ШОҚ

Бұл жәдігерді – ШОҚ (түп) деп атайды. Әуелі «Шоқ» сөзіне түсіндірме қарастырсақ, Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі 5 том энциклопедиясында былай деп берілген:

ШОҚ сәндік үшін киімге, ер-тұрманға, жүгеннің жақтауы мен сағалдырығына, киіз үйдің шаңырағына орнатып, уығына байлайтын көзге шоқтай жайнап көрінетін асыл бұйым. Шоқ деп асыл тастың белгілі бір түрін емес, әшекей ретінде тағылуын айтады. Оған негізінде лағыл, жақұт, бриллиант тәрізді тастарды немесе алтын, күмістен құйылған әшекейді қолданған. Киім түрлерінен асыл таспен – бөрік пен белбеу әшекейленген.

Бас киімге тағылатын Шоқ басқа әшекейлермен бірге қолданылады. Бұл туралы байырғы қазақ жырларында: «Кәмшат бөрік келісіп, Бриллиант қойды басына», – деп келеді. Шоқты ертеректе шор, шортас деп те атаған. Шоқ қондырылған бұйымдар ертеде байлықты, сән-салтанатты білдірумен бірге адамның қоғамдағы орнын, қызмет дәрежесін, лауазымын да аңғартып тұрған (қ. Шоқ белбеу).

Қазақ, қырғыз ауыз әдебиеті үлгілерінде қытай мен қалмақтың тектілері мен әкімдері қызыл шоқты қытай, қара шоқты қалмақ деп сипатталады (қ. Зергер).

ҚР МОМ – материалдарынан;

ОМЭЭ – материалдарынан.

Оң жақтағы күмістен жасалған шоқ. Сол жақтағы сәнге тізіп жапсыратын құйма әшекей. Бұл шоқ үкінің түбіне қондырылады.

Ғасырға жуық тарихы бар мына күміс шоқ пен құйма әшекей – Жәнтекей Тайлақ рулы Шағиұлы Орынбай зәңгіден қалған жәдігер. Пұшпақ тымағының төбесіндегі үкінің түбіне қондырылған әшекейі.

Орынбай – зәңгі дәрежелі рубасы болған. Моңғолия тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта Тайлақ деген сумынның (қазіргі Бұлғын сумыны) ең алғашқы бастығы болып, 1935 жылы мекені Лақшынға мешіт салдырған. 1937 жылы Алтайға қашқалы жүр деген жаламен ұсталып сотталған, жаза өтеп жүргенде 1938 жылы феодал топтың жетекшісі деген жаламен саяси нәубетке ең бірінші болып тартылып, айдалып кеткен. Кейін Қобдада қайтыс болды деген деректер болғанымен із-тозсыз кеткен.

1898 жылы Алтайда туып, 1938 жылы Қобдада саяси нәубеттің құрбаны болған Орынбай зәңгінің әкесі Шағи – би болған, Алтай, Қобдаға аты танылған адам.

Үкінің түбіне қондырылған күміс шоқ.

Дәстүрлі қазақ қоғамында ел билеген сұлтандар, ауыл старшындары (зәңгі), болыстар сияқты қызмет дәрежесі жоғары, лауазымды тұлғалардың ер мен жүгендеріне, күміс белбеуіне, киім-кешек бұйымдарына лағыл тас қондырып, күміс шоқтармен әшекейлеген. Сол бұйымдарына қарап тұлғаның өзге топтардан әлеуметтік статусының жоғары екендігін айқындаса керек.

Шоқ қондырылған бұйымдар:

ШОҚ қондырылған ер-тұрман

ШОҚ қондырылған күміс белдік

6alash ұсынады