Құман – тазалықтың жаршысы. Атап айтар болсақ, құмандағы сумен ауыз шайылады, беті-қол және аяқ жуылады. Тіпті, ұлы денесін құйынумен бірге, барлық ас-су аспаптары сынды ыдыс-аяқ түгелімен тазаланып жуылады. Әрқандай уақытта ең алдымен құманды іске салып, қол шайылып барып басқа жұмыс басталады. Айтар болсақ, ат соғып алыстан жолаушы жүріп, арып-шаршап ат басын тіреген әрқандай қонаққа ас-тамақ алдында құманмен қолына су құямыз.
Қазақ отбасында өзге болмаса да, өзім білгенде құмансыз отбасы болмаса керек деп білемін. Кімде-кім болмасын беті-қол және дене тазалығын алдыңғы орынға қояды. Басқасын баса айтпасақ та қол тазалығы бәрінен маңызды.
Арқырап ағып жатқан өзеннен, сылдырап аққан бұлақтан немесе бастаудың басынан төтелей емес, кәтелдеп немесе шелекпен үйге тасып әкелінген суды шөміш тектес шағын ыдыспен құманға құямыз, шынымен құманға су құймайды. Есте болатыны таңертеңгі тамақтың алдындағы беті-қол жуғанда қолға өзара құманмен су құйыспайды да, қалған жағдайдың бәрінде адамдар бір-біріне су құйып, құман арқылы да құрметін білдірісіп жатады.
Құман суы әрқашан да ыстық, әлде суық болмай жылыман болуы шарт. Ұлтымыз келінге жүзінің жылылығымен қоса, құмандағы суының жылылығына да қарап баға берген. Айтсақ, құманның құр тұрмауы әрі құмандағы судың жылы тұрғаны сол шаңырақтың келінімен тікелей қатысты деп қараған. Келіннің күнделікті міндеті де ерте тұрып, жай жатып түндік ашқаннан кейін ең алғаш ескеретіні құманның ішін тазалап, суын толтырып, көзін сүртіп, жаққан оттың жанына шәугімнен бұрын құманды қойып, атаـенесінің, үлкендердің дәрет алатын суына дайындық жасаудан басталады. Әрине, ағып жатқан ағынды су болсын, құдық суы әлде құбыр су арқылы немесе тегене тектес ыдыспен дәрет алу амалсыздың ісі саналып, оған қарағанда құман өте қолайлы, құман су үнемдеудің икемді құралы екенін ойлап, құманның құдыретін одан да көп адам сезе алатын болады.
Әрқандай адам су толтырылған құманды біреуге берерде ең алдымен өз қолына құйып көріп, одан қонақтың қолына құманмен су құю қонаққа деген үлкен құрмет есептелінсе, дала заңында құмандағы су қалыптан тыс ыстық әлде мұздай суық болғанда қарсы жақ айып тарттыруына әбден ұқықты делінген. Табақ тартылар алдында қонақтардың қолдарына құманмен құнттап су құйылады. Су құйылар алдында сулық орамалды дайындап алып, сол отбасындағы қолғанатқа жараған бала не болмаса жасы ең кішісі қонақтың қолына оңынан бастап су құяды. Ет желініп болып, табақ жиналғаннан кейін солынан бастап құманмен қайырып құйып, су құюшы қонақтардан батасын алады. Соңғы құйылған бұл су, әрине, қолдың майын алатындай жылы болуы керек.
Әдетте, құман күндіз-түні отбасынан үұзілмейтіндіктен, ыстыққа төзімді, мыс, күміс немесе жез, қалай, қала берсе қалың қаңылтырдан түрлі формада әшекейлі етіп жасалады. Тіпті, ескергендер естелік ретінде көненің көзі құтты құман деп құнттап, атадан қалған асыл қазына, бағалы бұйым ретінде сөреден орын беріп отырған отбастары одан көп.
Арамызда үнемі айтылатын:
«Күміс құман-ай,
Отта тұрған-ай!
Айналайын көзіңнен,
Ашып, жұмғаны-ай!» немесе,
«Құман алған,
суға барған,
сұлуыңды сағындым» деген сияқты ойнақы айтылатын ән әуеніндегі өлең жолдарында да құманның құдыретін сұлулардың бойынан іздеген.
Құманның иесінен бұрын, киесі барлығын аузы дуалы апаларымыз аузынан айтылған «құман құр тұрса жатырдағы бала жатырқайды» деген ырым-тиымдарымыз барлық отбасына баса айтылып, құманның құр тұрмауын ерекше ескертсе, қатысты мақал-мәтелдер арқылы да марапатын жеткізген.
«Ел жатса да елекем жатпайды» деп құманды елден ерек елгезек, еңбекшіл етіп көрсетсе, «отбасында құман, екі көзін жұмған», «құмандай ғана бойы бар, аударып киген тоны бар» деген сияқты жұмбақтар да шығарған халқымыз.
Ендеше, құманның құдыретін кімдер біліп, кімдер түсінер дегенге келсек, құманның өз берекесі өзінде болып, бір құман сумен бір үйлі жан беті-қолын жуса, құмансыз бір тегене су бір бетке жетпей қалатынын білеміз. Сосын да, құманмен құйынып жуыну мен құйылған сумен жуыну жөнінде медицина мамандары жағынан егжей-тегжейлі қорытындыланып, «тегенеге құйылған сумен бет жуу өз кіріңді өз бетіңе жаққанмен тең» деген қорытынды шығарған.
Қорытып келгенде, ата-бабамыздың атам заманнан тартып пайдаланып келген құмандайын тазалық құралының құдыретін қудалау арқылы ұрпақтарға құманның көзге көрінбейтін құпиялығын ұғындыра жүргеніміз абзал.
Нұқан КАКАШАҰЛЫ
6alash ұсынады