Жеңіс Шәкенұлы 80 жылдардың басында өзінің алғашқы және соңғы бір топ өлеңін баспа бетіне жариялап үлгерген жас ақындардың бірі еді. Ақынның ғұмыры қысқа болғанымен, оның өлеңдері екінші бір ғұмырына даңғыл жол ашты. Кейбір жас ақындар жеңістен үлгі алды. Кейде өмірді жеңісше жырлауға тырысты. Жеңіс сыншылардың назарына да көп ілікті. Кей өлеңдері тіпті әнге айналып халық арасына кеңінен таралды.
23 жастың қырқасына ілігер-ілікпесен бақиға аттанған жалынды ақынның соңында 37 өлеңі қалды.
Жеңіс Шәкенұлы 1961 жылы Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. 1985 жылы өмірден озған.
Жасын ғұмырлы жалынды ақынды сағынышпен еске ала отырып, бүгінгі «Өлең өлкесі» айдары арқылы Жеңіс ақынның отты өлеңдерінен бірлікте сусындайық.
Босаға
Қабырғалап сыртында,
Дүлдүл тұрған босаға.
Күміс көмей Әсеттей,
Бұлбұл туған босаға.
Түйе-бота іргеде,
Боздап өткен босаға.
Асау құйрық қызыл қой,
Қоздап өткен босаға.
Елі үшін еңіреп
Боздақ өткен босаға.
Қозы-көрпеш, Баяндай
Ғашық өткен босаға.
Қонақпенен есігі
Ашық өткен босаға.
Арнасынан ырысы
Тасып өткен босаға.
Қабанбайдай алпауыт
Батыр туған босаға.
Құрманғазы күйшідей
Асыл туған босаға.
Сәби туған шешелер,
Белін буған босаға.
Адам өлсе бөз жауып,
Сүйек жуған босаға.
Апам суға кеткен де,
Ұршық қалған босаға.
Атам соққан көкжалдан,
Қылшық қалған босаға.
Керегенің керілген
Басын таңған босаға.
Ұзатылған қыздардың
Жасы тамған босаға.
Қос жігіттеп көтерер
Қоржын тіккен босаға.
Қос жіліктеп тартатын
Табақ біткен босаға.
Сондықтан да достарым,
Босағаны сыйлайық.
Жанымызды қисақ та,
Босағаны қимайық.
Солпылық
Тапсыратын сәлемім бар тоқтаңдар,
Жер астына кетіп бара жатқандар.
Абайға айт өлгендерді бастасын,
Топырақтың сызы өткенше жатпасын.
Тірілер боп, өлгендер боп қаптаңдар,
Жер үстінен арам шыбын шаққандар.
Мәді қайда, мәдіні ерте келіңдер,
Осы өмірге енді келе жатқандар.
Бірі емеспін қонышынан басқанның,
Қамын жеймін сүйтсе дағы басқаның.
Қайсаға да хат бергізіп жібердім
«Түс енді» деп перісінен аспанның.
Абай бастап өлілер де қозғалар,
Мәді шығып ақ қылышын қолға алар.
Қайса түсер құдыретін қолданар,
Солпылық та осылармен оңданар.
Тірі сәби өлгендерге жол қарар,
Бақыт жауар мүсәпірге дорбалар.
Бұл күндерде теңелмеген тірлікте,
Қастық үшін қазылған тек ор қалар.
Көрем сонда ала аяқты жорғалар,
Көзің ағып одан сорың сорғалар.
Сол күндерде біздің елдің иті оттап,
Қасқырлардың ұлығаны жол қалар.
Саптама
Жан емеспін күнелту деп жатпаған,
Ұйқтатпайды тәтті жырым таппаған.
Ой сап отыр ниет қылар кезіңде,
Ата сенің су тұмсықты саптамаң.
Аттың тері тебінгіден өткенде,
Үзеңгілес қашқан жауға жеткенде.
Кигендейсің жанын беріп қолына
Қырлы қызыл жіліншіктен тепкенде.
Кигендейсің нар күшіндей өктемге,
Кім киіпті бұл жерден де, көктен де!
Кигендейсің қонышыңдағы кездікпен
Жолбарысты жарып өтіп кеткенде.
Сан құрттар мен шаяндарды таптаған,
Ізі жатыр қара жолда ақ табан.
Болса дағы қай біреуге жақпаған,
Бірақ өзім сол киімге мақтанам.
Тыңда мені ақ жүректі адамдар!
Бұл киімді ата мұра атаңдар.
Өртегенге қоқ қылатын нәлетім,
Сақтағанға сарқылмайтын батам бар.
Тыңда мені саналылар, надандар,
Міне осылай саптамалы атам бар.
Бірақ осы саптама да жүк болып,
Бүк түсер ме кейін әлі атандар.
Намыс және қан
Намыс қалып бара ма осы қиырда,
Қанын көрсе өкірмей ме сиыр да!?
Ит дейміз ғой қыңсылайды Намыстан,
Аң жеткізбей соғып кетсе шиырға.
Бір намысқа мың сұрқия қаптайды,
Шырылдатып шыбын жанын қақтайды.
Сонда дағы нағыз намыс өзінің,
Ақ майданын көз ілгенше сақтайды.
Менің тілім намыс туын жоқтайды,
Елін, қанын өлсе жатқа сатпайды.
Намыс делік қаны үшін жылқы да
Өзіменен бір жатырға шаппайды.
Емес қазір «Байтал түгіл бас қайғы»,
Намыс ғана даралыққа бастайды.
Адамдық пен адалдықтың бәрін де,
Сол намыстың саусағынан аспайды.
Сондықтан да қолдан намыс бермелік,
Тек ырыздық теріп жеуге келмедік.
Теңдік үшін, озу үшін тебініп,
Дара біткен қанаттарды сермелік.
Намыстыны намыссызсың демелік,
Қансыздардың қамын босқа жемелік.
Шыбынның да өз мақсаты болады,
Кей жанға ой бітпеген кенелік.
Сондайларға сона болар сезімім,
Намыстанам қылығына езімнің.
«Намыссыз» деп үлкен түгіл құрбымнан,
Естімейін тірісінде көзімнің.
«Жер жұтқыр» де өлерімді ұғамын,
Қансыз деме төзбес оған шыдамым.
Өлгенде де ел намысын естісем,
Көрлігімді көтере сап шығамын.
Қара таудың елдері
Шағи белбеулі,
Ақ құр белдеулі,
Нардың сүті төгілген қара тауларым.
Жасылдың тұмсығы дал болған жартасым.
Түн кезген бүрге,
Маңыратып көтертпе,
Ауылдың лағын марқасын.
Еңіретсең біреуді,
Ертесі – Азабын мың есе тартасың.
Кез ғой бұл қорықпай жолбарыс, аиюдан.
Түлкі де сонарда түсте ұйықтап,
Ақшамда жортатын.
Мекендеп қалған соң, адамдар ортасын.
Нардың сүтін емген қара тауларым.
Қара шалдарым,
Қараған қаққан майлы шалбарын.
Сол менің байтақ даламда,
Дүлдүлдің ізі қалған жандарым.
Сол менің иісі бұрқыраған ерменнің,
Қажырлы қажымас ерлерім.
Басына көтерген туған жерлерін,
Тау деу керек, таудың елдерін.
«Таудай» дейтұғын таудың елінде.
Қара таудың қаны бар,
Қара таудың қалы бар,
Қара аиюдың жалы бар,
Кісінесе жылқы қай жерде,
Сол жерден сол ел табылар,
Көбейсін жылқы жануар.
Ер қанаты
ұлт болған соң
Дала көркін сақтаған,
Қажеттісі ер қанаты ат маған.
Айтшы қане, қайсы қандай сайыста,
Өгіз мініп аттан салып шапты ағаң? !
Қажеттісі ер қанаты ат маған,
Ер үмітін хайуанда ат ақтаған.
Текпішекте өскен қазақ ұлымын,
Белдеуінде ат тұрмаса жатпаған.
Ат мінген соң тізгінім де қолымда,
Атқа мінсем қорқыныш жоқ жолымда.
Бөгет емес дәриәң да, тауың да,
Бөгет емес қоян сырғыр қорым да.
Байқап та қой ат үстінде өнерім,
Аттың жалы – Дүрілдеген өлеңім.
Ат үстінде ойсыратып жауымды,
Өлсем дағы ат үстінде өлемін.
Ат үстінде бақытым да, сорым да,
Аттан болар жығылатын орым да.
Ат үстінен көріп келем адамның
Ақ сұңқарға тартқан шырға, торын да.
Ат үстінде болды қанша аттандар,
Ат үстінде атты қанша ақ таңдар.
Келесі ұрпақ ат маңдайын қақпаңдар,
Атаң мінген ашамайды шақпаңдар...
6alash ұсынады