"Артта – тажал, Алда – Атажұрт, шегінбе..."
Жәркен Бөдешұлы
Жәркен Бөдешұлы – 1944 жылы 15 мамыр да туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Түркі тілдер елдері поэзиясы ІІ фестивалінің лауреаты, Қ.Сәтбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық мүшәйраның бас жүлдегері.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында бөлім меңгерушісі болған. Қазір Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының әдеби кеңесшісі. Мерзімдік басылымдарда және мемлекеттік Кітап палатасында жауапты қызметтер атқарған.
- «Көкше құрақ». Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жалын», 1979;
- «Қос қанат». Өлеңдер. А., «Жазушы», 1982;
- «Зейін». Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жалын», 1984;
- «Аспан даусы». Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жазушы», 1985;
- «Нұрлы бояулар». Өлеңдер мен поэма-портреттер. А., «Жалын», 1988;
- «Жұлдызға орнын ай бермес». Өлеңдер мен поэмалар. А., «Сөзстан», 1996;
- «Емендер түнде бүрлейді». А., «Ана тілі», 2001;
- «Бәрінің асығы». А., «Жазушы», 2005;
- «Бұрылыс». А., «Сөздік-словарь», 2007.
Әр алуан басылымдарда ақынның «Аңырақай бекетіндегі ой», «Қарауыл төбе», «Генерал Жаһар Дудаев», «От пен су» («Сорос— Қазақстан» қорының жүлдесі берілген), «Тас бесік», «Бостандықтың басы», «Шер», «Жалғыз» атты дастандары жариялайды.
Жылқы кісінейді
Басып алды меңіреу, түнек көңілді – Ой,
Айналамның бәрі Қорқыт көріндей.
Жұлдыз да жоқ, Шырақ та жоқ, Ай да жоқ,
Алатау да бұғып қалды көрінбей.
Қараңғылық мұхитына баттым да,
Кісінеді мені күткен ат қырда.
Санамдағы бір тал қылын тұтаттым,
Шақпағымды жарқ еткізіп жақтым да.
Ақбоз ағып, жетіп келді жаныма,
Мен жармастым жануардың жалына.
Қу бас ат
Тірі болсаң Қабанбай мінген қу бас ат,
Құйрығыңнан алар ем-ау ту жасап.
Әлдеқашан кетер едік тоз-тоз боп,
Анамыздан батыр болып тумасақ.
Ақын болып тумасақ.
О, қу бас ат, Қу бас ат. Қу бас ат.
Толарсағыңмен тусырылған құмды асап.
О дүниеден кісінеші, күмбірлеп,
Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап.
О, қу бас ат, Қу бас ат.
Таға Көрікті,
Күшті, Жап-жас қазақсың.
Көш бастадың қаншама. Әттең, Әттең,
Атыңды тағаламапсың,
Жүрер жолың тас болса да...
Р.S.
Жел үргілеп өрген бұлт,
Қайырыла алмас бел асса.
Не ойлайды көрген жұрт,
Атың ақсап келе жатса...
Ұйқым келмейді
Мынау бір терең көл дейді,
Мынау бір терең көл дейді.
«Түбіне дейін бойласаң,
Шортандай шоршып ойнасаң –
Кеудеңді шабыт кернейді,
Маржанын соның тергей-ді».
Естігелі бұл гәпті,
Түнімен ұйқым келмейді.
***
Капитализм:
Металдың – сыңғыры.
Ақшаның – сылдыры.
Бұғаудың – шынжыры.
Қашағанның – шылбыры.
Мешкейдің – ындыны.
Несие
Бұйырса, Бұл да несібең.
Ақша бәрін шешеді.
(Солай демей не дейік)
Банкіден алған несиең,
Балаңнан бұрын өседі,
Балаңнан бұрын көбейіп.
Аламан сауда жан-жағың.
Күнелтесің құм санап.
Несиеңнің қалғанын
– Немерең берсе Бұл сауап.
Қарыздың тартып азабын,
Жүрегің сыздап аһ ұрса.
Бақыт деп біл ажалың,
Соттан бұрын шақырса...
Қарызсыз кірсең көріңе,
Жанарыңды ыстық жас шайып.
Пейіштің байтақ төріне,
Отырдым дей бер қасқайып.
***
Алматының көктемі кешеуледі,
Наурыздың қар боратты көсем желі.
Тал, Қайың, Алма, Шие, Шетен, Мойыл
– Ереуілге шыққандай көше өрледі.
Емеурінін білдіріп иекпенен, Басу айтты
– Сабырлы, сүйекті Емен...
***
Санам сары аяздай, Миым қырау.
Жүрегім мұзға айналған, Күйім мынау.
Ықыластың күйіндей күңіреніп,
Қолқасына қобыздың құйылдым-ау.
Мұндайда ошақты үйге тоқтау бақыт,
Алсайшы отқа аунатып, Шоққа аунатып.
***
Тас көшеге желінген,
Екі өкшемде күтім жоқ.
Ұлтан, шеге, желіммен,
Берді етікші бүтіндеп.
Етігім қандай талайлы,
Көңілімді кім жамайды?
Түсінісу
Екі жылқы өзді-өзін, Кісінесіп,
қасынысып түсінді.
Екі пенде көздерін
– Шұқып,ұрып ісірді.
Сұрқы жаман заманның,
Көш секілді қаралы.
Ар-намысы адамның,
Ішімді өртеп барады.
***
Боз жусан, Боз бетеге,Боздақ қыр.
Боздақтарға бай елмін.
Ботасын ерткен боз інген,
Айналайын, көзіңнен
– Екі қабат әйелдің қасына келіп боздап тұр.
Құрсақта жатқан ұлан
– ұл, Тосып жатты құлағын...
Тоғыз ай тоғыз күн
Тоғыз қабат тұрғын үй бой көтерді түстіктен,
(Тоғыз айлық іс біткен).
Жеті балдық күшпенен сілкіп көріп сынады,
Уа, алақай, алақай, Төтеп берді, шыдады.
Сыннан өту болды оңай,
Тек зілзала болмағай.
Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде,
Толғақ толып кемелге
– Кіндік жібін саумалап
Періштелер қаумалап
Шыр-шыр етіп, шыр етіп,
Түсті, түсті, сәби түсті– еденге...
Құдай жолын оңдағай,
Тек тоғыз балл болмағай.
***
Жер көгерді.
Мен қашан көгеремін,
Көгермей ішімде өлді көп өлеңім.
Қарақұмның семіртіп сексеуілін,
Қара нөсер жаудырсам деген едім.
Сыңсыған нуға айналып төңірегім,
Гүлдерді тозаңдатса көбелегім,
Араларым мұртына бал жалатып,
Масаларым мертіксе қанға батып.
Ойлағаным болса осы не дер едім,
Ауырмай, сырқамай-ақ өлер едім.
Өліп, тірілу
Тағдырдың қуғынға сап өкпек желі,
Жоғалып кетсем керек көптен бері.
Ауылға біреу келіп үш жылдан соң,
Шекарада атылып кеткен деді...
Рас-ау, қарыс жерде қаза бар-ды,
Өксітті суық хабар жан анамды.
Туып-өскен ауылым күңіреніп,
Дұға оқып, шығарыпты жаназамды.
Р.S.
Бұл күнде секілдімін бір тірі елес,
Енді менің өлуім мүмкін емес.
***
Күн жылынды.
Тоң жібіді.
Жер көгерді.
Былтырғы қайтқан құстар елге келді.
Қарлығаштар тізілді сым бойына.
Терең әжімдеріме тер бөгелді.
Тоғысу
Айдай анық. Күндей қанық – Әр ісі.
Ой мен сөздің сіз – шыңырау Әбіші.
Найзағайдың шоғы түссе өртенер,
Мен – Жайырдың жолбарыс жатқан қамысы.
Шыңыраудан қауға салып су алдым,
Шөліркеген қамысымды суардым.
Жолбарыс жырым жосып шығып қопадан,
Ұзақ-ұзақ жортатұғын туар күн.
6alash ұсынды