Келі мен келсап

Келі – қазақтың тұрмыс саласындағы кейінгі уақытқа дейін кеңінен пайдаланып келген тұрмыс құралдарының бірі. Ол тары, бидай сияқты дәнді дақыл­дарды түйіп, ұнтақтайтын қатты ағаштан ойып жасалған құрал. Келі құрылымы жағынан екі түрге бөлінеді. Тақта келі және шұңғыл келі.

Келі – дәнді дақылдар мен науат, шақпақ қант тәрізді түйір-түйір заттарды түйгіштеп уататын, ұнтақтайтын, қатты ағаштан, тас, темір, шойын сияқты материалдардан жасалған іші қуыс құрал, тұрмыстық бұйым. Бидай, тары, арпа т.б. дәнді дақылдарды түюге арналған ағаш келі қатты ағаштың жуан діңінен ортасын 30-35 см тереңдікте ұңғуырмен ою, қашау арқылы жасалады.  Келі қазақ дастарқанының шырайын келтіретін ақталған тары, қуырған бидай, түйілген жарма, құрт, ірімшік, жент сияқты тағамдарды дайындауға қажетті басты тұрмыстық бұйым болған. Сондықтан шеберлер төзімді, сапалы келі жасау үшін жұмысты ағаш таңдаудан бастайды. Өйткені сазда, сортаң немесе сулы жерде өскен ағаштардан жасауға болмайды. Сазда өскен сары ағашты кептіру қиын, әрі ол кепкенде жарылып кетеді. Сортаң жер ағашының сүрегі тығыз болғанымен, кепкенде қақ айырылады. Таңдап алынған ағашты өңдеп, затты түйіп ұнтақтайтын құрал жасайтын шеберді халық келіші деп атаған.  Келішілер жаз бен күз жаңбырсыз болған құрғақшылық жылдары келі жасайтын ағаш кеспегін мол етіп жинайды. Кеспектерді шөлді жерде өскен немесе сусыз қаңсып, жұмырланып өскен жерінен жинайды. Ондай ағашты қысқа қарай түбірімен қазып алады. Оның діңін екі жағынан аралап, болашақ келінің кеспегін дайындайды. Одан әрі кеспектерді кептіруге кіріседі. Ел арасында келі жасайтын кеспекті кептірудің әдіс-тәсілдері көп болған.    Шеберлер ұңғуыр, тышуыр, шаппашот, қашау сияқты құралдарды алма-кезек қолдана отырып, келі жасайтын кеспектің ішін ойып алып тастайды. Келі оюда әр өңірдің шеберлері қалыптастырған тәсілдері бар. Мәселен, Қызылорда өңірінің келішілері алдымен кеспектің ортасын бір рет ұзын бұрғымен бұрғылап алады. Одан әрі бұрғыланған жер мен оның айналасын қыздырылған үшкір темірмен қариды. Шебер ағашты ыстық темірмен қайта-қайта қарып отырып, келі оймасының нобайын келтіріп алған соң, қуысқұлақ немесе имекбас қашаумен түгел ойып шығады. Қарақалпақстанда тұратын қазақ шеберлері кеспек ортасын аздап шұңқырлап ойып алып, сол жерге көмір шоғын салып, сол шоқпен қарып ояды, кейде кеспек ішін аспаппен үңгіп алып, қайнап тұрған қазанға қақпақ сияқты төңкеріп жауып, ыстық бумен ағаш ішін жібітіп алып та ояды.  Келішілер келінің түбін екі түрлі тәсілмен ояды. Тары, бидай, жүгері тәрізді дәнді дақылдарды түюге, жармалауға қолданатын келінің түбін тегіс етіп ояды. Оны түбі тегіс келі деп атайды. Тары ақтауға қолданатын келі түбін шұңғылдап ояды. Мұндай келіні түбі шұңғыл келі деп атайды. Келінің іші ойылып болған соң оны өңдеу, дайындау жұмысы одан әрі жалғасады. Кейбір шеберлер ойылған келінің ішіне топырақ толтырып, жерге бір жұмадай уақыт көміп тастайды. Келі ішіндегі, сыртындағы құрғақ топырақ ағаш бойындағы ылғал мен тұзды өзіне сорып алады. Топырақтан шығарып алған бірқалыпты температурада жылы жерде әбден кептіреді. Кейбір шеберлер іші ойылған келіні қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап алып, оның іші-сыртын қойдың құйрық майымен, түйе қомының майымен сіңіріп майлайды. Қатты құрғақта келі жарылып кетпес үшін оның иіні мен тағанын айналдыра түйенің иленбеген шикі терісімен қаптап тастайды. Шикі тері кепкен кезде тарылып, келіні сыртынан құрсаулап, қатты қысып қалады. Келінің терімен қапталмаған жерін былғарымен ысқылап өңдейді. Ауқатты адамдар келінің сыртын күмістелген ою-өрнекпен, келсабының бас жағын күміс шытыралармен әшекейлеп жасатқан. Қазақ жерінің кейбір өңірінде ағаш аз өсетін болғандықтан, шеберлер келіні екі-үш ағаш кесіндісінен қиюластырып та жасаған. Мұндай келі құрама келі деп аталады. Құрама келінің сырты тез жарылмау үшін түйе терісімен қаптап, тартып тастаған. Келінің ең үлкенін нар келі деп атайды. Нар келіні ертеде, әдетте, тары сөгінен жарма, жент дайындап сататын саудагерлер арнайы тапсырыспен жасатқан.

6alash ұсынады