«Қаратаудың басында балуан тас,
Көтере алмай көзімнен шығады жас...» – деп басталатын қазақтың көнеден келе жатқан қара өлеңі бар. Осы бір жарты шумақты тәпсірлесек, әуелі айтармыз: даланың табиғи тасы қараптан қарап «балуан» болмайды. Тастың бұлай аталуына себеп, оны қуаты мол, күші мығым адам көтеріп әкеліп келесі бір жерге орналастырады. Сөйтіп, ол «балуан тас» аталады.
Бұл үрдіс сонау түркі заманынан келе жатқан салт. Нақтырақ айтсақ, алып күш иесі өзінің қуат-қарымын келер ұрпаққа таныту үшін осылай жасайтын болған. Кейінгі ұрпақ бабадан қалған бұл тасты көтеріп, өздерінің шамасын байқайтын болған. Егер шамасы жетпесе жоғарыдағы қара өлеңде айтылғандай, қорланып, намыстанып «көтере алмай көзімнен шығады жастың» кебін киген. Демек, бұл дәстүрдің астарында ұрпақты ерлікке, өрлікке тәрбиелейтін ұғым немесе қазір айтып жүргеніміздей «ұлттық код» жатыр.
Заманында алып күш иесі атанған Балуан Шолақтың «көтердім елу бір пұт кірдің тасын» деуі, өз бойындағы қуат-қарымының мөлшерін білдіргені. Сол сияқты қазақтар шоғыр қоныстанған Алтай аймағының (ШҰАР) жері Шұңқыр ши ауылында әрі би, әрі балуан Жылқышы Ақтайұлы көтерген, Мори ауданы Асырқай ауылында атақты Қайысбай балуан көтерген тастар әлі тұр.
Осындай балуан тастың бірі – дәл қазір Павлодар облысы, Баянауыл ауданы орталығында тұр. Жергілікті жұрт оны «Қажымұқан тасы» деп атайды. Яғни, салмағы көз мөлшермен бір тоннаға таяу үшкіл төбелі, төрт қырлы сұрғылт тасты көтерген адам атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы.
Оқиға 1921 жылы болған екен. Балуанның Баян өңіріне келуіне себеп, бұл өлкеде Қазақ Автономиялық Республикасының құрылғанына бір жыл толу мерекесіне орай той өтетін болады. Той ұйымдастыру комиссиясының төрағасы сол тұста аудандық соттың бастығы Қаныш Сәтбаев. Қанекең дүбірлі мерекеге Қажымұқанды шақырып, балуанның күтім-бағымын ел арасында беделі бар, қазаны тоқ Субек ұстаға тапсырады.
Субек ұста Қуанышбайұлы балуанды шаңырағына қонақ ете отырып, ол өнер көрсеткенде қажет құрал-сайманды да дайындап береді. Тіпті Қажекең кеудесіне тас қойып, оны зіл балғамен ұрдырып, сындыртқанда ұрған адамның бірі Субек ұста екен. Өйткені, ұста адам ғана соққыны мүлт жібермей, ырғағын бұзбай, бір нүктеге дәл ұра алады.
Осы тойдың бел ортасында жүріп, балуанның өнерін көзімен көрген Мәшһүр-Жүсіп Көпеев «Қажымұқан» атты шағын дастан жазған. Бұл шығарма 2002 жылы тұңғыш рет Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жарық көрді. Осындағы:
...Шалқасынан жатты да, төсеп төсті,
Кеудесіне қойдырды үш пұт тасты.
Пұт жарымдай бар шығар екі балға,
Ақботаш, Субек ұста қандай күшті.
Кезек-кезек екеуі дүрс-дүрс ұрды,
Жұрт қорқып: «Өліп кетер» – деумен тұрды.
Өзінің жаны бар ма, жоқ па? – десті,
Бит шаққандай көрмеді, қырау құрлы... – деген үзіндіден сөзімізге дәлел табамыз.
Балуанның өнеріне риза болған Ақкелін-Далба елі екі үйір жылқы сыйға береді. Қажекең аттанарда Субек досына: «Олжамның жартысын ал», дейді. Бірақ Субек ұстаның қалауы басқаша екен: «Қажеке, мал соқса желдікі, айдаса жаудікі. Қазақтан сіздей ұл бұдан кейін туар, тумас. Сіз одан да ана таудан үлкен тас әкеліп, үйімнің іргесіне қойып кетіңіз, достығымыздың куәсі болсын», дейді. Досының тілегін қабыл алған балуан есік алдындағы таудан суреттегі тасты көтеріп әкеліп, үйінің іргесіне қойып беріпті.
Тас бертінге дейін ұстаның ескі жұртында жатқан. Кейін жазушы Қалмұқан Исабаевтың ұсынысымен аудандық «Қазақ тілі» қоғамы тасты тауып, соңынан 2001 жылы көпшіліктің қалауы бойынша аудан орталығына жеткізді. Тас алғашында аудан орталығындағы Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музейдің жанына қойылса, соңғы жылдары мүсін тастар орналасқан парк ішіне көшіріліпті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ