Адамзат өркениеті тіршіліктің дабылы қағылысымен бірге басталған. Адамзат дүниесінің жаңалыққа, өзгеріске, дамуға жүкті болатыны да содан. Табиғат дүниесінің тылсымдығы адамзат ой дүниесін алға жетелеудің ең үлкен ұлы жаңалығы. Жаңалықсыз дүние – тарихтың екшелеуінен өшкен дүние. Өйткені, адамзат тарихындағы өткен әрбір күн адамзаттың қол жеткізген жаңалығына сүрлеу салып, із тастап отырған. Ескі тарих бізге адамзат мәдениетінің үздіксіз жаңалыққа, дамуға, өзгеріске, бірден бірге жалғасуға мұқтаж екендігін түсіндіреді. Сол бір қойнауы кеніш тарих парақтарынан әрбір ұлттың тарихына, мәдениетіне қатысты тілін, әдебиетін, салт-дәстүрін, ұлттық бөгенайын басты өлшем етеді. Қазақ халқының тұлық мәдениеті де әне сол тарихи құндылығы жоғары, ұлттық бөгенайы бөлек мәдениетті көрсетіп тұрғандай.
Тұлық – бидай, қышы, зығыр, күріш, арпа, сары бұршақ қатарлы дәнді өсімдіктердің дәнін ажырату үшін тастан ойып (қашап) жасалған өндіріс құралы.
Біздің жыл санауымыздан бұрынғы V ғасырдан VII ғасырлар аралығында Алтай өңірінен қара теңіз төскейіне дейінгі сайын даланы мекен еткен Сақтар әлемдегі мәдениет, өнердің өшпес асыл мұраларын қалдырғаны шындық.
Тұлықтың тарихы ұзақ болып, археологиялық қазбаларға негізделіп есептегенде ата-бабаларымыз сонау тас ғасырдан бастап, тастан егіншілік құралдарын жасап істете бастаған. Көшпенді мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен шұғылданатын қазақ халқы, әне, сол дәуірден бастап тұлықты егіншілікке істететін құрал ретінде пайдаланып келген.
Тұлық жасауда әдетте тұлық жасауға болады деген тасты жасалатын тұлықтың үлкен-кішілігіне қарай, тастың әр 10-15 сантиметр аралығына темір сынамен тесік тесіп, тесіктерге сынаны тегіс ұрып, тасты ізі бойынша сынамен паршалап, тұлық формасына келтіріп, екі басын кішірек, сыртқы басын жұмырырақ пішіндегі цилиндр формасында жасап, екі басының ортасынан тұлық көзін орнататын тесік тесіп, құлақ орнатып, ағаштан жасалған сөреге өткізеді. Тұлық сөресінің екі жанындағы ағаш тақтай балдақты тұлықтың екі басындағы тесікке орнатылған ағаш сынаға өткізіп, сыртына шығып кетпейтін етіп мықты ағаштан сына қағылып, қайыспен мықтап байлайды.
Тұлық әдетте «тұлық тес» деп те аталады. Ол қолданылатын өсімдік түрі және өндіріс орнына (қырман) негізделіп: алты қырлы, сегіз қырлы, он қырлы тұлық тас деп бөлінеді. Қыры аз тұлықтар бидай, арпа, сұлы және күріш қатарлы дәні оңай айрылмайтын дәнді өсімдіктерді дәнінен айыру (соғу) үшін, көп қырлы тұлық тастар сары бұршақ, қышы, зығыр қатарлы дәні оңай айрылатын өсімдіктерді дәнінен айыруға (соғу) қолданылады. Тұлықтың «жарғыш» деген тағы бір түрі болып, оның қыры болмайды. дөңгелек сырты кедір-бұдыр болып, оны тек бойра тоқу үшін дайындалған қамысты жаншу, езу, турау және түрлі арқандарды жасау үшін істетілетін қышы, зығыр, қонақ сабандарын жұмсатуға қолданылады.
Жарғыш (жарқыншақ) екі түрлі болады. Бірі, цилиндр пішінде өңдеп жасалған тастың екі жағының орта бөлегінен тесік тесіп, екі метр ұзындықтағы жалпақ екі басында тесігі бар ағашқа сына бекітіп орнатады да, сынадан пайдаланып, жарғышты (жарқыншақты) алды-артына сүйреу арқылы ши, зығыр, қамыс сабандарын паршалап майдалайды. Тағы бірі, жарғыш (жарқыншақ) тасқа ұқсас дөңгелек жұмыр жасалған тастың екі басының ортасынан тесік тесіп, сына қағылып, жандарма ағаш бекітіп, бекітілген сына арқылы тасты тік тұрғызып, домалату арқылы қамысты ұнтақтайды.
Қазақ халқы ұзақ уақыттық өндіріс тәжірибелеріне сай, құрамында руда болмаған қорым тастардан пайдаланып тұлық, су диірмен тасы, егеу, қол диірмен тасы қатарлы өндіріс құрал-саймандарын және тұрмыстық бұйымдарды қажетіне қарай жасап, істетіп келген. Тұрмыс және өндіріс құрал саймандарын жасауға болатын тастарды өз ішінен қызыл тас, шұбар тас, сүңгі тас, қайрақ тас, көк тас, сұр тас, боз тас, қарашұбар тас, бауыр рең тас, т.б. түрлерге бөліп, құрал-сайман, тұрмыстық қажетті заттарды жасаған. Тұлыққа көздік, жандайшап, тұтқа, сына қатарлы, қосымша ағаш, тері материалдарын қосымша істеткен.
Көздік: тұлықтың екі басының ортасына орналастырылған шойыннан құйылып жасалған үш жағы бітеу, бір жағына жан ағаш бекіту үшін ойылып жасалған куб пішінді құрылымды көрсетеді.
Тұлық құлағы: тұлық көзіне қағылып, бекітілген тұлықты әрекеттендіру рөлін атқаратын, шойыннан ішкі ұшы үшкір, сыртқы ұшы қалпақты келетін тасқа қағылған сына, тәрізді зат.
Жан ағаш: тұлық басының екі жағына ортасынан тесік тесіліп, сына арқылы бекітіліп орнатылған жалпақ ағаштан жасалған зат. Оны кейде тұлық балдағы деп те атайды.
Тұлық жылқы, есек, қашыр, түйе, өгіз қатарлы үй жануарларының күшінен пайдаланып істетіледі. Тұлықты хайуан күшін пайдаланып істетуде бірнеше түрлі қосымша жабдықтар қажет болған. Тұлық жабдықтары негізінен жан ағаш, тесік ағаш, қайыс арқан, бау, сына, ер-тоқым сияқты материалдардан құралады. Тағы да тұлықшы мен оған істететін хайуан да бар.
Тұлықшы: бидай, күріш, арпа және зығыр қатарлы өсімдіктерді қырманда (атыз басында) дәнінен айырып, ұнтақтап жаншу үшін оған істетілетін хайуанаттан пайдаланып тұлықты айдаушыны айтады.
Тұлық ат: қырманда (атыз басында) арпа, бидай, зығыр, қышы, бұршақ сияқтыларды ұнтақтау, дәнінен арылтып жаншу үшін істетілетін тұлыққа қосылатын ат. Тұлық ат әдетте жуас, күшті ат болуы шарт.
Тұлық үлкен-кішілігіне қарай жалғыз атты, қос атты, үш атты тұлық түрлеріне бөлінеді, тұлыққа қосылатын аттардың өзіне тән есімі болады. Олар мініс ат, жандақ ат, шет ат, ішкі ат деп аталады.
Мініс ат: тұлық айдаушы (жүргізуші) мінетін ат.
Жандақ ат: мініс аттың жанына қатарластырып, қосанжарлап қосылатын ат.
Шет ат: тұлыққа үш ат қосу қажет болғанда ең шетіне қосылатын ат.
Ішкі ат: тұлыққа үш ат қосу қажет болғанда мініс ат пен шет аттың ортасына қосылатын ат.
Қорытып айтқанда, қазақ халқы ұзақ уақыттық тарихи даму барысында, өздерінің ақыл-парасаты мен үздіксіз ізденістері арқылы тұлық сынды дәстүрлі егіншілік құралын тапқырлап шығып, оның өндіріс-тұрмыстағы рөлінен толық пайдаланып, үздіксіз дамытып, түрін жаңалап, егіншілік істерін дамытып келген.
Толқын АУҚЫШҰЛЫ
6alash ұсынады