Келер жылы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтпек. Осы айтулы шараға байланысты ел көлемінде қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда біз жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын ЖҰРТБАЙМЕН әңгімелесіп, Абай тойында ескеруге тиісті түйіндер төңірегіндегі айтарын тыңдап едік.
– Сөз ұлы Абай туралы болғандықтан, сұхбаттың біссімілләсін да ұлы тұлғаларды ұлықтаудың қазіргі ұрпақ үшін қажеттілігінен бастағанымыз жөн сияқты…
– Әр халықтың, ұлттың бүгінгі күнін кешегімен, ертеңгімен жалғастыратын ұлы тұлғалары болады. Сол ұлы тұлғалардың жеке тағдырына, шығармаларына үңіліп, өз ұлты туралы білдірген пікірлерін талдап, саралап, қорытынды шығару – біздің парызымыз. Біз сол даналардың ойларын қорытындылай отырып кешегіні таразылаймыз, өткенге көз жіберіп, халқымыз қандай қияметтен өтті, қандай тығырыққа тірелді, қандай қасіреттен шықты, одан қалай құтылды деген мәселеге мән береміз. Өткен күн мен бүгінгі күнді талдай отырып, бүгінгі ұлттың басынан кешіріп отырған хал-күйін, екпіндеп бара жатқан немесе артта қалып бара жатқан тұстарын өткенмен салыстырып, екшеп, кейінгісін алға жылжытып, ұшқыр кеткеніне сабырмен шешім шығарып, теңестіріп отырамыз. Осы екі түйіннен кейін барып ертеңгі күннің барар бағытын анықтап, елдің бетін соған бұрамыз. Ұлылардың мұраларын құрметтеу, оған назар аудару осы тұрғыдан керек. Менің ойымша, қазақтан осы сұрақтың бәріне жауап беретін ұлы тұлға – ол Абай! Сондықтан да Абайды еске алып, мемлекеттік тұрғыдан назар аудару – сол мемлекетті құрап отырған тұлғалық ұлт үшін басты және ең қасиетті міндет.
Қазір, жалпы, ұзына көкжиектің басты бағдары белгілі болғанымен, бірақ барар жер, басар тау, алар асу әлі күңгірт. Міне, осындай кезеңде жұртты ойлантып, дұрыс шешім қабылдататын да ұлы Абайдың мұрасы. Былайша айтқанда, Абай арқылы қайтадан ойланып, Абай «ішкен у» арқылы өзіміздің жан дүниемізді тағы бір тазартып, жаңаша сезімді тітіркене отырып қабылдаймыз.
Ұлы жоба науқаншылдыққа ұрынбасын
– Ендеше сол Абайдың 175 жылдығын қалай өткіземіз? Айтулы шараны мазмұнды, мағыналы етіп өткізудің түп тетігі неде?
– Бұл арадағы мәселе Абайда емес, мәселе – біздің өзімізде. Мәселе Абайға деген жалпыхалықтық ынта мен махаббатта емес, керісінше, сол халықтың өкілі саналып, тізгінді ұстап отырған жалғастырушы билікте. Мемлекет басшысы Жарлығын шығарды, пәрменін айтты, қаражат мәселесі де шешіліп жатыр. Ендігі мәселе соны ұқсатуымызда тұр. Мұның астарында бөлінген қаржы ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске жете ме, жоқ жолдан жырымдалып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете ме деген сөз жатыр.
– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, осы шара да науқанға айналып бара жатқан жоқ па?
– Мерейтойдың науқанға, дабыраға, жел сөзге айналып бара жатқаны байқалады. Тек даурығу бар, даңғаза бар, нақты іс жоқ. Абайды бір ұлы бәйтерек десек, біздің үніміз сол бәйтерекке әлі жеткен жоқ. Егер осы жанталасқан жанығудан арылып, Абай тойына нақты мағына бермесе, онда бұл той даңғазаның үні болып қала береді. Қайталап айтайын, науқаншылдықтан сақ болу керек. Қазірдің өзінде бұл игілікті жұмыс науқанға айналып барады. Оған тілшілер үн қосып тіпті жалаулатып әкетті. Осы бір айдың ішінде өзіңнен басқа 10-15 тілші келді. Келеді де «Абай үшін» деп жан алқымыңнан алады. «Ал саған не керек?» десең, «Абай туралы айтсаңыз болды ғой, бізге сондай материал керек» деп тапсырма орындау үшін жүргенін айтады. Ал кейбір тілшілер «Сіз не айтасыз? Айтқаныңызды шығарамыз ғой» дейді. Өздері не істейтінін білмейді. Сондықтан қазір Абай десе және Абай тойына арнап хабар, фильм, телехикая, тағы басқа шығарам десе, менің ішімнен бір қарсылық туа бастайды.
Жақында бір жігіт хабарласты. «Абай туралы кино түсіргім келеді, қаражат дайын, Абай туралы айтып берсеңіз» деді. «Жарайды, Абай туралы қай тұрғыдан, қай бағытта айтайын?» десем, «Абай туралы айтсаңыз болды» дейді. «Сонда мен Абай туралы өз білгенімше айта берем бе? Абай туралы сценарий жобаң бар ма? Болмаса сценарий авторымен кезігейін» десем, «сценарийді менің әйелім жазады, 3 күннің алдында мен оған «Абай жолын» оқуға бердім, сценарийді сол дайындайды» деді. «Онда жолың болсын, Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша кино түсіруге бекіген екенсің, түсіре ғой, бірақ есіңде болсын, Әуезовтің «Абай жолы» романы – ақын Абай Құнанбайұлының өмірі емес, кейіпкер Абайдың өмірі. Ол – Мұхтар Әуезовтің идеясына бағындырылған көркем шығарма. Ондағы негізгі қақтығыстар өмірде керісінше болған, соны ескерерсің» дедім. Мысалы, Қодар-Қамқа оқиғасын Абай көрген жоқ, ол – Абай туудан 10-15 жыл бұрынғы оқиға. Мұхтар Әуезов өз естелігінде «Абай Қодар-Қамқа оқиғасын естіген болуы мүмкін» деп жазады. Сол сияқты Мұсақұл соғысын Абай көрген жоқ, ол кезде ол қырқынан жаңа шыққан. Бөжейдің асына Абайдың қатысуы мүмкін емес, өйткені Бөжей 1850 жылы қайтыс болады, ол кезде Абай 4,5 жаста. Абайдың Базарәлімен дос болып, оны сотта қорғауы да мүмкін емес, өйткені екі рет 800 жылқы барымталап, бір күнде қырып тастаған ұры Базарәліні Абай қалай ақтайды? Демек, Абайды күйіндірген, ашындырған оқиғаны Абайды дүние жүзіне таныту үшін Мұхтар Әуезов әдейі қосқан. Қазақта Әуезовтің шығармасынан артық ұлы шығарма болуы мүмкін емес, бірақ ол – көркем шығарма, онда айтылғаны да – кейіпкер Абайдың өмірі.Абайды идеологияға айналдыруға болмайды
– Сізше, ақын тойының дайындығы неден басталуы керек?
– Үкімет қаулы қабылдады, мемлекеттік комиссиялардың отырыстары өтіп жатыр, оның да сыртынан жаңғырығын естідім. Мерейтой алдындағы ақылдасуда Абай туралы не мәселе қаралды, қандай жоспар бар, ол жағы бізге беймәлім. Меніңше, жоғарыда айтқанымдай, Абай тойына бөлінген қаражат Абай үшін жұмсалуы керек. Абайдың жеке тағдыры, шығармашылығы және оның мұрасы, бүгінгі ұлтпен тікелей байланысы түгел қамтылып, таудан аққан тас бұлақтай Абай өзіне келіп құйылуы керек. Барлық жұмсалған қаражат та, еңбектің, маңдай тердің тамшысы да Абайға құюы шарт. Сонда ғана біз Абай дариясын адамзат руханияты деген ұлы теңізге жеткізіп, одан халқымыздың мәңгілік сусындауына мүмкіндік жасаймыз.
– Қазір істеліп жатқан жұмыстардың ұлы абызға қаншалық пайдасы тиіп жатыр?
– Менің ойымша, қазір істеліп жатқан жұмыстардың, қолданып жатқан шаралардың, ұсынылып жатқан бизнес-жоспарлардың ешқайсысы Абайдың жеке басына, шығармашылық өміріне, шығармасына қатысы жоқ. Екі аңғардың ортасын жаңғыртып жатқан азан-қазан айғай-шу бар, сол аңғардың басындағы Абайдың бәйтерегіне әлі дым да жеткен жоқ. Сондықтан бұл даңғазаны тоқтату керек.
Кейбір бизнес-жоспар авторларының Абай тойын аста-төк қып өткізейік деген пікірін оқыдым. Сондай бір бастаманың, жоспардың авторы маған «Әуезовті қоя тұршы, Абайды шешіп алайық» деп айтады. Ал Әуезовсіз Абайдың өмірлік те, шығармашылық та мәселесі шешілмейді. Даңғаза буынының қызып кеткені сондай, «Әуезовті қоя тұршы» дейді, ал Әуезовсіз қалай Абайға барады?! Абай академиясын құрайық, Абай орталығын құрайық, Абай институтын құрайық деген де ұсыныстар түсіп жатыр, бұл – дұрыс идея. Бірақ қазір өз бетімше академия құрам деушілер де бар, қаражаты бар екен, құрсын. Бірақ Абайға тиіспесін, Абай олардың жеке меншігі емес.
Абайдан идеология жасауға болмайды. Абай – ол идея. Ал идея деген – ең қасиетті, ең киелі, ең ұлы ұғым, ол мәңгілік. Ал идеология деген – шартты ұғым, онда шекара бар, ол – тор. Абайды идеологияға айналдырсақ, онда біз өзіміздің жасанды идеологиямызға Абайды куә етуге, Абайдың атын жамылып, өзіміздің жасанды немесе дәлелденбеген жалған көзқарасымызды тықпалауға тырысамыз. Бұлай істесек біз Абайды адастырамыз. Сондықтан Абайды ешқашан мемлекеттік идеологияға айналдырмау керек.
Ұлы ақынның ұлттық картотекасы керек
– Біз Абайдың 150 жылдық мерейтойынан қандай қорытынды шығардық? Бізде Абай туралы еңбектерді толық жинақтап отырған орталық бар ма?
– Абайдың 150 жылдық мерейтойы халқымыз үшін де, басқа интеллигенция үшін де, тіпті өзге халықтар үшін де үлкен деңгейде өтті. Қазақстан елшіліктерінің ұйытқы болуымен шетелдерде үлкенді-кішілі шаралар ұйымдастырылды. Ендеше соның нәтижесі қайда? Мен Мұхтар Әуезовтің музейінде директор болдым, ол кісінің де 100 жылдығы іле-шала бір-екі жылдан соң аталып өтті. Сол кезде көрмеге қоюға Абайдың шетелде шыққан кітаптарын таба алмадық. Абай музейінде де жоқ, сонда оны кім аударды? Қай елде шықты? Кім оқыды? Мысалы, Қытайда Абай еңбектері Бейжіңдегі ұлттар баспасынан шықты. Сол мекеме сатуға түсірсе түсірді, түсірмесе қалды. Қайта ол кітаптарды Шыңжаңдағы қазақтар іске жаратты. Ал басқа мемлекеттерде не болды? Бізде қандай есеп-қисап бар? Абай тойы кезінде шетел басылымдарында Абай туралы, 150 жылдық мерейтойы туралы құрып кеткенде бір жол, бір сөйлем, бір мақала болса да жарияланды. Соны ескеріп, жинақтаған кім бар? Тіпті мерейтойда сөйлеген ЮНЕСКО бас директоры Федерико Майордың керемет сөзі бар. Оның мәтіні қайда? «Абай – адамзатқа ортақ ақын, Абайды оқымаған, білмеген ұлт өзінің сауатсыздығынан көрсін» деген сөзі бар ішінде. Одан артық қандай сөз керек?! Енді сол сөзден сілтеме алайық десек жоқ. Іздеп жүріп таптық. Сонда Абайдың әр нәрсесінің соңына түсіп тірнектеп жүрген адамның бірі және Әуезов музейінің директоры мен әзер тапқанда, қарапайым халық қайдан табады?!
Абайдың 150 жылдық мерейтойында бөлінген пәленбай миллиард теңгенің де Абайға ешқандай қатысы болған жоқ. Неге? 1997-1998 жылдары Абай тойының қорытындылары туралы үлкен сұхбаттар шықты. Академиктер, ғалымдар – бәрі өз ойын айтқан, сол қорытындыға біреуі қараған жоқ, тіпті білмейді оны. Ең болмаса 150 жылдық пен 175 жылдықты салыстырып бір шешім қабылдау керек қой. Сондықтан Абайдың мерейтойына байланысты құрылған ұлттық комиссия ең алдымен өткенді саралап, бұрынғы тойлардан қорытынды шығаруы керек. Сол қорытындыға қарай отырып, ертеңгі тойдың дайындығы жасалуы тиіс.
– Абай академиясы ашылса осы мәселелер шешілер…
– Абай академиясын, орталығын ашу – ұлттық міндет. Ол біз ойлағандай идеология үшін емес, ең бірінші Абайға қызмет етуі керек. Ол үшін жаңағы академиялық орталықтың басты міндеті – ұлттық картотека жасау. Өкінішке қарай, елімізде сирек қолжазбалар мен кітаптардың Қазақстан бойынша ортақ картотекасы жоқ. Ал картотекасыз дүние жүзі кітапханалары мойындамайды. Біз ұлттық картотека немесе сирек кітаптар мен қолжазбалардың картотекасы түгіл, алдымен Абайдың картотекасын жасап алайықшы. Мәселен, Пушкин үйі «Пушкин» деп аты аталып кеткен бір сөйлем сөз болса, сол қай тілде, қай елде шыққан басылымда жазылды деген нәрсенің бәрі тіркеулі тұр. Гете орталығы бар Германияда, сол орталық 1997 жылы Гетеге қатысты 500 томды баспадан шығарды, дүние жүзінде кім Гете туралы қандай пікір айтты, ол қайсы елдің азаматы, жазып отырған кім? Мына жерде ол Гетені қай мағынада, қандай үлгіде пайдаланып отыр – соның бәріне картотекалық анықтама берді. Барасың да, өзіңе керегін тауып аласың. Ал бізде өзге емес, мына мен Абайдың аудармасы туралы 25 жыл бұрын шыққан мақаламды қайта іздеп, бір ай жүріп, соның өзін Алматыдағы өзімнің үйімдегі кітапханамнан таптым. Егер ол басқа біреуге керек болса қайдан табады?
– Ұлы ойшыл шығармалары қателіктен неге арылмай келеді?
– Бұл – үлкен мәселе. Ол үшін Абайдың тұрақты каньондық, мәтіндік жинағын шығару керек. Бұл мәселе 150 жылдық мерейтойдың кезінде көтерілген, академияның да пәрмені бар, Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында алқалы комиссия текстологиялық жұмыстар жүргізді. Осы орталықтан шыққан еңбектер Абай шығармаларын бұрынғы қателерден мүмкіндігінше арылтқан басылым болды. Бірақ 70 жасқа келгенше Абайдың қаншама кітабы шықты, соның әр басылымын салыстырып, сызып отырып жинақтап қойғам, сондағы пікірлермен түзелді ғой деп салыстырғанда, әлі де міндетті түрде өзгертетін кем дегенде 20-30-ға жуық қате оқылған, қате сөздер мен ұғымдар бар. Мысалға, «Болыс-билер таңертеңнен кешке дейін айтысып-тартысып, кешке жақын анттасып, ақшада тарқады» дейді. Бұл қайдағы ақша? Барлық басылымда, академиялық басылымда да осылай жүр, қайдағы ақша? Ол – ақшамда деген сөз. Сен араб қарпін оқи аласың ғой, мысалға Абайдың қолжазбалары Байтұрсыновтың емлесінен бұрын жазылған, сүйкектеп жазғанда «м» мен «д» бірігіп кетіп, ақшадаға ұқсап қалған, ол –ақшамда деген сөз. Міне, осындай қате оқылған сөздер көп, ал тыныс белгі қатесінен 200-300 емле қатесі бар. Енді ертең латын әліпбиіне көшетін болсақ, бұл қате 2 еселенеді.
Абайдың кітабын шығарғандардың бәрі сол қатемен шығарады. Академиялық басылымда түзетілген сөздерді түзетпей басып жатқан баспалар да көп. Менің бір шәкіртім «Қалың елім қазағым, қайран жұртымды» оқып тұрды да, бір уақытта: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың» деп айтты. «Өй, сен қалай оқып тұрсың? Қате айтып тұрсың ғой» десем, «жоқ, Абай осылай дейді» деді. «Қане?» деп көрсем, кейінгі шыққан бір басылым екен, қарасам, шынымен де, солай деп тұр. Әсілі, ол «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деген өлең болатын. Сондықтан Абайдың шығармаларын басқанда құрып кеткенде 1995 жылғы академиялық басылымға иек сүйеу керек. Менің осы жөніндегі пікірлерім «Жас Алаш» газетінде шыққаннан кейін Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов хабарласты. Қазір олар комиссия құрып, бір жұмыстарды бастағалы жатыр, соған шақырды. Жаңағы қалың бизнес-жоспардың жұмысына қызмет етпей-ақ қояйын, ал олардың қолға алған жұмысына тегін де болса қызмет етемін. 75 мың теңге зейнетақым бар, сол маған қанағат.
Жақсы-ақ бастама еді…
– Мемлекет басшысы үн қосқан Абай өлеңдерін жатқа оқу эстафетасына қалай қарайсыз?
– Нұр-Cұлтан қаласынан Абайға арналған ғимарат салынады деп ел даурығып жүр, шын болса екен. Екінші, ол ғимарат мазмұнға сай болса екен. Біз Абайға қызмет етсек, сол істелген қызметті Абай бүкіл ұлтқа өзі жайып береді. Осыны естен шығармауымыз керек.
Абайдың 175 жылдығы толуына орай өткізіліп жатқан шаралардың ішіндегі ең ұлысы, ең қасиеттісі, ең өтімдісі – ол Ләйлім-Шырақ деген кішкентай қыз баланың Абай өлеңдерін бір адамнан бір адамға эстафета ретінде тарату туралы бастамасы. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы эстафетаны қабылдап алып, әрмен жалғастырғаннан кейін бұл бастама бір айдай қауырт жүрді де, кейін саябырлап қалды. Екі айдан бері біреудің біреуге жолдап жатқанын естіген жоқпын. Демек, бітті, бір рет лапылдап барды да, кейін басылып қалды. Ал осы бастаманы бүкіл халыққа және әр мектепке, студенттерге, мекемелерге жалғастырып, бір-бірімен алмастырып жатса, онда ең ұлы үгіт, ең көп даналы насихат, ұлы қозғалыс болар еді. Мүмкін болса, осы қозғалысты мәңгілік шараға айналдырып жіберу керек. Жыл сайын жаңалап бастап отырса тіпті жақсы. Мен қала әкімі болсам, осы қозғалысты мәдениет жөніндегі орынбасарыма тапсырып, бүкіл қала бойынша өткізер едім.
Өз ырыздығын өзіне жұмсаған жөн
– Ұлы ақынның Жидебайдағы ескерткіші туралы не айтасыз?
– Жидебайдағы Абайдың мұражайы туралы қазір сан түрлі әңгіме бар. Ол негізсіз айтылып жатқан жоқ. Абайдың мерейтойы тойланғалы 25 жыл өтті – ширек ғасыр. Содан бері ол ғимаратқа мемлекеттік тұрғыдан ауқымды шара жүргізілген жоқ. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды.
Абайдың ескерткіші Фирдоусидің ескерткішін негізге ала отырып салынған. Оның іші кітаптарға, қолжазбаларға толуы керек болатын. Ол асығыс-үсігіс жұмыстың арты аяқсыз қалды. Абайдың зиратына төбеден қарағанда Абайға бас иген сияқты көрінетін. Қабірі төменде ғой, «міне жатыр» деп қарағанда, басыңды игің келе ме, келмей ме, мойындайсың ба, мойындамайсың ба, еріксіз бас исін деп ескерткішті солай жобалаған. Бірақ ол қазір бітеу. Сол бұрынғы ескі зират бұзылып кетті ме деген күмәнім бар менде. Сондықтан Абайдың Жидебайдағы ескерткішін қайта жөндеу – аса ыждағатпен, сол кезде жұмыс істеген жұмысшыларды тарта отырып атқарылатын шаруа. Жидебайға ресторан салып, бизнес-жоспар жасап жатқандар бар, ал Абайдың жердің астында тұншығып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Осы нәрсе төбе құйқамды шымырлатады.
Абайға деп бөлген қаржы Абайдың елінде, Абай үшін нақты жұмыс істеп жатқандарға жетпейді. Миллиард теңге бөлінсе Абайға қатысты жұмыстарға, сол Жидебайға 1 миллион теңге, 10 миллион теңге барса барды, бармаса ол да жоқ. Бірақ бәрі сол Абай үшін деп бөлінеді де, ортадан жырымдалып кетеді. Абайдың өз ырыздығын өзіне беру керек. Маған салса қаржыны 4 нәрсеге бөлер едім:
Бірінші. Абайдың Семейдегі мұражайына 25 жыл болды, қайта жаңғыртуды қажет етіп тұр. Сонымен қатар Жидебайдағы ескерткішті де қайта жаңғырту керек.
Екінші. Бар шығынды ғалымдарға жұмсай отырып, Абайдың каньондық текстологиялық жинағын шығару керек.
Үшінші. Бізде қазір шет тілін білетін, көркем шығарманы түсіне алатын мамандар аз да болса бар. Сол мамандарды пайдалана отырып, Абай шығармаларының шетелдегі аудармасына бақылау жасау керек. Менің білуімше, Абай бұрын 41 тілге аударылса, қазір жаңадан тағы да 3-4 тілге аударылды. Қытайдың Бейжің қаласындағы ұлттар университетінде сабақ беріп тұрамын. Сонда Абайдың өлеңдерін аударған, қара сөздерін, М.Әуезовтің Абай туралы мақалаларын аударған кітаптарын қарастырып шықтым. Шәкірттеріме де қаратып, Абайдың қытай тіліндегі аудармасы мен қазақ тіліндегі Абайды салыстыртып, мақала жазғыздым. Қытай тіліндегі аудармасын тіке қазақшаға аударттым. Бір-ақ мысал келтірейін: Бізше, маусымның атын білдіретін, ұзақ қыстың ызғары сезілетін «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деген өлең жолын «11-інші ай мен 12-нші айда қар түседі, шаруалар ерте барсам жерімді жеп қоямын деп, шөбін қорғап отырады» деп аударыпты. Енді осы аударма бойынша қарағанда Абайдың қай жері ақын? 1972 жылы ағылшынша, арабшаға аударылған Абайдың жинағы бар, оның аудармасы да тура жоғарыдағыдай халде.
Төртінші. Мына заманда ақпаратсыз отыру сауатсыздықпен тең. Қайталап айтайын, Абайдың ұлттық картотекасын жасау керек. Цифрлық кітапхана жүйесіне бейімделген орталық керек. Мұнсыз жұмыс бітпейді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
Астана ақшамынан алынды