Сонау 1970 жылдары «Есік» қорғанына жүргізілген қазба жұмыстары барысында «Алтын адамның» қасынан төңкерілген түбінде 26 таңбалы жазуы бар күміс тостаған табылғаны белгілі. Аталмыш жәдігердің өңделген нұсқасы қазір бас қаладағы Тәуелсіздік сарайының көрме залында тұр.
Бұл бұйымның басты құндылығы – қолданбалы өнер туындысы ретіндегі заттық ерекшелігінде емес, жазуында. Ғылымға «Есік жазуы» деген атаумен енген бұл таңбалар, өкініштісі әлі күнге түбегейлі толық оқылған жоқ. Бүгінге дейін жазу-таңбаларды отандық оқымыстылар – К.Ақышев, О.Сүлейменов, А.Аманжолов, Б.Төлешов және ресейлік түрколог А.Лившич пен әзербайжан тіл-білімі маманы Ж.Гасанов қатарлы 12 адам оқып көрді.
Осылардың ішінде түркітанушы-ғалым Алтай Аманжоловтың «Аға, саңа очкуқ! Без чөк! Букун ічре (р?) азуқ і» деп оқығаны (қазақша мағынасы: «Аға саған бұл ошақ! Бөтен ел адамы тізеңді бүк!Халықта азық-түлік мол болғай!) біршама сөз болғанымен толық мойындалмады. Оған себеп – көптеген көне жазу мамандары «бұл иран-парсы жұртына тән жазу» дегенді алға тартуда. Бірақ бұған біздің отандық түркологтар келіспейді.
Қалай десек де, бұл жазу-таңбаның басты ерекшелігі – ерте заманда қазақ жерін мекендеген тайпалардың жазу-сызуы болғанын дәлелдейтін бұлжымас құжат екендігі. Алда-жалда бұл таңбалар көне түркі руна жазуының «атасы» екендігі дәлелденсе – бабаларымыздың бұдан 2500 жыл бұрын жазу-сызу мәдениеті болғандығын әйгілейтін аса зор оқиға болар еді. Тіпті жазудың құны Алтын адамнан да асып кетер еді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
Суретті түсірген Орынбай Балмұрат