Әділет Ахметұлы. Өлеңге сүзгі мен сезгі керек

Осыдан оншақты жыл бұрын, рухани, әдеби еркін сұқпат сайттары көбірек ашылып, алты құрлықтың әр елдерінде тұратын қазақтың қыз-жігіттері латынша, криллше, төтеше – үш жазуда бірдей жұмыс істейтін елгезек желілер арқылы танысып, білісіп, пікірлес болып жататын. Қазақ еліндегі, Моңғолиядағы және Алтай, Іле, Тарбағатайдағы әдебиетсүйгіш жастардың арасы жақындай түсті. Қаншама есіл достар таптық. Кейін солардың бірсыпырасымен Алматыда, Астанада жүздестік.

Әділет Ахметұлы Пекинде оқып жүрген бозбала күндерінен-ақ, әлеуметтік желі арқылы отты жырларымен оқырман қауымдарын ойландырған ақын болатын. Белдеудегі тұлпардай шиыршық атып тұратын ақын жүректі азамат ақыры Алматыға ат басын тіреген. Өлеңінен өз қолтаңбасы көрініп тұратын Әділетті Алматыдағы кезімізде бірқанша рет торқалы той, топты жиындарда өрттей сағынышқа толы өлеңдерін оқып тұрған жерінен көріп, қол соғып қолдау білдіргенбіз. Бұл бұдан бес жыл бұрынғы істер еді. Кейін мен Ұланбатырға қайтып кеттім де, ақын жігітті анда-мұнда әлеуметтік желіден көзім шалып қалғаны болмаса, бір жүздесіп, арқа-жарқа әңгімелесуге мүмкіндік туа қойған жоқ. Бес жыл шығармашылық адамы үшін қысқа уақыт та емес. Сондықтан, бүгінгі таңда ақпарат-баспасөз бетінде өте сирек қылаң беріп жүрген Әділет поэзиясы жөнінде бірдеңе жазғым келіп, оған ғаламтор арқылы бірнеше сауалдар қойған едік...

Жұбатгүл Самбууқызы


– Сіз бен бізді кезінде арғы беттегі (ҚХР) әлеуметтік желі табыстырған еді. Сол кездерде біршама өлеңдеріңізді оқып, таныс болдық. Біздің білуімізше поэзияға тебінді келген едіңіз. Ақындар қаласы Алматыға қоныстанғаныңызға да біраз жыл болды. Қазір қайдасыз, не істеп жүрсіз?

– Аласұрған бозбалалық, жастық шабытпен лақ етіп төгіле салған өлеңдерді иі қанбай жатып-ақ, еркін сайттарға салып жіберіп оқырмандардан лебіз күтетін бір дәуренді де артқа тастадық. Сіздермен ғаламторда «достық» орнатып жүрген кезімде мен Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінде студент едім. Кейін оқу біткен соң Үрімжіде қазақтың үлкен фольклорлық журналы «Мұрада» жұмыс істедім. Сол жақтағы мерзімді басылымдар мен сайттар арқылы аздап таныла да бастадық-ау деймін. Сол күндердің бірінде аяқ астынан өз тарихымдағы батыл бір шешімді қабылдадым да, бас құрап алып, Алтайдағы ағынан жарылған ел-жұртқа, киелі топыраққа қош айтып, жұбайымның қолынан жетелеп, Алматыға көшіп келдім.

Алматыға келгеннен кейін екі жылдай нақты жұмысым болған жоқ. Азды-көпті қоғамдық шараларға қатысып, қазақ елінің өмірімен танысып жүрдім. Кітапханалар мен мұражайларды көрдім. Жоғарылап оқығым келді. Ғылымға кіргім келді. Сәті түсіп, ғылым ордасы, ҚР ҰҒА, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жұмысқа қабылдандым. Қазір сол жерде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жатырмын. Бір жағынан магистратурада оқып жүрмін.

– Сізден жаңалық күткен оқырмандарыңыз сарылып қалған жоқ па? Кітаптарыңыз шықпады ғой?

– Миллиардтармен салыстырғанда халқымыз аз, жеріміз кең елміз ғой. Солай бола тұрса да қазақтың қоғамы өте үлкен. Алматы – мен өмір сүрген Бейжіңнен де, Үрімжіден де кішкене қала. Бірақ, мен үшін әлемде Алматыдан үлкен қала жоқ сияқты. Себебі, қазақ аз болса да көөөөөп болып көрініп жүретін халық. Қазақ руханиятының осынау бір қайнаған ошағында жүріп, мықтының мықтысы ғана жарқырап шығады. Ол да өмірдің үлкен әділеті ғой. Сондықтан, қазақ еліне келе сала газет-журналға өлеңімді тықпалап, ағалап, көкелей жөнелмедім. Қайта өмірді енді бастағандай күй кешіп, көбірек ізденіп, өз еліміздің ішкі жан дүниесіне үңіліп біраз жүріп қалдым.

Арғы беттен жаңа көшіп келе қалған жас отаумыз. Тұрақты кіріссіз жүрген кездерді де бастан өткіздік. Балалар кішкене. Қазақтың көшпелі өмірін енді Алматы қаласының ішінде пәтерлер арасында жалғастырып жатырмыз.

Дегенмен, басылымдарда отырған ағалар бетімнен қаққан жоқ. «Үркер», «Таң-Шолпан», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында, «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» қатарлы газеттерде анда-мұнда өлеңдерім жарияланып тұрды. Бірнеше жыр мүшайрасына қатыстым. Біреуінен бас жүлде алғаным бар.

Сіз дұрыс айтасыз. Отыздан асып барамыз. Бірер жинақ беретін жасқа келдік. Негізі ақындар жас кезінде жастық жинағын, ойы толысқанда салмақты өлеңдерін оқырманға кітап етіп шығарып отырғаны жөн екен. Қырықтан асқан бір ақын тұңғыш жинағына он сегіз жасында жазған ғашық-машық өлеңін енгізсе оқырман ойлауы мүмкін ғой: «Әдірам қалғыр, мынау не жазған?» - деп. Дегенмен, ақын кітап шығарғанның жөні осы деп, бесіктен белі шықпай жатып, жылтыңдап қайта-қайта кітап шығаратындарға да қарсымын. Іріктеп, ең таңдаулы шығармасын ұсынуы керек қой.

Ал, өз кітабым жайына оралар болсақ, Құдай сәтін салса жақында тұңғыш жинағым баспадан шығады.

– Жалпы поэзияға деген ұстанымыңыз, әдебиетке деген көзқарасыңыз қандай?

– Күллі әдебиет атаулының, рухани байлық атаулының басы – поэзия. Мен оған өте адал болуды қалаймын. Өлең деген – тұнып тұрған тұмса тазалықтың өзі. Ақындық - Тәңірдің сыйы ғой. Оны тап-таза күйінде береді. Енді соншама киелі дүниені жалған шығармаға айырбастауға кімнің батылы барады? Поэзияның құнын жалғандық түсіреді. Шынайы шабытпен шыққан өлең қашан да өміршең болады. Тарихтан бері біздің жадымызда жатталып қалған өлеңдер түгелдей ақындардың шалқар шабыты үстінде жазылған. Өнерге, киеге адал болып өткен ақындар ғасырлар өтсе де адамдар санасында мәңгілік ғұмыр кешіп жатыр.

– Қазақ поэзиясында кімдерді ұстаз тұтасыз?

– Осы күнге дейін мойындалған классиктердің бәрі бізге ұстаз ғой. Дегенмен, адамның өзіне жаны жақын тұлғалар болады. Мен жырауларды өлеңнің әулиесі деп, өзіме үлгі тұтам. Олар поэзияны шыңға шығарған. Тұнып тұрған философия мен сұрапыл рух сол бабалардың жырында жатыр. Ал, Абай әрбір өлең жазып жүрген қазақтың данышпан, жол сілтеушісі. Қазақ ақындары Абайсыз сөз бастамауы керек. Абайдағы теңдессіз мұңды, құдайдың құдіретімен ашылған парасатты, жүрек, жан (өзінтанымақтық) ілімін аз да болса ой елегінен өткізбеген кісіден ұлы ақындық күту де қиын. «Абай – қазақтың бас ақыны» деп алғаш Абайдың анау-мынау өлеңші емес, Алланың хикметі арқылы арғы парасаты ашылған адам екенін таныған, және оны алты алаш баласына айтып кеткен Ахмет Байтұрсынұлын өмірлік ұстазым деп танимын. Абай айтқан «толық адам» идеясына бір адам лайық болса, сол Ахмет-ақ шығар деп ойлаймын.

Одан кейін, біреуді ұстаз тұтқан кісі өлеңін сол кісіден айнытпай жазады деген ой болмауы керек. Шыңжаңда Омарғазы Айтан деген атақты ақын өтті. Өзі шашпа (ақ) өлең ұйқасымен жазатын. Өлеңдері сұмдық енді. Ол кісі поэзияда үлкен биікке шыққан ақын. Мүмкін келешекте ол кісінің жұлдызы оңынан туады деп ойлаймын. Ол кісіні білетін ақындардың көбі ұстаз тұтады. Бірақ, Омағаңа ұқсатып өлең жазған ешкім жоқ. Мұхтар Шаханов көкеміздің «Дәуір дастандарын», рухты өлеңдерін түгелдей жаттап өстік. Жасырмаймын, бір кезде сол кісінің сорабына жақындап та кеткен кездерім болды. Ал, енді мен, жалпы шығармашылықта, өзіме жаны жақын ағаларымыздан Жәркен Бөдешұлын, Жүрсін Ерманды, Ғалым Жайлыбайды және Мұрат Шаймаранды поэзиядағы ұстаздарым деп санаймын.

– Қандай кітаптарды көп оқисыз? Әлем әдебиетінен ше?

– Бұрын талғаусыз оқи беруші едік қой, қолға түскенді. Қазір, аты шыққан авторларды, таңдап, ылғап оқуды әдет қылып жүрмін. Соңғы оқығандарымды айтайыншы. Соңғы жарты жылда шетел әдебиетінен Мо Янның әңгімелерін оқыдым. Жапониялық бірер жазушылардың шығармаларын оқыдым. Ал, қазақтан Тынымбай ағамыздың әңгімелерін, Тәкен Әлімқұловтың «Көк қаршығасын», Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтайын» оқыдым. Шетел әдебиетін аударып-төңкеріп тастадым дей алмаймын. А.В.Чехов әңгімелерін сұмдық жақсы көремін. Басқа да біраз классиктерді ел қатарлы оқыдық. Егер, мүмкіндік болса, тіл білген кісі атақты шығармаларды түпнұсқадан оқыса тіптен жақсы ғой. Бізге тілден тілге аударылып барып келетін шығармалар бар. Прозалық шығармаларды солай оқуға болады. Дегенмен, автор алғаш өзі жазған тілдегідей деңгейде болмайды. Аударманың аты – аударма ғой. Онда ұлттық дүние таным сіңірілген. Ал, екінші тілдегі аудармашының санасындағы дүниетаным мен өмірге көзқарас ұқсамағандықтан, бәрібір азды-көпті айырмашылық болады. Мысалы, Абай, Мұқағали өлеңдерінің қытайшасын оқып көрдік. Тұщына алмайсың. Кейде түпнұсқа бірнеше тілден өтіп, қазақ тіліне келгенде кежімделген жүйріктей құлпырып кетеді екен. Жарықтық Фариза апамыз аударған чили ақыны Пабло Неруданың «Өлім» деген өлеңі бар. Көкейімнен кетпейді:

Мен талай тірілгенмін,

Әділдігін паш етіп жұмыр жердің.

Енді өлемін, айналам топыраққа,

Естімеймін бірін де дүбірлердің.

Естімеймін күлкісін сүйіктімнің,

Естімеймін ысқырған үнін желдің.

Естімеймін үстінде қабірімнің,

Толқын ба, әлде адам ба, жүгірген кім?

Қараңызшы, бұл енді қандай керемет жеткізу. Автордың ойына адал бола отырып, қазақы көркем ойды, сұлу сөзбен тізе салған. Бұл енді түпнұсқаны басып түспесе, кем түсіп тұрған жоқ.

Менімен, көп ақын келіспейтінін білемін. Бірақ, қазақ поэзиясымен иық тіресетін түсе алатын поэзия бар шығар. Дегенмен, қазақтан асып кететін ақын ел жоқ. Ал, бұл әлем ақындарын оқымаймын деген емес. Ақын деген біраздан соң, ұлтқа, мемлекетке бөлінбейтін құбылыс қой. Бір-біріне жау екі халықтың ақындары дос болған оқиғалар тарихтан қылаң береді.

– Негізінен сіздің өлеңдеріңізден қазақ даласының, қазақы өмірдің иісі аңқып тұрады. Елді, жерді, топырақты үнемі жырлайсыз.

– Әрине, адамзат үшін топырақтан ұлы дүние жоқ. Адам топырақтан жаралды. Адамдардың тазалығы топыраққа деген адалдықтан басталады. Кім өз топырағын сүймесе, ол жел айдаған қаңбақтай, мына жасыл шардың үстінен мекен таба алмайды. Туған жер, кіндік қаны тамған жер деген – теңдесі жоқ ұғым. Адамның кіндік қаны тамған топыраққа белгісіз бір күш өле-өлгенше тартып тұрады. Туған жерден, қазақ топырағынан тағдыр айдап алыс кеткен елдің бәрінің мұң-зары басқа емес, тек туған жерге бір оралу болған. Оған мысалдар толып жатыр. Кіндік қанды айтайықшы. Кіндік деген нәресте мен бала жолдасын жалғап тұратын зат қой. Кіндік кескеннен кейін қазақтар ұл баланың кіндігін алты қырқаның арғы жағына көметін болған. Неге? Сол алты қырқадан бергі төңіректі туған жері ретінде сезінсін, алты алаштың ұлы болсын. Алты алаш мекен еткен топырақта өніп, сол топырақтын дәмі тартып, сол жерге жерленсін деген ұлы философия жатыр. Осы хикмет теорияны жадында сақтаған көшпелі жұрттың соңы күні кеше ғана аттан түсті. Бір бөлімі әлі қыс қыстау, жаз жайлау көшіп-қонып жүр. Біз Алтайда мынау жалған дүниеде баламасы жоқ көшпелі өмірді көрген соңғы ұрпақпыз. Көшкенде кебежеге отырған, қозы-лақтардың тоңғағын шимен аршыған, киіз үйде, қоста, итарқада өмір кешкен балалармыз. Шаңырақтан аспандағы жұлдыздарды көріп, ойланып жатып ұйқыға кететінбіз. Көшпелі елдің баласы бір жылда төрт географиялық белдеуді, төрт түрлі жер бедерін, төрт түрлі табиғи ортаны көімен көреді. Табиғатпен етене-егіз ғұмыр кешеді. Судың мынау әлемде басқа халыққа бұйырмаған тазасын ішеді. Баққан малы да басқа малға бұйырмаған ең таза шөпті жейді. Мінеки, осылайша күллі қазақ күні бүгінге дейін ақсүйек ғұмыр кешті. Күллі дүниенің байлығын табиғаттан емін-еркін пайдаланды. Табиғат кең болса қазақ та кең болды. мінез-құлқы қандай керемет еді. ішкен-жеген тамақ таза, жұтқан ауа, жұтым су таза болған жерден адам бойындағы, ұлт бойындағы тазалық қалыптасады. Ал, бойы таза, қаны, ойы кіршіксіз адамдардың махаббаты таза болады. таза махаббаттан есті ұрпақ туады. Жаратқанның, ұлы табиғаттың кеңдігін, мейімірін көрген халық өзі де мейірімді, жомарт болды. Сол саф дегдарлық, ірілік, сұлулық, мынау жалған дүниенің нақты ақиқатын меңгерген жаны жайсаң адамдар арасындағы сыйластық күні бүгінге дейін жалғасуда. Осының бәрінің аржағында миллион жылдар бойы ізгілік ұялаған ұлы топырақ жатыр. Қазақ тарихта ешбір елден жамандығымен ұтылған жоқ. Ақкөңіл адалдығымен, зымиян жұрттан айласын асыра алмады.

Ал, енді осындай теңдессіз хикмет өмірдің құпиясын біле тұра туған жер туралы, ел туралы, ерлік, өрлік, тазалық туралы жыр жазбауға ақынның амалы бар ма? Қысқасы, бәріміз ең алдымен топыраққа қарыздармыз.

– Бір ақындар бар, өлеңдерінің көбінде сезім, махаббатты жырлаған. Ал, сіздің өлеңдеріңіздің көбі туған жерді жырлауда. Енді, туған жерді жырлау деген атам заманнан бар дүние. Бүгінгі таңда поэзия болсын, бүкіл дүние жаңашылыққа өткен кезең. Сонда сіз поэзияда кенже қалып барамын деп ойламайсыз ба? Жаңа үрдісіне талпынбадыңыз ба?

– Махаббат – дүниені ұстап тұрған ғаламат нәрсе ғой. Шын махабатты, ұлы махаббатты тек текті, ұлы адамдар жасай алады. Махаббат туралы жырлар да сіз айтқан туған жер тақырыбы сияқты мәңгілік тақырып. Екеуі де бірімен бірі егіз дүниелер. Әлмисақтан бері жазылып келеді. Тағы да жазыла береді. «Сен күлгенде көк тәңірісі де күлді» деп жырланған махаббатнама жыры еске түседі. Махаббат жоғалған жерде қоғам сүреңсізденеді. Мынау әлемнің сұлулығы да сол махаббатпен көмкерілген. Ал, махаббат туралы өлеңдерім баршылық. Көп жариялай бермеймін. Төрт төңірегіміз тұтасымен өлең ғой, байқай білген ақынға. Сезім қаншама мөлдір болса, лирика да мөлтілдеп төгіліп тұрады. бірлі-жарым адам айтып та қалған жайы бар, жаңаша үрдіске өткен жөн деп. Өткендер өте берсін. Қарсылығым жоқ. Әркім өзінің оң жамбасына келетін тақырыпты жазады ғой. Жұбатжан, мен жоғарыда айттым ғой. Қазақтың ғана емес, әлемдік екі ұлы өркениеттің бірі болған көшпелі өмірдің хикметін соңғы рет көзімен көріп, жүрегімен сезінген жастар біз едік деп. Ендеше, енді сол бір ұшы-қиыры жоқ ұлы дүниені қопарып жазып тастағандай, мен енді әлем әдебиетінде жаңа шығып келе жатқан ағымдардың сорабына түсе кетуім керек пе? Қазақтың иісі бұрқыраған өлеңді қазаққа адал жүрекпен біз жазбағанда кім жазады. Әрине, жаңа замандар жеткен сайын поэзияда да ішкі-сыртқы жақтардан белгілі жаңалық қосып алып отырады. Яғни бәріміз де өмірді бүгінгі қазақтың логикасымен поэзияға айналдырушылар ғанамыз.

– Бүгінгі таңда қазақ поэзиясында өзіңізбен үзеңгілес жүрген жастардың шығармашылығына көңіліңіз тола ма? Жас ақындарға қандай ізденіс керек деп ойлайсыз?

– Мен ақындардың сұмдық көбейіп кеткенінен қорқамын. Өлеңдетіп, көлемдетіп, қара көбейтіп жүргендер де баршылық. Оны уақыт іріктейді дей саламыз ғой. Дегенмен, көркем поэзияның сүрепетін осы көп шөп-шалаң өлеңдер кетіріп-ақ жібереді. Біздің үзеңгілестерге аға буындар баға бергені дұрыс. Ал, құдай ғұмыр берсе, бізден кейінгілердің поэзиясына бағаны біз айтармыз. Аға буын демекші, кейбір үлкендердің сұхбатынан көзім шалып қалған сәттерім бар, «халтрущиктер қаптады» деп. Әрине, ағалардың айтқаны рас. Алматыда тас лақтырсаң, ақынға тиеді. Арғы бетіңізде де, Өлгейде де тіптен солай. Ел өлеңші мен ақынын айыра алмай қалды десек бола ма?

Ал енді, көңіл толмады дегенмен, мына кісінің көңілі толмайды екен деп, өлеңші қауым өлең жазғанын қоя салмайды. Қоғамда шынайы сын-пікір жоқ. Өлеңге сүзгі және сезгі керек болып тұр. Шөпті де, шөгірді де өлеңдете беруден жұрт жалықты. Негізі аға буындар бұрқыратып сын жазып, бізді анда-санда бір шықпыртып алса болар еді. Бейберекет кетіп бара жатқан жағдай баршылық. Бұлай кете берсек, өнердің киесі ұрады.

Солай бола тұрса да, өздерінің дара жолдарымен қолтаңбаларын айқындап келе жатқан замандастарымыз бар. Біз оларға тілекшіміз. Ал, кейінгілердің ішінде де көңіл тоғайтар қыз-жігіттер баршылық. Енді, қазірше ешкімге ақыл айта алмаймын. бір-екі жинақты оқырманға ұсынып, бағасын алайық. Оның үстіне өлең деген нәрсе біреудің ақылымен жазылмайды. Өлең негізі өзі келеді ғой. Ақындар сезім жетегінде отырып ағаттық жіберіп алмаса болды. Жалғыз ғана айтарым шын талантты кісіге сақтық керек.

– Арғы бетте жүріп-ақ атамекенді жырлап, аңсап келген рухты ұлдың бірісіз. Елге келгелі қандай жұмыстар жасап жатырсыз? Аңсап келген атамекеніңізге азды-көпті еңбек ете алдыңыз ба?

– Шүкіршілік. Қазақстанда тұрақты түрде жұмыста болғаныма енді ғана үш-ақ жыл толады. Көп нәрсе беріп үлгердім дей алмаймын. Ғылымның, әсіресе тіл ғылымының ортасына кірдім. Жан жұбатар, анда-санда мақтанып та алар жалғыз жұмысым бар. Алаш мұраларына тілдік тұрғыдан үңілу мүмкіндігін алып, жолбасшы ағалар мен жетекші ұстаздарымның бастамасымен, бұған дейін ғылыми айналымға түспеген бірнеше кітаптардың баспадан шығуына атсалыстым. Атақты Елдес Омарұлы мен Абайдың ұлы Тұрағұл еңбектерін тұңғыш рет кітап етіп бастырдық. Осындай іргелі, тың жұмыстарда бір азамат ретінде еңбегім сіңгеніне бақытты сезінемін. Ал, алаш мұралары дегеніңіз – ұшан-теңіз дүние. Онда біздің бірегей ел болуымызға бағдар беретін ұлы тұжырымдар бар. Тіл білімі институты қазақ тілінің қара шаңырағы. Сондай үлкен орында, іргелі еңбегі бар ғалымдардың қасында, көрінген таудың алыстығы жоқ деп, шамаша үйреніп, ізденіс жасаған болып жатырмыз. Ғылым сапарымен екі рет шетелге жіберді. Онда алған әсер, көрген білгендерімізді жазып жарияладық. Қазақта біз істеуге тиісті жұмыстарға сан жетпейді. Қазақ тарихын, өз халқымыздың ұлылығын зерттеуге күш салсақ, мықты ел болар едік.

– Әңгімелескеніңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Әңгімелескен Жұбатгүл Самбууқызы

adebiportal.kz