Сәден Әнуарұлы 1942 жылы Қытай, Шыңжаң Алтай аймағы, Жеменей ауданында дүниеге келген. 1960 жылы Шыңжаң иниститутының тіл-әдебиет мамандығын бітірген. Мектеп бітірісімен Жеменей аудандық 1-орта мектепте 20 жыл оқытушылық қызметін атқарған. Кейін Жеменей аудандық мәдениет мекемесінде қызмет істеп зейнетке шыққан. Ол сонау 1950 жылдардан бастап әдебиет шебіне араласып, көптеген өлең, дастан, толғаулары арқылы оқырмандардың жақсы бағасын алып жүрген ақындарымыздың бірі болатын. Сәден Әнуарұлы 1993 жылы қайтыс болған.
Қарлығаш
Қарлығаш! Бармақтай құс болсаңдағы,
Жатыр ғой өн бойыңда ой салмағы.
Ризамын кір шалмаған ақ төсіңмен
Өлең – жыр сабағына қонсаң мәңгі!
Қарлығаш! Сүйікті едің сонша неткен,
Қалықтап масайрайсың болса көктем.
Сезімтал жас сұлу да секем алмас,
Бұлқынған бұрымына қонсаң еппен.
Ен дала! Тарттым шалғай қара кермен,
Атанғам ауылыма бала мерген.
Қарлығаш! Ат кекілін жанап ұшсаң
Өзіңдей жанға жуық жазам өлең!
Аш бөрі ала берсе жұрт тынышын,
Мен дереу жалғыз оқпен құрттым мысын.
Сен сонда тәуетіңді көтеріп кеп
Жеңіп ең абжыланды мықты құсым.
Осынау таңғажайып қызық әлем,
Келем ұғып киелі сырын әрең.
Қарлығаш! Үйіме кеп салсаң ұя,
«Қарлығаш» деп ат қойдым қызыма мен.
Қос қарылғаш, қанатын қақса жылдам,
Жаным шалқып көзімнен жас тамызғам.
«Қарлығаш» боп жырымның тақырыбы
Қарлығашты қастерлеп айтқамын ән.
Жаңа жұрт
Шөгерген түйе табылмас,
Үйірілген қалың шалғынға,
Ауылың қонды қарындас,
Кереге көгін жайдың ба?
Тымағың түссе табылмас,
Оралған қалың шалғынға,
Ауылың қонды қарындас,
Уықтар қарнын таңдың ба?
Ауылың қонып, ауылың
үй тігілді ал мұнда,
Жалт қарап жігіт жүзіне
Шаңырақ көзін тайдырма.
Сыбанып екі кең жеңін,
Бақан ап жігіт келеді,
Шаңырақ үнсіз шеңберін
Төбесінде оның кереді.
Ысқылап уық арқасын,
Туырдық жаяр қанатын.
Даланың сұрғылт жар тасын,
Құшақтар үнсіз қара түн.
Текемет асты қалың шөп,
Етеді гүріп– гүріп отырсаң,
Қазанның асты жалын шоқ,
Қалпына кепті-ау ашушаң.
Көбігі шығып көш аттың,
Таң асар терең түбінде,
Жылтырар оты ошақтың,
Жаңа жұрт сенің түніңде.
Күн
Күн деген – бір сұрапыл қызулы нұр,
Ғалымдар кеудесінде сызулы бұл.
Ол бірақ өртемейді дүниеңді,
Жаратар адамзатқа ұзын ғұмыр.
Жауыздық күн даңқына кір жұқтырған,
Сан рет сан ғұмырды тұншықтырған.
Осылай күннің өрім шұғыласын,
Бақытты басқа ұратын бишік қылған!
6alash ұсынады