Қайрат Құл-Мұхаммет, айтыскер ақын: Айтысқа 42 рет қатысып, бәрінде бас жүлде алдым Bilal Quanysh Журналист Қазақтың айырқша асыл мұраларының бір – айтыс өнері. Айтыс дегенде қаны қызбайтын қазақ жоқ. 1,5 миллион қандасымыз тұратын Қытай елінде қазақ айтысының... Қазақтың айырқша асыл мұраларының бір – айтыс өнері. Айтыс дегенде қаны қызбайтын қазақ жоқ. 1,5 миллион қандасымыз тұратын Қытай елінде қазақ айтысының өзіндік мектебі қалыптасқан. Сол мектептің қалыптасуында өз қолтаңбасын қалдырған адуынды айтыскерлердің бірі – Қайрат Құл-Мұхаммет болатын.
– Әңгімені балалық шағыңыздан, Сіз ат жалын тартып мінген туған жеріңізден бастасақ...
– Мен 1966 жылы 21 тамызда Қытайдағы Алтай аймағының Жеменей ауданы Дамынғайшы деген жерінде өмірге келдім. «Мәдениет төңкерісі» деген алапат заман болатын ол кезде. Жасыратыны жоқ, соның салдарынан балалық шағым бақытсыз болды. Олай дейтін себебім, 1967 жылы мамырдың бесінде Әкем Құлмұхаммет Манасбайұлы Қытайдағы «Мәдениет төңкерісінің» ауыр қысымына шыдамай Қазақстанға қашып өтті. Ал 1971 жылы шешем Қиза Алтынбекқызы "Байдың қызы", "Байдың келіні", "Күйеуі отанын сатып шетелге қашып кеткен" деген айыппен түрмеге жабылды. Ағам Уатқан Құлмұхамметұлы 17 жасынан 29 жасына дейін жаза майданында, айдауда көмір қазып, бұғанасы мертігіп, 2-топтағы мүгедек болып оралды. Мен ауыл арасында, ана үйде, мына үйде қаңғырып өстім. Шешем марқұм 1974 жылы түрмеден босатылды. Кеткенін көрмесем де келгені әлі есімде. Кейін келе азман оңала бастады. Мен орта мектепті бітірген соң ағамның шаруаларына көмектесіп, біраз жүріп қалдым, бірден жоғары оқу орынына түсіп оқи алмадым. 1985 жылы Жеменай ауданынан қара үзіп алға шығып, батырлардың, ақындардың мекені Өралтайдың Көктоғайында «Алтай аймақтық 6 кезекті ақындар айтысында» өтірік өлең, терме айтудан жүлдемен оралдым. Сол жылы менің алғашқы шығармаларым газет-журналдарда жариялана бастады. Бір қызығы мен әдебиет әлеміне өлеңмен емес, "Бұл өлеңнің иесі кім?" деген шағын сын мақаламен келдім. Сол жылы 18 мамырда менің әкем Құлмұхаммед Манасбайұлын қылмыссыз деп ақтап, барлық құқықтарын қалпына келтірді. Үкімет тарпынан ағам мен шешеме жәрдемақы тағайындалды, Қарашаның 17-сі мен де Жеменей ауданы, Бестерек ауылына 74 юан жалақы алатын болып қызыметке орналастым. Айтайын дегенім 1985 жыл – біздің отбасымыздың бақыт құсы қайтып оралған жылы болды. Сөйтіп айтыстарға қатыса бастадым, ақын болдық, дүрілдеттік, атымыз елге таныла бастады. 1988 жылы мен Жеменей аудандық мәдениет мекемесіне ауысып бардым, 1989 жылы Қыркүйекте Шыңжаң мәдениет көркемөнер институтының бұқаралық мәдениет басқару мамандығын оқи жүріп, Шыңжаң униуерситетінің тіл-әдебиет мамандығын қатар аяқтадым.
– Сіздің адуынды айтыскер болуыңызға ықпал еткен ел арасындағы өнерпаздар турасында әңгіме тиегін ағытсақ...
– Дұрыс айтасың, Қытай өздерінің азаттығын жариялағаннан атышулы «мәдениет төңкерісін» бастағанған дейінгі аралықта халық біршама еркіндікте болды. Сол уақытта қазақ арасынан Қытай үкіметінің «Халық ақыны» атағын алған үш адам болды. Олар: Сымағұл Қалиұлы, Боздақ Түзбенбетұлы, Сұлтан Мәжитұлы. Мен осы үш асылдың да көзін көрдім. 1980 жылдары Алтай қаласына барып, маңайындағы ауылдарды аралап жүрген кезімде Боздақ Түзбенбетұлымен кездестім, ол кісі жыраулық дәстүрмен айтатын кісі еді, тарихи шежіре дастандарды жақсы айтатын, әсіресе, сол өңірдегі, елге мәлім Мәми би, Қазірет, Таң ауылдарындағы, Ертіс бойындағы әңгімелерді жақсы айтатын. Ал 1970 жылдардың соңында Қобық ауданына барғанымда Сұлтан Мәжитұлын көрдім. Ол кісі жақсы киінетін, сері, әрі сөздерінде орысша араластырып сөйлейтін "Сәбет мәдениетін" қабылдаған адам екендігі көрініп тұрды. Елдің үстінде жоқ костюм мен етікті, шлияпаны сол кісіден көрдім. Ал Сымағұл Қалиұлы Жеменей ауданының Тоқсы деген жерінде өмір кешірді. Мәнтай, Төкен деген балалары болды. Базарқұл деген қыстақта Құрбан деген кісі бар, Сымағұлдың туысы. Бәрі Қазақстаннан келген кісілер ғой, «сәбет граждандары». Сол кезде Құрбанның ауылына Сымағұл кепті дегенді естіп, бәріміз баламыз, жүгіріп барып жүреміз. Сонда ауылдың барлық адамдары сол кісінің әңгімесін тыңдауға жиналып жатқанын көретінбіз. Бұлар енді Қытай қазағындағы айтыс өнерінің, жыраулық дәстүрінің алғашқы буындары. Ал бізге ықпал еткен кейінгі буындарды айтар болсақ, жалпы, өнерпаз болуың үшін ауылыңда ақын, композиторлардың болуы шарт емес екен... Соған бейімі бар адамдар болса болғаны. Мысалы, біреу әнді жақсы салады, біреу домбыраны жақсы тартады. Сондай кісілерге еліктеп өстік. Төтен, Төлеубай Әлкемішұлы, Мақсұтхан дейтін ақын ағаларымыз болды біздің ауылда. Мен домбыраны Төтен дейтін кісіден үйрендім. Сөйтіп жүріп 12 жасымнан өнердің тізгініне жармастым.
– Айтыс өнер атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра деп жатамыз. Жалпы, әулеттеріңізде сөзден түйін түйген адамдар болды ма?
– Әкеміз Қаба ауданында шанамен жүріп айтысады екен. Ал Тарбағатай өңірінде ғұмыр кешкен атақты сөз зергері Әріпжан Жанұзақұлы әкем Манасбайдың нағашысы(шешесінің бауыры). Шешемнің өлең айтқанын естіген жоқпын. Бірақ жақсы сөйлейтін кісі болатын. Тарихи шежірелерді жатқа айтушы еді...
– Аға, жалпы Қытай елінде қанша айтысқа қатыстыңыз? Қандай марапаттарға ие болдыңыз?
– Мен Қытайда жүргендімде обылыс, аудан, қала, аймақ арасындағы 42 айтысқа қатысып, бәрінен тек бас жүлде алып отырдым. Қазірге дейін екінші, үшінші орынды алып көрген кезім жоқ.
– Тек айтыспен ғана айналысып келесіз бе, әлде, қолыңызға қалам алып, өлең жазатын кездеріңіз бола ма?
– Осы күнге дейін 100-ден астам өлеңдерім, бірнеше поэма, көптеген толғауларым жарияланды, Мен жазба ақынмын деп те, айтыс ақынымын деп те айтуыма болады. Әдебиет саласының мамандары ақынды жазба ақын, айтыс ақыны деп екіге бөліп жүр, бұл дұрыс та шығар. Тек жыраулық дәстүр дегенді ұмытпау керек. Мысалы, кешегі Шалкиіз, Ақтамберді, Бұхар жыраулар жырын жазып қалдырған жоқ, айтысқан да жоқ. Мен өзімді сондай жыраулық дәстүрді жалғастырушы ақынмын деп те санаймын.
– Өзіңізбен үзеңгілес, қатарлас айтысқан әріптестеріңізден кімдерді атайсыз?
– Мен білетін айтыскер ақындар өте көп болды. Бірақ бір жол өлең айтып немесе бір-екі жыл ғана көптің көз айымына айналған ақындарды бағалауға асықпаған дұрыс сияқты. Мен айтыста жүрген 28 жылдың 17 жылы Қытайдағы қазақтар арасында өтті. Өмірден өтіп кеткен ақындарға өкпе жоқ. Ал өнер жолын қысқарып қалған ақындарға мен таңғаламын. Мысалы, Алтайдың Шіңгіл өңірінде Бақыт Әбақанұлы деген өте талантты, менің алдымда тұрған ақын болды. Бірақ ол кісі өмірден ерте өтіп кетті... Анау Көктоғай ауданында Рамазан деген әдемі, кербез айтатын ақын болды, Ал Буыршын ауданында Мұрат Әнуарбекұлы, Толқын Құдысұлы, Жамал Мұқалайқызы деген ақындар болды, қазір аман- есен ғұмыр кешіп жатыр, Қаба ауданында Санар Құматайұлы, Гүлназ Өмірбекқызы деген ақындар бар еді, олар да көрінбей кетті. Жеменей ауданында Жанар Ақтанқызы, Бекболат Құмарбекұлы, Буырылтоғай ауданында Жаңагүл, Әсем деген керемет ақындар болды. Сұрпыл ақындардың бірі Еркін Ілиястан да кеше ғана айырылдық. Ал, Тарбағатай аймағында Бағдаш, Таңнұр дейтін, Риза Қабденқызы, Мақан Байдүйсенұлы, Кәдірхан Қизатұлы, Ержан деген талантты ақындар болған. Іленің Күнес өңірінде Бақыталы, Патығалы, Баһарбек деген тамаша ақындар болды. Тоғызтарауда, қазір осы елде жүрген Әбдіғали Пәзілқанұлы және Зура, Зирагүл Сейітқазықызы, Айғаныш Далелханқызы дейтін жақсы ақындар бар еді. Гүлсімқан Абашқызы, Жақыпнұр Оқасұлы, Серік Әнбияұлы деген ақындардың бәрі менің достарым, замандастарым. Әттеген-айы сол! Олар үлкен сахнадан көрінбей кетті. Санжы өңірінде Зейнеш, Гүлбайрам, Баркөлде "Алаштың болмасамда Құрманбегі, Баркөлдің бола аламын Нұрланбегі" деп жырлайтын Нұрланбек сынды жақсы ақындар болды.
– Қытайдағы қандастарымыздың ішінен кейінгі жас толқын алдыңғы буынның орынын басты ма? Сабақтастық қалай жалғасып жатыр? – Кейінгі жас ақындар біздің орынымызды өгейсіткен жоқ. Бірақ менің бір нәрсеге көңілім толмайды. Біз айтысып жүрген уақытта айтыстың құны бар еді, ауызымызға Құдай не салса соны айтатынбыз, қысылтаяң сәтте ойдың түбінен, жанымыздың тереңінен шығаратынбыз жауабымызды. Қазір Қытайдағы болсын, осындағы болсын ақындарымыздың көбі дайын сөзді жаттап алады да әртіс болып шығады. Мұндай келеңсіздік айтыстың өміршеңдігін жояды. Барлық ақындарға топырақ шашудан аулақпын. Бірақ абайламасақ болмайды. Қытайда қазіргі жас толқын айтыс ақындарының ішінен Жамиға Даулетқызы, Ержанат Байқабайұлы, Гүлсінай, Нағыман, Патығылы, Дина, Қалихан деген ақындардан жақсы үміт күтемін.
– Қытай үкімітінің қазақтың айтыс өнеріне қас-қабағы қалай, қаншалықты көңіл бөледі?
– Қытай елі қазақтың айтыс өнеріне жақсы қарайды. Оның бір белгісі Қытай еліндегі айтыс жай ғана сөз сайысы ғана емес, қазақтың этнографиялық мәдениетін танытатын, дастарханын, қол өнерін, салт-дәстүрін көрсететін үлкен халықтық жиын. Мұндай жиын жыл сайын аудан-аймақтарда, үш жыл сайын облыс көлемінде, Шыңжаң көлемінде бес жылда бір рет ұйымдастырылады. Қытайдағы ақындар айтысының бір ерекшелігі – оған арнайы уақыт бөлініп, жайлау төсінде жүздеген ақбоз үйлер тігіліп, әр үйдің босағасына ақ сарбас байланып, керемет бір салтанатпен өтеді...
– Атажұртқа қашан оралдыңыз?
– Мен тәуелсіз Қазақстаныма 2001 жылы 11 тамызда көшіп келдім. Қазір Алматы қаласының тұрғынымын. Аттың басын Атажұртқа бұруды мен баяғыда-ақ ойлағанмын. Өйткені әкеміздің басы осында жатыр, кейінгі әйелінен үш қыз, екі ұл бар. Сол туыстарыммен бір елдің азаматы болайық деп келдім.
– Тәуелсіз Отаныңыз Сізге не берді? Сіз еліңізге не бердіңіз?
– Мен елге келгелі 11 жылдан асып барады. Ең бастысы – өз елім, өз отанымда жүрмін. Бұдан артық бақыт жоқ. Тәуелсіз Отанның маған берген бақытын айтып жеткізу мүмкін емес. Қытайда жүргенімде Жадыра, Шуақ деген екі қызым болды. Шаңыраққа ие болар ұлды болсам деп армандадым. Екіншіден, Шыңжаңдағы қазақ мені алақанына салып сыйлады, ондағы айтысты бағындырдым, енді өз Отанымдағы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ақындармен үзеңгі қағыстырып көргім келді. Менің бұл екі арманым да орындалды. 2002 жылы 6 шілдеде Елбасының туған күнінде ұлды болдым. Жазған хатыма орай Мемлекет басшысы өзі құттықтап, балама атын қойды. 2007 жылы 22 наурызда, ұлыстың ұлы күні тағы бір ұлды болдым, ол кезде Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов еді, мен хабарласып едім, ол кісі де құттықтап, балама өз атын қойды. Ал Қазақ елінде өткен халықаралық айтыстарда Айнұр Тұрсынбаева сынды мықты ақындармен айтысып бірталай жүлделер алдым. 2003 жылы қаңтар айында Ташкентте өткен ақындар айтысының бас жүлдесі де маған бұйырды.Сол жылы шілде айында Маңғолияда болған Халықаралық ақындар айтысынан бас бәйге алдым. Осы жылы Ресейдің Омбы өңіріне концерттік бағдарламамен барып, Ресей думасынан "Халықтар Достығының үздік жыршысы" деген атақ алдым. 2005 жылы Түркияға барып арнайы алғыс хат марапаттаумен оралдым. 2007 жылы Германияның Мюнхен қаласына Еуропа қазақтарының кіші құрылтайына барғанымда, «Алғыс хатпен» марапаттады. Қазірге дейін әлемнің 8 елі өз сыйлығын ұсынған екен. Қытайда жүргенде "Қытай осы заман әйгілі көркемөнершісі" атанғанмын. АҚШ-тан "Әлемнің әйгілі адамы" деген сыйтақта да келген. Міне, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында "ҚР мәдениет қайраткері" болдым.
– Сіз ең алғаш Қазақстан топырағын аттағанда алдыңыздан шығып, көмек қолдарын созған кімдер болды?
– Тәуелсіз Қазақстаным мені жақсы қарсы алды, келе сала үлкен сахнада қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолдың 90 жылдығына арналған Республика сарайында өткен айтыста "Армысың ата мекенім" деп терме-толғау орындадым. Жүрсін ағамыз кейін халықаралық айтыстарға көп шақырды. Көптеген мәдени шаралардың, Дүниежүзі қазақтар құрылтайының іс-жиындары сияқты ауқымды істердің басы-қасында болдым. Айрықша атауға тиісті ағаларымның бірі – Шерхан Мұртаза. Мен ең алғаш Қазақстанға 1991жылы 6 мамыр күні келіп, екі айға жуық уақыт аралап, 2 шілдеде қайттым. Сол кезде Шерхан ағама арнайы амандасып барып едім. Ол кісі жылы қабылдады, қонақ болып үйінде қондым. Шерағаңмен күні бүгінге дейін жақсы араласып келеміз. Атажұртқа бір жола қоныс аударғанымда алған атақтарымды ескеріп әкімдік маған үй берді. Ал азап пен бейнетті көп көрген ағам мен шешемнің үйлі болуына осы Шерхан аға ықпал етті.
– Соңғы кездері өзіңіз де үлкен сахнадан көрінбей кеттіңіз...
– Мені көрінбей кетті деп сағыныш өкпесін айтып жүрген жұрттың жақсы ниетін менде естіп жүрмін. Оның бірнеше себебі бар. Мысалы, соңғы кездері 2003 жылдардағыдай үлкен айтыс өтпей кетті. Екіншіден айтыстағы жолыма қарасам байқамай алдыңғы буын айтыскерлер қатрына өтіп барады екенмін. Жастармен жарысып айтысқанды құп көрмедім. Үшіншіден, осыған дейін көрген-түйгендерімді қағазға түсіріп, кітапқа хаттауды парыз деп білдім. Қазіргі көп уақытым жазу үстелінде өтуде. Құдай қаласа, алдағы күндерде ел-жұртымды жақсы кітаптарыммен қауыштырамын.
– Көш тоқтады деген пікірге қалай қарайсыз?
– Бұл енді жүрек ауыртатын жағдай. Меніңше, көш тоқтаған жоқ. Қайта жалғасады. Өйткені Елбасының сәлиқалы саясатына кім тосқауыл болмақ. Бар қазақ бір шаңырақтың астына жиналады әлі-ақ. Бір күйінерлігі, осыған дейін қазақ жеріне кім келіп, кім кетпеді? «Ұлттардың лабаротриясына» айналуға сәл-ақ қалды ғой... 130 ұлт сыйып отырған ұлан-байтақ далаға сырттан келетін аз қазақтың сыймауы мүмкін емес. Олардың бәрі Ата жұртын аңсап отыр. Олар бізге қажет. Сондықтан Қазақ елінің ең үлкен саясаты – осы бағытта болуы керек. Қайтеміз келгендердің жолын бөгеп, Жүрейік елдің бар мен жоғын да елеп. Жүрсекте алтын ішіп, ақша құсып, Ертең соның иесі болуы керек! Тек қазақтың үмітін қазақ ақтар, Санаңды шапағатпен тазалап қал. Жерің көп елің аз боп тұрған кезде, Қалай тыныш ұйықтайсың азаматтар. – дейтін тілек те жазғам кезінде... Иләйім, көш тоқтамасын!
Әңгімелескен Хазірет Әбділда
"Қамшы" сайтынан алынды