастап, өздері Еділдің орта ағысына қарай келіп, қазіргі Қазақстан (шығыс дешті қыпшақ) жерін басып, 1224 жылы Ертіс өзені бойындағы Шыңғысханның ордасына қайтып келді. 1225 жылы Шыңғысхан Монғолияға қайтты. Сөйтіп, 1219-1224 жылдарда Қазақстан мен Орта Азия Шыңғысханның моңғол патшалығының құрамына енді" (19).

Өзі жаулаған жерлерді ұлдарына үлестіргенде Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер мен Каспий, Арал теңізіне дейінгі жерлер, Амударияның төменгі ағарлары, Сырдария өңірі түгелдей үлкен ұлы Жошыға қарады.

Шыңғысханның Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алуы (1219-1221) және ол жерлерді ұлыстарға бөлуі нәтижесінде, қазақ халқының басым көпшілігі Ертіс өзенінен Еділге дейін созылған Жошы ұлысының құрамына қосылып, алғашында Алтын Орда хандығына, кейін одан бөлінген Ақ Орда ханды­ғына қарады. Ежелден бері Іле алқабы мен Жетісу өңірін мекендеген үйсін, дулат, т.б тайпалар Шағатай хандығына қарады. Шағатай хандығы ыдыраған соң одан бөлінгендер Моғұлстанға бағынды. Алайда бұл алым-салық, әскер жинау­дың көлемі еді. Бұл хандықтар арасында қазіргі мемлекет шекарасы тәрізді шекара болған жоқ. Оның үстіне егінші елдер сияқты территориялық басқару жүйесі емес, ұлыстық басқару жүйесін тұтынған көшпелі тайпалар үшін бұл бөліктің шектемі шамалы ғана болды. Сол себепті, Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысына, Ақ Орда мен Моғұлстанға қарасты көшпелі қазақ тайпалары өріс қоныс­тарында үнемі бір- бірімен араласып, қыз алысып құдаласып отырды. "Моңғолдар өздері жаулап алған жерлерде басқару жүйесіне ешқандай өзгеріс енгізген жоқ, ел басқару, алым-салық жинау ісіне жергілікті феодал шонжарлар мен сауда­герлер көмектесті. Феодалдар белгілі бір аймақтардың жергі­лікті өкіл әкімдері болды"(20).

"Шыңғысханның батысқа жасаған жойқын жорығын моңғолдардың осы өлкелерге жаппай қоныс аударуы деп ұғынуға болмайды. Моңғолдардың негізгі халқы өзінің атамекені Моңғолияда болды. Соғыс жорығында тасқын селдей қаптаған қалың қол - 150 мыңнан астам салт атты әскер болғанымен, оның едәуір бөлегі жергілікті түркі тілдес тайпалардан қосылғандар еді. Моңғолиядан келген моңғол әскерлерінің басым көпшілігі жаулап алу міндетін орындаған соң тапқан олжаларын артынып-тартынып (1224-1225 жыл­дар­дағыдай) Моңғолияға қайтып кетті. Моңғолиядан батысқа қоныс аударған Жошы мен Шағатайдың қарамағындағы моң­ғолдардың да саны шамалы болатын. Шыңғысхан Жошыға 9 мың үй, Шағатайға 8 мың үй берген. Бұлар Орта Азия мен Қазақ жеріндегі өзі жаулап алған түркі тілдес тайпа­лардың телегей теңізіне шөгіп кетті.

Шыңғысхан жергілікті халықтың тіл-әдебиет, мәдениет, діни сенім, салт-санасына қысым жасамады. Қайта Жошы мен Шағатай ұлысына келген билік басындағы моңғолдар ұзаққа бармай-ақ жергілікті халықтың тілі мен мәдениетін қабылдап оларға сіңісіп кетті.

Шыңғысханның жаулап алу жорығы халықтың шаруашы­лығы мен мәдениетіне ауыр зардабын тигізгенімен, ертеден басталған қазақтың халық болып қалыптасу барысын бөгей алған жоқ. Қайта бытыранды қазақ тайпаларын біртұтас мемлекетке шоғырландырды. Тайпалар ара талан-таражды тыйды. Сөйтіп, қазақтың халық болып қалыптасу барысының одан ары дамуын тездетті(21).

Керей, найман, арғын тайпалары Жетісудан Ертіске дейінгі жерлерде, Тарбағатай, Алтай тауларының кең қойнауында өмір сүріп жатты.

Осыдан кейінгі бір мезгіл ішінде арт-артынан қазақ хандықтары құрылып, қазақтар бір мезет тыныш өмір сүрді.

1635 жылы ойрат тайпаларының одағы қалыптасып, бұл тарихта "жоңғарлар" деген атпен белгілі болды. Жоңғарлар ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың басында әскери қуаты жағынан мейілінше күшейді. Жоңғар ақсүйектері өздеріне іргелес жатқан қазақ жеріне ауыз сала бастады.

Батыр Хұнтайжының (1635-1653) тұсында қазақ-жоңғар қатынасы шиеленісе түсті. Жоңғарлар қазақ даласына үш рет қанды жорық жасап, қиян-кескі шайқас болды.

ХVІІ ғасырдың 80-жылдарында жоңғар феодалдары Оңтүстік Қа­зақ­стан мен Сырдария бойына бірнеше дүркін жорық жасады.

"Жоңғар билеушісі Суан Рабдан билік басына шыққаннан кейін, ХVІІ ғасырдың ақыры мен ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ жеріне жеті дүркін (1698, 1711, 1712, 1714, 1718, 1723, 1725 жылдарда) басып кірді" (22).Сөйтіп, қазақтар "ақтабан шұбырындыға" ұшырады.

"Ақтабан шұбырынды" қазақ тарихындағы қанды жылдардың ең үлкені болып, керей ұлысынан шыққан Қожаберген (1663-1762) жыраудың "Елім-ай" әнімен тарих бетіне таңбаланып қалды. "Елім-ай" ұзақ дастан түрінде айтылғанмен ел аузында аз шумақпен ән болып келеді:

"Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел- жұртынан айрылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Мына заман қай заман, қысқан заман,

Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

Мына заман қай заман, бағы заман,

Баяғыдай болар ма тағы заман. . .

Ата қоныс, туған жер қалғаннан соң

Көздің жасын көл қылып ағызамын"

1728 жылы қазақ қолы Алакөл маңында Бұланты өзенінің жағасында жоңғар әскерлеріне күйрете соққы беріп, оларды ауыр шығынға ұшыратты.

Осыдан кейінгі жеңісті шерулерге Абылай (1711-1781) тікелей қолбасылық етіп жоңғарларға арт-артынан соққы берді. Жоңғарлар арасындағы ішкі алауыздық және Чиң армиясының зор көлемдегі жазалау жорығы оларды күйреуге бет алдырды. 1757 жылға келгенде жоңғарлар біржолата талқандалды.

Осыдан кейін қытай-қазақ арасында арнайы келіссөз жүргізіліп, екі жақ бейбіт бітімге қол жеткізді.

Империялардың редакциялауынан өткен кейбір жазба деректер Абылай ханды Чиң үкіметіне (Еженханға) бағы­нышты етіп көрсетеді.

"Бұл арада, империялық өзімшіл ұғымдағы қытай шежі­релерінен бастау алып, кейінгі тарихқа көшкен бір қате дерекке назар аудару қажет. Абылай ешқашан өзінің халқын бодандыққа байламаған. Қытай императорының билігін мойындаймын, бағыныштымын деп ант бермеген. Абылай атынан жазылған мұндай құжат ешбір тарихта жоқ. Абылай елшілері Пекинде тек тату көршілік, бауырластық туралы ғана сөз қозғаған. Жүздесулер, келіссөздер барысында сарай ұлықтарының бодандық туралы ишаратын қабылдамай, табанды тойтарыс беріп отырған.

Сол кездегі дипломатия тіліне көшірсек, Чиң императоры мен қазақ ханының арасында "аға - інілі қатынас" орнайды. Ал, бұл кезде бодандық жүйе - "әке мен бала арасындағы қатынас" деп аталатын"(23). Абылай дипломатиялық саясат ұстанып қытай мен орысты бір-біріне "көзір" ретінде шебер пайдалана білген.

"Тауарих хамсада" жазылуынша, Чиң патшалығы үкіметі Дауачи мен Әмір-Сананың бүлігін тыныштандырғаннан кейін, қазақ, қалмақ арасындағы Аякөз өзеніне құйылатын Лайсу-Батпақсу деген жерде екі елдің басшылары келіссөз өткізіп, бітімге келеді. Бұған Чиң патшалығы үкіметі жібер­ген Қарадүрчүн деген мәнсапты Іледен келіп қатынасады. Олар көкқасқа айғыр, қарабас қошқар сойып, қолдарын қанға матырып: таланған мал, аққан қан салауат деседі.

Құрбанғали Халиди келтірген деректер бойынша бұл келіссөз 1757 жылы болғаны мәлім. "Екі жақ (қазақ-қалмақ) бітімге келгеннен кейін қазақтар ақырындап ілгерлей берді. Аякөз өзенінен өтіп Алакөлге, бер жағы Зайсан, Тарбағатай тауына шейін асты" (24).

Қытай деректерінде айтылуынша, қазақ елшілері Құттыбай (Құтыби), Абылайлардың талабы бойынша қазақтар 1760 жылы мамырда өз кезінде ойраттар жаулап алған Көксу, Барлық, Алтынеміл сияқты жерлерге, одан ары асып Іле өңіріне дейін мал өткізіп, ептеп көшіп келе бастаған.

Қазақтардың шығыс және шығыс оңтүстік бағыттағы көші Іле, Тарбағатай, Алтай сынды ежелгі мекендерін көздеп, ақырын-ақырын жылжи берді.

Ер Жәнібек батырдың бастауымен Сырдан ауып Орға келген, одан Бақанас, Балқаш, Шыңғыс бойын жайлаған ке­рейлер қазіргі Шығыс Қазақстанның Қалба тауына бауыр басады. Ертісті өрлей көшіп Самар, Көкбекті, Күршім, Марқакөл, Зайсан жерін мекендеп, Жеменей арқылы қазіргі Қытай жеріне өте бастайды.

"Қытай тарихи деректеріне қарағанда, Қытайдағы қазақтар Іле, Тарбағатай, Алтай сияқты атамекендеріне 1767 жылдан кейін қауырт оралған. 1766 жылы 17 сәуір күні Чиң патша­лығы үкіметі Іле генералына " Іленің жері ұлан байтақ, егер қазақтар келіп көшіп-қонып мал бақпаса болмайтын жерлер болса, тіпті келіп тұрақтап қалуды қаласа, оларға рұқсат етілсе болады. Қазірдің өзінде Татабай бастатқандар Жар өңіріне (Ұржар өңірі - Ж.Ш) келіп орналасыпты. Бұдан кейін келушілер де сол Ұржар маңына орналастырылса болады" деп бұйрық берген еді.

1767 жылы тамызда Чиң патшалығы үкіметі Абылай ханға "қазақ малшыларының Іле өңіріне келіп көшіп-қонып мал шаруашылығымен шұғылдануына болатындығын" ұқтырған еді. Сондықтан сол жылдың өзінде Абылайға қарасты 300 үй Тарбағатай өңіріне көшіп келді.

Абылай ханның Чиң патшалығы үкіметімен жан-жақтылы қарым -қатынас жасауын кезінде Қабанбай мен Жәнібек батырлар да батыл қолдаған. Үйсін қазақтары сонау ХVІІІ ғасырдың 60-жыларында-ақ Іле өңіріне көшіп келе бастаған. 1770 жылы (Чиянлұң жылнамасының 35-жылы) орта жүзден он екі абақ керейдің мың үйлі жаны Жеменей, Қобықсары өңіріне көшіп барған. 1790 жылы керей төресі Көгедай Пекинге барып Чиянлұң ханның қабылдауында болып гүңдік мәнсап алып қайтқан.

Наймандар мен уақтардың кейбір рулары да ХVІІІ ғасыр­дың 60-жылдарының соңынан Тарбағатай өңіріне келе бастаған.

Найманның қызай рулары алғашында Тарбағатай өңіріне (Тоқта- Барлыққа) келіп, мекенденіп, онан соң ХІХ ғасырдың соңында Бұратала арқылы Іле өңіріне барған(25).

Алтай мен Тарбағатай өңіріне арт-артынан көшіп келген қазақтарға өріс пен қоныс тағы да тарлық істеді де олар төңі­ректің төрт бұрышына тарала бастады. Алтай, Тарбаға­тайдағы бір бөлім қазақтар Баркөл, Шонжы, Жемсары, Фукаң, Санжы, Құтыби, Манас, Шиху, Сауан жерлеріне барып қоныстанды.

1860-1870 жылдарға келгенде Алтай қазақтары тағы да толқып, бір бөлімі Тарбағатай, Еренқабырға, Боғда, Қаратау, Сауан, Манас, Санжы, Мори, Баркөл жерлеріне ауды. Олар осы жерлерде бірқанша жыл тұрғаннан кейін бір бөлімі қайтадан Алтайға, бір бөлімі Моңғолияға көшті. 1873-1874 жылдары Алтайдағы керейдің барқы руының ру басылары Мұқы, Топай қатарлылар 35 ауыл, шамамен 350 үйді бастап Алтайдан Тарбағатай аймағының Жайыр тауына көшті. 1870 жылдың алды-артында, керейдің шеруші руынан Жылқышы, базарқұл руынан Көбеш жиыны 400-ден астам үйді бастап қазіргі Моңғолияның Баян-өлгей, Қобда аймақтарына көшіп кетті. Сол кезде Қобда Чиң үкіметіне тәуелді өңір болатын. 1890 жылы абақ керей руының қарақас, молқы, шұбарайғыр рулары тағы да сол Қобда жеріне көшті.

1883 жылы қазіргі Шіңгіл ауданында тұратын Бөке ауылы мың үйді бастап Боғда тауына көшіп барды. Бөке Санжыға көшіп барып шаңия мәнсабын алып, Алтай билеріне бой­ұсынудан бас тартып оларға алман-салық бермеді. Алтай билері Үрімжіге арыз беріп, оны ұстатпақшы болды. Бөке мұны білгеннен кейін 1903 жылы Тибет жеріне ауды. Бөке өлгеннен кейін олардың бір бөлімі Шынжаңның шығыс бөлегіне оралды. Бір бөлімі Моңғолияға өтіп кетті. Енді бір бөлімі қайтадан Алтайға көшіп барды.

1864 жылы Зайсан көлі өңіріндегі керейлер қоныс аударып, Алтай -Тарбағатай жерлеріне қоныстанды. Бір бөлімі Мори, Манасқа дейін барды.

1871 жылы қазақтың албан руының рубасы Тазабек орыс үстемдігіне қарсы көтеріліс жасап, жеңіліске ұшырады. Мыңнан артық түтінді бастап, Шонжы арқылы Ілеге келіп, Тоғызтарауға орналасып мал бақты.

1883 жылы қызай елінің тәйжісі Құдайменде, Байеке би және Сасан бастаған қазақтың үлкенді-кішілі ру басынан жиырмадай адам 3 мың үйді бастап Бұраталадан Ілеге көшіп барып, Күнес өңірін мекендеді.

Осы жылы Өр Алтайдан ауған мың неше үй Үрімжінің оңтүстігіне көшіп барды. 1884-1886 жылдар аралығында Жәке би бастаған мың түтін Зайсаннан Алтайдың Жеменей ауданына көшіп барды.

Қытай деректерінде жазылуынша,1907 жылы Тибеттегі уәзір:"қазақтар тибет жеріне келіп кірді, олар әбден тұқыржылаған екен. Қазірше мал бағуға орналастырдық. Шынжаң әскер шығарып қайтарып әкетсе екен" деп мәлімдеді. Ал осыдан екі жыл өткеннен кейін, яғни, 1909 жылы Лиянкой: " Тибетке барған қазақтарды қайтарып келу жұмысына арнаулы адам жіберіп, қазақ ру басыларымен бірге тұс-тұстан іздеп тауып, Тарбағатайға қайтарып келдік" деп мәлімдеді. Демек бұлардың Бөке ауғанда тибет жерінде қалған қазақтар екені белгілі.

1912 және 1913 жылы орыстардың желіктіруімен Моңғо­лия жағы Шіңгіл ауданындағы жазықсыз елді қырғындап, Тары бастаған мың үй Баркөлге аууға мәжбүр болды.

1916 жылы орыстардың (патшалық Ресейдің) әскер алуына қарсы шыққан албан руы мен қырғыздар қарулы көтеріліс жасап қырғынға ұшырады. Бұл тарихта "Қарқара көтерілісі" немесе "Албан қырылған" деген аттармен белгілі. Қырғынға ұшырап, жан сауғалаған 200 мыңға тарта қазақ-қырғыз арт-арты­нан Шынжаңға қашып өтті. Албандар Іле өңірін мекендеді.

Осыдан кейінгі жерде 1917-1920 жылдар аралығындағы Кеңестер одағының орнауы мен Азамат соғысының орын алуына байланысты ақтар мен қызылдардың қырқысы, 1925 жылдардан басталған Сталиннің қолшоқпары болған Ф. Голощекиннің (1876-1941) зұлматтарынан туындаған кампеске (тәркілеу), Алаш қозғалысы жетекшілерін жаппай қудалау, тұтқындау, жер аудару және ауылшаруашылығын зорлап ұйымдастыру, күштеп отырықшыландыру, 1931- 1932 жылғы қолдан жасалған аштық секілді аласапыран кезеңдерде қазіргі Қазақстан жеріндегі көптеген қазақ ауылдары арт-артынан Шынжаңға қашып барды.

Мұхаметжан Тынышбаев (1879-1937) жазған "Қазақ" үнқағазының (газетінің) 1917 жылғы 6 желтоқсандағы No254 санында: Қазақстандағы 44 болыс елде 47 мың 759 түтін болғанын, содан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан екендігін жазады. Ал, енді бір деректерде 1927-1953 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мың адамның қуғынға ұшырап, 25 мың адамның атылғаны, қазақтардың 42 пайызының аштықтан қырылғаны және бір милионға жақын адамның босып кеткені айтылады.

Қытай асқандардың көп бөлімі Іле, Тарбағатай, Алтай өңіріндегі бұрыннан бар қазақ бауырларына барып паналаса, бір бөлімі әртүрлі себептерден қазақ жеріне қайтып келген. "Тауқымет пен тағзым" атты кітапта берілген Жұмақан Күдериннің өмірдерегінде: "...1921-1922 жылдары Қытайға өтіп кеткен қазақтарды қайтару мақсатында құрылған ТУРЦИК комиссиясында еңбек етеді. 1923 жылы Қытайдан оралған алты мың қазақ босқындарын қоныстандырып, жұмысқа тұрғызды"(26) деп жазылған.

Өр Алтайдағы ұлт азаттық күресі қарсаңындағы әртүрлі алман-салықтың көбеюі мен халыққа қарата жүргізілген Қытай қырғындауларының себебінен 1935, 1936, 1937 жылда­ры Көктоғайдағы Сұлтаншәріп тәйжі ителі руынан мың үйді бастап ілгерінді-кейінді Гансу өлкесінің Дүнхуаң ауданына көшіп барды. Елісхан 400 адамды бастап Чиңхайдың Кіреку хошунына барды.

1941 жылдың басында Елісхан, Зайып бастаған үш мыңнан артық қазақ - Тибеттің Шычуанхы, Балжас деген жерлері арқылы Үндістанның Кашмир өңіріне өтті. Сол жылы олардан мыңнан астам адам өлді.

Мәнсұр тәйжі Құсайынұлының дерегі бойынша: "1951 жылы Құсайын тәйжінің баскөтерер жолдастары Дәлелхан Жанымхан, Нұрқожай Батыр, Хасен Батыр, Қалибек Хакім, Хамза, Омар Байқонақ, Шүкен Омарбай, Рақимолла, Қобдабай, Қабен, Қарамолла, Моллахмет, Нұрмұхаммедтер­мен бірге қазақ тарихындағы ең ұзын көштің алғашқы аялдамасы ілгерінді-кейінді болып Кашмир қаласына келеді. Ел бастаған ағаларымыз сол кезде Біріккен Ұлттар ұйымына шығып, сол арқылы отыруға үй, азды-көпті азық-түлік алдырады. Сол жерде ел есін жиып, ел азамат­тары жиналып болашақ ел қамын көп ойласады. Алда­рында бес жоспар болады: Біріншісі, Үндістанға тұрақтау; Екіншісі, Тайванға барып орналасу; Үшіншісі Америка Құрама Штаттарына барып тұру; Төртіншісі Мұсылман елі Арабстанға қоныс аудару; Бесіншісі қандас түрік халық­тарының бірі Түркия Республикасына орнығу болды.

Іске кіріскен зиялы қазақ басшылары өз бауырымыз деп Делидегі Түркия Республикасының елшілігіне "қазақ көшін қабылдау туралы" өтінішімен кірді. Берілген өтініш Түркия Республикасы Министрлер кабинетінде 13.03.1952 жылы қабылданып, қанағаттандырылды. Сонымен алғашқы қазақ көшінің құрамында 20 отбасы, 102 жан саны болды. Барған қазақ көшін Түркия Республикасы Стамбул қаласында күтіп алып, оларға сегіз ай өз мәдениеті мен дәстүрін, тілін, ділін үйретті. Сол аралықта қазақ қандастарға Түркияның Қайсар облысы, Деуелі, Яхиялы, Ильясты аудандарынан үй, жер бөлініп келгендерді сонда орналастырды.

Ал, артта қалған көш Түркияда орныққан қазақ бауыр­лар­дың жақсы жағдайын хат арқылы біліп, олар да 1953-1954 жылдар арасында бөлім-бөлім болып түркі тектес бауыр­ларға келіп қоныстанды. Олар 1850 жан, 675 отбасы еді.

Жоғарыда Түркия Республикасы бөліп берген төрт облы­сына жерлескен қазақтардың отбасы саны;

1 . Қайсар облысына 100 отбасы.

  1. Нигде облысына 234 отбасы.
  2. Кония облысына 160 отбасы.
  3. Ізмир облысына 160 отбасы

654 отбасы және 21 ұйғыр отбасы туысқандарымен барлығы 675 отбасы орналасты.

Сөйтіп, 1953 жылы Түркия үкіметінің бекітуімен Бірлес­кен Ұлттар Ұйымының атынан Үндістан, Пакистан, Ауған­стан қатарлы елдерге босқын болып өткен үш мыңнан артық қазақ Түркияға көшіп барып, негізінен Стамбул, Измир, Анкара, Бурса, Ескишемір, Кайсер секілді қалалар мен ауыл­дарға қоныстанды"(27). Толық емес деректерге негізделгенде ауған елдің алғашқы көшіндегі адам санының жиырма мың айналасында болғаны айтылады. Демек, жол бойында он жеті мыңнан артық адам әртүрлі қырғынға ұшыраған.

1962 жылы Қытай мен Кеңес одағы екі ел үкіметі "Шын­жаңдағы Кеңес одағы мұһажырларының еліне қайту құжат­тарын оңайластыру келісім-шартын" жасады. Осы келісім негізіндегі 1962 жылғы "Іле-Тарбағатай оқиғасына" байла­нысты Іле, Тарбағатай, Алтай өңірінен екі жүз мыңнан астам адам қазіргі қазақ жеріне өтті. Соның ішінде ілгерінді-кейінді Алтай жерінен 1954 жылы 280 отбасы, 1955 жылы 865 отбасы, 1956 жылы 138 отбасы, 1958 жылы 65 отбасы, 1959 жылы 178 отбасы, 1961 жылы 99 адам, 1962 жылы 63 отбасы, 1963 жылы 49 отбасы, 1964 жылы 2 отбасы "Кеңес одағының азаматы" куәлігімен Қазақстанға көшкен.

Ал 1956 жылы қазанда бұрынғы ауып кеткен елден (Моң­ғолия жерінен) 52 отбасы Алтай, Үрімжі өңіріне көшіп барған.

1984 жылы Чиңхайдан атамекен Алтайға көшіп барған отбасыларды айтпағанда Қытай қазақтарындағы көші-қон негізінен аяқтады.

1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін жұмыс, еңбек, оқу және туысқандық шарттармен бір бөлім Қытай қазақтары Қазақстанның әрбір жеріне көшіп келе бастады. 1991-1992 жылдары оқу және басқада жолдар­мен келгендерді айтпаған күннің өзінде, 1994 жылы жазушы Жақсылық Сәмитұлы бастауындағы А.Сағындықұлы, Т.Зәкенұлы, Ғ.Қалибекұлы, А.Ахметбекұлы секілді алғашқы бір топпен құйрық тістесіп С.Қапшықбаев, А.Қалиұлы, К.Елемесұлы, Д. Байтұрсынұлы, Д.Мәсімханұлы, У.Сәйпілұлы, Ж.Түркияұлы секілді зиялы қауым өкілдері бірінен соң бірі көшіп келді. 2000 жылдан кейін түрлі жол­мен келушілер саны қауырт көбейіп, қазірге дейінгі жалпы келгендер шамамен 10 мың отбасыдан асқан. Деседе, 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында ешқандай көші-қон келісім-шартының болмауына байланысты көштің аяқ алысы өте баяу болып отыр.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ БАСҚАРУ ЖҮЙЕЛЕРІ

Қытай мемлекеті ресми құрылудан ілгері Қытайдағы қазақтар "Қасымханның қасқа жолы", " Есімханның ескі жолы" дегендей ежелгі басқару түзіміне бағынып келді. Атап айтқанда, тайпалық басқару түзімін атқарып, әрбір адам белгілі тайпаға және руға тәуелді болды. Ең кіші қандастық топ ауыл деп аталды. Ауыл тұрғындары белгілі рудан құрал­ған болып, оны белгілі бет-беделі бар ауыл ақсақалы немесе байлығы мол атқа мінерлердің бірі басқарды.

Таяу тарихымыздағы бірнеше реткі шекара айыру туралы келісім шарттардан кейін (1864, 1881, 1884 жылғы ) әр ру-тайпа өзі отырған елдің тәуелдігіне бағынышты болды. Шынжаң жеріне қараған қазақтарды құрайтын керей, найман, уақ, албан, суан тайпалары да сондай рулық жүйенің басқару түзіміне бағынды. Әсіресе, жан санының көп бөлегін ұстайтын керей, найман тайпалары ірілі-ұсақты ру басыла­рына бағынышты болып келді. Рулардың жағдайын қысқаша айтар болсақ төмендегідей:

  1. Керейлер.

Керейлер ежелден Алтай тауын мекен еткен іргелі ел. Керей тайпасы жыл санауымыздан бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларда мәлім болған ұлыстар мен тайпалардың бірі. Қытай, парсы деректері және Әлкей Марғұлан секілді тарихшылар керейлерді "Санбилер тұсынан әлемге әйгілі қазақ тайпасы­ның бірі" деп жазған. Қытай және басқа да ұлт тілдерінде жазылған тарихи материалдарда керей елі "керейт" түрінде кездеседі. Мұндай деректер ХІV ғасырдағы парсы тарихшысы Рашидденнің "Жамих-ат тауарих" кітабында, Әбілғазы әл-Хорезмидің "Түрік шежіресінде" де бар. Бұл туралы тарих ғалымы М. Оразбай: "Керейт атауы болса, ескі күндердегі, ғұн елінің "кер" немесе "ғар" сөзінен өзгерген. Оның сол замандағы мағынасына келер болсақ, "асқақ", "жоғарғы", немесе "билік" деген мағынаны білдіреді. Қазіргі қазақ тілі мен моңғол тілінде сақталған сөздер ішінде де кездеседі. Айталық, қазақ тілінде "асқар", "талғар", "құз (ғ) ар" т.б. сөздерді еске алсаңыз, керейт сөзі де өзіне тән ескі жалғау, жұрнақтары "-ейт" арқылы "асқақтар" немесе "өрелі ел" деген мағынаны білдіреді.

Керейт мемлекеті, тарихта керемет кешулері мен шұғы­лалы ерлік ерекшелігімен көзге түсетін мемлекеттеріміздің бірі"(28) дегенді айтады.

Түркияның Анкара қаласында басылған "Ескі түрік қауымдары мен мемлекеттері" (1972 ж.) деген кітапта: "ертедегі түрік тектестерден көптеген аталар мемлекет құрып, дербес ел ретінде танылған. Олардың ішінде керейт мемле­кетін ерекше атауға болады" - дейді. Демек, керейт мемлекеті өзінің заң-түзімі, басқару жүйесі бар кемелді ел болғаны анық. Енді бір қызығы, жоңғарлар тынышталған 1757 жылдан кейін Сыр бойынан көшкен керейлер "Атамекеніміз Алтайға барамыз" - деп көштің бұйдасын ежелгі ата мекендеріне бұрған. Әрі Алтай тауларын бетке алып үдере көшкен. Қазірде керейлер Алтай аймағының алты аудан, бір қаласына, Тарбағатай аймағының Толы, Шиху, Сауан аудандарына және Шихудан Баркөлге дейінгі Тян Шань тауы өңіріне, Үрімжі, Санжы төңірегіне, сондай-ақ Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданына қоныс тепкен. Керейлер абақ керей, ашамайлы керей болып екіге бөлінеді. Ашамайлы керей негі­зінен Қазақстан жерін мекендеген. Олар өз ішінен: Балталы, Бағаналы, Сіргелі, Найзалы, Сибан сынды 5 атаға бөлінеді.

Ал абақ керейлер 12 үлкен руға бөлінеді. Олар: жәдік, жән­текей, шеруші, ителі, қарақас, молқы, шыбарайғыр, мер­кіт, жастабан, сарбас, көнсадақ, шимойын ( кейде шимо­йын­ның орнына құлтайболат алынып жүр ). Ал осы 12 үлкен ру ары қарай 78 ұсақ руға бөлінеді. Аристов: "10 ғасырдағы ке­рейлердің жан саны 900 мың адамға жеткен" деп жазған. Ал, қазіргі Қытай жеріндегі керейлер шамамен 700 мыңнан астам.

  1. Наймандар.

"Найман деген сөз төркіні ежелгі дәуірдегі ру аты болып табылады. Олар түрік текті ру еді. Олар ертеде моңғолдарға қараған ру болатын, сол кезде де найман деп аталатын"(29). Келтірілген дерек наймандардың Тарбағатай өңірінде хандық құрып тұрғанын тілге тиек етеді. Жоғарыда айтылған керей­лердің ежелгі мекені Алтайға көшкені секілді жоңғарлар тынышталғаннан кейін наймандар Тарбағатай өңірінде жаппай қоныстана бастаған. Ал ұлы жүз ұрпағы Ілеге бет алған. Бұ­дан ел құлағындағы ескі шежіренің әсерін байқауға бола­ды. Атадан балаға жалғасқан рулық шежіремен бірге баянда­латын мекен шежіресі де тектен-тек айтыла салмаған.

Қытай деректерінде айтылуынша наймандар мемлекеті өзіндік мәдениет қалыптастырған, ел басқару істерінде қатаң заң-түзімге бойұсынған қуатты ел болған.

Наймандар негізінен Тарбағатай аймағына, Іле аймағының бір бөлім аудандарына, Боратала моңғол облысының шекаралық аймағына, керей және басқа да рулар қоныстанған өңірлерге аралас қоныстанған.

Наймандар 9 руға бөлінеді. Олар: қаракерей, садыр, матай, ергенекті, бағаналы, балталы, терістаңбалы, шыршыт. Матайлардың ішіндегі қызайлар найман руы ішіндегі біршама өскен ру болып, олар: итемген, меңіс, бегімбет, дербес сынды төрт кіші руға бөлінеді. Қызайлар негізінен Іле өңірін мекен­дейді. Қытай жеріндегі наймандардың жан саны 700 мың шамасында.

  1. Албандар мен суандар.

Тарихи деректердің пайымынша үйсін мемлекеті тарих сахнасындағы ірі елдердің бірі болған. Олардың негізгі мекені Балқаштың Шығысы мен Іле өзенінің кең аңғарлары еді. Нәнді би, Елжау би секілді мемлекет басшылары бар, кемелді әкімшілік құрылымдағы құлдық түзімдегі ел болған. Халқын ондық түзім арқылы бөліп басқара білген.

Албандар сары, шыбыл болып екіге бөлінеді. Сарыдан: сүйерқұл, сүйменді, сүйерқұлдан-қожанбет, жарты, досалы, шоған(абыз), мәмбет(алжан), үмбет(шажа), сүймендіден-айт, бозым, шылбыдан: қызылбөрік, құртқамамай тарайды. Олар Іле аймағына қарасты Мұңғұлкүре, Текес, Тоғызтарау, Шапшал аудандарына қоныстанған. Суандар өз ішінен дос­бағыс, күнбағыс, тоғарыс, байтоқ сынды төрт үлкен руды құрай­ды. Іле аймағының Құлжа, Қорғас аудандарына қоныстанған. Шынжаңдағы албандар мен суандардың жан саны шамамен 150 мыңға жақын.

  1. Уақтар.

Уақ тайпасы - қазақтың ең ертедегі тайпаларының бірі. Бұ­рынғы заман жазбаларында уақ аты "ұңғұт" болып кездеседі.

Уақтардың бұрынғы өріс-қонысы Алтай тауы мен Ертіс өзені жағалауы болған. ХVІІІ ғасырдың соңында Тарбағатай аймағының Майлы-Жайыр өңіріне (Толы ауданына) көшіп келген. Алғашқы көшпен келгендер ескі уақ делінсе, 1830 жылдардың айналасында Барлық тауы маңына көшіп кел­гендерін жаңа уақтар деп атайды. Уақтар керей, найман­дар­мен аралас қоныстанумен бірге Тарбағатайдың Сауан ауданы маңына да көбірек мекендеген. Бір бөлімі Іле өңіріне қоныстанған.

Уақтар өз ішінен шоға, сарман, байназар, сарбағыш, ереніш, әлімбет, бидәлі, жансары, баржақсы, шайкөз секілді руларға бөлінеді: қытай жеріндегі уақтардың жан саны шамамен 100 мыңның айналасында.

Руларды басқару жағында жалпы қазақ ұлтының салт-дәстүрі сақталып келгенмен Қытай жеріндегі қазақтардың Чиң патшалығына (Еженханға) қарасты болуымен билік жүйесінде аздап өзгерістер болды.

Абылай хан тұсында "қиыр қонып, шет жайлаған" қазақ рулары қоныс жағынан Еженханға қарағанмен басқару билігі жағынан қазақ хандарынан қол үзгісі келмеді. Қазақ хан тұқымдарына билік тізгінін ұстатуды дәстүрге айналдырды. Бұл тұтас қазақ ұлтының қай ел, қай жерде отырса да бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығару сынды ұлттық ұжданы­ның шындық жүзіндегі көрінісі еді. Сол себепті де әрқайсы рулар әуелі хан тұқымынан төре тағайындап, соңында сол төре арқылы Чиң үкіметімен қарым-қатынас орнатып отырды. Бұл бір жағынан қарағанда Абылай ұстанған тату көршілік пен тең-қатар тұру саясатының тағы бір қырынан бейнеленуі болды.

"Чиң патшалығы үкіметі тұсындағы тарихи естеліктерде "батыс қазақтар" деген атпен қазақ тәйжісі Санияздың төртінші ұлы Қамбар қауымы да Тарбағатай жерін мекендеген деп жазылған. Бұл арада айтылған "батыс қазақтар" әсте кіші жүзге қарасты ру-тайпалар емес. Сірә, Тарбағатай өңірін мекендеген орта жүздің кейбір ру-тайпалары "батыс қазақтар" деп жазылса керек.

"Шынжаң деректерінде" жазылған шежіреде де, Тұрсыннан: Күшік, Ессадар, Барақ; Күшіктен: Әділ, Санияз, Абылай; Санияздан: Жадақ, Суық, Қасым, Қамбар, Тоқтокүшік, Жабай, Жанабек, Шыңғыс. Демек бұл дерек бойынша Қамбар - Санияздың төртінші ұлы. Ол 24 рулы елді (Ұтықты ) басқарады делінген. Оның балаларынан Суық 1783 жылы, Жабай 1786, 1790 жылдары патшаға амандаса Пекинге барған. Жанабек 1795 жылы бара жатқан жолында Ниңшияда өлген. Деректерде Қамбардың басқаруындағы 24 рулы елдің арасында байжігіттен басқа уақ, найман, ақ найман аталары бар делінген. Сол тұсқа қатысты деректердің бәрінде наймандардың Тарбағатай өңірінде көшіп-қонып жүргені анық. Санияздың бесінші ұлы Тоқтокүшік 1782 жылы патшаға амандаса барған. Сонда Санияздың жеті ұлы­ның төртеуі (бірі жолда өледі) патшаны жағалаған. Осының өзі де Санияз ұрпағы шекараға жақын (немесе шекара қара­уылдары ішіне келген) рулардың төрелері екенін дәлелдейді.

Ел аузынан алынған шежіре деректерде, қызай елін басқарған төрелердің ата бабалары Тұрсыннан тараған болып шығады. Яғни Тұрсын, Тұрсыннан Күшік, Күшіктен Әділ, Әділден Саман. Әділдің балаларынан Сатыбалдының 1790 жылы, Сатының 1795 жылы патшаға амандаса барғаны, Саитмордың 1809 жылы Жыңға келгенде шешек шығып қайтып кеткені "Шынжаң деректерінде" жазылған. "Шын­жаң деректерінде" Саманнан: Тоқжан (1795 жылы патшаға амандаса барған), Абылабес (Әбілпейіз), Нұрайсары (бірінші жолы 1803 жылы, екінші жолы 1809 жылы патшаға амандаса барған), Қуат, Лайсары атты бес ұлы болғаны да жазылған.

Жинақтай келгенде, Әділ, Санияз найман елін билеген төрелер - Санияздың ұрпағы Қамбар найманның байжігіт бастатқан руларын, Әділдің ұлы Саман қызай елін ("Сама" деп те аталады) билейді. Бұған қарай отырып, Қытайдағы тарихи деректерде жазылған "батыс қазақтар" - найманның кейбір рулары (байжігіт, қызай, т.б.) және бастабында Тарбағатай өңірін мекендеген кейбір керей (он екі абақ) рулары деуге болады. Осы қазақ рулары қытай шекара қа­рауылдары ішіне (Тарбағатай өңіріне) алдымен көшіп келген, атамекеніне алдымен оралған қазақ тайпалары болып табылады"(30).

"ХVІІІ ғасырдың соңғы жарымына келгенде, абақ керей әулеттері Ертістің оңтүстігінде Қалбадан Сауырға дейінгі, Ертістің солтүстігінен батыс Алтай тауының оңтүстік бетке­йінен тартып Қыран, Ертіс алқабына қоныстанған мезгілдерде хан нәсілі Әбілпейіздің бір баласын қалап әкеліп, абақ керей төресі етіп белгілеу керек деген ақылға келді. Сөйтіп, 1780 жылдардың ішінде Тауасар, Шегетай билер бастап, 17 адамнан құрам тапқан абақ керей ақыл иелері Әбілпейіз ханға барып, мән-жайды ұғындырып, бұйымтайларын айтады.

Әбілмәмбет ханның екінші баласы Әбілпейіздің Қанқожа, Жолшы (Жошы) бопы, Ағдай, Ақтай, Көгедай, Жабағы, Сәмен деген ұлдары болған екен. Әбілпейіздің алдыңғы бала­лары азамат болып кеткендіктен екінші әйелі қырғыз қызы Тұмар ханым мен оның Көгедай, Жабағы, Сәмен атты үш ұлын абақ керейдің талабы бойынша көшіріп береді. Сол кезде Көгедай 16 жаста, Сәмен 14 жаста, Жабағы 8 жаста екен. Сонымен 1788 жылы абақ керей елі Көкбекті деген жер­де ұлы дүбірлі жиын ашып, Көгедайды ақ киізге отырғы­зып, абақ керейдің төресі етіп сайлады. Сәмен, Жабағылар да абақ керейдің кіші руларына төре етіліп белгіленді. 1790 жылы Көгедай абақ керейдің сол кездегі атақты адамдарынан жәнтекей Барлыбай, шеруші Шұбаш, қарақас Байқан, молқы Жанторы қатарлылардың серік болуында Пекинге барып Чиянлұң патшаға кезікті. Чиянлұң патшасы Көгедайды "гүң" деп бекітіп, таңбалы қағаз беріп, мәнсап киімін кигізіп қайтарды. Абақ керей елі Чиң патшалығы үкіметіне 81 ат салық төлеп тұруға міндетті болды. Бұл атты ел кезінде "Сарноқтаның аты" деп атады. Хан тұқымынан Көгедайды әкеліп "төре" сайлауы, оны Еженханға жіберіп "гүң" шеніне ие етіп, Чиң патшалығы үкіметі таныған мәнсап иесіне айналдыруы абақ керей елінің саяси өміріндегі маңызды оқиға болды. Бұл жөнінде ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлы былай деп толғайды:

Үш бала төре болды абақ елге,

Жайылды аты шығып талай жерге,

Көгедай Еженханнан гүңдік шен ап,

Ұқсаған жан баспаған сары белге.

Сөйтіп, ХVІІІ ғасырдың соңғы кезінен бастап абақ керейдің билік жүйесіне төре билігі араласты да, 1830 жылдарға дейін абақ керей үлкен жақтан Көгедай және Ажы гүңнің басқаруында болып ішкі жұмыстарды ру ақсақалдары, билер бір жақтылы етіп келді. ХІХ ғасырдың 30-жылдарына таман келгенде, абақ керейдің ел іргесі кеңейіп түтін саны молайды. Толықсыған елді басқару Көгедайдың мұрагері Ажы гүңге жеңіл тимеді. Оның үстіне осы мезгілдегі абақ керей ақыл иелері, бүтін абақ керейдің тізгінін жалғыз Ажы гүңнің қолы­на ұстатқысы келмеді. Ажы гүңнің ел басқару тәсілінде, айтыл­ған биліктерінде, жасаған шешімдерінде әділетсіздіктер бар, Ажы төре төбе би болып сыртымыздан қарасын да абақ керейдің ішкі жұмыстарын ағайын берекесімен ынтымақты негізге алып, басқаратын би сайлап алуымыз қажет деп қарады. 1836 жылы қазіргі Буыршын ауданының орта жайлауы - "Үштаста" бүкіл абақ керейдің және абақ керей­мен бірге қоныстанып отырған найманның жарболды, бура руларының ру басылары, игі жақсылары, ақыл иесі ақсақал­дары бас қосқан дабыралы жиын оздырды. Бұл бас қосуға қанаттас отырған найман тайпасының дөртуыл руының төресі Дайыр өзіне қарасты билермен келді. Дұзақшыдан Қожамбет, байжігіттен Назар бастаған билер қатынасты. Бас қосу ең алдымен сайланатын билер санын, онан соң қандай адамдар сайлану қажет, оларға қойылатын талап не деген үш мәселе үстінде ақылдасу алып барды. Өзара кеңесе келіп олар дүние төртке тоқтайды. Алланың төрт періштесі, пайғамбардың төрт шаһаряры, ислам дінінің төрт мәзһабы болған. Бүкіл дүниенің де батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік аталған төрт жағы бар. Сондықтан төрт би сайлансын, ал, сайланатындар елдің игілікті ісі үшін, еңбегі сіңіп көзге түскен, сөзге шешен, іске тартымды, халық жұмысын меңгере алатын, әділ билік айтып ел берекесін қорғай алатындар сайлансын, бұлар іргелі ел, өскен рудан таңдалсын: өйткені сайланған би аз атаның баласы болса, өскен іргелі ел оның билігіне тоқтамайды деп келісті. Осы кеңесте қарақас Кене би " бұл сайланатындар жәнтекей мен жәдіктен болсын. Біздің қарақас, молқы билікке өкпелемейді. Ал, басқа керей баласына жәнтекей, жәдік есе бермейді" деген ұсыныс қойды. Кеңес Кене бидің ұсынысын орынды деп қарады. Нәтижеде -жәнтекейден Көкен Мамытұлы (1797-1879ж.ж), Топан Сатайұлы (1802-1892ж.ж), жәдіктен Бейсенбі Дөненбайұлы (1799-1872ж.ж), Құлыбек Жантеліұлы (1796-1852ж.ж) сайланды. Кеңеске қатынасқан абақ керейдің ел ағаларының атынан жәдік (тілеке) Маман би сайланған төрт биге: " келініңнен балаңды артық көрмейтін, балаңнан еліңді кем көрмейтін, қарақылды қақ жарған әділ би атаныңдар" - деп ақыл айтса, жәнтекей (ботақара) Шәу жырау қалың қауым алдында өлеңмен бата беріпті. Демек бұл дерек ХІХ ғасырдың 30-жылдарына кел­генде, абақ керей тайпасының (Алтай өңіріндегі) түтін саны 30 мыңға, жан саны (орта есеппен бір түтінге 5 жан деп есептегенде) 150 мыңға жеткендігін дәлелдейді. Абақ керей тайпасын билеген бір гүң 4 би аталған осы билік жүйесін халық "төрт би төре" деп атады. Төрт би төре билік жүргізген 1836 - 1883 жылдар аралығында абақ керей тайпасы сырттай Чиң патшалығы үкіметіне бағынып алман-салық төлеп тұрды да, ішкі жақта елтірі дауынан ердің құнына дейінгі жұмыстар осы төрт би төренің басқаруында болды. Бұл мезгілде, Алтай өңірінде Чиң патшалығы үкіметінің әкімшілік органы болмады.1884 жылы Шынжаң өлке болып құрылды. "Шын­жаң өлке болып құрылғанда Алтай мен Қобда ерекше аймақ болып, орталыққа төте бағынды. Оны Қобдада тұратын өкіл әкім (Санзан Дачын) басқарды". 1883 - 1905 жылдар аралы­ғында абақ керей тайпасы мекендеп тұрған Алтай өңіріндегі қазақтарда бір гүң, төрт би (үкірдай), екі амбы деп аталатын 7 адамдық билік жүйесі барлыққа келді. Ажы гүңнің мұраге­рі - Қасымқан Аждыұлы гүң, Көкеннің мұрагері - Жұртбай Көкенұлы би (үкірдай), Топанның мұрагері Бапы Топанұлы би (үкірдай), Бейсенбінің мұрагері - Оспан Бейсенбіұлы би (үкірдай), Құлыбектің мұрагері - Нашын Құлыбекұлы би (үкірдай) болып, алдыңғы 4 бидің билік орнын жалғастырды. Осылармен қатар Алтай өңірінде абақ кереймен аралас қоныстанып мекендеген найман руларынан Дүзбенбет Құмырсқаұлы амбы, төре-матай аталған руларға Оспан Жәнібекұлы амбы болып белгіленді. Алтай қазақтарының барлық үлкенді-кішілі істері осы жеті адамның біржақты етуімен ыңғайланып отырды.

Жазба деректерге негізделгенде, Көгедай "гүң" мәнсабын Пекинге барып Чиянлұң патшалығынан алып келген 1790 жылдан бастап 1919 жылға дейін Алтай өңірі ерекше аймақ болып орталыққа 129 жыл төте қарап тұрды. 1919 жылы Шынжаң өлкесіне қарасты етіліп қосылып берілді. Алтайдың мәнсап аттарымен билік жүйесінің Тарбағатай, Іле қатарлы аймақтармен парқы болуының тарихи себебі міне осы. Деректерге қарағанда, 1902 жылы Алтайға Ши Хың атты Шыңсай келіп орнықты. Бұл Чиң патша үкіметінің Алтай, Қобда өңіріндегі барлық қазақтарға билік ететін ең алғашқы органы еді. 1903 жылы Ши Шыңсай Алтай, Қобда қазақта­ры­ның ел басыларын шақырып жиын ашты. Жиында Шыңсай Алтай - Қобда өңіріндегі қазақтарға сол кезде Чиң патша үкіметі қалқа моңғолдарына қолданып келген "Ғар"-ға (қанат) бөліп басқару түзімін қолданатындығын; Қобда өңірін­дегі қазақтар мен қазіргі Көктоғай, Шіңгілді мекенденіп отыр­ған қазақтарды "оң қанат" (баруын ғар) етіп оған Сүгірбай Жылқышыұлын, Алтай өңіріндегі қалған қазақ­тарды "сол қанат" (зоуын ғар) деп оған Мәми Жұртбайұлын белгілегендігін ұқтырып жариялады. Бірақ бұл билікті мойындамайтын топтар шықты да, дәстүрлі билік жүйесі негізін сақтап қала берді.

Осыдан былай Алтай, Қобда өңірін мекендеген абақ керей тайпасы мен найман руларының ежелгі сақталып келе жатқан рулық билік жүйесінде елеулі өзгерістер туа бастады. Чиң патша үкіметінің Алтайдағы органы ел басқарудың қат-қабат билік құрылымдарын белгіледі.

1908-1909 жылдар шамасында ең алдымен Көктоғай, Шіңгілді мекендеген абақ керейдің молқы руынан Жуанған (Жота қажы деп те аталады) Мәйтіұлы, қарақас руынан Бітімші Тілеудіұлы, сарбас руынан Буратай Белдемшеұлы, жәнтекейдің шақабайынан Жапар Тарыұлы қатарлы адамдарға тәйжі мәнсабы берілді. Ел бұларды "Өрдің 4 тәй­жісі" деп атады. Ал, 1911 жылдан кейін Алтай өңірінде мәнсап тіпті де күшейе түсті. Манчиң әкімшілік билігінің сыртында уаң, тәйжі ( кейбір кезде амбы деп те аталады ), үкірдай, залың, зәңгі қатарлы 5 сатылы рулық билік жүйелері қалып­тасты. Бұдан басқа әр жүз үйге жүз басылары белгіленді.

Чиңхай төңкерісі жеңіске жеткеннен кейін 1913 жылы "Да зұңтұң сайлау (президент сайлау) жиынына" Алтай қазақтарының бір өкілі бару қажет болды. Алтай қазақта­рының ел басылары ақылдаса келіп, зұңтұң сайламына қаты­насатын Алтай қазақтарының өкілі етіп Закария Оспанұлын (әділ төре) белгіледі. Закария қасына Баймолла Қарекеұлы (меркіт) мен Аңсағанды (төре) ертіп Пекиндегі зұңтұң сайламына барып қатынасты. Минго үкіметі осы жолы Алтай еліне бір уаң, екі бейсі, бір фугүңдік лауазымына ие үш дәрежелі мәнсап берді. Әлен Жеңісханұлы - уаң, Мәми Жұртбайұлы мен Закария Оспанұлы - бейсі, Өміртай Нашы­нұлы - фугогүң болып белгіленді.

Осыдан былай қалыптасқан қат-қабат билік жүйесі Қытай елі азат болғанға дейін жалғасып келді. Жазба деректер мен тарихи аңыздарға қарағанда, уаң бүкіл абақ керейді билеген, мың түтінге толған руларға тәйжілік, 500 түтінге толған ру­лар­ға үкірдайлық, 200 түтінге толған руларға зәңгілік лауазым берілген. Ал, залың лауазымы түтін санына қаралмай үкірдай мен зәңгі арасындағы байланысшы лауазым болған. Залың қытай тілінде "золиң" - көмекші бастық дегенге мәндес келеді. Айтуларға қарағанда, тәйжі (амбы), үкірдай, залың, зәңгілерде үкімет орнынан берілген тас (ұқық белгісі) болған. Кейбір руларда залың болмай, зәңгілер үкірдайға төте қарасты болған. Кейбір кіші руларда зәңгі болмай тек залың ғана болған"(31).

Алтай өңіріндегі қазақтар мен Іле, Тарбағатай өңіріндегі қазақтардың рулық билік жүйесінің аталуында парықтар болды. Іле мен Тарбағатайда тәйжі аталған лауазым болмады. Ақалақшы, ілгідай, мампаң деген мәнсап аттары болды. "Іле, Тарбағатай аймақтарында мың үйге бір үкірдай (ақалақшы), бір ілгідай (мампаң), әр жүз үйге бір зәңгі, елу үйге елубасы, он үйге онбасы белгіленді. Бұл қазақтар өзі тұрған ауданның үкіметіне бағынды. Сондықтан Іле қазақтарында бір гүң (Әуелхан гүң), Тарбағатай қазақтарында бір гүң (Мамырбек гүң) болғанымен, іс жүзінде олардың ұқығы үкірдаймен шамалас еді. Алтайдағыдай үлкен болған жоқ"(32).

"Манчиң дәуірінде Іленің жергілікті әскери мекемесінің ең жоғары мәнсабы Іле генералы, Іле ақылшы амбысы және Іле қамалдары әскери қолбасылары болған. . . Іле генералы 1762 жылы қойылғаннан 1911 жылы Чиң патшалығы ауда­рыл­ғанға дейінгі 149 жыл ішінде 56 рет тағайындалған. 36 адам генералдық міндет атқарған. 1912 жылдан кейін Іле шега­ра қорғау ұлығы аса үлкен өзгерістер жасап кетпесе де моңғолдар мен қазақтарды басқарып, 25 жыл жүргізіліп, 5 адам тағайындалған.

Мингоның алғашқы жылдары Іледе 50 мыңнан астам қазақ бар еді. Оларға бұрынғыдай бір тәйжі тағайындалды. Рабат тәйжіге мингоның 2-жылы (1913 жылы) 2-айда фугогүң де­ген лауазым берілді. Бұдан сырттағы 5 ақалақшы тағайын­далды. Кейіннен Іледегі қазақтардың жан саны едәуір көбейгендіктен 28 ақалақшы қойылды. Мингоның 6-жылы (1917 жылы) Іле, Тарбағатай аймағы екіге бөлініп, Іле аймағы айырым аймақ болып құрылды.

Мингоның 10-жылы (1921 жылы) Іле аймағы Шынжаң екінші әкімшілік районына, мингоның 32-жылы (1943 жылы) Шынжаң екінші әкімшілік бақылаушы уәли мекемесіне өзгертілді...

1944 жылы 20 қарашада "Шығыс Түркістан респубылика­сы" құрылып, Әлихан (1885-1976) төрағалыққа тағайындал­ды. 1945 жылы үш аймақ төңкерістік үкіметі құрылды"(33).

"1912 жылғы Чинхай төңкерісінен 1928 жылдың жазына дейінгі 17 жыл аралығында Шынжаң - бюрократ милитарист Яң Зыңшинның үстемдігінде болды... Яң Зыңшин таққа шық­қаннан кейін бүкіл Шынжаңды бірлікке келтіруді біртіндеп жүзеге асырды. 1919 жылы Алтайды да Шынжаңға қарасты етті. Чиң патшалығының соңғы кездерінде Алтай бұрынғы Ұлас­тай қолбасының қол астында Қобда амбысының басқа­руында еді. Кейін Қобда мен Алтай бөліп басқарылды да, Алтайға іс басқарушы қойылып, Сарсүмбеде тұрды. Минго құрылғаннан кейін Алтай іс басқарушы амбысы Алтай іс басқару бастығы болып өзгертіліп, орталықтың тіке басқа­руында болды. 1911 жылы қарашада Моңғолияның "уақытша үкіметі" тәуелсіздік жариялады. . .

1928 жылы Жияң Жиеші атамандығындағы Нанжиң го­мин­даң үкіметі құрылды. 7 шілдеде Фан Яунан Шынжаң би­леу­шісі Яң Зыңшиңды өлтіріп, Жин Шурын билік басына шықты.

1933 жылы Шың Сысай Шынжаңның билеушісіне айналды" (34).

Шың Cысай Шынжаңды билеген тұста Шынжаң қазақта­рының өмірінде де көптеген өзгерістер туылды. Әуелде халықтық ағарту ісінің жолға қойылуы, мәдениет істеріне мән берілуі халық басына бір мезет жақсылықтар бағыштады.

Шәріпхан Көгедаев сынды елім деп еміренген ерлер ел басқару ісіне араласып, қазақтардың мәдени өмірі жандана түсті.

1937 жылғы сталиндік қырғынның Шынжаң жерінде жалғасын табуы халықтың кегін қозғады. Өр Алтайда Оспан батыр бастаған ұлт азаттық күрескерлері атқа мінді. Олар гоминдаңның әкімдік биліктерін аударып тастап, өз даласын қорғаудың ерлік шежіресін жазды.

1945 жылы Алтай Тарбағатай аймақтары қытайлардан азат болып қазақтар ел мен жерін өздері басқара бастады. Қазақ­тардың қан кешкен күресі 1949 жылға дейін жалғасып, билікке бой ұсынбайтын аласапыран күндерді бастан кешті. Бір қызығы, заман қанша аумалы-төкпелі болса да ел басқарудың қазақы дәстүрі 1940 жылдарға дейін өз жалғасын тауып отырған.

"Қытай төрағасы Маузыдұңмен Қытай армиясының бас қолбасышысы Жудының орналастыруына сай, Қытай қызыл армиясының 2, 6-корпустары 1-ші әскери полктың қолбас­шысы Уаң Жынның қолбасшылығында 1949 жылы қазанның 10-күні Шынжаңды азат етудің жорығын бастады. Шарлау­шы­лар қосынының соғыс автомобиль полкі полковник Ху Жияңның басшылығында 10 қазан күні Жию Шуаннан аттанып, 13 қазан күні Құмылға жетіп, 20 қазан күні сағат 15 те Үрімжі қаласына кірді. Іле-шала Уаңынмау, Голың басшылығындағы 2 корпустың бөлімдері және Лу Юанфа, Жаң Шияню басшылығындағы 6-корпустың бөлімдері Шынжаңның жер-жеріне келіп орналасты... 1949 жылы жел­тоқсанның 17-күні Шынжаң әскери районы мен Шынжаң өлкелік Халық үкіметі құрылды. Пыңдыхуай Шынжаң әскери районының бас қолбасшысы, қосымша саяси комиссар, Уаңжын бас қолбасшысының бірінші орынбасары, Таусию екінші орынбасары, Сәйпиден Әзези үшінші орынбасары болды. Шынжаң Халық үкіметіне Бұрһан Шаһиди төраға, Гаучиңшун, Сәйпиден Әзези төрағаның орынбасары болды. 1949 жылы желтоқсанның 20 күні Маузыдұңның бұйрығы бойынша үш аймақ ұлттық армиясы Қытай халық азаттық армиясының 5-корпусына өзгертіліп, Фатей Иванович Лескин (орыс) корпус командирі, Марғұл Сқақов (татар) корпус командирінің орынбасары, Зайыр Сауданов (ұйғыр) саяси комиссардың орынбасары болды (35).

Осылайша, 1949-1950 жылдан кейін ресми түрде Қытай Коммунистік партиясының басқаруына өткен қазақтар өмірінде көптеген өзгерістер болды. Коммунистік партияның біртұтас басқаратын билік жүйесі орнады. Барлық нәрсені бір ғана партия-коммунистік партия өз уысында ұстады. 1966 жылдан 1976 жылға дейінгі шалыс қадамын "төрт кісілік төбенің лаңы" немесе "мәдени төңкеріс" деп атаған қытайлар қазір " бір елде екі түзім" немесе "жұңгоша ерекшелікке ие социализм" дегенді өзінің басқару бағыты етіп келеді. Бұл дегендік қағаз жүзінде коммунистік партияның басқаруын­дағы социалистік түзім дегенді білдіргенімен іс жүзінде ка­пи­тализмнің эканомикалық бағытын ұстанады деген сөз.

Қытай мемлекетінің қазақтарды басқару саясаты автоно­мия түзімі арқылы жүргізіледі. Іле, Алтай, Тарбағатай үш аймақты өзек еткен Іле Қазақ автономиялы облысы, Санжы хұйзу автономиялы облысына қарасты Мори қазақ автоно­мия­лы ауданы, Құмыл аймағына қарасты Баркөл қазақ авто­но­миялы ауданы, Гансу өлкесіне қарайтын Ақсай қазақ авто­но­миялы ауданы бар. Бұларға автономия 1954 жылы берілген.

Қытай Халық Республикасының ұлттық территориялық автономия заңы ҚХР 6-кезекті мемлекеттік Халық Құрыл­тайының 2-мәжілісінде 1984 жылы 31 мамырда мақұлданған. 9-кезекті мемлекеттік Халық Құрылтайы тұрақты комитеті­нің 20-мәжілісінің 2001 жылғы 21 ақпандағы "Жуңхуа Халық Республкасының ұлттық территориялық автономия заңына өзгеріс енгізу туралы қаулысына сай" өзгерістерге ұшырады.

Автономия заңында автономия алған ұлтқа қаратылған төмендегідей жеңілдіктер бар:

"9-тармақта ұлттардың тек ұқықты, ынтымақты, бір-біріне қайырымды социалистік қатынасын жоғары дәрежелі мемлекет органдары да, ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары да қорғайды және дамытады. Әрқандай ұлтты кемсітуге және езуге тиым салынады, ұлттық ынты­мақты бүлдіретін және ұлттарды бөлшектейтін әрекеттерге тыйым салынады.

10-тармақта ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары өз жеріндегі ұлттар да өз ұлтының тіл-жазуын қолдану және дамыту бостандығы, өз салт-сана, әдет-ғұ­рыптарын сақтау немесе өзгерту бостандығы болуына кепілдік етеді.

11-тармақта ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары әр ұлт азаматтарының діни сенім бостандығына кепілдік етеді.

Мемлекет органдарының, қоғамдық ұйымдардың және жерлердің қай-қайсысының да азаматтарды дінге сенуге немесе дінге сенбеуге мәжбүрлеуіне, дінге сенген және дінге сенбеген азаматтарды кемсітуіне болмайды.

17-тармақта автономиялы районның төрағасы, автономия­лы облыстың бастығы, автономиялы ауданның әкімі терри­ториялық автономия алған ұлттардың азаматтарынан болады. Автономиялы райондық, автономиялы облыстық, автоно­миялы аудандық халық үкіметтерінің құрамындағы басқа адамдар территориялық автономия алған ұлт пен басқа да аз ұлт адамдарынан үйлесімді қойылу керек.

Ұлттық автономиялы жерлердің халық өкіметтері авто­номиялы районның төрағасы, автономиялы облыстың бас­ты­ғы, автономиялы ауданның әкімі жауапты бөлу түзімін жүргі­зеді. Автономиялы районның төрағасы, автономиялы обылыстың бастығы, автономиялы ауданның әкімі айырым-айы­рым сол дәрежелі халық өкіметтерінің қызметін басқарады.

21-тармақта ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары міндет атқарған кезде, өз ұлттық автономиялы жерінің автономия ережесіндегі белгілемелер бойынша сол жерде жалпылық қолданатын бір немесе бірнеше түрлі тіл-жазуды қолданды; Өз қызметінде жалпылық қолданылатын бірнеше түрлі тіл-жазуды қатар қолданатындар территория­лық автономия алған ұлттардың тіл-жазуын негіз етсе болады.

22-тармақта ұлттық автономиялы жерлердің автономиялы органдары социалистік құрылыстың қажетіне қарай, түрлі шаралар қолдана отырып, сол жердегі ұлттардан әр дәрежелі кадр­лерді, ғылым-техника, шаруашылық басқару, т.б. жақтардағы мамандар мен техник жұмысшыларды көптеп жетілдіріп, олардың ролін толық сәулелендіреді; сондай-ақ аз ұлт әйелдері арасынан әр дәрежелі кадр және әр түрлі кәсіптік-техникалық мамандар жетілдіруге назар аударады.

Ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары қызметкер қабылдаған кезде, территориялық автономия алған ұлттан және басқа да аз ұлттардан қызметкер алуды лайықты ескеру керек.

Ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары түрлі кәсіп адамдарын ерекше шаралар қолдана отырып, қамқорлық жасау, шабыттандыру арқылы автономиялы жерлердің түрлі құрылыс жұмыстарына тартады.

23-тармақта ұлттық автономиялы жерлердің кәсіпорын­дары, іс орындары мемлекеттің белгілемелері бойынша адам алғанда, алдымен аз ұлттан алады, сондай-ақ оларды ауыл-қыстақтар мен мал шаруашылық райондарындағы аз ұлт тұр­ғындарынан алуына болады"(36)-делінген.

Автономия саясатында "автономия құқын алған жерлерде сол ұлттың тіл, жазуы қолданылады. Сол ұлттың өкілі негізгі басшылық орында болады" делінген. Бірақ, Қытай рефор­масының тереңдеуіне байланысты автономия саясаты өз дәрежесінде атқарылмай отыр. Керісінше "барлығын бір ғана ұлттың атымен байланыстыратын" үрдіс күн сайын ұлғайып келеді.

Мектеп басқарудағы "қос тілдік", малшаруашылығындағы "отырықты отырып мал бағу" секілді замана ауқымы қазақ­тардың Алтай мен Атырау арасында айылын жимай көшіп-қонып жүретін далалық мінезі мен дарқан кеңдігін келмеске кетіргендей. Сол үшін де қазақтар "Аяз мүйізді қысады, мүйіз тұғылды қысады" деп мәтелдейді.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ

ТҰРМЫС-ТІРШІЛІГІ

Қытай қазақтарының негізгі мекені - Шынжаңның сол­түстік аумағы болып, табиғаты ерекше көркем өңір саналады. Суы бал, топырағы май, "тасы алтын, тауы күміс, ағашы жез" шұрайлы қоныс. Айналасы көк тіреген зеңгір таулар Алтайдың, Тянь-Шаньның, Тарбағатайдың қарлы шыңдары қоршаған Жоңғар ойпаты мен Іле ойпаты солтүстік Шын­жаңның "астық қамбасы", "жеміс-жидек бағы", "кен қойма­сы", "мал ырысы", "мұнай теңізі" деген атпен әлемге әйгілі.

Жоңғар ойпатының жиегінде он екі саладан тоғысқан әйгілі Ертіс өзені, Манас және Еміл өзені ағады. Іле ойпатында Текес,Қас, Күнес өзендерінен құралған Іле дариясы бар. Тянь-Шань, Алтай тауларының асқарындағы қалың қар мен мәңгілік мұздар сай-салаға сарқыраған бұлақтар сыйлап, баурайы жасыл желек жамылған жаннат бағындай елестейді. Ойпаттың ернеуіне жайнаған тәкаппар таулардың ауасы жұпар, шөбі шүйгін, суы тұнық болып малдың өсіп-өнуіне аса тиімді қолайлықтар жаратқан.

"Қоғалы көлдер, қом сулар", "балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған" жабағылы ту мекендегі қоңыр адырлар, жерінде жұт жүрмейтін түңкелі аймақты ұя қылған, жаз жайлау, қыс қыстау-бәрі де мал мен егінге арналған асыл өлке саналады.

Жалпы Шынжаң жерінің жер аумағы бір миллион 600 мың шаршы километр болып, бүкіл Қытай жерінің алтыдан бір бөлігін ұстайды. Онда 47 ұлтты құрамына алған 20 милионнан астам халық тұрады.

Ал, осының ішінде қазақтарды өзек еткен Іле қазақ автономиялы облысының жер аумағы 884 мың 800 шаршы километр шамасында болып, халық саны 4 миллион 83 мың 300 адам.

Малшаруашылығы

Ата-бабаларымыз болған сақтар, ғұндар, ұлы жүздер, үйсіндер, қаңлылар, аландар секілді көптеген көшпенді тайпалар мал бағуды негізгі тіршілік тірегі еткені белгілі. Сөйтіп қазақ халқының ата кәсібі - малшаруашылығы болып, неше мың жылдардан бері жылқы, сиыр, түйе, қой-ешкіден құралған төрт түлік малды бағып-қағып, "мінсек ат, жексек көлік, кисек киім, ішсек ас етіп" келдік.

Біздің заманымыздан бұрынғы VІІ ғасырдан ІІ ғасырға дейін дәурендеген сақтардың жылқы, сиыр, қой түліктерін өсіргені, қымыз ішетіні туралы деректер, ал біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ-ІІ ғасырлардан біздің заманымыздан бергі V ға­сырға дейін дәурендеген үйсін еліндегі байлардың алдының 4-5 мың жылқысы бар екені, Хан патшалығының ханшасы үйсін елінің билеушісі Елжау Күнбиге ұзатылғанда, үйсін­дердің қалыңмал үшін мың жылқы бергені, үйсін тұлпар­ларының атақты екені туралы "Ханнама" мен "Тарихнамада­ғы" деректер қазақ халқының ата-бабаларының ата заманнан малшаруашылығымен шұғылданғанын көрсетеді. Жылқы өсіру ерекше дамығандық­тан, тарихи деректерде жазылуын­ша, бұл елдердің атты жасақтары көп және аса айбынды болған.

Қытайдың ұлы жүз тайпасы жөніндегі жазба деректерінде олардың тұрмыс салттарының ғұндармен ұқсас болғанын айтады, әрі олардың көптеп мал өсіргендігін, "тұлпарлар елі" аталғанын айтады. Қытайдың ең ескі тарихи әңгімелер жинағының бірі "Тау, өзен шежіресінде" (Шаң-Хай-Жин) "ұлы жүздер тайпасының елінде неше жүз мыңдаған мініс көлігі ретінде қолданылатын жақсы аттары бар" деп жазыл­ған. Қытайдың VІІ ғасырда жасаған атақты тарихшы Шүй Сүн жазған "Хан хандығы тарихының батыс өңірлер жайлы бөліміне ескертпелер" атты кітапта да, ескі ұлы жүз тайпасы­ның жақсы аттары мен асыл тұқымды түліктері, тегене құйрық қойлары, әлемге әйгілі асыл сиырлары сөз болады. "Ханнамада" ұлы жүздерде жалғыз өркешті түйелердің болғаны айтылады.

Ежелгі тайпалар өздері өсірген жылқы тұқымдарын "Сақ жылқысы", "Ғұн жылқысы", "Үйсін жылқысы", "Қаңлы жыл­қысы", "Алан жылқысы", "Перғана жылқысы" - деп атаған. Айталық, "Мөде (Бақтұқ)" Тәңірқұты тұсында ғұндар жылқыны үйірлі көбейтуге ден қойып, жылқы басын мил­лионнан асырған, көк, қара, қан жирен, торы жылқы өсіріп, түсіне қарай табындастырған, "ер құнын, жесір құнын жылқы санымен өлшеуді заңдастырған. Ғұн елі 400 мың сар­баз ұстаған, әр жүз мыңына бірыңғай түсті ат мінгізген" (37).

Жоғарыда аты аталған тайпалардың қазіргі Қытайдың батыс өңірі - Дұнхуаң, Чилан тау аралығы, Алтай-Тарбағатай, Іле өңірі мен Қазақстанды өз ішіне алған Орта Азияның ұлан байтақ даласын өзіне қоныс, малына өріс етіп келгендігі мәлім. Бұл туралы Қытайдың қазақтанушы ғалымы Су Бихай: "қазақ халқы Алтай тауынан Каспий теңізіне дейінгі ұлан байтақ қазақ сахарасында ежелден бері, негізінен, малшаруашылығымен шұғылданып келді" дейді.

"Қытай археологтары 1960 жылдардан бері Алтай мен Іле өңірінен талай-талай асыл қазбалар тапқан. Соның ішінде ерте заманғы қазақ жылқы шаруашылығы тарихына байла­нысты Ертістің оң қанат өңіріндегі мұралардан қазып алын­ған сақ сарбаздарының табыты, мінген тұлпары, жүгені; Күнестен табылған шошақ бөрікті сақ сарбаздарының мүсіні, ежелгі жартас суреттері, Санжының Алтынкөл қыстағы Кендіржұрт маңындағы моладан сақ сарбаздарының тұлпа­рының мүрдесі мен ер-тұрман, жүген, тағы басқада асыл мұраларды тапқан. Ғалымдар бұл мұраларды мұнан 2 мың жыл ілгері жасаған сақ жұртының мұрасы деп дәлелдеген"(38).

Шынжаңның Шағантоғай ауданының Қызылбастау деген жеріндегі жартас суретінен, Қаба ауданынан табылған жартас суреттерінен, Көктоғай ауданының таңбалы тасынан табылған суреттерден, Мишуан ауданы Теректі ауылы Діңгек қыста­ғындағы жартас суретінен мал бағып жүрген адам бейнесі және әр түлік мал суреттері табылған. Мұны зерттеген ғалымдар біздің малшаруашылық тарихымызды өте арыдан іздейді. Демек ата-бабаларымыздан қалған сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Қытайдағы қазақтар өзінің байырғы мекені Іле, Тарбағатай, Алтайға қайтадан бауыр басқанда да сол төрт түлік малымен бірге көшіп келген. Әрі малды өмірінің өзегіне айналдырып отырды.

Шынжаңдағы қазақтардың мал бағу дәуірі төрт кезеңді бастан кешірді. Бірінші кезең 1949 жылға дейінгі кезең бұл жылдар шетелге көшіп кеткендер немесе көшіп келгендер санының көп болуы немесе әртүрлі аласапыран жағдай мал басын тұрақты ұстауға мүмкіндік бермеген өтпелі дәуір болды. Екінші 1949 жылдан 1966 жылға дейінгі кезең болып, қолда бар мал саны 10 миллион 380 бастан 26 миллион 970 мың басқа көбейді. Үшіншісі 1966 жылдан 1977жылға дейін "мәдениет төңкерісін" қамтыған кезең болып мал басы 24-25 миллион айналасында болды. Төртінші кезең, 1977 жылдан қазірге дейінгі аралық (2005 жылы) болып, мал басы 53 миллионға жетті. Мал қажеті үшін пайдаланылатын 700 миллион мулық жаратылыстық жайлымы бар.

1952 жылы Шынжаң өлкелік өкімет төрағасы Бұрһан "мал шаруашылық район қызметі туралы" баяндамасында комму­нистердің мал шаруашылығына деген ашық көзқарасын жеткізген еді. Онда жартылай капиталистік идеяны дәріпте­ген болатын. 1954-1956 жылдарда Шынжаң бюросының бірінші секратары Уаңынмау "малшаруашылық өңірлеріне социалистік өзгеріс жасау, ұжымдастыру" ұранын көтерді.

"Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын" дейтін баяғы кеңестік империяның кебінін киген Қытайдағы қазақтар 1958 жылы жаңа құрылған коммунаның ортақ қазанына телміріп, малды коллективтің (ұжымның) біртұтас иелігіне өткізді.

1978 жылғы Қытайдың 11-кезекті жалпы мәжілісі күллі қытай ұлты қатарындағы қазақтардың да есін жидырып, еңсесін көтертті.1984 жылдан бастап, "малды бағаға сынды­рып, жекелерге көтереге беру, біржолата сатып беру, жайылым жерлерді жеке шаруаларға бөліп беру" дейтін саясат қазақ қауымына да көптеген тиімділіктер әкелді.

Малшаруашылығы құрылымына жүргізілген батыл өзгерістер қапаста отырған қалың халыққа жан бағудың жаңа жолын көрсетті. "Ортақ өгізден оңаша бұзау артық" деп білетін қазақтар төрт түлігі алдына түскенде төбесі көкке жеткендей қуанды.

Қазақ шаруалары малшаруашылығымен қанаттас сан-салалы шаруашылықты жолға қойып, отбасында ең алдымен қой, сиыр, жылқы, түйе түліктерін өсіруден сырт, қоныс­танған жерінің ыңғайына қарай біреулер бұғы өсірсе, біреулер жемшөп мәнерлеп базарға шығарды. Біреулер балықшылық­пен айналысса, біреулер тауық, қаз, үйрек бақты. Енді біреу­лер атасында көрмегенді ботасында көріп, әртүрлі жеміс-жидек, мақта егу, көкөніс өсірумен айналысты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дүниежүзілік астық жоспар­лау мекемесі кірісі төмен, астығы аз елдерге тегін көмек беріп отыратын халықаралық орган. 1985 жылы Алтай аймағы сол органның Пекиндегі басқармасы арқылы Алтайдағы малшы қауымға көмек беруін өтінген болатын. Дүниежүзілік астық жобалау мекемесі (WFP) қайта-қайта адам жіберіп тексеру арқылы 1987 жылы маусымда Алтай аймағына көмек беруді бекітті. Осы көмек өзінің естелікке алынған ретіне қарай "2817 құрылыс" деп аталды.

1987 жылы қыркүйекте WFP - Қытай үкіметі "2817 құры­лыс" жұмысын атқару келісім шартына Пекинде қол қойды.

Алғашқы жоспар бойынша игерілетін 600 мың му тың жердің 460 мың муына шөп (жоңышқа) егілетін, 68 мың муына ағаш егілетін болды. Қалған бөлігін малшылардың тұрғын үй, мал қоралары және атыз-арық, су құрылысы иелей­ді деп есептелінді. Осы айбынды құрылыстың көп бө­лі­мі 1990 жылға дейін орындалып, осы мезгіл ішінде 350 мың му тың жер игеріліп, оның 200 мың мудан астамына жо­ңышқа егілді. Кейбір малшылар оны жылына екі рет шауып игіліктенді. 23 мың му жерге ағаш егілді. Екі мыңнан астам қазақ малшы отбасы келіп, үй-жай салып отырықтанды.

2000 жылдарға келгенде Шынжаң бойынша 115 мың малшы отырықты орында отырып мал бағуды жүзеге асырды. Малды отырықты орында отырып бағудың қажетіне қарай жайылым сапасын өсіру, қоршамалы жайылым жасау істері де көрнекті өнімділікке қол жеткізді.

Мал бағуға ғылым көзімен қарау етек алғандықтан әртүрлі техникаларды жалпыластыру ісі кеңінен жүргізілді. Мал тұқымын сапаландыру, асыл тұқымдарды сұрыптау, етті сиыр, етті қой бағу, сүт-жұмыртқа өнімдерін шығару, көп төлділік, жемшөп мәнерлеу секілді шығынды азайтып, пайданы көбейтуге арналған түйіндер малшаруашылығының дамуына көптеп үлес қосты.

Мал тұқымын асылдандыруға мән бергендіктен соңғы бірнеше жыл ішінде Шынжаңға Австралия, Канада, АҚШ секілді елдерден 11 мың 760 бас асыл тұқымды сауын сиыр кіргізген. Шынжаңдағы күнделікті өндірілетін сүт өнімде­рінің өзі 3 мың тоннадан асқан.

Қытай қазақтары малданып келген түліктен тарихтан бері атақтылары Іле жылқысы мен Алтай тегене құйрық қойы болды. Іле жылқысы - бұдан екі мың жылдың ар жағында "Ханнама" мен "Тарихнамаға" аты түскен үйсін жылқысы­ның тұқымы болса керек. Қазірдің өзінде әскери сайгүлікте Іле аты мен Баркөл аты өте атақты болып отыр. Олар қазақ қойын өсіруден сырт, биязы жүнді, нәсілді меринос қойын да молынан өсіретін болды. Мемлекет таныған асыл тұқым­дардан Шынжаң биязы жүнді қойы, Жұңго меринос қойы­ның Шынжаң сорты, Іле жылқысы, Шынжаң қоңыр сиыры секілді таңдаулы тұқымдар бар.

"Ақты сатпа" дейтін ескі әдетті қайырып тастаған қазақ қыз-жігіттері тері-терсек, жүн-жұрқа, құрт-май, еттен тартып базарға шығарып сататын жаңа ауқым қалыптастырды.

Соның нәтижесінде төрт түлік мал баққан қазақ малшы­ларының күн көрісі жақсара түсті. Бір кездері "байларды құртамыз, кедейлерді жарылқаймыз" деп айғай-сүренге басқан қоғам енді "бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы" дегенді қайтадан айта бастады.

Мал бағуды өзек еткен Алтай аймағының 1949 жылғы мал басы 348 мың болса, 2005 жылдарға келгенде 5 миллион 283 мың басқа жетті.

Егіншілігі

Қазақ халқы малшаруашылығымен бірге егіншілікпен де шұғылданған, қазақтар басты өнімдерден: бидай, арпа, тары, жүгері, күріш, қонақ, картоп секілділерді өсіріп отырған.

"Сақтар мал өсіруден сырт егіншілікпен де айналысқан. Кеңес Одағы археологтары 1954 жылы Іле аңғары өңірінде жүргізген археологиялық тексеру-қазу жұмыстары барысын­да үйсіндердің молаларынан дәнді дақыл мен егіс құрал-жабдықтарын (шаңтас, диірмен тасы, мыс орақ, т.б.) тапқан. Грек тарихшыларының жазып қалдыруынша, үйсіндерден ілгері тарих бетіне "сақ", "скиф" деген атпен аталған қазақ­тың ата-бабалары малшаруашылығымен ғана емес, егін­шілікпен де шұғылданған. Олар тары, арпа, бидай еге біліпті.

Үйсіндер Хан патшалығымен саяси сипатты құдалық бай­ла­ныс орнатып, ғұндарға қарсы жеңісті жорықтар жасағаннан кейін, үйсін астанасы Шығу қаласына келіп тұрған Хан пат­шалығы әскерлерінің тың игеріп, егіншілікпен шұғылда­нып астықпен өздерін қамдауы үйсін елінде егіншіліктің көле­мі кеңеюіне, дамуына ықпал көрсеткен деп айтуға болады.

Қытайдың тарихи кітаптарында жазылуынша, қазақтың тегіне тығыз қатысты ғұндармен, үйсіндермен қатар жасаған ұлы жүздер өзен алқаптарында егіншілікпен айналысқан. Ал оларды қоныстарынан ығыстырып жіберген үйсіндер Іле - Жетісу өңіріне келіп қоныстанған соң, жартылай егіншілікпен шұғылданған.

1962-1963 жылдары Мұңғұлкүре ауданының Шаты де­ген жеріндегі археологиялық тексеру тұсында үйсін елінің молаларынан қоладан жасалған орақтың, темір соқаның (салмағы 3 килограмм) табылуы үйсіндердің отырықтанып, егіншілік мәденитін едәуір дамытқанын көрсетеді. Қазақ­стандағы Ақтас қыстау қонысынан 11 қол диірмен тұтас кү­йінде табылған. Олардың бәрі кезінде ұзақ пайдаланған­дықтан әбден тозып кетіпті. Ал үйсіндердің молаларында қол диірмен жиі кездеседі. Үйсіндер суармалы егіншілікпен де айналыса білген. Археологтардың Ақтас қыстау қонысынан егін суаратын арықтар сорабының табылуы да мұны дәлел­дейді"(39).

Қытай деректерінде айтылуынша, 1772 жылы Ши-анның тексеруші әкімі Уын Шу Батысқа сапарлай кетіп бара жатқан жолында қазіргі Баркөл сахарасын басып өтеді. Қайта оралған тұста жолшыбай көрген-білгендерін Чиан Лұң патшаға былай деп аңыз етеді: "Кең байтақ Баркөл даласында бітік өскен алтындайын сары бидай жайқала толқиды. Көркем өңірдің осы бір көз тартарлық көрінісінен тоқшылық нышаны байқа­лады. Қала қорғанының іші-сырты иін тірескен үй, дүкен. Көтермеші, саудагер, жайын бұқара дегенің қайшалысып жол бермейді".

Қазақтар тарихындағы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" секілді қандыбалақ жылдар бір мезет егіншілікпен арнайы айналысуға мүмкіндік бермесе де, жоңғарлар тыныш­талып өз мекендеріне қайта оралған соң қосымша күн көріс ретінде егіншілікпен де айналысқан. Егіншілікпен айналыс­қандарды ол кездерде "жатақ" деп атаған.

Тарихи деректерге негізделгенде сол "жатақтар" жалаң егін ғана егіп қалмастан әртүрлі жеміс ағаштарын өсіру, балықшылық және басқа да жұмыстармен айналыса білген.

Құнанбай қажы Өр Алтайға барғанда алдына шыққан әйгілі бай Шәкудің жас кезінде темекі егіп, қосымша аңшы­лықпен шұғылданғаны аңыз етіледі.

Қытайдағы қазақтардың егіншілік өндіріспен айналысуына келсек, кейінгі жылдары олардың ата-бабасынан жер емшегін еміп өскен қытай ұлтынан көп нәрселер үйренгені жасырын емес.

Алтай жерінде тоғаншы Кеншін Қияқбайұлының (1788-1881) тартқан арық, тоғандарының ескі сораптары әлі бар. Кейбіреуі қазірге дейін пайдаланылып келеді.

1867 жылы "Қызылаяқтар шапқыншылығы" тұсында Алтай жеріне барып қолға түскен қытайларды Мәми бейсінің әкесі Жұртбай би қазіргі Алтай қаласының Тұлты (Қызылтас) деген жерінде егін еккізеді. Әрі қазақтарды олардан үйреніп, егін егуге шақырады.

Іленің Текес ауданының Қарадала деген жерінде 1916 жылы Оралбай Молдажанұлы тоған алып, елді егіншілікке бастаған.

1950 жылы Қытай қызыл армиясы Шынжаң жеріне кір­ген­нен кейін бағынышты болған Гоминдаң армиясын құра­мына алған арнайы он төрт егіншілік дивизиясы (185 полк) жер-жерде тың ашып, егіншілікпен айналысты. Осы қатарда қазақ қауымы да егіншілікті қосымша кәсіп етті. 1950 жыл­дардың ақыры мен 1960 жылдардың басына келгенде Мау Зыдұңның "Астықты мол жинау, үңгірді терең қазу" дейтін бағытына байланысты астық егу барынша етек алды. Бірақ алынған астықты халыққа жегізбей қолдан жасалған аштық елді барынша тұралатты. Аштықтан өлген қазақтардың өзі бірнеше мыңға жетті. 1962 жылдан бір ғана мысал айтар болсақ, сол жылы Алтайдың Жеменей ауданынан Бурылтоғай ауданының Қарамағай жеріне айдап апарылып, еңбекке жегілген 275 адам және жұмысқа қуылған ауыл тұрғында­рының 90 сәбиі аштықтан, азаптан дерліктей қырылған.

1966 жылдан 1976 жылға дейінгі он жылды есептемегенде 1978 жылдан кейін Қытайдағы егінші қауымның тіршілігі қайтадан жандана бастады. 1984 жылға келгенде жерді жеке­лерге көтереге беру, жоспарлы шаруашылық, өнімді артты­ру бағыты жер емшегін емушілерге жаңа серпін бағыштады.

Арнайы егіншілік өңір саналмайтын бір ғана Алтай аймағын айтар болсақ, 1949 жылы бүкіл аймақтағы егілген жер 119 мың му болып, оның жылдық өнімі 6735 тонна ғана болған. Ал 1990 жылдарға келгенде егістік жер көлемі 1 миллион 391 мың муға, бұдан алынатын жылдық өнім 127 мың тоннаға жеткен.

Ал "астық қоймасы" аталған Құлжа ауданының 67 мың гектар егіндігі, 280 мың гектар жайылымы, 20 мың гектар жазғы тоғайы бар. Іле өзенінің екі жағалауы 50 неше мың шаршы километрлік құнарлы алқапта күріш пен бидай жайқала өседі. ШҰАР бойынша ірі астық өңірі болып, өнімдері Қытайдың ішкі қалаларынан қалса шет елдерге дейін шығарылады.

Қытай елінің жерге бағышталған саясатының мемлекет және жекеге тиімді екі саласы бар. Реформаның алғашқы жылдары (1984-1985 жылдары) жерді жекеге біржолата бермей, алған өнімнің мәлім пайызын үкіметке тапсыру түзімін атқарған еді, жекелер жер өнімінің қыр-сырын білгеннен кейін ғана жерді қысқа мерзімдік жалға беруді жолға қойды. Бірақ, қандай жағдайда да жер жекенің иелігіне түбегейлі өтпейді. Мейлі егістіктік, мейлі құрылыстық жерлердің бір ғана иесі - мемлекет саналады.

Жерге өнім еккен жағдайда үкімет көктемгі егістіктен бұрын күзгі өнімді қалай жинап алу, оны қалай базарлаудың жоспарын күн ілгері ұсынып отырады. Әрі егіншілерге көк­темде өсімсіз қарыз таратып, күзгі өнім жинаған кезде қайта­ру қолайлығын жаратып береді. Жоғарыдағы қолайлықтар егіншілердің белсенділігін арттырып, оларды сүйемелдеуге жағдай жаратқан. Сол пайдаланылған жерге жыл сайын салық тапсырады. Бұл мемлекеттің пайдасына шешілген.

Саудасы

"Қазақтың тегіне тығыз қатысты ертедегі үйсін елі біздің заманымыздан бұрын-ақ көршілес елдермен сауда қарым-қатынасын жасаған. Шалғын шөп, тұнық су қуалап мал бағатын, көшпелі ел жөнінен алғанда, киім-кешек, ыдыс-аяқ жақтағы қажеті үшін отырықты егіншілікпен, қолөнер кәсібімен айналысатын халықтар (ертедегі тайпалар, ұлыстар) ара айырбас жасасып отыру табиғи қажеттілік еді.

"Ханнама" мен "Тарихнамадағы" деректерге қарағанда, Хан патшалығы мен үйсін арасында барыс-келістің күшеюіне ілесіп экономика және мәдениет жақтағы қатынастар да күшейіп отырған. Еліміз бен ертедегі батыс елдері арасындағы сауда керуен жолы - "Жібек жолы" осы үйсіндер мекенінен өтетін. "Жібек жолы" саудасы Хан патшалығы дәуірінен көп бұрын басталған да, одан кейін бұрынғыдан да дами түскен. Жаң Чияннан бастап батыс өңірге, сондай-ақ үйсіндерге келген елшілер керекті азық-түлікті, ат-көлікті өздері алып жүрген бұйымдарына ауыстырып отырған. Хан патшалығы­мен, өзге елдермен айырбаста үйсін жылқысы ерекше орын ұстаған. Үйсіндердің байларында төрт-бес мың жылқы болатын. Олар өзіне қажетті азық түлікті, киім-кешек, ыдыс-аяқты және сол сияқты басқа да бұйымдарды, әрине, жылқыға айырбастап алатын. Бұл тұста үйсіндер мекенінен өтетін "Жібек жолының" рөлі өте үлкен болған.

Ертедегі үйсіндер мекеніндегі түркі тайпалар Түрік хандығы дәуірінде батыс түріктер құрамында болған еді. Батыс түріктердің қағаны Естеми Қытайдың ішкі өлкелерін­дегі жібектің сыртқа шығарылуына жол ашқан. Ол жол ортада ирандықтар жасаған кедергіні бұзып тастау үшін 567 жылы Римге елші жіберіп, байланыс орнатты. Рим билеушісі де Түрік хандығына елші жібереді. Олар Естеми қағанмен кездесті. Осылайша "Жібек жолы" саудасы тоқтаусыз жүріп жатты.

Түркештердің, қарлықтардың ішкі Қытайдағы және Орта Азиядағы егін салатын елдермен жылқы, басқа да мал саудасы тоқтап көрмеген. Түркеш хандығының астанасы Суяб кезінде үлкен сауда орталығы болған. . .

ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақтың орта жүз бен ұлы жүзге қарасты көптеген ру-тайпалары өзінің ежелгі атамекеніне қайта оралуына байланысты сауда қарым-қатынасы онан ары дамыды.

1851 жылғы "Іле - Тарбағатай сауда ережесі", 1862 жылғы "Құрлық жолы арқылы сауда жасау ережесі", 1881 жылғы "Қайта жасалған құрлық жолы арқылы сауда жасау ережесі" деген теңсіз шарттар арқылы жасалған Қытай мен патшалық Ресей арасындағы сауда қарым-қатынасында қазақтар Ресеймен болған саудаға тікелей (немесе жанамалай) араласып отырды"(40).

1758 жылы қыркүйекте Абылай хан Қабанбайға жылқы айдатып Үрімжіге жіберді. Сөйтіп Чиң үкіметі мен қазақтар арасындағы сауда басталды. Чиң үкіметінің қазақтармен болған сауда істерін басқаруға жауапты Нусан Чиң ордасына: "қазақтың Қабанбайы 300-ден артық жылқы айдап, сауда жасау үшін 17 қыркүйек күні Үрімжіге келді"(41) деп хабарлады.

"Іледегі Чиң әскерлерінің тың игеруіне орай егіс көлік­теріне деген мұқтаждығы арта түскенде Ілені де қазақтармен тұрақты сауда жасайтын базар етіп белгілейді. Іледегі сауда басталысымен-ақ қазақтан Құдияр (енді бір деректерде Құдаялы Қабанбайұлы делінген. Ж.Ш.) қатарлы 180 адам бір жолда 500 ден астам жылқыға сауда жасады. 1763 жылы Чиң үкіметі Тарбағатайға әскер орналастырып, Жар қалашы­ғын салысымен қазақ малшылары арт-артынан сауда жасады. Іле, Ұржар қатарлы жерлерден сауда базарының ашылуы қазақтардың Чиң хандығымен болған сауда-саттығын жан­дандыра түсті. Бірақ қазақтардың малға айырбастайтын бұйымдары көбінесе торғын-торқа қатарлы қымбат бағалы бұйымдар болғандықтан қарапайым малшылардың оған қолы жетпеуші еді. Сондықтан қазақ саудагерлері көбінесе Қашқар қатарлы жылқы бағасы қымбаттау, матасы арзандау жерлерге барып сауда жасады"(42).

"1776 жылы қыркүйекте әскери амбылардың мәлімдеме­сін­де: "Іледе айырбасталған қазақтың жылқысы таяу жылдардан бері көбейіп келеді, Агуй жяңжүннің (генаралдың)мақұлдауы бойынша, малшылық алаңнан сұрыптап алынған екі мың атты Үрімжі, Баркөл және Құмыл қатарлы жерлердегі әскери орындардағы кем аттардың орнын толтыру үшін жібердік" делінген(43).

"ХVІІІ ғасырдағы Чиң патшалығы мен қазақтардың сауда­сында Чиң үкіметі "екі жақ тең пайда табу" сынды сауда принципін қолданғандықтан, әрі сауда барысында байқалған мәселелерді үздіксіз шешіп отырғандықтан, Чиң үкіметі мен қазақтардың саудасы сәтті дамыған. Қазақтар Чиң үкіметімен сауда барыс-келіс қимылдарын өрістету арқылы тоқыма бұйымдары қатарлы тұрмысқа қажетті бұйымдарға қол жеткізіп, экономикалық тұрмыстарын байыта түскен. Ал, Чиң үкіметі қазақтармен сауда жасау арқылы әскерлерге және тың игеруге қажетті ат-көліктерді шешім етіп, Шынжаң өндіргіш күштерінің дамуын және шаруашылықтың қалпына келуін тездетті. Белгілі дәрежеде ішкі өлкелерді де қамтамасыз етіп отырды"(44).

Өткен ғасырдың соңы, осы ғасырдың басында Шынжаң­да­­ғы "шетел дүкендерінің импорт бұйымдарында кездеме, темір, күрек шай, қағаз шай, қант, мақта жіп, мұнай, папи­рос, сіріңке және басқа да күнделікті тұтыну бұйымдары негіз етілді. Экспорт бұйымдарында мал, қой жүні, қой терісі, қой ішігі, мақта, кептірілген зат, аң терісі қатарлылар негіз етілді", "осы ғасырдың басында, патшалық Ресей еліндегі саудагерлер арқылы Үрімжіден Ресейге жыл сайын 500 қанша мың рубль тұратын қой жүні, 5 мың 600 қанша рубль тұратын қой ішегі тасып әкетіліп тұрды"(45).

Қытай жазбаларындағы тарихи деректерге қарағанда, Іле мен Тарбағатайдан Ресей мен Қытай ортасындағы сауда торап­тарының ашылуынан және 1884 жылы Шынжаңның өлке болып құрылуынан кейінгі еркін сауда жолдарының кеңеюі нәтижесінде қазақ халқы қоныстанған өңірлерде саудамен шұғылданатын үй саны молая түскен. Чиң патша­лы­ғының соңғы дәуіріндегі бір мәліметте, Құлжа, Сүйдін, Жың және Шәуешек қалаларында саудамен айналысатын үйлер 3864-ке жеткен. Қазақтардың еліміздің ішкі өлкелерімен жасайтын саудасы үш жолмен жүріп отырған. Солтүстік жол - Тиянжын, Ханку, Хоххот қалалары арқылы келіп Шонжыдан өтіп Іле, Тарбағатай, Алтаймен тұтасатын. Орта жол - Ханку, Ланжу, Құмыл, Үрімжі арқы­лы өтетін. Оңтүстік жол - оңтүстік Шынжаңдағы ұйғыр саудагерлер­мен жасалатын сауда жолы еді.

Қазақтардың патшалық Ресеймен жасайтын саудасының солтүстік жолы - Семей, оңтүстік жолы - Ферғана арқылы болып отырған. Қазан төңкерісінен кейін Қытай қазақ­тарының Кеңестер Одағының Орта Азия республикаларымен, өте-мөте Қазақстанмен саудасы үзілмей жүріп отырған еді. Бұрһан Шаһидидың жазуынша, Шынжаң мен Ресей арасындағы сауда барысында "әр жылы бұйым көптеп тасылатын көктем мен күз маусымдарында керуен қоңырауы Үрімжі - Тарбағатай - Семей жолын жаңғырықтырып тұрған"(46).

Тарихи жазбалардағы нақтылы сандарға жүгінер болсақ, "Шынжаң сыртқы саудасының тарихи жазба деректерінде 1840-1851 жылға дейін Қорғас, Бақты өткелдері арқылы Ресейге экспорт етілген нормасы 3 миллион 168,1 мың күміс рубль болған. Импорт сауда нормасы 2 миллион 255,8 мың рубль болып, импорт нормасы 1 миллион 556,5 мың. 1886-1991 жылға дейін Ресей Шынжаң экономикасына араласып, шеңгелдеп алғандықтан көптеген өнеркәсіп өнімдері Шынжаңға кіріп, 6 жыл ішінде импорт 5 миллион күміс рубли, экспорт нормасы 600 мың күміс рубль болып, пассив баланс нормасы 88 пайызға жеткен. 1892-1914 жылға дейінгі 22 жыл ішінде Шынжаңның батыс бөлігіндегі Қытай - Ресей сауда-саттығы орнықты болды. Экспорт жалпы нормасы 24 миллион 236,3 мың сәрі күміс, импорт жалпы нормасы 29 миллион 849 сәрі күміс болған. 1923-1927 дейін Шынжаңның батыс бөлігінде Кеңес одағында болған сауда-саттық норма­сы­ның экспорт нормасы 24 миллион 820 мың рубль импорт нормасы 19 миллион 397 мың рубльге жеткен. 1928-1945 жылға дейін еліміз ішкі былықпалық пен Жапонға қарсы соғыс өртін басынан кешірсе де, Шынжаң мен Кеңес шекара саудасы қалыпты жүргізіліп тұрған. Шынжаңның Батыс бөлігінің Кеңес одағына экспорт еткен тауарларының жалпы нормасы 390 миллион 100 мың рубль, импорт етілген тауар нормасы 312 миллион 765 мың рубль болған. 1949 жылы сауда-саттық нормасы 72 рубльге жетіп, Мингоның сауда-саттық біршама жоғары жылы болды. 1946-1949 жылға дейін Іле, Тарбағатай, Алтай үш аймағының Кеңес одағынан импорт еткен тауар нормасы 112 миллион 300 мың рубль, экспорт нормасы да 112 миллион 300 мың рубль болған. 1949 жылы жаңа Қытай құрылғаннан кейін Қытай-Кеңес одағы қалыпты экономикалық сауда қарым-қатынасын орнатып, Шынжаң Кеңес одағының сауда-саттығы біршама дамып, 1950-1960 жылға дейінгі он бір жыл ішінде Іле қазақ автономиялық облысындағы үш өткелден (Қорғас, Бақты, Жеменей) Кеңес одағына экспорт еткен тауардың жалпы нормасы 697 миллион 172 рубль болған"(47).

Мейлі қай дәуірде болмасын Шынжаңдағы қазақтар өздерінің күн көрісі мен тұрмыстық қажеті үшін түрліше деңгейде саудамен шұғылданып келген. Әсіресе, 1978 жылға дейінгі 20 жыл уақыт томаға тұйық күйінде өмір сүрген Қытай қоғамы ендігі жерде "есікті ашық ұстау", "әлемді бетке алу бағытын" ұстанып шетелдермен сауда жасауды ерекше дәріптеді, ел ішінде базар шаруашылығы барынша өріс алды.

"1983 жылы Қытай - Кеңес одағы қарым-қатынасының қалпына келуіне байланысты мемлекеттік кеңестің бекітуімен сол жылы 16 қарашада Қорғас өткелі қайта ашылды. Қорғас өткелі қайта ашылғаннан тартып, 1991 жылдың соңына дейін импорт-экспорт етілген шекара заттардың нормасы 753 мың 653 тоннаға жетіп, импорт-экспорт тауарының жалпы құны 699 миллион 490 Шевейцария франкіне жеткен.

1991 жылы 31 шілдеде ШҰАР өкіметінің бекітуімен Құл­жа қаласы ТМД көрші елдерімен сауда-саттық және саяхат істерін жүргізіп, сол жылы қабылдаған зат сатып алушы саяхатшылар реті 6593 адамға жетіп, 1 миллион 300 АҚШ долларындық шетел ақшасын кіргізген. Саяхат­шылардың сатып алып шекарадан өткізген тауарларының құны 10 миллион юаньға жеткен"(48).

Сауда жасауға онша бойұсынғысы келмейтін қазақтар жаппай базарға бет алды. Ұсақ дүкендер ашу, егін және малшаруашылық өнімдерін базарлаудан бастап Моңғолия және Қазақстан елдерімен сыртқы сауда жасауға дейін араласты. Бұл үрдіс Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті де кең қанат жайды.

Қазақстан Республикасына Қытай жағынан тасымалдана­тын киім-кешек, ішпек-жемек, құрылыс материалдары, электр саймандары секілді әртүрлі заттардың 60 пайызы Қытай қазақтарының дәнекер болуымен кірді.

Бүгінде Алматының "Барахолка" аталатын базарында, Қытай - Қазақстан бірлескен серіктестіктерінде көптеген қытайлық қазақтар жұмыс атқарады және әртүрлі саудамен шұғылданады.

Қолөнер кәсібі

Қытай деректерінде: "Сақтар бір түрлі шошақ бөрік кие­ді, тымақтары тік әрі қатты, төбесі үшкір болады. Шалбар киеді. Өз елінде жасалған садақ пен қысқа қылыштарын асынып жүреді" деген жолдар кездеседі. Демек олар темір тектес әр алуан металдарды балқыта білген, әрі темірден қанжар, пышақ, жүген және басқа металдардан киім-кешекке тағылатын түйме, әшекей бұйымдарын да өздері жасай білген.

Бұл туралы Су Бихай былай деп баяндайды: "ертедегі қазақ даласына біздің заманымыздан бұрынғы VІІ-VІІІ ғасырларда түрліше тайпа атымен сақтар бытырай қоныстанды. Олар құрал-жабдық, киім-кешектеріне хайуанат бейнесін ойып өрнектеді және кестеледі. Кең даланың жер-жеріне жартас­тарға сурет сызып қалдырды" - дейді. Ол тағы да мынадай деректер айтады: сақтар соғысқа айбалта, найза, семсер, садақ, жебе істетті, Қытайдың Тянь-Шань Алғұй сайы аузынан сақтар­дың мынадай бұйымдары: алтын, күміс, қола, темір, фарфор, ағаш, жібек, сырлы бұйымдар, темір жебе ұшы, пышақ шықты...

Үйсін қабірлерінен бидай, қонақ, тары сықылды егіс дақылдары, диірмен тас, қол орақ, темір соқа табылды. Егін, малшаруашылығымен бірге жарыққа шыққан күннен-күнге өркендеген қолөнер кәсібі өндірісі үйсін қоғамында аса маңызды орында тұрды. Зерттеулер олардың металл қорыту, тоқымашылық, саз балшық ыдыстар жасау, сүйек мүйіз мәнерлеумен айналысқандығын дәлелдеді. Ежелден Алтайдың шығысындағы Тола, Орхон өзені бойында көшпенді малша­руашылығымен шұғылданып келген керей тайпаларының Шыңғысхан Дешті құмының терістігін бағындырудан бұрын қолөнер кәсібі едәуір дамыған. Оларда сақтар, үйсіндер сияқты керейлердің батыс жағындағы Ертіс өзені өңірін өріс еткен Қимақ қағандығына қарасты қазақ тайпаларының отбасылық қолөнер кәсібі едәуір өркендеді"(49).

Ата-бабаларымыздың қолөнері дамығанына тағы бір бір дәлел - Іленің Нылқы ауданының аудан қалашығынан оңтүстікке қарай 3 километр шалғайдағы Ұрасай деген жерінен табылған көне мыс кені болып отыр. Ғалымдар оның 2500 жыл бұрын ашылғанын межелеуде. Кен орнынан табылған балқытылған мыстың тазалығы 60 пайызға жеткен. Қас өзені маңынан табылған көптеген көне қолөнер туындылары міне, осы кездің туындысы болып отыр..

"1962-1963 жылдары Мұңғұлкүре, Текес, Тоғызтарау, Күнес өңірлеріндегі археологиялық тексерулерде табылған алтын жүзік және көптеген ежір ыдыстар сол тұстағы үйсін мәдениетін, қолөнерін зерттеуде бағалы материал, өте-мөте алтын жүзік ерекше нәзік жасалған.

1981 жылы Қытай археологтары Мұңғұлкүредегі 3-нөмірлі үйсін моласынан толып жатқан темір-қола құралдар, жібек тоқыма бұйымдар тапты. Темір құралдардан: пышақ, шот, балта, қашау, ара және қырғыш, т.б. қол құралдардан: шелек, шәугім, табақ, тостаған, т.б. табылды. Жаһұт орнатылған алтын жүзік, сырға, тағы басқа алтын бөлшектерінен жасалған әсем бұйымдар, сондай-ақ жібек жіппен өрнектелген түскиіз, жібек тоқыма бұйымдар үйсіндерде сонау ерте заманда қолөнер кәсібінің дамығанын дәлелдеп отыр"(50).

Қазақ қолөнерінің байырғы үлгілері тіршілік қажеті мен күнделікті тұтыну бұйымдарын әшекейлеу қажеттілігінің жемісі болып отырған. Қытайлық қазақ ғалымы Ясын Құмарұлы Қытайдың ескі жазбаларын ақтарып қазақ қолөнерінің төркінін тым арыдан іздейді. Оның жартас суреттері мен көне қазбалардан көрсеткен дәлелдерімен қоса өз ойын былай жеткізеді: "Ішкі моңғолдың орта бөлігіндегі Шұғай тауы, Ниңшадағы Хланшан (бұл бәлкім түркі тілде­рінше - Қыран тау шығар) және Алтай, Тянь-Шань таула­рын­дағы жартас суреттерінде бұғы мүйізі және басқа кейбір жануарларды бейнелеуде әсірелеу, ою-өрнекке бейімделу көрінісі байқалады. Қазіргі бізге белгілі қазақ ою-өрнегіне ең жақын жартас суреті Тибеттің ең батысындағы Ртудан табылған жыртқыш аң-құстардан үріккен бұғылардың көрінісі (суреті) жартасқа өте әсемдеп ойылған. Мамандар бұл жартас суреттерін осыдан 2 мың жылдың алдына тура келетінін тұрақтандырады. Сондай-ақ бұл жартас суреттері солтүстіктегі Шұғай, Хланшан, Алтай, Тянь-Шань тауларын­дағы жартас суреттері стилін қабылдағандығын айтады. Ртуға біртабан жақын Үндістан және Оңтүстік Азияның жартас суреттері мұнан мүлде өзгеше екендігін ұғындырады. Сонымен біз іздейтін қазақ ою-өрнегінің арғы сорабы және де сонау Азияның шығысындағы кең-байтақ өлкеде қалады.

Қазіргі қазақ ою-өрнегінің арғы төркіні деп қарауға болатын айдаһар мен самұрықтың бұлт аралас көрінісі бейнеленген, әсемөнерлік түс алған сурет түсірілген, осыдан 6 мың жыл бұрынғы қыш ыдыс қалдықтары Ішкі Моңғолдың шығыс оңтүстігіне ала орналасқан Оханчиінен табылған. Осыдан қуалай отырып қазақ ою-өрнегінің жүлгесін Шаң дәуіріндегі орта жазық қола құралдарының бетіне салынған, әсем ою-өрнектерге әкелуге болады. Мамандар дүниенің басқа аймақтарынан табылған қола құралдарында мұндай айшық болып көрген емес деседі. Осы өрнектің ең бір тамаша түрі, оның толық қалыптасқан нұсқасы осыдан 3 мың жылдың арғы жағында жасалған Хунанның Ниңшаң ауданынан та­былған қола даңғараның бетіне салынған хайуанат бет пішіні қазіргі қазақ ою-өрнегіне ерекше ұқсайды. Осы мезгілде, яғни осыдан 3 мың жыл ілгері Азияның шығысында қазіргі қазақ ою-өрнегі қалыптасып болғандығын ұғындырады. Дәл осы өңірде тұрып, осыдан бұрын Қытайдың батыс оңтүстігіне ауып кеткен, мияузу ұлтында да қазақ ою-өрнегі сияқты өрнек қазір де бар. Ою-өрнектің мұндай қалыптасу, даму барыстары көрген адамды қайран қалдырады.

Қазақ киіз үйі өзінің құрылымдық ерекшелігімен дала мәдениетінің таңдаулы үлгіліерінің бірі саналады. Оның арғы сорабы мен көріністік ерекшелігін Қытайдың орта жазық өңіріндегі және оған қанаттас өңірлерде осыдан 4000 - 7000 жыл бұрынғы жаппай пайдаланылған шығыстық құрылыс үлгілерінен байқауға болады. Оның ең соңғыларының бірі ретінде Хынанның Анияң қаласы маңынан табылған, осыдан 4100-4800 жыл аралығындағы жасалған, Лұңшан мәдение­тіне тән 11-нөмірлі ағаштан жасалып, балшықпен сыланған, сырты ақталып киіз үйдің бейнесіне келтірілген көрінісінен байқауға болады(51).

Қытай деректерінен соның ішінде бүгіндері қытайлардың ата қонысы саналып келген ішкі Қытайдың орта жазық өңірінен ата-бабаларымыздың ізін іздестірген Ясын Құмарұлы қазақ ұлтының түп-төркінін зерттейтін әр қандай ғалымның осы өңірлерден аттап кете беретіндігіне қайран қалады. Қазақтар өздерінен шыққан қолөнер шеберлерінің құдіретін "ағаштан түйін түйетін", "темірді қамырша илейтін" деген тектес теңеулермен асыра бағалап отырған.

Алтай күн бетіне ұсталығымен танылып, қара темірді қамырша илеп, алтынмен аптап, күміспен күптейтін, атақты зергер Сейітқамза Бидәулетұлы (1908-1984) қазақ ұсталары­ның соңғы мұрагерлерінің бірі еді. Ол алтын, күміс, мыс, алюминий, темірлерді балқытып аттың бес тұрманы, әртүрлі аңшылық құралдары, түрлі пышақтар, әйелдердің әшекей бұйымдары секілді көп түрлі қолөнер бұйымдарын жасай білген. Тіпті өндіріс құралдарымен бірге сынақ ретінде қару-жараққа дейін жасаған.

1958 жылы Қытайдағы коммуналасуға байланысты Сейітқамза бастаған 40 шебер Шеміршек ауылында арнайы шеберхана құрады. Олар теміршілік, ағашшылық, былғары өңдеу, май тарту, темекі жасау, етікшілік, тігіншілік, ер жасау секілді алуан өнермен айналысқан. Бүгінде олардың ұрпақтары ата өнерін жалғастырып келеді. Ондағы қазақтар өз қолдарынан келетін кілем, қазақы үй жиһаздары, ұлттық киім-кешек, пышақ, арба, кесте темір құрал-жабдық жасау секілді ұсақ өндірісті дамытуды біршама меңгерген. Мысты, қоланы нақыштау немесе жасанды жаһұтпен жасалған сүйек сапты пышақ, өрнектеп жасалған ертоқым мен қамшы, түсті металмен өрнектеп жасалған ағаш сандық, бесік т.б ларды жасап бір жағынан қолөнер бұйымдарының көргізбелеріне қойса, енді бір жағынан тұрмыс қажеті үшін сауда айналы­мына салып, күнкөріс көзі етті.

Шынжаң қазақтарында қазақтың байырғы ою-өрнек­терінің көп түрлері сақталған. Ол киіз үйдің ішіндегі барлық жиһаздарды әшекейлеумен ерекшеленеді. Сондай ою-өрнек­тердің алғашқы жинақталған түрі 1980 жылы Шынжаң халық баспасынан "Қазақтың ою-өрнектері" деген атпен арнайы кітап болып шығарылды.

Жеке шаруашылықтары

Қытай қазақтарындағы барлық шаруашылық түрлері жекелердің өз еншісіне берілгеннен кейін егін, мал, сауда, қолөнер түрлерінен сырт олар күнкөріс күйбеңі үшін әртүрлі ұсақ шаруашылықтарменде айналыса бастаған.

Бастыларынан: балықшылық, бұғы бағу, қаз, үйрек, тауық бағу, омарта секілді кәсіптерді атауға болады.

Қазақтың қара өлеңдерінің ішінде "балық өлең" деген бар. Онда алып киттердің өзін тілге тиек етіп: "...балықтың ең үлкені наһан балық"- деп жырлайды. "Барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау"- деп мәтелдеп, Балқан түбегіне дейін ат ізін салған халқымыз балықтың сан түрін өлең жырға қосады, әрі "өзен жағалағанның өзегі талмайды"- деп тірлік несібесін судан іздейді. Қойшыға ұзатылған балықшының қызының: "бекіре мен шортанды жемейтін қайран басым, қой сасықтың етіне қор қылдың-ау" дейтін әзілге жақын аңызы да талай нәрсені аңғартады.

Мұның бәрінен қазақ халқының ежелден-ақ балықшы­лық­пен айналысқанының айқын дәлелін көре аламыз.

Қытай қазақтары қоныстанған өңірлерде балықтың бекіре, қызыл, шортан, ақ балық, алабұға, қара балық, заңбар(ит балық), сазан, табан, аққайран, алақанат, миті, көксерке аталатын түрлері бар.

Шынжаң жерінде балық өсетін Үліңгір, Қанас секілді әйгілі көлдер бар. "Үліңгір көлі - аумағы жағынан Қытай­дағы атақты он көлдің бірі саналады. Көл бойында Шынжаң бойынша ең үлкен мемлекеттік балықшылық орны бар. Оның жылдық балық өндіру қуаты 4500 тоннаға дейін жетеді. Бұл бүкіл Шынжаң бойынша ауланатын балықтың 70 пайызын ұстайды"(52).

"Қанас көлінің тереңдігі 188,5 метр болып, 1984 жылы Шынжаң университетінің биология факультетінің ұстаздары мен студенттері одан ұзындығы 17-18 метр келетін алып қызыл балықты байқаған"(53). Бір қызығы Қанас көлінің тереңі әлі зерттеліп болған жоқ.

Өкінішке орай, соңғы жылдары қытайлардың беталды балық аулауына байланысты Іле, Ертіс секілді ұлы өзендерде үлкен балықтар дерлік құрып кетті.

"Қазақ халқы мекендеген жерлерде табиғаттың таусылмас кені, сан алуан аң-құстар бар. Бұлардың бастылары - қарақұйрық, тауешкі, арқар, бұғы, елік, бөкен, құлан, қодас, аю, қасқыр, түлкі, қабылан, сілеусін, бұлғын, сусар, тиін, құндыз, суыр, борсық, мәлін, қаз, үйрек, қырғауыл, ұлар, құр, т.б."(54).

Ішкі Қытай жерінен Шынжаңға көшіп келушілердің көбеюіне байланысты заңсыз аң аулаушылардың кесірінен аталған аң-құстардың бір бөлімі құрып жоғалып кетсе, көп бөлімі мүлдем азайып кетті.

Қазақ халқы ежелден аңшылықты ата кәсібі етсе де, олардың "обалы, киесі болады"- деп құртып-жоғалтуға жол бермейтін еді. Соңғы кездері қазақтардың аңшылық кәсібіне ешқандай өріс қалмады. Десе де мемлекеттің арнайы рұқса­тымен даланың аң-құстарын асырап бағуды жеке күнкөріс еткен отбасылар да пайда бола бастады. Арқарды ұстап, оны қоймен ұрықтандыру, тауешкі мен қолдағы ешкіні ұрық­тандыру алғашқы қадамда жақсы өнім берді.

Іле, Алтай тауларының қойнауындағы кейбір малшылар бұғы бағуды арнайы кәсіп етеді. Қытай жерінде бұғы мүйізі аса бағалы болғандықтан онымен айналысушылар сол мүйізді сатып күн көреді.

Жазиралы жасыл далалар мен гүл көмкерген көрікті ме­кендерде ара бағумен айналысып отырған омарташылар да бар.

Үйрек, қаз, тауық бағып, оның өзін немесе жұмыртқасын пайда көзіне айналдырушылар да табылады.

Үш аймақты құрамына алған Іле Қазақ автономиялы облысы - жер асты қазба байлығы мол ырысты өлке. Онда көмір, темір, алтын, күміс, тұз, әк, шырымтал және түсті металл мен сирек кездесетін металдың сан алуаны бар. Жұртқа әйгілі Қарамайлы, Орқы, Майтау мұнай алаптары бар.

Шынжаңның Жоңғар, Тарым, Тұрпан-Құмыл осы үш ойпатында мұнай, газ байлығы төтенше мол болып, Қытай мемлекеті бойынша алдыңғы орында тұрады.

Жоңғар ойпатының көлемі 130 мың шаршы километр болып, мұнай-газ байлығы шамамен 15,9 миллиард тонна деп межеленген.

Шынжаңнан шығатын жер асты байлығының жергілікті ұлттар еншісіне тиетіні бір пайызға жетпесе де, Қарамайлы, Майтау, Күйтін секілді қалаларда тұратын көптеген қазақ отбасылары өнеркәсіп ошақтарында әртүрлі жұмыс істейді. Іле, Алтай, Тарбағатай жеріндегі түсті металл кендері мен көмір кендерінде жұмыс істеп күнкөріс айыратын қазақтар да аз емес.

Үрімжі қаласында қазақтар ашқан "Үйсін", "Ақбұлақ", "Ағажай", "Ақжайық", "Алтынорда" секілді ресторандар мен "Әлия", "Медеу", "Орда", "Жаңа әуен", "Өрен", "Шоқ жұлдыз" секілді киім-кешек, компьютер, өнер-білімді өзек еткен шағын жұмыс орындары бар.

Қытайдың мемлекеттік жұмыскері болғандарға жұмыс орнының жасайтын көмектері көп болады. Баспана, зейне­тақы, емделу жағында көптеген қолайлылықтар жаратылған. Зейнетке жоғары еңбек ақымен шығатындықтан тұрмыстық жақтан аса қиыншылық көрмейді.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ МӘДЕНИ-РУХАНИ ӨМІРІ ЖӘНЕ БІЛІМ ЖАҒДАЙЫ

Тіл-жазуы

Бүгінгі Шынжаң қазақтарының тіл-жазу тарихына тоқтал­ғанда әуелі Шынжаң жеріндегі түркі ұлттары қолданған тіл-жазу тарихына көз жіберсек оның тамыры тым тереңде жатқанын байқаймыз.

"Қазақ тілінің төркіні және қазақ жазуының тарихы зерттеушілерді осынау арғы замандарға (біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ-VІІ ғасырларға) алып барады. Бұған археологиялық қазбалар мен ескі тарихи жазбалардағы деректердің негіз болып отырғаны даусыз.

Қазақ тілі Алтай тілі жүйесінің түркі тіл семьясы, қыпшақ тіл тобына жатады. Көптеген ғалымдар қазақ тілінде ескі түркі тіл ең көп, ең таза сақталған деп қарайды, мұның негізін "Түркі тілдер сөздігінен" көруге болады.

"Ханнама" мен "Тарихнама" сияқты тарихи кітаптарда жазы­лып қалған ішінара ғұн мен үйсін сөздерін тіл маман­дары қызыға зерттеп, ғұндардың өз кезіндегі тілі ертедегі түрік тілі деген жорамалдар жасап жүр.

Хан (Шуанди) үйсін еліне жіберуге дайындаған ханша Шиаң Фу "алдымен Шиаңлинде (қазіргі Шанши өлкесі Чаң-ан ауданының батысы) тұрып үйсін тілін үйренген".

Жаң Чиян екінші рет батыс өңірге келіп қайтарында үйсін Күнбиі оған жол бастаушы, тілмаш қосып беріп, Жаң Чиянды жеткізіп салған. "Тарихнама. Ферғана тарауында" жазылған бұл деректе үйсін тілінің ғұн тілімен ұқсас немесе ұқсас еместігі айтылмаса да, үйсіндердің Жаң Чиянға жол бастаушы бергеннің үстіне тілмаш қосып берді деген факты ойлануға тиісті. Бұл тілмаш сол кездегі қытай тілін немесе ғұн тілін (тіпті екеуін де) білетін адам болғаны ғой...

Демек, қазақ тілі сонау ерте замандағы ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, аландар тілі, одан бері келе түркі тілдес тайпалар тілі негізінде қалыптасқан. Қазақ тілінің төркіні туралы сөз қозғағанда қазақтың тегіне байланысты ерте заман елдеріне (ұлыстарға) және олардан қалған жазба естеліктер мен тарихи ескерткіштерге жүгінгенде ғана дұрыс тұжырым жасауға болады"(55)

Шынжаң жерінен табылған көне жазуларға келер болсақ: "қазірге дейін байқалғаны неше түрлі, олар: санскрит жазуы, каросты жазуы, хотан жазуы, янжи-күшар жазуы, соғдиана жазуы, түркі жазуы, хұйгу жазуы, ескі тибет жазуы, багсба жазуы және шағатай жазуы қатарлылар бар"(56). Соның ішінде өз тарихымызға жақындарына тоқталсақ, олар: соғдиана жазуы, түркі жазуы және шағатай жазулары.

"ХІІ ғасырдың алғашқы мезгілінде Қытайдың батыс өңір­лерінде және Орта Азия өңірлерінде жасаған түріктер алғашында соғдиана жазуын қолданған. Сондықтан соғдиана жазуы көне түрік жазуы деп те аталады. Соғдиана жазуы көне парсы жазуына негізделіп жасалған жазу болып, ең алғашында Соғдиана хандығы қолданған жазу. Соғдиана хандығы Қытайдың Таң патшалығы мезгілінде Бұхара мен Самарханды орталық етіп, Аму өзенінің бойын қарасты еткен хандық. Кейін Қарахан хандығы билеген.

Қытайдың Сүй, Таң патшалығы мезгіліндегі түріктер түркі жазуын қолданған. Түркі жазуы 40 әріптен құралған. Оңнан солға қарай жазылады. Бұл жазу солтүстік Еуропада­ғы германдықтар қолданған көне каросты жазуына ұқсап қалады. Сондықтан бұрын түрікше каросты жазуы деп те аталған. Бұл жазу ең алғаш Моңғолияның Орхон-Енисей өзенінің маңынан табылған ескерткіштен байқалғандықтан "Орхон-Енисей жазуы" деп те аталады. Бұл жазумен жазыл­ған басты жазбалардан: "Күлтегін ескерткіші", "Білге қаған ескерткіші", "Тоныкөк ескерткіші", "Онгын ескерткіші", "Мойыншор ескерткіші" қатарлы ескерткіштер бар. Түркі жазуымен жазылған жазбалар Шынжаңның Тұрпан, Чарқылық қатарлы жерлерінен де табылған. Түркі жазуының табылуы түркі ұлттарының тарихын, мәдениетін зерттеудің қайнар бұлағы болып табылады.

Тарихта жасаған түрік тілдес тайпалар алғашында соғдиана, түркі жазуын қолданғаннан кейін, соғдиана жазуы­на негізделіп хұйгу жазуын жаратып қолданған. Хұйгу жазуы аллофонды жазу болып 19-20 әріп белгісінен құралады. Ең алғашында оңнан солға қарай көлденең жазылған. Кейін оңнан солға қарай тік жазылған. Бұл қытай жазуының үлгісіне еліктеген болуы мүмкін...

Шағатай жазуы - түрік тектес ұлттардың ХІІІ ғасырдан бастап қолданған жазуы. Бұл жазу араб-парсы жазуына негізделіп жасалған. Жиыны 32 әріп, оңнан солға қарай көлденең жазылады. Шынжаңның тарихи материалдарының көп сандысы шағатай жазуымен жазылған. Басты жазбалардан: Жүсіп Баласағұнның "Құтты білігі", Махмұт Қашқаридың "Түркі тілдер сөздігі", Ахмет Яссауидің "Даналық жинағы", Баласағұн Сажақтың "Ғылымның кілті", Ахмет Йоканайдың "Ақиқат сыйы", Мырза Хайдардың "Рашид тарихы" және Молла қажының "Боғарахан аңызы" қатарлы кітаптар бар(57).

Су Бихайдың пайымынша: "қазақ ұлты 3000 жылдан астам уақыт ұзақ тарихы барысында ілгерінді-кейінді түркі, хүйгу, араб жазуларынан пайдаланып өз сөзін таңбалап келген...

Бір бөлім ғалымдар қытай, парсы, грек тарихи кітаптарын­дағы сақтардың ұлыстарының, жерінің, адамдарының атына қатысты деректерді зерттеген соң "біздің заманымыздан бұрынғы ІV-VІ ғасырларда Қазақстан жерінің солтүстігінде жасаған сақтар түркі тілінде сөйлеген, оңтүстігінде жасаған сақтар иран тілінде сөйлеген деп қарады. Бұл тұжырым іс жүзінде біршама үйлеседі. Өйткені сақтардың мекені шы­ғыста, тілдері ұлы жүздер (иозылер) мен үйсіндер Іле алқабына келген соң қысқа ғана уақыттың ішінде қалың сақ елінің ішіне сіңіп кете де алмайды. Егер екі ру-тайпаның тілі мүлде ұқса­маса, олардың өзара сіңісуіне кемінде ондаған жылдар кетеді. Тіл жуық немесе ұқсас болғанда ғана сіңісуі тез болады. Мұнан сақтардың әсілінде түркі тілде сөйлегенін байқауға болады. Олар батысқа ауып, Орта Азияға барғаннан кейін ұзақ уақыт бойына иран тіліндегілермен араласқандықтан, Қазақстанның оңтүстігіндегі сақтар иран тілінде сөйледі, сахараның солтүстігіндегі сақтар бұрынғысынша түркі тілінде сөйлей берді.

Осы заманғы қазақтардың төркінінің бірі байырғы сақтар болғандықтан, қазақ тіліне сақ тілінен де бірсыпыра сөз сіңгенін байқауға болады. Сақтардың ішінде иран тілінде сөйлегендер де болғандықтан, олар табиғи түрде иран тілінің бір бөлігін қазақ тіліне ала кірген... Ал үйсін тілінің түркі тілдер тармағына жататыны даусыз(58).

Әлкей Марғұлан өзінің "Таңбалы тас" жазуы атты мақаласында қазақ сахарасын мекенденіп келген тайпалардың тас бетіне жазып қалдырған белгілерін 4 түрлі жазудың үлгісі деп тұжырымдайды.

Бірінші - ескі ғұн, үйсіндер пайдаланған руна жазуы.

Екінші - орхон дәуіріндегі руна жазуы.

Үшінші - Шығыс Түркістанда ұйғырлар пайдаланған арамен жазуы.

Төртінші - араб жазуы.

Ниғымет Мыңжани келтірген деректерге сүйенсек, қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына үлес қосқан тайпалардың өз заманында қолданған тілдері қазіргі қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуына негіз салды және оның ескі кезеңі болды. Бұл тайпалардың орта ғасырда ауыз екі сөйлеу тілімен қатар әдеби жазба тілі де болған. Міне бұл "көне қазақ тілі" деп аталады. Профессор С.Аманжоловтың айтуына қарағанда, "Едіге", "Ерсайын" жырлары қазақ арасына алшындар арқылы тараған, "Ер Көкше", "Қабанбай батыр", "Базар батыр", "Күркебай батыр" поэмалары керейлер тілінде, "Махаббатна­ма", "Алпамыс" қоңыраттар тілінде, "Талас ескерткіштері" дулат тілінде (Мұсабаевтың тұжырымы бойынша үйсін тілінде), "Нағжи әл-фарадис" кедері тілінде, "Кодекс куманикус" қыпшақ тілінде жазылып қалған.

Ислам дінін қабылдауымызға байланысты соңғы ғасыр­ларда ең көп қолданған жазуымыз араб жазуы. Қазақ хандық­тары дәуірінде де араб әліппесі қолданылды. Ол шамамен 500 жылдай уақыт пайдаланылды.

1924 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуы үлгісіндегі төте жазуды қолдануға келтіргеннен кейін Шынжаң қазақ­тары жаппай осы жазуды қолданды. 1965 жылдан бастап Қытай жазуының дыбыстық бейнеленуі негізіндегі латын әліпбиі жасалып, ол 1982 жылға дейін пайдаланылды. Одан кейін А.Байтұрсынұлы жазуы негізіндегі төте жазу қайтадан қолданысқа енді. Қазірде осы жазу қолданылады.

Жақынғы жылдардан бері "қос тілді оқыту" дейтін жаңа бағдарламаға сәйкес қазақ мектептерінде сабақтар қытайша өтіле бастады. Тек қана қазақ тілі мен әдебиет пәнін қазақша өтеді, бұл қытайдың өздері жасаған автономия саясатына сәйкес келмесе де, кешегі Кеңестер Одағы жүргізген "орыстандырудың" қытайлық бейнеленуі болып отыр.

Әдебиеті

Қытай қазақтарының әдебиеті - күллі қазақ әдебиетінің бір бұтағы.

"Шынжаң (жаңа өлке) өңірін мекендеген қазақтардың әдебиеті XYІІІ ғасырдың І жартысынан белгілі, арғы тарихы қазақ халқының ауыз әдебиетімен сабақтас"(59).

Әдебиет тарихының қатпары қалың ежелгі іздеріне үңілгенде, бүгінгі күндегі Қытай жазбаларынан әдебиетіміз­дің жыл санауымыздан бұрын туғанын білеміз. Қазіргі Қытай және Қазақ елі қоныстанған даладан оның тарихи жәді­герлерінің айқын іздері табылады. Қытай ұлты өзінің әдебиет тарихының алғашқы беттері жын-шайтандарға қатысты жырлар мен аңыз- әңгімелер арқылы туғандығын мойын­дайды. Ал, біздің тарихымыздағы шамандық дәуірдегі әде­биет­тік үлгілердің бақсылар жыры арқылы басталғандығы жасы­рын емес. Тіпті таңқаларлығы қытай және қазақ ұлтын­дағы үрдіс Америка үндістерінде күні бүгінге дейін сақталған.

Ата-бабаларымыз қоныстанған ежелгі мекенінің тау-тасын ақтарғанда, сол дәуір ескерткіштерін қазірге дейін өз көзі­мізбен көріп жүрміз. Анығырақ айтқанда, бақсылардың басы­на үкі тағынып, денелеріне түрлі шашақты киімдерді киіп (көбінесе құс қауырсындары) биге басқан көріністері аспан астындағы ашық мұрамыз болған жартастар бетінде әлі тұр (60).

Шамандық әдебиет үлгілері ән-жырлар қалыптастырып қана қоймай, өзіне тән аңыз әңгімелер жасап белгілі дәрежеде дәурендеген.

Ежелгі Қытай әдебиетіндегі "Чу өлеңдері", "Таң дәуірі жырлары", жын-шайтандар туралы аңыздары сол тұстың жемісі болған. Біздің қазақ қара өлеңдерінің тарихи төркінін осындай байырғы Қытай жазбаларынан және араб, парсы ұлттарының өлең өрнектерінен іздестірген біраз ғалымдар бұл шындықты тіпті де растап отыр. Қытайда қытай тілінде жарық көрген "Батыс-өңір аз ұлт жырларынан таңдамалы­лар" ("Шынжаң халық баспасы" 1988 ж. Үрімжі) атты ежелгі жыр жинағы Омар Хаямның "Рубайы" секілді еңбектер сол сөзіміздің айғағы. Бәрі біздің ежелгі қара өлең үлгілерінен бастау алады. Бұл туралы Италия ғалымы Алесандро Баусани (Аlesandro Bausanі): "Рубайдың жанр төркіні түркі тілдес халықтардан келген"- дейді. Жоғарыда аталған еңбектерді оқып отырып алғашқысының ислам діні тараудан бұрын туға­нын ондағы шамандық сарындардан байқаймыз. Ал, "Рубай" заманында шамандық және исламдық үлгі қатарынан байқалады. Тіпті кей жыр екеуінің тайталасы сияқты - ислам­ды бойына сіңіргісі келмеген қарсылық үніндей елестейді .

Хорезмдік ғалым Әбурайхан әл-Беруни (973-1048 жж.) "Өткен буындардың ескерткіштері" атты кітабында арабтар­дың осы күнгі Орта Азия, Қазақстан жерлерін жаулап алу әрекеті сөз болады. Ол: "Кутайба бин муслим әл-Бәлиқи әртү­рлі тәсілмен бұрынғының бәрін таратты, жойды. Хорезмдіктердің жазу-сызуларын, кітаптарын, бумаларын өртеді, дін қызметкерлерін, ауыз-әңгімелерін білетін адамда­рын, ғалымдарын түгел құртты. Хорезмдіктердің исламға дейінгі тарихы түгел көрге көмілді, оны қазір ешкім білмей­ді"- дейді. ІX ғасырдан басталған бұл "тазалау" манағы біз айтқан шамандық әдебиетінің шаңын аспанға ұшырды.

Міне, бұлар арабтық үлгінің - исламдық әдебиеттің қалып­тасуының алғашқы негіздері еді. Қазақ әдебиеті мен мәде­ниетінің өркендеуі де осы кезде болды. Олардың басты­ларынан - Мұхаммед Хорезми, Әбунасыр әл-Фараби, Әбурайхан әл-Беруни, Әбуғали ибн Сина, Әбілқасым Фердауси, Рабғузи, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмед Яссауи, Омар Хаям, Жүсіп Баласағұн тектес ғалымдар, ақын-жазушылар қара үзіп шықты.

Арабтық өркениет үлгілері өз шапқыншылығынан бұрын­ғы тарихты қаншама жойып жібергісі келгенімен, ол тек ислам дінін қабылдаған өңірден аса алмаған еді. Сол себепті де бес мың жылдық тарихы бар Қытай сынды байырғы елдерде түркі әдебиетінің жұрнағы барынша таза күйінде сақталып қалған. Оны жаңа ғана айтып өткен "Батыс өңір аз ұлт жырларынан таңдамалылар" кітабы және Қытайда шығып жатқан "Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер" атты қомақты томдар мен қазақтанушы Қытай ғалымы Су Бихай жазған "Қазақ мәдениетінің тарихы", "Шынжаң жартас жазбалары" секілді көптеген еңбектер толық дәлелдейді.

Десе де, бүгінгі әдебиет тарихымызды дәуірлеп, оның тарихын зерттеуде XІІ-XІІІ ғасырларда туған Орхон ескерткіштерінен, Күлтегін, Тоныкөк жазуларынан аса алмай келе жатуымыз арабтар жойып жіберген ескі әдебиетімізді әлі де зерттеп жете алмай жатқанымыздан болу керек.

Енді өзіміз көтеріп отырған тақырыпқа қайта келсек, Шынжаңдағы әдебиеттің туылуы да исламдық үлгідегі діни әдебиеттен басталады.

Оның алғашқы өнеге шашушылары әрине Абай (1845-1904) мен Ақыт (1868-1940). Абай күллі қазаққа ортақ ірі тұлғаға айналса, Ақыт әлі зерттеліп болмаған қыры мен сыры көп ірі ғұлама. Біз Абайдың ең алдымен Шығыс шайырларын өнеге тұтқанын білсек те, Ақыт жайынан аз білеміз.

Ақыт Үлімжі туралы 1897 жылы алғашқы еңбек жазған орыс ғалымы Николай Федорович Катанов болса, одан кейінгі бодандық жылдар социалистік қоғамның коммунистік жүйесіне бағынып, Ақыт жайынан ауыз ашудан қорықты. Себебі ол арабтық әдебиет үлгісін барынша пайдаланған діни әдебиеттің өкілі деп қаралды. Ал, ендігі бір бөлім зерттеушілер Ақытқа өз заманының емес, бүгінгі әдебиеттің өлшемімен қарағысы келеді.

Ақынның 1903 жылы жазған "Керей ишаны Мұхаммед мөмін" деген еңбегінен белгілі болғанындай орыс жерінен қашып барған Мажбулла деген үлкен оқымысты Мырзабақа деген атпен Ақытқа ұстаз болған. Ақыт осы адамнан араб, парсы тілдерін үйреніп араб, парсы, шағатай тілдеріндегі тарихи, ғылыми, әдеби кітаптар арқылы Шығыс әдебиетімен молынан танысады. Әрі Қобда пошта бөлімшесінде жүрген кезінде жұмыс қажетімен монғол, орыс тілін де үйренген. Ақынның қажылыққа баруы да ой әлемін кеңітіп, қалам қуатын арттыра түседі. Сол тұстарда ол Мұхаммед пайғамбар (с.а.с), Мұхаммед Құнапия, Смағұл қатарлы исламдық ірі тұлғалар өмірінен тарихи жырлар жазады әрі "Ғадыл ханның үкімі", "Мұса пайғамбардың мойындауы", "Мұсаның Қызырға жолдас болуы", "Ескендір Зұлқарнайын" тектес жиырмадан астам назиралық дастандар жазған. Ақынның алғашқы еңбектері 1891 жылдан бастап Қазан, Орынбор, Семей баспаларынан кітап болып шыға бастаған.

Ақыттың өмірі мен өлең-жырларына үңілгенде, оның шығыстық діни үлгіні пайдаланып әдебиетке келгенін, қазақы қара өлеңмен сусындап, Шалкиіз, Қазтуған, Асан, Бұхар жырларын да жаттап өскендігін, жол ортасынан өте бере Абайды да өнеге тұтқанын анық сеземіз.

Ақыт қолына кештеу тиген Абай шығармаларының Қытайдағы қазақтарға жетуіне келсек, қазіргі бар дерек бойынша Абайдың 1909 жылы шыққан кітабы 1915 жылы Асқар Татанайұлының қолына жеткенін білеміз. Одан кейінгі деректер 1920 жылдар Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947 жж.) Қазақстан жерінде болып қайтуы, 1916 жылы Әсет Найманбайұлының (1867-1923 жж.), Жүсіпбекқожа Шайхысламұлының (1857-1937 жж.) Қытай жеріне өтуі, Зият Шәкәрімнің Қытайға қашып өтуі екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарға мұрындық болғанын көрсетеді.

Әлі зерттеліп болмаған тарихи әңгімелердің көп екенін ескерсек, Әсет Найманбайұлына байланысты да шешуі толық емес жұмбақ хикаялар көп. Соның бірі 1918 жылы мамырда Әсет Найманбайұлының Қытайдың Шәуешек қаласында Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937), Міржақып Дулатұлы (1885-1935) сияқты ұлт зиялыларымен бірге болғандығы. Әсет бұл бас қосуда "Алашқа" атты атақты өлең-толғауын шығарады. Ал, осы сапар бары­сында Ахмет, Міржақып туралы бізге жеткен әңгіме мардым­ды емес. Демек, алаштың атақты тұлғаларының да Қытайдағы қазақтар арасында болғандығы расталып отыр.

Қуғын-сүргін салдарынан Қытай жеріне қашып өткен ендігі бір топ Шәкәрім қажы ауылының адамдары еді. 1931 жылы 2 қазан күні Шәкәрім қажы жазықсыз атылған соң, Зият Шәкәрімұлы, Бердеш Әзімбайұлы Тәкежанов, Мәнәкеш Әзімбайұлы, Қожақапан, Төлеуқазы қатарлылар әуелі Тарбағатайға, онан соң Алтайға қашып барады. Осыдан аз уақыт бұрын ілгерінді-кейінді болып Алтайға жан сауғалап барған Сейітқазы Нұртаев, Шабдан Әбдікерім, Кәрім Дүйсебай, Сәлім Жаназар, Мырзахмет, Құсайын қатарлы асылдың қиықтары бар еді. Олардың алды болыс болған, Стамбул, Мәскеу қалаларында университет оқыған, арты асыл текті тұқымнан тараған көп тілді, аса білімді жандар болатын.

Демек, жоғарыдағы көп есімдерді атауымыз олардың екі ел арасындағы өркениеттің, әдебиеттің алмасуына жасаған игі ықпалын ізетпен еске алу еді.

Абай өлеңдерімен жарыса жеткен Мағжан Жұмабаев (1893-1938), Міржақып Дулат, Бейімбет Майлин (1894-1938), Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931), Жүсіпбек Аймауытов (1889-1930), Ілияс Жансүгіров (1894-1938), Сәкен Сейфуллин (1894-1938), Сұлтанмахмұд Торайғыров есімдері осыдан бастап шетел қазағына да кеңінен танымал бола бастады. Іле өңірінде Әсет, Жүсіпбекқожа, Көдек ақындар өзіндік өнегесімен әдебиеттің тамырын тереңге жайса, Зият Шәкәрімұлы арқылы Мағжан Жұмабаев өлеңдері, Ахмет Байтұрсынұлы мысалдары, Шәкәрім өлең­дері, әндері, дастандары, шежірелері Алтай мен Тарбағатай қазақтарына кеңінен тарады.

1935 жылы 27 желтоқсан күні алғашқы саны жарық көрген "Шынжаң Алтай газетіне" - арнап Зият Шәкәрімұлының өзі де өлең шығарған:

Жас "Алтай" жаңа ұшып қанат жайған,

Көрініп тұр жарығы сонадайдан.

Көркейіп көп жасасын орын алып,

Жоятын надандықты құрал-сайман...

Ортаңа келді баспа басатұғын,

Таратып түрлі жеміс шашатұғын,

Оқу - өнер, білімнің түп қазығы,

Серпіліп надандықтан қашатұғын.

Шығарды "Алтай" атты жаңа газет,

Оятып халық көзін ашатұғын.

Алтай кәрі болғанмен білгенің жас,

Балалыққа жолама, енді одан қаш.

Бірлік қыл, пұл аяма, қолыңды ұстас,

Бір жеңнен қол шығарып, жағадан бас.

Басқышқа жаңа шықтың қадам басып,

Тұтқасын ұста, ғылым есігін аш.

Езіліп үйде отырып күн өткізбей,

Халқыңа қызмет ет ендігі жас.

Тілегім, шын жүрегім, хақ ниетім,

Еңбек ет, шаруа көркейт, ілгері бас.

Көрмеген өнер-білім бұрын халық,

Ен жүрген көшіп-қонып малын бағып.

Білімге барлық шаруаң байланысты,

Алсаңдар тәжірибе ойға салып.

Ен көшіп, еңбексіз ет-қымыз ішіп,

Қазақтың қараңғыда қалуы анық.

Әр нәрсе өз-өзінің заманында,

Құша келді бізді бүгін заман ағып.

Әділ заң, түзу тезің құрулы тұр,

Нұрлы күн сәуле берді нұрлы жарық.

Білімге толы адам бел байлайды,

Өнерсіз елің жоқ деп түрін танып.

Қолданып Сұнияттың салған жолын,

Ел болып қатарға ендік теңдік алып.

Жаңа "Алтай" құттық айтып қадамыңа,

Басқарған алғыс айтып адамыңа.

Жәрдемге қолбасшылық жөн сілтеген,

Көп рахмет Шәріпхандай жанабына.

Сөйтіп, аты аталған тарихи тұлғалардың ықпалымен Шыңжаң қазақ әдебиетінің ірге тасы қалана бастады. Оның көш басында Жүсіпбек Шайхысыламұлы, Әсет Найманбайұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Нұртаза Шалғын­баев, Досбер Саурықұлы, Дубек Шалғынбаев, Асқар Татанайұлы, Ниғымет Мыңжанұлы, Арғынбек Апашбайұлы есімдері тұрды. Бұлар ауыз әдебиетінің бай үлгілерінен мейілінше сусындаумен бірге, шығыстық және батыстық әдебиеттің үлгілерімен де белгілі дәрежеде танысқан, Кеңестер Одағындағы ақын-жазушылардың еңбектерін де оқып білген өз тобынан озып шыққандар еді. Бұлармен қатар немесе соңдарынан жеткен ауыз әдебиеті үлгісін жалғаған әрі айтыс ақыны, әрі жазба ақын түріндегі бір тобы болды. Олардың бастыларынан: Асылхан Мыңжасарұлы, Әріпжан Жанұзақ­ұлы, Рақымжан Мешпетұлы, Сұлтан Мәжитұлы, Смағұл Қалиұлы, Отарбай Дүйсенбіұлы Болмас Төлемісұлы, Боздақ Дүзбембетұлы есімдерін атауға болады.

Шынжаң қазақтары өз әдебиетін қалыптастырғаннан кейін керуен бұйдасын соза жалғаған қаламы қарымды, қадамы алымды тағы бір топ өмірге келді. Олардың ішінде: Қаусылхан Қозыбай, Құрманәлі Оспанұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Мағаз Разданұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Омарғазы Айтанұлы, Қажығұмар Шабданұлы, Жұмабай Біләлұлы, Оразхан Ахметұлы есімдері алдымен ауызға алынатын болды.

Ал осыдан кейінгі Шынжаң қазақ әдебиетіндегі құй­рық тістескен шоғырлы топта Мақатан Шәріпханұлы, Шәкен Оңалбаев, Қызырбек Сақариұлы Оралов, Бұлантай Досжа­нин, Ғаппар Біләлұлы, Ғани Саржанұлы, Қапез Сүлейменов, Батырхан Құсбегин, Сұлтан Жанболатов, Жұман Әбішұлы, Шәйсұлтан Қызырұлы, Задахан Мыңбаев, Бердібек Құржықаев, Әбденбай Бажаев, Дутан Сәкейұлы, Шәмшәбә­ну Қамзақызы, Әуесхан Нұрқожақызы, Зейнолла Сәнікұлы, Жүмәділ Маманұлы, Қайролла Баянбайұлы, Бәйтік Дүйсебаев, Мәди Әбдрахман, Құлмұқан Ахметұлы, Құмар­бек Сақарин, Қанаділ Тұрысбеков, Жәнетхан Тұтқабек, Қыдырхан Мұқатай, Ұлыхан Сұлтан, Сәли Садуақасұлы, Тәліпбай Қабаев, Ғалым Қанапияұлы, Райхан Ібінқызы, Қасымхан Уатханұлы, Әзілбек Кіназбекұлы, Шәміс Құмарұлы, Айтқали Оспан, Қабыл Ыбырай, Көбен Асқар, Оразбек Әбділ, Шаймұрат Қамза, Шәмен Исаұлы, Серік Қауымбай, Қабдеш Жанәбіл, Нұрила Қызыхан, Асылбек Сақышұлы секілді қаламгерлер болды. Осы қаламгер қосы­нымен қанаттас әдебиет зерттеу және сын жанрында еңбек­тенген ғалым қаламгерлерден Жақып Мырзаханов, Ахметбек Кірішбаев, Әуелхан Қалиұлы, Мырзахан Құрман­байұлы, Омархан Асылұлы, Бексұлтан Кәсейұлы, Қаусылхан Қамажа­нов, Шәріпхан Әбдәлиұлы, Ғазез Райысұлы, Асан Әбеуұлы, Камуна Жанбоз, Жеңісхан Мұқатай сынды бір қосын бар.

Әдебиетіміздегі аударманың ұстайтын орны мен рөлі де ерекше болып отырған. Қазақты құраған ежелгі тайпалар тарихының өзінде әр түрлі аудармашылардың болғаны сөз етіледі. Ал, ХІІ ғасырдан бастап ресми сөздіктер жасала баста­ған. Ислам дінінің жалпыласуымен бірге шығыс әдебиетін аудару үрдіске айналған. Науаиидің "Тотнама", "Ләйлі-Мәжнүні" Фердаусидің "Шахнама", "Жүсіп Зілиқасы", Низамидің "Фарһад-Ширині" соның бір бөлім мысалдары саналады.

ХVІІІ ғасырдан басталған орыс өктемдігіне байланысты көптеген тілмаш-аудармашылар жетілді.

Қытай қазақтарына келер болсақ, 1757 жылдан кейінгі қазақ-қытай байланыстарының жиілеуі және қазақтардың ежелгі мекеніне орала бастауына орай аударма қажеттілігі туа бастады. Әрине Пекинмен арадағы әртүрлі байланыстар­дың тілмаштар пайдаланғаны белгілі.

Қазақ әдебиетіндегі көркем аудармаға келер болсақ, алдымен аузымызға түсетіні А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Құдайберді, М.Сералин, Ә.Найманбаев, Ш.Бөкеев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов секілді серкелеріміз болмақ.

Шынжаң қазақтарында 1922 жылғы Үрімжі қаласында ашылған Моңғол-қазақ мектебінің қытай тілі мен орыс тілінен сабақ бере бастағанын ескерсек, бұл ондағы аударма­ның негізін қалады деп толық сеніммен айтуға болады. 1933-1934 жылдардан бастап оқу-ағарту, баспа ісінің өркендей бастауы аударма ісін онан ары жандандыра түсті. Мұқаш Жәкеұлы, Дубек Шалғынбаев секілді аудармашылар қосыны қалыптасты. Шынжаң қазақ әдебиетінің негізін қалаушы­лардан болған Ақыт Үлімжіұлының, Әсет Найманбайұлының, Жүсіпбек Шайқысламұлының, Арғынбек Алашбайұлының арап, парсы тілдерінен аударып жаңғыртып (назиралық жолмен) жазған шығармалары көркем әдебиетіміздің көліне қәусар бұлақ болып құйылды.

Қарымы қатайған қазақ қаламгерлері ендігі жерде қытай­дың классикалық шығармаларын аударуға бет бұрды. Нариман Жабағытайұлы, Меллатхат Әленұлы, Әбдібек Байболатов, Әнуарбек, Әріп Зұрғанбекұлы, Әбділдабек Ақыштайұлы, Қалихан Қалияқбарұлы, Хакім Әкімжан, Әзімхан Тішанұлы, Әбдікерім, Ақберді Изатбекұлы, Бекмұхамет Берікұлы, Ғлаждан Осман, Қазымбек Арабин, Шамас Әубәкір, Найманғазы Сапанұлы, Ақия Раданұлы, Әлімжан Қатбаев, Кәкеш Қайыржан, Әбдіманап Әбеуұлы, Қайша Табараққызы, Еркеш Құрманбекқызы секілді белді аудармашылар Лушұн, Маудұн, Бажин, Яңбо, Лаушы шығармаларын, Саушуечиннің "Қызыл сарайдағы түсін", Логуан жұңның "Үш патшалық қиссасын", У Чың-ынның "Батысқа саяхатын", Шы Найан мен Логуон Жұңның "Су бойындасын" және "Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдерін" арт-артынан тәржімалады.

Шынжаң телевизиясында аударма фильм жасау орталығы­ның ашылуымен кинофильм аудару ісі тіпті де кемелдене түсті. Қытай тілінен қазақшалаудан тыс арабшадан қазақша­лау немесе қазақшаны қытайшалау жағында да белгілі еңбектер болды. Қазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы "Құран кәрімді" қазақшалады (Ұлттар баспасы, 1990 ж). Сібе ұлтынан шыққан аудармашы Қабай Абай шығармаларымен "Абай", "Абай жолы" романдарын қытайшалады. Жоғарыда аты аталған аудармашылар арқылы Жамбыл Жабаев, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Дүкенбай Досжан, Қалдарбек Найманбаев, Сайын Мұратбеков, Тахауи Ақтанов, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан секілді ақын-жазушылар шығармасы азды-көпті қытайша сөйледі.

Кейінгі жылдардағы аударманың бір ерекшелігі әлем әдебиетінің озық үлгілері Қытай тіліне күнбе-күн аударылып отырса, Қытайдағы ұйғыр және қазақ қаламгері оны не қытайша нұсқадан, не аудару арқылы танысу мүмкіндігіне ие болды. Осы арқылы қазақ жастары әлем әдебиетінің бүгінгі озық үлгілерінен өз қажеттерін тауып келеді. Ал, осыған орай аударманың сөзбе сөз аударылуы немесе қытай тілінің сөздік тіркесін өзгеріссіз пайдалану, ұйғыр сөздерін араластыру сияқты ішінара кемшіліктер де көзге түседі. Мұның тілді шұбарлауға апарып соғатынын білсек, ондағы ағайындарға сақтық қоңырауын шалып отырудың еш әбестігі болмаса керек.

Қытай қазақтарында атқарылған ірі жұмыстың біреуі ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, реттеп баспадан шығару болды. 1950 жылдардан бастап Қазақ фольклоры мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастыру ісі жүйелі түрде қолға алынды. Мәселен, 1958 жылы "Ертегілер", 1958 жылы "Ертегілер мен аңыздар" атты екі кітап жарық көрді. Аймақ, аудан дәрежелі орындардың бәрінен ауыз әдебиеті мұраларын жинайтын арнайы қоғамдар құрылып, он жылға тарта жапалы жұмыс істеп, "Ауыз әдебиетінің таңдамалы үлгілерін" әрбір аудандар төрт том етіп баспадан шығарды. 1980 жылдардан басталған бұл бастаманың нақтылы нәтижесін айтар болсақ, "Қисса-дастандар", "Тарихи жырлар" "Батырлық жырлар" (18 том), "Ғашықтық жырлар" (8 том), "Ертегі-аңыздар" (4 том), "Шежіре" (3 том), "Тарихи айтыстар" (6 том), "Айтыстар" (6 том), "Тарихи ән-күйлер" (4 том), "Шешендік сөздер" (4 том), "Мақал-мәтелдер" (2 том) баспадан шықты. "Шалғын", "Мұра" журналдарында ауыз әдебиеті мұраларын насихаттаған 200-ден астам мақала жарияланды. "Ауыз әдебиеті туралы пайымдаулар" (1984), "Қазақ әдебиет тарихының таңдамалы үлгілері" (1985), "Қазақ ауыз әдебиеті туралы" (1985), "Ауыз әдебиеті тарихы" (1988) т.б. зерттеу еңбек­тері жазылды. Аудандардан жиналған "Ауыз әдебие­тінің" төрт томы қайтадан сұрыпталып "Қазақ ертегі-аңызда­ры" (2002), "Қазақ мақал-мәтелдері" (2005), "Қазақ қисса-дастандары", "Қазақ өлең-жырлары" деген атпен ШҰАР-жағынан энциклопедиялық төрт том болып жарық көрді. Қазақстанда "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша шыға­рылып отырған "Бабалар сөзі" ұласпалы 100 томдығының 25 томы сол Шынжаңдағы нұсқадан көшіріліп отыр.

Ауыз әдебиеті және ауыз әдебиеті үлгілерінің бізге жеткен көрнекті үлгілері болған халқымыздың айтыс өнерінің де орны ерекше.

Қытайдың солтүстік Сұң патшалығы тұсында жазылған көп томды "Тайпиң Хуаниүй жазбаларының" 196-бөлім "түріктер шежіресі" тарауында: "Түріктер бие сүтінен жа­салған ішімдікті ішкен соң ән шырқап, бір-бірімен айтысады" деп жазылған. Халқымыздың көне жазбалары санатындағы М.Қашқаридің "Түркі тілдер сөздігі" және "Қозы көрпеш- Баян сұлу", "Қыз Жібек" жырында да айтыс түрі кездеседі.

Шоқан Уәлиханов (1835-1865) 1855-1856 жылдары жазған "Қазақ поэзиясының түрлері" деген мақаласында, В.В.Радлов (1837-1918) 1870 жылы шығарған "Түркі тайпаларының халық әдебиеті нұсқалары" кітабында және Жүсіпбек Шайқыслам (1957-1937), Әбубәкір Дюбаев (1856-1932), Машһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931) еңбектерінде ұлтымыз­дың айтыс мәдениеті алғашқы қадамда зерттеле бастаған. 1940 жылдан кейін С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е. Ысмайлов, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, М.Жармұхаметов, С.Исаев секілді қаламгерлер бұл салада арнайы қалам тербеді.

Қытай қазақтарында 1905 жылдан бастап айтыс өлеңдер жазбаша тарағанымен, арнайы зерттелмеген. 1980 жылдардан бері қарай "Қазақтың байырғы айтыстары" (1985) "Ақындар айтысы" (алты том, 1933,1995, 1999, 2003), "Өлең тойы" (1999), "Қазақтың қазіргі айтыстары" (2000), "Қоңыробадағы қоңыр әуен" (2001), "Ақ өзен салтанаты" (2002), "Жекпе-жек" (2003) "Айтыс сөз барымтасы" (2005) "Ақындар айтысы" (2006), секілді көптеген кітаптар жарық көрді. Бұдан басқа да Ә.Қалиұлы, Ж.Мырзаханов, Субихай, Б.Кәсей сияқты ғалымдар мен жазушылардың еңбектерінің де зерттеу тақырыбы болды.

1979 жылы тұңғыш рет ШҰАР орталығы Үрімжі қала­сында ақындар айтысы өткізіліп сонан бергі 28 жыл ішінде (2007 жылға дейін) ШҰАР дәрежелі 2 рет, облыс дәрежелі көп рет әрбір аймақта жылына 2 рет айтыс өтіп келеді.

Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалхан Қарабатырқызы, Бүбімәри Жақыпбайқызы, Мейрамхан, Бердіхан Абайұлы, Мәдіхан Жақсыбай, Мүсілімжан Шәріпхан, Мәметхан Шөкема­нов, Жұмағали Құйқабаев, Мүтәй Сәтжан, Дәулетбек Қаңбақов, Мүсілімбек Сарқытбай, Зият Көбеген, Мағаз Мәлік, Нұрзайып Көбеген, Елсінхан Кәмелхан бастаған Қайрат, Еркін, Әбдіғани, Айғаныш, Ғазиза, Шұғыла, Бауыржан, Нүрзия, Серік, Шәкен, Махан, Гүлбайрам,Санар, Нүрзи­хан, Гүлзира, Адақ, Мұрал, Нұрбол, Жақыпнұр, Гымыңгүл, Әбікеш, Гүлден, Әбдібақыт, Зура, Ырысбек, Бақытгүл, Ержанат, Ақынбай, Ұлжалғас, Құмар, Бердіхан, Мұрат, Гүлзира, Жанар, Бекболат, Лиза, Бақытәлі, Гүлғайша, Қинаят, Фарида секілді айтыс ақындарының шоғыры қалыптасты.

Демек Шынжаңдағы қазақтардың әдебиетінің қазақ әдебиетіне қосқан үлесі аз емес.

Жазушылардың қоғамдық ұйымынан Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамы және оның Шынжаңдағы бөлімшесі (Шынжаң жазушылар қоғамы) оның қол астында жұмыс атқаратын Іле облыстық жазушылар қоғамы, аймақтық жазушылар қоғамдары бар.

Әртүрлі кітаптардың жарық көруі үшін Ұлттар баспасы, Шынжаң халық баспасы, Шынжаң жастар өрендер баспа­сы, Іле халық баспасы секілді арнайы орындар жұмыс істейді.

Қытай мемлекеттік Жазушылар қоғамының мүшелері:

Баспасөзі

1880-1890 жылдар ішінде Жүсіпбек Шайхысыламұлы, Ақыт Үлімжіұлы бастаған алғашқы бір топ ақындар Қазан баспасынан кітаптар шығара бастаған еді. Сөйтіп, "1900 жылдан 1917 жылға дейін Қазанда, Омбыда, Орынборда, Петербургта, Ташкентте, Троицкіде, Семейде, Оралда және басқа қалаларда қазақ тіліндегі жүзге тарта түрлі кітаптар шықты"(60).

Шың Сысай билік басына келгеннен кейін, алға қойған алты саясаты бойынша, Кеңес Одағымен достасып мәдениет және оқу- ағарту істері жағында белгілі даму пайда болды. Өлке орталығы Үрімжі қаласында және де Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында құрылған "Қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымының " ықпалымен қазақ баспасөзі мен оқу-ағартуы жаңа қадамдар жасады.

"1934 жылы 6-айда Іледе құрылған қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының бастығы Махсұт Сасанов бастамашылы­ғында 1935 жылы қазақ тілінде "Төңкеріс таңы" атты газет шықты. Бұл газетті осы қазақ-қырғыз ұйымының ойын-сауық, мәдениет істеріне жауапты ақын Таңжарық Жолдыұлы басқарды. Осы газетті қазіргі "Іле газетінің" алғашқы негізі, Іледегі қазақ баспасөзінің төркіні деуге болады.

Алтай өңірінде кезінде Алтай өңірінің уәлиі және әскери қозғалыс генералы болып тұрған ағартушы Шәріпхан Жеңісханұлы Көгедаев баспасөз жұмысын дамытуға ерекше күш салған кісі. 1934 жылы ол Кеңес Одағынан баспа маши­на­сын алдырып, 1935 жылы қазіргі "Алтай газетінің" тұң­ғыш саны "Шынжаң Алтай газетін" шығарады. Бұл газет сол жылдың соңында "Жаңа Алтай газеті" деген атпен шығып тұрды. Бұған қоса 1948 жылы "Таң Шолпаны" атты журнал шықты.

Тарбағатай өңірінде баспасөз жұмысы Іле мен Алтай өңіріне қарағанда ертерек басталған. Бірақ ол алғашында нағыз қазақ тіліндегі басылым болмады. өйткені, қазақ, ұйғыр, татар, тағы басқа ұлттар аралас қоныстанған Тарба­ғатайға кеңес одағынан (1925 жылы) әкелінген тас баспа аспаптары Қазан баспасыныкі еді, әрі ұйғыр, татар тіліне жақын әріп болатын. Осы тілмен шыққан "Біздің үн" атты газетте Нұртаза Шалғынбаев сияқты қазақ зиялыларының мақалалары да басылып тұрған. 1934 жылдан бастап бұл газетте Тарбағатайдың ортақ тілінде қазақ оқымыстыла­рының мақаларлары басыла бастады. 1935 жылы қорғасын әріппен "Жаңа Шынжаң " атты маусымдық журнал шықты да, онда Нұртаза Шалғынбаевтың "Көрген-білгендерім" атты мақала­сы басылды.

Үрімжіде "Шынжаң газетінің" қазақ тіліндегісі 1935 жылдан шыға бастады да, қазақ баспасөзі дамуына негіз болды.

Құлжада, Үрімжіде газет-журналдар шығудың сыртында кітап та шығатын болды. 1948 жылы Құлжада Таңжарық Жолдыұлының "Алғашқы жинағы", Үрімжіде Ниғымет Мыңжанұлының "Тұрмыс тілшісі " атты повесі жарияланды" (62).

Сол жылы Үрімжідегі Шынжаң газеті баспа зауытында "Абайдың таңдамалы шығармалары" басылып шықты. Осымен қатар Алтайда Әсет Найманбайұлының "Сәлиқа - Сәмен" дастаны, Тарбағатайда Нұртаза Шалғынбаевтың "Көрген-білгендерім" очеркі, Дубек Шалғынбаевтың "Кедей оқушының тағдыры" әңгімелері кітап болып шыға бастады.

Қытайда жүргізілген саяси күрестерге байланысты баспасөз қызметі бір мезет тоқырауға ұшырап, 1980 жылдардан кейін ғана қайта жанданды.

Арнайы баспа орындарынан "Ұлттар баспасы" , "Шынжаң халық баспасы", "Шынжаң жастар-өрендер баспасы", "Денсаулық, ғылым-техника баспасы", "Шынжаң оқу-ағарту баспасы", "Іле халық баспасы" сияқтылар бар. Бұл баспалар үкіметтік тапсырыстар және жеке қаржы табу жолдарымен әртүрлі кітаптар шығарып отырады.

Ал Қытай қазақтары бойынша қазақ тілінде шығатын журналдарды мынадай бес топқа бөлуге болады:

Бірінші: мемлекет дәрежелі саяси журналдар: "Іздену", "Ұлттар ынтымағы", "Ұлттар " журналдары.

Екінші: ШҰАР-ның орталығынан шығатын журналдар: "Шынжаң қоғамдық ғылымы", "Шынжаң қоғамдық ғылым мінбесі", "Шынжаң жоғары оқу орындары ғылыми журна­лы", "Шынжаң авангардтары", "Шынжаң оқу-ағартуы", "Ғылым бұлағы", "Шынжаң суретті журналы", "Тіл және аударма", "Көкжиек", "Шұғыла", "Мұра", "Оқырман өресі", "Шынжаң малшаруашылығы", "Алға", "Жайылымшаруа- шылығы", "Шаруашылық машиналары" секілді 17 журнал.

Үшінші: облыс дәрежелі журналдар: "Іле айдыны", "Іле жастары", " Іле әйелдері", "Мектеп дене тәрбиесі", "Қазақ балалары ғылыми суретті журналы".

Төртінші: аймақ дәрежелі журналдар: "Алтай аясы", "Тарбағатай", "Ғылым және өнер", " Дәрігерлік білім", "Жастүлек" журналдары.

Бесінші: тек қана Қытайдың ішкі қызмет орындары мен университеттерінде ғана таратылатын журналдар: "Іле педагогикалық институт ғылыми журналы", "Іле оқу-ағарту инстутының ғылыми журналы", "Іздену және ашу", " Үйрену және ғылым", "Іле ағартуы", "Іле медицинасы", "Іле прокро­турасы", "Боғда", "Құмыл алқабы", "Тарлан" журналдары.

Аталған журналдар 1996-1997 жылдары ресми түрде жарық көріп тұрған. Кейінгі жылдары ішінара өзгерістер болғаны­мен жалпы қытай қазақтарында 40 түрлі журнал шығатын­дығын кесіп айтуға болады(63).

Қазақ тілінде шығатын газеттерден "Шынжаң газеті", "Іле газеті", "Алтай газеті", "Тарбағатай газеті", " Шынжаң ғылым - техника газеті", "Іле ғылым - техника информация газеті" бар.

Баспасөзге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарынан Қытай қазақтарында екі телевизия арнасы мен бір радио (Шынжаң халық радио станциясы) тек қана қазақ тілінде жұмыс жүргізеді. Шынжаң халық радио станциясы 1955 жылдан, Шынжаң телевизиясы 1985 жылдан қазақ тіліндегі бағдарламалар тарата бастаған.

Әртүрлі баспа істері мен бұқаралық ақпарат қызметі үшін Шыңжаң қазақтарына көрнекті еңбек еткен тұлғаларда аз емес. Солардың бір бөлімін атай кетсек, төмендегідей: Бақытхан Қыдырмоллин, Кәкеш Қайыржанұлы, Шәкен Қалиоллаұлы, Зейнолла Шәкербайұлы, Тұрсын Жолымбет­қызы, Мұқадіс Қадылбекұлы, Рахымқожа Тоқтақынұлы. Асубек Нүптекин, Өнерхан Өгізбайұлы, Нағима Бөжекқызы, Сағат Жайпақұлы, Бейілхан Мұқашұлы, Шәріп Машатай­ұлы, Бақытхан Біләлұлы, Әкімбай Жапарұлы, Қанат Ере­жепұлы, Мұратбек Тесебаев, Тегіс Зайбекұлы, Жармұхамет Шаяқыметұлы, Күлайша Нұрсейітқызы, Қайникамал Жолымбетқызы, Жібек Базарбайқызы, Қабыкеш Салиқұлы, Емен Аңдамасұлы, Қалиолла Нұртазаұлы, Дәлелхан Смайылұлы, Хаһар Сіламжанұлы, Қазымбек Арабин, Қаһарман Мұханұлы, Мағаз Сүлейменұлы, Хакім Әкімжанұлы және басқалар.

Шежірелік дәстүрі

"Жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары " деп білген халқымыз ата-бабаларды кейінгі ұрпақтарға танытуды парыз деп біліп отырған. Бұл бір жағынан ататекті білуде тари­хыңды тануға жетелесе, бір жағынан неке және отбасы өмірінде де ерекше мәні бар дәстүр.

"Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген"(64).

Қазақ шежіресі және жазба тарихы туралы деректерге тоқталғанда тарихшылардың алдымен "Қытай жылнамала­рын­дағы қазаққа қатысты деректер"кітаптарын ауызға ала­тыны жұртқа аян. Өйткені дәл осы кітаптарда қазақ шежіресі бойынша, қазақтың қазақ болып қалыптасуында ұйытқы болған. Тайпалар қатарында аталатын үйсін, қаңлы, сақ, ғұн, алан (алшын) елдерінің сонау біздің жыл санауымыздан бұ­рын ертедегі ұлыстық ірі елдер екендігі, олардың өз заманын­дағы қоғамдық, саяси жағдайы, көршілес елдермен, әсіресе Хан патшалығы секілді елдермен, ғұндармен байланысы жазып қалдырылған.

Қазақ шежіресі бойынша ұлы жүз шежіресіне кіретін дулаттар, біздің жыл санауымыздан бұрын Қытайдың тарихи кітаптарына ерекше жазылған үйсін елінің құрамындағы бір тайпа екендігі, оның батыс Түрік хандығы кезінде бес арыс елден құралған үлкен тайпа болғандығы, Түркеш хандығы (сары үйсіндер) кезінде оның ежелгі үйсін елінің орнын басқандығы тілге тиек етіледі.

Қазақ шежіресі бойынша орта жүз құрамына кіретін алты үлкен тайпаның бірі қыпшақ. Зерттеушілер бұл тайпаны Қытай тарихи жазбаларына аты жыл санаудан бұрын түскен "Хуша", "Уже" тайпасының ұрпағы дейді. "Қыпшақ " аты VІІІ-Х ғасырдан-ақ мәлім.

Қытайдың ірі тарихи шежірелерінен сұрыптап алынған 26 тарихты том бойынша есептегенде 200 томнан асады. Осы томдардың қазаққа қатысты бөлімін реттегенде оның өзі төрт томға жүк болады. "Бірінші том жаңа эраның (жыл санаудың) ар жақ, бер жағындағы ІV ғасырды қамтитын яғни ғұн, үйсін, қаңлы сияқты мемлекеттермен тайпа­лардың тарихи жағдайларынан мәлімет береді. Екінші том ежелгі түрік заманына тура келеді. Бұл түріктердің пайда болуы, ыдырауы сияқты алты ғасырды қамтиды. Үшінші томда қазақтың ежелгі тайпалары жөнінде нақты мәлімет береді. Яғни Лиау, Юан, Моңғол патшалығы заманындағы қазақ тайпалары жөнінде әңгіме болады. Төртінші томда қазақ хандығы тұсындағы Чиң патшалығы мен Қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынас, саяси қоғамдық жағдайлар сөз болады(65). Демек, тарихи шежірелердің берері ұшан-теңіз.

Орта жүздің қалған үлкен тайпаларынан арғындар, най­мандар, керейлер, уақтар, қоңыраттардың атының жазба тарих бетіне түсуі де арыда жатыр. "арғын" атауының тегін зерттеу­шілер, оларды ғұндардың тікелей ұрпағы деп дәлелдеп жүр. Ал керейлер, наймандар, қоңыраттар, уақтар, меркіттер болса "Моңғолдың құпия шежіресі", Рашиденнің "Жамих-ат-тауарих" атты шығармасы, Әбілғазы Баһадұр ханның "Түрік шежіресі" бойынша айтқанда, сонау ХІІ ғасыр соңы, ХІІІ ғасыр басында Шыңғысхан заманында моңғолдармен тең тарих сахнасында көрінген күшті тайпалық елдер. Ал қытай жазбаларында бұл тайпалар тарихы жөніндегі деректер VІІ- VІІІ ғасыр мен ХІІІ ғасыр арасындағы дәуірді қамтиды. Бұл дәуір қазақ тарихындағы түрік хандығы, түркеш қағандығы, қарлұқ одағы, қарақанилар қағандығы және батыс Лиау (кидандар) замандарына тура келеді.

"Іле өзенінің алқабындағы Алмалық қаласында туып, қалың қаңлы тайпасының арасынан шыққан атақты тарихшы, ғұлама ғалым Жамал Қарши (1230-1315) өзінің 1300 жылы жазылған "Мүлка хат ас-тудах" (сөздікке қосымша) атты еңбегінде қаңлы, қыпшақ, найман, оғыз, т.б. тайпалардың ХІ ғасырдан ХІІІ ғасырға дейінгі өмір тіршілігі мен шежіре аңыздарын баяндаған"(66). Қазақ Совет Энциклопедиясында бұл шежіренің атын "оғыз-қыпшақ-қарахан шежіресі" деп атаған. Су Бихай мұны қазақ шежіресінің ең алғашқысы дейді.

Қазақ Совет Энциклопедиясында, Шоқан Уәлихановтың айтуынша, қазақ хандары Есімхан, Тәуке, Сәмеке, Әбілмәм­бет, Абылайлардың ұрпақтары хан ордаларында шежіре жинап сақтағандығы жазылған. Есімхан 1598-1628 жылдар хан тағында отырған. Ал қазақ хандығы болса ХV ғасыр орта­сында құрылған, Қазақ хандығының Өзбек хандығы және Мағұлстан хандығымен болған байланысы жөнінде ең алғашқы жазба мәліметті жазып қалдырған адам, дүниеге атақты "Тарихи-Рашиди" атты кітаптың авторы, дулат тайпа­сынан шыққан Мұхаммет Хайдар Дулати болды.

Қазақ шежіресінің нақтылы жиналуы және жазба дерекке түсуін қазақ құрамын толықтаған жалайыр тайпасынан шыққан Қыдырғали Қосынұлы Жалайыр жалғастырды. Ол өз заманында атақты би, шежіреші болған. Шоқан Уәлихановтың жазба деректері бойынша Қыдырғали Жалайыр (1530-1605) жазған "Жамих-ат-тауарих" (жылнамалар жинағы) атты кітап "қазақтардың өткені туралы ең құнды, алғашқы жазба ескерткіш, мұнда нақты тарихи деректер аз болғанымен қазақ хандары мен сұлтандарынның ата тегі бар"

Шоқан шежірені жинатып сақтағандар қазақ хандарынан Есімхан, Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет ұрпақтары екендігін айтады. "Ондай шежірелер Абылайда, оның балалары Уәлиде, Сұйық төреде, Әбілқайырда, оның балалары Нұралыда, Айшуақта, ұрпақтары Жәңгірханда, Дәулеткерейде болған" (67).

ХVІІІ ғасырда қазақ шежіресі жөнінде өте тамаша жыр-дастан шығарған адам Шал жырау екен. Шоқан Уәлихановтың жазуынша, Шал жырау оның бабасы Абылай ханмен заман­дас. Ол арғын тайпасының атығай тармағынан шыққан атақты жырау. "Елдің айтуынша Шал жырау жыр-дастанында, қазақтың шығу тегіне қатысты тарихи аңыз-әңгімелер түгелдей қамтылады деседі. Ертеде өткен Алаштан бастап барлық ру, рубасы, билер мен батырлар, олардан өрбіген аталар мен әулеттер, хандар шежіресі Шал жырында түгелдей қамтылатын көрінеді"(68) деп жазады Шоқан Уәлиханов. Қазақ Совет Энциклопедиясында жазылуынша, "Абылайдың шежіресі оның ұрпақтары арқылы кейін капитан Андреевке, Н.И. Гродековтың қолына тиеді. Оның толық түрін сақтаған Ш.Уәлиханов, Әблқайырдың шежіресі толығымен М. Тевке­левтің, П.Н.Рычковтың қолына түседі. Ондай шежірелерді орыс әрпіне түсіріп жинаған кісілер: А.И.Левшин, Г.С.Сабалуков, Н.Аристов..." және басқалар болып табылады. "Олардың топтаған шежірелері әлі күнге дейін мұрағатта сақтаулы(69) екен.

"ХVІІІ ғасырда Қытайды билеген Еженханның әскери әкімшілік қызметкерлері қазақ арасынан қазақтың көптеген шежірелік деректерін жинап, манжу тілінде жазбаға түсірген екен. Бұл жазбалар қазір Пекиндегі хан сарайы мұражайында сақтаулы тұр"(70).

Қытай тарихи естеліктерінде қазақтар жөніндегі деректер алғашында, Қытайдың батыс аумағында (Шынжаң өңірінде) моңғолдардың ойрат тайпалық одағының құрамындағы жоңғарлардың күшейіп шығуы, әсіресе жоңғарлардың мықты билеушісі Батұр Хұнтайжының дәуірінде, оның қол астында болуды қаламаған торғауыттардың ХVІІ ғасырдың 30-жылда­рында батысқа көшуі қазақ даласын басып өтіп, Еділ-Жайық (Орал дариясы) өңіріне баруына қатысты жазылады да, содан тартып 1750-жылдарда Чиң хандығы үкіметінің әскер шығарып жоңғар ақсүйектерінің бүлігін тыныштандырғанға дейінгі жүз жылдан артық уақытта жалғаса береді. Алғашында тек жоңғарлар мен қазақтар арасындағы тарихи байланыстар және соғыстар жөніндегі деректермен шектелсе де, ХVІІІ ғасыр­дың орталарынан кейін қазақтың шежіресі және қазақтың үш жүзінің хан-сұлтандарының Чиң патшалығы үкіметімен және патшалық ресеймен болған депломатиялық байланысы, сауда барыс-келісі жақтағы мол деректерге қарай ойысады.

Мысалы: "Жоңғарды тыныштандырудың жалпы жобасы" мен "Чиң патшалығы Гаузұң орда естелігі", "Чиң патшалығы Рынзұң орда естелігі", "Чиң патшалығы Ышуанзұң орда естелігі" міне осындай мәліметтерге өте бай болып табылады. Ал Сұң Жүн жазған "Шынжаң деректері " атты кітап та өте құнды. Бұл кітапта қазақ хандарының Чиң патша ордасына (Пекинге және Чыңдыға) жіберіп отырған елшілері, қазақ үш жүзі хандарының билік көлемі, олардың шежірелік тарауы берілген.

Жапониялық зерттеуші Зокуто өзінің "ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Шынжаңның қоғамдық тарихы жайында зерттеулер" атты кітабының қазақ жөніндегі тарауын жазғанда Қытайдың тарихи естеліктерінен жан-жақтылы пайдаланған. Қазақтың үш жүзге бөлінетіндігі, қоныстанған өңірі және олардың ше­жі­релік таралуы жөніндегі мәліметтерді, Бартолд шығарма­ларындағы, тіпті "Қазақ ССР тарихындағы" деректермен салыстырып зерттеген.

Демек сонау ХVІІІ-ХІХ ғасырда-ақ қазақтардың тарихы қоғам­дық ахуалы жөнінде жазылған деректер мен жүргізілген зерттеулерде қазақ шежіресі ерекше орын алған деуге болады. Қазақ үш жүзі және оларға қарасты үлкен тайпалар жөнінде анық деректер жазылуы осының айғағы.

Қазақ ішінде көп жүріп, қазақ тарихына, этнографиясына тән мәліметтерді жан-жақтылы жинап, оны "Тауарих хамса" атты еңбегінде жазып қалдырған татар тарихшысы Құрбанғали Халид болып табылады. Ол өзінің еңбегінде:"Бала кезімде сөз құмарлау, қариялардың сөзіне құлақ асқыш едім. Сол күнде естіген әңгімелерімді осы күнде білетіндер азайып кетті. Ол кезде шежіре адамдар, әр жерден, әр рудан кездесе беруші еді. Ал бүгінгі күнде шежірелер азайып, қариялар кемейіп кетті. Қазақ халқы оқу-жазуды білмей-ақ, кітапты көрмей-ақ ауыздан-ауызға айтылып келе жатқан ежелден бергі тәлімдері бойынша естіген сөздерін ұмытпағандығын көрсетеді. Сондықтан бұлардың айтқандарына құлақ қойып тарихтарына, ру таратуларына көңіл бөліп, әңгімелерін ескеріп отыруға тура келеді"(71) дейді.

Қазақ шежіресінің жиналуы ХХ ғасырға келгенде тереңдей түсті. Бұған негіз болған шежірелер, Қазақ Совет Энциклопе­диясында ерекше аталған ХVІІІ ғасырға тән "Көшен қарауыл шежіресі", ХІХ ғасырдың алғашқы жарымы және орта шенінде топталған "Ш.Уәлиханов жазып алған" "Ұлы жүз шежіресі", Абдолла Ниязовтың "Үш жүздің шежіресі", "Ахмет Жантө­риннің шежіресі", Г.Н. Потанин жазып алған "Мұса Шорманұлының шежіресі", Өтеу Бөжейұлының "Қазақ жұртының шежіресі", Қорғанбек Бірімжанұлының бастауымен жинақталған "Орта жүз және кіші жүздің шежіресі" (1894 ж.) (72) т.б. болып табылады.

Осыдан кейін қазақ шежіресін жинап, реттеп, баспадан шығарушылар: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Машһұр Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Таушабаев, Мұқаметжан Тынышбайұлы қатарлылар болды.

Кеңес заманында ілгерінді-кейінді болып қазақ тарихына қатысты көптеген томдар жарық көрді. Бастыларынан: "Қазақ тарихының очеркі" (1935 ж.), "Қазақ ССР тарихы жөніндегі очерктер" (1941 ж.), "Қазақ ССР тарихы" (1943 ж.), "Сырым батыр" (1949 ж.), "Қазақ Совет Энцик­ло­пе­диясы", "Қазақ ССР тарихының" бес томдығы жарық көрді.

Қытай қазақтары шежіресінің зерттелуіне келсек, 1970 жылдарға дейін түйе боталағандай сирек көрініп, әр жерде шашырап жүрді. Тек Ниғымет Мыңжанұлы сонау 1950 жылдардың алды-артында қазақ және қытай тілінде алғашқы еңбектерін жариялай бастады.

1978 жылы ел тірлігі оңала бастаған тұста қазақ зиялылары қолдарына қайта қалам алды. 1979 жылдың күзінен 1980 жыл­дың көктеміне дейін Шынжаң университеті сияқты орындардың ұйымдастыруымен қазақ тарихына қатысты ғылыми конференциялар өтті. Қазақ тарихы жөнінен көпте­ген ізденістер жасап жүрген белгілі ғалым Жақып Мырза­ханұлы "Қазақтың тегі және ұлт болып қалыптасуы" атты баяндамасын жасады. Бұл жаңа тарихтың беташары еді.

Осыдан кейін арт-артынан қазақ тарихына қатысты зерттеулер жарық көре бастады. Бастыларынан "Қазақтың қысқаша тарихы" (Н.Мыңжанұлы, Шынжаң халық баспасы, 1987 ж), "Қазақ тарихынан зерттеулер" (Н. Мұхаммедханұлы, Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1989 ж), "Қазақ шежіре­лері" (Іле халық баспасы, 1990 ж), "Қазақ халқы және оның салт-санасы" (Ж.Мырзаханұлы, Шынжаң халық баспасы, 1992 ж), "Қазақ шежіресі" (Шынжаң жастар-өрендер баспа­сы), "Чиң патшалығы кезіндегі қазақ халқы" (Н.Мұхаметхан, халық баспасы. 1997 ж), "Тарихи дерек, келелі кеңес" (А.Татанай, Шынжаң халық баспасы, 1987 ж), "Шынжаң қазақтарының қоныс аудару тарихы" (Ұлттар баспасы, 1999 ж), Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер" (Ұлттар баспасы, 1998 ж), "Қазақтың тегі және қалыптасуы" (Жақып Жүнісұлы, Іле халық баспасы,1994 ж), "Баркөл шежіресі" (Шынжаң әсемөнер-фото сурет баспасы, 2004 ж) "Қа­зақ мәдениетінің тарихы" (Су Бихай, Шынжаң халық баспа­сы, 2005 ж), "Қазақ мәдениетінің айдыны" (Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 2006 ж), "Іленің тарихи шежіресі" (Ж. Жүнісұлы, Іле халық баспасы,2007 ж) кітаптарын атауға болады. Бұған жалғас Шынжаңда қоныстанған қазақтардың жерлік шежіресі мен рулық шежірелері де көптен жарық көрді.

Шынжаңдағы қазақ шежірешілерінен - Қылышбай, Орысбай, Мәулікей, Әбілмәжін, Бейсенбі, Мәми атындағы шежірелер болыумен бірге Асылбек Қайырымұлы, Меллат­хан Әленұлы, Бошай Кітапбаев, Нұрболат Оспанұлы, Қадыс Жанәбілұлы, Қазым Әлменұлы, Шерубай Иманқожаұлы, Сұлтаншәріп Аңсатыұлы, Қожай Доқасұлы, Кәкім Ахмәдиұлы, Бидахмет Мұқайұлы, Ғизат Әубәкір, Баяқымет Жұмабай, Қайса Қойекин, Уақит Қамитұлы секілді тарихшы-шежіреші топтың аты аталады.

Көркемөнері

Қазақ ән, би, күй өнері жағынан ұзақ тарихы бар ежелгі ұлттар қатарына жатады.

Қытай ғалымдары "Қиыр Шығыстағы алғашқы күй әуен­дері Яңшау мәдениеті (б.з.б. 5000 - б.з.б. 3000 ж.ж.) дәуірле­рінде қалыптасқан" деп қарайды. Ал, ішінара ғалымдар ән-күй, билердің төркіні - адамдардың ең бұрынғы діни салт­тары деп біледі. Жаратылыстан тысқары құдіретті күшпен байланыс жасаушы ерекше адамдар (бақсылар, сәуегейлер, білгірлер т.б.) үстеріне әлем-жәлем киімдерді киіп, қолда­рына күй аспаптарын алып, би билеп, ән айтып, құдіретті күш­пен байланыс жасайды, иесін шақырады, жын-шайтан­дарды қуалайды. Тілеу тілеп болашақты болжайды, т.б.

Біздің ата-бабаларымыз жасаған Еуразия даласы осындай таным - сенімдердің ең әуелгі пайда болған жері болуы мүм­кін. Азияның шығыс солтүстігінде өркен жайып шарта­рапқа таралған байырғы шаман діні дәл осындай мәдениеттің негізгі төркіндерінің бірі тәрізді. Азиядағы шаманизм мен Америка құрлығындағы үндістердің шаманизміндегі ұқсастықтарға қарағанда, Азиядағы шаманизмның пайда болғандығы он мың жылдан кем емес екендігі белгілі. Бұдан біз әдебиетіміздің арғы сорабының да тым арыда жатқан­дығын аңғарамыз.

Шығыс солтүстігіндегі манжу ертегілеріндегі бір құшына­шы (балгер) мен араларында неше мың шақырым жер жатқан батыс солтүстіктегі бір қазақ бақсының жын шақырған сөздерін салыстырып көрейік:

Шынжаңның Дөрбілжін ауданындағы бір қазақ бақсы (кәлпе):

Құдіреттің арғы атасы Қап тауында, ей, Алла,

Қап тауынан жан-жаққа таралады, ей, Алла.

Таудан келген он батыр, ей, Алла.

Қырық тұлпар ішінде, бір қара көк, ей, Алла.

Тобан аяқ, жаман кемпір, ей, Алла.

Иір тұмсық кер балақ, ей, Алла.

Ей, Алла, менің пұшығым,

Тілеуім қабыл болар ма, ей, Алла.

Алтайдан келген ақиық, ей, Алла.

Шығыстан келген кермиық, ей, Алла.

Киіз үйдей кері жылан, ей, Алла.

Маңдайшадан оқ жылан, ей, Алла.

Ей, Алла, менің пұшығым, ей, Алла.

Тілеуім қабыл болар ма, ей, Алла, - деп жын шақырады.

Манжу ертегісінде бір кәлпе ұзақ жол басып Қызыл дария бойына жетеді. Төңіректі шолып ешқандай өткелдің жоқ екендігін байқайды. Тіпті адамның қарасы да көрінбейді. Тақаты таусылған кәлпе дабылын қағып, жын шақыра бастайды:

Айгүли, иегули, аспанда шыр айланған,

Айгүли, иегули, күмістей ала торғай.

Айгули, иегули, теңізде ұйтқыған,

Айгули, иегули, сұм жылан.

Айгули, иегули, теңіз бойында ирелеңдеген.

Айгули, иегули, сегіз айдаһар жылан,

Айгули, иегули, өзен бойлап келе жатқан -

Айгули, иегули, жын иесі, мен өзім,

Айгули, иегули, өтемін,

Айгули, иегули, осы өзеннен.

Айгули, иегули, барлығың түгел жынымсыңдар,

Айгули, иегули, мені көтеріп өзеннен өткізіңдер,

Айгули, иегули, тез болыңдар!

Айгули, иегули кереметтеріңді көрсетіңдер,

Айгули, иегули.

Қазақ құшынашының (балгер) жоғарыдағы жын шақыр­ған сөздеріндегі ислам дінінің болымсыз әсерін есепке алма­ғанда, аралығы мыңдаған шақырым шалғайда жатқан, екі дәуірдің, екі ұлттың құшынашының жын шақырған сөз жолдарындағы ұқсастықты айтпасақ та түсінікті. Әр екеуінде де алып құстар мен айдаһар жыландар өздерінің "жыны", "иесі" ретінде шақырылады.

Манжу құшынасының жын шақыруындағы "Айгули, иегули" деген қайталаулар қазақтың халық әні:

"Айгөлек - ай, айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек,

Айдай толған күнімде,

Би билеймін дөңгелеп" -

дегендегі "Айгөлек - ай, айгөлекке " ерекше ұқсайды. Бәлкім осы әннің арғы төркіні де "Айгөлек әнін" айтып жын шақырған бақсылар сарыны болар.

Шаман бақсыларының басына үкі тағынып, денелеріне түрлі шашақты киімді киіп, биге басқан көріністері Азияның терістігіндегі жартас суреттерінде көп жолығады. Қазақстан­ның Баянжүрек жартас суреттері мен Шынжаңның Бардақұл жартас суреттеріндегі осындай шамандық бейнелер осыдан 3500 жылдың (б.з.б. 2000 - 1500 ж) арғы жағындағы туынды деп бағаланған. Осындай жартас суреттерінде бейнеленген бақсы образдары тек бақсылық киім киіп, жын шақырумен ғана тынбайды, олар дабылын соғып немесе басқа күй аспаптарын шертіп, би билейді. Сонымен қоса әнге басып неме­се тақпақтап атын атап, түсін түстеп, "иесін" немесе "жы­нын" шақырады. Міне біз бұлардан біздің ата-бабаларымыздың ән-күйінің, әдебиеті мен биінің тарихының сонау алыста жатқандығын ұғынамыз.

Қытайдың ән-би тарихына үңілсеңіз, Хуаңхының солтүс­тігіндегі көшпенділер мен Чаңжияңның орта - төменгі ағарын­дағы Чулардың ән, би, музыкашылығының орта жазыққа қарағанда дамығандығын байқауға болады.

Жазба деректерге негізделгенде, Жаң Чиянның батыс өңірге жасаған саяхатынан ілгері хан патшалығының музыкасы негізінен атақты ақын Чүй Юанның мекені болған Чу бектігі­нің ән-биін өзіне өрнек еткен. Мұның себебі осы өңірлерде орта жазыққа қарағанда шаманизмдік дала мәдениеті ұзаққа дейін дамып дәурендегендігінде болса керек. Ән, күй, бидің байырғы замандағы негізгі қоздырушы күші - шаманизм орта жазық жерінде тым ерте шектеуге ұшырай бастаған. Ғалымдар осы жайтты қытай ұлтында ән, бидің басқа ұлттарға қарағанда артта қалуының басты себебі" деп қарайды(73).

Мұндағы чу бектігі қоныстанған өңірдің көшпенділер мекені екенін ескерсек, ақын Чүй Юанның "көшпенділер ұрпағым деуінің, қытай­лардың шаман дінін шектегендіктен ән-күйіміз кенжелеп қалыпты деп өкінуінің өзі көп нәрсені аңғартады.

Қазақ әндері

Қазақ сәбиі дүние есігін ашқаннан кейін оны бесік жыры арқылы әнмен әлдилейді. Ал өмірден өтіп бара жатқан жақын жандарын көріс арқылы (қайғылы әнмен) ұзатып салады. Демек қазақ өмірі тал бесіктен жер бесікке дейін әннің құндағында өтеді. Абайдың:

Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй, -

деуінің өзі халқымыздың ән құмарлығын айғақтаса керек.

Шынжаң қазақтарының әніне келер болсақ, олардың өздері жасаған әсем табиғатындай ғажайып сырлар мен асқақ та көркем құдіретке ие. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ілия Жақанов 1993 жылы Шынжаңға барып қайтқан сапарында "Шынжаңнан ескен сырлы әуезге" тамсанып, таңдай қағып қайтқан.

"Шынжаң жақтан жұпар лебі өзгеше аңқыған қазақ әні желпігелі қашан, ғарыштан талып жеткен аққу үніндей... Шынжаң қазақтарының әндері мені сонау елуінші жылдар­дың орта шенінен бері қызықтыратын, ойландыратын, оған жету дәйім басылмайтын бір беймаза арман еді. Тәңірі иіп Шынжаң сапарының да сәті түсті. Менің қолыма 1983 - 1989 жылдары шыққан қазақ әнінің үш томы және сыбызғы күйлерінің бір толымды жинағы тиді. Бұл ұлан ғасыр бай тарихы бар Шынжаң өлкесінің Іле, Тарбағатай, Алтай аймағын жайлаған қазақ елінің ықылым заманнан сақталған, дамыған етек жеңі мол, көл-көсір сұлулық дүниесі... Шынжаң қазақ­тарының халық әндері жұлдыздар әлеміндей самсап, таң қалдырады" - деп таңданған, ғажаптанған Ілекең сөз соңын: "қазақ халқының ежелгі атамекен жұрты - үш аймақта өткерген аз ғана екі-үш аптада мен көкірегім ашылып сонша­ма қазынаға жолығыппын. Айлап жүрсем қайтер едім? Қазақ әні тұнған абат өңіріне қайта оралып соғар күнді асыға күтем"- деп арманмен аяқтайды(74). Өнер адамының осы бір жүрек жарды сөздері-ақ бізге талай нәрсені аңғартады.

Міне, бұл - "Елім-ай" әнімен елді еңіреткен Қожаберген жыраудың әнінің жалғасы - "Ағажай" әні шырқалған жер. Міне, бұл - Арқа мен Атыраудың әсем ырғағын алтын Алтай мен ырысты Ілеге, тамаша Тарбағатайға ұялатқан Әсет пен Дәнеш ән салған жер.

Шынжаң қазақтарына халық әндері мейілінше кең таралумен бірге , онда туған авторлы және авторсыз әндердің өзі мейілінше көп. Тіпті көбі әлі зерттеліп болған жоқ. Сондай әндердің бастыларынан " Ағажай", "Сұлубайдың әні", "Бүркітбайдың әні", "Әппақтың әні", " Қазынай", "Жетіарал", "Төлеуханның әні " секілді көптеген әндерді атауға болады.

Халық әндерін жинау, реттеуге байланысты 1984 жылы Пекиндегі ұлттар баспасы "Қазақ халық әндерінің" екі томдығын шығарды. Осыған жалғас "Ән салсаң Әсеттей сал" (Халық баспасы, 1989 ж), "Ән әуені" (Үш том, Шынжаң халық баспасы, 1991 ж), "Абай әндері" (Іле халық баспасы, 1995 ж), "Қазақ термелері" (Шынжаң халық баспасы, 2000 ж), "Гакку" (Шынжаң халық баспасы, 2004 ж), "Ән салайық бәріміз" (Шынжаң жастар өрендер баспасы, тізбекті кітап) секілді көптеген ән жинақтар шықты.

1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басына кел­генде Шынжаңдағы әндердің көбі дыбыс таспасына жазылып, базарлар арқылы тыңдарман қолына тиді.

Күллі қазақ даласына аты шыққан Дәнеш Рақышұлы, Қамит Ысқақұлы, Майра Мұхаммедқызы Шынжаң қазақта­рының тумалары. Ал, одан қалса әнші-сазгерлерден: Уәлиолла Сәдуақасұлы, Қабылалды Әбдоллаұлы, Рапила Нұрмұхамет­қызы, Тұран Құсайынқызы, Күлман Шүленбайқызы, Камал Ішікбаева, Мәнапқазы Мұсаханұлы, Жәукен Сүлейменқызы, Назар Смайылұлы, Отанбек Еңсеханұлы, Әділхан Жұмы­кенұлы, Бағдат Естемесұлы, Төкен Сағайұлы, Жақсыбек Оралбекұлы, Бекеш Зейнелұлы, Тоқан Смағұлұлы, Саттар Сәлісұлы, Балапан Рабатов, Тұрсынжан Базылхан, Смағұл Бөденбайұлы, Ерболат Қызыкенұлы, Алмасбек Шаймұ­ранұлы секілді өнер жұлдыздары бар.

Би өнері

Би өнерінің шығу тегін адамзаттың қалыптасуымен тамыр­лас санасақ, әсте қате кетпейміз. Себебі, би ойды немесе іс қимылды әрекет арқылы бейнелуден туындаған.

"Би жүйелері әр халықтың тұрмыс салтына, дәстүр ерек­ше­лігіне байланысты туып, қалыптасатын тарихи дамудың жемісі. Бидің түп негізі адамның қоршаған ортадан алған сезім әсері мен еңбек барысынан туған әр түрлі қимыл әрекеттері, алғаш би тек ән мен сөзге ғана байланысты болса, біртіндеп тарихи даму нәтижесінде өнердің үлкен бір саласына айналды. Әр халықтың би мәдениеті өзара бір-бірін дамытып отырған"(75).

Шынжаң қазақтарының би өнері - қазақ биінің құрамдас бір бөлегі болғанмен өзіне тән әртүрлі артықшылықтары бар. Әсіресе, қазақы ұлтық бояуы жағынан байырғы үлгілерді сақтаған әрі байыта білгендігімен ерекшеленеді.

1951 жылы қазанда Қытайдың орталығы Пекин қаласында қазақ бишісі Меңжамалдың биін тамашалаған Қытай төрағасы Маузыдұң қатты тебіреніп, жанында отырған ақын Лю Иаузыға уаншиша ырғағымен өлең жазуды тапсырады. Лю иаузы қолма-қол:

Жалын ағаш, күміс гүл,

Түні жоқ бүкіл аспанның.

Әпеке-сіңілі, аға-іні,

Көрдік биге басқанын.

Дөңгеледі Айгөлек,

Шығандады асқақ үн.

Егер бізге басшылық

Ете алмаса бір адам,

Қоса алар ма еді бір жерде,

Барлық ұлт бастарын, -

деп жырлайды. Өлеңді тыңдаған Маузыдұң өзі де тебіреніп былай деп өлең жазады:

Түнеріп ұзақ тұрды түн,

Торлап елім аспанын.

Ғасыр бойы ойнақтап,

Есіре биге басқан жын.

Бес жүз миллион халқымыз,

Қоса алмаған бастарын.

Шырқасымен әтештің,

Нұрланды асты аспанның.

Ән-күйіне бар ұлттың,

Бұйтиян сазы қосқан үн.

Шалқып ақын төтенше,

Ағытты жыр тасқынын.

Демек, "бес мың жылдық мәдениет тарихымыз бар " деп қарайтын бір миллиард қытай халқының төрағасы Маузыдұң­ды орнынан тұрғызып, жыр жазғызған қазақ биінің құдіреті.

1980 жылдардан басталған халық мұраларын қайтадан жинауға байланысты, халық ішіндегі билер де жинала баста­ды. Соның ішінде қазақ халқының өзіне ғана тән: "Аю биі", "Қара жорға биі", "Ортеке биі" (қуыршақ биі), "Көк түйме биі", " Шешеке биі" секілді көптеген билер қағазға түсті.

Қытай қазақтарында көп биленетін бидің бірі "Қара жорға биі". Бидің оқиғалық мазмұны мынадай: жылқы түлігінің жабайы кезінде бір қазақ жігіті дала жылқысының біреуін шалмалап ұстап алып, қолма-қол үйретіп, ауылына мініп ке­леді. Жылқының өңі қара, оның үстіне жорға екен. Өз табы­сына қуанған әлгі жігіт алдымен атын ойнақтатып ат үстінде, онан соң жерге түсіп билейді. Ауыл адамдары қызу қарсы алады.

Ал бидің шығу тарихына келсек, қытай жазбаларында мынадай деректер кезігеді. "Қытайдың Таң дәуіріндегі "Шын­жаң билері" деген кітаптың 2-том, 310-бетінде: "Таң хан­дығы дәуірінде "Жылқы биі, тост күйі" атты музыка болған. Хан, Таң патшалығы кезінде Орта Қытайға батыс өңірлерден көптеген жылқы кіргізіледі. Осыған байланысты Таң дәуірінде Шынжаңда "Жылқы биі " көп таралды,-деп жазылған". Сол кітапта тағы да: "Таң патшалығының жаңа тарихы" деген кітаптың шығыс тармағынан цитат келтіре келіп: "ол кездегі музыка аспаптарынан сыбызғы, барабан, көп түтікті сыбызғы, били, табақты қоңырау болса, билерден "Жылан", "Арыстан", "Жылқы", "Арқан" билері бар еді. Осы­дан барып қырғыздар арасында "Жылқы биі " таралған. Қазір Шынжаңның жер жерінде "Жылқы биі" кеңінен ойналып жүр. Мәселен Іле, Алтайды мекендеген қазақтар мен Тасқорғанды мекендеген тәжік, Атұшты мекендеген қырғыздар арасында "Жылқы биі" таралған. Қазақ халқына жаппай таныс "Қара жорға" биі осы жылқы биінің дамыған, басқа нұсқасы деген межелер бар. "Қара жорға" биі басқа ұлттарда бар болғанымен олардың биленуі қазақ биінен өзгеше екен.

Қазақ биін зерттеуші Қытай би танушысы Уаң Жиячың "Қазақ би өнерінің келу қайнары және басты ерекшелігі" атты мақаласында "Қара жорға биі" туралы ойларын былай жеткізеді. Көшпенді шаруашылықпен шұғылданған қазақ ұлты үшін ат олардың қанаты. Мейлі мал баққанда, көшкен­де, жүргенде соғыста болсын аттан айырыла алмайды. Олар жылқы киесі "Қамбар ата" деп, бір мезет жылқыны төтем тұтқан. Қазір Алтай аймағының Қаба ауданында "Шұбарай­ғыр" деген ру бар. Қазақтың халық биі "Қара жорға" Еуропа, Азиядағы қазақтар шоғырлы қоныстанған аумақтарға кеңінен таралған. Қазақ халқының биінде көшпенділер тұрмысының әртүрлі ерекшеліктері сіңіріліп, ой-сезімі, қуанышы мен қайғысы бейнеленген"(76).

Қазақ биін зерттеуші Уаң Жиячың өзі куә болған билер туралы мынадай сыр шертеді: "қазақ халық билерінің мате­риал­дарын жинағанымда, мен Шынжаң Алтай аймағы Көктоғай ауданының қиырдағы қыстағынан "бақсының ойынын" көрдім. Құшынаштың сайтан қууына ұқсайды екен. Басына қауырсын тағып, денесіне аң терісін киіп, сол қолына аса таяқ ұстап, оң қолына барабан алып, лаулап жағылған отқа балтаны қыздырып, жалаң аяғына балтаны басады. Бірде оттағы балтаны алып шығып тілімен жалап арбаң-құрбаң етіп, енді бірде күбірлеп дұға оқып, албастыны аластап, пәле-қазадан аулақ болу үшін тілек тілейді екен. Әйелдердің ойынында аналық қауымның соңғы кездерінің қалдықтары бар. "Диуана" бұған ұқсамайды. Би билеуші бас киіміне "аққу­дың қауырсынын" қыстырып, кеудесі жалаңаш күйде, белуардан төмен" Аққудың қауырсынынан" тоқылған көйлек киіп, аққудың қауырсынын байлаған аса таяқты ат орнына мініп күн жайлатып, келер күнді болжайды. "Бақсы" ойнағанда үйде немесе ауланың ішінде болады. Ал "диуана" ауыл-ауылды кезіп жүріп ойнайды. Бұл екі түрлі халық биі жартас суреттерінде әсерлі бейнеленген. Мәселен, Алтай аймағы Көктоғай ауданының Таңбалытас деген жерінде қызыл тастан ойылып сызылған топтық би схемасы бар. Бірінші топ суретте: бес адам қатарымен тізілген. Солдағы бірінші адам басына үш тал қауырсын, үшінші адам екі тал қауырсын, соңғы біреуі қысқа үш тал қауырсын таққан. Бес адамның иықтары бір сызықтың бойында болып аяқтары ашылған. Екінші топ суретте: бес адам дөңгеленіп орналасқан болып, ішіндегі бірінші тұрғаны басына екі қауырсын тағып, аяғын айқастырып, білегін 45 градус түсірген. Бұл суретте ертедегі шаман дініне сенгендердің топтасып билеп мінәжат еткенін көруге болады.

Сол кездегі аң аулау, табиғатқа табынуды бейнелейтін халық билерінен "Аю биі", "Аңшы мен аю", "Қаз биі", "Бүркіт биі", "Ортеке биі" қатарлар бар. 1985 жылы Қаба ауданының Шыбар ауылының екінші қыстағынан материал топтағанымда, елу екі жастағы ағай бізге "Аю биі" мен "Қаз биін" билеп берді. 1986 жылы Алтай қаласының Әбитән ауылдығында халық биін жинағанымда, сексен жасқа келген Қапаш ақсақал бізге "Бүркіт биін" билеп берді. Билеуші ішік пен тымағын теріс аударып киіп, аюдың жүрісіне салып, айналасына қарап, азыққа атылған әрекеттерін келтіреді. Би әрекеттері аюдан аумаған, өте қызықты. "Қаз биін" билеуші де ішігін теріс аударып киіп, жеңінің бір ұшынан жиырма сантиметр ұзындықтағы ағашты шығарып мұны қаздың басы бейнесіне келтіріп, басын ішіктің ішіне кіргізіп, жүрелеп оты­рып, домбыраның сүйемелдеуінде, қаздың жүрісіне са­лып, кейде төңірегіне таңырқай қарап, кейде суға ұмтылған бейнесін қаздың өзіндей етіп, күлдіргі бейнелеген(77). "Қазақ-Совет Энциклопедиясында": "Аю биі"-халықтың күлдіргі биі, музыка өлшемі төрт те төрт, аңшылыққа байла­нысты туған. Орман-таулы жерді мекенденген қазақтар арасында кең тараған. Онда айлакер аңшының орманда кездескен аңқау аюды тапқырлықпен шапшаң әрі епті қимыл жүрісімен алдауы, ең соңында көңілі шат аңшының бірнеше рет домалап құлаудан әбден қалжыраған аюға мініп кете баруы би тілімен өрнектеледі. Бүкіл одақтық халық шығар­ма­шылығы үйінің балетмейстері Я. В. Романовский Моңғол Халық Республи­касында тұратын қазақтардан "Аю биінің" бір түрін 1949 жылы қағаз бетіне түсіріп алған (1-том, 635-бет),-делінеді, келтірілген дәйектемелер аталған билердің Шынжаң қазақтары арқылы тарағандығын жоққа шығармайды.

Шынжаңнан Қымбат Айдарқызы, Анар Сүйінбайқызы, Нағима Тайырқызы сияқты әйгілі бишілер шыққан. Қазақстанға өнерімен танылып жүрген Шұғыла Сапарғали­қызы да Қытайдан шыққан биші қыздарымыздың бірі.

Күй өнері

Қазақ күйшілік өнері негізінен домбыра, қобыз және сыбызғы арқылы таралған. Қобыз - VІІ ғасырда жасаған Қорқыт есімімен қатар аталумен бірге ХІ ғасырда өмір сүрген әйгілі ғалым Махмұт Қашқаридың "Түркі тілдер сөздігінде" де аталады, әрі онда сыбызғының да аты кездеседі. Көп ғылымның атасы болған Әбунасыр әл-Фарабидың (870-950) музыка ғылымына еңбек сіңірген ғалымдығынан қалса музыка аспабын тапқырлаушы екені де өз алдына бір әңгіме. Демек қазақ күй өнерінің түп-төркіні өте арыда екені даусыз. Қазақ күйшілігін өнер тілі арқылы өмірге әкелген - Байжігіт, Қазанғап, Сүгір, Құрманғазы, Тәттімбет, Дина секілді жұлдызды жүйріктер артына өшпес мұра қалдырып кетті. Солардың ізін басып Шыңжаң қазақтарынан шыққан Бейсенбі Дөненбайұлы (1803-1872), Қожеке Назарұлы (1826- 1884), Әшім Дөңшіұлы (1896-1962), сыбызғышылар Қайрақ­бай Шәлекенұлы (1826-1884), Ақымжан Болдырғанұлы (1864-1941) өз заманының өрен жүйріктері болды.

"Бейсенбінің тұтас өмірі - күймен басталып, күймен жалғасып, күймен аяқтаған өмір. Әкесі де домбыра ұстаған адам екен. Ол домбыраны қаршадайынан әкесінен үйренеді. Бейсенбінің он жасқа келген кезінен әкесі Дөненбай отырған ауылға меркіт руынан шыққан әйгілі күйші - Боздақ атты домбырашы қыдыра келеді. Бейсенбі күйші қайда барып күй шертсе, көзі күйшінің қолында, құлағы күй әуенінде болып, қызыға тыңдап күйшіден екі елі айырылмайды. Баласының бұл бейімділігін аңғарған Дөненбай, Боздақты бірқанша күн үйіне жатқызып, одан баласына ұзтаздық етіп домбыра үйретуді талап етеді. Баланың күйге болған құмарлығын көрген қарт шын ықыласымен күй үйретіп, ұстаздық етеді. Батасын береді.

Бейсенбі он төрт жасқа шыққан жылы әкесі Дөненбай сегіз ұрымен жалғыз айқасып, алтысын ұрып түсіргенде, қалған екеуі садақ жұмсап, қапыда қазаға ұшыратады. Әке күйігі, бала күйініші, жауға болған кек Бейсенбі ұстаған домбыраның шанағынан "Жеке батыр" атты күй болып күмбірлейді. Бұл оның тырнақ алды күйі еді. Осыдан бастап домбыра шертуден, күй шығарудан қол үзбейді.

Оның қазір қолға келген жүзге тарта күйі бар. Бұл күйлер негізінен шертпе күй мен терме күй тобына жатады. Ішінара төкпе күйлер де бар. Оның күй сарыны мен шерту стилі Құр­манғазы мен Тәттімбетке де, Дәулеткерей мен Динаға да ұқсамайтын - өз алдына бір тұлға. Оның қоңыр ырғағы, көркем бояуы бар. Тыңдаушыны өзіне бірден баурап алады. Әсіресе оның кеңес күйлері өзгеше. Кеңес күйлерін бірнеше рет тыңдаған адам, бейне өз малын бөгенайына қарап танып алғаны сияқты, оның кеңес күйлерін келесі тыңдаған жерде жаза баспай жыға тани алады. Бейсенбі күйлерінің қолдан қолға жалғасып кең таралуын оның ершімділігінен, баура­ғыш­тығынан, тыңдаушыға ұмтылмас әсер қалдыратын айшықты әсемдігінен деуге болады.

Бейсенбінің даңқы тек Қытай қазағына ғана емес, Моңғолия, Түркия қатарлы елдердің қазақтарына дейін кең таралған. Сондықтан ол Қазақ Совет Энциклопедиясының 12-томында Қытай қазағы күйшілерінің ең алдынан орын алып отыр.

Бейсенбінің осындай мол, өрелі, кең тараған күй қазынасы мынадай бірнеше басты мазмұнды қамтиды: бірі - тарихи айтыс-тартыстарға қатысты кеңес күйлер; енді бірі - ат жүрі­сі жөніндегі күйлер; тағы бірі - қызғылықты және аянышты оқиғаға қатысты ой толғау күйлері; және бірі табиғат құбылысын бейнелейтін күйлер.

Бейсенбінің мұндай әр салалы күй мұраларын халық арасында "Бежеңнің қырық кеңесі", "Тоқсан толғауы", "Алпыс әсем ат жүрісі" деп те атайды. Әрине, Бейсенбінің кеңес күйінің қырық болуы, толғау күйінің тоқсан болуы, ат жүрісі күйінің алпыс болуы екіталай. Бұл тек жаратқан күйінің молдығын білдіретін ұйқасты айғақ қана.

Бейсенбі тек күй шығарушы, күйші ғана емес, ол бармағы­нан сан алуан үн толқыған шерту шебері. Ұрпақтар оны: "жүз елудің үстінде күй шерте білуші еді, күй шерту құмар­лығы қозған кезде кірпік айқастырмай күй шертіп таң атырады" дейді. Ол қазақ домбырасын үш - төрт ішекті жасатып, әр ішегінен әртүрлі әуен ырғағын шығарып, домбы­раның орындау үлесін жоғары үлеске көтерген жасампаз. Бұл туралы 1983 жылы Алматыда "Өнер" баспасында басылған Болат Сарыбаевтың "Қазақ музыкасының тарихы" атты кітабында мынадай деректер бар: 1868 жылы орыстың атақты ғалымы Фаллас зерттеу жұмысымен Алтайдағы шығыс қазақтарын аралап жүргенде, Өр Алтайдың (ол жақтың қазақтары Қытай жеріндегі Алтайды Өр Алтай деп атайды) Көктал ауданының (әсілі Бозтал) Бейсен атты адамды кезіктіріп, онымен танысып дәмдес болғанын, оның үйінен төрт ішекті домбыра кезіктіргенін, одан төрт түрлі әуеннің ырғағы шығатынын, ол өз естелігінде "қазақ музыкасы сол заманның өзінде-ақ төрт дауысқа бөлініп шертілген" деп жазады. Ғалым Фаллас сол домбыра нұсқасын Ленинградтағы тарих музейіне апарып қояды. Бұл домбыра нұсқалары қазірге дейін сонда сақтаулы тұрған. Ғалым Фалластың екінші рет жіберген зерттермендері Өр Алтайдың Көктал деген жерінен атағы алты алашқа әйгілі жұрт адамы, домбы­рашы Бейсенді және оның екі, үш, тіпті төрт ішекті домбы­раларын тағы көреді. Алтай өңірінде Бейсенбіден басқа Бейсен атты домбырашы болмағанына, одан басқа үш-төрт ішекті домбыра шертетін адамның да болмағанына Алтай халқы және тарих куә. Бейсенбінің зираты тұрған "Арда" деген жерде "Бозтал" атты жер бар.

Бейсенбінің кейінгі ұрпаққа қалдырған күй қоры, шәкірттері сондай мол болса да, бірақ оны жинап алып, нотаға түсіру ісі әлі ойдағыдай болмай келеді. Мұндағы басты себеп: бірі, Бейсенбі күйлерін жинауды кешігіп ұстағанды­ғымыз; енді бірі жалғасты жимай жарым жолда тоқтатып қойғанымыз. 1954 жылы Бейсенбінің төртінші ұрпағы домбы­рашы Ағзамды Үрімжіге шақыртып күй шерткізгенде 130 күй шертіп бергенін естігендер бар. Бұл күй негізінен Бейсенбі күйлері екен. Бірақ, иелік ететін орын, адамның жоқ болуы, сұрау салып іздестірмегені себепті осы күйлерден қазір көз жазып қалып келеміз. Бұл өкінішті-ақ. Біздің осы ардагер үшін өтейтін борышымыз - оның ел арасында сақталып келе жатқан күй мұраларын түгел жинау, нота­ластыру, зерттеу"(78).

Жарық көрген күй кітаптарын атай кетсек, "Күй толқы­ны" (Қ.Назарұлы, Шынжаң жастар өрендер баспасы, 1984 ж), "Күй қайнары" (Іле халық баспасы 1985 ж). "Жайма­шуақ" (К.Құсайынұлы, Шынжаң халық баспасы 1988 ж), "Көктем шуағы" (Ә.Мәлікұлы халық баспасы 1988 ж.), "Күй аңызы" (Шынжаң халық баспасы, 1994 ж) "Бейсенбі күйлері" (Шынжаң халық баспасы, 2006 ж) секілді көптеген кітаптар шықты

Бейсенбінің күй-керуенін жалғаған топта Қ. Назарұлы, Ә. Дөңшіұлы, А. Болдырғандардан кейін Әліпбек Мәлікұлы, Тайыр Белгібайұлы, Камал Мақайұлы, Бақытқан Тағайұлы, Тұрсын Кәдейұлы секілді көптеген есімдер аталады.

Қазақ театры мен кино-телевизиясы

1930 жылдардағы Шың Сысай мен Сталиннің арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына байланысты аз ұлттарға қаратқан "алты саясаттың" жүзеге асуымен Қазақстан жағы­нан тамыр алған театр өнері де белгілі дәрежеде дами бастады.

"Үрімжідегі, Құлжа мен Алтайдағы, Тарбағатайдағы кәсіптен сыртқы қазақ көркемөнершілері өздігінен ұйымдас­қаннан кейін сахнаға талай-талай комедия, опера, драма алып шығып, үкіметтің назарын аударды және оны мойындатты.

Үрімжідегі қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы қарауын­дағы қазақ театрының артистері "Қыз Жібек" пьесасын, "Қа­ра­көз", "Шұға" трагедиясын, "Еңлік-Кебек", "Ер тарғын", "Қалқаман-Мамыр", "Қалыңмал" және "Шаншар­лар" сияқты операларды, "Алдар көсе" комедиясын сахнала­ған еді. Өте-мөте "Қыз Жібек" операсы сәтті орындалған болатын.

Іле аймағындағы қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы қарауында қазақ театрының ұйымдастырушысы Таңжарық Жолдыұлы болды. Оның режиссерлігімен Іле театры өз шымылдығын 1935 жылы "Шұға" трагедиясымен ашты. 1940 жылға дейін бұл театрда "Еңлік-Кебек", "Қалқаман-Мамыр", "Неке қияр", "Қалың мал" сияқты драмалар ойналды. Бас рөлді көбінесе Таңжарық ойнаған. 1941 жылы Тоғызтарауда, Іле аймақтық қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы ұйымдас­тырған көркемөнер байқауында күйші Әшім мен Асанәлі ерекше көзге түседі. Бұл тұста Күнес, Тоғызтарау ауданда­рында "Қыз Жібек", "Шұға", "Жәлен жырық" драмалары ойналады.

Тарбағатай аймағында да қазақ театры 1934-1940 жылдар аралығында құрылып, "Шұға" трагедиясы, "Қыз Жібек", "Еңлік-Кебек", "Қалқаман-Мамыр", "Айман-Шолпан" опералары қойылды.

Қазақ театрының Алтай аймағында дүниеге келуінде ағартушы Шәріпхан Жеңісханұлының рөлі зор болды. Алтай­да 1935 жылдан бастап "Қалқаман-Мамыр", "Қыз­ Жібек", "Еңлік-Кебек", "Шұға", "Қалың мал", "Қаракөз", "Айман-Шолпан" опералары мен трагедиялары қойылды. Сонымен бірге жергілікті авторлар жазған "Ескі үкімет парақорлары", "Килікбай күлкі ашар", "Аюбай", "Талап" сияқты пьесалар жұртпен дидарласып, сахна өнеріне тамаша жол ашты(79).

Іле Қазақ автономиялы облыстық ән-би үйірмесінде ұзақ жыл жұмыс атқарған күйші, композитор Камал Мақайұлы Қытай қазақтарының театр және кино өнері тарихына аялдағанда мынадай сыр шертеді: "1934 жылы Іле аймақтық қазақ-қырғыз ұйымы құрылып, оған қазақтың әйгілі ағартушысы Дәулеткелді жауапты болды.

Ол "Қалқаман-Мамыр", "Бетім-ай", "Құдағи", "Қойшы Көбен", "Тайхаңшан" қатарлы драма, пьесаларды арт-арты­нан сахнаға алып шықты. Драма, пьесалардың қай-қайсысын да болсын Таңжарық бас рөл алды және басшылық етті. Сондай-ақ режиссерлігін өзі істеді. Осы кезде драма, пьесаға рөл алып есе қосқандар Шарғын(ақын), Байбазар(әнші), Әбдуәли Жаролбаев, Темірғали, Әбділқайым, бұлардан сырт Пәни, Әйнек қатарлы әйелдер де қатынасты.

Дәл осы кезде Құлжа қаласында бір ғана ұлттар клубы дейтін клуб бар болып, оған ұйғыр, қазақтар кезектесіп ойын қоятын әрі рөлдерге де араласып шығып, бірін-бірі толықтап отырған.

1946 жылға келгенде үш аймақ төңкерістік үкіметінің "Аймақ­тық ұлттық театрының" үйірме бастығы Жәлелдін Жа­қия болып, әр ұлттан құралған театр адамдарын басқарды. Театр қайта құрылғанда бұрынғы өзін дербес басқарып келген қазақ театры құрылмай, театр құрамының негізі ұйғырлар болып, қазақтан Байбазар, Темірғали, Қайыпбек, Әділжан, Нұршағи, Камила қатарлы он неше қазақ өнерпаздары қатынасты.

Алғашында театрды Хылыл Әмірәев басқарып, Дәнеш Рақышұлы, Әліпбек Мәлікұлы, Иген Күрішбайұлы қаты­насып, кейін осы театр "Іле аймақтық ұлттық театрына" өзгерді. Театр шағын концерттің сыртында, көлемді драма, операларды да ойнады. Бұл кездегі артистер сахнада қайсы ұлттың ән-биін, драма, операларын ойнауға тиіс болса, соны орындай беретін. Қазақтың "Қалыңмал", "Бетім-ау", "Құдағи" сынды пьесаларды сахнаға алып шық­қанда жетпеген артистер орнына басқа ұлт өкілдері қатынасқан.

1945 жылы Іле Қазақ автономиялы облысы құрылды. Оның артынан 1955 жылы бұрынғы ұлттық театрды негіз етіп, Үрімжідегі "Қасен-Жамила" киносына қатысқан артистерді қосып, Алтай, Тарбағатай аймақтарынан актерлер жинап, Іле Қазақ автономиялы облыстық көркемөнер үйірмесі құрылды. Үйірме бастығы Сіләмхан, орынбасары Әбдуали болып келген. Кәсіптік бөлімге Мәлік Шипан, Зікір Алпаттаев, музыка бөліміне Мәлік Жүнісұлы, ән-биге Дәнеш Рақышұлы және қосымша кеңсе жауаптысы, ал, драма, комедияға Баяқын Әлімбеков жауапты болды.

1956 жылы сәуірде көркемөнер үйірмесіне Камал Мақайұлын жауапты етті.

1957 жылы "Құпия құдалықты" сахналастырып, халыққа көрсеткен Тайыр Белгібайұлы, Мүтәліп Әміреұлы, Мұхаммед, Гүлшат, Баяқын қатарлылар орындау шеберлігі­мен аталып елдің жақсы бағасын алды. 1961, 1962 жылдары "Сәлиқа-Сәмен" операсын сахналастыруда Құрманәлі, Ерғали, Мақатандар бастан-аяқ өздері артистермен бірге бол­ды. Операны орындау барысында Камал Ішікбаева, Абылай Жұмақан, Мұқамет, Баяқын, Күлсімай, Тұрдықан, Айшам, Гүлшат, Мүтәліп Әміре, Әубәкір, Дәнеш Рақыш, Мәлік Жүніс, Зордін қатарлылар мадақталды. 1983 жылы қайтадан үйірме сахнада "Сәлиқа - Сәменді" ел жұртпен сәтті түрде бет көрістірді. Бұл жолғы музыкасын қайтадан өңдеп Кәрім Әбдірахманұлы, Мұхаммет, Зейтұна, Шаң Лисан, Жаң Шихау, Бақытбек, Тұрғындар жазды. Ал, операдағы негізгі рөлдерді алған Дәлелхан, Күлән, Толқын, Әділхан, Қонақбай, Зейтұналар да өз мәресіне жете білді"(80).

1986 жылы Іле облыстық мәдениет мекемесінің бастығы Ырымхан Қытайдың ішкі өлкелеріне ұлттық аспаптармен арнайы өнер көрсетуге жетекшілік етіп, көркемөнер үйірме­сінде ұлт аспаптар оркестрін қалыптастырды. 1995 жылы облыстың мәдениет саласындағы Ғалым, Кәрім, Төкен секілді ұлт жанды азаматтар Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлт аспаптары оркестрімен байланыс орнатып, Тұяқ Шәмілов, Қуаныш Ажымұратов, Құндыз Жаппас секілді өнер иелерін шақырып, шәкірттер тәрбиеледі. Ұлт аспаптарын кемелдендіре түсті.

1951 жылдан бастап қазақтың ән-күйлері дыбыс таспала­рына жазылып, Шынжаң халық радиостанциясында таратыла бастады. 1953-1954 жылдары Шынжаңда тұңғыш рет "Қасен-Жәмила" фильмі сәтті жасалды. 1964 жылы "Айгүл" атты фильм түсірілді. 1961-1962 жылдары сахналастырылған "Сәлиқа-Сәмен" операсы соңғы жылдары қайтадан сахнаға шығарылды. Бұл опера фильм ретінде қойылды. Қазір ШҰАР радио-телевизия меңгермесі қарауында және Іле Қазақ автономиялы облыстық радио-телевизия мекемесі қарауында қазақ тілінде арнаулы телевизия арналары жұмыс істейді. Қазақ ән-күйлерін және радио-телефильмдерін қазақ халқы жер-жердегі тарату тораптары арқылы еркін көре алатын болды.

Шынжаңдағы қазақ киносы сөз болғанда, ең алдымен ауызға түсетіні 1954 жылы түсірілген "Қасен Жәмила" кино­сы, одан кейін "Тяьн-Шань қызыл гүлі" Ал, 1980 жылдардан кейінгі түсірілген "Жетім қыздың махаббаты", "Қыз бейіті", "Сержан", "Сахарадағы Дәлеш", "Жусанды дала", "Көрікті мекен" фильмдері бар.

1970 жылдан бастап іске қосылған Шынжаң телевизиясы, 1985 жылы 22 қыркүйектен бастап қазақ тілінде хабар тарата бастаған. 1988 жылға келгенде қазақ тіліндегі телефильм аудару-жасау бөлімі құрылды. Бұған қоса Тяьн-Шань кино студиясының қазақша аудару-жасау бөлімі мен Іле облыстық қазақша телефильм аудару-жасау бөлімі де аударма фильм жасаумен айналысты. Сөйтіп, 1989 жылдан 1998 жылға дейін­гі мәліметте Шынжаң телевизиясының қазақ тілінде таратқан кинофильмдері 2 мың 354 сериядан асқан. Мұның 1065 сериясын Шынжаң телевизиясы, 1035 сериясын Іле телеви­зиясы аударып жасаған. Тянь-Шань студиясының қазақша кино фильм аудару-жасау бөлімі бір мыңға жуық фильмді жасап таратқан. Бұл фильмдердің көбі Қытайдың және басқа шетелдің таңдаулы телефильмдері болып, халықаралық Оскар сыйлығына ие болғандары да бар.

Біз қазақ елінде отырып қазақшаға жарымай отырғанда Қытай қазақтары теледидардың екі арнасынан қазақ тіліндегі бағдарламаларды үздіксіз көре алады.

Кино саласында бақ сынап жүрген өнер иелерінен Пәтиха Мәлікқызы, Мүтәліп Әміреұлы, Мүтәліп Әбдірахманұлы, Мақсат Кәдірханұлы, Жанар Сағатқызы секілді есімдерді атауға болады.

Оқу-ағартуы және мектеп-медреселер

Ескі обалардан табылған тарихи жәдігерлерге талдау жасағанда олардың бетіндегі жазу біздің заманымыздан бұрынғы І-ІІІ ғасырларда батыс өңірлерге жіберілген ғұн елші­ле­рінің ғұн тәңірқұтының жолхаты арқылы барлық жерде қарсы алынғаны, үйсін еліне жіберілген хан патшалығы хан­шаларының үйсін тілін үйренуі қазақтың тегіне қатысты ерте заман ұлыстарында оқу-ағартудың болғанын дәлелдейді.

Ғұндардың, үйсіндердің, оғыз-қыпшақтардың және керей, найман сияқты ұлыстық мемлекеттердің бақсы-балгерлері ерекше орны бар оқымыстылар болған. Мысалы, "Ханнама. Батыс өңір шежіресінде" жазылуынша, "Хан патшалығының әскері келетінін естіген соң ғұндар бақсы-балгер жіберіп, олар жүретін жолдар мен өткелдерге сиыр, қой көмдірді де, оны сиқыр дұғамен оқытып, әскерлерді құртатын бөгет етіп тастады" делінеді.

Үйсін туралы жазылған Қытай деректерінде де олардың аудармашылар тәрбиелегені сөз болады. Қытайдың "Сүйна­ма" қаңлы тарауында: "Қаңлылардың жазуы көлде­неңнен жазылады. Олардың өзі жазған кітаптары бар" деген дерек айтылады. 630 жылы Орта Азияны саяхаттаған Қытайдың будда ғұламасы Шуан заң: "Түрік елінің жазуы 25 дыбысқа негізделіп жасалған. Оның жазба нұсқалары солдан оңға қарай көлденең оқылады. Олар бір-біріне жазба кітаптар қалдырып отырады. Сөйтіп әдеби білім үздіксіз жалғасып өрісі кеңейе береді"(81)деп жазған.

Қазақ халқын құраған керей, найман, уақ сияқты ұлыстық мемлекеттердің көне түркі жазуын қолдануы оқу-ағарту жұмыстары болмайынша жүзеге аспақ емес. Бартолд пен Әлкей Марғұланның зерттеуінше, "бітік" - ғұн дәуірінен келе жатқан ескі сөз. Шыңғысхан дәуірінен бұрын қазақ дала­сындағы қыпшақтар, қаңлылар, оғыздар, қарлықтар, керейлер, наймандар, шектілер, қияттар, үңгіттер, яғмалар (бура наймандары) - өздерінің атақты бітікшілері, абыздары, бақсылары болған елдер. VІІІ ғасырда Шу қаласын мекендеген қарлықтардың елге білім тарататын ұстаз бітікшісін Әли Шашақ деп атаған. Рашид-ад-Диннің жазуынша, керей Оң ханының (Тұғырылдың) ұлы бітікшісі Құтты Барлық керей елін жазуға үйреткен.

Қазақтардың ислам дінін қабылдауымен оқу-ағарту істері де біртіндеп дами түсті. Әбу Насыр әл-Фараби (870-950), Жамал Қарши (1230-1315), Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551), Қыдырғали Жалайыр (1530-1605) араб әліппесі арқылы атын шығарған ғұламалар еді.

Шыңғысхан заманына келгенде оқыту істері ешқандай құрып, жоғалып кеткен жоқ. Қайта керей, найман тайпала­рынан шыққан бақсылар, бәлгерлер, жазу шеберлері арқылы өзгелерге жазу-сызу және басқа да білімдер үйретіп отырған.

Қазақ хандықтарының тұсына келгенде олар арнайы мешіт, медреселер салып, шәкірттер тәрбиелеген. Түркістан секілді ірі қалалардағы арнайы медреселерде "Софы алаяр", "Бәдуәм" секілді оқулықтар пайдаланылған.

ХVІІІ ғасырда өзбек, татар молдалары қазақ арасына келіп дінді үгіттеген және медреселер ашқан. 1800-1875 жылдары жасаған Бұхар билеушісі Шах Мұрат кезінде қазақ район­дарына өзбек молдалары көп барған. Қазақ медреселерінде араб әліппесін тану негізінде "Иманшарт", "Әптиек", "Құран" негізгі оқулық болған.

ХVІІІ ғасырдың кейінгі жартысы мен ХІХ ғасырда қазақ хан-сұлтандарының және дәулетті адамдарының балалары Бұхара, Самарқан, Қазан қалаларына барып діни медреселерде оқыған. Қазақ арасынан оқымыстылар, молдалар жетіліп шық­қан. Қазақ халқы жиі қоныстанған өңірлерде де медре­селер ашылған. Мысалы, Абай Құнанбаев Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесінде оқыса, Жүсіпбек Шайхысіләм­ұлы Әулие атадағы медреседен оқыған. Араб әліпбиі негізіндегі қазақ жазуы жасалудан бұрын қазақ даласындағы медреселерде араб немесе шағатай тілінде сабақ өтілді.

Алтайдағы қазақ халқы арасында ХVІІІ ғасырдың орта шенінен бастап ислам діні біршама жүйелі таралып, бұрынғы шаман дініне сену біртіндеп әлсіреп, ислам діні біртіндеп үстем орынға шыға бастады. Ал діни оқу, ислам діні ғұлама молдаларын жетілдіру Алтайда ХІХ ғасырдың алғашқы жарымында яғни, 1829 жылдан басталды.

Осы жылы Орта Азияның Бұхар қаласынан ұлты өзбек Шағи Мансұр деген адам өз ұлы Мұхаммет Мұғимыны (1807 жылы Бұхарда туылып, 1902 жылы Алтайда қайтыс болған) ертіп Алтайдағы іргелі ел абақ керейге келіп дін таратты. Шағи Мансұр Алтайда үш жыл тұрып Бұхарға қайтып кетеді. Ал баласы Мұхаммет Мұғимын сол кездегі ажы гүңнен кейінгі төре тұқымының біліктісі, әрі Алтай қазағына ықпал көрсетіп, билік жүргізіп отырған Ожеке төреге арқа сүйеп, Алтай қазағына ислам дінінің ықпалын кеңейтті. Мөлшермен 1835 жылы күзде Қыран өзені бойындағы "Төре бейіті" (Ожеке төренің ағасы Жарекеннің бейіті, қазіргі Балбағай өңірінде) деген жерде жер үй салып (ши төбеден екі метр мөлшерінде терең ор қазып, дөдегесін шыммен көтерген үй) бірнеше бала оқытқан. Осы ауылда оқыған алғашқы топтағы оқушылар: Бөке қажы, Максалима, Мәми бейсі, Нұртаза, Өміртай, Имамбай, Жәңгір, Сәбит, Қуанбай қатарлылар еді. Бұлар әр жылы ел қыстауға орналасқаннан кейін келіп, қыс мезгілінде бірер ай оқып, екі-үш жылдан кейін өз ауылдарына барып, бір бөлімі басқа жерлерге барып бала оқытумен шұғылданған.

1848 жылдың күзінде Қазан, Бұхар қалаларына барып діни оқу оқып Алтайға оралған Сәбит дамолда (абақ керейдің ителі руынан, 1823 жылы Қазақстанның Қалба тауында туылған) Сауырдағы Қасымхан гүң, Алтайдағы Жұртбай би, Қабадағы Оспан төрелердің ұсынысы бойынша Сауыр, Қыран, Ертіс өңірлерінде, жоғарыдағы би-төрелердің ауылында бала оқытқан. Оның 40 жылдық өмірі ауыл оқуына арналған.

Алтайдың әйгілі ағартушысы Ақыт қажы да бала кезінде Қобданың Делуін, Тұлба қатарлы жерлеріндегі қазақ ауылында жеті-сегіз жыл бала оқытқан.

"Алтай-қазақ ұлты ең көп қоныстанған өңір. Сондықтанда Шынжаң қазақтары мекендеген өңірдегі ең алғашқы медресе 1865 жылы Алтайдың қыран өзені бойындағы "Сары мешіттен" ашылған медресе болды. 1829 жылы Алтайға келген Мұхаммет Мұғимын ислам дінін Алтай қазақтары ішінде онан ары тиянақты әрі көлемді жалпыластыруды көзде ұстап, 1865 жылы жазда Қыран өзенінің бойындағы Балбағайдан қызыл қарағайдан қиып мешіт салдырып, жанынан медресе ашып, Алтайдағы он екі керей ішіндегі аты бар, ауқаты бар адамдар­дың балаларынан әр жылы отызға жуық бала оқытқан. Алтай қазақтары бұл мешітті, медресені "Сары мешіт-медресесі", "Атаң ауылының медресесі" деп атап келді. Алтай қазақтары ішінде ислам дінін кең көлемді таратуға және діни ағартуды жолға қоюға Мұхаммет Мұғимының және осы "Сары мешіт медресесінің" рөлін айрықша атауға болады.

Осыдан кейінгі медресе Алтайдың Көктоғай ауданының Сарытерек деген жеріндегі 1870 жылы салынған керейдің молқы руынан шыққан Жота қажының мешіті мен медресесі болды. Осы медреседе Мырзабақа деген ғұлама имам болған. Әйгілі ақын Ақыт Үлімжіұлы осы Жота қажы медресесінен оқып сауатын ашқан екен.

Жоғарыдағы мешіт-медреселердің ықпалымен 1880 жылы күзде Жұртбай би өзінің қыстаулығы - Қыран өзені бойын­дағы Бітеуіргеден мешіт салып, оны "Ақ мешіт" деп атады. Әрі мешіт жанынан медресе ашып бала оқытқан.

1890 жылы Зуқа қажы Көктоғай ауданы Дүре ауылының Бітеу деген жерінен медресе ашқан. 1896 жылы Бапы би Ертіс пен Қыранның құйғанынан "Бапы мешітін" салдырып медресе ашқан. 1898 жылы Өміртай гүң Буыршында бір мешіт салдырып, медресе ашып татар Абдолла деген молланы ұсы­ныс етіп, бала оқыттырған. 1901 жылы Сарсүмбеден "Дөңбазар медресесі", "Ақшорын медресесі" қатарлы медреселер ашылып бала оқыған. Осы сияқты мешіт-медреселердің ашылуы Алтай қазақтары ішінде айырықша ықпал көрсетті. Осыдан бастап Алтайдың барлық аудандарында ілгерінді-кейінді 50 неше мешіт салынған әрі осы мешіттердің жарымынан астамында медреселер ашылып бала оқыған"(82).

Осымен қатар Іленің Текес ауданында Тоғжан медресесі, Тарбағатайдың Шағантоғайында Иса қажы медресесі болды.

"Іле өңірінде жасаған ақын Шілбі Көмекұлы (1860 - 1936) бала кезінде Жансейіт медресесінде оқиды да, "Ағлам ахұн" деген діни шен алады. Ел ішінде абыройлы ақын бо­лып жетілген Шілбі 1919 жылы Құлжа ауданының Нар деген қыстағында мешіт-медресе салғызады. 1921 жылы Күнесбай, Жиенбай деген зәңгілердің қолдауымен Күнес ауданының Түрген, Тасқорған деген жерлеріне мешіт-медресе салдырады"(83).

1917 жылғы Қазан төңкерісі тұсында Қытай жеріне Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларынан қа­шып өткен көптеген зиялылар Алтай, Тарбағатай секілді аймақтарға барып, жергілікті оқу-ағартудың дамуына орасан зор ықпал жасады.

"Осы ғасырдың басында және Қазан төңкерісінің қарса­ңында Орта Азиядан Шәкер (түрік), Нұрғабдұлла (өзбек), Сейітқазы (қазақ), Нұридден (ұйғыр) қатарлы бір бөлім зия­лылар ондағы төрт бидің беделділерінің бірі болған Мәми бейсінің ауылына келіп қоныстанды. Осындай зиялылардың ықпал көрсетуімен әрі сол кезде Қазақстанның Зайсан қаласында ашылған "Тарақия" мектебінің шабыттандыруымен Мәми бейсі Бітеуіргедегі мешіт-медресені "Абақия" мектебі деп өзгерткен. Бұл - Алтайда тұңғыш рет медреседен мектепке айналған, әрі жаңаша оқыту әдісін жолға қойған бірден-бір ғылыми оқыту орны болды. "Абақия" деген сөз әсілі Алтайдағы абақ керей елінің мектебі - абақтың білім ұясы, яғни "абақ ұя" деген сөз төркінін бейнелейді.

Сөйтіп, 1905 жылы "абақия" мектебі құрылуымен бірге Ұсыли-жәдит "төте оқыту" әдісімен бала оқытып, өткендегі түсініксіз оқыту әдісін күшінен қалдырды.

Сонымен бірге осы мектепте діни сабақтарға қосып есеп, ана-тіл, тарих, география қатарлы сабақтар өтіле бастады. 1907 жылы осы мектепке Қазақстанның Ақмола облысының Көкшетау уезінде туылып, Тройцк "расолпа" гиминазия­сын бітірген Сейітқазы Нұртаев деген зиялы жас келіп мұға­лім болды. Әрі жаңаша оқыту әдісі бойынша сабақ кестесін жасап, емтихан алу түзімін орнатып, ғылыми сабақтардың салыстырмасын біртіндеп діни сабақ салыстырмасынан жоғарлатқан. Демек, Алтайда жаңаша оқыту әдісін тұңғыш рет жолға қойған мектеп - "абақия", оны жалпыластырушы және кемелдендіруші - Сейітқазы Нұртаев болды.

1920 жылдан кейін "абақия" мектебінде Ахмет Байтұрсынов емлесі бойынша жасалған әліппе қолданыла бастады. 1926 жылы Қанапия бейсі бұл мектепке Дихуадан (Үрімжіден) Нүриден Қабдұлқаллақи (татар), Бадыридден (ұйғыр), Әдембек (қазақ) қатарлы бірнеше оқымысты адам­дарды ұсыныс етіп, "абақия" мектебінің тәлім-тәрбие, оқыту істерінде тың жаңалықтар барлыққа келген. Осы кездегі мектеп меңгерушісі Сейітқазы Нұртаев еді. Ол жоғарыдағы қаблетті адамдарды ойдағыдай істетумен бірге, оқулықты Қазандағы ағайынды Каримовтар баспасынан алдырып, жүйелі ғылыми оқытуды жолға қойған.

1927 жылы "абақия" мектебінің құрылысы жаңаланып, ортасында залы бар бес бөлмелі оқу үйі салынған"(84).

"Шәуешекте татар зиялылары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында-ақ мектептер ашып, онда ұйғыр, қазақ балалары оқыған еді. Қазақша оқитын арнаулы мектептерден 1911 жылы Байбалық мектебі, 1917 жылы Жайырда Мұхаммед Шафих мектебі ашылды. 1921 жылы Шәуешекте "Күландамия мектебі" делінген арнаулы қыздар оқитын мектеп ашылған.

Іленің бұрынғы Сүйдің ауданында Әбдіқадыр әпенді деген адам 1908 жылы мектеп ашады. Құтыби ауданының Шатху деген жерінде Зубай деген кісі 1920 жылы тұңғыш қазақ мектебін ашқан. Мори, Фукаң, Жемсары аудандарында мектеп ашу 1934-1935 жылдары басталып, мәдениет, оқу-ағарту бірте-бірте дамыды.

1917 жылдары Іле генералы тұратын Күреде "Күре шуетаңы" деген мектеп ашылған еді. Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947), 1922 жылы осы шуетаңнан үш жылдай оқып, қытай тілі мен жазуын біршама меңгереді. Қоғам қайрат­керлері Нүсіпхан Көнбайұлы (1895-1986), Әбу Құдышұлы (1901-1940), Дәулеткелді Қосболатұлы (1898-1942), Толым­бек, Нұрмұқамет, Әбдірасұл Смағұлұлы (1901-1945), Ысқақ сияқты адамдар осы мектепте оқыған. Қазақ, монғол халықтарының талабы бойынша, 1922 жылы монғол - қазақ мектебі ашылады. Бұл мектепте алғаш оқыған адамдардан Шә­ріп­хан Жеңісханұлы сынды ірі қоғам қайраткері, ағарту­шы жетіліп шыққан еді. Осы мектептен тұңғыш оқығандар қатарында, Алтайдан Шәйсұлтан Жеңісханұлы, Мұқаш Жәкеұлы, Мәнкей Мәмиұлы, Зарып Жошыұлы, Тарбағатай­дан Омар, Іледен Әбеу т.б. болды"(81). Шың Сысай жүргізген "алты саясаттың" тиімділігі арқасында қазақ оқу-ағартуы да бір мезгіл дами түсті. Бір жағынан үкіметтік орындардың қолдап-қуаттауы болса, екінші жақтан халықтың өздерінің қаржы атауымен мектептер салына бастады.

Алтай аймағында Шәріпхан Көгедаевтің басшылығында оқу-ағарту ісі барынша кең көлемде етек алды. 1933 жылы Сарсүмбе қаласында мұғалімдерді тәрбиелейтін қысқа мерзімдік арнайы курс ашылды. 1934 жылы Алтай аймағындағы бастауыш және орталау мектептердің саны 67-ге, оқушы саны 5 мыңға жетті.

Іле аймағында жаңаша мектептер ауылдарға шейін ашыла бастаған. Мысалы, Құлжа ауданының Жырғалаң деген жерін­де Жабықбай мектебі, Тоғызтараудың Мұқыр-Жырғалаң деген жерінде Дарубай мектебі, Күнесте Сатыбалды мектебі, т.б. болды.

1935 жылдан кейін бұл мектептердің кейбіреулері орталау мектепке айналды. Сол кезде Сүйдін ауданының Сарбұлақ деген жерінде Тергеусіз бастатқан ел ақсақалдарының сүйеуімен "Көпірлі" мектебі ашылды.

1935 жылы қазақ халқының көмегімен Құлжада ерлер орта мектебі салынып, 1936 жылы оқу бастады. Күнесте "Тал­ды" мектебі салынды. Сол кезде Іле аймағындағы қазақ бастауыш мектебі 38-ге, оқушы саны 3 мыңға, Алтай айма­ғын­дағы мектеп 26-ға, оқушы саны 2 мыңға, Тарбағатайдың Шиху мен Сауаннан басқа аудандарындағы мектеп 15-ке, оқушы саны 1200-ге жеткен еді. Бұл мектептердің көбі халық басқаруында (қазақ-қырғыз оқу-ағарту ұйымы қарауында) болған(86).

Қабимолла Манжыбаев Қытай қазақтарының оқу-ағартуы жайында былай деп жазады: "Шың Сысай дәуірінде ауылдық мектепті бітіргендер оқитын орталау мектептен Іле аймағында үшеуі, Тарбағатайда үшеуі, Алтайдың Сарсүмбе қалашығында бір орталау мектеп және мұғалімдер жетістіретін арнаулы бір мектеп құрылды"(87).

"1935 жылы Шынжаңның тұңғыш жоғары мектебі "Шын­жаң институты" ашылған еді. Саяси қайраткер, аудармашы және әдебиетші Дубек Шалғынбаев осы оқу орнынан жетілген қазақ зиялыларының бірі еді.

1934-1937 жылдары Шынжаңның Кеңес Одағының Орта Азия мемлекеттік университетіне жіберілген оқушылар қата­рында қазақ жастарынан Іледен Әсейін Жақсылықұлы, Құсайын Сиябаев, Демесін; Алтайдан Зарып, Мақат, Айтікен; Шәуешектен Нұрмәди; Үрімжіден Ешен, т.б. болды.

1935 жылы Құлжа ауданының Турасу жайлауында оқытушылар даярлайтын курс ашылды.

1936-1938 жылдары Шәуешектен педагогика институты ашылды.

1938 жылы Үрімжіде оқытушы даярлайтын өлкелік педагогика институты ашылды.

Үш аймақ үкіметі тұсында, яғни 1944 жылы 19 қарашада Құлжа қаласында оқу-ағарту меңгермесі құрылып, Қабип Бернашов бастық, Сәйпиден Әзези бастықтың орынбасары болды.

Шынжаңда үш аймақ төңкерісі жеңіске жеткеннен кейін, 1946 жылы Құлжа қаласында ашылған Ахметжан атындағы білім жұрты қазақтар жиі қоныстанған өңірдегі негізгі білім ордасы болды. Үш аймақтың барлық ауданында оқу-ағарту ісі қарыштап дамығандықтан бастауыш мектептер 1944 жылғы 79-дан көбейіп, 1949 жылы 489-ға, аймақтардағы орта мектептер 13-ке, аудандағы орта мектептер 17-ге жеткен"(88).

1950 жылдан кейін мектеп тәлім-тәрбиесі мен оқу, оқыту істеріне Қытай Коммунистік партиясы тікелей жетекшілік ететін болды.

1956 жылы Қытай мен Кеңес Одағы достығына байла­ныс­ты бір бөлім қазақ балалары Қазақстан және Өзбекстан жеріне оқуға аттанды.

1958 жылғы ұлтшыл-оңшылдарға қарсы күрес, 1962 жылғы "Іле-Тарбағатай оқиғасы", 1966-жылдан басталған тап талдау және "Мәдениет төңкерісі" қазақ оқу-ағартуын барынша тұралатты.

1978 жылдан кейін бүкіл Қытай елі секілді қазақ ұлты­ның да оқу-ағарту ісі де жаңа жағдайға бет бұрды. Бастауыш дәрежелі оқытуға жатақта мектеп оқытуы мен сауатсыздарды жою оқытуы қоса жүрілді.

Орта мектептер таза қазақ мектебі, қытай-қазақ мектебі, көп ұлтты аралас мектепті қамтыды.

1991 жылға келгенде Іле қазақ обылысындағы 131 қазақ орта мектебіндегі оқушы саны 47 мың 947-ге жетті.

Мұғалімдерді, дәрігерлерді және ауыл шаруашылық ма­ман­­дарын жетістіру мақсатындағы әртүрлі орта білім беретін ущилищелер мен колледждер жаппай ашылып, Іле, Алтай, Тарбағатай, Бөратала секілді жерлерде арнайы оқушы­лар тәрбиеледі.

Шынжаң қазақтарынан Жақсылық Әсейінұлы, Қабимолла Мәнжібаев секілді үздік ұстаздар шыққан.

Іле педагогика институты, Іле оқу-ағарту институты, теле­ви­зиялық университет, жұмыстан сыртқы университет, өзді­гінен үйрену университеті секілді жоғары білім алуға арнал­ған оқыту түйіндерінде қазақ жастары көптеп тәрбие­ленді. Мұнан сырт қытай және ұйғыр тілдерінде оқытуға бағыт­талған орталық ұлттар институты, Шынжаң универси­теті, Шынжаң педагогика университеті, Шынжаң өнеркәсіп университеті, Шынжаң көркемөнер институты секілді жоғар­ы оқу орындарынан білім алу орайына ие болып отырды. Соңғы жылдары жоғары оқу орындарының ақылы оқытуға көшуіне байланысты кейбір қазақ жастарының білім алуы біршама қиынға түсті. Сол үшін де Қазақстан - Қытай ара­сында арнайы білім алмасу шарты болмаса да, 1991 - 1992 жылдардан кейін Қазақстанға көптеген қытайлық қазақ студенттері келе бастады. Олардың алды ғылым кандидаты, доктор дәрежесіне дейін көтерілді.

Дәрігерлік (адам және мал дәрігерлігі)
Қазақ дәрігерлігінің түп-тамыры тереңде болғанымен, қағаз бетіне таңбаланған дәрігерлік шежіреміз мардымды емес.
Ежелгі қазақ қалаларына жасалған зерттеулер нәтижесінде Ясы, Тараз, Отырар қалаларының ауыз суды тазартатын сүзгі құбырларды пайдаланғаны анықталған.
Қазақ даласынан табылған VІ-ХІІ ғасырлардағы адам қаңқа¬сынан сүйекке жасалған күрделі операциялардың іздері байқалған.
Әл-Фараби медицина саласында "Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған зерттеме", "Темперамент туралы" деген еңбектер жазған. Онда негізінен медицинаның назариялық мәселелерімен айналысып, медицина өнерінің пәнін, міндет-мақсатын анықтап беруге тырысады.
Фарабидің артынан ілесе шығып, жолын қуған шәкірттері көп болды. Олардың ішінен ең алдымен Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу-Али-Ибн-Синаны айтуға болады. Бұл кісінің ғылыми еңбектері үлкен жағынан Әл-Фарабиге өте ұқсас, Әл-Фарабиден тәлім алғанын ол өзі де жазып кеткен"(89). Фарабидің бұл шәкірті кейін келе дүниеге танылған әйгілі ғалым, үлкен дәрігер болып жетілді. Әбу Синаның "Канон" деген кітабы 400 жыл бойы Еуропаның медицина оқулығы есептеліп келді.
Қытай қазақтарының емшілік өнері көбінесе Қытай, Тибет, Моңғол емшіліктерімен қатар дамып отырған. Қазақ¬тар мен монғолдардың "ем", "емші" сөзінің ортақ болуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Шаман дәуірінен жалғасқан емшіліктің айқын бір белгісі бақсы-балгерлерден де байқа¬лады. "Монғолдың құпия шежіресінде" Шыңғысханның керейлерден бақсы-балгерлер ұстағаны жазылған.
1466 жылдары жазылып, 1995 жылы Қытайда жарық көрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының "Шипагерлік баян" кітабы қазақ дәрігерлігіндегі жазба тарихымыздың алғаш¬қылары қатарына қосылды. Қытай қазақтарындағы қазақ емшілігін зерттеу үшін 1992 жылы Іле Қазақ автоно¬миялы облыс¬тық қазақ дәрігерлік қоғамы арнайы құрылып, Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарынан оның бөлімшелері ашылған еді.
Алтай аймағында арнайы "Қазақ емханасы" ашылып, қазақ емшілігін зерттеу және оны іс жүзінде қолдану барған сайын тереңдей түсті. Жемсары ауданында Жүніс Смағұлұлы ашқан қазақша емдеу орталығы және ол жазған "Қазақ емшілігі мен дәрігерлігі" атты кітап та қазақ емшілік өнерінің атадан балаға жалғасуына өзіндік үлес қосты.
Мемлекеттік емханалардан "жазылмайды, өледі" деп шығарылып тасталған кейбір ауыр науқастардың қазақ емкөстерінің қолынан жазылып кеткендері де бар.
Ел аңыздарына қарағанда Іле өңірінде өткен Мүсірбай емші, Алтай өңірінде өткен Шәкер емші, Тарбағатайдың Сауан жерінде өткен Аман емші талай рет ажалға арашашы бола білген. Мұнан сырт қазақ оташылық өнері де көрнекті дәрежеде дамып отырған. Алтай жерінде өткен Батырбай әрі емші, әрі оташы болып, сынған сүйектің орнына жас бота¬ның сүйегін салып мертіккен жанды сауықтырған екен.
Шыңғыс Дәлелханұлы, Ебін Әбдікерімұлы, Гүлшан Түсіпбайқызы, Жазира Тоқайқызы, Серік Мағауияұлы, Көкен, Жігер, Мұқият, Тұрсынжан, Әсия, Мұқатбек секілді көпке мәлім болған қазақ дәрігерлері бар.
Мал дәрігерлігіне келер болсақ, қазақты құраған ру-тайпалардың заманында-ақ мал дәрігерінің болғаны мәлім. Қытайдың Хан патшалығы дәуіріндегі жазбаларда (жыл санауымыздан 47-48 жыл бұрын) "қандауырды таңдай, тіл астына шаншып, іш ауруды емдеу" жөнінде жазылса, 1094 жылы Ляу мемлекетіне елші болып барған Жаң Шүнмин жазған "Елшінің Ляо мемлекетіндегі естелігінде" батыс елдерінің арақ арқылы сезімсіздендіріп операция жасайтын¬дығы жазылған.
Грек тарихшысы Страбонның "География" атты еңбегінің 7 томында сақтардың бие сүтінен қымыз ашытқаны мен жылқыларды пішкені туралы мәлімет бар.
Қазақ емшілері малдағы індет-ауруларды емдеуде мол тәжірибелер жаратып, қазіргі заман мал дәрігерлігінің дамуы үшін мол мұра, асыл қазына әкеп қосты. Көптеген емдеу өнерлері қазірге дейін қолданылып келеді.
Қазақ халқының пішпешілік өнері (техникасы) аталық малдарды жуасытып бағу, жұмысқа салу және малдарды асылдандыру жақтарында өте маңызды рөл ойнады. Қазақтың пішпешілік өнерінің жарыққа шығу тарихы ұзақ, сонау жыл санауымыздан бұрын тапқырланып, қолдана бастаған. Содан бері дамып әрі кемелденіп, әр түлік малдды пішудің "қысқаштап пішу", "байлап пішу", "жабық пішу", "ашық пішу", "тарту", "үзіп пішу", "қарып пішу" сияқты пішу тә¬¬сіл¬дерін тапқырлап, оны қазірге дейін мал шаруашылы¬ғында кең көлемде қолданды, әрі қазақ пішпешілік өнерінің ерекшелігі, артықшылығы мен қазіргі заман мал дәрігерлік хирургия ғылымында "қазақша пішу" деген атпен маңызды орын иеледі.
Мал ауруларын емдеудің көптеген жолдарының ішінде ең көп қолданылатындары - қан алып емдеу. Мұнда пышақтың ұшы, қандауыр сияқты саймандар¬мен сәйкес орындардан қан алынады. Мысалы, сіреспеде мо¬йын күре тамырынан мол қан алынады. Жылқы қара өкпе¬сі, зорығы, өкпе ыстық жөтелінде тұс жаны тамырынан қан алынады. Аяққа қан түскенде, аяқтардың жіліншігінің ішкі тамырынан қан алынады. Жолаушы жол жүріп келе жатып, аты тұйықсыз іші ауырса, қамшы сабын мұрынына жүгіртіп қан шығарады (ертедегі дауалау әдісі) немесе танауындағы шершеуіне қандауыр (пышақ) шаншып қан алынады. Қой-ешкі сияқты ұсақ малға құрғақ жөтел тисе, құлағының ұшын қиып (тіліп) қан алынады. т. б.
Қиып емдеу - қос кіндікті қиып емдеу, т. б.
Шабақтап емдеу - көп қолданылатын тәсілдің бірі. Әсіресе, жылқы малына көп қолданылады, қазақ "жылқыға пышақ..." дейді. Шынында жылқының сақауын шабақтап, артынан жас баланың несебін, яки тұзды сумен жуып қойса, арқасына жауыр, жаман түйме сияқты ісік, шығулар шық¬қанда, шабақтап қойса, оңай сауығып кетеді. Бұлардан сырт, біз шаншып емдеу, ыстық өткізіп емдеу, бұлаулап емдеу, балшық-шым тартып емдеу, суытып емдеу, ыстап емдеу, шөп дәрі тартып емдеу, шар дәрі ішкізіп емдеу, тотияйын көміп емдеу, тотияйын атып емдеу, мұрынынан дәрі үрлеп пысқыртып емдеу, өкпе құртын кеңірдекті тесіп мүсәтір қойып, күшала салып емдеу, көтен ішекке қол салып қатқан тезекті (құмалақ, өркен, тоңғақ) алу, ішті айдату сияқты көптеген емдеу өнерлері мен тәсілдерін жаратты.
Табан қышыры кетіп, табаны тозу, тасырқау жағдайы кезіккенде, түйенің аяғына киізден, теріден байпақ тігіп ки¬гізу, жылқы, сиырды тағалау сияқты малдың тұяғын (аяғын) күту өнерін ертеден тапқырлаған, бұл өнер қазір де қолданылып келеді.
Қазақтың оташылық өнері мен тайған буынды қайта орнына салу өнері ерекше тілге ала кетуге татиды. Ол шебер¬лігі мен өнімділігі арқылы адамдарды таң қалдырады. Қазақ оташылары адамның, малдың әрқандай орынның паршаланып сынған сүйектерін сипалау, басу, қысу, итеру сияқты әдіс¬термен орнына түсіріп, шабақ ағаштармен ғана таңып сақина салады. Әсіресе, сүйегі үгітіліп сынған адамның кем сүйегінің орнына, ботаның сүйегін көшіріп салып сауықтыру, қате, қисық, теріс біткен сүйектерді түрлі әдістермен жібітіп, ажыра¬тып, қайта таңу сияқты ерекше өнерлері де қазіргі ел арасында кеңінен аңыз болып, таңдай қақтырып жүр.
Қазақ мал шипагерлері, емшілері ертеден сол бір өздері жасаған ортадан дәрі-дәрмек қайнарларын тауып пайдалана білген. Мұның ішінде өсімдік дәрі түрлері өте көп болды. Мысалы, ақ жұмыр, қарандыр, жүрек, көк төбет, рауағаш, киелі ермен, күшала, адыраспан, у қорғасын қатарлы неше жүздеген пайдалы емдік қасиеті бар өсімдіктерді қазақ ертеден пайдалана білген. Ал хайуандардан - айран-іркіт, сүт, қы¬мыз, сарымай, құрт-ірімшік, қой майы, жылқы майы, мал қаны, мал жыны, аю майы, борсық майы қатарлылардан пайдалана білді. Жәндіктерден жылан, кесіртке, құрбақа, шылаушын, бүйі, шаян, ала күлік, қоңыз сияқтыларды емдік¬ке пайдалана білді. Руда - химиялық дәрілерден алмас, тотияйын, күкірт, ашудас, сахар, сынап, сыр, дәнекер, т. б. дәрі жасап пайдаланып, түрлі ауруларды емдеді.
Бұлардан басқа ағаштардан, дала жемістерінен де дәрі-дәрмек тауып пайдалана білді.
Қазақ тарихын көп зерттеген тарих ғалымы Су Бихай қазақ халқының мал анатомиясы мен физиологиясы жағын¬дағы білімдерін бағалай келіп: "Қазақ халқы ұзақ уақыт мал бағу барысында, малда үнемі кезігетін аурулар мен маусымдық ауруларды толық иеледі. Оның үстіне үнемі мал соятындықтан, малдың дене түзілімі, мүшелері және оның физиологиялық қызметі жақтарындағы мол білімдер мен емдеу техникаларын жаратты" деген еді. Дәл сондай, қазақ халқы малды бағып пайдалану, сойып етін жеу барысында, зер сала көңіл қою арқылы малдың ішкі-сыртқы мүшелерінің барлығына ат қойып, түсін түстей алған. Мұндай білім-өнер¬лері қазақ мал шаруашылық өндірісінде болсын, маңызды жол-жосын болып қалмастан, әрі мал емшілік өнерінің барлығында да маңызды рөлі бар. Қазақ мал шипагерлері ұзақ уақыт мал ауруларына қарсы күрес жасау өмір тәжіри-белері арқылы мал ауруын анықтап айырудың сұрап тексеру, ұстап тексеру, көріп тексеру, иіскеп тексеру деген төрт түрлі тексеру қағидасын қолданған (90).
Қытай қазақтарының мал шаруашылығы тақырыбына қалам тартқан - Мамырхан Қалиясқарұлы, Қаналым Таласбайұлы, Нұрлан Қинаятұлы, Темірбай Смағұлұлы, Сағидолла Қоманұлы, Ердәулет секілді зерттеушілер бар.
Аспан ұғымдары мен күнтізбелері
Қазақтар өздері жақсы көретін адамды немесе кішкентай балаларын екінің бірінде "күнім, айым, жұлдызым" деп еркелетіп жатады. Қазақ халқы ай мен күннің шығысы мен батысына қарап ауа райын болжайды. Әсіресе, аспан әлемін¬дегі жыпырлаған жұлдыздар жол айыруға бағыт сілтеп қал¬мас¬тан, уақыттың қай кез болғанын да білдіреді. Жұлдыздар¬дың орнына қарап ауа райын болжаумен бірге жаратылыс дүниесін, өсімдіктердің қалай өсіп-өнетінін де біліп отырады.
Осымен бірге аспан әлемі мен жан-жануарлардың ішкі қатынасы арқылы да ауа райына болжау айту дәстүрі болған. Алтай өңірінде өткен ата-баба дәстүрін жалғаушы есеп¬шілердің бірі Мұқажан Әлиұлы да халық астрономиясынан мол білімді болған адам.
Мұқажан табиғат құбылыстарын жинақтай келіп, ауа райын бақылауда 180 күндік салыстырмалы есеп жасап, жаз¬дағы ыстық орнына қыста аяз, жаздағы жаңбырдың орнына қыста қар жауады, көктем айларында көрілген ауа райы құбылысы күз айларында, жаз айларында болған ауа райы құбылысы қыс айларында туылып күнбе-күн қайталанады деп есептеген. Шілденің төрт жаңасында аңқаңды кептірген аңызғақ соқса қаңтардың төрт жаңасында от суырып, сүйегіңді сырқырататын үскірік соғады деп алдын-ала айтып отырған және айтқандары дәл келіп отырған.
Мұқажан қазақ күнтізбесіндегі дөңгелек айдың "өліара¬сына қарап та сол айдың ішіндегі ауа райын болжап отырған. "Өліарада" ауа райы бұзылса, қалған күндері де жауын-шашынды болады, "өліара" ашық болса, қалған күндері де ашық болады деп қараған.
Мұқажан әр күні күн шығардан ілгері далаға шығып аспан шырақтарын, күнді бақылап, сол күнгі ауа райы туралы мәлімет беріп отырған. Жазда күн шығардан ілгері тау басы мұнартып тұрса, сол күні түс қия боран соғады деп алдын-ала айтып отырған. Ол кісі қазақтың "амал", "тоғыс" есептеріне де жүйрік болған екен.
Қазақтың жазба календарлық тарихы аса ұзақ емес. Сауатты қазақ есепшілері әр дәуірлерде Омар Хаямның календары жөніндегі парсыша кітабын, Ұлықбектің шағатай және араб, түркі тілдерінде шыққан кітабын, Осман түрікте¬рінің тілінде жазылған "Рузнаме", "Дәрендауи" кітаптарын пайдаланып келген. Мыңбай Өтежанұлы Ысқақовтың "Қазақтың байырғы календары" кітабында мынадай деректер айтылады: 1870 жылдардан бастап "Гәрелік" деген атпен Қазан қаласында, татар тілінде анда-санда күнтізбе жинақтар шығып тұрды. Олар қазақ арасына да таратылды. Календарь кітаптарын шығаруда көрнекті татар жазушысы, ғалым, ағартушы - педагог Ғабдыл-Қайым Ғабдыл Насыр ұғылы, қысқаша айтқанда Қаюм Насри (1825-1902) елеулі еңбек етті. Оның 1877 жылы татар тілінде араб әріптерімен Қазанда шыққан "Календарь" атты кітабы бірнеше рет қайталанып басылды. Оны қазақ оқырмандары да пайдаланды. 1889 жылдан бастап Петербургте Шахабуддин Талфидың араб әріптерімен, жартылай түрікше, жартылай арабша жазылған "Мұсылман календары" шығып тұрды. Оның 8-басылымы 1889 жылы жарық көрді.
Календарьдан қазақ тілінде жазылған кітаптардың тұңғышы ретінде 1897 жылы Орынборда Бреслын баспаханасында орыс әрпімен басылып шыққан "Календарь для кыргизов - қазақ үшін календарь" атты жинақты айтуға болады.
Толық мағынасындағы тұңғыш қазақ календары Қазан социалистік төңкерісінен кейін, 1922 жылы жазылған.
"1923 жылдың қазақ календары" табель - календарьдан бастаған. Табель - календарьдың бірінші жолында "ит жылы бітіп, доңыз жылының басталуы 22 март" деп жазылған. Әрбір айдың екі түрлі аталуы көрсетілген: январь - дәлу, февраль - хұт, март - хамал, т.б.
Айлардың бірінші атаулары римше, екінші атаулары арабша делінген... Күн аттары сенбі, жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма түрінде жазылған.
Бұдан кейін 1929, 1930, 1931 жылдары шаруа кален¬дары жарық көрді. "1930 жылдың шаруа календарын" Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және Әбдірахман Мұстафин құрастырған.
1930 жылдың календарында айлардың римше атауларымен қатар қазақша атаулары да келтірілген: ғинуар - ақпан, фев¬раль - отамалы, март - наурыз, апрель - сәуір, май - көкек, июнь - шілде, июль - сарша, август - қыркүйек, сентябрь - ми¬зам, октабрь - қараша, ноябрь - қазан, декабрь - қаңтар делінген"(91).
Шынжаң қазақтарының ай есебіне келсек көбі Қазақстан жағын үлгі тұтады. Ал қарттар жағы байырғы қазақ календарындағы есептеу амалдарын негіз етеді. Шынжаң қазақтары қолданатын амалдарға аялдасақ, төмендегідей:
Әр айда екіден амал болады. Бірінші амал айдың онынан он бесіне дейін жалғасса, екінші амал жиырмасынан жиырма бесіне дейін жалғасады. Әр амалдың уақыты алты күн. Кей амал бір ғана атпен аталғанымен, кей амалдың бірнеше баламасы болады. Мәселен, отамалы бір атпен аталса, боқы¬раудың күйек деген бір жанама аты бар, ақпанның аққұрық, жылқышы деген екі жанама аты бар. Негізгі амалдардың кестесі мынадай:
Ал Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының "Шипагерлік баян" кітабындағы күн, ай, жыл аттары мен амалдарының да өзіндік ерекшелігі бар. Қытайлар ай аттарын көбінесе бірінші, екінші деген сандық ретпен көрсетеді. Ендеше қытайша, Шың¬жаңша, Жүсіпше, Өтейбойдақша ай аттарын салыстырып көрсек мынадай:
Жаңаша Шынжаңша Жүсіпше Өтейбойдақша
3-ай Көкек Қозы Көктеу
4-ай Мамыр Өт Мезгеу
5-ай Маусым Ерендіз Көзгеу
6-ай Шілде Қушық Шілдеу
7-ай Тамыз Арсылан Тамызық
8-ай Мизам Бидай басы Дәндеу
9-ай Қазан Үлгі Соқтау
10-ай Қараша Шаян Күйек
11-ай Желді Жақ Ықтырғы
12ай Қаңтар Лақ Ығыс
1-ай Үштің айы Көнек Қаңтар
2-ай Бірдің айы Балық Ергеу (92)

Қазіргі Шынжаң қазақтары пайдаланып отырған жалпы¬лық календарда бір жыл12 айға, әр ай 30 күнге, 3 ай бір тоқсанға жіктеледі. Осы үш айды біріктіріп кейде "маусым", кейде "тоқсан" атаулары пайдаланылады. Бір жыл 365 күнге бөлінеді (толық жыл 366 күн).
Әсілінде, қазақтар жыл басын наурыз деп есептеп келген. Бұл есеп бойынша жаңа жыл 21-наурыздан басталуы тиіс. "Наурыз" сөзінің өзі "жаңа күн" дегеннен келіп шыққан. Ал қазіргі пайдаланып отырған календарь 1-қаңтарды жылдың алғашқы күні есептейді.
Спорты
Қазақтың қан кешкен тарихы мен малшаруашылық өмірі олардың спортпен айналысуына негіз болып отырған. Әсіресе, жылқы түлігіне қатысты қытай тарихына "ат үстіндегі тайпа" деген атпен жазылған алтын тарихымыз соның бір куәсі секілді. Үйсін жылқылары "тәңір тұлпары" (арғымақтар) аталып, қытайдың Хан заманының өзінде аңызға айналған.
Қытай қазақтары мекендеген байтақ даладан табылған жартас суреттерінен-ақ атпен шауып бара жатқан адам бейнесі, шалма лақтыру, көкпар, киіз үй, садақ тарту секілді ежелгі спорттық бейнелерді көруге болады. Қытайдың "Ханнама¬сында" жазылуынша жыл санауымыздан бұрын-ақ ғұн¬дардың, ұлы жүздердің (иүзілердің), үйсіндердің, қаңлы-лардың, ойраттардың ат үсті мергендік өнері туралы деректер көбірек ұшырасады.
Палуандық дәстүр де ата-бабамыздан жалғасқан ежелгі спорттық өнеріміздің бірі. 1957 жылы Қытайдың Ши-ан қа¬ласы маңынан табылған Хан патшалығы дәуіріндегі қа¬бірден шыққан мыс тақтайда екі аттың суретімен бірге күресіп тұрған екі адам бейнесі бар. Күрескен екеудің бірі белден қап¬сыра құшақтаса, біреуі бақайшықтан алып тұрғаны бейне-ленген. Ғалымдар олардың түр-тұлғасы мен киім-кешегіне зерттеу жүргізіп "батыс өңір адамы" деп тұрақтан¬дырған.
Қазақтың таяу заман тарихында айтылатын торқалы той, топырақты өлімнің артынан берілетін айтулы астар дерлік спорттық өнерге толы болған. Онда ат бәйге, нысана ату, қыз қуар, палуан, көкпар, жорға жарысы секілді сан түрлі өнер түрі көрсетілетін болған. Сондай әйгілі астан "Өскенбай¬дың асы", "Бұтабай болыстың асы", "Тұрысбектің асы", "Шіде¬рінің асы", "Нүптебектің асы", "Тойекенің асы", "Естеместің асы", "Мырзағұлдың асы", "Құлидың асы", "Кіштайдың асы", "Тоқбайдың асы" секілді әйгілі астардың ел есінде қалғаны мәлім.
Ас жай ғана өткізілмейді. Шамасы жеткендер исі қазаққа, шамасы келмегендер алты алашқа, одан қалса ат аяғы жететін жерге дейін сауын айтатын болған. Аста жүйрік ат, палуан жігіт... бәрі анықталады. Аспен бірге жүйрік ат пен палуан¬ның есімі де тарихқа қалады. Сондай жүйріктерден тарихтан бері Қубас ат, Сағымбайдың қызыл құласы, Құлагер, Шерубайдың сары бауыры, Тәбікенің торысы, Мұрынның қырғынкөгі, Малғабылдың қара қасқа аты, Мүліктің торысы, Мамырбектің ақтанауы, Шабырбайдың бурылы, Сәлімбақы¬ның күреңі секілді аты аңызға айналған аттар болған.
Палуандардан Бұланбай, Көбен, Байқозы, Қажыбала, Малбағар, Қайысбай, Қасен, Қапас, Темірхан, Елубай, Тойлыбай, Сиыршыбай, Қопа, Қойлыбай, Омари, Ахметжан, Дәлелхан секілді алып күштің иелері өткен.
Өткен ғасырдың соңғы жарымында өз төңірегін ағалатқан Аманбек, Серік, Тұрсынғали, Мейірхан, Нағашыбай, Әліған, Қалелхан, Жансейіт, Құрманғазы, Қали, Көкенай, Солтікен, Мейрамбек, Гүлістан, Қайса, Мамырбек, Тұрсын, Нұрлан, Мекеш секілді палуандар болды. Аталған палуандардың көбі Қытайдың әр реткі мемлекеттік байқауларында бас жүлдені жеңіп алған. Кейінгі жастардан Ерзат Құзайырұлы мен Ерзат Мәжитұлы мемлекеттік шаңғышы болса, Қанат Сламұлы бокстан әлем жүлдегерлігін иеленді.
Танымдары мен философиялық ой-түйіндері
Тарихи деректерге қарағанда қазақты құраған ру, тайпа¬лардың әрбір дәуірде түрліше күштерге және діндерге табын¬ғаны анық. "Өндіргіш күштері төмен дәрежедегі ерте заманда сақтар да басқа ерте заманғы ұлттар секілді өз дінін қалыптас¬тырып, ата-бабаларына сыйынды. Кейін келе оларда он сегіз мың ғаламның жаратушысы бар дейтін ұғым қалып-тасып, кейбір жаратылыстық құбылыстарға табыну жарыққа шықты. Геродот былай дейді: "массагеттер" көп әулиенің ішінен күнге ғана сыйынды. Олар күнге бағыштап жылқыны құрбандық¬қа шалып тасаттық етті. Бұлай істеуге мынау себеп болды: бұл дүниеде ең жүйрік жылқы ғана, көп әулиенің ішіндегі ең жылдамы күнге жар бола алады деп қарады"(93). Отырық¬танған сақтар жерді "ана тәңірі" деп сыйынды. Олар үнемі соғысқа аттанып, жорық жасап тұратындықтан соғыс тәңіріне де сыйынды. Қанжарды жерге шаншып қойып, оның үстіне сүт немесе қан құйып тәуап етіп, жеңіске жетуді тіледі.
Сақтар да парсылар секілді мәңгілік от пен киелі суға табынды. Үйсін, қаңлы ұлыстары дін көзқарасы жағында ең әуелі табиғатқа табынды, күнге, айға, жұлдызға, аспанға, жерге, суға, отқа, арасанға, жалғыз ағашқа, үңгірге табынып, оны тәңір деп, аспан көк түсті болғандықтан оны көк тәңір деп атады. Қазақтардың көк соққыр деп қарғағаны тәңір атқыр деген мағынаны білдіреді. Бұл жоғарыдағы ескі идео¬логияның қалдығы. "Тарихи жазбалар, ғұндар шежіресінде" "тәңір құт жорыққа аттанғанда күндіз күнге, түнде айға сыйынды" делінген. Бұл ғұндардың де күнге, айға, жұлдызға ерекше табынғанын түсіндіреді. Тарихта үйсін хандарын "күнмо" деп атады. Ал күнмоны тіке аударғанда мың күн деген мағына шығады, бұл бейне "аспандай кең" дегенді білдіреді. Олар күнге теңеу арқылы өздерінің қадыр-қым¬батын бейнелеп, қасиетті құқықтарына қарсы келуге болмайтынын білдірді.
Күн - көне сөз, түркі тілі жүйесіндегі ұлттардың бәрінің тілінен осы сөз кездеседі. Мәселен, қазақ тіліндегі "өркенің өссін" деген бата "күнің мәңгі батпасын, бақытты бол" деген мағынаны білдіреді. Ертедегі сақ, үйсін, қаңлы ұлыстары күнге сыйынып, әр жылы жылқы сойып күн құдайына тасаттық беріп отырды. Қазіргі қазақтар арасында да баласын "күнім" деп еркелетеді, қыз балаларына байланысты ат қояды, жасы егде тартқан әйелдер бастарына "күн" жаулық тартады. Іледегі үйсін қабірінен ертедегі үйсіндердің өлген адамның басын күн шығысқа қаратып жерлегенін, қабірдің сыртқы көрінісін күн бейнесінде күмбездеп жасағанын, күмбез сыртынан тағы бір қабат шеңбер бейнесінде тас жинағанын, сонымен бірге қабір төбесіне үйілген тасты да дөңгелектеп қойғанын көруге болады. Ол кезде үйсіндер, қаңлылар күн құдайы бір садақкер адам. Ал нажағай оның атқан жебесі деп есептеді.
Күн формасы үйсін, қаңлы тайпаларының күнделікті тұрмысына аса зор ықпал жасады. Мәселен, үйсіндер, қаң¬лылар киіз үйді дөңгелек етіп көтерді. Жайлауда ауылдарын дөңгелек бейнеде қондырды. Көптеген ру-тайпалар ен-таң¬баларын күнге ұқсатып жасады. Мәселен, дулат, арғын рула¬ры таңбасын "О" формасында етіп, күнге ұқсатып жасады.
Үйсіндер, қаңлылар күнді тілсімдендіріп, оған сыйынған¬дықтан, күнге қарап үлкен-кіші дәретке отыруды тыйым¬дады, бұлай істеу аса көргенсіздік болады деп қарады. Қазір¬ге дейін қазақтар арасында күнге қарап қасам ішетін әдеп сақталып келеді. Егер біреу біреуге нәрсемді ұрлап алды деп жала жапса, жазықсыз жазаланушы батар күнге қарап: "әне күн батып барады, егер мен ұрлаған болсам, батқан күнмен бірге батып жоқ болайын" деп қасам ішеді.
Үйсіндер, қаңлылар от күннің жер бетіндегі киесі деп қарады. Олар ұзақ уақыт көшпенді малшылық, аңшылық өмір өткізу барысында хайуанаттармен, түз тағыларымен араласып өтті. Осы барыста олар отпен тамақ пісіріп, отпен жылынып келгендіктен, оны бір түрлі құдіретті әулие көріп, оған табынды. Ол кездегі үйсіндер, қаңлылар отты кіршік¬сіздіктің символы, жарық нұрдың қайнары, арамдықты алас¬таудың, пәле-қазадан қағудың қуаты есептеді. Жеке меншік түзіміндегі жеке отбасының көркеюіне байланысты от әулиесі тағы да отбасын қорғаушы әулие "міндетін" өтеді. Сондықтан неше мың жылдан бері қазақтар некеленгенде ең әуелі отқа шоқыну (табыну) ырымын үзбей жалғастырып келді. Жаңа түскен келінге отқа май салдырып сәлем еткізді. Нәрестенің бесігін отпен аластап, отқа жақын қойып, оны пәле-қазадан сақтанудың әдісі етті. Әрқашан ауру адамы бар үйге қонақ келгенде, қонақ есіктен кірерден бұрын от аттап ырым жасап, ауру адамға бақытсыздық әкелуден сақтанды. Көші-қон кезінде екі жерден от жағып, екі бақсы от басында тұрып "алас-алас, бар пәледен қалас" деп жынды қуалап, малды осы екі оттың ортасынан өткізді. Малға індет жұққанда қора¬ның айналасына от жағып, оның құдіретімен ауруды аласта¬ды. Қазақтың күнделікті тұрмысынан да "отты сабаламау", "оттан секірмеу", "отқа түкірмеу", "қорықсаң от жақ", "тоңсаң от жақ" деген тәмсіл ақылияларды кезіктіруге болады.
Үйсіндер, қаңлылар күнге табынумен бірге, айға да сы¬йынды. Әр рет жаңа ай туғанда, әйелдер айға қарап тізерлеп отырып, ерлер түрегеліп тұрып алақандарын жайып айға сыйынды, үлкендері балаларға бата берді, бұл әдет қазақтар арасынан қазірге дейін кезігеді. Олар тағы да ай орағының аузы қалай қарағанын бақылады, жоғары қараса немесе төмен қараса оны мол өнім жылының белгісі, қиғаш қараса оны жұт жылының белгісі деп жорыды. Сонымен бірге жалғыз ағаш¬та жын-пәле болады деп, жалғыз ағаштың түбіне сая¬лауға, демалуға, оның бұтағын кесуге рұқсат етпеді. Таудағы арасан кейбір ауру-науқасқа шипа берді. Үйсін, қаңлылар арасында Қоршан деген әулие арасан жанындағы тасқа ұйық¬тағаннан кейін, бұл арасан алуан ауруларға шипа болатын болыпты деген аңыз тарады.
Үйсіндер, қаңлылар ғаламдағы барлық заттарда рух (жан) бар деп қарады. Сондықтан, олар өздерінің тұрмыстарымен тығыз байланысты мал киелеріне және басқа киелерге қатты табынды. Мәселен, қойдың иесі "Шопан ата", жылқының иесі "Қамбар ата", сиырдың иесі "Зеңгі баба", түйенің иесі "Ойсыл қара", ешкінің иесі "Шешек ата" немесе "Қа¬ра¬лақ ата" деп атады. Үйсіндер, қаңлылар бүкіл дүниені рухқа толы дүние деп есептеді. Рухтың бар екеніне сену және оған табыну бір барысты басып өтті.
Табиғатқа табыну түбін қуғанда оның құдіретіне табыну, бұл алғашқы діннің ең бастапқы бейнесі. Шынжаңның Құтыби ауданының Қызылқысаң деген жеріндегі жартасқа соншама хикмет - табиғи ортаға сурет салудың өзі сол кездегі адамдардың табиғаттың құдіретті қуатына бойұсынуының және оған табынуының дәлелі.
Үйсіндер бөріні (қасқырды) төтем етті. "Тарихи жазбалар- Ферғана шежіресінде": "жаңа туған нәресте Күнму иен далада қалады, бұл баланы құстар ет тасып беріп, көк бөрі емізіп асырайды. Ғұн тәңірқұты оны "киелі бала" деп біліп, алып келіп асырап ержеткізеді" деп жазылған. Ал "ханнама. Жаң Чиянның өмір баянында": "осы кезде жаңа туған нәресте Күнмуды әкеліп туысы Бөже Оңқа қалың шөптің арасына орап қойып, өзі тамаққа кетіп қайтып келсе, жас нәрестені көк бөрі келіп емізіп, ет тістеген құстар төбесінен ұшып жүреді. Мұны көрген ғұндар баланы "киелі" деп біліп, еліне апарады, оны ғұн тәңір құты асырап жеткізді" деп жазылған. Үйсін ханы (күнму) күнби иен далада қалады, оны көк бөрі емізіп асырайды дегеннің өзінен үйсіндердің бөріні өз руларының киесі деп біліп, оған табынып келгенін көруге болады. Қазірге дейін қазақтар бөріге тіл тигізбейді, меңзеп тұрып тіл тигізуден аулақ болады. Қазақша "қасқыр" деген сөз "қасқыл" деген сөзден туындаған, ол "қадірлеу", "табы¬ну" деген мағынаны білдіреді. Мұнан басқан, қасқыр сөзі қазақ тілінде көп мағынада қолданылады, "батыр" мағына¬сын да береді. Қазақтың халық ертегілерінде бөріні парасатты¬лықтың, батырлықтың пірі санайды, сондықтан қазақтар қасқырды дойыр күштің, жау жүректіліктің символы деп есептейді. Міне, бұл олардың ата-бабаларының әсте ез-мыж¬ғау адамдар емес екенін түсіндіреді. Олар тағы да қасқырдың тобығы бел ауруды жазады, тіл-көз тиюден сақтайды деп қарайды. Сондықтан қазақтарда көп адамдар қасқырдың тобығын мойнына тағып жүреді немесе жанынан тастамай алып жүреді.
Үйсіндер мен қаңлылар үкіні де ру-тайпалардың тотемі етті. Олар пәле-жаладан сақтанып, бақытты болу үшін үкінің басын, тырнағын және қауырсынын балалардың бас киіміне тақты немесе үй ішіне асты. Қазақта құда түскен кезде жігіт жақ қызға үкі тағу рәсімін өтеп, құда болғандығын білдірісті. Қыздарының бөрікті кепештеріне үкі тағып, көздерінің үкінің көзіндей өткір болуын, дұрыс пен бұрысты, жау мен досты айқын айыра алатын болуын үміт етті. Бәйге атқа да үкі тағып, оның желдей есіп, құстай ұшып келуін тіледі.
"Ханнама. Ғұндар шежіресінде": "қаңтарда адамдардың бәрі тәңірқұт ордасына жиналып мінәжат етті. Мамырда зор жиналыс өткізіп, аспан жерге, жын-шайтанға тасаттық берді. Күзде жылқы семірді, орманға жиналып құмалақшылар мал санына есеп жасады" деп жазылған. Міне, бұл ұғымдар ата-бабаларына тасаттық беру салты. Ал үйсіндерде де, қаң-лыларда да осындай әдет бар. Үйсіндер мен қаңлылар ата-баба¬ларының атын немесе ру батырларының атын ру-тайпа¬ларының соғыс ұраны етті. Ерте замандағы қазақтар жаумен жағаласқанда "алаш" деп ұрандады. ХVІІІ ғасырдың орта мезгілінде қазақ хандығының Абылай хан ішкі жақта бірігу, сыртқы жақта Ресейге қарсы тұру барысында жеңіске жетіп батыр атағы да шықты. Сонымен "Абылай" қазақтар¬дың сыртқы жаумен соғысқанда шақыратын ұранына айнал¬ды. Мұның барлығы ата-баба аруағына табынушылықтан туды.
Адамдар дене құрылымын және ажал, ауру құбылыстарын түсіне алмағандықтан, рух мәңгі тірі болады дейтін көзқарас жарыққа шықты. Адамдар адамның өлуі оның тірлігінің тәннен ажырауы, ал оның рухы мәңгі тірі болады деп есептеді. Олар рух өлмейді деген сенімде болғандықтан, адамның бақи дүниеде пәни дүниедегі сияқты өмір өткізуін тіледі. Сондық¬тан үйсіндердің қабірінен сүйекке қоса көмілген тостаған, пышақ, қазан, темекі дорба, шақпақ, садақ секілді тұрмыстық және өндірістік бұйымдар шықты. Ал әйелдердің қабіріне жүзік, білезік секілді зейнет бұйымдарды қоса көмді. Сөйтіп, өлген адамды о дүниеде жалғасты тіршілік ете алатын етуді мақсат етті. Міне, бұл үйсіндерде рух көзқарасының пайда болғанын түсіндіреді. Мұндай діндік көзқарас ұзаққа дейін жалғасты. Өзгермеді, қазіргі қазақтар адам өліп жерлегеннен кейін, мал сойып нәзір жасап, күнәсынан кешіру рәсиматын өтеді. Бұл бір жағынан, ата-бабалар аруағынан кейінгі ұрпақ¬та¬ры¬на бақыт бағыштап, қолдап, қуаттауына медет тілеу үшін еді.
Үйсіндер, қаңлылар аналық қатынастағы рулық қоғамда тұрған кезде-ақ арнаулы абыздар - шамандар жарыққа шық¬ты. Шаманның жарыққа шығуына байланысты, көп құдайға табыну одан ары дамыды. Әулиені адамдық қасиеттендіру бара-бара адамдық пішіндеуге ауып, табыну салты барған сайын күрделілене түсті. Шаман дін әрекетін арнаулы жүргі¬зетін бақсы, адам мен әулие арасындағы "елші", барлық дәс¬түрлі ғұрып-әдеттің қорғаушысы болып, адамдар санасы¬нан аса жоғары абыроймен орын алды(94).
Шамандық дәуірден кейін қазақ даласына ислам дінінің ықпалы жүре бастады. Десе де аталған табыну түрлері, тотем¬дік ұлтымыз арасында күні бүгінге дейін сақталып келеді. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері де тылсым күштерге толы.
Қазақ философиясына келсек, ол "...Әлем халықтары фи¬лософиясының табиғи бір арнасы. Қандай халық болмасын, оның ойлау мәдениеті және өз ішінен шыққан данышпандары болады. Ойлау мәдени кеңістігі болмаған тарихта халық болған емес. Осы тұрғыдан алғанда қазақ халқының ойлау мәдени кеңістігі негізінен екі тарихи өлшеммен анықталмақ. Бірі ру, тайпалық дәуірінен қалыптасқан түркі дүниетанымы.
Екіншісі, түркі дүниетанымының табиғи жалғасы болған қазақ философиясы. Бұл ХV ғасырдан бастау алады"(95).
Әрине, бұл топтың алдындағы буын өкілдері Қорқыт, Әбу-Насыр әл-Фараби, Асан қайғы, Ақтанберді, Бұқар жырау секілді тарихи тұлғалар болса, одан кейін Абай, Ақыт, Әсет, Таңжарық оның жалғаушылары болып Қытай қазақтарын¬ың философиялық негізін қалаған.
Қазақ әдебиетінде айырықша орны бар Қорқыт, Асанқай¬ғы секілді тарихи тұлғалар бір жағынан қарағанда қазақтың "дала философтары" болды. Қазақ жазба әдебиетінің көш басындағы Абай Құнанбайұлының жазбалары да аса терең философиялық жинақ іспетті.
Қытай қазақтарының бүгінгі діндік нанымына келсек, дерлік ислам дініне сенеді. Десе де Қытай Коммунистік пар¬тиясының ықпалымен "құдай жоқ" деген атест кісілер ғана Коммунистік партияның мүшесі бола алады. 1966-1976 жыл¬дар аралығында мешіт талқандалып, құран өртеліп, молдалар жұрт алдында масқараланып еді. 1980 жылдардан кейін ғана мешіттер қайтадан қалпына келтіріліп аз ұлттардың діни еркіндігіне құрмет етілді. Десе де, коммунистердің, үкімет қызметкерлерінің, студенттердің, мектеп оқушыларының ораза кезінде ауыз бекітуіне, намаз оқуына тыйым салынған.
Қазақстан - Қытай арасындағы байланыстардың күн санап жақсаруына ілесіп философиялық ой иірімдері жағы¬нан олар қазақ мемлекетінен сусындап келеді. Қазақ елін рухани тірек көреді.
ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ
ТҰРМЫС-САЛТЫ
Қытай қазақтарының тұрмыстық салт-дәстүрі тұтас қазақ ұлтының салт-дәстүрінен бөлектеніп кетпейді. Дегенмен де, тайпалық одақ дәуірінен қалыптасқан қоныстық өзгешелік олардың әрбіреуінің өзіне тән жерлік қасиеттерімен ерек¬шеленіп отыратын болған. Біз Қытай қазақтарының тұрмыс тіршілігі мен салт-дәстүріне тоқталғанда жалпылық ортақ ұғымдарға қысқаша, ал ұқсамайтын ерекшеліктеріне көбірек тоқталуды жөн көрдік.
Әдет-ғұрыптары мен қолданыстағы салт-дәстүрі (үй-жайы, киім-кешегі, ішіп-жем және ыдыс-аяқ, неке салты, отба¬сылық өмір, әдет- ғұрыптары, мереке-мейрамдары, ойын-сауықтары).
1. Үй-жайы
Қазақ киіз үйінің шығу төркініне тоқталғанда қытайлық қазақ ғалымы Ясын Құмарұлы оның арғы сорабы мен көрі¬ністік ерекшелігін Қытайдың орта жазық өңірлеріндегі ата-бабаларымыз қоныстанған ежелгі өңірлерден тауып, осыдан 5 мың жыл бұрын жасалғанын тілге тиек етеді. Ал қазақ мәдениетін зерттеуші қытайлық ғалым Су Бихай: "сақтар көшпенді өмірге үйлесу үшін киіз үй тігуді білген, киіз үйлер сыртынан қарағанда дөңгелек пішінде болып, ішін ағаш керегеден 6-10 қанат етіп, жеңіл уықтар шаншып тігетін етті". Керегенің сыртына киіз жапты, бұл - сақтардың маңызды жасампаздығы еді. Америка, Африка құрлықтарын-дағылар ерте заманда мал өсіруді білгенімен, киіз үй тігуді білмеді. АҚШ ғалымы Лауфер: киіз басу басқа өңірлерге Орта Азиядан тараған мәдениет саналады. Тігуге, жығуға қолайлы кереге-уық пен киіз арбамен немесе атпен алып жүруге өте ебдейлі, осының бәрі көшпенді өмірге үйлесу үшін алып парасаттылықпен тапқырланған"(96) деп көрсетті.
Ал үйсінге ұзатылған Хан патшасының қызы Ши Жүн ханшаның: "дөңгелек үй, туырлық там орнына, ет жеп, қымыз ішеді ас суына" деп ел жұртын сағынған жырынан да үйсіндердің киіз үйде тұратындығы меңзеледі.
Киіз үй керегесінің санына қарай "алты қанат", "сегіз қанат", "он екі қанат" болып көп түрге бөлінеді. Уықтың басын буып қалқиған қара қосты "абылайша" деп атайды.
Киіз үй құрылымы жағынан - кереге, уық, шаңырақтан құралады. Сыртынан туырлық, шаңыраққа түңілік жабылады. Есігіне жарма есік (сықырлауық) ұсталады. Киіз үйдің сыртқы әбзелдері туырлық, үзік, таңғыш, бас арқан, белдеу, шалма, желбау, басқұр, туырлық бау, үзік бау, бақан, ши секілді түрлерге бөлінеді.
Үйдің ішкі жиһаздары мен басқа да керек-жарағынан абдыра, ағаш төсек, адалбақан, алаша, асадал, аяққап, бөлшек, дастарқан, жүкаяқ, кебеже, сандық, қоржын, көрпе-жастық, құстөсек, сандық қап, сырмақ, текемет, түскиіз секілділерді атауға болады.
Шынжаң қазақтарының атамекеніне ірге тепкенінен қазірге дейінгі тарихында киіз үй және көшпенді тірлігінен әлі қол үзіп көрген жоқ. "Жаз жайлау, қыс қыстау" өмірі сол ата бабаларымыздан қалған ескі дәстүрмен жалғасып келеді.
Қыстаулар немесе отырықты елдің үйлері сол өңірдің жа¬ратылысына сай тастан, ағаштан, шымнан қаланатын болған. Осы үйлермен қатар "шошала" (кей жерде "тошала үй" делінеді) деп аталатын шошақ төбелі үйлер болды. Оның құрылысы киіз үйге ұқсас келеді.
Өткен ғасырдың орталарынан кейін ғана балшықтан, кірпіштен, күйген кірпіштен, бетоннан үй тұрғызу жалпы¬ласа бастады. Қазіргі кезде қытай қазақтары киіз үйдің өзін ағашсыз жеңіл металдардан тұрғызатын болды.
Қытайлардың "отырықты орында мал бағу" саясаты және жайлауларды саяхат орнына айландыруына байланысты ондағы қазақтардың көшпелі тұрмысы да жыл сайын азайып барады.
2. Киім-кешегі
Төрт түлік туралы сөз болғанда қазақтарда "мінсең ат, саусаң сусын, кисең киім, жесең тамақ" деген тәмсіл бар. Демек ата-бабаларымыз төрт түлікті тіршілігінің арқауы етіп келгені белгілі.
Малдың терісі мен жүні қазақ халқының ғасырларға жалғасқан ең негізгі киімі болды. Сол үшін де: "тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық" деген мәтел бар.
Қазақ даласының ескі жұрттарынан табылған баскиім үлгісі "шошақ тымақ" түрінде кездеседі. Есік обасынан, Шілікті жазығынан және 1983 жылы Қытайдың Күнес ауданынан табылған жәдігерлердің ішінде "шошақ тымақ" айрықша көзге түседі.
Бас киім жағында "қыста ұзын және жалпақ милығы, мойынды жауып тұратын желкелігі бар шошақ төбелі тымақ киді. Мұндай баскиім елтіріден немесе түлкі терісінен тігілді. Жиегін дөңгелете аң терісі тігілген шошайма баскиім ерекше болды. Боран болған кезде баскиімнің сыртынан кең жалба¬ғай киінетін. Жазда ми қайнатқан ыстықта жұқа ақ киізден тігілген биік шошақ төбелі қалпақ киді. Айыр қалпақ деп аталатын қайырмасы бар және қайырмасы тілік қалпақ кең таралды", ұзатылмаған бойжеткен қыздар жас келіншектер¬ден өзгеше, жиегіне аң терісі тігілген, әсем, шошақ үкілі бөрік киді. Келін алғашқы түскен жылы әдетте тойға киген баскиімін - сәукеле киіп жүрді. Бір жылдан кейін ол сәуке¬лесін тастап желек киетін болды. Желекті тұңғыш баласын немесе екінші баласын туғанға дейін киді. Кимешек - 30-40 жастағы әйелдердің кесте тігілген бас киімі. Бірнеше баланың анасы болған орта жастағы әйелдер біршама қара¬пайым бас киім - жаулық жауып жүрген. Қазақтың егде тартқан әйелдері сәукелеге ұқсас дөңгелек бас киім - күндік киіп жүретін болған"(97).
Қытай қазақтарында ерлердің қыстық бас киімі "керей тымақ", "қызай тымақ", "қызай қалпақ" деп бірнеше түрге бөлінеді.
Қыздардың бас киімі: алуан түрлі моншақтармен безенді¬ріліп, кестеленіп, әрленіп тұратын. Қыз баланың басына кішкене күнінен үкілі төбетай (маржандармен безелген, үкі тағылған тақия), бойжетіп қалған кезінен бастап маржанды шашақ, үкі тағылған бөрік кигізілетін. Бөрік әр үйдің ауқа¬тына жарай құндыз, сусар сияқты қымбатты хайуан теріле¬рімен, тіпті болмағанда қара мақпалмен қиюланады.
Қыз ұзатылған кезінде алуан түрлі кесте және моншақ¬тармен безелген шошақ төбелі сәукеле киеді. Бірақ сәукеле кию салты ХІХ ғасырдың соңынан кейін негізінен қалды. Кейіндеп жаңа түскен келіншек желек(көбінше қызыл торғыннан жасалады) немесе әсем тоқылған қызыл, ақ бөрте салып жүретін болды. Жаңа түскен келіншек бір жылға дейін желегімен жүретіндіктен, қазақтардың аузында "желегі желбіреп тұр" деген сөз жалпыласқан. Бір жылдан кейін (немесе бір балалы болғанға дейін) желек орнына кестеленген, маржанды, салпыншақты кимешек шылауыш киеді.
Қазақ әйелдерінің кимешек шылауыштары жас кезінде, барынша ашық, әсем жібек жіптермен қанық және жиі кестеленеді. Алдымен кимешек киіледі де үстінен шекесіне шылауыш тартылады. Шылауыштың маңдайы, төбесі (тіпті етегіне дейін ) кестеленіп, маңдайына күміс салпыншақ тағылады. Кимешек шылауыштың жасауында жалпы үлгісі ұқсаса да кейбір үлкен тайпалардың (үйсін, найман, керей) әйелдерінің кимешек шылауышында айырма да болады.
Үйсін әйелдері кимешектерін баспалап тігеді де, киме¬шегіне маңдай (шылауыш орнына) қояды. Ал керей әйел¬дерінің кимешегінің жағы кең тігіледі де, құлағы, самайы көрініп тұрады.
Қызай әйелдерінің кимешегі көбінше кестеленіп (ішінара кануалап) тігіледі де, жағы басына лайықтап тігіліп әдетте құлағы көрінбейді.
Қазақ әйелдері жасы ұлғайып кеткенде кимешек шылау¬ыш¬тарын шалаң кестелеп киеді. Өлімді-жітімді болған кез¬дерінде, қызыл алалы кестелі кимешек-шылауыштарын бір жылға дейін кимей, бастарына қаралық салады. Ал кү¬йеулері өлген әйелдер кимешек-шылауышты мүлде кесте¬сіз (тек лайықты дәрежеде ақ, сары машина жіппен өрнектеп) киеді.
Келіншектердің кимешектерінің алды көрікті, кестелі болудан сырт, оған маржандап сөлкебай тағылады. Шы¬лауыш¬тарының маңдайына тағатын салпыншақтары асыл меруерт маржандардан немесе күмістен жасалады. Бас киімде әсемділік әйелдердің көркін асыра түседі.
Қазақ қыздары мен келіншектері алуан түрлі торғыннан, барқыттан, бал барқыттардан желбіреуік салып көйлек киеді, көйлектерінің сыртынан камзол (немесе жеңсіз қысқа казекейлер) киеді. Камзолдарының кеудесін кестелеп өрнек¬тейді. Оған қыз балалар толып жатқан түрлі моншақ (түйме, маржан, сөлкебай т.б.) қадайды.
Әйелдердің қыстық, жаздық шапандары және ішіктері өз дәуірінің ең жаңасын, ең асылын өлшем ететін. Олардың жүн тартқан ұзын қысқа шапандары, ішіктері тек ең асыл кездемелермен тысталып, ең асыл терілерден жасалатын. Бірақ көрінісі жағынан ұқсас болмаған бай, кедей үй әйелдерінің киімі сапа жағынан бірінен-бірі өзгеше болды.
Әйелдердің дағдылы үнемілік аяқкиімі бұрын көбінше кебіс, мәсі болатын. Ауқатты үй әйелдерінің аяқкиімі сән-салтанат үшін тігілген кестелі етік, көк сауырдан тігіп оюлап күміс құйма қақтырған кебістер болды. Әйелдер, қыздар бұрын сым орнына әсемдеп, кестелеп тізе қап киетін. Жазда астарлап қана, қыста жүн тартылып тігілетін. Онда ау, ышқыр болмайтын...
Заман өзгерісіне қарай қазақ әйелдерінің қыстық-жаздық киімдерінде үлкен өзгерістер болды. Ежелгі үлгідегі киімдердің ең көрікті, ең жақсы түрлері (желбіреуікті көйлек, үкілі тақия, әсем камзол, бөрте сал т.б.) ғана сақталып қалды.
Қазақ әйелдері құлақтарына сырға алтыннан, күмістен, меруерттен, қолдарына алтын, күміс (немесе жез) білезіктер, саусақтарына алтынды, күмісті көзіне тас орнатқан жүзік салады. Қыздар, келіншектер мойындарына меруерт-маржан¬нан алқа тағады.
Қазақ ерлерінің де өзіне лайық киімі бар. Баскиімнің ертедегі үлгілері мен бүгінгі үлгілерінде жақындық болған¬ның сыртында, ерлер (ауқатты адамдар) құндыз, сусар, түлкі терісінен бөрік немесе тымақ киеді. Түлкінің пұшпағынан, елтіріден де тігіп киеді. Жаңбырдан, шаң тозаңнан қорғау үшін тымақ сыртынан киетін қаптаманы - күлапара дейді. Онан қалса жалпы қазаққа ортақ тақия атты бас киім бар. Ол көбінше қара, жасыл түсті бал барқыттан дөңгеленте маши¬намен сырылып жасалады және зерден жиек-өрнек салынады. Қазір қазақ қолөнершілері тақияны түрлендіре тігіп, дүкендерде сататын болды.
Ерлер қыста қой, түйе жүнінен қалың кездемелермен (шибарқыт, трике т.б) тыстап кең-мол тігілген күпі киетін. Қой терісін қолдан илеп, бояуға салады да, жүнін ішіне қара¬тып тон және шалбар тіктіреді. Шалбарларының бала¬ғына, тондарының етек-жеңіне қара кездемелерден қию қойып, машинамен сырғызып, әсем түрге кіргізеді.
Ауқатты үйлердің адамдары елтіріден, қасқыр, түлкі, қабылан терілерінен (ішінара сусар, құндыз терілерінен) асыл кездемемен тыстаған қайырма жағалы ішік киеді. Мате¬риалына қарай: тамақ ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, тай тері деген аттары болады. Мұндай ішіктерді төзімді шибар¬қыт секілді кездемемен тыстап та киеді. Сондай-ақ, жүнін сыртына қаратып әдемі жарғақ киетіндер де бар еді. Жаз күндері жауын-шашыннан сақтану үшін әдемі тоқылған кең сулық шидем болды. Сырттан киетін жаздық шапандарына жүн тартылатын. Кездемеден тігілетін сырттан киетін сымда¬рын астарлап-жұқалап жүн тартқызып киеді. Әсіресе жігіттер мен балалардың сымдары балағы әшекейленіп тігілетін.
Ерлер жазда жұмсақ, жұқа кездемеден көйлек, оның сыртынан қысқа жеңді казекей, алуан үлгіде тігілген шапан киеді. Шапандарының жағасы, жанқалтасы алуан түрлі болады.
Қазақ ерлерінің аяқ киімі де алуан түрлі. Көбінше қыста киілетіні - өкшесі биік, қонышы тізені қаптайтын шоңқайма етік, былғарыдан тігілген саптама етік, аңға киетін қайқы тұмсық жұмсақ етік, жасы ұлғайған адамдар көбінше жұмсақ былғарыдан тігілген мәсі немесе шеттік, оның сыртынан кебіс немесе калош киеді. Кедей-кепшіктердің, жалшылар¬дың қолы жеткені етік кисе, қолы жетпегендері сиыр терісінен, сиырдың бас терісінен, пұшпақтан т.б. шақай (шарке, шабат) тартады.
Саптама етік кию Алтай, Құмыл, Санжы өңіріндегі қазақ¬тарда қазірге дейін бар. Іле, Тарбағатай өңірінде қазір көбінше етік-калош (қыста калошпен киетін киіз етік) кию жалпы¬ласты (98).
Қазіргі кездегі әртүрлі модаларға байланысты Шынжаң қазақтарының киім-кию үлгісі жыл сайын өзгеріп барады. Соның ішінде қытай ұлтының киім кию мәдениетінің ықпалы өте зор. Концерттік кештер, мерекелік бас қосулар, ақындар айтысы секілді көп жиналған орталарда жиі көрінетін қазақы киімнің күнделікті пайдалану көлемі күн өткен сайын тарайып бара жатыр.
3. Ішіп-жем және ыдыс-аяғы
Қазақтың малшаруашылық өмірі олардың ішпек-жеме¬гімен де тығыз байланысты болды. Қазақты құраған ежелгі тайпалар заманнан қалған деректердің бәрі де бұл шындықты тіпті де айғақтай түседі.
"Үйсіндер мен қаңлылар ет тағамдары ішінде қой етін, онан қалса жылқы етін көбірек тұтынды. Қытай мемлекеті құрылғаннан кейін Текес, Мұңғұлкүре, Күнес өңіріндегі қабірлерді қазу барысында жылқы, сиыр, қой, ит сүйегі шықты. Олардың ішінен жылқы, қой сүйегі жиі ұшырады. Қабірден шыққан қой сүйегінің "екінің бірінен қанжар шықты, тіпті қанжар қой сүйегіне шаншылған күйінде шықты. Бұл сол кездегі адамдардың өлген адамдарға арнап о дүниеге ас-тағам, керек-жарағын дайындап қойғандығының образды бейнесі. Сондай-ақ тірілердің күнделікті тұрмысының шын суреттемесі екені де табиғи". Сонымен бірге қабірден тағы ит сүйегінің қаңқасы да шықты. Дәл осындай көр жолдас етілген ит сүйегінің табылуы сол кездегі малшаруашылығы өндірісінің ерекшелігін бейнелейді. Өйткені, ит - малшаруа¬шылық өндірісі жөнінен төтенше маңызды орында тұрды, мал бар жерде бәрі ит асырады. Ал ит мал күзетті, итті көр жолдас етіп көму өлушінің о дүниеде де мал өсіру үшін жан-жақтылы дайындығы.
Қазақ ұлты жылқы етін кәделеп сойып жейді, ал басқа аз ұлттар жылқы етін өте аз тұтынады. Қытай мемлекеті құ¬рыл¬ғаннан ілгері соғымға жылқы союға шамасы келетін қазақ отбасылары қыста ылғи жылқы сүрісін жеп, қазысын кәделеп сақтап, онымен сыйлы қонақтарын сыйлайды. Міне осылардың бәрі үйсін, қаңлы ұлыстарынан қалған салт екені хақ"(99)
Қазақ халқы сүт өнімдерінен қымыз бен шұбаттан қалса айран, кілегей, қаймақ, қатық, қорықтық, құрт, май, ірімшік, уыз, шалап, іркіт секілді тағамдар мен сусындарды пайда¬ланады.
Ет тағамдарынан табақ тартудың жолдары өте көп. Бастыларынан - бас табақ, орта табақ, күйеу табақ, келін табақ, қыз табақ, қосалқы табақ, сыбаға табақ, сарқыт табақ, ошақ табақ, ерулік табақ, сый табақ, қойшы табақ, бала табақ, сыйластық табақ сияқты түрлерге бөлінеді(100).
Еттен жасалатын - әсіп, бас, борша, жал, жаубүйрек, жая, жөргем, қазы, қарта, палау, қимай, шұжық, қуырдақ, құй¬рық, бауыр, мипалау, сүр ет, сірне, сырбаз сияқты көптеген тағам түрлері бар.
Қазақтар сүт, ет тағамдарынан қалса ұн, тары, күріш, жүге¬ріні пайдаланып әртүрлі тағамдар жасай білген. Басты¬ла¬рынан нан, жент, бауырсақ, шелпек, көже, құймақ, бесбар¬мақ, талқан, бидай көже және қуырмаштар бар. Қазақтың ерте заманғы ыдыс-аяқтары негізінен ағаштан, қоладан, мыс тан, шойыннан, темірден, шыныдан жасалатын болған.
Бір тайдың еті толық сыйатын ет пісіретіндіктен оны тай¬қазан деп атаған. Етті көбінесе екі құлақты ағаш астаулармен тартатын болған. Ондай астаулардың екі құлағынан екі жігіт көтеріп жүретін болған.
Бұдан сырт ағаш шелек, саба, күміс піспек, ағаш тостаған, самаурын немесе жез шәугім секілділерді пайдаланған. Бүгінгі Қытай қазақтарындағы бір ерекшелік қазақ тағамдарының көбін күнделікті тіршілікте пайдаланумен бірге "ұлттық асхана", "қазақ асхана" немесе "қазақ тағамдары рестораны" секілді ас мәзірін дайындайтын орындарда ежелгі тағамдардың көбін жасайды. Ондай тағамдарды өзіміз түгілі өзге ұлт өкілдері де сүйіп жейді.
4. Неке салты
Қазақ халқы ежелден текті халық саналады. Оның басты белгілерінің бірі неке салтынан көрінеді, араларында жеті атаға толмай ағайын ара қыз алмайды, әуелі жігіт пен қыз тұрған "екі ауылдың арасында жеті өзен болсын" деген шарт та бар, мұның барлығы ұқсас қандылардың өзара некеленуіне тыйым салудан келіп шыққан. Малшаруашылық өмірде қалып¬тасқан: "жақсы айғыр өз жатырына шаппайды" деген мәтел де соның бір мысалы. Бұхардың Абылайға: "Ей, Абылай, Абылай қатын алма қарадан..." деп басталатын жырының өзі тектілікті сақтауға қаратылған. Ежелгі хан-патшалардың өзара құдаласуы да жайдан-жай емес.
Құдаласудың өзі "қарын құда", "қарсы құда", "бесік құда", "әдеттегі құдалық" деп бірқанша түрлерге бөлініп отырған. Бұдан қалса қазақта "әмеңгерлік" деген жол бар.
Қазақтың жалпы неке салты бұл күнде өзгеше мән алғанымен Қытай қазақтарындағы бұрынғы дәстүрлердің көп түрі сақталып келеді.
Қытай қазақтарында қыз бен жігіт өзара сөз байласқаннан кейін ар жағы оны ата-аналарына немесе аға-жеңгелеріне айтады. Жігіт жағына иелік ететін ауыл ақсақалы немесе сөз білетін жанашыр туыстарының бірнешеуі (кейде жігіт әкесін де ішіне алады) жиналып қыздың үйіне барады. Қызы арқылы мұны алдын ала біліп отырған қыз жақ қыз айтты¬руға келушілерді ыстық ықыласпен қарсы алады, ақсарбас сойып қонақ етеді. Қыз айттырып келушілер жағы сөз бастап: "жас өседі, жарлы байиды, ұл ержетсе керегең кеңиді, қыз ержетсе ат байларың болады, балаларымыз өзара табысып, сөз байласқан екен, сіздерге құдалыққа келдік" деген бұйым¬тайын айтады. Ал қыз жақ: "бала мен бала мақұл болса бізде не айтар болсын" деп разылық сыңаймен аттандырады. Әрі "жауабын артынан айтамыз" деп сөз соңын кейінге қалдырады. Мұның мәнісі-бірі туыс-туғанмен ақылдасу, бірі қыздан істің анық-қанығын сұрап қайтадан қадағалауға қаратылған.
Қыз жақтың разылығын алған жігіт жақ енді оларды "құдалық қонағына" шақырады. Бұл бір жағынан "құданың от жаққан жерін көру", бір жағынан "құда болып, құйрық-бауыр жесіп" келісімге келу мазмұнында жүріледі. Жігіт жақтың өтініші бойынша құдалық қонағына кем дегенде 5-6 адам, көп болғанда 15-20 адам барады. Жігіт жақ қыз жақты ақсарбас айтып сойып үлкен дайындықпен қарсы алады. Күнімен-түнімен аяғынан тік тұрып күтеді. Бұл бір жағынан шағын той сияқты өтеді, ән шырқалып, би биленеді. Құда-құдағилар, құдаша-құда балалар өлеңмен айтысып қонағасын одан ары қыздырады, көп жағдайда бұл күні қыз жағы жігіт жағына қонып аттанады. Бір қызығы, қарсы алған құдалар жағы келген қонақтарды ұйықтатпай, таң атқанша күтуге тырысады, таңертең ұйықтамаған қалпы аттанып жататын жайттар көп кездеседі. Қонақтар аттанар алдында құдаларға алдын-ала дайындалған сый-сияпат ұсынылады, бұл негізінде бұрынғы дәстүріміздегі "қалың малдың" өтеуі ретінде жүріледі, бас құда (қыздың әкесіне ат немесе атаннан тартып аяғына құнан-тай делініп, малдан жетек жетектетіледі. Шынжаң қазақтарында 30 жетекке дейін жетектететіндер бар, жетектен қалса мотоцикл, теледидар, магнитофон, кілем секілді әр алуан дүниелер ұсынылады, қыздың үйіне арнап арнайы ақша және "ақтық" салады. "Ақтық" өлгендер парызы есептеледі.
Қазақтардың "бай мен байдың арасына жорға жүреді, кедей мен кедей арасына дорба жүреді" деуі осындайда айтылса керек. Себебі әлгіндей "құдалық қонағында" қанша нәрсе беруді жігіт жақтың ауқаты шешеді, кейде қыз жақтың қатаң талабынан кедей жігіттің үй-іші келін аламыз деп қарызға белшесінен бататын жағдайлар кездеседі.
"Құдалық қонағынан" кейінгі өтелетін салттың бірі "үкі тағу" немесе "сырға салу" деп аталады. Бұл жігіттің шешесі немесе жеңгелерінің қыздың ауылына алғашқы сапары есептеледі. Мұндайда жайдан-жай бара алмайды. Ат немесе құнан жетектеп, қызға арнап алтын сырға алып барады. Мұның мәнісі бір жағынан "қыз бұдан кейін біздікі,оған бөгде ешкім тиіспесін" деп жігіт анасының қыздың баскиі¬міне үкі қадап, құлағына сырға салу ырымына қаратылған.
Үкі тағып, сырға салынғаннан кейін екі жақ тойдың қамына кіріседі. Мұнда көбінесе қыз жақтың тойға соятын малы мен басқа да шығындарын жігіт жақ дайындайды.
Той дайындығы біткен соң алдымен қыз жағы "қыз ұзату тойын" жасайды. Жігіт жақ өздері дайындаған отау жүгін машинаға тиеп той жасаудан бір күн бұрын немесе той жаса¬лып жатқан кезде бір топ болып тойға келеді. Күйеу бала қызды алып қайтуға осы көппен бірге келеді. Қыз ауылын¬дағы келіншектер жүктің алдына шығып арқан кереді. Онан соң жүк шешеді. Мұның бәрі де кәдемен атқарылады.
Қыз жақтың тойы аяқталған соң, енді тойға келуші жігіт жақ (көбінесе жеңгелері) келінді алып қайту қамына кіріседі де қыздың басына жаулық салады. Қыз босағамен, ата-анасымен, аға-бауыр, әпеке-сіңлісімен қоштасып "сыңсыма" және "көріс" айтады. Көрісіп болған соң қыздың жеңгелері мен жезделері қызды қолтығынан сүйеп аттандырады. Өз босағасынан сыртқа шығып бара жатқан қыз артына қайырылып қарамауы керек. Ол жаман ырым есептеледі. "Келін келеді" деген күні немесе соның ертеңі жігіт жақ тойды бастайды. Жас келін той басталар кезге үлгіріп келуі керек. Келін босаға аттар алдында "беташар" айтылады. Той басқа¬рушы, пысық жігіт беташар жырымен келіннің бетін ашады. Жігіт шешесі алдынан шығып, бетінен сүйеді, "бақытты болсын" айтады. Келінге шашу шашады. Кейбір жерлерде босаға аттаған келін алдымен ошаққа май салады.
"Беташардың" айтылуы тойдың басталуы есептеледі, қызды ұзатушы топ ішінде қыз шешесі де болады. Қызды ұзата келгендер де құр қол келмейді, жігіт жақ құдаларға арнап "кит" аталатын сый-сияпат ала келеді, қызымызға деп мінер ат, сауын сиыр сыйлайтын салт та бар.
Ауылды жерлерде той үлкен салтанатпен өтеді. Шамасы келгендер ат шаптырып, бәйгеден келген жүйріктерге жүлде таратады. Балуан түсіріп, қыз қуар, теңге ілу, көкпар тарту ойындарын жасайды.
Той аяқталғанның ертесіндегі таңғы шайды жаңа келін құйады. Екі жақтың үлкендері ақ батасын арнайды, қызды әкеліп тастаушы шешесіне сүт ақысы деп бір ат немесе сиыр жетелетеді. Екі жақ "күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық" деп берекемен тарқасады.
Әр жердің салт-дәстүрлеріне сай жоғарыдағы некелесу салтының өзге де үлгілері кездеседі. Күн сайын жаңаланып жатқан мәдени өмірімізге сай екі жақ бірігіп тек кафе, ресторандарда ортақ той өткізу жағдайы да көбейіп келеді.
Отбасылық өмір
Отбасылық өмірде Қытай қазақтарында қазақтың ежелгі салт-санасы мен дәстүрлері біршама молырақ сақталған, үй ішінде ер мен әйел бірін-бірі ерекше сыйлауы керек. Әсіресе, үлкендер әйелдердің бойында "мұсылман әйеліне тән" қасиеттердің болуын шарт етеді. Отбасының берекесі әйел болғандықтан "ерді ер ететін де, жер ететін де әйел" деп қарай¬ды. Әйел еркектің бетінен алмауы керек, жалаңбас жүрмеуі керек, денесін толық жауып жүретін көйлек киіп жүруі шарт деп қаралады. Ал арақ ішіп, темекі тарту мұсылман әйелдеріне мүлдем жат құбылыс саналады.
Әйелдер үлкендердің алдынан кесе өтпейді, әуелі келіндер үйге кіргенде алдымен кірсе, шыққанда артымен шығатын салт болған. 1980 жылдар шамасы Қытайдың Көктоғай ауда¬нында тұрып жатқан белгілі ақын, өнер қайраткері Қалибек Манапұлы әйгілі ғұлама, ақын Ақытқажы Үлімжіұлының суретін салып, оны Ақыттың ұлы Қазездің үйіне апарып, төр алдына іледі, сыртқы күйбеңде жүріп үйге кірген Қазез шалдың бәйбішесі (Ақыттың келіні) үйге кіріп келіп, суретті көріп көзіне жас алып, тәжім етеді, әрі: "жарықтықтың алдында алдымызбен кіріп, артымызбен шығушы едік" деп үйден шегініп шығып кетеді.
Қытай қазақтарында әке мен бала арасындағы қарым-қатынас та біршама жақсы сақталған, бала болған адам әке-шешесінің бетінен алмауы керек. Оны үнемі сыйлап жүруі қажет. Ал әке-шешесі оларды ат жалын тартып мінгенше (бүгінгі күннің есебімен 18 жасқа дейін) бағып-қағуы қажет. Ал одан асқан соң ол азамат болғандықтан өз күнін өзі көреді, еңбек етіп, нан табуы тиіс деп қаралады.
Қытай ұлтының еңбеккерлігінен үйренген ондағы қазақ¬тар балаларын жастайынан еңбекке баулуды парыз санайды. Ауылды жерлерде мал бағу, егін салу, сауда-саттық тектес алуан жұмыстарда балалар үлкендерге жәрдемші болады, ұлдар әкесіне ілесіп, қыздар шешесіне еліктеп еңбек етуді ата жолы санайды. Сол үшін де халқымыз "ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" деген аталы сөз қалдырған. Осымен қатар бізде: "әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без" деген мәтел бар. Бұлар ұл әкесінің ақылын тыңдап еңбекқор болып өссе, қыз ананың ақ сүтін ақтап инабатты болып өссін деген ақ тілектен туған тамаша қасиеттер.
Қытайдағы қыз-жігіттер әке-шешесінің алдында албаты сөйлеуді, арақ ішіп, темекі тартуды өздеріне үлкен мін санай¬ды. Інісі ағасын, сіңілісі әпекесін тыңдағанды жөн санайды.
Соңғы жылдары Қытай ұлттарында сақталған беттен алатын безбүйректік, "әйелдер еркекпен теңбіз" дейтін коммунистік азғырулар салдарынан қазақ салтына немқұрайлы қарайтын жаман әдеттер пайда болды, әсіресе, неге болса да тез еліктей жөнелетін қыз-келіншектер жағы қазақы таза ғұрып пен мұсылмандықтан шеттеп, өзге ұлттың озық жағынан гөрі тозық жағын қабылдауға бой ұра бастады, бұл олар үшін аса қауіпті індет.
Әдет-ғұрыптары
Қазақ ұлты, мейлі кім болсын, қонақтарын "құдайдай күтіп", мал сойып қызу қарсы алады. Абыройлы қонақтар келгенде ауыл болып жиналып, "көк қасқа тай", "ақсарбас қой" сойып күтеді. Малы жоқтары барын аямайды, өздері жемей сақтаған қымбатты тағамдарын меймандарының алдына қояды. Ал жатарда: "қонақты қондырма, қондырған¬соң тоңдырма",- деп ең жақсы көрпе-тондарын соларға жабады, аттарын отқа қояды. Бұларға жамбас ақы тілемейді. Кетерінде хош айтып, қолтығынан алып аттандырып салады. Тіпті, қазақтардың тары-талқан жеп отыратын тақыр кедейлері де қонақтарын ренжітіп көрген емес. Бұл ғадеттер әлі де бар. Қазақтың дәстүрлі де, даңқты осы ұлттық салты жөнінде шетелдік бір саяхатшының: "егер экватор сызығын бойлап ылғи қазақ ауылдары қонып отырған болса, мен жер шарын бір тиын ақша жұмсамай айналып шыққан болар едім"- деген сөзі өте дәл айтылған.
Жер бетіндегі қазақтар ішінде "кең қолтық керей" атанып осы қонақжайлықты күні бүгінге дейін сақтап отырғандар Қытайдың Алтай аймағы мен Монғолияның Баян-Өлгий, Қобда аймақтарынан көбірек кездеседі, мүбәдә жолыңыз түсіп сондай үйдің біріне түсе қалсаңыз, олар сіздің кім екеніңізді сұрап жатпай-ақ ақсарбас ала жүгіреді. Үйіне қонақ түскеніне мәз болса, қонақты разы етіп аттандырып салғанына екі мәз болады.
Қазақтар тамақтың алды-артында қол жуып бата жасайды. Тамақтану үстінде көп сөйлемейді, ренжімейді. Қақырынып-түкірінбейді, құлақ-мұрынын шұқымайды.
Ырымы жасалып кесілген басты үй иесіне, құлағын баласына ұсынады. Табақ келіндерге қайтарылады. Келіндер сәлем етіп қабылдайды. Әңгіме-кеңес тамақ артынан шертіледі.
Түнде сақал-мұртын, шаш-тырнақ алмайды. Шаш-тыр¬нақ¬тарын күн ашық күні, ас- тамақ, ішіп-жем, ыдыс-аяқ, орын-көрпеден аулақ жерде алып, өртеп жібереді немесе көміп тастайды.
Көп санды қазақтар жұма күні кір жумайды, сейсенбі күні жолаушы шықпайды.
Қазақ әйелдері алғашқы жаңбыр жауып, күн күркіреген күні: "сүт көп, көмір аз",- деп белдеу айлана бір шөміш сүт шашып шығады. Мұнысы табиғаттан құлшылық тілегені болса керек. Сыпыртқымен бала ұрмайды, оның "әр талында бірден шайтан тұрады",- деп есептеп, сібірткімен бала ұрғандарды өте жек көрген. Бұл ғадет олардың аурулардан сақтанып, тазалықты қастерлейтіндігін, әсіресе, балалар денсаулығына өте көңіл бөлетіндігін көрсетеді.
Қазақ малшылары таң сәріден тұрып, тамақтанып малын өрістетіп, кешке дейін мал соңында болады. Кеште мал сауып, малдарын қоралайды. Мұны "ел орынға отырған уақыт" деп атайды. Кешкі ас-суларын ішкен соң, қора (қотан деп те атайды) шетіне қарақшы тігіп күзет қойып барып ұйқыға жатады. Шопандар жаз мезгілі түстерде қойды қорада жуса¬тады. Ал, күздің қысқарған күз мезгіліндегі түстерде қойды қораға әкелмейді. Мұндайда олардың түскі қорегі - "қорықтық" болады. "Қорықтық" дегеніміз-үлкен ағаш саптаяққа (қойшылар мұны қанжығаға байлап жүреді) екі-үш кесек, қатты қыздырылған ақ тасты салып пысырған қой-ешкі сүті.
Түндерде дала және киіз үй ішінде жағылған оттарды сөндіріп, немесе көміп барып жатады. Мал күзетіндегілер кештерде "Бастаңғы" жасап ән айтып, "Алтыбақан" теуіп сауық құрған күндері болмаса, бет алды от жақпайды. Сөйтіп олар тек өз қоралары ғана емес, айнала төңіректің өрт апатының кетіп қалмауынан ежелден сақсынып отырған.
Шынжаң қазақтары адамдар ара бауырмалдық, ар-ұят деген¬дерді де басты орынға қояды. Күнкөріс нашар жанұя¬ларға аудан, ауыл, туыс-туған болып көмектесіп, оның "тор¬қалы той мен топырақты өлімін" бірге көтеріседі. Қытай қазақтарының ішінен "қайыршы, тілемші" атауын естімейсіз әрі көрмейсіз. Адамдар ара шындықты айту өте жоғары орында тұрады. Өтірік айту, ұрлық істеу - кешірілмес күнә саналады. Біреу уағдасына жете алмаса басқалар оған "ұят болады" десе, бұл үлкен мін саналады. "Ұят" атты бір ауыз сөз-ақ талай жанды көрге сүйрейді.
Қазақ жаралмыштан ауыл үйге лаң салатын барлық қылмыскерлерді жек көріп оларға қарғыс жаудырып келген. Осылардың ішінде, әсіресе өз күшіне сүйеніп жан бақпай¬тын, адал қауымның қан-терін сүліктей соратын- ұры, қиянатшы, өтірікші, зинақор, арсыз-намыссыз, содыр-сой-қандарды тіпті де жек көрген. Оларда адамгершілік, махаббат, достық, талап-талант атаулы болмайды деп есептеген.
Қазақ ауылдары әлмисақтан қазірге дейін көрші қонған елге "ерулік", көшетін елге "қонақасы" берсе, ал, шаршап-шалдығып көшіп келе жатқан елге арнаулы адамдар жол сусынын ұсынып келген. Қазақтың ежелден келе жатқан береке-бірлігінің бейнесі сияқты бұл ғадет қазірде жалғасып келеді(101).
Шынжаң қазақтарының көшпелі тұрмысының әлі аяқталмауына байланысты ежелгі әдет-ғұрыптарымыздың көбі қаз-қалпында сақталуда. Кейде Алматы қаласындағы қазақ мемлекеттік Орталық мұражайын аралап жүріп, қазақтың малшаруашылығына байланысты әртүрлі жәдігерлерінің Шынжаңда әлі күнге қолданылып жүргенін байқаймыз, содан Шынжаңды "қазақ этнографиясының тірі мұражайы" дегіміз келеді.
Десе де, жер бетіндегі соңғы қазақ керуенінің де доғарылар күні таяу екенін ойлағанда өшкіндеп бара жатқан бабалар ізіне батқан күнге қарағандай мұңая көз тігеміз.
Торқалы той, топырақты өлім
Қазақ халқының бүкіл өмірі той-думанмен өтеді. Адам өмірге келгеннен о дүние құшағына аттанғанға дейінгі тұтас бір өмірінің тойсыз өтетін сәттері аз болса керек.
Шілдехана, жарыс қазан, ат қою салты, ат тергеу, сүйін¬ші, ит көйлек, бесікке салу, тыштыма, қырқынан шығу (қа¬рын шаш), тұсау кесу, байғазы, атқа мінгізу, сүндетке отыр¬ғызу, баланы оқыту, құдалық, қарғы бау, құдаласу, ұрын бару, жыртыс той, қоржын той, қыз танысу, қыз ұзату тойы, келін түсіру тойы, әмеңгерлік, аужар, беташар, көрімдік, өлі-тірі, отау той секілді дәстүрлердің көбі тоймен өтеді.
Соның ішінде Шынжаң қазақтарында баланың өмірге келгеннен кейінгі барлық салттары қазақ дәстүріне сай атқа¬рылып келеді. Шілдехана, ат қою, бесікке салу, қырқы¬нан шығару, тұсау кесу салттары дерлік шағын той түрінде өтеді.
Қытай қазақтарының балаға ат қою дәстүрі заман ауқы¬мына қарай әр мезгілде әртүрлі болып отырған. ХVІІІ-ХІХ ғасыр¬ларда ислам дінінің ықпалындағы аттар көбірек қабылданса, ХХ ғасырға келгенде "хан", "бек" жалғанған аттар көбірек қойылатын еді. Хан, бек қосымшасының жалғануы ерте заман¬нан келе жатқан дәстүр болса да, қазақ хандықтарынан кейін біршама кең қолданысқа енген. Әсіресе, Қытай, Монғолия қазақтарының қазақ хандығының аумағынан алыстап Қытай хандықтарына бағынышты болған дәуірінде қазақ хандарының ұрпағын төрелікке әкелуімен "хан" қо¬сым¬шасы тіпті де көп жалғанатын болған. Атап айтқанда "қиыр қонып, шет жайласақ та қазақ хандығына бағыныш-тымыз" дейтін ішкі арман-тілегінің бейнеленуі еді. Мысалы: сол тұстағы белгілі адамдардың атын айтар болсақ, Қасымхан, Жеңісхан, Сейілхан, Шәріпхан, Есімхан, Дәлелхан, Бөкейхан секілділер.
Соңғы кездері "сүндетке отырғызу" үлкен той түрінде атқа¬рылып келеді. Қытайдағы жоспарлы туу саясаты бо¬йынша әр отбасында 2-3 баладан артық бала болмайтын¬дық¬тан олар баланың бес жасқа шыққан мезгілін үлкен белес санайды. Ал қыз баласы ғана барлар сүндет тойдың орнына "сырға салу" тойын жасап, сүндет той жасаушыларға кеткен қарымжысын қайтарып алады.
Кейінгі кезде Шынжаң қазақтарында "оқуға аттану тойы", "қоныс тойы" деген тойларда өткізілетін болды. Оқуға аттану тойы-баласы университетке түсетін болғанда немесе шетелге оқуға аттанса жасайтын алысқа аттандыру, ақ жол тілеу тойы, Қоныс тойы - жаңадан үй салып кірерде немесе жаңа отауға арнап үй салып соның босағасын аттарда жасалатын шаңырақ тойы. Қыз бен жігіттің некеленуі төңірегіндегі тойлар да белгілі салтанатпен өтеді.
Өлім-жітім салты
Қазақ "Ажалдан қашып құтылмақ жоқ", "Қарыс жерден қаза бар", "Тумақ - сүннет, өлмек - парыз" деп қарайды. Ажал діни жолмен айтқанда, Алла тағаланың пенденің маңдайына жазған дәмінің таусылуы. Күллі адам одан қашып құтыла алмайды. Ал, өлген адамның соңғы парызын өтеу, яғни бақиға аттандыру тірілерге сын.
ҚХР қазақтарында көбінесе ислам шарттары негізге алынып, жергілікті әдет-ғұрып, ырым-жосындар да бірге жүреді. Онымен қоса ежелгі шамандық діннің кейбір жорал¬ғылары да ілесіп келген. Ескерте кетер жәйт - Қытай қазақта¬ры¬ның өлім шығару салты өзге елдердегі қандастарымыздағы үрдістермен ұқсас, бәлкім, басқаша шығар. Оны оқырман өзі пайымдар. Жалпылай алғанда бұл жоралғы төмендегідей ретпен жүргізіледі.
Адам қатты қиналып ауырғанда, ажал қаупі төнгенде оның басында отырған адам немесе өзі "Лә иләәх илаах Мұхаммед Расулаллах" деп әлденеше рет қайталап, "иман" айтады. Бұл "Бір Алладан басқа жаратушы жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі" деген мағынадағы сөз. Адамның ажалға қарсылығы¬ның жоқ екенін айтып, өлімнің иманды болып, ұжымаққа баруы үшін тілеген дұға іспетті.
Алдымен қайтыс болған марқұмның көзін уқалап, жауып аузын жұмдырады. Ақтық бұлмен иегін төмен түсірмеу үшін төбесінен орай таңады. Қол - аяғын бесікке бөлеген балаша, жазады.
Марқұмның барлық жақын-туыстарына, жанашыр дос-жарандарына "хабар" айтылады. Хабар айтуды жақын туыстарына ат үсті немесе төтелей айта салмайды. Ауыл ақсақалдары бас қоса барып, жұбату сөздерімен жеткізеді.
Мәйіт үйдің оң жағына жатқызылады. Жатқызылмас бұрын мәйіттің астынан 20-30 см. тереңдікте, ені 40-50 см. адам бойымен деңгейлес шағын ұра қазылып, таза тақтай төселеді. Оның үстіне ақыреттік бұл (мата) жайылады. Өліктің беті (жүзі) құбылаға қаратылады. Тұсына шымылдық құрылады. Сүйек ұстайтын молла немесе ауыл ақсақалы киімін шешіндіріп алады да, үстіне денесімен бірдей таза ақ бұл жабады. Онан кейін "құйындыру" немесе "дене дәретін" алдыру жоралғысы бойынша қолының басынан бастап жуылып, аузын шайқап "дәрет алу" рәсмиятын өтейді. Оң иығынан бастап, бүкіл денесі сабынды, таза сумен кемінде үш рет қайталай жуылады. Оған көбінесе 3-4 адам араласады. Бірі басын, екіншісі белін, үшіншісі аяқ жағын жуады. Бір адам құман ұстап су құйып тұрады. Мұны әдетте "басына түскен, беліне түскен, аяғына түскен" деп атайды. Қаза болушы әйел адам болғанда жоғарыдағы жоралғы әйелдер жағынан атқарылады. Мұнда да иманы бар, намаз оқитын, таза жүретін, ауылдың салиқалы бәйбішелері таңдалады.
Әдетте қайтыс болған адамның қазан толмасының үстін, жүрек тұсын, жамбы тектес бағалы ауыр металмен не таспен бастырып қоятын жәйт те болады. Бұл адамның ішінің кеппеуі үшін, бір жағынан ыстық кезде салқындық үшін қажет. "Кеудеңді қара тас бассын" дейтін қарғыс осыған қаратылған.
Кей жерде жоғарыдағы бір "құйындыру" мен жұмысты тәмамдаса, кей жерде шығарарда және де "шығару дәреті" немесе "ақырет дәреті" делініп тағы да жуындырылады.
Ақырет киімін, яғни кебінді молда немесе жөн-жоралғы білетін ауыл ақсақалының бірі дайындайды. Ер адамның ақырет киімі үш қабат болады. Әуелі таза, ақ бұл(мата) жейде ретінде басынан мойын шығара кигізіп, мөлшеріне дейін ұзындықта өлшеніп жасалады. Онан соң сыртынан екі қабат, басынан бір қарыс, аяғынан бір қарыс артылта орайды. Орау барысында бүйі, шаян, тышқан қатарлы ұсақ жәндіктердің зақымдап бүлдірмеуі үшін қалампыр тектес иісті дәрі-дәрмек себіліп, бірге оралады. Әйелдердің ақырет киімі бес қабат болады. Әуелі басына жаулық ретінде бір, алжапқыш ретінде тағы бір қабат тізесіне дейін оралады. Үшінші ішкі көйлек ретінде қызыл асығына түсерліктей бір қабат, сыртынан ерлер¬дікіне ұқсас екі қабат оралады. Орап болған соң, басын¬дағы артылған бір қарыс бөлектен, мәйіттің ортан белінен, аяққы артылған бөлектен үш жерден буады. Бұл рәсім "құ¬йын¬дыру", "киіндіру", "арулау" деп әртүрде айтыла береді.
Мәйіті жуылып, кебінге оралған соң енді "иман киіз" дайындалады. Әдемілеп басқан, жұқа, таза, ақ киізден адам¬ның бойынан 2-3 қарыс артық, екі орауға жетерліктей өлшеніп алынады. Осы ақ киізбен мәйітті қаусыра екі қабат орайды. Сыртынан ақ құрмен орап байлайды. Мәйіттің үстіне, (бетіне) кілем жабады. Мәйіт көбінесе үйде бір түне¬тіліп шығарылады. Алыстан келетін туыстарын күтіп, 2-3 күн еру болатын кезі де болады.
Мәйітті үйден шығарарда, кейде сыртта тақыл (соңғы иман) оқылады. Діни нанымда қайтыс болған адамның құлағы үш күнге дейін ашық жатады, сөзді естиді, бірақ сөйлей алмайды деп қарайды.
Мәйітті үйден бірнеше адам алып шығады. (Екі жақ жанынан жағалай көтереді). Алып шыға сала молда "Асса¬латты жаназа" (жаназаға келіңіздер!) деп үш рет айғай салады. Алдын ала хабарланған жамағат жаназаға топтасады. Жаназа мешіт барда мешітке, жоқ жерде үй маңында, таза жерде оқылады. Жаназаға қатарынан тізілушілердің алдында молда тұрады. Мәйіт шалқасынан жатқызылып, оң иығы құбылаға қаратылады.
Жаназа оқу - өлген адамның басына оқитын намаз, өлгенге иман тілеу, тірілердің өліге жаназасын білдіріп, қоштасу қатар¬лы мазмұндарды қамтиды. Марқұмның тірі күніндегі артық-кем істерінен кешірім сұралады. Біреуден алған қарызы болса сұрап артындағы мұрагерлері мен жақындары жағынан қайтарылып беріледі. Молда: "Марқұм қандай адам еді?" дейді. Жамағат бір ауыздан "жақсы адам еді" деп үн қатысады.
Қабір шығыс оңтүстіктен батыс солтүстік бағытта қазы¬лады. Қабір көбінесе "тік ақым" және "жан ақым" деген екі түрде болады. Тік ақым тік бұрышталып қазылып, бетін ағаш, цементпен тегіс жабады. Ал, жан ақым болғанда бір жарым метр тереңдікке жете бере бір жақ жанынан адам жатарлық қана орын қазып, қазылмаған екінші жағынан мәйіт жатқан үстіңгі жиегіне көлбете ағаш, цемент тақта жабады. Қабірді көбінесе төрт адам қазады. Мұның өзі сауап іс саналады. Қабіршілер қабірді мәйітті әкелуден бұрын дайын¬дап болады. Ең алғашқы қазылған топырақ бөлек алынып қойып, ол мәйіттің басына жастық ретінде төселеді. Бұл бір жағынан ақыреттік таразыда жақсылығы үшін тастаған тірілердің куәсі саналады.
Мәйітті қабірге ала жөнелгенде әйелдер көрісу айтып қоштасады. Бұл соңғы қоштасу болып есептеледі.
Табылған көлік жағдайымен мәйіт қабір басына жеткізі¬леді. Қабірдің ішіне екі адам түсіп, үстінен берілген мәйітті ептеп түсіреді. Иман киізін алып, ақырет киімімен оң жақ жам¬ба¬сын жерге тигізіп, жарым шалқалатып, арқасын шығыс¬қа, басын батыс солтүстікке, жүзін құбылаға қаратып қояды.
Мәйітті жерлеген соң беті жабылып, жиылған жамағат топырақ салады. Көбінде қабір басына барушылар кезек алмасып, барлығы да топырақ салады. Топырақ салынып бола салысымен, молда құран сүрелерін оқиды. Онан соң қабір басындағылар өлім шыққан үйге қайта оралып, марқұмға арнап құран сүрелерін оқысады.
Жеті күн болғанда жетілік нәзір, қырық күн болғанда қырқы (нәзірі) беріледі. Жыл толғанда ас беріледі.
Ұлтта жоқ ұнамсыз салт-дәстүрлер
Қытайдағы қазақтарда қалыптаса бастаған ұнамсыз іс-әре¬кеттер мен салттар төңірегінде сөз қозғайтын "Ұлт қамы - ұлағатты іс" кітабы біраз әңгіменің бетін ашып береді. Ең әуелі қазақтар жиі қоныстанған Іле қазақ автономиялы облысының жағдайына келсек, онда былай делінген:
"Іле облысы әлі кедей, артта қалған районға жатады. Облысымызға төте қарасты аудан, қалада 150 мыңға жуық кедей жан саны болып, 2003 жылы бүкіл облыс бойынша егінші-малшылардың жан басындық орташа кірісі 3020 юан, облыстық төте қарасты орындардікі 2683 юан, кейбір ауыл¬дар-дың жан басындық кірісі не бәрі мың юан айнала¬сында болып, ішкі өлкелермен салыстарғанда парық өте зор болған"(102). Ендеше мәселенің мәні неде?
Кітапта келтірген кейбір дерек көздерін пайдалана отырып, істің анық-қанығына көз жіберіп көрейік.
Бірінші, некелену төңірегіндегі даулы мәселелер немесе одан туған нашар салт-дәстүрлер.
Қытайдағы қазақ жастарының некелену жағдайындағы қалыңмал мәселесі олардың жілік майын үзуге айналған ең үлкен апаттың бірі екен. Аталған кітаптың айтуынша Іленің белгілі бір ауданындағы біреу қашып келген қыздың ат-шапан айыбына 60 қой, 5 сиыр, 20 мың юан ақша берсе, тағы біреу қашып келген қыздың айыбы үшін құдаларына 35 ірі қара, 25 мың юан ақша берген. Енді біреудің қалың мал үшін берген ақшасы 80 мың юаннан асқан. Алайда, бұл қолында дәулеті бар адамдардың ғана қолынан келетін жұмыс. Осындай қалыңмал алған құданың тағы бір бақталасы өз құдасынан да осындай көп қалыңмал сұрайтын болған. Оны қарсы жағының қалтасы көтере ме, жоқ па, онымен ешкім санаспайды. Осылайша қазақтар бірін-бірі "мәдени жолмен тонауға" кіріскен. Тіпті кейбіреулер қолындағы малын беріп құтылғанымен қоймай, егістік жеріне дейін беріп, үрерге иті, сығарға биті жоқ мүсәпір күйге түскен. Бұдан да масқарасы қыз-жігіт некеленген соң қыздың төркін жағындағы қыз-бозбала жиналып жас отауға "хал сұрай баратын" дәстүр пайда болған. Бұл оларды соңғы рет "шабумен" бірдей ішіп-жеудің сылтауы ғана екен. Қалыңмалдың мейлінше өршуінен бе, әлде жастардың жалаң еліктегіш әсершілдігінен бе соңғы кездері қыз алып қашу дәстүрге айналған. Бұл үрдіс Іле өңірінде 95 пайызға дейін жеткен. Қызды алып қашқанменде бәрі бір айып тартады екен. Қалың мал берсін немесе ат-шапан айыбын төлесін жігіттер келіншегіне; "Мен сені сатып алғанмын. Немесе, сенің кеселіңнен кедей болып қалдым" деп ұрыс-керіс шығарып, отбасы бірлігін бұзатын жағдайларды жүз берген. Осы секілді әр түрлі себептер салдарынан кейбір қара көз қазақ қыздары Қытайларға қашып кететін болған. Алтайдың Қаба ауданында 20 неше қазақ қызы қытайларға күйеуге шыққан. Мұнанда сорақысы кейбіреуі түнгі көбелектерге айналып, қытай шалдарының ермегіне айналған. Әйел алып кедей болған немесе қалыңмал төлей алмаған кейбір қазақ жастары өздерін арақ-шараппен жұбатып, ішімдікке салын¬ған. Жоғарыдағылармен қабаттасқан тағы бір жағдай қытай¬дың жоспарлы туыт қызметі болып, оның мәнін толық түсіне алмаған қазақ келіндері туудан шектелеміз деп дәрі-дәрмекті беталды пайдалануы себепті немесе мезгілсіз түсік түсіртуден денсаулығынан айрылған.
Екінші, жұмыссыздық тудырған жүгенсіздіктер.
Жастардың жоғары оқу орындарына түсе алмауы немесе оқуға түсіп тұрса да ақша төлеуге шамасы келмеуі, универ¬ситет тауысса да жұмысқа орналаса алмауы оларды тығы¬рыққа тіреді. Осы себепті арақ ішу, ұрлық жасау секілді жаман әдеттер қалыптаса бастаған. Аудан орталықтары мен ауылдарға дейін жалпыласқан түнгі клубтар мұндай бассыз¬дықтардың ұясы болған. Бұл туралы аталған кітаптың 61-бетінде тілшінің келтірген деректерінде былай делінеді: "Қазір ауыл-қыстақтарда жастардың, әсіресе, азамат жасына толма¬ғандардың арақ ішу жәйті өрши түскен. Кейбіреулері арақ ішіп, ұрлық істеп түрмеге түскен. Тоғызтарау ауданының түрме¬сінде жатқан қазақ жастарының арасынан арақ ішіп алып 35 юан ақша ұрлаймын деп қолға түскен 17 жастағы бір қылмыскерді жолықтырдық. Ал, қалған алтауынан сұрасақ барлығы ұрлық қылмысымен түрмеге түскен. Тексеру бары¬сында біз қыстақтардағы таңсаханардың (түнгі клубтардың) белгілі тәртіп түзімдерінің, кемелді расмиятта¬рының жоқтығын, тек бір жекенің ақша табу ниетімен ашқандығын, осыдан барып оның жастардың ойнақ сала¬тын, арақ ішетін, ойына келгенін істейтін орынға айналып қалғанын сездік..."
Түнгі клубтар арақ ішіп, ұрлық жасауға орай тудырып қана қалмастан, кәмелетке толмаған қыздардың жыныстық байланысқа түсуіне немесе неке жасына толмай жігітпен қашып кетуіне де мұрындық болатын көрінеді. Сөйтіп, бір бөлім қазақ жастары масаңдықпен есеңгіреп көзсіз көбелектің күйін кешуде.
Үшінші, той-томалақ, өлім-жітімдегі бәсекелестік. Қолы жеткендер торқалы той мен топырақты өлімді ел алдында бет-бедел жинаудың бір түрлі жолы білген. Сол үшінде қолындағы ақшасын судай шашатын ысырапшылдық кеңінен орын алған. Тойды былай қойғанда өлік шыққан күні ас тарату, жетілігі, қырқы, жылдығы немесе қайтыс болған кісінің бәленбай жылдығына ас беру секілді әдет-ғұрыпттар кеңінен жалпыласқан. Ұлға сүндет той жасаса, қызға сырға салу тойы дейтін шыққан. Мейлі той, мейлі өлімдегі осындай бей-берекет ішіп-жеу екінші жағынан бәсекелестік күйге ауысқан. Сөйтіп, "бәленшеңнен біздің қай жеріміз кем" дейтін қазақы даңғазалықпен біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіредінің кебін киіп жүргендер де аз емес екен.
Төртінші, ұлттық салт-сананың кемеюі мен дінге құрмет¬сіздік. 1966-1976 жылдары жүргізілген "мәдениет төңкерісі" қазақ ұлтының көп асыл қасиеттерін келмеске кетірді. 1980 жылдардан кейін ел еңсесін көтере бастаған еді. Нарықтық экономика мен табиғи ассимиляация санасы сарпалдаңға түскен халыққа мысық табандап жетті. Жай жеткен жоқ, желкесін қиюға харекет жасады. Оның қарапайым мысалда¬рын айтар болсақ, әйелді әлемнің қожасы санайтын комму¬нистік идеяның көбігіне семіргендер отбасы ішіндегі қайшы¬лықтарға мұрындық болды. Қытай ұлтының ұлттық дәстүріне жақын-әрекеттер қазақ жастарына көптен жұға бастады. Қазақ жігіттері тамақ істеп, кір жуу, үй тазалау секілді ұсақ жұмыс¬тарға бейімделе түсті. Әйелі ерінен, баласы әкесінен үстем тұратын идеяның итермелеуімен келіндер ата-енесінің бетінен алатын безбүйректіктер қалыптасты. Киім киюі мен жүріс-тұрысы қытайлардан аумайтын, жүрегінде ізгілігі, аузында иманы жоқ, аты қазақ заты басқа жас буын өсіп келе жатыр. Керек десеңіз оның көбі сәлем беруді білмейді. Мұсылман¬дықтың ауылынан алыс жүргендіктен олардың бәрі "даныш-пан". Оларға қазақ болу намыс та, қытайша жасау бақыт болып елестейді. Ораза ұстап, намаз оқитын адамдар¬дың күн санап азаюы, діндік наным мен қазақы салт-сананың кө¬лең¬кеге көміле бастауы, жаңашыл жастардың көбеюі ұлты¬мызда жоқ көптеген ұнамсыздықтарды ала келді. О.Бөкеевтің сөзімен айтқанда "қауіпті будан" төбесін көрсетті.
Ескерте кетерлік бір жәйт, аталған кемістіктермен келең¬сіздіктер жалпылық деген ұғымды бермейді. Бірақ, бүгінгі Шынжаңда жасап жатқан жас қазақтардың жанынан табыла бастағаны жасырын емес. Бұл жәй ғана әсер етіп қалмастан ата-бабаларымыздан жалғанған аппақ арымызды кірлетіп, салт-дәстүрімізге салқындық әкелетін жұғымтал індет болып саналады.
МЕРЕКЕ-МЕЙРАМДАРЫ
Наурыз мейрамы
Наурыз-қазақ халқының жаңа жылы. Парсы тілінде нау-жаңа, роз-күн деген сөз. Бұл екі сөз қосылып "жаңа күн" яғни "жаңа жыл" деген үғымды білдіреді. Қазақ халқы уақыт есептеуде бағзы заманнан бері байырғы дәстүрге айналған 12 жылдық мүшелдік календарды қолданды. Осы мүшел жылының басын күн мен түннің көктемдегі теңелуінен (күн тоғысуынан) бастап, осы күнді (22-наурызды) "Ұлыс күні" немесе "Наурыз" деп атады(103).
Қытай қазақтары көне жыл есебі бойынша ақпан айының 20-күні Наурыз өткізеді. Ал кейбір ауқатты отбасылары өздерінің байлығын көрсету үшін, көктем келудің алдында бір рет, көктемнен кейін тағы бір рет наурыз өткізеді. "Наурыз мейрамы" әдетте екі апта айналасында болады. Кей¬де 15 күн, 9 күн, 3 күн және бір күн өткізетіндер де болады. Түркиядағы қазақтар наурыз айының 20-күні, ТМД қазақта¬ры наурыз айының 22-күні, Қытай қазақтары наурыз айының 21-күні наурыз мейрамын өткізеді(104).
1980 жылдардан бері қарай Қытай қазақтары наурызды жыл басы ретінде ерекше тойлап келеді. Қытай мемлекеті де оны арнайы мереке ретінде танып, әр жылы үш күн демалыс береді.
Наурыз мерекесі қытымыр қыстан аман өтіп, жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан оны қазақтар "Самарханның көк тасы еріген күн" деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді.
Қыс басында "соғым басын" бере алмаған отбасылар мұны кейде осы наурызға орайластырады. "Еске алсаң ескі асыңнан сақта", немесе "қыстың сүрісін ұзын сары келгенде жейміз" дейтін қазақ ауылдары арнайы сақтап келген малдың ең кәделі мүшелерін осы күні қазанға салады. Соғымға сойыл¬ған малдың басы немесе бір жақ шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая салып қазан толтыра ет асады. Ет сорпасына "көп көже" қайнатады. Көжеге салынатын тағам 7-ден кем болмауы керек. Жұрт ортаға ақсақалдарды алып қыдырып көп көже ішеді. Кейінгі кездері арнайы шақыратын салт та қалыптасты.
Бұл күні тек ет жеп, көже ішіліп қана қоймай "Наурыз" жыры бастаған өлең-жырға да орын беріледі. Қазақтар ұлттық дәстүрдегі қазақи киімдерін киіп мереке сәнін асырады. Кейде ат шаптырып, балуан салу, жұмбақ шешу секілді ойын және спорттық қимылдар қоса жүріледі.
Ораза айт
Исламдағы бес парыздың бірі саналатын ораза Қытай қазақтарында мереке ретінде аталып келеді. Ораза сөзі парсы тілінен кірген болып, мүсылман баласының отыз күн "тыйылуына" қаратылған. Бұл тыйылу - тек қана таң атқан¬нан күн батқанға дейін тамақ ішпеуге қаратылмаған. Ғайбат сөйлеу, өтірік айту, айғайлау, нәпсіге ерік беру, сұқтана қарау секілді өрескелдіктен тыйылу, Аллаға ақ көңілмен мінәжат ететін қасиеттері үшін бағалы. Ал бүгінгі медицина¬дағы "ашығу" ілімі оразаны өте қуаттайды. Олардың пайымынша ораза жан тазалығы ғана емес, адамдардың ішкі ағзаларын дерлік тазалайтын қасиетімен құнды екен.
Қытай қазақтары ораза кезінде дастарқанын түрлендіріп жасап, үлкендерді "ауыз ашарға" шақырады. 30 күндік ораза уақыты біткеннен кеиін "ораза айт" немесе "ауызашар айт" басталады, мешіттерде ауызашарға арналған айт намазы оқылады. Ауылды өңірлерде, көктеулік, күзеулік, жайлаулық жерлерде мешіт болмағанда табиғаты таза далада оқылады.
Қытай қазақтарында мемлекет қызметкерлерінің, пар¬тиялық кадрлардың, оқушы-студенттердің заң мен саясаттың мәжбүрлеуімен ораза ұстап, намаз оқи алмауы жылдан-жылға көбейіп келеді. Осы жағынан қарағанда діни мерекеден гөрі ұлттық мейрамға қарай бет бұрып бара жатқаны көрінеді.
Құрбан айт
Құрбан айт-һижра жыл есебінің жаңа жылы болып есеп¬теледі. Қазіргі ортақ қолданып отырған жыл есебінің 622-жылы шілде айының 10-күніне қараған түні Мұхаммед пайғамбар Меккеден Мединеге көшкен. Міне, осы күннен һижра күнтізбесі басталады. Ораза айттан кейін 70 күн өткеннен соң құрбан айт болады(105).
Құрбан (араб тілінде) - "жақындау" деген мағынаны білді¬реді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы-аллаһ тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.
Құрбан шалу - Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с.у.) жалға¬сып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз Аллаһ тағалаға деген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исма¬йылды ұлы жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сынақтан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибаратты оқиғаның ұмытылмас көрінісі. Аллаһ тағала Құран Кәрімде: "намаз оқы және құрбан шал"-деп, әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптілігін білдіреді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) "кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындама¬сын!"- деп бұйырған. Әрине мұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.
Пайғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: "адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ тағалаға жақын¬даған емес. Қан ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқ¬тары жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып Аллаһ тағаланың құзырында үлкен махамға жетеді. Сондық¬тан, құрбандықтарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар" (106).
Бір қызығы Қытай қазақтарында "Ораза айтқа" қарағанда "Құрбан айт" мерекесі жоғары деңгейде тойланады. Шамасы келетін отбасыларда құрбан шалмайтындар аз кездеседі. Қытай қазақтарының 80 пайызы таңертең ерте айт намазына барып келгеннен кейін дерлік құрбан шалады. Көбінесе қой шалынады. Сойылған құрбанның еті түгелдей асылып айтшы¬лағандарға таратылады, терісі мешіттерге беріледі.
Құрбан айт Қытайда арнайы мереке ретінде қаралып, онда үш күндік демалыс беріледі. Қазақтар бір-біріне "Құрбан айт қабыл болсын" айтып жағалата қыдырады. Кем дегенде қырық үйге кіру керек деп біледі. Соңғы кездері басқа ұлт өкілдері де қазақтардың үйіне айтшылап кіретін дәстүр пайда болды. Бұл бір жағынан "төскейде малы, төсекте басы" жақындасатын ағайындықты білдіргенімен екінші жағынан дастарқанға арақ-шарап араластыратын жаман әдеттерді де қалыптастыра бастады. Құрбан шарттарын жақсы білетін үлкендер жағы ислам дінінде харам саналған "арақ" секіл¬ділерді дастарқанға қоспайды, олай болғанда құрбандарының қабыл болмайтынын жақсы біледі.
Шынжаңдағы Құрбан айт мерекесі қыдырып тамақ ішумен шектелмейді. Ауыл, аудан, аймақ болып той - думанға кіріседі. Радио-теледидар концерттік бағдарламалар орналас¬тырып, үш күн бойы мереке мерейін асырады.
Құрбан айт мерекесі кейбір жерлерде ат бәйге, көкпар тарту, қыз қуу, палуан салу тектес дабырамен үлкен той ретінде аталады.
Қытай қазақтарында ораза айт секілді құрбан айт та діни мерекеден көрі ұлттық (қазақы) мерекеге ауысып бара жатқан түрі бар. Тіпті қалалы жерде отыратын ішінара отбасылар құрбандық малын құрбан айттан бір күн бұрын шалатын болған. Мұндай дәстүрлік өзгеріс мұсылмандыққа жат болып қана қалмастан ата-бабамыздан келе жатқан ежелгі салт-санамызға, ғұрып-әдетімізге де құрметсіздік саналады.
Ойын-сауықтары
Сахара мен тауда, орман мен құмда ұзақ жасаған қазақ халқы телегей теңіз сүйіспеншілігімен, батыр әрі өткір, кең пейіл әрі ақ жарқын мінезімен лықсыған сұлу табиғаттың шүлен шұғыласынан нәр алып, ақыл-парасат селін тасытып, әсем әрі алуан түрлі сахара мәдениетін жаратты. "Ән мен ат қазақтың қос қанаты" дейтін осы бір байырғы мақал өлең-жырдың қазақ тұрмысындағы маңызды орнын көрсетеді...
Ерте кездің өзінде адамдар қарбалас еңбек әредігінде рухани жақтан көңіл көтеруді көптеп қажет етті. Сонымен бұрынғы Сахара халықтары әр алуан ойын-сауық қимыл¬дарын өрістетті. Көңіл ашу үшін әрине, би билеп, ән шыр¬қады, арғы заман әуендерін сақтап қалуға мүмкіндік болмады. Бірақ би, бәйге, дойбы (қойға шапқан қасқыр) сықылды¬лардың көрністерін жартастарда қашап қалдырды. Оның ішінде би көріністері ең көп ұшырайды. "Уинама - қаңлылар шежіресінде " былай делінеді: "Таңгаузың дәуірінде бес ұлыс қаңлы елі бас қосып күнге (тәңірге) тасаттық берді. Жиылған адам неше мыңға жетті. Мал сойып, бәйге қосты. Би билеп ән шырқады. Жамағат бұрын-соңды мұндай салтанат болмап еді десті"(107).
Шынжаңның Шағантоғай ауданының Бардақұл жай¬лауын¬дағы, Көктоғай ауданының Таңбалы тас аталатын жар¬тастарындағы биге басқан адам суреті сол ескі мәдениетіміз¬дің елесіндей әлі тұр. Қазақ мәдениет тарихын зерттеуші Қытай ғалымы Су Бихай қазақ ұлтының ойын-сауығына тоқталғанда былай дейді: "Қазақ халқының ұлттық ойын-сауықтарын екі түрге бөлуге болады. Бірі әдебиет - көркем¬өнерлік түр: күй шерту, ән тарту, билеу, өлең айтысу, дастан-қиссалар айту. Енді бірі спорттық шынығу сипатындағы ойындар. Бұл ойындар негізінен жайлауда, ат үстінде ойналады. Қазақ халқының ат үстіндегі спорттық ойындары: бәйге, көкпар, қыз қуар, жорға салу, теңге ілу, аударыспақ, ат сайысы, ат ойыны, жаяу бәйге т.б.
Бұдан тыс балуан, жамбы ату, садақ тарту сынды спорттық ойындар бар. Жоғарыдағы дәстүрлі спорт қимылдары ұлттық түске ие, әрі қазақ халқының құмарта ойнайтын ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан түрлі шынығу және көңіл ашу сипа¬тындағы ойындары. Бұл ойын-сауық қимылдары сахара халқы¬ның ер жүрек, ақыл-парасатының жанды бейнесі. Оған батыл да қағылез, ақ пейіл қазақ малшыларының асыл қасиеті сіңірілген. Әсіресе көкпар, қыз қуар, бәйге палуан қатарлы дәстүрлі спорттық қимылдар түрлі мереке-мейрам, дабыралы той - астардың негізгі мазмұны, сондай-ақ бұл ойындарды әр ұлт халқы қызыға тамашалайды(108).
Аталған ойын-сауық және спорттық ойын түрлері Шынжаң қазақтарында әлі жалғасып келеді.
1933 жылдан кейін Шыңжаңда әр дәрежелі "қазақ-қырғыз мәдени ұйымдарының" құрылуына орай Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтарында ойын-сауық ұйымдары құрыла бастады. 1954 жылы Іле Қазақ автономиялы облысы құрылса, 1955 жылы бұрынғы Іле аймақтық ұлттық театрды негіз етіп Іле, Алтай жағынан өнерпаздар әкеліп, Іле Қазақ автономиялы облыстық көркемөнер үйірмесі құрылды. Осымен бірге әрбір қазақ аймақтарында құрылған мәдениет басқармасы ұлттық спорт пен ойын-сауық істеріне жетекшілік етіп отырды.
Алды әлемге арты бүкіл Қытай еліне танымал болған әнші-күйшілер, спорт шеберлері, чемпиондар дүниеге келді. Қазақ ұлты өз өнерпаздары арқылы бір миллиард қытай еліне танымал болды.
ҚЫТАЙ ТАРИХИ ЖАЗБАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ӘЙГІЛІ АДАМДАР (109)
Сақ анасы - Қытай жазбаларында Сақ анасы немесе батыс өңір патшаларының анасы аталған қасиетті адам қазіргі Боғда тауында (Үрімжі қаласының шығысындағы тау) Боғда көлін мекендеген екен. Ежелгі қытай жиһангері Мотианзы осы Сақ анамен жүздесіп "Сақ ана" деген жыр қалдырған. Бірінші жыры "Ақша бұлт", екінші жыры "Сақ ананың үні" деп аталған.
Фак Бухари (110-180 ж.ж.) жылдары шамасында жасаған. қытай әдебиетінде Әншігау деп аталады. Қазіргі Бұхара өңі¬рінде туған. Ол елінен шығып, дін жолына түсіп, Үндістанға барады. Будда дінін терең меңгереді. Талай елді аралап дін уағыздап, діни шығармаларды аударып, әйгілі будда ғұламасына айналады. 148 жылы Шығысхан әулетіне (Лояң қаласына) келеді. Мұндағы жиырма неше жылында 95 бөлім, 115 томдық будда шығармаларын аударып, көптеген шәкірт тәрбиелейді.
Фак Бухари Лояңға келгесін хан тілін тез меңгеріп алады, бұдда кітаптарын өте дәлдікпен аударады. Кейін Гуаңжуға барады. Бір жолғы арашашы топтың арасында қапияда мерт болады.
Қаңлы ақын Потодың (232-348 ж.ж.) ақын 117 жыл өмір сүрген үлкен ғұлама болған. Зерттеу жұмысымен айналысып Кашмир, Үндістан өңіріне дейін барған, кезінде қаңлы ғұламаларының биік ұстазы атанған. "Гаузұңнама" деген шығармада оның бірнеше өлеңдері сақталған.
Қаңлы Самғатауап (х-280 ж.) хан әдебиетіндегі аты-жөні Каң Сыңхұй мұндағы "каң" - қаңлы елін білдіреді, әдебиеттер оның қаңлылық екенін ашық жазған.
Қаңлы Самға 280-274 жылдары Қытай жерінде болған ол кішкентай кезінде белгісіз себептермен көшкен елге ілесіп ата-анасымен бірге Үндістанға барып, үнді тілін үйренеді. Кейіннен ата-анасы керуенмен бірге Қытай жеріне әкеледі. Будда классиктерін хан тілінен аударады. Будханалар, мұнаралар салғызуға мұрындық болады, хан оны буддасымен қоса құртпақшы болғанда ол ханның өзін иландырып, зор беделге бөленген.
Жүзлік Жачиан (Жычиан) 158-189 жылдары шығыс Хан әулетінде Лояң қаласында өмір сүрген. Хан тарихнамаларын¬да бұл кісінің толық аты Жылу Жачиан деп аталған және ұлы жүздегі Күсан аймағында дүниеге келген. Хан тіліндегі байырғы және бүгінгі әдебиеттер жүзлік Жачианды буддизм¬дегі ірі ағымдарды Қытайға таратушы ғалым және аудармашы ретінде таниды.
У ұлысының ханы Сүнчуан Жүзлік Чианнің дарынын естіп, Шығыс ордасына алдырып, ханзадаларға ұстаз етеді. Алты елдің тілін білетін жүзлік Чиан 223-253 аралығындағы отыз жыл ішінде 36 бөлім, 48 томдық будда кітаптарын хан тіліне аударды. Әрі оған сөздіктер жасады. Бұл хан тарихын¬дағы буддаға арналған алғашқы сөздік еді. Жүзлік Чиан буддизмдік хикаяларды өлеңмен жазып, оған музыка қосып, әнге айналдырған. Кейіннен дүрбелеңдер себебінен ата жұрты Шу бойына көшіп келеді.
Ұлы жүзілік Жутан молша (227-304 ж.ж.), Жутан молша 8 жасынан діни оқуға беріледі, ұстазына еріп, Тарым ойпатындағы 36 хандықты аралайды, тіл де, дін де үйреніп, әбден жетілгенде буддизмнің сансыз классиктерін алып Дұнхуаңға, одан Чаң-анға, іле-шала Лояңға барып, бүкіл ғұмырын дін жолына арнайды. Өмірінің соңғы күндері Дұнхуаңда өтіпті.
Хулу Алтын (448-567 ж.ж.) ең әуелі Шығыс Уей әулетінің әскери қолбасшысы болған. Хулу Алтынның ақындық, сазгерлік атын шығарған "Сыр әні" екен. Бір реткі шайқастың қысылтаяң кезінде ол осы ән арқылы бүкіл қолды жауынгерлікке шақырып, жеңіске жеткен екен (Сыр әнінің түп төркіні түрікше еді) деп жазылғанына қарағанда ол бастаған жауынгерлер де түркі тайпасынан болуы мүмкін.
Мәтін кейін хан тіліне аударылған, хан тілінен қазақша¬лағанда былай келеді.
Сыр суы бұлтты таулар бөктерінде,
Көгі тұр кигіз үйше төңкеріле.
Кең дала, жел толқытқан көк теңіздей,
Өреді қой мен сиыр кең төсінде.
Саужуңда- қазіргі Самарқан өңірінің тумасы, атақты мүсінші, суретші. Хан тарихнамаларында оның қылқалам, мүсін өнеріндегі өзіндік ерекшелігі айырықша алқаланып, "сызықтары жіңішке де жиі, киімі денелерге жабыса біткен, сонан тұла бойы айқын көрінеді, ол өнердің дамуына үздік үлес қосқан" деп жазылған.
Саумиауда 550-600 жылдары аралығында аты шыққан музыкант, күйші, әсіресе Орта Азиядан Қытайға барған ішекті аспаптардың шебер орындаушысы әрі музыкатанушы, қытайлықтар оны "кейінгілер мәңгі үмытпауға татиды" деп қарайды.
Хату- Іленің батысындағы Жетісу өңірінен (Хыго) шыққан. Әрі ақын, әрі сазгер, әрі ғалым. 589 жылы 10 томдық шығармасы жарық көрген. Көптеген еңбектері, өлеңдері бар, оның "Чаң-ән аймағы" деген өлеңінен жасақ басқарған сардар екені, қаруларын арбаға тиеп, соған ән салдырып, шеру тартып жүретіндігі, көшпелі жауынгерлігі байқалады.
Елжау күнби Нәндібиұлы (ж.с.б 177-104) үйсін ұлысының ұлы биі. Ұлы жүздер үйсіндерді шауып, Нәнді биді өлтір¬генде, ғұн тәңірқұтын паналап, кейін жорықтарға қаты¬сады, соғыста талай мәрте ерлік көрсеткені үшін, үйсін елін оның басқаруына беріп, ғұнның батыс шекарасын сақтауды бұйырды. Ж.с.б. 140 жылы ел-жұртын бастап Іле өңіріне келіп, ұлы жүздерді жеңіп, жерін қайтарып, мемлекет құрды.
Янгүй би - Үйсін хандығы Оңғай бидің Жею ханымынан туған баласы ж.с.д. 53 жылы үйсін елі ішкі бөлшектенушілік салдарынан екіге бөлінгенде, Янгүй би 60 мың отбасына ие болып ұлы күнби болған.
Өжет күнби - үйсін Оңғай күнбидің ғұн әйелінен туған баласы ж.с.б 53 жылы Өжет үйсін елінің ұлы күнбиі болуға әрекет жасап, бірнеше Оңқаны бастап барып Най биді өлтіріп, өзін күнби деп жариялайды. Оңғай бидің Жею ханымынан туған Янгүй ортасында талас туып, бейбіт келісімге келеді. Янгүй 60 мың отбасыға ие болып ұлы күнби, Өжет 40 мың отбасыға ие болып кіші күнби болады. Өжет күнби ж.с.д. 53-33 жылдары билік жүргізеді.
Тұғырылхан (1130-1203 ж.ж.) VІІ ғасырда дүниеге келген керей мемлекетінің ХІІ ғасырдағы атақты билеуші ханы. Ол керей елінің ханы Мархұздың үлкен ұлы Құршақұз Бұйрық ханның ұлы.
Темушіннің анда (өкіл) әкесі, әрі әскери өнерге баулыған алғашқы ұстазы. Шыңғысхан етіп алтын таққа отырғызушы. Кейін Шыңғысхан керей елін шауып, анда әкесі Тұғырыл қапыда мерт болған.
Тұғырылхан ұрпақтарынан Шыңғысханның қол астында көптеген батырлар, бақсылар, ғалымдар мен қаламгерлер болған.
Бір қызығы, бүгінгі монғол деректерінде де өздерін Тұғы¬рылханның ұрпағымыз дейтіндер кезігеді екен. Ғалымдардың пайымдауы бойынша қуатты керей ұлысынан құралған рулардан монғол, өзбек, қырғыз, қарақалпақ ішіне сіңгендер өте көп көрінеді.
Ғалымдардың Х ғасырдағы керейлердің санын 900 мың деуі де тегін болмаса керек.
Тататұнха (Таутүк) -ХІІІ ғасырдың бастапқы мезгіліндегі Найман Таянханның (Байбұқаның) ұстазы, ақылгөй бас уәзірі әрі хатшысы. Ол Алтайдағы Қара Ертісті мекендеген қарлық елінің Сәбек тайпасынан шыққан данагөй абыз Тоныкөктің он алтыншы ұрпағы. 1204 жылы Шыңғысхан Найман елін шауып Таянханды өлтіргенде, ол моңғолдарға қолды болады. Шыңғысхан елі одан найман, керей, меркіттер қолданған көне ұйғыр жазуын қабылдайды. Орданың сенімді хатшы¬лығына пайдаланады.
Таянхан (?- 1204 тышқан жылы) орта ғасырда Моңғол сахарасында өткен Найман мемлекетінің ханы. Оның әкесі Инанх білге Бұқахан ерте замандағы жұрт құрметіне бөлен¬ген орда хан. Ол қайтыс болған соң оның екі ұлы - Таянхан (Байбұқа) мен Бұйрықхан тәж бен таққа таласып найман елін екіге бөлген. Таянхан үлкен ұл болғандықтан әке тағына мұрагерлік етті. Бұйрық ханның елі Тастауық деген жерді мекендеді. Екі иелікке бөлінген наймандардың әр қайсысы, өз алдына дербес әрекет істеген, өзара қырқысып отырған. Бірін жау шапса екіншісі көмекке келмейтін болған. 1204 жылы Таянхан басқа тайпалармен одақ құрып Шыңғысханға жорық жасағалы жатқанда, өз ішінен алауыздық шығып, Шыңғысхан оларды тарпа бас салады. Таянхан соғыста ауыр жараланып қолды болған жерінде қаза болады. Оның ұлы Күшлүк Бұйрық ханға барып жан сауғалайды. Таянханның шешесі Гүрбесу (Күбишені) Шыңғысхан өзіне әйелдікке қаратып, Таянханның немере қызы Линқұнды баласы Төлеге қосады.
Қаңлы ақыны Бұқұм (1254-1300). Ол Иуан патшалығы дәуіріндегі қазақтың әйгілі композиторы және ақыны. Миң пат¬шалығы дәуірінде жазылған "Тарихи музыка нотасы" де¬ген кітапта ертеден қазірге дейінгі әйгілі композитор¬лардың стилінде Бұқұмның сазды өлеңдері бейне тау қой¬науынан шашыраған ақша бұлттай делінген. Өкінішке орай Бұқұмның бізге тек "Ордаға арнау" деген жинағы ғана жетіп отыр.
Бұқұм сазды өлеңнің шебері ғана емес, әйгілі саяси қай¬рат¬кер еді. Өз заманында ол "еңбегі сіңген ер", "данышпан уәзір", "елге тірек бас сардар" деген шендермен марапат¬талған.
Қыпшақ ақыны Сағидолла 1272 жылы туған, өлген жылы белгісіз. Сары өзеннің (Хуаңқының) бас жағында дүниеге келген. Өз дәуірінің ең білікті ақыны әрі сазгері. Бірнеше жинақ шығарған, қазір оның 798 өлеңі табылып отыр. Оның ұрпақтарынан Сарын (1600 жылдар), Сайқан (1780 жылдар), Сасарын (1800 жылдар), Салунтиан (1830 жылдар), Саданиан (1850 жылдар), т.б белгілі ғалымдар, қаламгерлер шыққан.
Сейім Дулат ақыны Хы Тиантың (1247-1313 ж.ж.) ежелгі Үйсін ордасы Дуңхуаңның шығысында дүниеге келген. Ірі әскери қолбасшы және қаламгер болған. Бес кітап жазған.
Тото (Тоқтай) Мазартай ұлы (1314-1355 ж.ж.) Боян не¬мересі, қазақтың меркіт руынан шыққан Мазартай Қытайдың Иуан патшалығы дәуіріндегі атақты саяси және әскери қайраткерлердің бірі. Тотоның жанама аты Дайұң, жасынан зерек өсіп қытай классикалық шығармаларын оқып есейген. Ол қытайлар арасында тереңдей сіңіп, тағылымшылдыққа, жоғары өреге жетеді. 1343 жылы Ляу, Жин, Сұң патшалық¬тарының тарихын құрастырып жазу жөнінде жарлық тү¬сіріліп, Тото бас сарапшы ұлық болып тағайындалады. Әрі кітапты жазуға тікелей араласады. Ол аса білімді қаламгер болумен бірге ел басқаруға араласқан саяси қайраткер болып жетіледі.
Темірташ - орынбасар кеңес бегі, орда әкімшілік меке¬месінің ақылшы ұлығы, патшалық мектептің аға оқытушысы, су құрылыс мекемесінің басқарушысы, Ляу, Жин, Сұң патшалықтары тарихының сарапшысы секілді міндеттер атқарған. Оның лақабы Жиулиң, қазақтың Қаңлы тайпа-сының адамы.
Қаңлы ақыны Сәрсен (қаңлы Наунау деп те аталады) (1295-1345). Қаңлы Бұқұмның екінші ұлы. Жанама аты Зысан, лақабы Жыңжай. Ол өз заманының белгілі хаткері, көркем жазу шебері болған. Оның жазу үлгісіне бүкіл Қытай оқы¬мыстылары тәнті болған.
Қыпшақ ақыны Сарын - Иуан дәуірінің әйгілі ақыны Сағидолланың ұрпағы. 1672 жылдары әскер бастап жорыққа шыққан, әрі өз өмірінен жорық жырларын жазған.
Қыпшақ ақыны Сабан - туған, өлген жылы белгісіз. Бірақ Қытайдың Хаңжу қаласында тұрып жоғары білім алғандығы мәлім.
Қыпшақ ақыны Дадуке - туған, өлген жылы белгісіз. Бүгінгі Шынжаңның Жемсары өңірінде дүниеге келген.
Таштемір - ХІІІ ғасырда өмір сүрген, ерекше хаткер болған. Ол Қаңлы хандарының әулеті Қаңлы Тотоның ұлы. Жанама аты Жиухың, бала кезінде ағасы Темірташпен бірге мемле¬кеттік білім ордасынан тәрбие алып, классикалық, тарихи кітап¬тарды көп оқыған. Қытайдың көптеген көркем жазу¬ларын жасаушының бірі.
Қаңлы Хұйхұй - жанама аты Зиуан, ақ пейіл әрі тұйық мінезді адам. Беріле үйреніп, таланттылар тобына кірген. Тайшаң бегі, санақ мекемесінің ұлығы, білгірлер тобының ұстазы секілді қызметтер атқарған. Саяси жақтағы беделі төтенше жоғары уәзір болған. Хаткерлігімен танылған.
Жұрт інісі Зысан (Наунау) екеуін "қос егей" атасыпты
Қаңлы Қара - орда әкімшілік мекемесінің ұлығы қаңлы тайпасынан шыққан әйгілі хаткерлердің бірі.
Қаңлы Бұқа - Иуан патшалығы дәуіріндегі қаңлы ауылынан шыққан тағы бір хаткер. Оның жанама аты Шансиу, хаибихудың бақылаушы ұлығы болған. Қытай мәдениеті мен ғылымына белгілі үлестер қосқан адам.
Қыпшақ Тайбұқа - Иуан патшалығы тарихында хаткерлік жағында аса беделді болғандардың бірі. Жазбаларда оны Ба¬зартай ауылынан Бәйиешән тауын мекендеген делінеді. Ол зерттеулер Тайбұқаны қазақтың қыпшақ руына жатқы¬зады.
Қарлық ақын Ташан (1309-1368) жанама аты Ижы, қарлық тайпасынан шыққан. Иуан патшалығы тұсындағы қазақ тайпаларының қытай тіл- мәдениетін үйренуіне орай Ташан да қытай тілінде өлең жазып жұрттан қара озып шықты. Оның қазір сақталып отырған 239 өлеңі бар. Ол туралы жазылған кітаптарда: "Ташан ән-музыкаға өте шебер, оқыған кітаптарының нәрін игеретін, суырып салма, талант иесі еді" делінген.
ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНАН ШЫҚҚАН
ӘЙГІЛІ АДАМДАР (110)
(Алфавит тәртібімен)
Ақыт Үлімжіұлы (1940-1868 ж. ж) ақын және ағартушы, белгілі қоғам қайраткері. Шынжаңның Көктоғай ауданында туылған. Араб, парсы, моңғол, орыс тілдерін меңгерген. Шығыс классиктері мен қазақтың жырауларынан өнеге қабылдаған. 1891 жылы Қазан баспасынан "Жиһаншаһ Тамұз Шақұғлы" атты кітабы жарық көрген, кейін ол кітап көп рет басылған. 1897 жылы орыс ғалымы профессор Николай Катанов "Деятель" журналының сол жылғы 8-9 санында осы шығарма туралы тоқталған, осыдан кейін іркес-тіркес "Хисса хабдү-мүлік" (1902, 1904, 1909 ж.), "Ахуал қиямет" (1908 ж.), "Әдеби ғахылия" (1909 ж.), "Керей ишаны Мұхаммед мумиын" (1909 ж.), "Хисса Сейфулмәлік" (1895, 1909, 1914), хисса "Сейд Жағфар шам әулие сұлтан Сейд" (1894 ж.) секілді тоғыз кітабы Қазан, Орынбор, Семей баспаларында 17 рет басылған.
1991 жылдан бері Монғолияда "Қажыбаян", "Ақыретбаян", "Жиһаншаһ", "Ғахылия" секілді төрт кітабы, Шынжаңда таңдамалы шығармаларынан екі томы, атажұрт-Қазақстанда 2007 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан "Жиһаншаһ" атты таңдамалы томы жарық көрді.
Ақыт шығармаларының дені адамдық, адалдық, Аллаға деген таза жүрек, ыстық пейіл, ізгілік тақырыптарынан құралған. Елім деп елжіреген, халқым деп қан жылаған ақын 1940 жылы 72 жасында Шың Сысай түрмесінде жауыз¬дықпен өлтірілді.
Ақыт Үлімжіұлы Шынжаң қазақ әдебиетінің ғана емес күллі қазақ жазба әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі саналады.
Ақымжан Болдырғанұлы (1864-1941) Тарбағатай өңірінде өткен айтулы сыбызғышы, көрнекті сазгер. Қазақ сал-серілерінің жолын қуған оның аты сыбызғы тарту өнерімен шыққан. Әсіресе, өз жанынан шығарып тартатын сыбызғы күйлерімен - "Зар жалған", "Қоңыр қаз", "Сағыныш", "Боз айғыр", "Ертіс толқыны", "Құр ойнақ", "Бұлғын сусар", "Сұр мерген", "Аққабаның толқыны", "Көк серке", "Сары бел ат", "Алтайға сапар шеккенде", "Жорға аю", "Ақсақ аю", "Бозінген" секілді алпысқа тарта күйдің болғаны айтылады.
Ахметжан Бөрібайұлы (1938-1996) ақын, Тарбағатай аймағының Толы ауданында туған. Шынжаң университетінде, Тарбағатай аймақтық партия мектебінде, Іле облыстық партия мектебінде оқыған. Қоғамдық жұмысқа енді орналасқанда "солақай саясаттың" сойылынан таяқ жеді. 1978 жылдан кейін ғана Толыда мұғалімдік жұмыс атқару орайына ие болды. 1957 жылы "Жүрек жыры" атты алғашқы өлеңін жариялаған ол қолына қайтадан қалам алып тоқтаусыз жыр жазды. "Бедер", "Күндер" атты жеке жыр жинақтары мен "Дидар" атты қоспа жинақта өлеңдері жарық көрген. Ол кезінде Шынжаң жазушылар қоғамының, Іле облыстық жазушылар қоғамының мүшесі болған.
Ахметбек Кірішбаев Қытай қазағының ағарту саласын¬дағы тұңғыш профессоры. 1933 жылы Тарбағатайдың Шәуешек қаласында туған. Оқытушылық өмірінде оқулық қажеті үшін "Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы деректер", "Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер" атты кітаптар жазған. Әдебиет кафедрасы, Қытай қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі секілді міндеттер атқарды.
А.Кірішбаев Қытай Лу Шұн зерттеу қоғамы Шынжаң бөлімше қоғамының тұрақты жорасы. Қытай ауыз әдебиеті қоғамының, басқа да бірқатар ғылыми, әдеби қоғамдардың мүшесі. Оның есімі мен еңбектері "Қытай әдебиет-көркем өнершілерінің дүниежүзіне әйгілі қайраткерлері", "Қытай және шетелдердегі әйгілі ағартушылар", "Қытайдың жаңа дәуіріндегі жоғары өрелі ғылым-техника қайраткерлері", "Қазақстан әдебиет энциклопедиясы", "Қытайдағы қазақ мамандары" т.б. энциклопедиялық сөздіктерге енген.
Асқар Татанайұлы - (1906-1994 ж.ж.) ақын, жазушы, тарихшы. 1933 жылдан өлең жаза бастаған. 1934 жылдары "Алтай" және "Шынжаң" газеттерінің алғашқы сандарында өлеңдері жарық көрген.
1938 ж. Алтайда жарық көрген "Таң Шолпаны" журна¬лында "Малбикенің өмірі" атты дастаны жарық көрген.
Осыдан кейін ақынның өлең-дастандары, сахналық шығар¬малары жариялана бастаған. Әрі "Қалыңмал", "Құлдықтан құтылғандар" пьесасы Алтай сахналарында ойналды.
"Арқалық батыр", "Үш кезең", "Абылай", "Тарихи дерек, келелі кеңес" секілді көптеген кітаптары жарық көрген.
Асхат Керімбайұлы қоғам қайраткері. 1947 жылы Іле аймағында туған. Іле-Қазақ автономиялы облысының бастығы, ШҰАР халық үкіметі төрағасының орынбасары, ШҰАР саяси мәслихат кеңесінің төрағасы қатарлы міндеттер атқарған. Қазір Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің мүшесі.
Асылхан Мыңжасарұлы (1893-1918 ж.ж.) ақын, жаста¬йынан зерек өскен. Ақын араб, парсы тілдеріндегі әдебиеттер мен ауыз әдебиетінің таңдамалы үлгілерін ұстаз етеді. Жазба және айтыс ақындығымен аты шыққан.
Басты шығармаларынан - "Ат шабыс", "Машырап", "Жол¬барыс пен ұры", "Нұрипамен айтыс", "Танимен айтыс", "Жер-су аттары", "Үй мүлкі", "Кеңес", "Өмір туралы ", "Атпен сөйлесу" т.б. шығармалары бар.
Асылхан Шынжаң қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі есептеледі.
Асылхан Бәгенұлы белгілі фотосуретші. 1942 жылы ШҰАР Үрімжі ауданында туған.
Фото альбомдарынан - "Іле", "Қытайдағы аз ұлттар", "Қазақ тұрмыс-салты", "Қазақ киіз үй мәдениеті" секілділер бар.
"Саятшы", "Аққу көлі", "Тұрпан жүзімі" секілді туын¬дылары Жапония, Түркия, Голландия, Германия, Қазақстан елдеріндегі халықаралық көрмелерде үздік туынды болып бағаланған.
Ол Қытай фотосурет қоғамының мүшесі, ШҰАР фото¬сурет қоғамының орынбасар төрағасы секілді қоғамдық міндеттер атқарған.
Ажы Көгедайұлы (1807-1868) Көгедай Әбілпейізұлының ұрпақ жалғаған мұрагері. Алтай керейлерінің төресі болып, әкесі қайтыс болған 1823 жылы 17 жасында таққа отырып, 44 жыл ел билеген.
Аман Мұқанов Қытай мемлекетінің 1-дәрежелі суретшісі. 1936 жылы ШҰАР Күнес ауданында туған.
Оның майлы бояулы суреттерінен - "Көкпар", "Мамырда жауған қар", "Қоңыр күз", "Қабанбай шоқысы", "Қонақ күту", "Жүн сабау", "Ши тоқу", "Отарда", "Атамекен", "Айна көл", "Ақ бұлақ", "Күзеулік", "Көк шоқы" секілді 80-нен астам туындысы Қытай еліне кеңінен танымал болудан тыс, шетелдерге шығарылып, автор көптеген сыйлықтардың иегері болған.
1981 жылы "Аман суреттер жинағы", 2002 жылы "Аман¬ның майлы бояулы суреттер жинағы" қазақ, қытай, ағылшын тілдерінде жарық көрген. Ол Қытай суретшілер қоғамының жорасы, Қытай аз ұлт әсем өнерін ілгерілету қоғамының тұрақты жорасы, Шынжаң суретшілер қоғамының орынбасар төрағасы.
Арқалық Бөрібайұлы (1801-1860 ж.ж.) ХІХ ғасырда Қытай¬дың Алтай өңірінде өткен әйгілі батыр. Оның ерлігі Жоңғар қалдықтары саналатын қалмақтармен болған ұрыстардан көрінеді. "Арқалық батыр" туралы жазылған қисса-дастан¬дардың түрі онға тартады. Оның бір бөлімі 2007 жылы "Арқа¬лық батыр" деген атпен Алматыда "Үш қиян" баспасынан жарық көрді.
2004 жылы Шынжаңның Қаба ауданындағы батыр сүйегі Алтай қаласының Балғабай ауылына көшіріліп жерленген әрі көрнекті ескерткіш қойылған.
Арғынбек Апашбайұлы (1883-1946 ж.ж.) көрнекті ақын, қазіргі Шығыс Қазақстан жерінде туған. Қытай еліндегі Алтай өңіріне өткен. Ол Шынжаң қазақ әдебиетінің негізін салушылардың қатарынан орын алған. Басты шығармалары¬нан "Жыр роман", "Қалам алып Арғынбек", "Жер - адамның анасы", "Жігіт сол", "Жақсы-жаман", "Насихат", "Бір заман", "Сайыскер сарбаздардың жайы", "Муса мерген", "Ырысхан¬ды жоқтау", "Ұлым, саған айтарым бар" секілді туындыларды атауға болады.
2004 ж. Шынжаң Халық баспасынан таңдамалылары "Арғынбек шығармалары" деген атпен жарық көрген.
Оның шығармаларының көбі ел мен жер мұңы, өзі куә болған ұлт азаттық қозғалысы және оның сарбаздары төңірегінде болып, көркемдік деңгейі едәуір жоғары.
Әсет Найманбайұлы (1867-1923 ж.ж.) қазақтың әйгілі ақыны, әнші-сазгері, туған жері қазіргі Қарқаралы өңірі. 1904 жылдан бастап Қытай - Қазақстан арасында ақындық¬пен аты шығып, сал-серілік өмір өткізген. 1916 жылдан бастап Қытайдың Тарбағатай өңіріне өтіп, одан Ілеге мекендеп ақындығы мен әншілігі арқылы дүйім жұртқа танылады. 1923 жылы Ғаббардың үйінде аңдаусызда "алмасты, мүсәтір деп татып алып", қапияда көз жұмды. Қабірі Құлжа ауда¬нының Көкқамыр жайлауында.
Қисса-дастандарынан - "Мұңлы қыз", "Нұрлан мен Айгүлім", "Түсіпхан", "Кешубай -Жәмила", "Пушкин- Татьяна", "Салиха-Сәмен", "Алтын балақ ақ сұңқар", "Бақтияр", "Дастарқан", "Шәкірт-Шәкірат", "Шеризат", "Жамсап", "Ғалым-Сәлім", "Ағаш ат" секілділерді атауға болады. Айтыстарынан - Ырысжанмен, Бақтиярмен айтысы және Кемпірбаймен қоштасуы, ел ішіне көп тараған әндерінен - "Інжу-маржан", "Мақпал", "Қара көз", "Майда қоңыр", "Ләйлім шырақ", "Жиырма бес", "Қысымет", "Қоңыр қаз", "Ардақ" секілділері бар.
Әсет Шынжаң қазағының ғана емес тұтас қазақ әдебие¬тінің көш басындағы көсем серкелерінің бірі болған дара тұлға.
2000 жылы Қытайдың Бейжиндегі ұлттар баспасынан "Әсет шығармалары" деген атпен екі томдық шығармалары жарық көрген.
Әсен Жүнісұлы (1924-1994) саяси қайраткер. 1935-1940 жылдары Күнес ауданы "Талды Торан" мектебінде оқыған. Алғашында мұғалім, кейіннен үш аймақ армиясының Тоғызтарау атты әскерлер 1-полкінде саяси жетекші (1945), Қобықсары атты әскерлер 6-полкінде штаб бастығының орынбасары (1946), Алтай атты әскерлер 3-полкінде батальон командирі, үш аймақ ұлттық армия бас штабы тәлім-тәрбие баталионының штаб бастығы, әскери мектептің штаб бастығы, Қытай Халық азаттық армиясы 5-корпус дивизиясы 41-полкінің штаб бастығы болған(1949). 1953 жылы Шынжаң әскери районы артқы шеп қамдау бөлімі кеңсесінің орынбасар меңгерушісі, 1956 жылы Үрімжі қаласы әскер алу мекемесінің бастығы, 1958 жылы Алтай бөлімше әскери районының орынбасар қолбасшысы1981-1983 жылдары Солтүстік Шынжаң әскери районының орынбасар қолбас¬шысы болған. 1985 жылы корпустың орынбасар бастығы дәрежесімен зейнетке шыққан. Полковник әскери шенінің иегері.
ШҰАР-дың және Іле облысының көп реткі халық құрылтайының өкілі.
Әсейін Жақсылықұлы (1903-1994) көрнекті ағартушы.
1935 жылы Шынжаң өлкелік оқу-ағарту меңгермесі жағынан бұрынғы кеңестер одағының Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінде оқыған. 1938 жылы елге оралып, Үрімжі педагогика мектебінде мұғалім болған.
1940-1943 жылдары Құлжа қаласындағы ұлттар гимна¬зия¬сында оқытушы, Іле қазақ қырғыз мәдениетін ілгерілету ұйымының тексеру бөлімінің жауаптысы болып істеген. 1943-1945 жылдары Күнесте мұғалім 1945-1946 жылдары Күнес сақшы мекемесінде бөлім кадры болып жұмыс істеген. Осыдан кейін "Іле білім жұртында" оқытушы, Іле педагогика мектебінде меңгеруші болған. 1958 жылдан кейін "ұлтшыл" болып таяқ жеген. 1979 жылы ақталып, Іле қазақ автоно¬миялы облыстық саяси-мәслихат кеңесінің тұрақты жорасы болған.
Әуелхан Қалиұлы. Әдебиеттанушы ғалым, профессор. 1939 жылы ШҰАР Бурылтоғай ауданында туған.
Шынжаң тіл институтының қытай тілі факультетін 1959 жылы тәмамдап, осы институтқа ұстаздық жұмысқа орна¬ласады.
Қытай тіл-әдебиет факультетінде оқытушы, кафедра же¬текшісі, факультет басшысының орынбасары, Шынжаң ағарту институты басшысының орынбасары, 1995 жылы инсти¬тут бастығы қатарлы міндеттер өтеген. Арада ШҰАР сая¬си кеңесінің (1998-2003 ж.), ШҰАР әдебиет, көркемөнер¬шілер бірлестігінің жорасы болып, 2003 жылы зейнетке шыққан.
Ә.Қалиұлының он неше кітабы жарық көрген. 1986 жылы бастырған "Қазақ ауыз әдебиеті" атты кітабы 1988 жылы Шынжаң философиялық, қоғамдық ғылымдары бойынша ШҰАР үкіметінің екінші дәрежелі кітап сыйлығын, 1990 жылы Қытай аз ұлттар әдебиетін зерттеу қоғамының үздік шығарма сыйлығын алған. "Қытай қазақтарының дәстүрі" атты кітабы Американың университеттер баспасынан 1998 жылы ағылшын тілінде жарық көрген.
Ә.Қалиұлы "Қытайдың ағарту мамандары", "Қытай маман¬дарының ірі сөздігі", "Қытай жазушыларының қысқа¬ша өмірбаяны", "Қытай қазақ мамандары" (қазақша) "Қазақ¬стан энциклопедиясы", "Қазақ әдебиетінің сөздігі" (Қазақ¬стан) қатарлы көптеген беделді сөздіктерде таныстырылған.
Ол Қытай жазушылар қоғамының, Қытай фольклоршылар қоғамының мүшесі, Мемлекеттік кеңестің ерекше сти¬пендиясының иегері, Шынжаң қазақ мәдениетін зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары.
Әшім Дөңшіұлы - (1896-1962 ж.ж.) Іле өңірінде өткен әйгілі күйші.1952-1953 жылдары Үрімжі қаласында, сонан кейін Іле Қазақ автономиялы облыстық көркөмөнер үйірмесінде жұмыс атқарған. Ол 1957 жылы Бейжиңге барып, "Күй басы", "Ақ толқын" күйлері арқылы халық күйшісі атағына ие болған. Оның "Өктергі", "Ақ ерке", "Ақ толқын", " Жәй толқын", "Қазақ-қырғыз достығы" секілді көптеген күйлері бар. Қытай жерінде күйшінің 85-100 жыл толу орайына мерекелік шаралар ұйымдастырып арнайы ескерткіш қойылды. Камал Мақайұлының құрастырумен Шынжаң халық баспасынан "Әшім күйлері" (1981 ж) мен "Күй күмбірі" (1989 ж) атты екі кітап шықты.
Әбілқайыр төре Рабатұлы (1888-1970) оның бесінші атасы Сама Қызай елінің алғашқы төресі болған. Үшінші атасы Құдай¬менде тәйжі. Әбілқайыр жас кезінде діни және пәни мектеп¬терде оқып сауат ашқан. 17 жасында күнде, зәңгі секілді міндеттер атқарған. Шың Сысай заманында бір мезет түрмеге жатып шығады. Үш аймақ үкіметі тұсында Уәлидің орын¬басары секілді әртүрлі міндеттер атқарған Жаңа Қытай үкіметі орнағаннан кейін Шынжаң өлкелік халық үкіметінің жорасы, ҚХР 1-2 кезекті мемлекеттік саяси мәслихат кеңес мүшесі болып Қытай төрағасы Маузыдұңның қабылдауында болды. Ол тағы да ШҰАР-дың 1, 2, 3-кезекті саяси мәслихат кеңесінің мүшесі, ШҰАР халық құрылтайының өкілі секілді міндеттер өтеген.
Әлен Жеңісханұлы (1884-1961) Алтай қазақтарының ұрпақ жалғаған мансаптысы(төресі) Жеңісхан қайтыс болған соң, 1914 жылы Минго орталық үкіметі әкесінің орнына Әленнің мұрагер болуын бекітеді. 1917 жылы қыркүйекте Минго орталық үкіметі оны жүнуаң деп бекітеді. 1925-1934 жылдары Шынжаң өлкелік үкімет Алтай өңірінің шекара қарулы қосынын ұйымдастырғанда Әлен тұңлиң мансабына тағайын¬далып жұмыс атқарады. 1939 жылы Үрімжіге шақырып, 1940 жылы Шың Сысай жағынан қолға алынады. 1944 жылы Шың Сысай кетіп, Ужұңшин үкіметі орнағанда түрмеден босап, Алтай аймағы Уәлиінің орынбасары, 1945 жылы өлкелік құрылыс меңгермесі бастығының орынбасары, 1949 жылдан кейін ШҰАР Халық комитетінің ақылшысы секілді міндеттер атқарған.
Әз-Кәдімбайұлы (1889-1947) Алтайдың Буыршын ауданының адамы. Қытай, орыс тілдерін меңгерген. Ел басқару ісіне араласып 1920 жылы залың мансабын алған. Елді егіншілікке бастап, 1930 жылдары "Тілеке" тоғанын алдырған. Халыққа оқу-ағартуды, ғылыми-техниканы үгіттеп, 1934 жылы мектеп салдырса, 1940 жылы былғары мәнерлеу зауытын құрған.
Әбдірахман Тоқылов (1890-1957) Діни сауаты ашық Әбдірахман 1910-1920 жылдарда саудамен айналысады. 1934 жылы Ш.Көгедаев оны Қазақстан(Өскемен)-Қытай (Алтай) арасындағы саудаға жауапты етеді. 1942 жылы Буыршын аудан¬дық саудагерлер қоғамының бастығы, 1937 жылы жиян¬герлікке қарсы одақтың Буыршын бөлімшесінің жауаптысы, 1947 жылы Алтай аймағы уәлінің орынбасары, 1948 жылы Шынжаң бейбітшілікті және демократияны қорғаудағы Алтай ұйымдастыру комиссиясының жорасы, 1949 жылдан кейін жалғасты уәлидің орынбасары қызметтерін атқарған.
Әзімхан Тішәнұлы (1929-1996 ж.ж.) аудармашы, зерттеуші, ғалым, көне Қытай тілінің маманы. "Үш патшалық қиссасы", "Таң дәуіріндегі таңдамалы өлеңдер", "Су бойында", "Қызыл сарайдағы түс" қатарлы қытай классикалық шығармаларын қазақшалаған.
Әдебиет ғылымы туралы тың көзқарастары мен батыл ізденістері "Әдебиет сыр шертеді" (1994 жыл, Халық баспасы) атты жинақ болып жарыққа шықты.
Әкпар Есбосынұлы (1911-1944) Құдайназар батырдың ұрпағы. 1944 жылы Пәтих, Сейіт, Қайнам, Байшарын, Науан секілді ерлермен бірлесіп "Ластай партизандарын" ұйымдастырып, гоминдаң үкіметіне қарсы қарулы күрес жасаған. Сол жылы 20-қарашада жау оғынан ерлікпен құрбан болған. Үш аймақ үкіметі 1946 жылы 10 маусымда оған "Халық батыры" атағын берген.
Әкпар Мәжитұлы жазушы, 1954 жылы Іленің Қорғас ауданында туған. 1973-1976 жылдары Ланжу университетінің әдебиет факультетінде оқыған. Қытай мемлекеттік жазу¬шылар қоғамында және осы қоғамның "Ұлттар әдебиеті" жур¬на¬лында редактор, бас редактордың орынбасары қыз-меттерін атқарған. Қазір Қытай жазушылар баспа тобының бастығы.
"Ақсақ құлан" (1985 жыл), "Көк көгершін" (1991 жыл) әңгіме-повестер жинағы қазақ тілінде, "Қайран он бес жасар Қалида-ай", "Ханымның сандығында сақталған тізімдік" әңгіме-повестер жинағы қытай тілінде жарық көрген. "Нұрман қарт және оның тазысы" әңгімесі үшін мемлекеттік сыйлық алған.
Әріпжан Жанұзақұлы ( 1878-1946 ж) ақын, әрі сазгер Шығыс Қазақстанда туып Тарбағатай өңірінде өткен Әріпжан әр қырынан ел көзіне түскен. Ол Ташкент, Самарқан, Ферғана қалаларын аралап ел танып, жер танып өнер өрісін кеңейтіп отырған.
Оның төл туындыларынан "Ферғана қызына", "Жәжек жыры", "Ақыт қажы мен Қызайбай қажыға", "Ферғанаға арнау", "Ермек пен Марияға", "Қаракөз бен Мұқажанға" секілді еңбектері бар.
Басбай Шолақұлы Бапин (1889-1953 ж.ж.) Қытай қазақ¬тары арасынан шыққан атақты бай, көрнекті қоғам қайрат¬кері. ШҰАР Тарбағатай аймағының алғашқы уәлиі (губернаторы).
Ол өз қаржысы арқылы мектеп-медресе ашып, көпір салдырып, халыққа көп игілікті істер жасаған. Ұлы Отан соғысы кезінде (1943 ж.) КСРО-ға көмекке ер-тұрманымен 500 ат көмек жіберсе, Кореяға көмектесіп, Америкаға қарсы тұруға (1951 ж.) бір ұшақ атаған.
Қытайдағы қазақ жазушысы З.Сәнікұлы "Басбай" атты тарихи роман жазған.
Баймолла Қарекеұлы (1879-1941 ж.ж.) белгілі қоғам қайраткері. Сауыр жерінде туған, Қобықта мал соңында жүргенде Жәке би өзіне көмекшілікке ертіп, сонан бастап ел ісіне араласа бастаған. Қытай, моңғол, манжу тілдерін жетік меңгерген. Мәми бейсінің қолында қызмет атқарып жүрген кезінде, Закария төреге ілесіп, Жұңхуа мингоның парламент мәжілісіне қатынасқан. Кейіннен Иаң Зыңшиң¬ның тұсында, Үрімжіде әскери мансапқа (иңжаң) отырған. Шың Сысай Шынжаңның тағына отырған тұста оны өлкелік халық істер меңгермесінің бастығына тағайындайды. Бұл туралы Асқар Татанайұлы: "Шың Сысайдың қазақ халқынан меңгерме бастығындық мансапқа қойғаны да, сенімсіз қарағаны да, тұңғыш рет түрмеге жапқаны да осы Баймолда болды" дейді.
Байеке Жазбайұлы (1820-1893) Қызай елінің меңіс руы Тілеуберді атасынан тарайды. Әрі білгір, әрі шешен болған. "азуы алты қарыс" көкжалдығымен аты шығып елі мен жері үшін аянбай күрескен тұлға.
Байқозы Жасақбайұлы (1859-1933 ж.ж.) - Алтайдың Жеменей өңірінде өткен атақты балуандардың бірі. Үлкен¬дердің айтуынша Байқозының жауырыны жерге тиіп көрмепті. Жетпіске келгенде де топты көріп арқасы қозып "Балуанға түсемін" дегенде бас бәйгені күрестірмей берген екен. Оның алыптығы туралы көзімен көргендер "жалғыз өзі бір қойдың етін толық таусып жеп қойғаны" мен "Сарлықтың бұқа¬сының мүйізінен қысып өлтіргенін" аңыз қылады.
Батырхан Құсбегин, жазушы, 1936 жылы ШҰАР Бурылто¬ғай ауданында туған. Үрімжі педагогика мектебінде, Шынжаң өлкелік кадрлар мектебінде оқыған. 1953-1955 жылдары Санжының оқу-ағарту саласында, 1956-1962 жылдары "Шын¬жаң газетінде" (редактор, тілші) жұмыс істеген. 1968-1983 жылдары жазықсыз жаламен Тарым жаза лагеріне апарылған. 1983 жылы бостандыққа шыққан. 1957 жылы "Қайта туған махаббат" әңгімесімен прозаға араласқан ол, "Жан" (5 том), "Зуқа батыр", "Пана", "Кешулер" романдарымен бірге "Ей, адамдар-ай" (әңгімелер жинағы) "Сөреде" (көп авторлық дастандар жинағы), "Үш қиық" (үш автордың дастандар жинағы), "Бір тәулік" (әңгіме-повестер жинағы) секілді көптеген шығармалар жазып жариялады.
Б.Құсбегин Қытай жазушылар қоғамының, ШҰАР жазушылар қоғамының мүшесі.
Бәдет Ахметжанов сазгер, 1942 жылы Тарбағатайда дүние¬ге келген. Ол Шынжаң көркемөнер мектебінің музыка класын бітірген. Толы аудандық көркемөнер үйірмесінің музыка мұғалімі болып істеген.
Бәдет 1959 жылдан бастап музыка жасампаздығымен айналысып , бір жүз елуден астам ән-күй жазды. Оның "Серпін" күйі, "Тарбағатай" әні мемлекеттік сыйлық, "Өмір¬лігім", "Аққуым", "Орманым" әндері ШҰАР сыйлығын алған.
1985 жылы Іле Қазақ автономиялы облыстық музыканттар қоғамының орынбасар төрағасы болған.
Боздақ Дүзбембетұлы (1900-1994 ж.ж.) - әрі айтыс ақыны, әрі жазба ақын. 1970-1980 жылдардан ресми қалыптаса бастаған Шынжаң айтыс ақындары мектебін қалыптасты¬рушылардың бірі. Көптеген альманахтарда өлеңдері жарияланумен бірге 1980 жылы Шынжаң халық баспасы жағынан "Ертіс толқыны" атты бір томдық таңдамалы өлеңдері жарық көрген.
Ботай Көпенұлы, қоғам қайраткері. 1959 жылы орта мек¬тепті бітіріп, Ташкент университетіне химия мамандығы бойынша оқуға түскен. 1965 жылы университетті бітіріп, Шынжаң бөлімшесінің химия зерттеу институтына жұмысқа орналасқан. 1974 жылға дейін химия ғылымына қатысты арнаулы тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан. "Ғылым қиясында" атты кітабы бар.
2003 жылдан бастап "Шынжаң қазақ тіл-мәдениет, ғылыми қоғамының" төрағасы қызметін атқарып келеді.
Болмас Төлемісұлы (1909 - 1968) - ақын. Басты шығарма¬ларынан - "Өмір суреті", "Шіңгіл шырғалаңы", "Алтын тон", "Астанам" сияқты өлеңдері мен 11 күй, 8 әні бар.
Бөстек сал (1759-1830 ж.ж.) Алтай бетінде өткен атақты салдардың бірі. Ол ән салып, күй тартумен бірге киім-кешек, мініс көлігі жағынан көз сүрінерлік көркемдікпен өз ортасына танылған қазақ салдарының соңғы біреуі еді.
Бөке Жырғалаңұлы (1850-1904 ж.ж) - ХІХ ғасырдың соңында Қытайдың зұлымдығына қарсы тұрып, ұлт азаттығы үшін күрескен әйгілі батыр. Ол қазақ ұлтына есе теңдік алу жолында күресіп жүріп, 1904 жылы Тибет жерінде қаза болған. Оның өлгенін естіген Қытай армиясы ауылды жаулап, көрдегі өлі денесінен басын кесіп алады. Сол арқылы "кім біздің әмірімізді тыңдамаса, көретіні осы" деп халыққа сес көрсетіп, басын Үрімжі көшесіне іліп қояды. Сөйтіп, тарихта бір адамның денесі екіге бөлініп, басы туған даласы Алтайға, сүйегі Тибетке жерленеді.
Бұхат Қанапияұлы (1894-1943) Алтайдағы төрт бидің бірі Көкеннің ұрпағы. 1934 жылы Қанапия бейсі қайтыс болғанда бейсілік орнына мұрагерлік еткен. Ел басқару ісінде халыққа адалдығымен аты шыққан. 1943 жылы ұлт азаттық күресін қолдадың деген жазамен Шыңшысай жағынан өлтірілген.
Бұланбай Көлбайұлы (1765-1850 ж.ж.) - ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында өткен атақты палуан. Қазақ палуанды күшіне қарай " түйе палуан", "өгіз палуан", "аю палуан " атасады. Бұланбай құйға батқан түйені жұлып алғандығымен алып атанған "түйе палуанның" бірі.
Бүркітбай Тұяқұлы (1906-1944) - 1939 жылдан басталған Оспан батыр бастаған ұлт азаттық көтерілісінің батыр сарбаздарының бірі. Оның есімі батырлығымен қоса "Ой, Ғайша" әні арқылы әйгілі болған.
Ол 1943 жылы қолға түсіп, 1944 жылы 11 ақпанда Алтай қаласында гоминдаңшыл қытайлар жағынан атып өлтірілген.
Бықыш Қазыкеұлы (1840-1911 ж.ж.) - Алтайдың Буыр¬шын өңірінде өткен айтулы шешен. Оның көптеген шешендік шежірелері "Шешендік сөз аңыздары", "Шалғын", "Мұра", "Алтай аясы" журналы секілді басылымдарда жарияланған.
Бықыштың шешендік сөздері тап бермеде айтқан тапқыр сөздері мен елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын халық¬шылдығы жағынан ерекшеленеді.
Бейсенбі Дөненбайұлы (1803-1872 ж.ж.) - Алтай өңірінде өткен атақты күйші, әрі Алтай күнбетіндегі төрт бидің бірі болған.
Бала күнінен күйге әуес болып өскен ол жастайынан билік¬ке де араласады. 17 жасында арғын, найман, керей ара¬сындағы үлкен бір дауға түсіп, шешендігімен, білгірлігімен ел көзіне түскен. Құнанбай қажымен де дастарқандас болып, билікке араласқаны туралы аңыз бар. Бұл аңыздарды ақиқатқа жақындататын нәрсе оның күйлері болып, алғашқы билікте өзіне сыйға тартылған атқа қарата "Майда жал" күйін тудырғаны айтылса, Құнанбайға қатысты "Бодау кеңес" күйін шығарғаны айтылады. Бейсенбі өз өмірінде "Жеке батыр", "Қымыз күйі", "Арман-ай", "Тан-тан сал", "Жеңілдім", "Көкшұбар", "Бежеңнің кеңес күйлері" секілді көптеген күйлер жаратқан. Күйшінің еңбектері жүйелі түрде жинақталмағандықтан әлі де көп зерттеуді қажет етеді.
Бердіхан Абайұлы (1940-1990 ж.ж.) - Қытайдың Тарбағатай өңірінде өткен дүлдүл ақын. Ол айтыс өнерінің саңлағы болып қана қалмастан сазгерлік, шешендік жағынан да өзіндік талант танытқан.
Көптеген өлеңдермен бірге "Ауылым", "Келе берші жаз айым", "Менің анам" секілді 20-ға тарта әні бар. 1999 жылы "Ақындар айтысы" атты (ІІІ-том) айтыстар мен өлеңдер жинағы жарық көрген.
Бекмұхамет Мұса. Қоғам қайраткері. 1942 жылы Іленің Текес ауданында туған. Іле-Қазақ автономиялы облысының бастығы, ШҰАР Саяси кеңес төрағасының орынбасары тектес жұмыстар істеген.
Гүлістан Қанапияұлы - палуан. Қытайдың мемлекеттік чемпионы. 1952 жылы Алтайда туған. Қытайдың бес реткі мемлекеттік күресінде, Шынжаңның алты реткі өлке дәрежелі күресінде алтын медаль иегері болған.
Ғазез Ақытұлы, белгілі қаламгер, 1924 жылы, 18 сәуірде Алтайдың Көктоғай ауданында туған. Ескіше, жаңаша жоғары білімге ие. 1938-1950 жылдары ауылда мұғалім, 1950-1958 жылдары Көктоғай аудандық мәдениет оқу-ағарту бөлімінің бастығы болған. 1981-1994 жылдары Көктоғай ауданы саяси кеңестің төрағасының орынбасары қызметін атқарған. "Сарқыт" (2001 ж) атты жыр жинағы мен "Ақыт Үлімжіұлы" (2000 ж) атты тарихи эссесі жарық көрген. Інісі Мақатпен бірігіп "Құран кәрімді" тұңғыш рет (1990 ж) қазақшалаған.
Дәлелхан Сүгірбайұлы (1906-1949 ж.ж.) - Саяси қайраткер. Моңғолияның Баянөлгей аймағында туған. Сарсүмбе ауданының орынбасар әкімі, Алтай аймағының орынбасар уәлиі, Алтай атты әскерлер полкінің командирі, Алтай аймағының уәлиі, ұлттық армияның орынбасар бастығы секілді міндеттер атқарған.
Оспан бастаған ұлт азаттық көтерілісіне қатынасқан. 1941 жылы Кеңес Одағында коммунистік партияның арнайы қызметкерлер тәрбиелеу мақсатындағы оқу орнынан білім алған. Кейіннен коммунистік идеяны жақтауына байланысты Оспан батыр екі арасында түрлі қайшылықтар мен қан төгістер болған. 1949 жылы 27 тамыз күні Пекиндегі Қытай елінің құрылу орайындағы арнайы жиналысқа ұшып бара жатып, Байқал жерінде ұшақ құлап қаза болған.
Дәлелхан Мәмиханұлы қоғам қайраткері. 1946 жылы Алтайда туған. ШҰАР халық үкіметі төрағасының орын¬басары, ШҰАР тұрақты комитеті төрағасының орынбасары қатарлы қызметтер атқарған.
Дәлелхан Әділбекұлы әнші. 1962 жылы Тарбағатайдың Шағантоғайында туған. 1978 жылы Іле облыстық ән-би үйірмесіне қабылданып, 1987 жылы Шаңхай музыка инсти¬тутының ән факультетін тәмамдаған. 1988-1995 жылы екі мәрте ҚХР мемлекеттік жүлдесін жеңіп алып, "Алтын самұрық" секілді таңдаулы сыйлықтармен марапатталған.
Франция, Германия, Италия, Швейцария, Голландия, Жапония, Қазақстан елдерінде өнер сапарында болған. 1992 жылдан бастап Шынжаң әскери районының әншісі.
Дәулет Халықұлы күйші, композитор. 1939 жылы ШҰАР Шіңгіл ауданында туған. 1957 жылдан бастап ұзақ уақыт Іле-қазақ автономиялы облыстық театрында, кейіннен Күйтін қаласында Мәдениет-көркемөнер зерттеу кеңсесінде жұмыс атқарған. "Туған жер", "Ауылым", "Бақыт қайнары" сияқты көптеген күйлердің авторы. "Ақ қайнар" атты күйлер жинағы жарық көрген.
Демежан Кешубайұлы (1865-1906 ж.ж.) Тарбағатай өңірінде өткен белгілі қоғам қайраткері. Демежан туғанда шешесі Күлдаридың әкесі Керімбай зәңгі оны бауырына салып алған екен. Жаңа босанған бәйбішесі Ажар екі баланы егіз етіп біріне Демежан, біріне Сүйежан деп ат қойған.
1898 жылы Керімбай науқастан қайтыс болар алдында ел ағалары алдында Демежанды мұрагер ретінде өз орнына қояды. Бұған Қызылбаланың Ысқағы секілділер қарсы бо¬лады. Демежанның халықтың жоғын жоқтап, алман салыққа қарсы шығуын сылтауратқан сол кездің үкімет ұлықтары мен Мәтен бастаған зұлым топ бірлесіп, оны дарға асып өлтіреді.
Әсет, Күдері бастаған ақындар Демежанды күңірене жоқтайды.
Досбер Саурықұлы (1894-1971) Іленің Нылқы ауданында туған. Араб, парсы тілін жақсы білген әрі ел басқару ісіне араласып отырған. Жасынан өлең-жырға әуес болып, жаз¬ғандары 1940 жылдың соңғы кездерінен бастап жариялана бастаған. 1947 жылы "Төңкеріс таңы" газетінде тілші болған.
Өкілдік шығармаларынан - "Сәдуақас жомарт", "Сақау қыз", "Алдаркөсе", "Досбер мен Алтынның айтысы", "Мамырбекке", "Бабам туралы", "Күнестегі бауырыма", "Текеске барғанда", "Шап", "Бала", "Қалам мен балаға", "Ғашықтық хаты" сияқтылар бар болып, оның көп бөлімі 2000 жылы Іле қазақ баспасынан "Досбер Саурықұлы шығармалары" деген атпен жарық көрген.
Дубек Шалғынбаев (1921-1947 ж.ж.) - Қытай қазақтары¬нан шыққан белгілі қаламгер әрі қоғам қайраткері. Атасы Шалғынбай зәңгі болса, әкесі Нұртаза көп тілді, білімді үкірдай болған адам. Дубек 7-8 жастағы кезінде ауылдық мектептен оқумен бірге, Шың фамилиялы қытайдан қытай тілінде сабақ оқиды. 1936 жылы Үрімжідегі "Моңғол-қазақ" мектебіне жібереді. Зерек бала қытай тілін меңгеріп қал¬мастан, сол тілде саяси мақалалар жаза бастайды. 1937-жылы күзде Дубек бұл мектепті бітіріп, Шынжаң институтының тіл факультетіне оқуға түседі. 1939 жылдан бастап "Шынжаң газеті", "Халық үні", "Жаңа нұр", "Күрес", "Табыс" атты газет-журналдарда "Кедей оқушының тағдыры", "Халық пікірінің шындығы", "Қазақ тілінің кейбір мәселелері", "Әдебиетіміздегі келелі мәселелер" секілді көптеген еңбектер жазып жариялады. Дубек әйгілі аудармашы да болған. Ол қазақ халық ертегілері мен Қожанасыр әңгімелерін қытай тіліне аударған.
Жендет Шың Сысай оны 1942 жылы тұтқындап, түрмеге қамайды. 1945 жылы түрмеден босайды. Сол жылы ақпанда Шәуешек қаласына келіп, үш аймақ төңкерісіне қатынасады. Бір мезет Шәуешек түрмесіне жатып шығады. 1945 жылы тамызда Тарбағатай уәли мекемесі құрылып Басбай уәли, Дубек үгіт тарауының бастығы болады. 1946 жылы Тарба¬ғатай төңкерістік жастар ұйымы төрағасының орынбасары, аудандық кеңестің төрағасы, "Халық үні" газетінің бас редакторы жұмыстарын атқарады.
Есенкелді Құдайназарұлы (1711-1781 ж.ж.) - жоңғар шап¬қын-шыларына қарсы күрес тұсында қара керей Қабанбай, ке¬рей Ер Жәнібек батырлармен тізелесе ерлік көрсеткен¬дердің бірі.
1757 жылдан бастап қызай елінің Аякөзге, одан өрлеп Тарбағатай жеріне қоныс аударуына, ата мекенге бауыр басуына көп еңбек сіңірген. 1768 жылы Тарбағатай амбы¬сы¬ның таныстыруы, Іле генералы Агуйдың орталыққа ұсы¬нуы арқылы Чиң үкіметінен (Еженхан) төртінші көктас дәрежесіндік мансап алған.
Есімхан Иманбайұлы (1899-1941 ж.ж.) - Көктоғай жерінде туған. 1935 жылы үкірдайлық орынға мұрагерлік еткен. Оспан батыр бастаған ұлт азаттық көтерілісін бастаушы¬лардың бірі. Шың Сысайдың қазақтарды жаппай тұтқындап, қырғын¬дауына байланысты 1940 жылы 2 ақпанда Көктоғай ауданының қытай әкімі Чүй Ырлиң бастаған төрт адамның басын кесіп, қолын қандайды. Әрі қаруларын алып қытай¬ларға қарсы күресті бастайды.
1941 жылы көтерілістің бір реткі сәтсіздігінде қолға түсіп, Үрімжі түрмесінде қастандықпен өлтіріледі.
Жақып Мырзаханұлы Аға зерттеуші, әйгілі тарихшы, ғалым, жазушы. 1940 жылы Іленің Қорғас ауданында туған. 1958 жылы қазіргі Шынжаң университетінің тарих-жағрафия факультетін бітірген соң Қытай ғылым академиясы Шынжаң бөлімшесі жүйесінде зерттеуші, басшылық қызметтерде болды.
Ж.Мырзаханұлы ғылыми зерттеу және әдебиет жасам¬паздығы жұмысымен тең шұғылданып, көрнекті табысқа қол жеткізді. 1960 жылдан бастап әдеби шығармаларын, 1980 жылдан бері ғылыми еңбектерін үзбей жариялады. "Арман асуында", "Таңқұрай" қатарлы романдары, "Дала гүлі" атты әңгіме, очерктер жинағы, "Қазақ ұлты", "Тарихи этногра-фиялық зерттеулер", "Қазақ халқы және оның салт-санасы", "Қазақтар" (ханзу тілінде жарияланған), "Абылайхан", "Күшлікхан", "Ғасырлар қойнауынан" (ғылыми мақалалар жинағы), "Тағдырдың тартуы" (әңгімелер жинағы) сияқты он неше кітабы баспадан шықты. Қытай қазақтарына қатысты көптеген зерттеу еңбектерінің ғылыми сарапшысы болған.
Жоғардағыдай ұлағатты еңбектері үшін Ж.Мырзақан 1980 жылы "Көмекші зерттеуші", 1987 жылы "Тете аға зерттеу¬ші", 1992 жылы "Аға зерттеуші" кәсіптік-техникалық қызмет атағын алды.
Жақаңның халқына, отанына сіңірген ұлағатты еңбектері "Халықаралық әйгілі адамдар", "ҚХР аз ұлттарынан шыққан әйгілі адамдар", "Қазақстан энциклопедиясы", "ҚХР жазу¬шы¬лар сөздігі", "ҚХР тарих ғалымдары сөздігі" қатарлы жиыр¬ма неше энциклопедиялық сөздіктерге алтын әріппен жазылды.
Жақып Жүнісұлы тарих ғалымы. 1938 жылы Іленің Күнес ауданында туған.
"Қазақтың тегі және қалыптасуы", "Тарихи білім сөздігі", "Есенкелді батыр", "Қызай ана", "Іленің тарихи шежіресі" қатарлы кітаптары бар. Оның еңбектері қытай тілінде жариялануымен бірге өзі де көптеген шығармаларды қытай тіліне аударған.
Жамалхан Қарабатырқызы. Көрнекті айтыс ақыны. 1959 жылдан 1962 жылға дейін Дөрбілжін ауданының Маралсу ауылында оқытушы болған. 1962 жылдың соңынан 1978 жылға дейін 16 жыл қоғамдық өзгерістер есебінен қызметтен шектелген. 1978-1984 жылға дейін оқытушы, 1984 жылы қазаннан бастап Дөрбілжін аудандық мәдениет үйіне ауысып, 2003 жылы зейнетке шыққан.
1956 жылдан бастап әдеби шығармаларды оқумен бірге әдеби сын, зерттеу мақалаларын қалдырмай оқып өздігінен білімін жетілдірген. Сөйтіп, ауызекі айтысудан тысқары жазба әдебиетпен де шұғылданған. Бүгінге дейін ол 18 рет бірінші дәрежелі сыйлық, екі рет халықаралық сыйлық алған айтыс ақындарының ұстазы.
Шынжаң халық баспасынан "Ақындар айтысы" кітабы шыққан. "Айтыс және менің әріптестерім", "Бердіхан қандай ақын", "Ауыз әдебиетіндегі әйелдердің орны", "Көркемдік пен шешендік", "Жоқтаулар нені айтады", "Айтыстың мінезі", "Бесік жырының белгісі" секілді көптеген сын-зерттеу еңбектерінің авторы. "Ауыл әуендері", "Жыр нөсері" кітаптарын баспаға ұсынды.
Жанәбіл Смағұлұлы 1934 жылы ҚХР ШҰАР Алтай аймағы Қаба ауданында туған. ШҰАР саяси кеңесінің төрағасы. 1953 жылы тамызда Қытай коммунистік партия¬сына кірген. Алтай аймақтық Әкімшілік мекемесінің орынба¬сар уәлиі, Орталық ұлттар баспасы "Мау Зыдұң" таңдамалы шығармаларын ұйғыр, қазақ тіліне аудару тобының бастығы, Бурылтоғай аудандық парткомы жетекші¬сінің орынбасары, төңкерістік комитетінің орынбасар меңгерушісі, қосымша Іле Қазақ облыстық парткомының жетекшісі, төңкерістік комитетінің меңгерушісі, ҚХР ШҰАР саяси кеңесінің төрағасы, саяси кеңестің төрағасы, Қытай Коммунистік партиясы 10, 11, 12, 13, 14 кезекті съездерінде Орталық комитет мүшелігіне кандидат, Қытай Коммунистік партиясы 15-құрылтайының уәкілі болған.
Жанымхан Тілеубайұлы (1888-1951 ж.ж.) - белгілі қоғам қайраткері. 1937 жылы үлкен ұлы Дәлелханды ертіп қажыға барған. Қазақтардың дін және ағарту ісіне өзіндік үлес қосқан. Алтай аймағы уәлиінің орынбасары (1942 ж), Шынжаң өлкелік үкіметтің қазына министрі қызметтерін атқарған. Оспан батырмен бірлікте қызыл үкіметке қарсы оқ атып, 1950 жылы қапылыста қолға түседі. 1951 жылы 28 сәуірде Оспан батырмен бірлікте атылады. Жау қолынан сытылып шыққан балалары Дәлелхан, Мәжит Үндістан арқылы Түркияға барып тұрақтайды.
Жайырбек Сасанұлы (1885-1946) Сасан бидің ұлы Ақалақшы және Күнес ауданының әкімі секілді міндеттер атқарып, мектеп ашу ісіне, ұлт азаттық қозғалыстарына демеуші болған.
Жәке Қойтанұлы (1833-1914) - би және шешен. 1884 жылы 800 үй меркітті "Кіші тау ", "Маңырақтан " бастап, Сауыр жерін мекендеген.
Ірі биліктерге қатысып, әділдігімен көзге түскен. "Керейдің Жәкесі, меркіттің әкесі" атанған. Медресе ашып елдің өнер-білім игеруіне жол ашқан. Оның билік және шешендік сөздері басылымдарда үздіксіз жарияланып келеді.
Жұртбай Көкенұлы (1826-1890 ж.ж.) - Әкесі Көкен Мамытұлы 1836 жылы төрт бидің бірі болып сайланған. Кейін Жұртбай әкесінің мұрагері болып билікті жалғастыр¬ған. 1870 жылы іргетасы қаланған Сарсүмбе қаласын салуға айрықша еңбек сіңірген. 1867 жылы "Қызыл аяқ шапқын-шылығы" тұсында бағынышты болған 40 қытай отбасын егіншілікке орналастырған (кейін олар қырық үй қоржа атанған). Алтай өңірінде егіншілік кәсібінің дамуына көп еңбек сіңіріп, халықтың қамы үшін өмір кешкен.
Жұмабай Біләлұлы ҚХР қазағынан шыққан көрнекті жазушы. 1941 жылы Тарбағатайдың Дөрбілжін ауданында туған. Шәуәшектегі гимназияда, Шынжаң университетінің қытай тіл-әдебиет факультетінде білім алған.
1954 жылы "Қараңғы" атты әңгімесімен әдебиет есігін ашқан ол "Жондағы жорықтар", "Кешкен күндер", "Ата дәулеті", "Қоңыр таудың күңгірі", "Дала торғайлары", "Көненің көзі", "Сүрі қар"(қытайша), "Арулар", "Бозжігіт¬тер" сынды он неше кітаптың авторы. Қаламгер 1982 жылдан тартып ұлттық прозаның байырғы сүрдегінен бөгде өзгеше жазу әдісіне бет бұрды. "Аспан серісі" (қытайша), "Үш қиық", "Неке", "Сүрі қар", "Білеу", "Зеңгінің ұрқы", "Шаңқанбоз" сияқты әңгімелері мен "Өлместің күнін бер", "Қоңыр таудың күңгірі", "Ақ селеу" қатарлы повесттері, "Дала торғайлары", "Арулар", сияқты романдары сәтті туындылар болып жұртты бірден елең еткізді. Жазушының әңгіме, повестерінің дені қытай тіліне аударылды. "Үш қиық" жапон елінде жарияланды. Жазушының "Ата дәулеті" кітабы 1987 жылы Орталық жазушылар одағының аз ұлттар әдебиеті сыйлығына, "Неке" атты әңгімесі 1989 жылы Жұңго жазушылар қоғамы "Шұғынық" сыйлығына, "Сүрі қар" атты кітабы (қытайша) 2002 жылы Жұңго жазушылар қоға¬мының "Тұлпар" сыйлығына, ал "Кешкен күндер", "Жон¬дағы жорықтар" кітаптары ШҰАР- дың 1,2 дәрежелі таңдаулы әдеби туынды сыйлығына ие болды. Қаламгердің өзі кәсіптік мамандық бойынша бірінші дәрежелі жазушы атағын алды. 2003 жылы қарашада Қытай жазушылар қоғамының үйірме мүшесі ретінде Үндістандағы екі ел қаламгерлерінің ғылыми талқы кеңесіне қатысып қайтты.
Ж. Біләлұлы ҚХР үздік маманы, ҚХР жазушылар қоға¬мы¬ның, ШҰАР жазушылар қоғамының, ҚХР аз ұлт жазушы¬лары ғылыми қоғамының, ШҰАР әдебиет көркемөнершілер бірлестігінің жорасы. Мемлекеттік 1-дәрежелі жазушы.
Жұман Әбішұлы - (1943-2005ж.ж) Шынжаң институты¬ның тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Құмыл аймағының оқу-ағарту, үгіт-насихат саласында жұмыс істеген. Кейін Баркөл ойын-сауық үйірмесінің меңгерушісі, "Шұғыла" журналы¬ның редакторы, "Мұра" журналының бас редакторы қыз¬меттерін атқарған.
Оның "Бүршік", "Шуақ", "Адам-ай, адам" атты өлеңдер жинағы, "Салиқа-Сәмен" атты либреттосы секілді кітаптары жарық көрген.
Жұманның музыка саласындағы тұңғыш еңбегі - "Жайлау әні", "Айбала" атты әні жеті-сегіз шетел саханасында орын¬далып, мемлекеттік үздік шығарма қатарында екі рет сыйлан¬ды. "Көрікті Баркөл жайлауы", "Зиялы жас ай бала", "Туған жер", "Буратал" секілді көптеген әндері жұрт арасына кең та¬ралған. Ол ҚХР фольклоршылар қоғамының ҚХР Жәңгір зерттеу қоғамының, ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоға¬мы¬ның, Қытай жазушылар қоғамы Шынжаң бөлімшесі¬нің, қытай фольклор қоғамы Шынжаң бөлімшесінің мүшесі болған.
Жүсіпбек Шайқысламұлы (1857-1937 ж.ж.) - әйгілі ақын. 1857 жылы Жетісудың "Әулие ата" деген жерінде өмірге келген. Араб, парсы және түркі тілдерін жетік білген. 1930 жылы Текес ауданына барып соңғы өмірі сонда өтті.
Ол өз жанынан өлең шығарумен бірге шығыстық үлгідегі көптеген шығармаларды, аңыз-ертегілерді назиралық жолмен жаңғыртып жазып шыққан.
Оның өкілдік шығармаларынан: "Қасен мен Ғайнижамал", "Шәкім шәкірт", "Еренғайып", "Шеризат", "Мұңлық-Зар¬лық", "Алтын балық", "Ораз молда", "Мәңгі тату ерлі-зайып" сынды Бақтиярдың қырық бұтағынан өңделген 13 қиссасын, "Жүсіпбекқожа мен Зылиқаның айтысы", "Сақау қыз бен көсенің айтысы", "Жүсіпбекқожа мен Лазипаның айтысы" секілді айтыстарын, өзі бастырған "Қыз Жібек" (1894 ж), "Айман - Шолпан" (1898 ж), "Біржан сал мен Сара қыздың айтысы" (1898 ж), "Алпамыс батыр" (1899 ж) кітаптарын атауға болады. Оның еңбектері Қазан, Ташкент баспаларынан арт-артынан басылып шықты.
Жүсіпбекқожа Шайқысламұлы Қытай қазақтарының жазба әдебиетінің негізін салушы ғана емес, тұтас қазақ жазба әдебиетін қалыптастырушылардың бірінен саналады.
Закария Оспанұлы (1863-1918) бала кезінде діни медреседе оқыған. Арабша, түрікшені өздігінен үйреніп, білімді, ашық ойлы азамат болып есейген. 1912 жылы Минго үкіметі құрыл¬ғанда мемлекеттік кеңестің уәкілі ретінде Бейжиңге барған. 1913 жылы 12 қыркүйекте Минго үкіметі Закарияға бейсі мансабын беріп, ұлық киімі мен қылыш секілді бұйымдар тарту еткен. З.Оспанұлы халқының ағарту ісіне мән беріп, арнайы мектеп ашқан. Белгілі күйшілік өнері де болып, "Сапар тілегі", "Бейжиң кеңесі" күйлерін жаратқан.
Зуқа Сәбитұлы (1867-1929) - Қытай зұлымдығына қарсы шыққан қас батырлардың бірі. Оның әкесі Сәбит Алтай өңіріне кеңінен танымал болып, халықтық ағартуға өзіндік үлес қосқан. Зуқаны да көп оқытып тәрбиелеген. 1903 жылы қажыға жібереді.
Кім жәбір-жапа көрсе, сол Зуқаны іздейтін болады. Сөй¬тіп оның қанатының асты толып, қалың сарбазы бар айбатты қосынға айналады. Алтай мен Үрімжі арасында Қытай әске¬рімен сан рет соғысады. Оның есімі елге жайылып, үкіметтің үрейін ұшырады. Аңдыған жау алмай қоймайды. Дүңген жансыздарының жол бастауымен алаңсыз жатқан жерінен пайдаланып, тарпа бас салып басын кесіп алады.
Зуқаның басын екі құлағынан Сарсүмбе (Алтай) қаласы¬ның орталығындағы қара көпірге іліп қояды. Құлағы жыры¬лып тоқтамағанда темір шарбаққа салып қойып, халыққа сес көрсетеді. Сол қара көпір бертінге дейін "Зуқаның басы ілінген көпір" атанды. (Осы жолдардың авторы сол көпірді өз көзімен көрген).
Оспан батыр өз кезінде осы Зуқа батырдан бата алған екен.
Кәсімбай Құсайынұлы - (1910-1991 ж.ж.) Тарбағатай же¬рінде өткен, әнші-сазгер, әрі ақын. Өзі жаратқан жүзден астам ән-күйі бар. 1988 жылы Шынжаң халық баспасы жағынан "Жайма шуақ " атты ән-күй жинағы жарық көрген. Ол Қытай фольклоршы қоғамының, Шынжаң бөлімшесінің, облыстық әдеби көркем өнер бірлестігінің мүшесі болған. Оның есімі "ҚХР таяу заман әдебиетінің негізгі өкілдері" атты энциклопедиялық томға кірген.
Кәрібай Таңатарұлы - (1872- 1931 ж.ж.) Тарбағатай өңі¬рінде өткен ақын. Ол тап бермедегі тапқыр өлеңдерімен жүрт көзіне түсіп, кейіннен ақындар айтысының жекпе-жегін¬де талай шыққан. Әсіресе, оның атын аспандатқаны Әсет ақынмен болған айтысы (1896 жыл) екен, Кәрібай ақын¬дықпен аты шығуына қарамастан, халықтық мұраларды жиып-теру жағынан да көптеген жұмыстар атқарған. Дәрібай Қондыбайұлының "Рисала -и тауарих" кітабындағы қазаққа қатысты бөлімді "Майқы туралы" деген атпен өлеңге айналдырған, "Қабанбай " жайынан да көп дерек жиып берген.
Кәрім Әбдірахманұлы Қытай мемлекетінің бірінші дәрежелі композиторы. 1944 жылы Алтай аймағының Буыршын ауда¬нында туған. Сазгерлік жағында - "Уа, сүйікті отан - ана", "Сарқылмас махаббат", "Қызғалдақ", "Айлы кеш", "Наз", "Ақ сәуле", "Толқын", "Сайра домбыра" секілді туын¬дыла¬рымен бірге көптеген би, фильм музыкаларын жазған.
Ол қазақ мектептеріне арналған әртүрлі ән-музыка саба¬ғына қатысты оқулықтармен қатар "Қытай музыка, би энцик¬лопедиясы" мен "Қытай ұлттық фольклорлық күйлер жинағын" құрастыруға ат салысқан. Өзі де бірталай зерттеу еңбектерін жазып жариялады.
К.Әбдірахманұлы Қытай музыканттар қоғамының, музы¬канттар қоғамы құрылтайларының мүшесі. Оның есімі "Қытай осы заман көркемөнерінің әйгілі адамдары", "Қытай мамандары", "Қытай музыканттары" қатарлы энциклопедия¬лық сөздіктерге енген.
Камал Ішікбаева Қытайдың мемлекеттік әншісі. 1936 жылы Тарбағатайда туған. Мемлекеттік 1-дәрежелі артист атағын алған ол жарты ғасырлық өнер сапарында қазақ халық әндерін арқау еткен, 100-ден астам әнді асқақтата шырқады. Радио, теледидарда, кинофильмдерде де өз өнерін көрсетіп отырды. Шетел сахналарында да сан мәрте ән шырқады.
Ол Қытай музыканттар қоғамының, Шынжаң музыканттар қоғамының, ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің жорасы, әртүрлі сыйлықтардың иегері.
Камал Мақайұлы 1949 жылы Күнес ауданының кадрлар бөлімінің бастығы, әкімі болған. 1956 жылдан Іле облыстық көркемөнер үйірмесінің жауаптысы, 1962 жылдан бастап "Іле газеті " мекемесінің ұйғыр, қазақ бөлімінің бас редакторы, 1975 жылдары облыстық көркемөнер үйірмесінің бастығы болған.
Камал ән-күй жасампаздығымен 1957 жылдан бастап шұғылданған. Содан қазірге дейін "Менің домбырам", "Көркем Тянь-Шянь", "Жасыл алқап", "Жайлау думаны" қатарлы 30-дан астам күй шығарды. "Шат дәурен" күйі ШҰАР жағынан сыйланды.
К.Мақайұлы Қытай музыканттар қоғамының мүшесі, Қытай музыканттар қоғамы Шынжаң бөлімше қоғамының орынбасар төрағасы, ШҰАР әдебиет көркемөнер бірлестігінің мүшесі, Қытай халық әндерін баспадан шығару редакциясы¬ның алқа мүшесі.
Көгедай Әбілпейізұлы (1773-1823) Алтай керейлері 1785 жы¬лы Әбілпейізден арнайы сұрап алып, төре етіп тағайын¬даған. 1790 жылы Бейжиңге барып Жыңгогүң мансабын алған. Өмірінің соңына дейін ел билеген.
Көтбай Көшкіншіұлы (1876-1936 ж.ж.) Алтай өңірінде жасаған көрнекті ақын. Оның көптеген өлеңдерімен бірге "Арқалық батыр" "Батыр Тәуке" секілді дастандары бар.
Көдек Маралбайұлы (1837-1888 ж.ж.) әйгілі ақын. Алматы облысының Райымбек ауданының Шалкөде жайлауында туып, ШҰАР-дың Мұңғұлкүре ауданында қайтыс болған. Оның ақындығы шабытты шақтардың лездік уақытында айта салатын төкпелігі мен замана ауқымына арнаған көлемді жырлары жағынан бейнеленеді. 1984 жылы Шынжаң жастар өрендер баспасынан "Көдек" атты жыр жинағы шықса, 2005 Шынжаң халық баспасы жағынан "Көдек шығармалары" деген атпен жыр топтамасы жарық көрген. 1999 жылы Қытай мен Қазақстан екі елде де ақынның 110 жылдық мерейтойы атап өтілді. Әрі ақынға арнап Алматы облысының Райымбек ауданынан көше және мектеп аты берілді.
Күнгей Мұқажанұлы - (1929-1990) Шынжаң қазақ әде¬биеті қалыптасқаннан кейінгі өмірге келген алғашқы буын өкілі есептеледі. 1950 жылдардың ішінде "Жүрек архивы", "Күйдіргі", "Жаңа төл", "Бақташылар", "Мұрагерлер" әңгімелерін арт-артынан жариялап көзге түскен. Онан кейінгі шығармашылығында "Өгіздің терісі" атты тарихи әңгімесі, "Игілік", "Өр Алтай" романдары, "Тайталас" повесі жарық көрген. "Тайталас" повесі, "Алтай әңгімелері" шығармалары Қытай мемлекеттік сыйлығына ие болған.
Ол ҚХР жазушылар қоғамының, ШҰАР жазушылар қоға¬мының мүшесі, ШҰАР ауыз әдебиет қоғамының орынбасар төрағасы секілді міндеттер атқарған.
Күлмән Шүленбайқызы 1943 жылы ШҰАР Толы ауданында туған. ҚХР халық әншісі, ҚХР мемле¬кеттік 1-дәрежелі артисі, дүниежүзілік 4-реткі әйелдер құрылтайы¬ның уәкілі, ҚХР әдебиет- көркемөнершілер ұйымының еңбек сіңірген артисі. ҚХР музыка қоғамының және ҚХР кино-драмашылар қоғамының мүшесі.
Күлмән 1959 жылы Іле Қазақ автономиялы облыстық ән-би үйірмесіне әнші болып қабылданды. Кейін Пекиндегі Қытай музыка институтына оқуға жіберілді. Оны үздік біті¬ріп, жоғары дәрежелі білім иелеріне сай кәсіби әншілердің ән орындау қағидаларын толық игеріп, өз өнерін байыта түсті.
Күлмән 1978 жылы миллиардтар елінің халық әндерінің орындау бәсекесінде ең үздік бағаны жеңіп алып, "Сахара бұлбұлы" деген атаққа ие болды. Күлмән талантты актерлігімен де көзге түскен өнер иесі. Қытайда жасалған "Сәлиха - Сәмен", "Қызыл шырақ", "Тянь-Шань өңіріндегі ән-әуен", "Таңжарық" қатарлы көптеген спектакльдерде басты рөлдерді сәтімен ойнады.
Кейінгі кезде К. Шүленбайқызы әншілігінің үстіне ком¬по¬зиторлықпен де шұғылданып, "Құштармын әсем әнге", "Қыз қуар", "Жайлау әні", "Аға бауыр әні", "Ұстаз", "Айлы түн", "Көктем" сияқты жаңа әндерді жазды. Күлмән соңғы жылдарда Қазақстанға төрт рет өнер сапарымен келіп, едәуір жоғары баға алды.1996 жылы келгенде ҚР Мәдениет ми¬нистрлігі жағынан "Үздік әнші" грамотасымен марапатталған.
Кеншін Қияқбайұлы - (1788-1881 ж.ж.) Қытай қазақта¬рынан шыққан алғашқы су игілігі құрылыстарын жобалау¬дың шебері. 1820-1830 жылдары Қаба, Буыршын аудандарын¬дағы "Әділ төре", "Тілеке", "Көлбай" тоғандарын алуға жетекшілік істесе, 1830-1840 жылдары Алтай қаласы мен Көктоғай ауданыдағы "Абитан", "Бітеуірге", "Тараты", "Сұрты" тоғандарын өзі жобалап қаздырған. Өз өмірінде жүзге тарта тоған қаздырған. Сөйтіп, Алтай қазақтарының жер емшегін емуіне өзіндік үлес қосқан.
Қаусылқан Қозыбайұлы (1924-1979 ж.ж.) - Шынжаң қазақтарының алдыңғы буын жазушыларының бірі. 1942 жылдан бастап әдебиетке әуестене бастаған. 1944 жылдан 1948 жылға дейін "Жаңа тұрмыс", "Жаз тойына", "Көркем майға", "Ендігінің ғашығы", "Оқырманға", "Дәуір туралы", "Ақиқат не", "Шын жетім" секілді көптеген өлеңдер мен "Кім жазалы" атты дастан, "Орнынан шықпаған үміт" атты сахналық шығарма жазған. Әрі бұл сахналық шығармасы сахнада ойналған. Өзі де кино актері болып жұмыс атқарған. 1954 жылдан бастап " Шынжаң әдебиет искусствосы (қазіргі "Шұғыла") әдеби журналында редактор болған. 1954 жылы "Шағылған төсек", 1958 жылы "Қырықбай" комедияларын жазып, көрермендерден жақсы баға алған.
Қаусылхан 1957 жылдан бастап "Алғашқы адымда", "Он жылдықтың озаты", "Хат", "Тамаша өмір", "Жаңа сайлау" әңгімелерін арт-артынан жариялап, бұл әңгімелері 1963 жылы "Алғашқы адымда" деген атпен жинақ болып шыққан.
Ел есін жиған 1977 жылдан кейін "Рас па, әке", "Сламның құрдасы" секілді шығармалар жазып, кейіннен барлық шы¬ғармасы бір томдық таңдамалылар болып ұлттар баспасынан "Қаусылхан Қозыбаев шығармалары" деген атпен жарық көрген. Ол Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының және оның Шынжаң бөлімшесінің мүшесі болған.
Қажығұмар Шабданұлы - 1925 жылы Аягөздің Таңсық елді мекенінде туған. 1932 жылғы ашаршылық тұсында Қытайдың Тарбағатай жеріне өткен. 1942 жылы Үрімжідегі педагогикалық училищеде оқыған. 1951 жылдан 1978 жылға дейін Тарым жаза лагерінде болған. Шынжаң халық баспасы жа¬ғынан 1982 жылы "Қылмыс" романының бірінші томы, 1986-жылы екінші томы жарық көрген, үшінші томы баспадан жинап алын¬ған. 1986 жылы әр түрлі жалалармен қолға алынып, қайтадан түрмеге түскен. 2000 жылы мерзімін өтеп шыққан. 2000 жылдан 2005 жылға дейін үйінен ұзап шықпайтын, сыртқы бақылауда болған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан 2004 жылы "Пана" романы, 2005 жылы "Қылмыс" романының бірінші томы жарық көрген. 80 жылдық мерей тойы Қазақстан жазушылар одағында арнайы атап өтілді.
Қадыс Жанәбілұлы қоғам қайраткері. 1936 жылы Алтай аймағында туған.
Алтай аймақтық банк бастығы, Алтай аймағы уәлиінің орынбасары, Алтай аймағының уәлиі, ШҰАР тұрақты коми¬теті төрағасының орынбасары секілді міндеттер атқарған.
"Темірқазық" атты өлеңдер жинағы, "Ізденіс іздері", "Биік¬тік және кісілік" атты зерттеу еңбектері кітап болып шыққан.
Ол ҚХР Орта Азия мәдениетін зерттеу ғылыми қоғамының құрметті орынбасар төрағасы, ШҰАР халықаралық Алтай ілімін зерттеу қоғамы бастығының тұрақты орынбасары, ШҰАР жазушылар қоғамының мүшесі.
Қайрақбай Шәлекенұлы - (1826 - 1884 ж.ж.) Тарбағатай өңірінде өткен әйгілі күйші. Ол 7-8 жасынан бастап сыбызғы тартқан. Кейіннен өз жанынан да күйлер шығаратын болған. Оның сыбызғы күйлерінен "Салкүрең", "Құр ойнақ", "Майда қоңыр", "Мол қоңыр", "Ой толқын", "Еміл толқыны", "Қоңыр қаз", "Сыбызғы күйі " секілді 40-қа тарта күйлері бар. Бір бөлім күйлері Шынжаңда жарық көрген "Күй қайнары" кітабына кірген.
Қайысбай Иісұлы (1866-1960 ж.ж.) - Алтайдың күн беті мен Боғда өңіріне, Шығыс Шынжаң мен Еренқа¬бырға өңіріне аңыз болған атақты палуан. Оның алыптығын аңыз қылып таратушылар денесінің кесектігін, оқтаудай ағашты қысып, суын сорғалатқанын, құдыққа түсіп кеткен бураны суырып алғанын жиі әңгіме етеді.
Қайса Исенбайұлы - Қытайдың мемлекеттік чемпионы. 1932 жылы туған. Қытайша күрес түрінен 90, 95 кило¬грамдық салмақтағылар бойынша мемлекеттік жарыста бір рет бірінші, ШҰАР бойынша 11 рет бірінші, бір рет екінші, бір рет бесінші болған.
Қадуан Мамырбекқызы (1897-1963) өз аты Қадиша. Тар¬ба¬ғатайдың толы ауданынан. Әкесі Мамырбек төре тұқымы. Қадуан Абақ керейдің жүнуаңы (мансап аты) Әлен Жеңісхан¬ұлының бәйбішесі. Төре ордасының ел басқару ісіне араласып отырған. 1934 жылы Әлен Шынжаң өлкелік өкіметтің төрағалығына тағайындалғанда оның басқа барлық жұмысын Қадуан тындырып отырған. Елді ғылымға, оқу-ағартуға бастай білген. Үлкен ұлы Дәлелхан Әленұлын Кеңес одағына оқуға жіберген. Ол 1944 жылы батыс бағыт (Мишуан, Санжы, Қытыби, Сауан т.б.) хал сұрау отрядының жетекшісі, 1945 жылы Шынжаң өлкелік сауда серіктестігінің жорасы және орынбасар бас жорасы, 1946 жылы Гоминдаңның Шынжаң өлкелік партия комитетінің атқарушы жорасы, 1947-1948 жылдары "Шың Сысай жағынан қастандыққа ұшыраушы¬лардың мал-мүлкін адақтау комиссиясының жорасы, Дихуа (Үрімжі) аймағының бақылаушы уәлиі, қосымша амандық қорғау жетекшісі, Шынжаң өлкелік әйелдер қозғалысы комитетінің жетекшісі болған. 1949 жылдан кейін Қадуан Дихуаның (Үрімжі) уәлилігін жалғасты атқарған. 1951 жылы Шынжаң өлкелік өкіметтің ақылшылығына тағайындалған. 1963 жылы 20 қарашада 66 жасында Үрімжіде науқастан қайтыс болды.
Қасымхан Ажыұлы (1843-1890) әкесі Ажы гүң қайтыс болған соң, 1868 жылдан бастап 22 жыл ел билеген. Қасымхан қайтыс болған соң оның мұрагерлігін ұлы Жеңісхан (1863-1912) жалғаған. Ол 1890 жылдан 1912 жылға дейін ел билеген.
Қажынәби Уәлиев (1904-1979) 1927 жылы ағасы Бұлан қайтыс болғанда оның орнына үкірдайлық мансапқа отырған.
1934 жылдан Сарсүмбе ауданының қазақ-қырғыз татар мәдениет қоғамының бастығы, 1948 жылдан "Шынжаң демократиялық одағының Алтай аймақтық ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, 1940 жылдан Көктоғай ауданы әкімінің орынбасары, 1941 жылдан Сарсүмбе ауданы әкімінің орынбасары, 1945 жылдан Алтай уәли мекемесі үгіт бөлімінің бастығы 1946, 1948 жылдары екі мәрте Сарсүмбе ауданының әкімі, 1956 жылы Алтай аймағы уәлиінің орынбасары, 1958 жылдан ШҰАР халық үкіметінде ақылшы қызметтерін атқарады.
Қамит Ысқақ әйгілі әнші, бірінші дәрежелі артист Қамит Әбілқасымұлы бала кезінен ойын-сауыққа, спортқа әуес болды. 1963-1964 жылдары Бейжиңдегі Бас саяси бөлімнің ән-би үйірмесінде қызмет істей жүріп, орталық музыка университетінің мұғалімдерінен ән-музыка сабағын оқып, өзіндегі тума талантты ғылыми жүйеге түсіреді. 1964 жылы Қамит Шынжаң әскери районының ойын-сауық үйірмесінің құрамында тұңғыш рет шетелге - Вьетнам еліне барып, сол елдің әйгілі әні "Хубминге арнау" атты әнді және қазақ халық әнін вьетнамдықтардың мақамына түсіріп, орындағандығы себепті үлкен құрметке бөленді. Вьетнам мемлекет қайраткері Хо Ши Мин өзі сахнаға шығып Қа¬митқа гүл ұсынып, ыстық ықылас көрсетеді. 1965 жылы ҚХР премьері Жу Ынлай Шынжаңға қызмет тексерумен келіп, сол кісіге арналған сауық кеште Қамит ән шыр¬қай¬ды. Оның әніне тәнті болған премьер: "Мен қазақ халқының жауынгер әншісі Қамитті тағы бір рет ән айтуға ұсыныс етемін" дейді. Қамит сахнаға қайта көтеріліп халық әні "Қараторғайды" шырқайды. Әншінің асқақ әуенін, орындаушылық шеберлігін қатты ұнатқан премьер сахнаға шығып Қамитпен қол алысып: "Екеуміз бірлесіп ән айтайық" деп қолтықтасып тұрып "Біз келеміз даңғыл жолда" деген ән мен "Төңкерісшілер мәңгілік жасыл қарағай" деген әнді орындап сауық кештің салтанатын асырады.
1973 жылдан 1981 жылға дейін бүкіл ҚХР армиясы көле¬мінде өткізілген әдебиет, көркемөнер байқауында ол жеті мәрте "ең танымал сыйлыққа" ие болып бас бәйгені еншілейді. Ол радио-телевизияға екі жүзден артық ән беруден сырт бес ән таспасын шығарды. 300-ден артық халық әндерін реттеді. Қамит бұрынғы Кеңес Одағы елінде өнер сапарында болған кезінде оған "Кеңес Одағының артисі" деген құрметті атақ берілді. 1992 жылы Түркия елінен де осындай оңды сапармен оралды.
1993 жылы ҚХР Мемлекеттік кеңесі пен Орталық әскери істер комитеті оған "Ерен еңбек сіңірген өнер иесі" деген даңқ куәлігін берді. Әрі өкіметтің ерекше стипендиясын тағайындады. Ол "Өнердің генерал-майоры", "Мемлекеттік бірінші дәрежелі артист" атақтарының иегері.
Ақиық әнші ерекше ұсыныспен ілгерінді-кейінді Вьетнам, Пакистан, Марокко, Тунис, Иордания, Франция, Швейца¬рия, Түркия, Орта Азия елдері қатарлы отыздан артық елдерде өнер сапарында болып туған халқына даңқ әперді.
Қалибек Райымбекұлы (1908-1981) Орта жүздің керей тайпасының Жәнтекей (барқы) руынан. 1908 жылы Барлық тауында туған. Сауан ауданында оқып, бір мезет мұғалімдік қызмет атқарған. Ұлт азаттық қозғалысы тұсында партизан қосының бастығы, Сауан ауданының әкімі болған. 1951 жылы өз қарамағындағы көптеген отбасыларды бастап, Үндістан арқылы Түркия жеріне қоныс аударған. Оның ұлы Хасан Оралтай халықаралық "Азаттық" радиосында ұзақ жыл қызмет атқарған. Әрі әкесі бастаған көш төңірегінде және өз өмірбаянын негіз етіп "Елім-айлап өткен өмір" (Алматы, "Білім" баспасы) атты ғұмырбаяндық кітап жазған.
Қали палуан - Қытайдың мемлекеттік чемпионы. 1961 жылы туған. 1983 жылы Шаңхайда өткен мемлекеттік палуандар байқауында үшінші жүлде алған. Өлкелер ара өткізілген төрт реткі еркін күрестің жүлдегері. Ол қазір ШҰАР палуандар командасында аға жаттықтырушы.
Қалқабай Ежебергенұлы (1870-1933 ж.ж.) - Тарбағатай өңірінде өткен әйгілі шешендердің бірі. Қалқабай малға кедей болғанмен сөзге бай, әділетті жақтағыш халықшылдығымен, тапқыр шешендігімен ел есінде қалған.
Қожаке Назарұлы (1826-1884 ж.ж.) - Қытай қазақтарында өткен әйгілі күйші, композитор. 1826 жылы Алматы облысының Қарқара жерінде туған. 1864 жылы Шынжаң жеріне өткен, әуелі Алтай, Тарбағатай өңіріне келіп, кейіннен Іленің Текес өңірін мекендеген. 1884 жылы жазықсыз жаланың құрбаны болып нақақтан өлтірілген.
Оның өкілдік күйлерінен - "Сайрам көлі", "Қаһарман", "Қос келіншек", "Кер толғау", "Шалқайма" секілді көптеген күйлері бар.
Шынжаң жастар-өрендер баспасынан 1984 жылы жарық көрген "Күй толқыны" кітабы және Шынжаңда жарық көрген өнер адамдары жайлы еңбектер күйші өмірі мен шығармашы¬лығынан мол дерек береді.
Құдайменде Саман (төре) немересі. Чиң патшалығы үкіметінен алғашында "гүң" кейін "тәйжі" мәнсабын алған. Өз елін Боратала жерінен Ілеге қоныстандыруда көп еңбек еткен.
Құрманалы Оспанұлы - (1924-1999) көрнекті ақын. 1945 жылы "Күтемін" атты алғашқы өлеңімен әдебиет шебіне келген. "Шаттық жырлары", "Алуан әуендер", "Тянь-Шянь жырлары", "Меруерттер", "Жылдар ізі" секілді жыр жинақтарының, "Үш майдан", "Шіркін бұраң дүние-ай" эссе-естелік кітаптарының авторы, ҚХР жазушылар қоғамының, ШҰАР жазушылар қоғамының мүшесі.
Құрманбек Зейтінғазыұлы, әйгілі айтыс ақыны. 1941 жылы 10 ақпанда Алтайдың Шіңгіл ауданында туған. Әкесі Зейтінғазы да ақын болған. Халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен Құрманбек бала кезінен өлең-жырға жақын жүрді.
1958 жылы "ұлтшылдарға" қарсы күрес тұсында әкесі қуғынға ұшырап, өзі де оқудан қуылды. 1978 жылдан кейін ғана ес жиған халық қатарында өлең өлкесінде кеңінен сам¬ғайды. Құрманбек ақын әр дәрежелі айтыстарға қатынасады. Мейрамхан, Жамалхан секілді әріптестерімен тайталасып, халық арасында кеңінен танылады. Қазақстан, Түркия, Моңғолия секілді көптеген шетелдерде болады. Сан мәрте айтыстың бас жүлдесін жеңіп алған.
1993 жылы Шынжаң халық баспасынан "Ақындар айты¬сы" деген атпен бір томдық шығармалары жарық көрді. "Жы¬лып өткен жылдар-ай" атты өлең толғау, дастандар жинағын, "Есте қалғандар" атты мақалалар жинағын баспаға ұсынды. Ол ҚХР аз ұлт жазушылары қоғамының, ҚХР фольклоршы¬лар қоғамының, Шынжаң фольклоршылар қоғамының мүшесі.
Құрманжан Зікірияұлы мемлекеттік 1-дәрежелі музыкант, әрі әнші. 1964 жылы Іленің Текес ауданында туған.
Оның "Жас қанат", "Құс қанат", "Дауыл", "Жүрек сыры", "Қайнар", "Ана арманы", "Жанерке", "Алыстағы арман", "Қайран Әсет", "Ұмытпа сол бір кезіңді", "Түсіндім", "Ауылым" қатарлы ән-термелері бар.
Ол сазгер, әнші ғана емес, күйші әрі күйтанушы. Ән-күй таспалары шығуымен бірге күйге қатысты көптеген мақалалар жариялаған. Қ.Зікірияұлы Қытай музыканттар қоғамының, ШҰАР музыканттар қоғамының, ШҰАР фольклор қоғамының мүшесі.
Қызырбек Сақариұлы Оралов (1938-1970 ж.ж.) - Алтайда өткен ақын. "Алтай газетінде" қызмет атқарған. 1969 жылы "Шығыс түркістан ұйымына кіріп, отанды аудармақшы болды" деген атпен қолға алынып, 1970 жылы Алтайда Еменақын, Мәннан бастаған ұлтшыл азаматтармен бірге атылған. Оның қолға алынған сәтте бірге қашқан қанды көйлек досы Сейітхан Әбілқасымұлы 1969 жылы Моңғолияға қашып өтіп, 1992 жылы атажұрт Қазақстанға келген. 1999 жылы қайтыс болған. С.Әбілқасымұлының "Қуғын" ("Қа¬шып келем, қуып келеді") ғұмырнамалық романында Қы¬зыр¬бек туралы біраз сыр шертіледі.
Қыдырбай қоғам қайраткері. 1931 жылы ШҰАР Жеменей ауданында туған. ШҰАР халық үкіметі төрағасының орынба¬сары болып жұмыс істеген.
Қизат Сейітқазин 1942 жылы Тарбағатайдың Толы ауданында туған. Толы ауданында тас жолшы, тілші, редактор қатарлы әртүрлі жұмыстар атқарған.
"Дауылпаз", "Арман", "Тайталас", "Сағыныш", "Жан сыры", "Әке тілегі" сияқты жиырмаға тарта күйі, "Тақтада" секілді алпыстан астам ән-термесі бар.
Лақ шешен (1823-1907 ж.ж.) - Алтайдың күн бетінде өткен өз тұсының әділ биі, ешкімге сөз бермеген айтулы шешені. Ауызша және жазбаша деректерде айтылуынша оның шешендігі керей-найман арасындағы "Көк иірім сьезі" секілді алқалы жиындарда және Жәке, Жақсыбай, Өміртай, Мамырбек, Жеңісхан, Бапы секілді азуы алты қарыс би ше¬шен¬дермен қағысып-жауаптасуларында ерекше көзге түскен.
Лұқтарқан Әділқанұлы қоғам қайраткері, инженер, доцент. Қазақ мәдениетін зерттеудің үздік ұйымдасты¬рушысы. ҚХР ШҰАР халық құрылтайының депутаты, ҚХР Іле-Қазақ автономиялы облыстық халық құрылтайының депутаты, тұрақты жорасы.
Мағаз Разданұлы (1924-1998 ж.ж.) - Қытай қазақ әдебие¬ті¬нің көрнекті өкілдерінің бірі. Алғашқы өлеңі 1946 жылы "Ерікті Алтай" газетінде жаряланған. Ол ақындық жағынан ғана емес, проза, драма жанрында да өз талантын танытқан қаламгер.
"Асулар толғауы" (1982 ж), "Уақытқа жауап" (1984 ж), "Ертең" (1994 ж), "Босаға" (1998 ж) жыр жи¬нақ¬тарымен бірге "Сары бел" өлең романы (1986 ж), "Ата заман сөйлейді" әңгіме-повестер жинағы (1994 ж), "Алтайдың ақиықтары" атты тарихи романы (1998 ж) жарық көрген.
"Кебенек кигеннің тойы" әңгімесі мен "Сары бел" өлең-романы Қытайдың мемлекеттік сыйлығына ие болған. Мағаз шығармалары шұрайлы тіл, көркем кестелері мен тарихи құндылығы жағынан ерекшеленеді.
2005-жылы Астана қаласынан ("Елорда" баспасынан) "Ата заман сөйлейді" әңгіме-повестері жинағы жарық көрген. Ол ҚХР жазушылар қоғамының мүшесі болған.
Мамырбек Шөкенұлы - Қытай мемлекеттік чемпионы. Қы¬тайдың мемлекеттік жарыстарында бір рет аға жүлдегер, бес рет жүлдегер атанған.
Мақатан Шәріпханұлы (1932-1983), ақын 1954 жылы Шын¬¬жаң институтын тауысып "Шұғыла" журналына жұ¬мыс¬қа орналасқан. Жасынан өлеңге құмар өскен ол жанынан жыр төгілдіріп қалмастан проза және драматургия саласында еңбектеніп қыруар туындылар жаратты. "Өліара" атты роман, "Сәлиха-Сәмен", "Ертіс жұлдыздары" сценарийін жазды. Өлең-дастандары 1981 жылы ұлттар баспасынан "Жыр жолында" деген атпен жарық көрді. Ол кезінде ҚХР жазушылар қоғамының, ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің жора мүшесі, Шынжаң жазушылар қоғамының арнаулы кәсіби жазушысы болған.
Мәми Жұртбайұлы (1856-1920 ж.ж.) - Алтайдың күнгей бетіндегі төрт бидің бірі болған Көкеннің немересі. 1890 жылы әкесі Жұртбай бидің мұрагері ретінде сол кездегі төрт бидің бірі болған. Чиң патшалығы (Еженхан) тәйжі мәнсабын берген. Доңыз жылғы төңкеріс Чиң патшалығын құлат¬қаннан кейін, Минго орталық үкіметі 1913 жылы Мәмиге "фугогүң" атағын берген. 1915 жылы қарашада орталық Минго үкіметі Мәмиге "бейсі" атағын бекітіп, 1917 жылы тамызда бейсілік мансапқа отырған. Ел басқару ісі жағында Мәмидің сөз тапқыштығы, шешендігі, әділ билігі өз заманында-ақ аңызға айналған. "Керейден Мәми кетсе ақыл кетеді, Қара Оспан кетсе айбар кетеді" деген сөз текке айтылмаған. Мәми айтыпты делінетін: "керей мен найманның арасында дау болса найманға бұрамын, ағайын ара дау болмасын дегенім, қазақ пен моңғолдың арасында дау болса моңғолға бұрамын, жау болмасын дегенім" деуінің өзі әділдік пен ел басқару жағын¬дағы аса көрегендігі болса керек. Мәми қара қылды қақ жарған әділ би болып қалмастан, өз заманының озық ойлы данышпаны болған. Ол қазіргі Ресей, Қазақстан, Өзбекстан жерінен Алтайға қашып өткен зиялы қауым өкілдерін қол астына жиып, "Абақия" секілді мектептер ашып, қазақ балаларын білімге баулыған. 1911 жылы Томск баспасынан шыққан Сапожниковтың "Қара Ертіс" романында Мәми бейсі ауылы және онда мұғалім болып жүрген Стамбулда оқыған, тегі түрік Шакиыр деген азамат жайында жазады.
Мәми Шәкәрім Құдайбердіұлымен хат алысқан деген аңыз бар (кейбіреулер олар кездескен деп те айтады). Сонда Шәкәрім Мәмиден: "Нағашыңыз кім?" деп сұрапты делінеді. Мұнысы үшінші әкесі Мамыттың шешесінің моңғол қызы екенін қазбалағаны сияқты. Сонда Мәми: "Мұхаммед пайғамбармен қарын бөлемін" деген көрінеді. Мұнысы "Мұхаммедтің шешелері де кәпір қызы еді ғой, оны несін қазбалайсыз" дегені болса керек. Сөйтіп Шәкәрім қажы сөзден тосылыпты деседі.
Мәми қайтыс болғанда Ақыт, Әсет ақындар оған күңірене жоқтау айтқан екен. Мәмидің ұлдары - Қанапия (1876-1934), Зия, Мәңкей (1899-1940), Шәмер, Шәмси (1903-1950) барлығы да оқыған, тоқығаны бар көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар болған. Олар да ел басқару ісіне араласып, елі мен жері үшін ерекше еңбек сіңірген тарихи тұлғалар есептеледі.
Мейрамбек палуан - Қытайдың мемлекеттік чемпионы. Мемлекеттік жарыстарда бес рет жүлдегер, өлкелер ара жеті рет жүлдегер болған. Жеті алтын медальдың иегері. Мемлекеттік спорт шебері. Үздік тәрбиеші.
Муса Тұрғынбайұлы (1888-1940) - Қытайдың Өр Алтайындағы ұлт азаттық көтерілісі тұсындағы әйгілі мерген. Ол халықтың еркіндік алу жолында қан кешкен ұрыстарға қатынасып, "құралайды көзден атқан" мергендігімен аты шыққан. Бір реткі ұрыста жаудың шолғыншыда жүрген 30 адамын қоршап алып, мерген санап отырып 28-ін атып түсіреді. Біреуі қашып кетеді. Біреуі өтірік қолын көтеріп: "аға, мен мұсылман едім" деп айқайлайды. Аңғал батыр басын көтере бергенде әлгі сұмның оғынан мерт болады.
Мұқаш Жәкеұлы (1904-1995) қоғам қайраткері 1923-1927 жылы Үрімжіде моңғол-қазақ мектебінен оқыған. 1927 жылы Шәріпхан Бурылтоғай ауданының әкімі болып тұрғанда оған көмекші болған. 1933-1935 жылдары Алтай оқу-ағарту мекемесінің, бажы мекемесінің, "Алтай" газетінің бастығы болған. 1937 жылы қазанда "Тез ілгерлеу" журналын шығарды. 1940-1944 жылдары Шың Сысай түрмесінде қамақта жатқан. 1945 жылы Шынжаң өлкелік үкіметте аудармашы, Сарсүмбе ауданының әкімі, 1945-1949 жылдары "Алтай газетінің" бастығы әрі бас редакторы, оқу-ағарту мекемесінің, Алтай төңкерістік жастар ұйымының, 1949 жылдан кейін "Алтай газетінің" бастығы 1952 жылдан Ши-ан батыс солтүстік әскери-әкімшілік комитетінің ұлттық істер басқармасы бастығы және жорасы, 1954 жылдан Бейжиңде аудармашы, орталық ұлттар баспасының аудармашылар басқармасының бастығы міндеттерін өтеген. Көп рет Қытай басшылары Маузыдұң, Жу Ынлайдың қабылдауында болған. Кейін "ұлтшыл" болып таяқ жеген. 1979 жылы жаладан құтылып, 1995 жылы қайтыс болды.
Мұхаммед Әбдіқадырұлы ҚХР мемлекетінің екінші дәре¬желі композиторы, доцент. 1928 жылы Алтайдың Шеміршек ауылында туған. Алтайда, Құлжада әкімшілік қызметтер істеумен бірге Іле облыстық театрында музыкант, артист секіл¬ді міндеттер атқарған. Көптеген опера және драма театрында сәтті рөлдер сомдаған. Ән, музыка жасампазды-ғында 200-ге тарта шығармасы жарияланған. Халық мұралары мен ән-күйлерін жинақтап көптеген кітаптардың жарық көруіне жетекшілік етті. Ол ҚХР мемлекеттік орталық музыка қоғамы, ШҰАР бөлімше қоғамы, ШҰАР фолкьлор қоғамы секілді қоғамдардың мүшесі. Қазақстанда "Алыстағы әуен" атты кітабы жарық көрген.
Мүтәліп Әміреұлы (1928-1988 ж.ж.) - Қытай қазағынан шыққан әйгілі актер. 1953 жылдан бастап Алтай аймақтық ойын -сауық үйірмесінде, Іле қазақ автономиялы облыстық театрда, Буыршын аудандық мәдениет үйінде қызмет атқар¬ған. "Қыз Жібек" операсында Төлеген рөлінде, "Сали-ха-Сәмен" операсында Ясукей рөлінде, ұйғырдың классикалық операсы "Ғарып-Санам" және "Ғұншамда " қосалқы рөл¬дерде, "Тянь-Шянь қызыл гүлі", "Қыз бейіті", "Жетім қыз¬дың махаббаты" фильмдерінде де негізгі рөлдерге шыққан.
Мүтәліп жай актер емес, белгілі ақын әрі драматург болған. Оның өзі жазған шығармалары да сахнада ойналған.
Мүтәліп Әбдірахманұлы. Бірінші дәрежелі кино актері. 1934 жылы Іленің Құлжа ауданында туған.
Ол Қытайда жасалған қазақ киноларында 1964 жылы "Тянь-Шянь қызыл гүлінде" Асқардың, 1981 жылы "Жай¬лау¬¬дағы мылтық дауысында" Қалидың, 1980 жылы "Ақбозат та" Бажанның, 1990 жылы "Таңжарықта" Қабылдың, 1993 жылы "Іле салтанатында" Барақтың рөлін сәтті сомдаған.
Ол кино актері ғана емес, белгілі сатирик. Оның "Екі сағат күлесің", "Күл де ойлан", "Күлкі мидың саясы" кітаптарымен бірге "Күлкі" атты әзіл-қалжың таспалары шыққан.
Нариман Жабағытайұлы (1928-1991 ж.ж.) әйгілі тіл ма¬маны, Қытай қазақтарынан шыққан көрнекті аудармашы¬лардың бірі. 50-ден астам кітапты қазақ тіліне аударған. Ол кісі қытай тілінің маманы ғана болып қалмастан, араб, түрік, ұйғыр тілдерін де жақсы меңгерген тіл ғалымы еді. Ол тірі кезінде Шынжаң жастар-өрендер баспасы бастығының орынбасары, ШҰАР аудармашылар қоғамының, ШҰАР киношылар қоғамының тұрақты жорасы, Қытай киношылар қоғамының мүшесі, ШҰАР әдебиет-киноөнершілер бір¬лестігінің төрағасы секілді міндеттер атқарған.
Назар Смайылұлы белгілі әнші. 1960 жылы ШҰАР Баркөл ауданында туған. Қытайда өткен бірнеше мәрте ән байқауының жүлдегері. Жапония, Латын Америкасы, Түркия, Малайзия, Пакистан, Сингапур, Қазақстан, Қырғызстан елдерінде өнер сапарында болып, жақсы аңыс тудырған.
"Көрікті Баркөл жайлауы" секілді ән таспалары бар.
Ноғайбай Аушыұлы (1867-1940 ж.ж.) - Өр Алтайдағы ұлт азаттық көтерілісінің құрбаны. Ел ішінде үкірдайлық мәнса¬бы болса да, Есімхан (1899-1941), Ырысхан (1898-1940), Оспан (1899-1951) батырларды қолдап, күресті ұйымдасты¬ру¬шы¬лардың бірі болған. 1940 жылы сәуірде қанды соғыстың бел ортасында жүріп Шіңгілдің Бұлғын өзенінің Тайкешкен деген жерінде оққа ұшып құрбан болған.
Нүсіпхан Көнбайұлы (1896-1986 ж.ж.) - Іле өңірінде өткен белгілі қоғам қайраткері, полковник, ағартушы.
Алғашында ауыл молдасынан оқыған Н.Көнбайұлы кейіннен Күнестің Сорбұлағындағы мектепке түсіп оқыды. 1916-1917 жылдары Сүйдің Күреде ашылған мектептен жалғасты оқып, қытай тілін үйренеді. Осыдан кейін Күреде мұғалімдік жұмыс атқарады.
1933 жылы Шың Сысайдың халықтық ағартуға мән бере қалған кезінде көптеген қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болады. 1939 жылы Үрімжідегі кадрлар жетістіру курсына түсіп, 1940-1941 жылдар Шың Сысайдың саясатын үгіттеу қызметін атқарады.
1941 жылы қазанда Нылқыға келіп, Қара төбе қалашығы¬ның іргетасын қаласады. 1944 жылғы Әкпар-Сейіт бастауын¬дағы гоминдаң үстемдігіне қарсы күреске қатынасады.
1945 жылы қаңтарда Құлжа қаласы азат болады. Ақпанда генерал Ысқақбектің бұйрығымен Нүсіпхан Тоғызтараудағы 1-қазақ атты әскер полкінің полковнигі болады. 1946 жылы бұл полк Қобық 2-атты әскер полкіне өзгертіліп Нүсекең полкінің полковнигі болады. 1948 жылы ұлттық армия бас қолбасшылық штабы кадрлар бөлімінің бастығы болып Құлжаға барды. 1952 жылы Үрімжі әскери районы¬ның алтыншы корпус бастығының орынбасары болады. Кейіннен Шынжаң тың игеру армиясының орынбасар қолбасшысы және батыс солтүстік әскери-әкімшілік районы басқарушылар алқасының бірі болып жұмыс атқарған. 1954-1966 жылдар Іле Қазақ автономиялы облысының орынбасар бастығы болды. "Мәдениет төңкерісі" тұсында соққыға ұшырап, 1978 жылдан кейін атақ-абыройы қалпына келтірілді. Іле қазақ автономиялы облыстық саяси-мәслихат кеңесі төрағасының орынбасары, ШҰАР саяси-мәслихат кеңесі төрағасының орынбасары секілді қызметтер атқарған.
Ниғымет Мыңжанұлы (1922-1993 ж.ж.) - ақын, жазушы, тарихшы, ғалым. Тарбағатайдың Толы ауданында туған. 1940 жылдардан шығармалары жариялана бастаған. 1942 жылы "Күрескер семья" пьесасы, 1943 жылы "Қыз Жібек" ма¬қаласы, 1945-1947 жылдары "Күрескерлер", "Білім шырағы", "Күш бірлікте", "Шәріпхан туралы" өлең-мақалалары жарық көрген.
1948 жылы проза саласында "Тұрмыс тілшісі" повесін жариялаған. Сонымен бірге "Қазақ тарихының дерегі" атты зерттеу мақаласы "Шынжаң газетінің" қазақша, қытайша, ұйғырша сандарында жарияланып, 1949 жылы жеке кітап болып шыққан. 1952 жылы "Шынжаң қазақтарының шаруа¬шылық өмірі мен әлеуметтік құрылысы және әдет ғұрпы" деген кітап жазды. 1959 жылы "Қарлығаш" атты өлең-романы шықты.
Шынжаң халық баспасынан 1987 жылы "Қазақтың қысқаша тарихы", 1996 жылы "Қазақтың мифтік аңыздары" атты зерттеу кітабы жарық көрді.
Нұрлан Әбілмәжінұлы Қытай қазағының арасынан шыққан саяси қайраткерлердің бірі. 1963 жылы ШҰАР Көктоғай ауданында туған. Іле Қазақ автономиялы облыстық сотының бастығы, облыс бастығы, ШҰАР халық үкіметі төрағасының орынбасары жұмыстарын атқарған.
Оспан Сламұлы (1899-1951 ж.ж.) - Шығыс Түркістан аталған Шынжаң өңірінен шыққан ұлт азаттық қозғалысының жетекшісі, халық батыры, Өр Алтайдың Көктоғай ауданының Өндірқара деген жерінде туған. Абақ керейдің молқы руынан.
1934 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей жеріне барып жүріп, Оспан қолға түсіп, қамауға алынады, қамаудан қашып шыққан жолында өзін ұстамақшы болған әскердің біреуін өлтіріп, бір бесатар, бір қылыш, 500 оқ алып құтылады. 1936 жылы "құрал жинау жүргізілгенде " амалсыз бір бөлімін тапсырып береді. 1939 жылы 24 желтоқсанда Ақыт қажы ұсталғаннан кейін Есімханмен ақылдасып екеуі атқа қонады. Есімхан жүйрік ат табуға, Оспан қару-жарақ табуға келісіп, уағда бойынша тез қаруланады. 1940 жылы ақпанда Көктоғай ауданы әкімі Шүй Ырлиң және сақшы бастықтарын тарпа бас салып, басын кесіп қолын қандайды. Осылайша Оспан батыр ұлт азаттық көтерілісінің білтесін тұтандырады. Осы¬дан кейінгі ұзақ жылдық ұлт азаттық күресіне тікелей жетек¬шілік етті. Кейіннен Монғолия арқылы КСРО-дан көмек алады.
1945 жылы қыркүйекте бүкіл Алтай аймағын қытайлардан азат етіп, өзі аймақтың уәлилігіне сайланды. 1947 жылы Дәлелхан Сүгірбаев екеуінің арасында келіспеушілік туып, Оспан өзін коммунистік жүйеден барынша шеттете бастады. Бір мезет (1948-1949 ж.ж.) гоминдаң үкіметімен бірлестік орнатты. Уаң Жын бастаған қызыл қытайлардың Шынжаң жеріне кіруімен Гансу жеріне қарай шегіне соғыс жасады.
1951 жылы ақпанда Қанамбал тауының Мақай деген жерінде қапыда қолға түсті. 1951 жылы 28 сәуір күні қытай коммунистерінің әскери сотының үкімімен атылды.
Оспан өлгенмен оның рухы өлмеді. Ағылшын жазушысы Гофедей Лияс: Оспан батыр егер бұдан бес-алты ғасыр бұрын дүниеге келгенде аталары Мөңке, Шыңғыс және Темірлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар еді" деп баға берді.
Сейітхан Әбілқасымұлының "Оспан батыр " романы (Алматы, "Ана тілі" баспасы), Жақсылық Сәмитұлының "Сергелдең" романы (Алматы, "Ана тілі" баспасы), "Оспан батыр " мақалалар жинағы (Алматы. "Арда"баспасы 2007ж) Оспан батыр өмірінен мол деректер берсе, көптеген әдеби шығармалар Оспан атын оқиғасына өзек етті. Бастыларынан Ш.Қызырұлы "Қайқая шапқан қарагер", А. Алтай "Ноқталы арман" секілділерді атауға болады.
Оспан Бейсенбіұлы (1825-1916) әкесі Бейсенбі Дөненбайұлы Алтай бетін¬дегі төрт бидің бірі ғана емес, айтулы күйші болған. 1872 жылы әкесі қайтыс болған соң, Оспан орнына отырып 44 жыл ел билеген. Оны жұрт түсіне қарап "Қара Оспан" десе, амбылық мәнсабына қарап "кәрі амбы" деп те атаған. 1870 жылы Тарбағатайды билеген Ши амбы Шәуешек қаласының Жамбылын тұрғызуға Алтайдан 500 жігіт сұрата¬ды. Оспан оған қарсы шығып, 3 жыл Ши амбы¬ның қамауын¬да отырады. Сонда да айтқанынан қайтпайды. Халық талабы¬мен түрмеден босап шығады. 1904 жылы Алтай билеушісі Чи Чыңсай алман-салықты көбейтпекші болғанда, Оспан оған да қарсы шығып, салықты күшінен қалдыртады. Оспан 1916 жылы қайтыс болып оның мұрагерлері Түркістан Қасенұлы (1916-1919), Кәкен Қасенұлы (1919-1940), Дутып Кәкенұлы (1940-1947), Ашыран Кәкенұлы (1947-1949) тәйжі болып билік жалғады.
Отарбай Дүйсенбіұлы (1834-1931) ШҰАР-дың Жеменей жерінде туған. Отарбай тума талантты ақын болып бала жасынан суырып-салма өнерімен ел көзіне түскен. Оның тап бермедегі тапқыр өлеңдері мен әріптестерінен үстем көрінетін айтыс өнері ауыздан ауызға тараған. Сауырдан Өр Алтайға, одан Жемсары өңіріне қоныс аударған оның артында көп мұра қалған. Оның бір бөлімі 2003 жылы Шынжаң халық баспасынан "Отарбай жырау" деген атпен жарық көрген.
Ожырай шешен (1836-1930 ж.ж.) - Тарбағатай өңірінде өткен шешендердің бірі. Әділдікті жақтайтын турашылдығы, жалғандық пен арамдыққа қарсы шабатын қасиеттерімен ел есінде қалған.
Омарғазы Айтанұлы (1931-1997 ж.ж.) - Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1952 жылдан бастап осы заман қазақ поэзиясына тамылжыған табиғат лирикала¬рымен келген. Кейіннен философиялық ой иірімдеріне бойлап өзіндік бағыт, ұстаным қалыптастырып, әдебиеттегі өз орнын алған.
Қытайда "Тырналар", "Құс жолы", "Түйе", "Сәукеле" қатарлы жыр жинақтары шығуымен бірге "Аң шадырын оқ табар", "Таразы"сияқты романдары жарық көрген. 2003 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан "Тырналар" атты өлеңдер, дастандар, поэмалар жинағы шыққан.
Оянған Ыңғайұлы (1914-1972 ж.ж.) - Шынжаңның Буыр¬шын ауданында өткен ақын.
Оның артында қалған өкілдік шығармаларынан - "Мұң¬лық жыры", "Алтыншы айдың он төрті", "Баянның бетке басарларына", "Шөпке түскенде", "Нұрғабылға", "Күшіктің зары", "Ыдырыш пен қасқырдың айтысы", "Екі құрдас", "Жалқауға" секілді өлең-толғаулары бар.
Оразхан Ахметұлы көрнекті қазақ қаламгері. 1938 жылы Іленің Қорғас ауданында туған.
Жазушы О.Ахметұлы 1956 жылдан бастап көркем әдебиет¬ке араласқан. Содан бері "Көктемгі ойлар", "Сөнбейтін шырақ", "Ең соңғы көз жасы", "Жасыл бақша", "Өзгерген өңір", "Көк белес", "Құмдағы іздер" секілді кітаптар жазып жариялады. Бірнеше шығармасы мемлекеттік сыйлықтар алған.
Ол Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының, Қытай аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, ШҰАР жазушылар қоғамының, Іле қазақ автономиялы облыстық жазушылар қоғамының мүшесі. ҚХР мемлекеттік 1-дәрежелі жазушы.
Отанбек Еңсеханұлы әнші. 1964 жылы ШҰАР-дың Бұратала деген жерінде туған. Ши-ан көркемөнер институтын бітірген соң, ШҰАР мәдениет басқармасының бұқаралық мәдениет бөлімінде жұмыстар атқарған.
1995 жылы ҚХР мемлекеттік "Шоқ жұлдыздар" байқауы¬ның бас жүлдесін жеңіп алған. "Сары дала", "Айгөлек" секілді ән таспалары бар.
Өміртай Нашынұлы (1843-1934) Алтай бетіндегі төрт бидің бірі Құлыбек Жантеліұлының немересі, әкесі Нашын Өмір¬тайдың бес жасында қайтыс болып анасы Ханымайдың тәрбиесінде өскен. Үйде ақылгөй анадан, түзде данышпан билерден тәлім алып, өзі де дуалы ауыз, бауырына ел ұйыған әділ биге айналды. 1905 жылы қажыға барып "би-қажы" атанды, 1915 жылы Фугогуң мәнсабын алды.
Өміртай қайтыс болғаннан кейін, орнына Әбілмәжін Қым¬былұлы гүң болып 1934-1949 жылдары ел билеген.
Пәтиқа Мәлікқызы әйгілі актриса. ҚХР 1-дәрежелі артисі. 1944 жылы Үрімжі қаласында туған.
"Тянь-Шянь қызыл гүлі", "Жайлаудағы мылтық даусы", "Жетім қыздың махаббаты", "Жусанды дала", "Сержан", "Жыңхының батысқа саяхаты", "Жібек жолы", "Қанас туралы әңгіме", "Бауырластар" секілді көптеген фильмдерде басты рөлге шыққан. Мұнан сырт әртүрлі спектакль, опера-ларда түрліше рөлдерді сәтті сомдаған.
Ол мемлекеттік драмашылар қоғамының тұрақты мүшесі, ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары, ШҰАР драмашылар қоғамы төрағасының орынбасары секілді міндеттер атқарған.
Рақымжан Мешпетұлы (1895-1972 ж.ж.) - Іле аймағының Құлжа ауданындағы Жырғалаң өзені бойында дүниеге келген айтулы ақын. Әкесі Мешпет ақынның жетектеуімен бір мезет Әсет Найманбайұлына шәкірт болған. Әсетке еліктеп ақын¬дықпен қоса әнші-күйшілігімен де аты шыққан. "Көк өзен" әнінің авторы Аппақ Майтабанқызымен үйленіп, өмірде де, өнерде де бірге өтеді.
1981 жылы Шынжаң халық баспасы жағынан "Ақын лебізі" атты жыр жинағы жарық көрген.
Рахметолла Әпшеұлы (1924-2000 ж.ж) - Қытайдағы қазақ әдебиеті өкілдерінің бірі. 1947 жылы алғашқы мақаласы, 1948 жылдан бастап өлеңдері жарияланған. "Одақ журналы", "Шынжаң газеті", "Шынжаң әдебиет искусствосы" журнал¬дарында қызмет істеген. 1954-1956 жылдары "Шырға", "Жен¬деп жеңге", "Құпия құдалық", "Достар", "Биікке" әңгімелері жарық көріп, ол "Озғандар мен тозғандар" деген атпен кітап болып шыққан. Сахналық шығармалар да жазып жариялаған. "Балапан" (1985 ж), "Тас бастау" (1982 ж), "Шұ¬ғыл бұрылу" (1984 ж), "Сөре алдында" (1999 ж) кітаптарының авторы.
Рәпила Нұрмұхаметқызы белгілі әнші. 1947 жылы Тар¬бағатайдың Толы ауданында туған. Ол 1964 жылдың өзінде-ақ ҚХР - дың "Үздік әнші" атағын жеңіп алған еді. Содан бері, сан мәрте даңқ төрінен көрінді. 11-кезекті картал халы¬қаралық фестивалінің лауреаты атанған.
Ол ШҰАР-дағы көптеген қоғамдардың мүшесі. Мемле¬кеттік 1-дәрежелі артист атағының иегері.
Сасан Киікбайұлы (1818-1892 ж.ж) қазақтың орта жүзін¬дегі Найман ұлысы қызай тайпасының негізін қалаған қасиет¬ті Қызай ананың жетінші ұрпағы. 1836 жылы 18 жасында би әрі болыс болған. 1883 жылы Чиң патшалығы үкіметінің тағайындалуымен Қызайдан тараған бегімбет, дербіс еліне ақалақшы болған. 1892 жылы мінген аты сүрініп кетіп, со¬ның кесірінен көз жұмған. Сүйегі Құлжа ауданының Борбо¬сын өзен жағалауындағы "Уәйіс мазарында" жатыр.
Смағұл Қалиұлы (1900-1979 ж.ж.) - Алтай өңірінде өткен көрнекті халық ақыны. Ол айтыс өнеріндегі майталман¬дығына қоса әрі әнші, әрі палуан болған.
С. Қалиұлы аудан, аймақ, облыс дәрежелі ақындар айты¬сына қатысып өнер көрсетіп отырған. ШҰАР және облыстық жазушылар одағының, ауыз әдебиет бірлестігінің мүшесі бол¬ған. 1976 жылы Шынжаң халық баспасынан "Өмір толғауы" атты өлеңдер жинағы жарық көрген.
Смағұл Бөденбайұлы ҚХР мемлекеттік бірінші дәрежелі композитор, әрі дрижер. 1958 жылы ШҰАР Алтай қала¬сында туған. 1978 жылы Шынжаң көркемөнер мектебін, 1986 жылы Қытай мемлекеттік консерваториясын композиторлық бөлімін бітіріп, 1994 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында композиторлық (аспирант¬тық) білім алған. Алтай аймақтық ән-би үйірмесінде, Іле облыстық ән-би үйірмесінде қызметтер атқарған. Ол 300-ге жуық ән-күй және би музыкаларын жазып жариялаған. Ол Қытайда өткізілген мемлекеттік байқаулардың жүлдегері. ҚХР мемлекеттік музыка қоғамының мүшесі. Іле облыстық музыка қоғамының төрағасы.
Сұлубай Сапыұлы (1907-1944 ж.ж.) - Оспан батыр бастаған ұлт азаттық қозғалысының батыр сарбазы, әрі әнші, ақын. Ол қан майданда ерлік көрсеткен он батырдың бірі ретінде арнайы марапатталған. 1944 жылы сәуірде қазақ қолын бастап жауға сілейте соққы беріп жүрген бір реткі ұрыс үстінде қапияда оқ тиіп, ерлікпен қаза болған. Сұлубай батырлығымен қоса "Сұлубайдың әні " арқылы тарихқа қалды.
Сұлтан Мәжитұлы (1911-1982 ж.ж.) - Тарбағатай өңірінде өткен айтулы ақын әрі әнші күйшілігімен ел көзіне түскен өнер қайраткері.
1953 жылы Тарбағатай аймақтық, 1954 жылы Іле Қазақ автономиялы облыстық ойын сауық үйірмесінде қызмет атқарған. Ақындығы мен әншілігінің сыртында көптеген опералар мен фильмдерде негізгі рөлдерде ойнаған. Оның "Өзім туралы", "Сайрам аңызы", "Сабақ" секілді дастандары бар. 1978 жылы Шынжаң халық баспасынан "Таң алдында" атты дастандар жинағы, 1981 жылы Іле қазақ баспасынан "Домбыра шаттығы" атты өлеңдер жинағы, 1987-жылы Халық баспасынан "Сайрам аңызы" атты дастандар жинағы жарық көрген.
Сұлтан Жанболатов Ғалым, жазушы. Қытай қазақтарынан шыққан тұңғыш доцент. 1956 жылы Шынжаң институты физ-мат факультетін, 1961 жылы Чаңчүндегі Жилин (Гирин) университеті физика факультетін радио-электроника мамандығы бойынша бітірген. 1961-1986 жылдары Шынжаң университетінде оқытушы, лектор, кейін келе магистр жетек¬шісі, кафедраның және ақпарат зертханасының меңгерушісі (жүргізушісі), деканның орынбасары, проректор, ҚХР Элект¬роника қоғамының бас алқа мүшесі, ҚХР аз ұлт жазуындағы ақпараттарды өңдеу қоғамының төрағасы, ШҰАР Ғылым және техника қауымдастығының тұрақты жорасы, ШҰАР ЖОО кәсіптік қызмет атақтарын аттестаттау комиссиясының бастығы, т.б. қызметтерді өтеген.
Ол 1986-1996 жылдары ШҰАР оқу-ағарту комитеті төрағасының (білім министрінің) орынбасары, оқу-ағартуды зерттеу институтының профессоры (1988 ж), ШҰАР-дың төтенше үлесі бар маманы (1990), бұған қоса Чияугуаң шығыс ғылымы мен мәдениеті академиясының мүшесі, ШҰАР-дың Телевизия университеті мен Бейжиң ұлттық университетінің профессоры, Үрімжі университетінің ақылшысы, ЖОО-да білім беруді зерделеу институтының директоры мен аға зерттермені, ШҰАР бойынша білім беру және әкімшілік заңдарды атқару жағындағы инспектор болып жұмыс атқарды. Ал, 1993-2003 ж.ж., 8-9- (екі кезектік) Мемлекеттік Халық Құрылтайының (парламент) депутаты, оның ұлттар комиссиясының мүшесі болды.
Ғылым саласында "Радиоқабылдағыш", "Компьютер", "Магнитофон" және "Калькулятор", т.б. кітаптары жарық көрген. С.Жанболатов 1986 жылдан кейін біржолата көркем әдебиетке бұрылады. 1960 жылдардағы "Домбыра физикасы" секілді ғылыми очерктері мен "Аруақтар арасында" сияқты ғылыми-фантастикалық әңгімелерінен ("Хас Сақтар" жина¬ғы) соң, "Үйсін хикаясы" атты трилогиясы - "Елжау Күн¬би", "Саншора Күнби" және "Оңғай Күнби" атты төрт томнан тұратын үш романы жарық көрді. "Елжау Күнби" қытайша, Қазақстанда кириллицамен басылып шықты және ҚХР-дың мемлекеттік, ШҰАР-дың үздік туынды сыйлы¬ғына ие болды.
2005 жылдың қыркүйегінде Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауым¬дастығының Төралқа мүшесі болып сайланды.
Солтыкен Көкішұлы - Қытайдың мемлекеттік чемпионы. 1952 жылы Алтайдың Қыран өзені бойында дүниеге келген. Ол Қытайдың мемлекеттік спорт жарыстарында алты рет алтын медаль иегері болған. 1981 жылы Қытай палуандары¬ның тұңғыш рет шетелге шығып, ту тігу мақсатындағы Азия елдерінің Үндістандағы спорт сайысына қатысады. Солтыкен Көкішұлы 100 килограмм салмақтағылар бойынша Жапония, Куба, Шри-Ланка, Қазақстан елдерінің палуандарымен белдесіп, 4 - жүлдеге ие болып, Қытай еліне абырой әперді. Сокең екінші рет 1984 жылы Ирандағы сексен неше мемлекет палуандары бас қосқан Такти атындағы халықаралық палуан¬дар сайысына түседі. Бұл ретте де еліне жеңіспен оралады.
Ол мемлекеттік жүлдегер, "мемлекеттік тәрбиеші" атақтарының иегері. Алтай аймақтық дене тәрбие комитетінде жаттықтырушы.
Балуан Шолақтың жолын қуған Солтыкен аты шыққан алып палуан ғана емес, айтулы ақын. "Ақ семсер", "Көк сүңгі", "Жасыл жебе" атты өлеңдер жинағының авторы.
Сейіт Көрпебайұлы (1916-1944) Әкпар батырдың немере інісі. Нылқы қалашығы мен Құлжа қаласын шабуылмен алу шайқасы барысында маңызды рөл атқарған. 1944 жылы қара¬шада Құлжаны азат ету шайқасында жау оғынан мерт болған.
Серік Қожабайұлы (1936-1993 ж.ж.) - Шынжаңның спорт саласы бойынша тұңғыш чемпионы болған. Атақты палуан. Мемлекеттік жарыстарда 3 рет, өлкелер ара жарыс¬тарда 7 рет бас жүлдені жеңіп алып, он алты медаль иегері болған. Ілгерінді-кейінді "Спорт шебері", "Аға жүлдегер", "Бірінші дәрежелі спортшы", "ҚХР-ның еркін күрес аға жүлдегері" секілді атақтарға ие болған. Қытайға сапарлай келген шетел палуандарымен достық сайысына түскен Серік оларды да шаң қаптырған. Кезіндегі Кеңестер одағының па¬луан¬дары оның осы алыптығына қарап: "Қытай Қажымұқа¬ны" атаған.
Сиыршыбай Райсханұлы (1898-1960 ж.ж.) - Алтай өңірінде өткен әйгілі палуандардың бірі. "Түйе палуан" атанған алып¬тығымен даңқы шыққан. Сан жарыстарда қарсыласын шаң қап¬тырған. Солшылдық саясаттың сойыл соғарлары салдары¬нан 1960 жылы ауыр еңбекпен айдауда жүріп қаза болған.
Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947 ж.ж.) әйгілі ақын. Қытай қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі. ШҰАР-дың Күнес ауданының Шапқы деген жерінде туған. Әуелі ауыл молдасынан, онан соң ауыл мектебінде, кейіннен 7 жыл¬дық "Шуетаңда " (қазақ - моңғол мектебі) оқыған. Тоғыз жасынан бастап өлең құрап айта бастаған.
1925 жылы Шапшал шекарасы арқылы Қазақстан жеріне қашып өтеді. Бұл ақынның өнер жолына үлкен мектеп болды. Газет-журнал, кітап дегеніңізге қарық болып білікті, білімді жандардан ұстаздық тәлім алды. Қойдыммен айтысады. 1928 жылы қоржын-қоржын кітап теңдеген ақын Күнеске қайта қашып өтеді.
1933 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға араласады. Қазақ сахарасында мектептер ашу, мұғалімдер жетілдіру, халықты жаңалыққа бастау жағында көп жұмыстар тынды¬рады. Құлжа қаласына барып, қазақ-қырғыз ұйымшасының мәдени жұмыстарына жетекшілік етеді. Әдебиет - көркемөнер кештерін ұйымдастырады. Газет шығару, театр қою жұмыстарына араласады.
Шың Сысай үкіметі қазақтарды жаппай тұтқындай баста¬ғанда 1940 жылы Таңжарықты да ұстап, түрмеге жабады. 1944 жылы түрмеден босап, 1945 жылы қайтадан ұсталады. Аяусыз жәбірлеуге, жан төзгісіз қинауға ұшырайды.
1946 жылы гоминдаң үкіметі мен үш аймақ үкіметі арасындағы келісім шартқа орай түрмеден босайды. 1947 жылы маусымда тұйықсыз аурудан қайтыс болады.
Оның өкілдік шығармаларынан - "Ел сыры", "Іле көркі", "Қоштасу", "Түрме халі", "Амандасу", "Туған жер", "Шын тілек" секілді жыр толғаулары, "Назигүл", "Анар-Сәуле", "Санауар", "Салиқа-Садық", "Молда мен бақсы", "Қасқыр мен бөрібасар" дастандары, айтыстарынан - Ұлжалғаспен, Қойдыммен, Нұриламен, Әлекенмен айтыстары бар. 1948 жылы ақынның өлеңдерінен "Алғашқы жинақ " атты жыр жинағы жарық көрген.
Шынжаң халық баспасынан ілгерінді-кейінді болып, "Түрме халі" (1981 ж.), "Назигүл" (1982 ж), Орталық ұлттар баспасынан "Анар-Сәуле" (1982 ж.), Іле газеті баспасынан "Шын тілек" (1994 ж.) кітаптары жарық көрді. Кейіннен бар¬лық шығармалары топтастырылып "Таңдамалы шығар-маларының" 1-2 томдары 1985 жылы, 3-томы 1995 жылы басылып шықты.
Шынжаңда Таңжарықты зерттеу қоғамы құрылып, "Төңкерісшіл ақын Таңжарық" (1985 ж.), "Сөнбес алау" (1994), "Таңжарықтану" (1995) атты зерттеу еңбектері мен "Таңжарық" телефильмі жарық көрді. Белгілі жазушы, ғалым Оразанбай Егеубаев Таңжарықтануда орасан зор еңбек сіңіріп, аталған еңбектердің жазылуына, жарық көруіне мұрындық болды.
Қазақстанда 1974 жылы, 1992 жылы және 2003 жылы ақын еңбегі арнайы кітап болып шықты. Дүниежүзі қазақта¬ры қауымдастығынан 2003 жылы Таңжарық Жолдыұлының 100 жылдығына арналған халықаралық жыр бәйгесі өтті.
Тайыр Белгібайұлы (1921-1984 ж.ж.) - Алтайда өткен әйгі¬лі күйші. 1946 жылдан бастап ол Алтай аудандық үкімет мекемесінде, Жеменей ауданында, Алтай аймақтық ән-би үйірмесінде түрліше жұмыстар атқарған. 1951 жылы Шынжаң бюро кадрлар мектебінен бір жыл білім толықтырған. 1954 жылы сәуірден 1955 жылы мамырға дейін "Қасен-Жәмила" фильмін түсіруге қатысып, Жақан рөлін сәтті сомдаған. 1955 жылы облыстық ән-би үйірмесіне орналасқан.
1956 жылы тамызда 5 одақтас республикада өнер сапа¬рында болып Кеңестер Одағындағы қазақ көрермендерін де тәнті етеді. "Мәдениет төңкерісінде қақпай көріп, кейіннен Алтай аймақтық мәдениет мекемесіне жұмысқа орналасады.
Т. Белгібай "Ақ арал " бастаған 12 күй, 22 ән шығарған. Ол Шынжаң музыканттар қоғамының алқа мүшесі болған.
Тазабек Мұсылманбайұлы (?-1871) қазақтың ұлы жүз албан руының батыры. Қазіргі Алматы облысы өңірінен 1871 жылы мың неше түтінді бастап Қытай жеріне көшеді. Орыс¬тар көшті тосып қанды қырғын болады. Тазабек елін Қытай жеріне алып кетеді. Бірақ, орыс генералы Калпаковский мұнымен тынбай "Іле сұлтан" - Әлиахұнға сес көрсетеді. Әлахұн Тазабекті тапсырып беріп, орыстарға тізе бүгеді. Калпа¬ковский батырдың қол-аяғын байлап Верныйге (Алматы) әкеліп түрмеге жабады. Тазабек оларға бас имей ақыры қинаумен өлтіріледі.
Тәліпбай Қабаев ақын, әрі көрнекті баспагер. 1935 жылы Іленің Текес ауанында туған. Қытайдағы қазақ қаламгерле¬рінің еңбегін баспадан шығару жолында көрнекті еңбек сіңіріп, ШҰАР-дың және мемлекеттің ерекше сыйлықтарына ие болған.
Ол ҚХР аз ұлт зерттеу қоғамының, ШҰАР баспагерлер, ШҰАР тіл-мәдениет, фольклор, жазушылар қоғамының мүшесі.
Тергеусіз Сасанұлы (1856-1915) Қызай ананың жетінші ұрпа¬ғы - Сасан Ақалақшының төртінші ұлы. Қызайдың бегімбет, дербіс елінің үшінші кезекті ақалақшы әрі тәйжісі болған.
Халқының қамы үшін жасаған күрескерлігі үшін 1912 жылы Пекиндегі зұңтұң оған арнайы марапат қағазы мен сыйлық ақша жіберген.
Төлебай Бөжекұлы - (1851-1924 ж.ж.) төкпе жырдың иесі болған көрнекті ақын.
Оның өкілдік шығармаларынан - "Домбыра" дастаны, "Қызыл бұзаумен айтыс", "Төлебай мен Әкітайдың айтысы", "Төлебай мен Бұлбұл қыздың айтысы", "Төлебай мен Нұр¬жан қыздың айтысы", "Төлебайдың екі қызбен айтысы" секілділер бар.
Түсіпбек Сламқұлұлы - 1946 жылы Үрімжі ауданында туылған. 1968 жылы орталық ұлттар университетін тауыс¬қан. Ақпарат, баспасөз саласында 30 жыл істеп, 4000-ға жуық фотосурет, 100-ден астам мақала жариялап, 10 неше кітап ауда¬рып, 60 неше кітапты редакциялап, "Қытайша-қазақша биология сөздігі" тектес сөздіктер мен "Фотосурет техни¬касы" кітабын құрастырып, "Қытай қазақтары", "Қазақ тұр¬мыс салты" атты альбомын шығарады. 2003 жылы Шынжаң жастар өрендер баспасынан "Қияндағы хикіметтер" атты ғажайып табиғат құбылыстарының шежірелік кітабын шығар¬ды. "Отар тұрмысы" қатарлы алты суреті халықаралық көрме¬ге қойылды. Суреттерінен: "Көрікті де ырысты Ертіс" және "Қар жамылған Қанас" мемлекеттік 1-3, "Жаратылыс жасам¬паздығы" батыс солтүстік бес өлке бойынша екінші, "Шөгір шыңына сапар", "Тың бастамадан туған тың нәтиже" мақа¬лалары батыс солтүстік бес өлке бойынша айырым-айырым екінші дәрежелі болды. 2000 жылғы тұңғыш Шынжаң тұрмыс-салты фотосурет сыйлығының бас жүлдегері болды. Ол қазір "Шынжаң суретті журналы" бас редакторының орын-басары, аға редакторы. Қытай салт-сана суретшілер қоғамы¬ның докторы, Қытай фотосуретшілер қоғамының мүшесі, Шынжаң фотосуретшілер қоғамының тұрақты мүшесі.
Үркінбек Малшыбаев аға зерттеуші, геология ғылымының маманы. 1934 жылы ШҰАР Қаба ауданында туған.
"Алтайдың ежелгі үгілме қабаттары", "Алтын Алтай" кітаптары мемлекеттік ғылыми кітаптар бағалауында жүлделі орынға ие болды.
Ү.Малшыбаевтың есімі "Дүниежүзі ғалымдары", "Дүние¬жүзі таңдаулы дарындылары" энциклопедиялық сөздіктерге енген. Ол ҚХР Геология зерттеу қоғамының, Жағрафия зерт¬теу қоғамының, Қытай жағрафия жалпыластыру қоғамының мүшесі.
Шалап Саудагерұлы (Шақабай Шалап) 19 ғасырдың соңғы жарымы мен ХХ ғасырдың басқы кезінде Алтай өңірінде өткен белгілі күйші. Оның Шақабай Шалап аталуы ру атымен шыққан, ол күй орындау шеберлігі жағынан танымалы болып қана қоймай "Арман-ай", "Жылып өткен дүние", "Зәурен-ай" секілді күйлерді тудырған. Кейінгілер оның күйлерін "Шақабай Шалаптың күйлері" деген жалпылық атаумен орын¬дайтын болған.
Шәріпхан Көгедаев (1900- 1940) Қытай қазақтарынан шыққан көрнекті қоғам қайраткері. 1933 жылы Алтай аймағының әкімшілік бастығы болған. 1937 жылы Шынжаңның имперализмге қарсы тұру бас қоға¬мы Алтай бөлімше қоғамының бастықтығын қосымша атқарған.
Шәріпхан оқу-ағарту баспа істеріне өте көңіл бөлді. 1934-1935 жылдары Алтайдың күн бетінде арт-артынан мектептер ашты. Бір оқу жылында 15 жаңа мектеп оқу бастады. 1935 жылы көктем кезінде Мұқаш Жәкеұлын Зайсанға жіберіп баспа машинасын алдырды. Әртүрлі үгіт құралдарын басып таратумен бірге желтоқсанда "Алтай Шынжаң газетінің" тұңғыш саны жарық көрді. Сарсүмбе ауданының қала құр¬лысын жаңадан жобалаумен бірге "жетімхана", "панасыз қариялар орны", "қазақша мұғалімдер жетістіру курсы", "ерлер мектебі", "қыздар мектебі", "ұйғыр мектебі", "моңғол мектебі", "аудандық клуб" секілді көптеген халықтық - әлеуметтік орындарды ашып, жұмыс бастады.
Алтайда оқып тәрбиеленген үздік оқушыларды Үрімжі, Ташкент қалаларына білім алуға жіберіп отырды. Аз ғана жыл ішінде Алтай аймағындағы мектеп саны 80-ге жетіп, оқушы-оқытушы саны 10 мыңнан асты.
Елі үшін еміреніп еңбек еткен егей ер 1939 жылы Шың Сы¬сай жағынан қолға алынып, 1940 жылы түрмеде жауыз¬дықпен өлтірілді.
Шәріпхан қоғам қайраткері. ШҰАР Санжы дүңген облысы бастығының орынбасары секілді әртүрлі басшылық қызметтер істеген. Қазір ШҰАР саяси мәслихат кеңесі бастығының орынбасары қызметін атқарады.
Шәкен Оңалбаев, көрнекті ақын. Шынжаң тіл институтын қытай тілі мамандығы бойынша тәмәмдаған соң Шынжаң ауылшаруашылық институтында, өлкелік тіл жазу комите¬тінде, Шынжаң халық көркемөнер басқармасында басшы қызметтер атқарған. 1981-1989 жылдары Шынжаң жазу¬шылар одағы төрағасының орынбасары, "Шұғыла" журналының бас редакторы, 1989-1997 жылдары ШҰАР әдебиет-көркемөнер¬шілер бірлестігі төрағасының орынбасары қызметін атқарып, 1998 жылы зейнетке шыққан. 1-дәрежелі жазушы (профессор дәрежелі) деген "кәсіптік-техникалық" атағы бар.
Қазір ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің құрметті төрағасы, Қытай жазушылар одағы мемлекеттік комитетінің құрметті мүшесі, ШҰАР үкіметі тіл-мәдениет зерттеу орнының зерттеушісі, "Шұғыла" журналының ақылшысы секілді міндеттер атқарады.
1954 жылдан баспасөзде өлеңдер жариялай бастаған. "Жылдар сыры", "Бүркітші", "Жарқын жол", "Жасыл әлем", "Замандас", "Бәйге" секілді жыр, дастан кітаптары жарық көрген. Қытай тілінде "Туған жерге, өлең-жырға, сүйген жарға махаббат" деген өлеңдер жинағы шыққан.
Ш. Оңалбаев қытай тіліндегі "Әйгілі адамдар сөздігі", "Мәдениет қайраткерлері сөздігі" секілді оннан астам сөздікте және Шынжаң энциклопедиясында арнайы таныстырылған.
Шәйсұлтан Қызырұлы жазушы. 1940 жылы ШҰАР Алтай қаласында туған. "Кім айыпты" (1983 ж.), "Сардар" (1985 ж.), "Тұманды тағдыр" (1991 ж.), "Жалғанған махаббат" (1996 ж.), "Дабыл" (1987 ж.), "Бұлаң дүние" (1989 ж.), "Қайқая шапқан қарагер" (1999 ж.), "Қабір басындағы хикая" (1999 ж.), "Шаңырақ" (2000 ж.) "Көңіл қосқандар", "Алтын тау азаматтары" секілді кітаптардың авторы.
Ш.Қызырұлы жазушылықпен ғана айналысып қалмастан, көптеген әдеби туындыларды қазақшалаған. Ол ҚХР жазушылар одағының, ШҰАР жазушылар одағының мүшесі.
Шәміс Құмарұлы, ҚХР мемлекеттік сыйлығының, мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы атағының иегері.
1952 жылы 15 сәуірде ҚХР, ШҰАР Мори ауданында дүниеге келген. Оның тұңғыш кітабы "Үміт ұшқыны" 1980 жылы Шынжаң халық баспасынан жарық көрген. Содан бері автордың "Қарамайлы аңызы", "Бір тамшы қан", "Жу¬сан¬ды дала", "Аршалы таудағы ән", "Бәтима" атты повестері, "Ақ серке мен Көк серке", "Қия жол" әңгімелер жинағы, "Бөке батыр", "Көз жасы сарқылмайды", "Ер Жәнібек", "Тұғы¬рылхан", "Ертіс кілкіп ағады", "Жарық дүние" роман¬дары жарық көрген. "Бөке батыр" романы үшін Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері болған. "Ер Жәні¬бек" романы Қытай мемлекеттік үздік кітаптар сыйлығын иеленсе, "Жусанды дала" повесі мен "Туған жерде" әңгімесі Шын¬жаңда бірінші дәрежелі жүлде алған.
Ш. Құмарұлы қазір Шынжаң әдебиет, көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары. Қытай мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі.
Шілбі Көмекұлы (1860-1936) Шынжаңның Бұратала жерінде туып, Құмыл өңірінде өткен көрнекті ақын. Ол жай ақын ғана емес ағарту ісімен айналысқан қоғам қайраткері ретінде де белгілі. 1919 жылы қазіргі Құлжа ауданының Шолақай ауылының Нар деген жерінде мешіт, медресе сылдырған әрі өзі ұстаз болып шәкірттер тәрбиелеген.
Шілбі қолына домбыра ұстап, күй тартып ән салатын болған. Оның көп шығармалары қолма-қол ойдан құрау арқылы жыр нөсері болып төгіліп ауыздан-ауызға таралып отырған. "Май мұна", "Қызыл төл", "Қаржан досым", "Хиямет ахуалы", "Насихат дәптері", "Әтікей-Нұржекей", "Жігіт туралы", "Шал туралы", "Жаз" секілді жыр-дастан¬дарының көбі сондай бір шабытты шақтардың туындысы болған.

Қытай қазақтарынан атажұртқа оралған зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары:
ҚХР-дан 1955-1956, 1962-1969 жылдар ішінде бірнеше дүркін елдің қазақ жеріне босып өтуімен бірге көптеген қайраткерлер, ақын-жазушылар, өнер адамдары да атажұртқа оралды. Алды бақилық болған олар қазақ еліне де өзіндік үлестерін қосып танымал тұлғаларға айналды. Бастыларынан: Балқаш Бапин, Уаһап Әбдірахман, Мұхаметжан Әбдрахма¬нов, Жағда Бабалық, Нәбижан, Асхат Тайыпов, Қазыхан Манасбаев, Телмұхамбет Қанағатов, Ахметқали Бітімбаев, Қалдыбай Қанарин, Жексенбай Еділов, Рамазан Қамитов, Тойбек Хасенов, Бәкей Әубәкіров, Патиқ Жабықбаев, Дәнеш Рақышев, Әкімжан, Кәкең, Хамит Нөкішев, Бұқара Тышқанбаев, Ахмет Жүнісов, Рысбек Сарғожин, Жолдасбай Тұрлы¬баев, Жанболат Ауыпбаев, Қабдеш Жұмаділов, Құрманбай Толыбаев, Елубек Байтақов, Уақап Қыдырханұлы, Ғалым Тыныбаев, Абылай Түгелбаев, Фарида Шарипова, Әмина Нұғыманова, Әлімғазы Дәулетхан, Нұрқасым Қазыбек, Нүкеш Бәдіғұлов, Жәркен Бөдешұлы, Қажытай Ілиясұлы, Айтан Нүсіпханұлы, Әбдеш Дайырбаев, Ғалым Нөкіш, Жанат Ахмәди, Несіпбек Айтұлы, Марфуға Айтқожина, Құныпия Алпысбаев, Зұфар Сейітжан, Тұрсын Жұртбай, Сара Таңжарық, Шара Таңжарық, Оразақын Асқар, Кеңесжан Шалқар, Мінуар Әкімхан, Әшен Қазыхан, Жабайыл Бейсенов, Қазтай Әбішұлы...тағы басқалар.
1991 жылдан кейін атажұртқа оралғандар:
Жақсылық Сәмитұлы, жазушы, ҚазҰУ-дің доценті.
Оразанбай Егеубаев, әдебиетші ғалым, Марқұм тірі кезінде М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ауыз әдебиеті кеңесшісі болған.
Серік Қапшықбаев, ақын, Қазақстан жазушылар одағының шетел қазақ әдебиетінің кеңесшісі
Ыбырай Файзуллин, "Көрші" журналының жауапты редакторы
Нәбижан Мұхаметханұлы, ҚазҰУ-дің профиссоры. Тарих ғылымының докторы.
Мұхтархан Оразбай, Тарих ғылымының докторы, "Әдебиет" баспасы директорының орынбасары.
Майра Мұхаммедқызы, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртисі.
Қайрат Ғабитханұлы, Филология ғылымының кандидаты, профессор, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының аға ғылыми қызметкері.
Шұғыла Сапарғалиқызы, Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы театрдың бишісі.
Тұрсынхан Зәкенұлы, ШҚО мемлекеттік университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының кандидаты.
Дукен Мәсімханұлы, ақын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы. Филология ғылымының кандидаты.
Мұрат Шаймаранұлы, ақын, ҚазҰУ-дің оқытушысы.
Бақыт Ғалымқызы, ҚазҰУ-дің оқытушысы.
Дәулет Тоқтасынұлы, ҚазҰУ-дің оқытушысы.
Зәуре Нәбижанқызы, ҚазҰУ-дің оқытушысы.
Гүлжан Ахметбекқызы, ҚазҰУ-дің оқытушысы.
Толқын, Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқытушы
Керім Елемесұлы, ақын, "Балдырған" журналының әдеби қызметкері.
Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, "Әдебиет айдыны" газеті бас редакторының орынбасары.
Ауыт Мұқибекұлы, ақын, "Балдырған" журналының әдеби қызметкері.
Бақыт Еженхан Р.Сүлейменов атындағы шығыстану инситутының аға ғылыми қызметкері
Бекқожа Жылқыбек ақын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы. Филология ғылымының кандидаты.
Иманғазы Нұрахметұлы ақын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы.
Әлімжан Әшімжанұлы "Шалқар-2" газетінде тілші.
Думан Аман, әдебиеттанушы. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы.
Айгүл Түркияқызы, Химия ғылымының кандидаты. "Үштас" ЖШС-інде жетекшілік қызметте.
Нұрхан Сұлтанбай, ақын, Шымкент газеттерінде әдеби қызметкер.
Данияр Дуаметұлы, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің оқытушысы, ғылым кандидаты.
Тілеубек Қожанұлы, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі.
Жаннат Тоқтасынқызы, Қорғаныс министрлігі орталық ансамблінің әншісі
Жұман Дүгірұлы, "Қазақстан" ұлттық арнасы Астана бөлімшесінде оператор.
Ермұрат Зейіпханұлы әнші, сазгер. Қорғаныс министрлігі орталық ансамблінің көркемдік жетекшісі.
Жәди Шәкенұлы, жазушы,журналист, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы "Атажұрт" баспа орталығы бас редакторының орынбасары.
Құрманбек Әлімғазыұлы, Қазақконцерт бірлестігінің әншісі.
Риза Қайырбайқызы, Қазақконцерт бірлестігінің әншісі.
Болатқазы Әнуарбек, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы.
Ардақ Нұрғазыұлы, жазушы. "Шетел әдебиеті" газетінің бас редакторы.
Нұрсәуле Мұханқызы, қазақ радиосында журналист.
Жасан Зекейұлы, дәрігер "Жас-ай" медицина орталығы¬ның жетекшісі.
Тұрсынбай Дәуітұлы, әнші, ҚызПИ оқытушысы.
Гүлзира Бөкейханқызы, Астана қаласында филармонияның әншісі.
Қойшыбек Мүбарак, "Үн" журналының бас редакторы.
Еркін Қожаұлы, Қ. Сатпаев атындағы Қазақ техникалық университетінде оқытушы.
Мардан Нәбижанұлы, Қазақ сәулет құрылыс академия¬сында аспирант әрі колледж мұғалімі.
Бұлардан басқа зейнетке шыққан немесе дипломы болған¬мен қоғамнан өз мамандығы деңгейіндегі көрнекті орын ала алмай жүрген ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз, жас өнерпаздарымыз да аз емес. Тіпті кейбіреулері заман сал¬ған бұғалықпен базар жағалап жүр. Сондай асыл азамат¬тарымыздан төмендегі есімді атай кеткеніміз жөн сияқты:
Қайролла Баянбайұлы, Жұмаділ Маманұлы, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Ахметолла Қалиұлы, Зейнолла Сәнікұлы, Шәмшабану Қамза, Сейітхан Қалиұлы, Меллат Рамет, Мұқаш Дайырбаев, Сәли Сәдуақасұлы, Қазез Райысұлы, Қабира Белдеубайқызы, Рахмет Қойшин, Қабылқақ Күлмесханұлы(марқұм), Керейғазы Нұрсадық, Сламхат Сейітқамзаұлы, Долда Кенешұлы, Халқазат Төлеуханұлы, Армиябек Сағындықұлы, Болат Бопайұлы, Алмас Ахметбекұлы, Ғалым Қалибекұлы, Ахметжан Қайбар, Адалбек Ахмәди, Серік Нүсіпұлы, Жігер Жанәбілұлы, Серік Нұғыманұлы, Мақсұтхан Дәлейұлы, Тойбол Ерден, Мағиза Құнапия, Мәденғали, Адал Қалибек, Әсемғазы Қапанұлы, Рақым Айыпұлы, Омаралы Әділбек, Райыс Әріпжан, Әбдібек Әбдіманап, Мұратхан Шоқанұлы,Уатхан Сәйфіл, Бақытжан, Сағынтай Сұңғатай, Бақыт Дуаметұлы, Қастер, Қастер Сейітхан(марқұм), Қайрат Құлмұхамет, Ләззат Игісінқызы, Тоқтасын Қыдырмоллаұлы, Мұқаш Таңғыт, Ерлан Матқабыл, Әбдіғани, Бөрібай, Мұқаш Қожақымет, Еркін Нұрбай, Ербол Әбенұлы, Еркін Ергенұлы, Қазипа Қалиқызы, Әділ Сламхан, Ерлан, Сасан Дәулетхан, Шаба Әденқұлқызы, Ерлан Әсембайұлы, Талапбек Тынысбек, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Дәлейұлы, Рысбек Тоқтасынұлы, Ұлан Бапай ...
Жеке Кәсіпкерлер:
Жеңіс Түркияұлы, Айбын Әубәкірұлы, Оразанбай, Кен¬же¬бай Жарқайұлы, Мұхан Мамытхан, Қарқын Көкенайұлы, Болат Шәріпұлы, Шағанбек Қанжарбай, Бахаргүл Төлегенқызы, Талғат Мамыр, Фарида Мерхамитқызы, Асқар Жакулин, Шаймұрат Шаймардан, Ержан Шәріпхан, Ділдахан Дәлелұлы, Сабыржан Мұхаметхан, Қанат Байтоллаұлы, Базарәлі Әріпұлы, Ержан Жанболат, Ғылымхан Қабиұлы, Нұржан Қалиоллаұлы, Нұрмұрат, Нұржанат Керейхан, Тұрған Қалиұлы, Рысбек Тоқтасынұлы, Ернар Төкенұлы, Айдын Оразанбай, Нұрболат Сұраубайұлы, Ертай, Айтқазы, Өнерхан, Ершат, Жамбыл, Абдолла, Алма Әуелханқызы, Бірлес Әбусейтұлы, Бағай Әкімжан¬ұлы, Үйренішбек Әбеу.

ШЫНЖАҢ ЖАЗБАЛАРЫНДАҒЫ ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНА ҚАТЫСТЫ ІРІ ОҚИҒАЛАР ЖЫЛНАМАСЫ (111)
1203-1204 жылдар
Шынжаң қазақтарының ішіндегі басты ру керей, найман рулары Алтай тауынан Орхон өзеніне дейінгі аралықтағы Моңғол сахарасында малшаруашылығымен шұғылданатын.
1203 жылы Темужин Орхон өзенінің алқабындағы керей тайпасын, 1204 жылы найман тайпасын жеңіп, Тұғырыл мен Таянханды өлтіріп, тұтас Моңғол сахарасын бірлікке келтірді.
ХҮ ғасырдың соңғы жарымынан ХҮІ ғасырдың алғашқы жарымына дейін қазақ хандығы құрылды.
Қазақ хандығы 1456 жылы Әбілқайыр (Өзбек) хандығы¬нан бөлініп, ауа көшіп, сол кезде Моғолстанға қарасты болған ата-бабалары мекеніне келген, мал шаруашылығымен шұғылданатын ұлыстардан құралған, Өзбек хандығынан бөлініп шыққандар қазақтар деп аталған. Олар Жетісу, Шу өзені алқабында Керей хан бастаған қазақ хандығын құрған. ХVІ ғасырдың алғашқы мезгіліне дейін Қазақ хандығының жер көлемі шығысы Жетісудан тартып, батысы Орал-Жайық өзеніне дейінгі, солтүстігі Есіл, одан ары Ертіс өзеніне дейінгі, оңтүстігі Ташкентке дейінгі жалпақ өңірді алып жатты. Жан саны бір миллионнан асты.
1723 жыл
Жоңғарлар қазақтарға жойқын шабуыл жасады. Сол кезде қазақ ақсүйектерінің ішкі талас-тартысы олардың сырттан келген шапқыншылыққа қарсы тұруына дәрменін келтірмеді. Қазақ хандығының елі өз мекенінен айырылып, батысқа аууға мәжбүр болды. 1723 жылы көктемде, жоңғар армиясы Талас өзені алабындағы жайлауға көшуге дайындалып, бейғам жатқан елге тұтқиыл шабуыл жасады, қазақтар мал-мүлкін тастап қашуға мәжбүр болды, жол бойы шөптің тамырларын қорек етті. Қашуға үлгіре алмағандардың қырылғаны қыры¬лып, қолға түскені қолға түсті. Осы жолғы жоңғарлардың шабуылында орта жүздегілер Самархан маңына, кіші жүздегілер Хиуа мен Бұхара атырабына қашып барды.
1755-1757 жылдар Чиң өкіметі Жоңғар патшалығын және оның қазақтардан жеңіліп қашқан қалдық күштерін тып-типыл жойды. Қазақтар өз мекендеріне қайта оралды.
1757 жылы орта жүз ханы Абылай Ежен ханға Ханжығар, Өміртай, Долан, Аранжы, Танаш, Бекенай секілді елшілер жіберіп, 4 сәйгүлік тарту етті, әрі "барлық қазақты бастап онымен етене болуды қалайтындығын" білдірді.
1763 жыл кіші жүз ханы Нұралы да сондай тілегін білдірді. 1769 жылы орта жүз ханы Абылайдың ұлы Уәли сұлтанды, ұлы жүз ханы Әбілпейіздің ұлы Жолшы сұлтанды ілгерінді-кейінді Еженханмен кездесуге жіберді.
1766-жыл
Қазақтар шығысқа қоныс аударып, Тарбағатай, Іле өңірлеріне келіп мал бақты.
Осы жылы көне календарь бойынша 17 сәуір күні Чиң өкіметі Іле генералына былай деп бұйрық түсірді: "Іле сияқты жерлердің жері кең, адамы қанша көп болса сонша жақсы. Қазақтар мал бағатын жері болмаса, үрейленіп талан-таражылық істеуі мүмкін, осы орындарға келіп мал бағуды қалайтындарды қабылдауға болады. Уақыт өте келе адам молайғаннан кейін, залың, тәйжілерді қоятын бол. Қазір келген Татабай сияқтыларды Иарға (Тарбағатайға) отырғыз, бұдан былай үздіксіз келетіндер болса оларды да Иарға орналастыруға болады".
1767 жыл
Чиң өкіметі Абылай ханға: "Қазақ малшыларының Іле қатарлы жерлерде мал бағуына болатындығын" ұқтырды. Орта жүзден 300-ден астам қазақ Тарбағатайға көшіп келді.
Зайсан көлінің батыс терістігіндегі Бұлғын өзені жағасын¬дағы және Алтайдың батысындағы Абақ керей тайпасынан шамамен бір мың түтін 1770 жылдан бастап Жеменейді, Қобықсары өңірін мекендеп мал бақты. Олардың елбасы Көгедай 1790 жылы Чианлуң патшамен дидарласады және "гүң" деген шен алды. Іле, Текес өзен алқабына сонау ертеде Орта Азиядан көптеген қазақ келіп мал бақты. Сол жылдары қарбыз мерекесінде әскерге алынған тың игеретін қылмыс¬тылар мен сүргінделген қылмыстылар Санжыдағы қазақ және қырғыздармен бірлесіп тың игеретіндердің мәнсаптысын өлтіріп, әскери қару-жарақтарын бұлап, Санжы қалашығын басып алып, Чиң патшалығына қарсы көтеріліс жасады.
1770 жыл
Қазақтардың орта жүзіндегі Абақ керейдің көп сандысы, найман руының бір бөлімі айырым-айырым Қотырақ батыр, Шуаш батыр, Қуандық батыр, Тайлақ батыр, Байхан батыр, Естаған батыр қатарлылардың бастауында, Қалба тауы мен Зайсан көлі маңынан Ертіс өзенінен өтіп, Алтай тауының батыс бөлегіне көшіп келді. Кейін бірте-бірте шығысқа қарай жылжи көшіп, қазіргі бүкіл Алтай аймағына қоныстанды. Бұл қазақтың керей руы мен найман руының Шыңғыс хан дәуірін¬де Алтайдан ауғаннан кейін атамекеніне қайта оралуы еді.
1782-1791 жылдар
1782 жылы Уәли хан Сағай сұлтан бастық тоғыз адамды Пекинге елші етіп жіберіп, Чиң патшалығына тарту-таралғы ұсынған. 1787 жылы шілдеде Уәли хан өзінің інісі Қасым бастық бес адамды елші етіп Пекинге жіберген.1791 жылы шілдеде Уәли хан өзінің баласы Хамза бастаған төрт адамды елші етіп Пекинге жіберген.
1788 жыл
Керей руы өз руының ұлттар арасындағы орнын жоғары көтеру үшін Байқадам қатарлы он неше адамды Шың¬ғысханның ұрпағы Әбілпейіз ханға жіберді. Бір "төренің" (хан ұрпағының) Алтайға келіп билік жүргізуін талап етті.
Әбілпейіз Алтайға өз баласы Көгедайды жіберді. Ол қазақ¬тарға ең жоғары үстемдік жүргізуші болды.
1790 жыл
Көгедай абыройын арттыру үшін Бейжинге барып, Гаузуң патшамен бет көрісті, Чиң патшалығы Көгедайға "гүң" мән¬сабын атап, таңба мен шен киім берді. Көгедай әр жылы 80 ат беріп адалдығын білдіріп отырды. Сондай-ақ Жәнтелі Қуандықұлын би ақалақшы етіп сайлап, Көгедайдың көшпелі малшыларды басқаруына көмектестірді.
1807 жыл
Суң Иун қазақ босқындарының қиын-қыстау жағдайын баяндап, Тарбағатайдың шығысынан мал бағуға жер белгілеп беріп, тұрмыстарын ретке салуды айтады. Жоғарыға былай деп дәттеме жолдайды: Қазақ рулары өзінің жайылымы болғандықтан патшалықтың шекарасына мал бақпаса, патшалықтың әскері тұрған жерге қазақ малшылары мал бағатын болса, уақыт ұзара келе өз жері есептейтін болады... Бұл іс те Шынжаң шекара істері секілді төтенше маңызды.
1810 жыл
Чиң өкіметі қарауыл сыртындағы шекара ішінде мал бағып отырған қазақ руларының Чиң өкіметіне бажы тапсыруына, шекара шарлайтын мәнсаптылар мен әскерлерге көмектесіп шекара өңірді шарлауына жол берді. Чиң өкіметі қазақ рубасыларына шен берді.
1836 жыл
Қазақтың Абақ керей руының рубасылары Буыршынның Үштас жайлауында бас қосып, би сайлайды. Бұл жолы жиыны төрт би, яғни Жәдік руынан Бейсенбі Дөненбайұлы, Құлыбек Жәнтеліұлы; Жәнтекей руынан Көкен Мамытұлы, Топан Сатайұлы сайланды.
1858 жыл
7 қыркүйекте Қытай - патшалық Ресей "Тарбағатай қосым¬ша шартына" қол қойды.
1862 жыл
Патшалық Ресей Қытайдың шекара қорғаныс әскери бөлімдерінің қалыпты барлау жүргізуіне қарулы күшпен кедергілік жасады және қарауыл сыртындағы жерлерді зорлықпен басып алды. Осы араны мекендеген қазақ, қыр¬ғыз малшылары патшалық Ресейге қарағысы келмей, арт-артынан ішке қарай көшіп кетті.
Патшалық Ресей өкіметі Арсаланы (қазақ) Ресейге тізе бүгуге зорлады. Қазақ тайпаларын бурят тайпасының билігіне қаратты.
1862-1864 жылдар
Тарбағатайдың Толы және Шағантоғай өңіріне сонау он сегізінші ғасырдың орта шенінде келіп қоныстанған найман тайпасының Қызай руы 1862-1864 жылдан кейін осы жүз жылдық қонысынан қозғалып, алғашында Еренқабырғаны бойлап Үрімжі өңіріне дейін келіп, соңынан қайта толқып, Бұратала өңірінде бір мезгіл тұрған соң, қызай тәйжісі Құдайменде және Бәйеке би, Сасан қатарлы жиырмадай ел басылары 1883 жылы үш мың үйді бастап Бұраталадан Іле алқабына көшіп қоныстанды.
1862-1863 жылдар
Тарбағатайға қарасты Шортан хан, Ажы гүң, Диназар тәйжі Чиң өкіметіне өлсе де Ресейге қарамайтындығын біл¬дірді. Ажы гүңнің он екі ұтығы мен Динар тәйжінің неше мың адамы Тарбағатайдан амалсыз қоныс аударып, Ертіс өзеніне, Алтай тауының оңтүстігіне және Чиху шекарасына келіп мал бақты.
1864 жыл
Патшалық Ресей Шынжаңда туылған Чиң өкіметіне қарсы көтеріліс орайынан пайдаланып, "Бейжин шартына" сай Қытай - Ресей Тарбағатай шекарасын өлшеп айыруды талап етті. Қыркүйекте Іле генералы Миң и мен Ресей мәнсап¬тысы За Хыфаң батыс солтүстік шекараны өлшегеннен кейін он алты тармақты "Тарбағатай шартын" жасасты. ХV ғасырдың орта шенінен бастап қазақтар Өзбек хандығынан қол үзіп, Жетісу өңіріне қоныс аударды. Бір ғасырдан кейін олардың жайылымы бірте-бірте Шынжаңның батыс сол¬түстігіне дейін кеңейді. Осы ғасырдың орта шенінен кейінгі неше реткі Қытай-Ресей шекарасын айырудың, өте-мөте 1864 жылғы " Тарбағатай шартының" қазақтармен болған қатысы өте зор болды. Онда қазақтар "жермен қоса қарай¬ды" деген ұстаным, яғни, "бұл жерлер қайсы мемле¬кетке қараса сол жерді мекендеген адамдар жерімен бірге сол мемлекетке қарайды" деп белгіленді. Қытай-Ресей ше¬карасы айырыл-ғаннан кейін, жерімен бірге Ресейге бағынуды қаламаған қазақтар арт-артынан шекара айырылғаннан кейінгі Қытай шекарасына қарай көшті. 1864 жылы Көгедай гүңнің ұлы Ажы жерімен қоса Ресейге бағынғысы келмей, Абақ керейдің он екі руын бастап, Алтай тауының оңтүстігіндегі Сауыр (қазіргі Жеменей) өңіріне келіп мекендеп, мал бақты.
Қорек қажы және Алмақбай қатарлылар бастаған жүз түтін Манасқа келіп қоныстанды.
1864-1866 жылдар
Тарбағатайдағы дүңгендер мен қазақтар Чиң өкіметі мән¬сап¬тыларының езгісіне төзбей, алғашында Ми Шиңнің бас¬шы¬лығында Чиң өкіметіне қарсы көтеріліс жасайды. Ми Шиң құрбан болғаннан кейін, Имамның (қазақ) басшы¬лығында қазақ жасақтарын топтап, Шәуешек қалашығына қоршап шабуыл жасайды. Келесі жылы Чиң патшалығының Ершан ақылшы уәзірі Луң Ы (сол кезде Шәуешекті қорғап тұрған) өкімет әскерлерін бастап жаныштайды. Соғыста көптеген өкімет әскерлері өледі. Дүңгендер Шәуешек қала¬шығын біртіндеп иелейді. Жеңіліске ұшыраған үкімет әскері Жаң го, Жаңсайлардың бастауында Алтайға қарай қашты. Бурылтоғай ауданының Жылыкөлін паналады. Жергілікті ел бұлардың балтырына ораған қызыл матасына қарап "қызыл аяқтар" деп атады. 1875 жылы Чиң патшалы¬ғының генералы Руң Шуан Тарбағатайды қайтадан тартып алған¬ға дейінгі он жылғы билікті дүңген-қазақтар ұстап тұрды.
1867-1869 жылдар
1867-1868 жылдары "қызыл аяқтар" Алтай елін шауып, бұлап-талауға кірісті. Ажы төреге тез арада ат-көлік, азық жинап бермедің деген қысаспен үзеңгісіне у жағып өлтірді.
1869 жылы көктемде "қызыл аяқтар" Қарамаңдай аталған торғауыттың жол бастауында Жылыкөлден шығып, Ертісті құлдай шабуыл жасап, Қаракөлде отырған Құланбай ауылын қырғындады. Олар Буыршынға еңкейгенде алдарынан Сыдықай, Далай батыр бастаған қазақ қолы шығып қарсы оқ атты. Шабуылдан ығысқан "қызыл аяқтар" Сауырға бет алып Шоқи, Қилыбай, Құнияз, Мыңжан, Түнемес, Байтілес ауылдарын шапты. Сауыр елі мен Кендірлік елі бірлесіп Тергенбай батырдың бастауында жауға қарсы шықты. Сөйтіп, Алтай халқы аттанысқа келіп "қызыл аяқтарға" қарсы соғыс кеңейе түсті. Жәнібек батырдың немересі Нәрке батыр Жәні¬бектің ақ туын алып шығып соғысқа жетекшілік етті. Көбеш батырдың ұлы Қарымбек соғыста мерт болып, батырдың өзі көпшілікке көңіл айтты. Жеңілген "қызыл аяқтар" қан жоса болып Қобдаға асты. Бір бөлімін Жұртбай би Тұлтыға алып қалып астық ектірді. Олар "Қырық үй қоржа" аталды.
1869 жылы 13 тамызда Қытай-Ресей "Қобда шекара шарты¬на" қол қойды.
1870 жыл
Шерушіден Жылқышы, базарқұлдан Көбеш төрт жүз түтіннен артық қазақты бастап Қытай Алтайынан қазіргі Монголияға қарай көшті.
12 тамызда Қытай- Ресей "Тарбағатай шекара шартына" қол қойды.
1871 жыл
Қазақтың Албан руының рубасы Тазабек патшалық Ресей басып алған жерде көтеріліс жасап, патшалық Ресейдің отарлық үстемдігіне қарсы тұрды, бірақ жеңіліске ұшырайды, олар Тазабектің бастауында мыңнан артық түтінді бастап Қытайға өтті. Шонжы арқылы Ілеге келіп, Тоғызтарауға орналасып мал бақты.
Патшалық Ресей әскер шығарып Ілені басып алғаннан кейін, Алматы маңындағы қазақтар патшалық Ресейдің қатігез үстемдігіне наразы болғандықтан, арт-артынан Ілеге келді.
Патшалық Ресейдің шапқыншы әскерлерін Ниң иуан (Құлжа) қаласына кіргенде, қазақтың Қызай руы береке-бірлікте болып, патшалық Ресейдің шапқыншы әскерлеріне сілейте соққы берді. Олар патшалық Ресейдің үстемдігіне наразы болып, Іледен көшіп Көкіршін тауынан асып, қайтадан Бұраталаға барып қоныстанды.
1872 жыл
Патшалық Ресей бір мезет Ілені басып алғаннан кейін, Іледегі қазақтар патшалық Ресейдің отарлық үстемдігіне төзе алмай, арт-артынан Санжыстай колоны мен Соғық колонының шығыс жағына көшіп келіп, Чиң патшалығының сол жерді қорғап тұрған әскер бастықтарына "Біз орыстарға құл болмаймыз" дейді.
1874 жыл
Керейдің барқы руынан Темір, Мұқы, Топай, Бұғыбай қатарлылар үш жүз елу түтінді бастап Алтайдан ауып, Сауырды бір жыл қыстап, Тарбағатай аймағының Жайыр тауына (бүгінгі Толы ауданы өңіріне) көшіп барды.
Бұлардың артынан жастабан руынан шыққан Есет, атантай руынан шыққан Саудабай қатарлы адамдардың бастауымен үш жүзге тарта түтін Майлы-Жайырға екінші рет көшіп барды.
1875 жыл
Алтайдан Еміл, Толы өңіріне ауған Мұқы мен Топайға қара тартқан шеруші руынан Кәрібай (Бала би) өз қарама¬ғындағы жаппас руын құрамына алған бір бөлім қазақтарды бастап Еміл, Толы өңіріне келіп қоныстанды.
1878 жыл
Неше мың қазақ, қырғыз малшылары Іленің шекара жер¬лерінен Тянь-Шаньның орта бөліміндегі Жұлдыз жайлауына көшіп барды.
Іле өңіріндегі кейбір қазақтар сонау алыстағы Қобдаға барып, Чиң патшалығының сол арадағы әскер бастықтарына Іленің жағдайын мәлімдеді.
1880 жыл
Жылқышы Ақтайұлы бастаған мың үй қазақ Алтайдан Қобдаға қоныс аударды.
Сол жылы Асылбек Көбешұлының басы алынды.
1881 жыл
Қытай - Ресей "Іле шартына" қол қойды.
1882 жыл
Іле генералы қызайлардан 3000 түтінді Бұраталаның солтүстігіндегі таулы өңірде малшаруашылығымен шұғыл¬дануы жөнінде жарлық шығарды. Сонымен, Бұраталаға көшіп келгендер көбейе бастады.
Ман-Чиң өкіметінің әмірі бойынша, Тарбағатайдың кеп амбысы Шәуешек қалашығының сыртын қоршап жамбыл (қорған) салдыру үшін Алтай қазақтарына 500-дей жігіт және көптеген мал беруді бұйырды. Алтайдағы елбасшыларына бас болып, бұған көнбеген Оспан Бейсенбіұлы Шәуешекке шақыртылып, түрмеге қамалып, басына темір ноқта салынып, көше аралатылып масқараланса да айтқанынан қайтпай, ақыры адам бермей мал салығын беретін болып босатылды.
Қазанда Қытай- Ресей "Іле шекара шартына" қол қойды.
1883 жыл
Қызай руының тәйжісі Құдайменде, Бәйеке би және Сасан бастаған қазақтың үлкенді-кішілі рубасына 20-дай адам 3000-дай түтінді бастап Бұратала өңірінен Іле өңіріне жалпы беткей көшіп қоныстанып, малшаруашылығымен шұғылданды. Олар Іле Жиаңжүнінің мақұлдауымен Іленің шығысындағы Күнес қатарлы өңірде үш өңірге бөлініп қоныстанып, үш болыс қойды. Олардың қол астына 10 жүз басы, 50 елу басы қойылды.
Молқы руынан Бөке батыр Жырғалаңұлы бірнеше жүз түтінді бастап, қарақас Қама қатарлылармен бірге Алтайдың Шіңгіл, Көктоғайынан Шонжы, Үрімжі төңірегіне қарай көшті. 1890 жылы бұл жерлерден тағы көшіп Тибет жеріне бет алды.
Тамызда, Чиң патшалығы патшалық Ресеймен "Қытай-Ресей, Қобда-Шәуешек шекара шартын" жасасты, қазақтар "адамдар жермен қоса қарайды" деген принципке қатты қарсылық көрсеткендіктен, шекара айырылғаннан кейін, осы шекараның екі жағын қоныстанған қазақтарға қайсы елге қарауды таңдап алу үшін бір жылдық уақыт берілді. Осы бір жыл ішінде қайсы мемлекетке қарасты болуды олар өз еркі¬мен таңдап алады, қайсы мемлекеттің қарамағына өтуді қа¬ласа сол мемлекетке бөлінген жерге өтіп қоныстанады, бұл олардың бүтіндей өз қалауы бойынша болады деп белгіленді.
Қазақтардың найман жарболды руының ру басы Дүйсенбі жүз түтінді бастап Қаба ауданына көшіп барды.
Найман руынан Ділдабай, Көкдархан бастаған отыз түтін Алтайдан ауып Шонжы, Мори, Бәйтікті басып Баркөл сахарасына қоныстанды.
1884 жыл
Патшалық Ресей Іледен 70 мыңнан артық адамды барым¬талады. Тамызда орыстардың зорлығымен кеткен Қытай қазақтарынан 200-ден артық түтін "Орыстардың рақымсыз¬дығынан үрейленіп" Ілеге қайтып келіп, "Өлсе де Ресейге қайтпайтындықтарын" білдірді.
Шынжаң ресми өлке болып құрылды.
1885 жыл
Алтайдағы бір бөлім қазақтар Жемсарыға көшіп келіп қоныстанды.
1883-1886 жыл
Қазақтың үш руы Ресейден Қобыққа келіп қоныстанды. ХVІІІ ғасырдың соңында Жеменейде тұратын қазақтар қыста үнемі Қобықтың шығыс солтүстігін қыстайды. Кейін келе, тағы бір бөлімі батыс солтүстігіне барып мал бағады. Олар моңғолдың уаң-гүң, рубасыларынан қыстауды майлап алып мал бағып, жазда көшіп кетіп отырады. Шамамен 1886 жылдары айналасында Ресейде тұратын бір бөлім қазақтар ішкі жағындағы тартыс-талас себебінен Шынжаңға көптеп келе бастайды, соның ішінде найман руынан Әмір, Телемет, Жабам деген үш кіші ру Қобыққа келіп қоныстанып қалды. Сонан кейін қазақтар арт-артынан келе бастады.
1883-1884 жылдары Жәке би бастаған мың түтін қазақ Зай¬сан¬нан Алтайдың Жеменей ауданына көшіп келіп қоныстанды.
Шынжаң өлке болып құрылғаннан кейін, қазақтардың көбі өлкелік өкіметке қарады, ал, Алтай өңіріндегі қазақ¬тарды Қобдада тұратын өкіл әкім (Санзаң Дашын) басқарды.
1887 жыл
Сабырбай, Шаяхмет бастаған 200 түтін Алтайдан Баркөлге қоныс аударды.
1889-1890 жылдар
Керейдің Жәнтекей руынан Ахмет, Жәмшібай, Сыдық, Шылғаубай, Тәукебек, Балпана, уақтан Әлімбек, Шаяхмет, Смайыл бастаған 200 түтін қазақ Алтайдан Баркөл сахарасына көшіп келіп қоныстанды.
1890 жыл
Абақ керейдің қарақас, молқы, шұбарайғыр руларынан қалың ел Қобдаға көшті. 1913 жылдан 1914 жылға дейін қарақас руын негіз еткен бір бөлім малшылар қайтадан Алтайға көшіп келді.
1893 жыл
1883 жылы қол қойылған "Тарбағатай шекара шартының" 4-тармағында былай делінген: "Барлық тауына орналасқан қазақтар он жылға дейін Барлық тауында мал бағады, он жыл толғаннан кейін екі ел ұлықтары қайтадан ақылдасып келісімге келмесе, ол арада мекендеген қазақтар Ресейге көшеді". 1893 жылы он жыл толғаннан кейін, Чиң ордасы мен патшалық Ресей "Барлық тауын қайтарып алу келісімін" жасасып, Қытай Ресейден Барлық тауын қайтарып алды. Соны¬мен бірге екі жақтағы "Қазақтардың қарастылық тар¬мағын" жасасады. Соның ішіндегі маңызды бірінші тармағын¬да "Ресейге қарайтын Барлық пен Ешуші екі болыстағы қазақтар, биылғы жылы 9-айдың 3-і күні Барлық тауын қайтарып бергенге дейін Ресейге көшіп келмей сол тауда қалғандар Туңжы жылнамасының 3-жылындағы тоқтамның (Тарбағатай шартының) 5-тармағы бойынша Қытай қарастылығына өткізіліп, Қытай азаматы болады" деп белгіленді.
1895 жыл
Керейдің жәдік руынан Қайырбай, сарбас руынан Шүлен¬бай қатарлы адамдар бастаған 200-ден астам түтін Алтайдан Баркөлге барды.
1901 жыл
Патшалық Ресейдің Зайсаннан шыққан кемесі Алқабек шекарасы арқылы Ертіс өзенін өрлей жүзіп, Буыршын құйға¬нына келіп тоқтап, келерінде темір саймандар, шай, астық, кездеме сияқты тұтыну бұйымдарын ала келіп, қайтарында шикізат, балық, ағаш материалдары мен кен өнімдері қатарлыларды алып қайтып отырды.
1902-1903 жылдар
Тарбағатайдағы қазақтар жан-жаққа қарай ауды. Олар солтүстікте Үрімжі, Фукаң, Шонжы, Манасқа, оңтүстікте Қарашары, Шершен, Шарқылыққа ауды. Олар Лобнор көлін бойлап Шуймаң тауын асып, Чиңхайға дейін барды. Әмірші Пань Шиау Су Қобда, Тарбағатайларда тұратын өкіл әкімде¬рімен бірге арнаулы адам және әскер шығарып, оларды бұ¬рын¬ғы мекендеріне қайтып, мал бағуға қуды.
1903 жыл
Чиң өкіметі қазақтардың Іле мен Тарбағатайдан басқа жаққа көшіп барып мал бағуына тыйым салынсын деген жарлық шығарды.
1900-1904 жылдар
Алтай аймағында жыл сайын жұт болып, мал көптеп қырылып халық қатты күйзелді. Қазақтар Санжы, Фукаң, Құтыби, Бәйтік, Баркөл қатарлы жерлерге көшті. Шіңгілден шыққан жүз түтін қазақ Бөкенің бастауында Құтыби, Манас өңірлеріне, Үрімжінің Нань Шан тауына барды.
Алтайдағы билер Үрімжідегі ұлықтарға арыз жазып, Бөке¬ні Алтайға қайтаруды сұрады. Бөке Үрімжі маңында ұзақ тұра алмайтын болғандықтан, қол астындағыларды бастап Гансу, Чиңхай, Чизаңға қарай көшті. Кейін олардың бір бөлімі Шынжаңның шығысына, бір бөлімі Монголияға кетті. Бір бөлімі Алтайға қайта оралды.
1905 жыл
Қобдадағы іс басқарушы уәзір Ши Хынның мәлімдеуінше: "Алтай аймағы қаңырап иен қала бастаған, ондағы қазақтардың тең жарымы басқа жақтарға ауып кеткен". Бұл қазақтар оңтүстікте Тянь-Шаньның солтүстігіне дейін, шығыста Баркөлге дейін, батыста Манасқа дейін барған, Мориға барып қоныстанғандар 200-300 түтін болған.
1907 жыл
Тибеттегі уәзір: "Қазақтар Тибет жеріне келіп кірді, олар әбден тұқыржылаған екен. Қазірше мал бағуға орналастыр¬дық. Шынжаң әскер жіберіп қайтарып әкетсе" деп мәлімдеген.
1909 жыл
Лиан Кой "Тибетке барған қазақтарды қайтарып келу жұ¬мысына арнаулы адам жіберіп, қазақ ру басыларымен бірге тұс-тұстан іздеп тауып, Тарбағатайға қайтарып әкелді" деп мәлімдеді.
1911 жыл
Чиң хандығы құлап, Жұңхуа минго өкіметі орнады.
Монғол мемлекеті өз бостандығын алды.
Шыңжаңның Баркөл ауданынан қазақ рубасы Тұңғышбай мен Наурызбай жиырма неше түтін, 150-ден артық адамды бастап Гансу өлкесінің Аньши деген жеріне барып мал бағып, екі жылдан кейін Баркөлге қайта қайтып келді.
1912 жыл
Іле төңкерісі бұрқ ете түсті. Қазақ халқы ханзу, ұйғыр, хуйзу халықтарымен тізе қосып күрес жүргізіп, Чиң патша¬лығының Іледегі әскери күштерін құлатты. Іле өкіметі құ¬рыл¬ғаннан кейін, Іледегі халық пен әскерлер амалсыздан шығысқа жорық жасады, қазақ рулары әскер жинап, өз атта¬рын мініп, қаруларын асынып, өкімет әскер¬ле¬ріне қосылып аттанды. Доңыз жылғы төңкерістен кейін қазақ халқы қазақ рубасыларының атадан балаға мұра қалатын билік түзімін жоюды талап етті. Осы жаңадан сайлау өткізуді жақтаушылар "жаңашылдар", нәсіл қуып, тұқым жалғауды жақтаушылар "ескішілдер" деп аталды. Екі топ арасындағы күрес шиеленісіп, "ескішілдер жеңіліп", Мамырбек бастаған қырық үй Алтайға қашып кетті.
Алтайдағы барқы руының зәңгісі Қалиға қарасты 300 үй қазақ шаруалары алман-салықтан бас тартты және алман-салық жинауға келген шабармандарды байлап алып Сауан, Құтыби, Манас аудандарына көшіп кетті.
Закария қазақ ұлтының мемлекеттік кеңес мүшелерінің уәкілі болып, Бейжиңге барып, ұлттық Құрылтайға қатынас¬ты. Баймолда бірге барып, олар Бейжиңде бес ай тұрды.
Иуан Шыкай патша болғаннан кейін, қазақ шаруаларын бұрынғыдан ары тізгіндеу үшін, Көгедай гүңнің ұрпағы Әленді Алтай қазақ¬тарының Жүн уаңы, Өміртайды гүң, Мәми мен Закарияны бейсі етіп тағайындады. Бұлардың қол астындағы он екі Абақ керейге он екі тәйжі және он екі үкірдайлық лауазым берді. Ал залың, зәңгіні - осы екі лауазымды қазақтардың өз рулары көрсетіп, орда тағайындайтын болды.
Қазақ рубасылары бұрынғы уаң, гүң, үкірдай, залың төрт лауазымнан уаң, гүң, бейсі, тәйжі, үкірдай, залың, зәңгі сынды жеті лауазымға көбейіп, қазақтардың үстемдік органы тұрғызылды және кемелдендірілді.
Алтай аймағындағы үш бейсіге қарайтындар: Ежен бейсіге жеті аудандағы жәнтекей руындағылар; Қибатай бейсіге Буыршын, Жеменей, Қаба аудандарындағы жәдіктер; Тәбін бейсіге жеті аудандағы моңғол шаруалары қарайтын, болды.
Алтайдағы қазақтардың уаң, гүң, бейсілерінің мұрагерлік ахуалы мынандай:
Уаңдар: Көгедай гүң  Ажы гүң  Қасымхан гүң  Жеңісхан гүң  Әлен уаң. Гүңдер: Құлыбек би  Нашын би  Өміртай гүң  Қылыш тәйжі  Әбілмәжін гүң.
Бейсілер: (1. Көкен би  Жұртбай би  Мәми би  Қанапия бейсі  Бұқат бейсі  Ежен бейсі; 2. Закария бейсі  Сағидолда бейсі (Қибатай бейсі;)
Осы жылы патшалық Ресей Моңғолия арқылы Шіңгіл ауданына әскер жіберіп, шаруалардың мал-мүлкін бұлап, жазықсыз малшыларды қыруға желіктірді. Бұл Шіңгіл елінде "Стамбул шабылған заман" немесе "Халқа заманы" деп аталады. Буратай, Тары, Торғайбайлар 1000 үй қазақты бастап Баркөлге көшті. Қалған бір бөлім қазақтар Мориға, Санжы өңіріне көшті. Екі жылдан кейін бір бөлім малшылар арт-артынан Шіңгілге қайта оралды.
Патшалық Ресей Алтайға әскер жіберіп, Сарсүмбе, Қаба, Буыршын қатарлы жерлерге бөліп орналастырды. Соған қоса католик диқандарынан 300 түтін кіргізіп, Шұңқырдан өрлей таулы өңірлерге отырықтандырып егін салдырды.
1913 жыл
ХХ ғасырдың басында, яғни Чиң патшалығының соңғы жылдарында, солтүстік Шынжаңдағы қалың қазақ өз ұлты ішіндегі феодал алпауыттармен Чиң өкіметінің ауыр қанауына қарсылық көрсетіп, үздіксіз күрес жүргізеді. Олардың жалпы беттік кәсібі сыртқа ауу болады. Сол жылы Балта Чиң уаң Алтайға келіп қазақтардан алман жинау үшін Шіңгіл мен Көктоғайдағы төрт тәйжіні - Бақырай, Халел, Жапар, Буратайларды шақыртады. Олар келмеген соң, Чиң уаң оларды ұстап әкелуге 1000 адам жібереді. Олар бұдан хабар тапқаннан кейін өз елдерін бастап бүгінгі Санжы дүңген(хуйзу) автономиялы обылысының әрқайсы аудандарына және Баркөл өңіріне көшеді. Балта Чиң уаң кеткен¬нен кейін Бақырай, Халел, Жапарлар Алтайға қайта оралды, Буратайдың елі Баркөлде күні бүгінге дейін тұрақтап қалды.
1914 жыл
Алтайдан 200-300 үй қазақ Манас өңіріне барып қо¬ныстанады.
ХХ ғасырдың басында Ресей патшалық өкіметі босқындар саясатын жүргізіп, қазақтар қоныстанған көптеген жерлерді шабуыл жасап басып алды. Қазақтар Шынжаңға қарай көшуге мәжбүр болды. Соның ішінде Іле аймағына мөлшермен 6000 қазақ көшіп келді.
Сол жылы Қытай мен Ресей: 1912 жылы 20 шілдеден бұрын Қытайға көшіп барып, Ресейге қайтпай тұрып қалған қазақтардың бәрі Қытай еліне тәуелді болады, Ресей азаматы есептелмейді,- деген келісімге келді.
Іле аймағы Шынжаң өлкесіне бағынды.
1916 жыл
Патшалық Ресейге қарасты қазақтар мен қырғыздар әскер алуға қарсы тұрып, кең көлемді қарулы күрес жасады. Патша¬лық Ресейдің Жаныш тауынан қашқан 200 мыңнан артық қазақтар мен қырғыздар топ-тобымен Шынжаңға қашып өтті. Олардың дені солтүстік Шынжаңға келді.
Тарбағатай аймағы Шыңжаң өлкесіне бағынды.
1917-1920 жылдар
Кеңестер Одағынан Алтайға 8800 қазақ (ішінде азын-аулақ ұйғырлар мен орыстар бар) ауып келді.
1917 жылы шілдеде Алтай, Тарбағатайдан 300 үй қазақ Баркөлге көшіп кетті. Минго үкіметі Әлен Жеңісханұлын қазақтың уаңдығына, Мәми Жұртбайұлын бейсілікке тағайындады.
1919 жыл
Баркөлдік қазақ Сауытбай түйе керуенін бастап Гансудың Иу И Мин деген жеріне зат тасып, малшаруашылығымен шұғылданды.
Алтай Шынжаң өлкесінің біртұтас басқаруына өтіп, Алтай аймағы деп аталды.
1920-1921 жылдар
1920 жылы Буыршын ауданының Халутон жайлауында керейдің жәдік руы Тоқбай қажыға арнап дабыралы ас берілді. 250 үй тігіліп, 110 атқа бәйге беріліп, бас бәйге атқа үш үйір жылқы(бір үйірі тоғыз жылқы), бас балуанға түйе және жамбы, жорғаның бас бәйгесіне бір жамбы беріліп, ас бір жұмаға жалғасты.
Кеңестер одағындағы бір бөлім қазақтар ақ гвардияшы¬лардың қысымымен Шынжаңға кірді. Іле аймағының Күнес ауданынан 13 үй қазақ Баянғолын Моңғол автономиялы облысының Күнес сайына көшіп келді.
1920 жылдың бас шенінде Қызыл армияның соққысына шыдай алмаған Ресейдің Сібір және Орта Азия райондарын¬дағы ақтар армиясы арт-артынан жеңіліп, Моңғолия және Шынжаңға қашып кірді. Яң Зыңшин Кеңес қызыл армиясын ша¬қырып, екі жақ бірлесіп, 1921 жылдың қазан айына келген¬де Ресейдің ақтар армиясы Шынжаңнан қуалап шығарылды.
1920 жылы Мадарың Қылаңның басын алып, Сарсүмбе қаласының Дөңбазарына іліп, елге сес көрсетті.
1921 жыл
Монголия дербестік жариялағаннан кейін, әскер шығарып батысқа шеру тартып, Алтай аймағын басып алу арқылы оны Қытайдан бөліп әкетпекші болды. Жергілікті қазақтар бұған қарсылық көрсетіп, Тянь-Шаньның батыс бөктеріне қарай көше бастады. Олардан 300-400 үй Мориға барып қоныстанды.
1922 жыл
Керей руының бай, молда, билері Үрімжіге Яң Зыңшинге амандаса барып, оған "Моңғол-қазақ мектебін" ашу талаптарын айтады. Яң Зыңшин олардың талабын бекітеді. Сол кезде Алтай сахарасында Жеңісханның ұлы Шәріпхан және басқа ру басыларының балалары болып жиыны 20 шақты адам оқуға кірді. Мектепте жиыны 40-тан астам оқушы болады. 1928 жылы Жин Шурин "Моңғол-қазақ мектебін" жапты. Алтай аймағынан 400 үйден артық қазақ Алтай аймағының дутыңы Ви Жингоның езіп-қанауына төзе алмай Алтайдан Баркөлге көшті.
Үрімжінің шығысы мен батысындағы Жемсары, Мори, Шонжы қатарлы жерлердегі қазақтардан 2000-нан артық үй Баркөлге көшіп барды.
1924-жыл
Шынжаң мен Кеңестер Одағы өзара бес консулхана құрды.
1927 жыл
Үрімжінің шығысы мен оңтүстігіндегі Жемсары, Мори, Шонжы аудандарынан екі мың үй Баркөлге көшіп барды.
1928 жыл
Алтай аймағының дутуыңы Уи Жинго Көктоғайдағы Зуқа қажыны өлтіріп, басын Алтай ауданындағы қара көпірге іліп қойып көпке сес көрсетті. Бұл Алтай аймағындағы қазақ¬тарды қатты тіксіндірді. Зуқа қажының ұлы Сұлтаншәріп Көктоғайдан көшіп кетті.
1931 жыл
Қыркүйекте Алтай билеушісі Уи Жинго Зуқа батырдың басын алған жендет Мадарың арқылы Шіңгілдің Бұлғын деген жерінде отырған базарқұл руының басшысы Жан¬тайлақтың басын алдырды.
Шіңгіл ауданындағы базарқұл руынан Зайып мың үйден артық қазақты бастап Мори, Санжы қатарлы жерлерге көшті. Зайыпқа қарайтын рудағы бір бөлім малшылар Баркөлге кетті.
1930-1932 жылдар
Шынжаңның Баркөл, Мори аудандарында Әйембет баста¬ған шаруалар көтерілісі туылды. Гоминдаңның кертартпа мили¬таристтері көтерілісті аяусыз жаныштады және қанды қырғын жүргізді. Баркөлдегі қазақ ру басы Әліп мың қой, 100 жылқы жылу атап, Құмылдағы Қожанияздың Жин Шуринға қарсы күресіне көмек берді.
Жин Шурин Құмылдағы диқандар көтерілісін жаныш¬тауға әскер шығарды. Шонжы, Баркөл қатарлы жерлерде тұратын екі мың түтіннен артық қазақ соғыс аласапыранынан қор¬қып, астыртын келісіп, Қапталбайдың бастауында Мон¬голияға барып қоныстанды. Кейін Шәріпхан мен Баян молданың ақылымен қайтадан бұрынғы мекендеріне оралды.
Шіңгіл ауданында Ташкент қатарлылар бастаған 700 үй қазақ Монголияға көшті.
Қазанда өлкелік армияның Чин Чиишу полкі Баркөлде қорғаныста тұрды. Олар Шың Сысайдың қолбасшылығында қазақтың мың басы Әліпті және оған қарасты 117-ден астам адамды түгелдей үйінде қырып тастады. Әліп үкірдайдың басын кесіп алды.
Кеңестер Одағындағы "Әсіре солшылдық" саясаттың кесірінен, көп қазақ Шынжаңға қашып кірді. Олардан аш-жалаңаш азабынан жолда көп адам өлді.
1933 жылы ақпан, сәуір айларында Нұрғазы қатарлы рубасылары бастаған мың үйден артық қазақ Бәйтіктен Баркөлге көшіп келді. Морида тұратын қазақтардан екі мыңнан артық адам Баркөлге, 800-ден артық адам Монголияға көшіп кетті.
1932-1933 жылдар
Ма Жуңиың өзінің қол астындағы Ма Хиыңды Алтайға шабуыл жасауға жіберді. Ма Хиың алдымен 17 адамды Бурыл¬тоғайға астыртын жіберіп, қазақ малшыларынан 200-ден артық адамды көтеріліс жасауға желіктірді. 1933 жылы 10 наурызда аудандық өкіметті қоршауға алып, бажы мекеме-сінің бастығын өлтірді. Мамыр айында Алтайға шабуыл жасады. Алтайда қорғаныс министрі Уи Жингоның бір полк әскері бола тұрса да, бір жолғы соғыста-ақ жеңілді. Алтай талан-таражыға түсіп, Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл, Буыршын қатарлы жерлердегі қазақтар жан-жаққа үрікті, кей жерлер бір мезгіл қаңырап иен қалды.
Кеңестер одағындағы ұжымдастыру ықпалынан және рубасыларының ұқық-мүддеге таласуы салдарынан, Елісхан Әліпұлы 500 үй қазақты бастап Құмыл, Баркөл өңірлеріне көшіп келді. Қасымхан, Башан бастаған Шіңгілдегі 500 үйден артық малшы Моңғолияға кетті.
Шілдеден қазанға дейін, Жин Шурин тақтан түскеннен кейін Шәріпхан Үрімжіден Жеменейге келіп қазақ, моңғол қатарлы әр ұлт халқын ұйымдастырып Ма Хиыңға қарсы аттанды. Ма Хиың Тарбағатай, Санжы жаққа қарай қаш¬қанда Шәріпхан малшыларды бастап жолда жасырынып жатып Ма Хиыңның әскерлерін талқандады.
Шың Сысай әскері Баркөлде тасбике руының басшысы Әліптің ауылын қырып, Оның басын кесіп алды.
Қазан айында Шіңгілдегі Тай зәңгі 100 үйден артық қазақты бастап Монголияға өтті.
Қарашада Шың Сысай Шәріпханмен келіссөз өткізуге Алтайға арнайы адам жіберді және оны Алтай¬дың дутуыңдығына (уәлилігіне) тағайындады. Сол жылы егін-малшаруашылығы қатты күйзеліп, малшыларда ішерге ас, киерге киім тапшы болды. Шәріпхан мал жинап, астық әкеліп, малшылардың қыстан аман өтуіне көмектесті.
1933 жылы қарашада "Шығыс Түркістан дербес Ислам Республикасы" құрылды.
1934 жыл
Ақпанда Баркөлге және Құмыл аймағындағы Тасбике руының рубасы Адубай зәңгі өзіне қарасты ру малшыларынан 113 үй, 565 адамды бастап Гансу өлкесінің Жиу Чуан айма¬ғындағы Мазуң тауына және Иуиміндегі Ойырқын өңіріне барды. Көктоғай ауданындағы Сарбас руынан Қабдолла тәйжі 300 үйден артық қазақты бастап Құмыл, Гансу өңірлеріне көшіп келді.
Монголия Шіңгіл ауданына сұғанақтық жасауға ұшақ шығарып, бірнеше жүз қазақты бомбалап өлтірді. Мұны ел бүгінге дейін "Қанкелді-Секел қырылған заман" немесе "Байқадам елі шабылған заман", "жалғыз аэроплан оқиғасы" деген аттармен атайды. Қабдолла, Қапталбай, Салахиттан бастаған мың үйден артық қазақ Баркөлге көшіп келді.
Наурызда Алтай қазақтары соғыс аласапыраны салдарынан тоз-тоз болып апатқа ұшырады. Алтай ауданынан бес жүзге тарта адам аштан өлді.
1935 жыл
Қазақ рубасылары Сұлтаншәріп, Тәйіп, Қабдолла тәйжі¬лер жеке-жеке 400 үйден артық қазақты бастап Алтайдан Бар¬көлге барып қоныстанды. Тамызда Баркөлдегі үкірдай Елісхан қол астындағы 178 үй, 890 адамды, Атшыбай қатар¬лылар 42 үй, 210 адамды бастап Гансуға өтті.
Шіңгіл ауданындағы Құсайын тәйжі найман руынан 500 үйден артық қазақты бастап Құмыл мен Чиңхайға көшіп барды.
Шілдеде Шынжаң амандық қорғау мекемесінің бөлім бастығы Әбеу, халық істері меңгермесі бастығының орын¬басары Баян Баркөлге келіп ел көңілін орнықтырды.
1936 жыл
Мамырда Көктоғайдағы Сұлтаншәріп тәйжі ителі руынан мың түтіннен артық малшыны бастап Гансу өлкесінің Дунхуаң ауданына көшіп барды.
Тамызда Құмыл қалашығы қорғаныс штабы үш рота әскер шығарып шығысқа қарай ауған қазақтардың алдын тосты. 20 мыңнан астам малды қайтарып келді.
4 қыркүйекте Жиу Чуан аймағының 7-районы уәли мекемесі қазақтың Гансуға барған елбасыларын уақыттық "бас мың басы", "тәйжі", "бас шаңия", "шаңия" деген міндеттерге тағайындады. Рубасылары Зайып, Тұңғышбай, Қасым, Смағұлдар 432 түтін, 2160-тан аса малшыларды бастап Баркөлден шығысқа Гансуға ауды.
Желтоқсанда Шынжаңның Баркөл ауданындағы қазақ¬тардан 900 үй Гансудан өтіп, Чиңхай көлінің батысындағы Чака өңіріне барып қоныстанды.
Қазақтардың шығысқа көшуін тоқтату үшін, өлкелік өкімет Баркөлде тұратын Құмыл аймақтық уәли мекеме¬сіндегі Абайға сымсыз телеграф орнатып берді.
1937 жыл
Жыл басында, елбасы Елісхан қазақтардан 400 адамды бастап Хуақайыздан Чиңхайдың Кіреку қосынына барды. Осыдан соң Қананбар өңіріне мөлшермен 900 үй қазақ ауып барды.
Маусымда Құмылдың Шопыл деген жерінде отыратын рубасылары Қамза, Қалихан 80 үй 500 адамды бастап, 30 мың бастан артық малмен Баркөлге барып қоныстанды.
Желтоқсанда Адубай өзіне қарасты елін бастап, Гансудың Таулайчуан деген жерінен Чиңхайға барып қоныстанды.
Сол жылы өлкелік өкімет құрылыс меңгермесі бастығы¬ның орынбасары, қазақтан шыққан қайраткер Баймолла Қарекеұлы Шың Сысай жағынан қолға алынды.
1938 жыл
Ақпанда, гоминдаңның Гансу өлкелік өкіметі Иүйміннің Чаңма деген жерінде "Қазақтарды орналастыру мекемесін" құрып, қазақтарды бөліп-бөліп басқарды.
10 маусымда Шынжаңның шекараны бақылау басқармасы Іле уәли мекемесіне Алатауда мал бағып жүрген қаракерей руындағыларды Бұратала мен Арасан аудандарының басқа¬руына өткізіп беруге бұйрық берді.
Шілдеде Зайып бастаған қазақтар Таулайчуаннан Гансу, Чиңхай шекарасына көшіп барды.
Ма Пуфаң "қызмет группасын" жіберіп, Чиңхайға келген қазақтардың жан санын, мылтығын және малын тізімге алдырды.
Қыркүйекте Алтай уәли мекемесінің хатшысы Мәнкей Мәмиұлын Жапониямен, Көктоғай ауданындағы Қалел тәйжіні Монголиямен астасты деген жаламен қолға алып түрмеге жапты. Бітімші, Шабдан, Керім, Сәлім, Қамбар қатарлылар да қолға алынды.
Қазан, қараша айларында Сабырбай, Аянбет, Нұрәлі, Құсайын, Сұлтаншәріп, Мұқаділ, Салақиттан сияқты елба¬сылары 2500 түтінді Гансуге көшірді. Шың Сысай шығысқа қарай қашқан қазақтарды үш аэропланмен бомбалады және атқылады. Сондай-ақ аттылы-жаяулы 170 әскермен оларды тосқауылдады.
1939 жыл
Қаңтардан ақпанға дейін Шың Сысайдың қысымы мен қырғындауында Баркөлге қазақтардан мыңнан артық түтін, жеті мыңнан артық адам рубасыларының бастауында, Моңғолия мен Шынжаң шекарасындағы Іңгіз, Мазуң таулары арқылы арт-артынан Гансуға ауды. Шың Сысай екі рет ұшақ және неше ондаған автомобиль, екі рота атты, жаяу әскер жіберіп олардың алдын тосты. Қазақтар қырғынға ұшырап, малы ауыр шығындалды.
Ма Пуфаң Гансудің Шилигу деген жеріндегі қазақтарды алдап, еңбек күш алу мақсатын жасырып, " оқуға жібереміз" деген атпен 40 үйлі қазаққа үй бас сайын бірден сегіз жастағы (шындығында 6-10 жас аралығы) балаларын Шиниң қала¬сы¬на жіберуді, баласы болмаса бала тауып тапсыруды бұ¬йырды. Қазақтар амалсыз отыз неше бала берді. Балалар ауыр еңбекке салынып, көбі өлді.
Мамырдан маусымға дейін Елісхан өз елін бастап Тау¬лайчуан маңайына келді. Зайып, Атшыбай, Сұлтаншәріптер қазақтарды бастап Чиңхайға кірді. Смағұл, Тұңғышбайлар бастаған қазақтар Чиңхайдың Чака, Дулан, Гас, Махай өңірлеріне барып қоныстанды.
Тамызда Елісхан Ма Пуфаңның қырғынына төзіп тұра алмай, Чиңхайдан Тибетке қарай көшті. Чиңхайдың Алтын¬шоқы сахарасында Ма Пуфаңның орынбасар бригада коман¬дирі Хан Жинбау қоршап алып, оларды Дуланға алып келді. Қожақын, Іңірбай қатарлылар бастаған 800-ден артық адам түн ішінде Хан Жинбау қатарлы 70-тен артық адамды өлтіріп, Елісханды құтылдырды.
Елісхан 200-ден артық үй, мыңнан артық адамды бастап Тибетке қарай көшті. Олардың бір бөлімі Үндістанға дейін барды.
Қыркүйекте Шың Сысай Үрімжіде "Мұңғыл, қазақ, қыр¬ғыз уәкілдері құрылтайын" ашып, уәкілдерге қолындағы қару-жарақты жинап тапсыруға жарлық берді. Бұл көптеген уәкілдердің қарсылығына ұшырады. Қарсы тұрғандарды Шың Сысай ұстап түрмеге жапты, өлтірді. Мұның ішінде Шәріпхан Көгедаев, Ақыт Үлімжіұлы, Баянбай, Байқадам, Дөнен, Бөкейхан, Сақсайбай, Жақсыбай секілді елбасылары бар еді.
1939-1940 жылдар
Ма пуфаң ілгерінді-кейінді Гансу-Чиңхай жерінде үш жүздей қазақ отбасын қынадай қырды.
1940 жыл
Көктоғайдағы қазақтар Шың Сысайға қарсы көтеріліс жасады.
1937 жылы шілдеден бері Шың Сысай екі рет халық қо¬лын¬дағы қару-жарақты жинап тапсыру жөнінде жарлық шығарса да, қару-жарақ тапсырғандар болмады. 1939 жылы желтоқсанда Шың Сысай "Алтайда халық қолындағы қару-жарақты адақтау комиссиясы" дегенді құрып, Алтайға барып, қару-жарақты жинамақшы болды, сонымен Шың Сысайға қарсы зор көтеріліс бұрқ ете түсті. Көтеріліс Көктоғайдан бас¬талды, малшылар қару-жарақты адақтау комиссиясын¬дағыларды және Көктоғай ауданының әкімін өлтіріп, аудан¬дық өкімет орналасқан жерге шабуыл жасады. Шың Сысай қазақ халқының көтерілісін бәсеңдету үшін Бұқат бейісті түр¬меден босатып, оны Алтай аймағына уәлилікке таға¬йындады. Қалел тәйжіні де босатты және оның ұлы Рахатты Көктоғай ауданының орынбасар әкімдігіне тағайындады. Қазақ халқы Шың Сысайдың қаскүнемдігін жете тани алма¬ды, оны өздеріне шынында да жол берді деп қарап рубасы¬ларының сөзіне сеніп, Шың Сысайға қарсы қарулы көте-рілісті тоқтатты.
1941 жыл
Жыл басында Елісхан, Зайып бастаған үш мыңнан артық қазақ Тибеттің Шычуанхиы, Балжас деген жерлері арқылы Тибеттің Кашмир өңіріне өтті. Сол жылы олардан мыңның үстінде адам өлді.
Ақпанда гоминдаңның Гансу өлкелік өкіметі "қазақтарды басқару мекемесін" ("қазақтарды орналастыру мекемесін") күшінен қалдырып, қазақтарға жалпы беттік әскери басқару жүргізді.
Маусымнан қазанға дейін Қалел тәйжі бастаған малшылар Көктоғайда көтеріліс жасады, көтеріліске мыңнан астам адам қатысты, олар "жайылымды басып алуға және бөлшектеуге қарсы тұрайық, өкіметтің адам ұстауына қарсы тұрайық" деген ұрандарды ортаға қойды. Бұл көтеріліске Оспандар да қатысты. Олар совет экспедициясының бір автомобилін өртеп, 5 мылтығын тартып алды. Мұны өлкелік өкімет әскер жіберіп жаныштады. Жеңіліске ұшырағаннан кейін, екі жақ келіссөз өткізді. Қазанда тауды қалың қар басып қалып, малшылар тізе бүгуге мәжбүр болды. Қалел тәйжі қолды болды, оны Үрімжіге апарып түрмеге жапты.
Шілдеден тамызға дейін Шіңгіл ауданынан Ырымхан Үкірдай 47 түтінді бастап Монголияға көшті.
Осы жылы қарашада Бұқат бейсі Шың Сысай жағынан қолға алынды.
Жаңиеде тұратын 40 неше үй қазақ гоминдаң әскерлерінің зиянкестігіне төзіп тұра алмай Сыбан қатарлылардың бас¬тауында, Шынжаңға және Гансудың Ойырқын деген жеріне ауды.
Қыста Чиңхайдан Пакистанға барған қазақтардың бір бөлімі жаңа Қытай құрылудың алды-артында Баркөлге қайта көшіп келді, 1947 жылы Әли, Адыша қатарлы 3 үй, 1948 жылы Ақып пен Мұқамәдидің үйі, 1952 жылы тамызда Ожанай мен Смағұлдың үйі, 1953 жылы мамырда Құрманбек отбасы Баркөлге қайтып келді.
1942 жыл
Шың Сысай кеңес одағыншыл жалған бет пердесін жыр¬тып тастап, Қытай коммунистеріне тағылықпен зиянкестік істеп, Шынжаңдағы коммунистерді түгелдей түрмеге жапты.
192 қазақ Үндістанның орта бөлегіндегі Бхопалға барды. Қалған бір бөлімі қаңғып Пакистанның Равалпинди, Карачи деген жерлеріне барды.
Оспан қазан айында Шың Шысайдың әскерімен соғысты. Оспан бір бөлім қару-жарақты қолға түсірді. Оның үстіне екі мыңнан артық қазақты бастап, Шіңгіл, Көктоғай, Бурыл¬тоғай аудандарындағы рулардың көп бөлімін өзіне қаратты.
1943 жыл
Алтайдағы қазақ халқы көтеріліс жасап, Шіңгіл ауданын алды. Сондай-ақ Санжы, Шонжыларға дейін жорық жасады.
Алтай қазақ ұлтын көркейту комитеті "Шың Сысай өкіметін жояйық" деген ұранды алға қойды. Сол жылы Алтайдағы қазақтар Шың Сысай армиясының Шіңгілде тұратын бас штабына шабуыл жасап, Шың Сысай армиясын негізінен жойды. Сәуірде Шіңгілді алғаннан кейін, оңтүс¬тікте Фукаң, Шонжы, Жемсары, Мичуан, Санжы қатарлы аудандардың солтүстігіне шабуыл жасады, Санжы, Фукаң, Баркөл қатарлы жерлердегі қазақтар бұған үн қосты, бұл жолы көтеріліске Алтай, Жеменей, Қаба, Бурылтоғай қатарлы төрт ауданның өзінен 20 мыңнан артық қазақ қатысты. Көте¬ріліске Санжыдағы 8 ру елден төрт мың 500 адам, Фукаңдағы 4 ру елден 900 адам, Сауандағы бір ру елден 300 адам қатысты.
Наурызда гоминдаңның Шынжаң өлкелік өкіметі малша¬руа¬шылық райондарындағы тұрғындарға гоминдаң армиясына 10 мың ат тарту ету жөнінде жарлық түсірді, бұл негізінен Іле, Тарбағатайдағы қазақтарға жүктелді. Жарлықта ат тап¬сырмағандар бір ат үшін 700 юань Шынжаң ақшасын тапсы¬руы керек делінді, ал сол кезде базарда аттың бағасы мұның жарымына да тең келмейтін еді. Бұл бүкіл Шынжаңдағы малшылардың наразылығын қозғады. 1944 жылы 2 қыр¬күйекте, Нылқы ауданындағы Еңбекші аудан қалашығының батысындағы Ластайда гоминдаң өкіметінің "ат тарту етуге" зорлауына және себепсіз адам ұстауына қарсы қарулы көте¬ріліс жасады. 8 қазанда, көтерілісшілер қосыны аудан қала¬шы¬ғына басып кіріп, сақшы мекемесін алып, осы ауданның әкімі және гоминдаң осы ауданда тұрғызған қарулы күштерді түгелімен жойды, Нылқыдағы жеңіс Іледегі ұйғыр, қазақ қатарлы ұлт халықтарының кең көлемде қолдауына және үн қосуына ие болды.
Көки мен Еренхан 73 үй малшыны бастап Шынжаңның Қарашары ауданына келді. Соңынан Жемсарыға барып, 1948 жылы Баркөлге қайта оралды.
1944 жыл
Шың Сысай Оспанға ілескен 900 үй қазақты Шонжыға қарай қуды. Кейін олар Оспанның қарауына қайта оралды, олар¬дың малдары қатты шығынға ұшырады. 1943 жылы Моң¬ғолияға өтіп кеткен 200 үй қазақ Алтайға қайта көшіп келді.
Сәуірден шілдеге дейін, Оспан гоминдаң армиясымен Сартоғайда шиеленісті соғыс жүргізіп, гоминдаң армиясының бір дивизияға жуық әскери күшін талқандап, Шіңгіл мен Көктоғайды алды, сонымен бірге, Алтай, Қаба, Жеменей аудан¬дарындағы малшылар арт-артынан қарулы көтеріліс жасады. Дәлелхан Көктоғайға барып Оспанмен кезігеді.. Қазанда "Алтай төңкерісінің уақыттық өкіметі" Шіңгіл ауданының Бұлғын деген жерінде құрылады. Оспан Сламұлы өкіметтің басшысы, Дәлелхан Сүгірбаев өкімет басшысының орынбасары, қосымша әскери істер бас қолбасшысы, Латиф Мұстафаұлы, Рамазан Молымұлы, Молдаслам Смайлов қатарлы он кісі жора болды. Сонымен бірге Алтай партизан¬дар қосыны ретке салынып, тоғыз үлкен отрядқа бөлінді. Жауынгер саны он мыңға жетті.
1944 жылы шілдеде Қаби бастаған партизан қосыны Қобданың Қарағайты асуынан асып, Арал, Дөңқарағай, Үштас өңірлеріндегі ел басшыларына жиын ашып: "Біз Алтай халқын Гоминдаңның темір құрсауынан азат етеміз" деп үгіт айтып, қосынына жергілікті халықтан көп адам қосып алып Қаба ауданына барып соғыс ашты.
1944 жылы күз, үш аймақ "Төңкерістің уақыттық өкіметі" партизандардан 500 жасақты Сарсүмбе, Бурылтоғай, Буыршын қатарлы аудандарға жіберіп, елдің басым көп сандысын Шіңгілге көшірді.
Тамызда Кеңес Одағынан жасырын өтіп келген Патих Әкбар Бекбосынұлымен бірлесіп, Нылқы ауданының Ластай тауында үкіметке қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырды.
10 қарашада Нылқы қалашығына шабуыл ұйымдастырушы Ластай партизандарының алдыңғы шеп бас қолбасшысы Әкбар батыр Бекбосынұлы ауыр жараланып құрбан болды.
12 қарашада "Құлжа азаттық ұйымы" Құлжа қаласында ұйғыр,қазақ, қырғыз клубында жиналыс ашып, "Шығыс Түркістан уақыттық үкіметінің" құрылғандығын жариялады.
17 қарашада Уақыттық үкіметтің органы "Азат Шығыс Түркістан газеті" ұйғыр, қазақ, орыс, қытай тілдерінде шыға бастады.
1945 жыл
8 сәуірде үш аймақ ұлттық армиясы құрылды. 29 тамызда Іле ұлттық армиясының Кеңсай әскери бөлімі мен Жеменей партизандары біртұтас қолбасшылық астында Буыршын қалашығына шабуыл жасады. Қолбасшылық штабы алдымен бір бөлім партизандарды Ертіс өзенінен жасырын өткізіп, Буыр¬шынның шығыс солтүстік бағытындағы Шегатай қаба¬ғы¬ның астына жасырын жатып, гоминдаңның қимылын ба¬қы¬лау жөнінде бұйрық түсірді. Сонымен бірге Тесен, Құр¬ман¬ғали Тербаевтер бастаған 20 партизанды Буыршын - Ертіс құйғанының төменгі жағына өтіп шығып, Буыршыннан Шұңқырға қатынайтын жол бойына бекініп ондағы орыс полкі мен гоминдаң армиясының барыс-келісін үзіп тастауға және Буыршын өзеніндегі бұрамды қиып ағызып жіберуге бұйрық түсірді. Буыршын қалашығына шабуыл жасайтын ұлттық армия мен Жеменей партизандары Ертіс өзенінің оңтүстік жасағында қорғаныс база құрды. Олар Талқы Тағайұлы бастаған 40 жасақты Ертіс өзенінен жасырын өткізіп, Буыршын кіріп, Әбдірахман Тоқаловтың қорасына жасырынып жатуға жіберді. 31 тамызда түнде ұлттық армия мен партизандар тұс-тұстан шабуыл қозғады. Гоминдаң армия¬сы бір-ақ түн қарсылық көрсетіп 1945 жылы 1 қыр¬күйекте түгелдей құрал тапсырып тізе бүкті де Буыршын азат болды.
1945 жылы 4 қыркүйекте Қаба ауданы азат болып, ұлттық армия мен партизандар Қаба ауданынан қашып шыққан гоминдаң армиясын ізіне түсіп қуғындады. Ізге түскен әскери бөлім Шұңқырға келгенде орыс полкінің әскерлері құрал тапсырып тізе бүкті.
7 қазанда партизандар Нылқы қалашығын толық азат етті. Олардың саны 800-ге жетіп, ендігі жерде "Нылқы партизандары" деп атала бастады.
Қазан айында гоминдаң өкіметі мен үш аймақ өкіметі келіссөз өткізуге келісті.
1944-1946 жылдар
Шілдеде Оспан батыр Тескенбайды Жеменейге жіберді. Оспан гоминдаңның малшыларды шеңгелдеп алуынан сақта¬нып Жеменейдегі 600-ден артық үй, үш мыңнан артық адам¬ды 250 мың малымен Кеңестер Одағына (Зайсан жеріне) көшірді.
Қазанда гоминдаңның Баркөлде тұратын армиясы үш аймақ төңкерісінің Баркөл қазақтарына болған ықпалынан сақтану үшін, оларды үлкен Құлыншәріге көшуге зорлады.
Алтай аймағындағы ашаршылық апаты, сары ауру, соғыс салда¬рынан мөлшермен 300 үй қазақ Мориға барып қоныс¬танды.
1945 жыл
10 шілдеде Баркөлде рубасы Мұқан 796 адамды бастап салт атпен осы аудандағы Иуңфың ауылына қарайтын Мачуан¬гуға түнделете тұтқиыл шабуыл жасап, өлке әскер¬лерінің офицерлері мен әскерлерінен 30 неше адамды өлтірді.
Қыркүйекте гоминдаңның Гансу өлкелік өкіметі қазақ¬тарға беретін жылу астықты тоқтатып, қазақтарды "Шын¬жаңға қайтару бұйрығын" дайындады.
6 қыркүйекте үш аймақ төңкерісінің армиясы Алтайға әскер кіргізіп үш аймақтың Алтай аймақтық өкіметін құрады, Оспан Сламұлы аймаққа уәли болды.
11 қазанда Баркөлдегі қазақтар аудан қалашығынан 5 километр қашықтықтағы Чаңжиа Жуаңдының шығыс оңтүстігінен гоминдаң үстемдігіне қарсылық көрсетті.
Желтоқсанда үш аймақ Іледе құрылтай ашып, үш аймақ төңкерісінің өкіметін құрды.
1946 жылы қаңтарда гоминдаң өкіметі мен үш аймақ өкіметі арасында 11 тармақты бейбітшілік келісімінің 1- қосым¬ша құжатына қол қойылды.
Маусымда бейбітшілік келісімінің 2- қосымша құжатына қол қойылды. Шілдеде, Шынжаң өлкелік өкіметі құрылды.
1945 жылы 30 шілдеде Шәуешек қаласы бейбіт жолмен азат болды.
1946 жыл
Өлкелік өкімет Гансу, Чиңхайға кеткен қазақтарды Шынжаңға қайтып келуге насихаттауға Кабен, Оқан қатарлы адамдарды Гансуға жіберді.
1 шілдеде, Шынжаң өлкелік өкіметі құрылды.
Жаң Жыжуң батыс солтүстік әскери-әкімшілік меке¬месінің бастығы, қосымша Шынжаң өлкелік өкіметінің төрағасы болды.
Оспан Көктоғай жайлауында дербес болу жиналысына шақырып, Кеңес одағымен және Монголиямен болған байланысын үзді.
8 шілдеде Іле ұлттық армия генаралы Ысқақбек Оспанға насихат айтуға Көктоғайға өзі барды.
Тамызда Оспан Жаң Жыжуңмен астыртын кезігуге өкіл жіберді. Шынжаң қорғаушы әскерлер генералы Суң Шилиан Оспанға әскери жақтан көмек берді. Оспанды Алтайдың уәли¬лігіне және қорғаушы әскерлер генералдығына тағайын¬дады.
Қазанда Шынжаң үш аймақ төңкерістік өкіметінің қысы¬мында, Гоминдаң Шынжаң өлкелік және Шынжаң қазағының жоғары жігіндегілерден Қадуан (Әлен уаңның ханымы) Гансу мен Чиңхайдағы қазақтарды Шынжаңға қайтарып әкелу қуаттамасын алға қойып, ілгерінді-кейінді Гансудың Жиу Чуан аймағына барып насихат айтуға адам жібереді. Гансу, Чиңхайдағы қазақтар топқа бөлініп Шынжаңда Құмылға, Баркөлге, Шонжыға көшіп келеді.
Қарашада Оспан Бурылтоғай мен Бейтунге шабуыл жасай¬ды. Дәлелхан Алтай дербес атты әскерлер полкіне қолбас¬шы¬лық етіп қайтарма соққы береді, Оспан Көктоғайға шегінеді.
1947 жыл
Гансудың Жиу Чуанындағы қазақтардан бір мың 799 адам, Жаңиедегі қазақтардан 725 адам, Әншидегі қазақтардан 23 адам, жиыны екі мың бес жүз қырық жеті адам Шынжаңға қайта көшіп келеді. Гоминдаң өкіметі күтіп алу қаражаты үшін 94 миллион 902 мың юань Шынжаң ақшасын ажыра¬тады. Іс жүзінде 77 миллион 608 мың юань жұмсалып, 17 миллион 291 мың юань асып қалады.
Сәуірде Гансудан Шынжаңға қайтқан қазақ үлкен отря¬дының бастығы Мұқаділ 400 үй, бір мың 700-ден артық адам¬ды бастап Құмыл ауданының Шопыл маңайындағы Мантугуде мал бағады.
Дәлелхан Алтай дербес атты әскерлер полкіне қолбас¬шылық етіп, Сартоғай мен Қаратүңке аралығындағы шөлде Оспан¬ды қоршауға алып, Оспан 150 үй қазақты бастап Бәй¬тікке қарай шегінді.
Маусымда Англия "Монбаттон жобасын" жариялап, Үндістан мен Пакистанды бөліп басқаратын болды. Үндістан¬дағы мұһажыр қазақтардың көбі Пакистан иелігіндегі Кашмир өңіріне көшіп барды.
Тамызда Гансу өлкесіндегі қазақ малшылары Құсыман, Мұқаділ, Мажан, Елбай, Түрікмен, Қарақыз қатарлылардың бастауында 3 топқа бөлініп, Жиу Чуан, Иүимін, Әншиден, Баркөл, Аратүріктерге қайта көшіп келді.
15-16 қыркүйек Оспан Алтайға тағы да шабуыл жасады. Үш аймақ өкіметінің Көктоғайда тұратын төңкерістік армия¬сы шабуылға төтеп бере алмай, Монголияға қарай шегінді. Оспан Алтайға шабуыл жасаған кезде, Дәлелхан атты әскерлер полкін бастап Әбитанда Оспанды тосқауылдады. Оспанның қол астындағы батырларының соққысына төзе алмаған Дә¬лел-ханның қол астындағылар ауыр шығынға ұшырады. Дә¬лел¬хан өзі бастап Буыршын арқылы Жеменейге қарай шегінді. Жеменейдің Майқапшағайынан Зайсан жеріне өтіп кетті.
17 қыркүйекте Оспан қолы Алтайды иелеп алды.
16-17 қазанда Дәлелхан Іле, Тарбағатай үш аймақ төңке¬рістік армиясының көмегінде екі полк және бір атты әскерлер ротасын бастап Бурылтоғайдан Алтайға шабуыл жасады. Бурылтоғайдың Жылыкөлінен өткен Дәлелхан қолы Дөр¬білжін деген жерге жеткенде, "бізге оқ атты" деген сылтаумен Ертіс бойында отырған құлтайболат, қожас, төре, тасбике ауылдарының бейуаз бұқарасына оқ жаудырып, үш жүздей адамды қырғындады. Бұл кезде Оспан жасақтары Көктоғай жаққа шегініп кеткен болатын. 20 қазанда Дәлелхан екінші рет Алтайды алып, өкімет құрылымын қайта тіктеді.
Баркөл ауданындағы қазақтардан Төрехан "Мемлекет құрылтайына" уәкілдікке сайланды.
Қазанның соңында Оспан үш аймақ ұлттық армиясынан уақытша шегінгенде Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгілден үш мың 740 үй, 19 мың 880 адам, 220 мың бастан артық малымен бірге еріп, Мори, Шонжы, Жемсары, Фукаң өңіріне барды.
Осы жолы қазақтарды ертіп кеткеннен кейін, бүкіл Шіңгіл ауданында 40 адам ғана қалған. Мұнан үсіп өлгені, аштан өлгені бар небары 9 адам тірі қалған.
Манастың Шисанындағы рубасы Қалибек үш аймақ ұлттық армиясынан жеңіліп, екі мың үйден артық қазақты бастап Манас өзенінен өтіп шығысқа қарай көшіп, Туанжуаң және Жианмуфаңзы өңіріне барды.
Қыста Оспан 200 үй қазақты бастап Өндірқарадан Фукаң аралығындағы Қазанқұмда тұрды.
1948 жыл
Сұлтан тәйжі 700 адамды, Айырбай баужаң 470 адамды бастап Чиңхайдан шығып Гансудың Әнши деген жері арқылы Баркөлге келді.
Жазғытұрым Шынжаңға қайта келген Гансу-Чиңхайдағы қазақтардан екі мыңнан артық адам Баркөл, Аратүрік, Құмыл, Мори және Шонжы өңірлеріне орналастырылды.
9 сәуірде Оспан өз нөкерлері мен үй ішіндегілерін бастап Шонжының Дачуан деген жеріне келеді.
1 маусымда Мори, Шонжы, Жемсары, Фукаң қатарлы жер¬лердегі зәңгіден жоғары рубасынан 50 неше адамды жинап жиын ашып, 16-тармақты ақылдасады, мұның өзекті мазмұны Оспанның беделін қорғау болды.
Тамызда батыс солтүстік әскери-әкімшілік мекемесі, Шынжаң өлкелік өкімет, Баркөл аудандық өкімет бірлесіп Шынжаңға қайтқан қазақтарды орналастыру комитетін ұйым¬дастырып, Чиңхайдан Шынжаңға қайтқан қазақтардың екі мыңнан артық адам Құмыл, Баркөлге орналастырылады, сондай-ақ Баркөлде егін-малшаруашылық алаң-фермалары дайындық көру комитеті ұйымдастырылып орналас¬ты¬рылады.
1949 жыл (Қытай Халық Республикасы құрылды)
Қаңтардан маусымға дейін, Гансу, Чиңхайда тұратын бір бөлім қазақтар Шынжаңның Құмыл, Баркөл өңірлеріне және Шонжыға қайтып келді.
27 тамыз күні Ахметжан, Ысқақбек, Аббасов, Дәлелхан, Ложы қатарлы бес адам бүкіл мемлекеттік саяси кеңестің бірінші реткі жиынына қатынасу үшін Бейжінге бара жатып, ұшақ Кеңес Одағы шекарасында шырғалаңға ұшырап барлығы қаза болды.
Қыркүйектің 25-26 күндері, Шыңжаң бейбіт жолмен азат болды.
Қарашада Дунхуаң аудандық халық өкіметі қазақтардың ахуалына қанық Латифты (ұйғыр) Қананбарға барып Кабен, Жанәбіл, Салахиттан бастаған 3 ру елді қолға келтіру қыз¬метін шешуге жіберді.
1950 жыл
Наурыздан тамызға дейін, Оспан, Жанымхан қатарлылар Санжыда, Баркөлде Қытай Қызыл армиясына қарсы қарулы қақтығыс тудырды. Халық азаттық армиясы олардың ізіне түсіп үздіксіз қудалады.
1950 жылы ақпанда Қытай Халық азаттық армиясының екінші корпусы дербес полкі полк командирі Шияуфи, саяси комиссар Яң Лие Гуаңның бастауымен Үрімжіден Алтайға бет алып, 3 наурыз күні Буыршын арқылы Сарсүмбеге кірді.
1950-1964 жылдар
Баркөл мен Санжыдан үш мың 465 үй, 15 мың 528 қазақ Шіңгіл, Көктоғай мен Бурылтоғайға көшіп барды.
1951 жыл
Қаңтарда Дунхуаң ауданы "Тозып жүрген қазақтарды орналастыру қызмет комитетін" құрды. Қазақтарға киім-кешек, ішпек-жемек, тұрар жай берді және оларға сауда-саттық орындарын белгілеп берді.
4 ақпан күні Шынжаң өлкелік халық сот мекемесі Үрім¬жіде уақыттық сот ұйымдастырып, Жанымхан Тілеубайұлын өлім жазасына үкім етті.
19 ақпан күні ҚХР батыс солтүстік бағыттағы әскери жорық тобының белгілі бөлімі Чиңхай өлкесіне жалғасатын Хайзы деген жерде Оспан Сіламұлын қолға түсірді.
19 наурыз өлкелік халық сот мекемесі Үрімжіде уақыттық халық сотын ұйымдастырып, банды деген атпен Сыдық бастаған төрт адамды өлім жазасына үкім етті.
20 наурызда бандылар бастамашысы деген атпен Оразбай Құтыби ауданына айдап апарылып, өлімге үкім етілді.
29 сәуірде (кей деректе 28 сәуір) өлкелік халық сот мекемесі Үрімжіде 80 мың адам қатынасқан ашық сот ашып, Оспан Сіламұлы, Ли Иыңшы секілді бірнеше адамды өлім жазасына үкім етті.
31 мамырда Үрімжі қалалық сот мекемесі Шынжаң халық радиосы арқылы 104 қылмыстыға үкім жариялап, оның 30-ына өлім жазасы берілді.
Алтай өңірінде "кері төңкерісшілерді жаныштау" қимылы жүріп, Шіңгіл, Коктоғай аудандарынан 703 адам сұраққа алы¬нып, оның 145 адамы сот арқылы жаза лагерлеріне жіберілді.
1952 жыл
Тамызда Қытай Коммунистік партиясы Шынжаң бюросы және Жиучуан жерлік комитеті Тәйжінұр, Қананбар қатарлы жерлерде қазақтардың - рулы елінен бір мың 445 адамды өзіне тартты.
Шынжаң өлкелік халық өкіметінің Құрманәлі үйірме бастығы болған хал сұрау үйірмесі Баркөлге барып азаттық армиядан хал сұрап, қазақтарды орналастырды.
2 ақпанда Қытай Халық азаттық армиясының атты 7-дивизиясы Алтайға келіп, 19-полкі Балбағайға, 21-полкі Көктоғай ауданына барды.
Мамырда Шердиман Оспанұлы қарулы қақтығыс тудырып, 15 қыркүйекте өкіметпен келісім арқылы бағынды.
1953 жыл
24 наурыздан 3 сәуірге дейін ҚКП Орталық Комитеті батыс солтүстік бюросы және батыс солтүстік әкімшілік комитеті Ланжоуда "Гансу-Чиңхай- Шынжаң үш өлке шекарасындағы қазақ ру басыларының достасу жиынын және ұлттар ынтымағы жиынын" ашып, "Гансу, Чиңхай, Шынжаң шекарасындағы әр ұлт уәкілдерінің ұлттар ынтымағын күшейтіп, шекарадағы қазақтарды орналастыру келісімі пікірін" жобалады.
Кашмирде тұратын аз қазақтар отанға қайта оралуды талап етті, олар ҚХР мемлекетінің бекітумен Шынжаңға көшіп Баркөл сахарасына келіп қоныстанды.
Түркия өкіметінің бекітуімен, БҰҮ-нің атынан Үндістан, Пакистан, Ауғаныстан қатарлы елдерде қоныстанып қалған үш мыңнан артық қазақ Туркияға көшіп барып, негізінен Стамбул, Измир, Анкара, Ескишехр, Кайсер қатарлы қалалар мен аудандарға қоныстанды.
Баркөл ауданындағы қазақтардан 250 үй, бір мың 299 адам Шіңгіл ауданына көшіп барып мал бақты; Мори ауда¬нына көшкендер 148 үй, 880 адам, Жемсары ауданына көш¬кендер 2 үй, 9 адам болды.
22 сәуірде Баркөл аудандық, райондық орналастыру-құтқару комитеті батыс солтүстік бюроның "босқын қазақ¬тарды орналастыру мәселесі туралы нұсқауындағы" "қазақ¬тардың тұрмысында ерекше қиыншылығы барларына түйінді түрде көмек беру" керек деген бойынша, өкімет әр адамға 8 қойлық ақша таратып берді.
1953-1958 жылдар
Ілгерінді-кейінді 250 неше үй қазақ Гансу, Чиңхай өлкеле¬рінен Мори ауданына келіп орналасты.
1953 жылдың қысынан 1954 жылдың көктеміне дейін жер-жерде ауылшаруашылық бірлестіктері ұйымдастырыла бастады. 1956 жылы жеке кәсіпорындарға социалистік өзге¬рістер жасалды. 1958 жылы жаппай кооперацияландыру жү¬ріл¬ді. Коммуналар құрыла бастады. Байлардың малы мүсәді¬рә¬леніп (тәркіленіп), жұрт тайқазаннан ғана тамақ ішетін күйге түсті.
1954 жыл
3 маусымда Баркөл ауданынан Қасейін қатарлы 21 үй, 97 адам бір мың 430 тұяқ малмен Гансудың Ақсай ауданына көшіп барып орналасты.
Наурыздан қарашаға дейін Ақсай қазақ автономиялы ауда¬ны, Мори қазақ автономиялы ауданы және Баркөл қазақ авто¬номиялы ауданы, сондай-ақ Іле қазақ автономиялы облы¬сы арт-артынан құрылды. Азаттықтың алғашқы мезгі¬лінде, Шіңгілде 47 үй қазақ қалған еді, сол жылы Гансу өлкесінен, Құмыл аймағынан, Шонжы ауданынан төрт мың адам Санжыдан, Құмылдан 13 мыңнан артық адам қайта оралды.
1955 жыл
Шілдеде Қытаймен Кеңестер Одағының келісіміне орай Қытай жеріндегі Кеңес азаматтары еліне қайтарылды.
14 тамызда кеңес Одағының Алтайдағы консулы жабылды.
1956 жыл
Қазанда Гансудың Ақсай ауданынан 90 үй қазақ Шын¬жаңның Баркөл ауданына қайтып келді.
23 қарашада ҚКП Орталық Комитеті "Гансу, Чиңхайдағы қазақтарды Шынжаңға көшіру мәселесі туралы" деген бекітуінде: "Бүкілдей олардың өз еріктері бойынша белгілеу позициясын қолдану керек, кеткісі келетіндер кетеміз десе кетсін, қалғысы келгендер қаламыз десе қалсын", "Кеткендер қуа¬натын, қалғандар разы болатын" болуы керек деп көр¬сетті. Келесі жылы 13 наурызда Чиңхай өлкелік партком ортବлықтың нұсқауын атқарып, Шынжаңға көшетін қазақ¬тарды лайықты орналастыру туралы 6-тармақты пікірді белгіледі.
Желтоқсанда Шонжыға қарайтын 6 аумақтық өңірдегі қазақтардан 70 үй, 300 ден артық адам 21 мың бас малмен Көктоғайға, Баркөл ауданына қарайтын 7 аумақтық өңірдегі 11 үй, 40 адам үш мың бастан артық малмен Шіңгілге қайта көшіп барды.
Шонжы қатарлы жерлерден Шіңгіл, Көктоғайға 802 үй қазақ көшіп барды, соның ішінде Шонжыдан 337 үй, Мо¬ридан 245 үй, Баркөл, Үрімжі аймағы, Санжы облысы¬ның басқа аудандарынан 220 үй барды.
Осы жылы жыл басынан бастап жер-жерде кооперация¬ландыру науқаны жүрді.
Қыркүйек-қазан айларында Монголияға қоныстанып қалған 52 қазақ отбасы Алтай, Үрімжі өңіріне оралды.
1957 жыл
Наурыздан қазанға дейін қазақтардан Чиңхай өлкесінен 63 үй, 258 адам 15 мың бас малмен 3 топқа бөлініп Шынжаңға қайта келді. Шынжаңға қайтқан қазақтар Баркөл қазақ автономиялы ауданына орналастырылды.
Мамырда рубасы Алтынбек қазақтардан 120 үй, 600 адамды бастап Ақсайдан Баркөл ауданына көшіп келді, олардан 10 үй сол жылы қазанда Алтайға көшіп барды.
22 мамырда ҚХР жазушылар қоғамы Шынжаң бөлімше қоғамының құрылуына байланысты (жиынға қатысуға) ұсы¬ныс бойынша Кеңес Одағының жазушылар өкілі Үрімжіге келді. 1 маусымда ШҰАР жазушылар өкілдері жиналысы аяқталды.
ҚХР жазушылар қоғамының Шынжаң бөлімше қоғамы (Шынжаң жазушылар қоғамы) ресми құрылды. 5 маусым күні Кеңес Одағы жазушылар өкілі Шынжаңнан Бейжиңге аттанды.
1957 жылдың соңынан бастап, жер-жерде "стиль дұрыстау қозғалысы", "оңшылдарға" қарсы күрес, "екіге қарсы тұру", "үш стиль, 5 былыққа қарсы тұру" секілді көзсіз саяси қимылдар жүре бастады.
1957-1958 жылдар
"Болат қорыту" науқаны өрістеді. Тау-тасты қопартып, терең құдықтар қаздырып, тастарды қолмен жаққан отта балқыту арқылы болат-темір алу ісі жаппай жүрілді.
1958 жыл
Сәуірде Кәбен, Буратай қатарлылар бастаған 60 үй, 350 қазақ Ақсайдан Баркөлге қайта көшіп келді.
50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында, Іле, Тарбағатай, Бұратала қатарлы жерлерден бірнеше жүз мың қазақ және бір бөлім ұйғырлар арт-артынан Кеңестер Одағына қоныс аударды.
Мамырда Өр Алтайдың Көктоғай ауданында коммунала¬суға, Қытай саясатына қарсы шыққан қазақтар Қара Ертіс бойында қарулы қақтығыс тудырып, Қытай Қызыл армия¬сының бір полк әскерін шығынға ұшыратты. 1959 жылға кел¬генде Қалман, Жүкей, Жамшитхан, Дәлелхан секілді бас¬тау¬шылардың көбі амалсыз қолға түсіп тас түрмеге қамалды.
1959 жыл
Қаңтар-ақпаннан бастап, "Жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру", "Көнені сын тезіне алу" қимылдары жүрілді.
1960 жыл
Алтай өңірінде астық тапшылығынан көп қазақ қырылды.
1961 жыл
Ақпанда "Үшке қарсы тұру" (қиянатшылдыққа, ысырап¬шылдыққа, бюрократтыққа) қимылы жүрілді.
1962 жыл
Қытай мен Кеңес одағы екі ел үкіметі "Шынжаңдағы кеңес одағы мұһажырларының еліне қайту құжаттарын же¬ңілдету келісім-шартын" жасады. Осы келісім негізіндегі 1962 жылғы "Іле-Тарбағатай оқиғасына" байланысты Іле, Тарбағатай, Алтай өңірінен екі жүз мыңнан астам адам қазіргі қазақ жеріне өтті.
1963-1964 жылдар
"Төртті анықтау", "Беске қарсы тұру" дейтін қозғалыстар жүрді.
1963-1967 жылдар
"Социалистік тәлім-тәрбие қозғалысы" жүрілді.
1966 жыл
1966-жылы 16-мамырда "ҚКП орталық комитетінің хабарлындыруынан" кейін жер-жерде "Мәдениет төңкерісі" басталды. "Қызыл қорғаушылар" ортаға шықты. "Төрт көнені" қиратты.
1969 жыл
4 наурызда Қытай Кеңес Одағы арасында "Жынбаудау оқиғасының" тууына байланысты жер-жерде сақтық шара¬лары ұйымдастырылды. "Үңгірді терең қазу" етек алды. "Кері төңкерісшілер" деген атпен жер-жерден қазақтар тұтқындала бастады. Бір бөлімі Монголия, Қазақстанға қашып өтті.
1970 жыл
22 наурызда Алтайда аймақтық төңкерістік комитетінің Халықтық қорғау группасы орталық алаңда 10 мың адамдық ашық сот ашып, "Отанға опасыздық жасап, жаумен тіл біріктірген кері төңкерістік топ" деген айыппен Еменақынды өлім жазасына үкім етіп, дереу атқарды.
Шілдеде жоғарыдағы айыппен Қызырбек Оралов, Мәннан Дәлелханұлы атылды.
1976 жыл
"Мәдениет төңкерісі" аяқталып, түрлі соққыға ұшыра¬ғандар ақтала бастады.
1978-1984 жылдар
Тарым жаза лагері сияқты еңбекпен өзгерту алаңдары мен түрмелерге жазалауға жіберілген қазақтартың тірі қалған¬дары еркіндікке шығарылды. Бұрындары қызметте болған¬дарға өз қызметтері беріліп, өгейлік көрген жылдарына өтемақы төлене бастады.
1983 жыл
Қазанда мемлекеттік ұлттық істер комитеті, Чиңхай өлкелік парткомы және ШҰАР халық өкіметі бірлесіп Үрімжіде жиын ашып, "Чиңхай мәселесі жөніндегі жиын естелігін" шығарды.
1984 жыл
1 маусымда, азаттықтың алдында Чиңхайға барған қазақтардан 184 үй, 922 адам арнаулы поезбен Үрімжіге келді. Олар Шіңгіл, Шонжы, Алтай, Мори, Үрімжі, Баркөл, Сауан, Құмыл, Буыршын аудандарына орналастырылды.
6 маусымда олардан 26 түтін, 123 адам Алтай ауданына көшіп келіп, Әбитан ауылының Жайылма қыстағына қоныстанды.
1984-1985 жылдар
1985 жылы "Малды бағаға сындырып, жекелерге көтереге беру" саясаты жүріле бастады.
1980-1990 жылдар
Қазақтарға жоспарлы туу саясаты жүріле бастады. Әсіресе, 1991 жылдан кейін қаладағы өкіметтік жұмыс істейтіндер 2 баламен, ауылды жердегі егінші-малшылар 3 баламен шектелетін болды.
2004-2005 жылдар
Қазақ мектептері қытай мектептерімен біріктіріліп, "қос тілді оқыту бағыты" (қазақ тілі мен әдебиеті пәні қазақ тілінде, басқа пәндер қытай тілінде) жүріле бастады.
СӨЗ СОҢЫ
Қытайдағы қазақтар туралы жазу әрі оңай, әрі қиын болды. Оңай болатыны - өзім өскен орта, мән-жайын қанық білетін ел болғандықтан тақырыпқа қанық едім. Қиын бола¬тыны мейлі Қытай жағында жазылған тарих болсын, мейлі Қазақстан жағындағы тарих болсын Шынжаң қазақтары туралы жазылған дүниелер көбінесе 1930-1940 жылдармен (мықтағанда 1949-1950 жылдармен) шектеледі екен. Ондағы қазақтардың одан бергі тірлігі қалай болды? Міне, тереңдей болмаса да, осы тақырыптарға бару аса оңай соқпады. Ол үшін жүздеген томдарды ақтаруға, оны өзім білетін дерек¬термен салыстыруға тура келді. Енді бір қызығы, қызығы емес, қиыны, Қытай жағында әр кезеңде жарық көрген кітап¬тардың берер дерегі әртүрлі болып кездеседі екен. Тек қана Шынжаңда тұрып жатқан халық санын айтар болсақ, 2000 жылғы деректе "21 миллион" деп көрсетілсе 2003 жылы "18 миллион" деп көрсетіледі. Тағы бір деректе 19 миллион деген¬ді айтады. Ал тарихи оқиғалар жөніндегі кейбір деректер бір кітапта, "1864 жыл" деп, енді біреуінде "1865 жыл", тағы біреуінде "1866 жыл" болып кездеседі. Бұған қарап 5 мың жыдық тарихымыз бар дейтін халықтың 1949 жылдан бергі аз ғана тарихтың өзінде тасырқай қалатын тұстарын көріп қайран қаласыз. Амалсыздан сан цифрларды пай¬далануға тура келеді.
Енді бір жағынан қарағанда коммунистік партияға көлеңке түсіретін ешқандай сан кездеспейді. Тарихи тұлғалардың өзіне ерекше зер салып, әуелі қытай тілінде сүзгіден өткізіп, сосын барып қазақтардың пайдалануына ұсынады. Осындай себеп¬тер салдарынан кейде тарихтың шынайы мәніне үңілуден көрі Қытай жағының редакциясынан өткен деректерден аса алмай қалған жағдайымыз көп болуы мүмкін. Ал, пайда-ла¬нылған әдебиеттер тізімдігіндегі кейбір ғалымдардың дерек¬тері кем соққан жағдайда оны екінші бір дерекпен толық¬тырып пайдаландық. Әдебиет иелері мен оқырмандар ол жағына кешіріммен қарар деген ойдамыз.
Бұл кітаптың аты "Қытайдағы қазақтар" болғанымен кө¬лем жағындағы шектемелік пен іздену барысындағы тар өрістілігіміз салдарынан бастауыштық қана мағлұмат бере алғандығымызды да жасыра алмаймыз. Шынайы шындық пен тарих тереңіне бойлай білген талғампаз жанға тек Қытай қазақтары тарихынан 10 томдық материал жазылса да артық¬тық етпеген болар еді. Ол келесі ұрпақтың, зерттеуші ғалымдардың мойынына қойылар ауыр жүк болмақ.
Бұл кітапты жазуда жалпы жақтан алғанда тарихқа адал болуға, шындыққа құрмет етуге барынша тырыстым. Десе де, Қытай-Қазақстан екі ел арасындағы қарым-қатынас¬тармен халықаралық ауқымдарға байланысты, ұлттар ара тепе-теңдіктер жағдайына орай кей тақырыптардың тереңіне жете алмаған тұстарымыз да кездеседі. Қытай жағындағы кейбір деректер, жер-су, адам аттары көбінше сол жақтағы жазылуы бойынша берілді.
Тарихтың міндеті - болған оқиғаны оқырмандарға қаз-қал¬пында жеткізу. Ал, оны кім, қалай кәдеге жаратады? Қан¬дай ауқым үшін пайдаланады - ол замана қажеттілігі мен адамдар талғамына саятын іс. Сол секілді қолдары¬ңыз¬дағы бұл кітап Қытай елінің қазақтарға қаратқан саясатына бармаса да оны емеурінмен білдіріп, ондағы қандастар жағ-дайынан сыр шертеді. Қандастар демекші, бүкіл Қазақ ұлты¬ның ортақ тарихы мен салт-дәстүріне келгенде ат басын іркіп, беймәлім беттер мен өзгеше өмір жағдайына келгенде көсіле шапқан жағдайымыз да бар.
Демек, осының бәрінен оқырман өз қалауын алып, кітапқа және кітапта жазылған тарихи деректерге әділ бағасын айта жатар. Қалай болған күнде де қазақ тарихы және оның құрамдас бөлегі болған Қытайдағы қазақтардың тарихына келгенде кітаптан әліппелік сауат алатыныңызда шүбә жоқ. Оны бүгінгі рухани тірлігіміздің игілігіне жаратып, ұлттық рухымыз үшін еңбек еттіріп жатсаңыз онда мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
Сөзімнің соңында осы кітаптың жазылуына, жарық көруі¬не ағалық ақыл, қайраткерлік қамқорлық, қаламдастық қуат сыйлаған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төра¬ғасының бірінші орынбасары Талғат Асылұлы Мамашев¬қа ерекше алғыс айтамын!
Жәди Шәкенұлы
2007 жыл, қараша


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1, 6, 10, 12, 49, 60, 94, 96, 99, 104, 107, 108, Су Бихай. "Қа¬зақ мәдениетінің тарихы", Шынжаң халық баспасы, 2005 ж.
2, 51, 60, 73, Ясын Құмарұлы. "Алыстағы атамұра", Ұлттар баспасы, 2003 ж. 3. "ШҰАР Атласы", Шынжаң ғылым-техника баспасы, 2006
4, 7, "Алтай аймағының жалпы жағдайы", Шынжаң халық баспасы, 1989 ж.
5, 13, 18, 19, 21, 22, 32, 66, 70, 86, 103, 105, Н. Мыңжани. "Қазақтың қысқаша тарихы", Шынжаң халық баспасы, 1987 ж.
8,"Қазақ батырлары" газеті, тамыз, 2004 ж., N8
9, Алтай аймағының тарихи материалдары, Алтай (5-бет)
11, И. Байғали. "Шәуешек тарихынан деректер". Мақала ("Шынжаң қоғамдық ғылымы" журналы 1993 ж, 2-сан).
14. "Іле тарихи материалдары" 1995 ж. Құлжа.
15. "Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер", Ұлттар баспасы 1998 ж
13. "Баркөл тарихи материалдары", 1996 ж. Баркөл.
17, 25, 30, 39, 40, 50, 55, 62, 79, 83, 85, 88, 98, Ж. Мырзаханұлы. "Қазақ халқы және оның салт-санасы", Шынжаң халық бас¬пасы, 1992 ж.
18, "Монголдың құпия шежіресі" 235-тарау.
16, "Қазақ Совет энциклопедиясы", 4-том.
23, Мұхтар Мағауин. "Қазақ тарихының әліппесі", Алматы "Қазақстан", 1995 ж.
24, Құрбанғали Қалиди. "Тауарих Хамса".
26, "Тауқымет пен тағзым" (құрас: Б.Төлепберген. Рииц Азия, Алматы, 2007)
27, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, 15 жылдық албом, 2007 ж.
28. М. Оразбай, "Қазақ батырлары" тамыз, 2004 ж. N8 "Керей мемлекеті" мақаласы.
33. "Шынжаңның жергілікті тарихы", Шынжаң Универ¬ситет баспасы, 1992 ж.
29. "Сыхай", Тайьван
31. "Абақ керей", Іле халық баспасы, 1994 ж.
35. "Раулы Шынжаң" , Шынжаң халық баспасы, 2006 ж
36. "Мемлекеттік кеңестің ҚХР территориялық автономия заңын атқару туралы бірқанша белгілемесіне түсінік". (Ұлттар баспасы, 2006)
36. Ж. Жүнісұлы " Іленің тарихи шежіресі" Іле халық бас¬пасы, 2007
38, 90. Н. Қинаятұлы. "Қазақтың дәстүрлі малшаруашы¬лығы мен мал шипагерлігі", Шынжаң ғылым техника баспасы, 2003 ж.
27. "Алтай қаласының тарихи материалдары", N3. 2002 ж.
37. М. Қалиасқарұлы "Қазақтың жылқы шаруашылығы шежіресі" Іле халық баспасы, 1994ж. Күйтүн (18-бет).
45, 46. Бурхан Шаһиди. "Шынжаңда өткен елу жыл", Ұлттар баспасы, 1985 ж.
41. "Жоңғарды тыныштандырудың жалпы жобасы", орта бөлім, 52-том.
42, 44. Н. Мұхамедханұлы. "Қазақ тарихынан зерттеулер". Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1989 ж.
47, 48 "Қазақ мәдениетінің айдыны" Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 2006 ж.
52, 53. Б. Қуаныш, М. Раздан. "Алтай жағрафиясы". Оқулық. 1993 ж. Алтай.
54. "Қазақ шежірелері". 1-том. Іле халық баспасы. 1993 ж.
56, 57. "Алқап". Альманах. 19-сан. Ұлттар баспасы. 1998 ж.
59, 64, 67, 72. " Қазақ Совет энциклопедиясы". 12-том.
61. Ү. Субханбердина, Д. С. Сейфуллина. "Қазақ кітабының шежіресі". Алматы. "Рауан". 1996 ж.
50. "Қазақ ССР тарихы". 3-том. Алматы. 1982 ж.
63. "Іле айдыны" журналы. 1996 ж, 6- сан.
68. Ш. Уәлиханов. "Таңдамалы шығармалар". "Жазушы" баспасы. 1985 ж.
71. "Шалғын" журналы. 1984 ж, 2-сан.
65. Қ. Мұқанұлы "Ғылыми зерттеу мақа¬лалары" , ұлттар баспасы 2003ж. Бейжин.
74. І. Жақанов. "Шынжаңнан ескен сырлы әуез". Мақала. ("Жұлдыз" 1993 ж, 9-сан).
75, 89. " Қазақ Совет Энциклопедиясы". 2-том.
76, 77. "Алтай аясы" журналы. 2001 ж, 3-сан.
78. Е. Бектаев. "Күй қазынасын ақтарғанда". Мақала. ("Мұра" журналы, 1993 ж, 3-4 сан).
80. К. Мақайұлы. "Қытай қазақтарының көркемөнері туралы тарихи дерек". Мақала. ("Іле айдыны" журналы, 2005 ж, 6-сан).
81. Ж. Жүнісұлы, Н. Мамырбекұлы "Қазақ оқу-ағар¬туының қысқаша тарихи" , ұлттар баспасы, 2005ж.
82, 84. Қ. Жанәбілұлы. "Алтай ағартуының арғы-бергісі жайлы". Мақала. ("Алтай қаласының тарихи материалдары". N1).
87. Қ. Мәнжібаев. "Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер". 1978 ж.
91. "Қазақтың байырғы календары". Алматы. Қазақ Мем¬лекеттік баспасы. 1960 ж.
92. "Шынжаң қоғамдық ғылымы". 1997 ж, 1-сан. Н. Сұлтан¬шәріп мақаласы.
91. "Қазақ ССР тарихы". 2-том. 1983 ж. Алматы.
95. Ғ. Есімов. "Қазақ философиясының тарихы" (Алматы, қазақ университеті, 2006)
100. Б. Жұмабай. "Халқымыздың дастархан мәдениеті". Мақала. ("Алтай аясы" журналы. 2002 ж, 2-сан).
101. А. Қанапияұлы. "Қазақ халқының тұрмыстық ғадет-салттары". ("Мұра" журналы, 1996 ж, 3-сан)
102. "Ұлт қамы - ұлағатты іс". Құрастырғандар: Қ.Сейіт¬ханұлы, Ж.Шәрбекұлы, Шыңжаң халық баспасы, 2006 ж.
106. М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы. "Ислам ғылымхалы". Алматы. 2003 ж.
"Іле тарихи материалдары", 1995 ж. 11-сан.
109. Қытай жазбалары, З. Сәнік, С. Жанболатов, Су Бихай еңбектері пайдаланылды.
110. Шынжаңда жарық көрген А. Татанай, А. Кіршібаев, А. Әбеуұлы, З. Сәнік, Б. Біләл еңбектері мен тарихи, шежірелік кітаптар пайдаланылды.
111. "Шынжаң қазақтарының қоныс аудару тарихы", "Шынжаң тарихи материалдары", "Іле тарихи материалдары", "Алтай тарихи материалдары", "Шынжаңның жергілікті тарихы", "Баркөл шежіресі", "Алтай аймағы шежіресі" секілді кітаптар пайдаланылды.


6alash ұсынды