Ашамай — баланы атқа мінуге үйрету үшін қолданылатын ердің қарапайым түрі. Ашамайдың ер сияқты екі қасы (алдыңғы және артқы), екі қапталы, оқпаны болады. Үзеңгінің орнына тепкішек қолданылады. Тепкішек тебінгіге жапсыра тігілген, шағын киіз қоржын. Сәнді болу үшін оның беті кестеленіп, шүберекпен астарланады. Ашамайдың тағы бір құрамды бөлігі — қолтырмаш, Ашамайдың алдыңғы, артқы қасына бала қолтығының астынан байлайтын ағаш. Қазақта бала үш жасқа толысымен, атқа ашамай салып, мінгізіп үйрете бастайды. Түйеге, жылқыға жүк артуға пайдаланылатын ыңыршақты да кейде "Ашамай" деп атайды.
Ашамай — нар және қоспақ түйелер ерттелетін ағаштан жасалған ыңыршақ тәрізді әбзел. Түйенің жалғыз өркешіне ауырлық түспес үшін қомының үстіне салады. Оны сом ағаштан жасайды: төрт жақтау дайындап, оны оң, солды етіп басын бір-біріне қашап, екі-екіден айқастырады да, олардың арасына төрт шабақты колденеңінен откізіп қояды. Шабақтары ұзындау, жарты құлаштай, яғни нар түйенің оркешінің ұзындығымен шамалас болады. Нардың арқасына қондырған кезде Ашамайдың алқымы жазьшың екі шабағын қаба отырып, еркештің ұшына тимей, ердің оқпаны тәрізденіп ашық тұрады. Артылған жүктің салмағы ашамайға, оның ауыртпалығы жазының шыбығына, ондағы салмақ жабдықпен калыңдатылған күйде түйенің жонына көлбей түсіп, тегіс бөлініп, арқаға ауыртпалық түсірмейді, жараламайды.
Ашамайға мінгізу
Ашамайға мінгізу (салт). Баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиеләк салттың бірі – осы ашамайға мінгізу болып табылады. Жас бала есі кіріп, 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, ашамай істетіп қамшы өріп "сен азамат болдың" деген сенім ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді. Оны еңбекке адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдарының бірі – осы ашамайға мінгізу арқылы көрінеді. Осындай қуанышты сәтте ақсақалды атасы баласына: Ал, ақ тілек, ақ тілек, Атқа тоқым сал білек, Атқа да жақсы шаба біл, Жасыңнан малды баға біл, Өнеге, өнер таба біл, Аймағыңа жаға біл, Атқа міндің, ақжол болсын – немесе: Асқар-асқар таудан өт, Ағыны қатты судан өт. Ит тұмсығы батпайтын, Іргесі биік нудан өт. Айдын-шалқар көлден өтіп, Жеті қылым елден өт. Құс қанатын талдырған, Қу мекиен шөлден өт! Жолсыз жерде жол баста, Жаугерлік болса қол баста. Сәйгүлігің сай болсын, Тілегім осы әу баста Әумин, – деп бата берілген соң, баланың қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшы ұстатады, аналар шашу шашып, тілектер айтады. Баланы атқа мінгізгесін жігіт атты ерттеп, көрші-колаң, ауылды аралатады. Есігінің алдына ашамайға мінгізу рәсімін өткізген балаға келген үйдің бәрі шашу шашып, баланың киіміне үкі, шашақ, теңге, моншақ қадайды. "Бала шаршады-ау" деген кезде үсті-басы әлем-жәлемге, әшекейге толып ауылға қайтып оралады. Сол күні мал сойылып, ат шаптырылып, той жасалады. Ашамайға баланы мінгізіп, аттың басын жетектеген жігітке, бата берген ақсақалға әке-шешесі сыйлық береді. Бірте-бірте атпен баланың өзі жүреді, бір-екі күннен соң аяғын байламайды, сонымен бір жеті ішінде ашамайды тастап ерге отырады. Байлар ашамайға мінген балаларын көштің алдынан салтанатпен жүргізген.
6alash ұсынады