Марфуға Айтхожина өлеңдері

Марфуға Айтхожина 1936 жылы 25 тамызда Құлжа қаласында (ҚХР) дүниеге келген. Атасы Айтхожа топжарған шешен, суырыпсалма ақын, ел сыйлаған би кісі болған. Қазақ елінің басына қаралы күн туған кезде бұл кісі алғашқы қүрбандардың бірі болған екен. Ол кісіні "Итжеккенге" айдаған. Ал өз әкесі Ғали арабша, орысша сауаты бар білімді, жан-жақты зиялы адам болған. Ол кісіні де сол жылдары "Қарағаш" мектебінен (сол кездегі Қапал уезі) Алматыға сексен адаммен бірге айдап әкелген екен. Бес баласы аштан өліп, түрмеден қашып, зайыбы Бифатима "Иіруден" қашып, Қытай жерінде табысып, қыздары Марфуға дүниеге келеді. Ақынның балалық шағы қаймағы бұзылмаған, тұнығы шайқалмаған, халқымыздың салт-санасын қаз-қалпында сақтаған ортада өтеді. 1956 жылы Құлжадағы қыздар гимназиясын бітіреді. 1958 жылы атамекенге оралған. 1965 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1971 жылы Мәскеудегі жоғары әдеби курсты бітірген. 1961-1969 жылдары "Қазақ әдебиеті", "Қазақстан мүғалімі" газеттерінде өдеби қызметкер болып істеген. Акынның поэзиясында ерекше бөлек әуен еседі. Көңіл-күй лирикасында адам жанын тебірентетін, ойын толқытатын ерекше бір күш бар. Әсіресе туған жер тақырыбына келгенде сөзден ғажайып суреттер бояуын төгеді.

Марфуға Айтхожина "Аңсау", "Ақку жүрек", Алатаудың Ақ батасы" туындыларында Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін эпикалық кең тыныспен жырлайды. 60-жылдардан бері бүгінгі күнге дейін жиырма бес жыр жинағы шыққан. Алғашқы өлеңдер жинағы "Балқұрақ" деген атпен 1962 жылы жарияланған. Кейіннен әр жылдары "Шыңдағы жазу", "Жастық шақ", "Аққуым менің", "Қаракөз айым", "Баянжүрек", "Көзімнің қарасы", "Ақ бесігім", "Жарқыра, менің жұлдызым", "Қыран жеткен", "Таңдамалы", "Сағыныш сазы", "Жапырақ сілкінген кеш", "Аңсау", "Аққу жүрек", орыс тілінде "Утверждение", "Голубые голуби", "Струна степей", "Горсть земли", "Украшение коня", "Летние росы" өлеңдер жинақтары жарық көрді. Бірқатар шығармалары болгар, поляк, венгр, чех, парсы т.б. тілдерге аударылған.

Өлеңдер жинағы

  • "Балқұрақ"
  • "Шыңдағы жазу"
  • "Жастық шақ"
  • "Аққуым менің"
  • "Қаракөз айым"
  • "Баянжүрек"
  • "Көзімнің қарасы"
  • "Ақ бесігім"
  • "Жарқыра, менің жұлдызым"
  • "Қыран жеткен"
  • "Таңдамалы"
  • "Сағыныш сазы"
  • "Жапырақ сілкінген кеш"
  • "Аңсау"
  • "Аққу жүрек"

Марфуға Айтхожина өлеңдері

Қыран жеткен

Жетіпті биігіне қыран бүгін,
Көрсетер қыран солай қырандығын.
Туған жер мәпелеген түлек үшін
Ақын да ағыл-тегіл құяр жырын.
Шалғандай шұғылалы ұямды күн,
Мендегі қалар енді ұяңдық үн.
Сен қанша биіктесең,
Қыраным-ау,
Мен сонша ширатармын қиял жібін.
Жортқандай дүбірлетіп құлан қырын,
Дем беріп қанатыңа тұрар жырым.
Жеткізер түбі мені тілегіме
Өмірге деген осы құмарлығым!
Өмірге деген осы құмарлығым
Әлі де салтанаттың құрар мыңын.
Қиырды шалады өткір жанарымен,
Қағылез,
Менің өжет ұландығым.
Жұлдыздай сөніп бір күн құлар көктен,
Ғарышқа ақын жаны құмар неткен.
Арманым болмас еді бұл жалғанда,
Биікке жырым жетсе
Қыран жеткен!

Cарқырама қасында

 

Такаббар,
Талқы тауы көк тіреген!
Сол тауда қыран құстар кеп түлеген.
Еркесі сияқты еді,
Сарқырама,
Жартасын жата қалып тепкілеген.
Құлама басын құзар құздан алып,
Керемет,
Құбылыспен қызғанарлық,
Сарқырап жатыр ағып қыс ішінде,
Сезімін селдеткендей бізге барлық.
Бәлкім, ол —
Періштедей пәктігінен,
Талай жыл мені күтіп жатты білем.
Өзіңе созған қолым жетпесе де,
Қанатын жүрек құсым қақты кілең.
Шындарға мен шықпаған жетті ме өлең,
Білместік,
Бәлкім, талай өтті менен,
Құдіреттей құзыңнан құлап аққан,
Қалпыңды бір көрсем-ау деп тілегем.
Сезініп сырттай бәрін жүрекпенен,
Сәттілік саған дәйім тілеп келем.
Жататын құз-қойнауды көзіне ілмей,
Кеудемнен өзіңе ұқсас,
Түлетші өлең!
Бөлендім ойлап сені зарлы-мұңға,
Әйтпесе,
Мен біреуден жарлымын ба?!.
Қойнында шатқал-шыңның өскеннен соң
Алғанмын өр мінездің барлығын да.
Алғызбай жатса да алда асу биік,
Алдыңа келіп тұрмын басымды иіп.
Сарқырама сияқты тасымаса.
Жүрмейді балаң сенің жасын құйып.
Жүрмейді балаң сенің жасын құйып,
Мен де бір ауып кеткен асыл киік.
Өзіңе оралармын сәті түссе.
Жер беті жасанғанда,
Жасыл киіп.
Келіп едім ақырған ақпанында,
Көп-ақ екен жоғалтып,
Тапқаным да...
Қыстың көзі қырауда,
Сарқырама,
Алдымда ақтарылып жатпадың ба.
Толғанып қойған бабам, тасқа да атын,
Өткен ғой,
Тауларға ұқсас асқақ ақын.
Өр өмір кешіп келем өзіңе ұқсас,
Жайым жоқ қысылатын,
Жасқанатын.
Өлеңнен болмаған соң басқа жақын,
Ой сергек,
Сезімімді басқаратын.
Адасқан айдыныңнан аққуыңмын,
Қақтырған армандары қос қанатын.
Жаныңа өтсем деуші ем жара салмай,
Қайтейін,
Жете алмадым ара шалғай...
Қолымнан бар келері —
Ей, Тәңіртау!
Қалармын адам болып,
Аласармай!

Тұлпар

Көңілім, табалмасам қалауыңды,
Азайтпа, өршіт кайта алауыңды.
Тұлпар өлең тұяқтан от шашар ма ең,
Жүрмін бе келтіре алмай жарауыңды.
Қиындық таппай алмас талабымды,
Көріп келем сан қырын, тарауыңды.
Желіп өтер осынау қысқа өмірде,
Өлең сенің көтерем жалауыңды.
Тараса саусағымен нұр жалынды,
Сай ғылып әзірлейін тұрманыңды.
Сағым белде сен құстай бұлдырасаң,
Тек сонда сергіткенің бұл жанымды.
Көкпар — тірлік, оны ақын өңгеруде,
Бақытың құс - қонатын кең кеуілге.
Құс ұшады, көкпар да пара-пара,
Жер тарпып тұрсаң болды белдеуімде.

Шыңдағы шопан

Жатқанда құс қиқулап енді қонып,
Көктемге бір ерекше белгі болып,
Сәйгүліктер сабылған даласында
Мәз боп қайттым баладай,
Елді көріп.
Жалғыз үймен отырған жапандағы,
Қандай берік десеңші шопан жаны.
Айыр таулар арасы,
Меңіреу, тыныш,
Жайылып жүр беткейде отарлары.
Мәпелейді,
Күтеді жаны қалмай,
Қоңыраулатқан құздарды әні қандай!
Құлағымнан кетер ме қоңыр үні,
Жүргендеймін шөліркеп әлі қанбай.
Қыран кезген тау-шыңын араладым,
Жартасқа жаңғырыққан даладағы үн.
Ұлдархан мен Сара жүр әбігер боп,
Жұмсап қойып бастауға балаларын.
Береке мол сол үйде,
Бас құралған,
Сол бір үйден басталар тасқын — арман.
Жүзі нұрлы даланың шуағындай,
Маң төбеті еріп жүр қасқыр алған.
Далада ескен бала да малға бейім,
Сен дағы әке жолын жалға дейім.
Таңнан бұрын оянар,
Бауырлар-ай!
Қырда жүріп, қатардан қалма кейін.
Туған жерге ұйғарып қойған атын,
Күнес деген ұлы бар қой бағатын.
Қысы-жазы көрмеген мектепті бір,
Сондай кезде толқисың,
Ойланасың...
Жүрсең де тау жаңғыртып асқақ үнмен,
Хабарың жоқ, қарғам-ай,
Басқа күннен...
Белдеуде тұр тыпыршып,
Оқыранып,
Күнестің бәсіресі — қасқа жирен.
Бар ма деймін балада асыл дарын,
Байқаймын,
Жанардағы — жасындарын.
Дәкен отыр миықтан күліп қойып,
Іштен мақтан еткендей жас ұлдарын!
Қанша атса да қайталап жылдар таңы,
Жалғыз үйдің жапанда ұлдар сәні.
Кім біледі, олар да оқу оқып,
Өмір сыны серпілтіп,
Шындар тағы...
Тындырымды, іскер деп,
Дәкенім деп!
Ұміт артқан ұлы екен әкенің көп,
Сертке берік өзіндей ер тұрғанда,
Қауіпім де,
Ешнәрседен қатерім жоқ!.
Біз бұл жақта,
Ал, сендер, арғы бетте,
Көңілінде білмеймін,
Қалды ма өкпе.
Хабар күтіп жаутаңдап жүрсің бе екен,
Арада жыл айналып,
Ай, күн өтсе...

Қайран, талқы таулары-ай!

Арнау
Өлеңнің өніп жатса тасқа гүлі,
Жұртына жетіп жатса асқақ үні.
Табаны аумай өтсе туған жерден
Адамның болар ма екен басқа мұңы?!

Бұл шақта ширықты ма,
Шынықты ма үн,
Таңдардың тілеп келем тұнықтығын.
Келеді бір мұңымды бәріңе айтқым,
Шыңына Алатаудың шығып бүгін.
Тілекке жетпеймін бе,
Жетемін бе,
Тағдырдың жүрген жоқпын жетегінде.
Мекендеп Алатауды жүрген жай бар,
Тусам да Тәңіртаудың етегінде.
Келсем де бір ғасырдың жартысына,
Тағдырдың түсіп келем талқысына.
Бөлініп,
Жарылудан көз ашпаған,
Қайтейін,
Қазағымның халқы, сірә.
Көңілім жүрмесе де тасып ерен,
Ойымды саған айтар ашық өрем.
Туған ел!
Өзіңе арнап өлең жазам,
Көз емес,
Жүрегімнің жасыменен!

6alash ұсынды