Әбу Насыр қазаққа қалай оралды?

Ойлап қарасаңыз, өте қызық жағдай.

Осы әңгіменің қозғалуының өзі көп жағдайды мәлім ететіндей. Бұл жерде, әрине, өзімізден де бар. Ұлы бабаны есте жоқ ескі заманға ысырып тастап, мүлде ұмытып кеткен кім екен? Әрине, қазақтар...

Әбу Насыр бабамыз өзі анықтап жазып кеткеніндей, туған топырағы Фараб (Отырар) шаһары бола тұра, өз елінде күні кешеге дейін мүлде атаусыз қалған есім-ді. О-о, арада қаншама ғасырлар жатыр! Оның туған жылы 870, ал қайтыс болған уақыты – 950 жыл! Енді есептей беріңіз.

Онсыз да өткенді тым ерте санадан сыза  салатын, самарқау да салғырттау елміз ғой. Тап осы Әбу Насыр есімі туған халқына оралар ма еді, жоқ, сол қалпы жабулы күйінде жата берер ме еді, бағымызға орай, Ақжан Машан ұрпағы бұл саланы шынттап қолға алды. Бар күш-жігерін жұмсады. Бір азаматтың, бір азамат емес-ау, көп азаматтың ерлігін жасады.

Өзінің кейбір жазба деректеріне сүйеніп сөйлер болсақ, Ақжан Жақсыбекұлы Әбу Насыр бабасы туралы тіпті 1943 жылы естіген екен. Сол жылы Алматыға жер аударылып келген Чехия ғылым академиясының президенті, үлкен ғалым Э. Кольманның аузынан біліп-тыңдапты. Сол кезде-ақ «Әбу Насыр, туған топырағына қарағанда, еш дау жоқ, өзіміздің қандасымыз, қазақ болар-ау» деп іштей ой түйеді.

Осы жағдайдан соң, Әбу Насыр өмірі мен тағдырына деген азаматтық қызығушылығы артып, тіпті қалған ғұмырын соған арнауға бел байласа керек.

Берлин, Париж, Лиссабон, Кипр, Мадрид, т.б. секілді қалаларды аралап, олардың мол қоры бар кітапханасына кіріп, бабасының еңбектерін іздестіріп, көп маңдай терін төкті. Сөйте-сөйте Әбу Насыр әл-Фарабидің біршама трактаттарын тапты. Академик Ш. Есеновтің Канададан, академик-дәрігер С. Балмұхановтың Ыстамбұлдан тауып, әкеліп берген кітаптары өз алдына бір төбе.

Қысқасы, Ақжан Жақсыбекұлы өзінің соңғы қырық жылдай ғұмырын Әбу Насыр мұраларын іздестіру, халқына оралту және есімін ардақтатуға арнағаны шындық.

Бұл жайында бізге дейін де бірқатар қалам ұстаған әріптестер жазды, ой толғады, ризашылығын білдірді. Біз де сол ізбен сөз суыртпақтап отырғанымыз рас. Десек те Әбу Насыр туралы сырлы әңгіме мұнымен аяқталмаған секілді, Ақжан Жақсыбекұлы туралы да айтылар баян әлі түгесіле қойған жоқ.

***

Әбу Насырдың бұрынғы Фараб, қазіргі Отырар қаласында туғаны туралы тарихи дерек еш дау тудырмаса керек. Бұны алдымен шегелеп берген атақты ғалым-географ ибн Хаукал болатын-ды. Абил-Касим Мұхаммед ибн Хаукаль ан-Насибидің туған жері – Бағдат, өзі жер жағдайымен танысу үшін көп елдерді шарлаған ғалым.

Ол өзінің «Китабу Масалик уа мамалик» аталатын географиялық еңбегінде Түркістан аймағының сипатын айта келіп, Отырарды суреттегенде «бұл жер атақты ғұлама, асқан философ Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері» деп анықтап көрсетіп кеткен. Бұл жазба Ақжан ағамызға одан бетер қанат бітірген секілді. Сөйте тұрса да, өз кезінде дана бабаны жекелеп бөліп алып, тек өздеріне тиесілі болса деп, меншіктеу бағытын ұстанған жағдайлар да орын алған екен. Ақжан Жақсыбекұлы Әбу Насыр туралы ізденісін әуелі Ташкент қаласынан бастайды, сол сапарында атақты Бируни атындағы Шығыстану институтына соғып, архив құжаттарына үңілген. Міне, осы сапары кезінде институттың директорының орынбасары Мұзафар Хайруллаев деген ғалым азамат Ақаңмен танысып, пікір алысып, ақыр аяғында Әбу Насырдың рухани мұраларының мол екендігіне таң қала отырып, осы бағытта жұмыс істеуге ынта білдірген. Сөйтіп, болашақ докторлық диссертациясының да тақырыбы осы жолы айқындалады, Әбу Насыр мұраларын зерттеуді ойлайды. Оның бұл ойын Ақжан Жақсыбекұлы қуана қостаған. Тіпті қол ұшын беруге әзір екенін жасырмаған.

Қысқасы, М. Хайруллаев өзбек-қазақ елі арасында алғашқылардың бірі боп Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерінен ғылыми диссертация жазып, айды аспанға бір-ақ шығарады. Бұл сол уақыттарда, ашығын айту керек, үлкен ғылымдық жаңалық болып есептелді. Ғалым М.Хайруллаевтікі – ерлік!

Біткен істің аты – біткен іс! Бұл ретте қаны бір туыс өзбек халқының перзентіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Десе де...

Бірқатар жазба естеліктерде айтылғанындай, бұның арғы жағында тағы бір дау-дамайы бар жағдай бой қылтитып тұрған-ды.

Жалпы, осы әңгімені қозғамай-ақ қойсақ та болатын еді. Алайда, айтылмаса сөздің атасы өлетіні тағы бар. Оның үстіне намыс жаға... Әбу Насыр бабаның есімі жарқырап шыға бастағаннан, оны өзіне ғана бейімдеп, көкпарлағысы келгендер көбейді. Бұл – жақсы әңгіме емес еді.

Әл-Бирунидың 1000-жылдық тойын өзбек ағайындар, айтатыны жоқ,  өте жоғары деңгейде атап өтті. Осы ұлан-асыр тойға Ақжан Жақсыбекұлы да құрметті қонақ болып шақырылған еді.

Қызық болғанда, мерейтой өту барысында Мұзафар досы «Әбу Насырды қазақ деп бөлмей, оны екі елге де ортақ тұлға деп көрсетсек қайтеді» деген ұсыныс-ойын жеткізген. Бірақ, бұл тілегі Ақжан Жақсыбекұлына аса ұнамайды, өйткені мұның астарында дана бабамызды ортақтап, өздеріне қарай икемдеп кету жағы байқалып қалған-ды. Сосын да амалсыз былай деп жауап беріпті: «Түркіден шыққан мықтыларды бөліп-жару қазақтан басталған жоқ қой. Сіздер Науаи, Әл-Бируни, Әл-Хорезмиді неге қазақ-өзбекке ортақ тұлға деп атауға қимадыңыздар» дейді. (өз жазбаларында айтылған дерек) Осы уәжге амалсыз тоқтаған Мұзафар Хайруллаев Ақжан Жақсыбекұлына қарсы келіп, бұл жайында қайталап өтініш айта алмапты.

Алайда, бұл әңгіме осымен аяқталған жоқ, 1971 жылы Мәскеуде өткен халықаралық конгресстің 13-інші мәжілісінде, ұлы бабасының 1100 жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде тойлану жайы сөз болғанда, М. Хайруллаев сөз алып, «Әбу Насырдың мерейтойы Ташкентте өткізілсе, бізде баба мұрасы марксизм ізімен материалистік тұрғыда әділ бағаланады» деп сөз сабақтаған. Мәжілісте басқарушы болып отырған Египет ғалымы шыдамай кетіп, үстелді ұрғылап, орнынан тұрып: «Ислам ғылымының алыбы Әбу Насыр әл-Фарабиді марксизмге жүндетуге бере алмаймыз. Ғұламаның мерейтойы өзі ұзақ уақыт ғұмыр кешкен араб елінде өтеді» дейді.

Осы сәтті пайдаланған Ақжан Жақсыбекұлы араб тілінде сөз сұрап, өзіне кезек тигенде ғұламаның туған жері де, елі де Фараб-Отырар екенін айтып, барша ғалымдарды туған топырағына қонақ болуға шақырады. Осылайша, сол жолы Әбу Насыр ұлы ғалым ретінде халықаралық тізімге енгізіліп, 1100 жылдық мерейтойы КСРО-ның орталығы Мәскеуде және Қазақстанда тойлансын деген тиісті құжат қабылданады.

Бұл – қазақ халқы үшін өте маңызды шешім еді.

Міне, 1975 жылы Алматыда өткен Әбу Насырға арналған үлкен ғылыми басқосу тарихы осылай еді...

Тағы бір қоса кетерлігі – Әбу Насырды өздеріне тартуға, өз перзенті етуге дәмелі болған елдер қатарында Тәжікстан, Иран, т.б. бар еді. Өйткені, ол жақта да Фарба, Фаран, Фарана, т.б. атаулы қалалар бар болып шықты.

Сөз ретіне қарай айта кетейік, әлем таныған осындай ұлы ғұлама өз елінен шықса екен деп барынша ықыластана үміттенген қай елге де өкпе айтуға болмас, тек әділдік болуы басты шарт.

Осындай тар жол, тайғақ кешулермен Әбу насыр баба әупірімдеп өз топырағына жеткен жағдайы бар-ды...

Біз жоғарыдағы жағдайларды мейлінше тәптіштеп айту себебіміз – өз қандастарымызды қайталап қайрау ниеті ғана...

***

Әрине, Әбу Насыр біздің бабамыз екенін өзінің ныспысында да шегелеп жазып кеткені анық емес пе! Оның толық аты-жөні Әбу Насыр Мұхамед ибн Мұхамед ибн Узлағ ибн Тархан әл-Фараби ат-түрки деп жазылады.

Осыған зер сала қарасақ, туған жері – Фараб (Отырар) екенін білеміз. Ал, тегі – түркілік деп тағы да көрсетіп отыр.

Енді Әбу Насыр кімдікі деген алыпқашпа, жеңіл ауызға жем болар қаңқу сөзге еш орын жоқ. Әбу Насыр әл-Фараби көне Отырарда туып, осы жерде алғашқы білімін алып, содан соң Шашта, Бұхарада, Хорасанда білімін жетілдірген. Сосын қайтадан елге оралып, жиырма жасына дейін Отырарда туған. Шәкірттерге дәріс берген. Одан соң Бағдатқа барған, онда 20 жылдай уақыт тұрған екен. Сосынғы қоныс аударған жері – Шам (Дамаск) қаласы. Әр кездерде Алеппо, Мекке, Мадина қалаларына да барған, білім ұштаған.

***

Ғұлама баба ең алдымен – ірі философ. Оның әртүрлі салада жазған 200-ге тарта трактаттарының ішінде «Қайырымды қала тұрғындары туралы көзқарас», «Мемлекеттік қызметкерлердің (қайраткерлердің) нақыл сөздері», «Логикаға кіріспе», «Философияның дінге қатыстылығы туралы» т.б. еңбектері өте бағалы.

Содан кейін, ол – көптеген ғылымдарды меңгеріп, сол бағытта да трактаттар түзді. Айталық, математика, физика, астрономия, медицина, химия, т.б. ғылымдар оның назарынан тыс қалған жоқ.

Бұл бағыттағы «Вакуум туралы», «Ғылымдардың шығуы туралы», «Адам денесінің органдары туралы», т.б. трактаттары аса бағалы.

Ал, саз саласына арнаған «Музыканың басты кітабы» еңбегі осы күні де маңызын жойған жоқ десе де болғандай. Мұнда ғұлама бабамыз музыканың сан қыры туралы терең қазып, түбірлеп жазған. Талдап көрсеткен.

Ең соңында, Әбу Насырдың өзі де әдебиетші, ақын, сазгер болғандығы. Оның артында біршама жырлары қалған. Өзі жасаған музыкалық аспабы – қыпшағимен әуен шығарып, өзі орындайды екен. Қолға түскен өлең жолдары қазақшаға аударылып, баспа жүзін көре бастады. Мұнда қазақ ақындарының үлесі мол.

Міне, осының бәрін де елден бұрын байқап, алдымен әрекет еткен – Ақжан Жақсыбекұлы болатын. Ақжан-ғалым ұзақ ғұмыр кешті. Жасы тоқсаннан асқанда өмірден озды. Ол өз кезінде ғалым бабасы туралы бірнеше кітап жазып, баспа арқылы басып шығарды. Сөйтіп, біздерге ұлы өнеге көрсетіп кетті.

Әбу Насыр мұраларын зерттеп-зерделеу әлі де жалғасын таба бермек.

Әбу Насыр қайда білім алған?

Әбу Насыр қандай деңгейдегі ғалым еді?

Ол, сөз жоқ, мұсылман әлемінің орта ғасырға жататын шөкімдей ғалымдар тобының ішіндегі ең ірісі, ең көрнектісі, ең белгілісі. Сол замандарда исі мұсылман жұртында санаулы ғана философ-ғалым шыққан екен. Ал, солардың арасынан суырылып шығып, 200-ге тарта трактат жазуы, сосын 70-жуық тілді меңгеруі, әрине, зор жетістік! Қалай жазсақ та, мақтануға татырлық іс!

Бірақ, осы күнге дейін бір мәселе төңірегінде айтыс-талас толастаған емес. Ол не?

Ол – Әбу Насырдың балалық және жастық шағы туралы әңгіме және қандай қалада біліп алғаны жөніндегі пікірлер.

Әрине, Әбу Насыр 870 жылы Сыр бойындағы Фараб (Отырар) қаласында дүние есігін ашқан. Бұл деректі кейінгі жылдары талай ғалымдар нақтылап айтып, өз еңбектерінде жазды да. Мақұл делік. Ендігі мәселе – ол алғашқы білімді қай жерден алды? Кімдерді ұстаз етті?

Міне, бұл мәселе – қазір де өзекті болып қалып отыр.

***

Әбу Насыр ең алдымен сауатын ашқан жер, сөз жоқ, Фараб қаласы. Мұнда сол кездің өзінде әлемдегі мол қоры бар, аса бай кітапхана бар еді. (Кей деректерде кітап қоры жағынан ол Александриядағы үлкен кітапханадан соң екінші орын алады делінеді) Кітап – рухани қазына! Кітап бар жерде – білімге де есік молынан ашық. Ол – білім алуды алғашқы баспалдағы.

Біздің топшылауымызша, сол Отырарда оныншы ғасырда-ақ кітапханамен бірге дәріс алатын шағын-шағын медреселер де болған. Мүмкін ол аса үлкен болмаған шығар, десе де алғашқы білім алуға жарап жатқан-ды.

Өзбек ғалымы М. Хайруллаев: «Әбу Насыр алғаш білімін Отырар медреселерінің бірінен алған болуы керек. Өйткені, көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, Мәуреннахрда балаларды түрлі қол өнер мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған» деп жазады. Әбу Насыр жайлы еңбегінде.

Бұл деректі қазақ ғалымдары да растап, дұрыс тұжырым деп қолдаған.

Кәмелет жасына дейін өзі туып-өскен қалада білім шыңдаған Әбу Насыр есейе келе әкесінің рұқсатымен әуелі Шаш, сосын Бұхара, одан әрі Хорасан қалаларына барып, білімін жетілдірген деген дерек рас ойға жетелейді.

Әбу Насырды ұзақ жыл зерттеген қазақ ғалымы М. Бурабаев былай деп жазған: «Әбу Насыр 20 жасына дейін Отырарда оқып, тәрбиеленіп, кейін Самарқанд, Бұхара, Хиуа және Шығыстың көп жерлерін аралаған, ұзақ уақыт араб Хали Фатанның саяси-мәдени орталық Бағдатта тұрған...»

Тарихшылардың түйіндеуінше, алғашқы үлкен медреселер Мәуреннахр мен Хорасанда Х ғасырларда пайда болғаны айтылады. Оның жедел түрде ашылып, жұмыс істей бастауы Ислам дінінің таралуымен де тікелей байланысты болса керек. Діни медреселер ең алдымен дін қағидаттарын үйретті. Құран Кәрімді түсіндіруге бағытталды. Имандылыққа жетеледі.

Шығыстанушы ғалым В. Бартольд өзінің бір жазбасында Бұхарадағы алапат өртте сондағы жұмыс істеп тұрған медресенің де жанып кеткенін мысал ретінде келтірді. Ол өрт болған уақыт та тарихта белгілі. Бұл 937 жылғы 15 мамыр мен 13 маусымды қамтиды екен. Медресенің аты тарихта – Фарджек медресесі деп аталған. Міне, бұл алғашқы мұсылмандық арнайы оқу орны саналады.

Ғұлама ғалым бабамыз шамамен 18-20 жасында Фарабтан аттанып, білім іздеп, Бұхара жағына сапар шекті делік. Бұл шамамен 885-889 жылдарға сәйкес келеді. Ал, Фарджек медресесінің өртенуіне әлі қырық жылдай уақыт бар.

Осыны салмақтай отырып, Әбу Насыр ең алғашқы іргелі білімді осы Фарджек медресесінен алып, сосын Хорасанға барып, кейінірек туған топыраққа білімді азамат болып оралған десек те болатындай.

Тағы бір деректерде – Әбу Насыр жиырма жасына дейін Отырардағы шағын медреседе дәріс бергені айтылады. Демек, ол жас кезінен-ақ білімі тасыған, үйретері бар азамат болып қалыптаса білген деуге негіз бар.

Тіпті Хорасан, Бұхара, Мерв шаһарларында оқып келген соң, өзінің туған қаласында тағы да 10-15 жыл тұрғаны жайлы да дерек кездеседі. Ал, Бағдатқа сапар шеккенде жасы отыздан асып кеткен еді деседі.

Әрине, бұл деректер әлі де барынша зерделеніп, нақтылай түсуді қажет етпек. Сосын да біз мұны нақтыланған тарихи шындық деп кесіп айтқымыз жоқ.

***

Ұлы ғалымның өмірінің екінші кезеңі – Бағдат шаһарымен тығыз байланысты. Ол Бағдатқа шамамен 30-35 жасында келіп, жиырма жылға жуық тұрған делінеді.

Тарихи деректерге сүйенсек, бабамыз табан тіреген тұста Бағдат қаласы мұсылман халифаты (Ислам әлемінің орталығы) орналасқан орталық саналыпты. Бұның астарында не жатыр? Әлбетте, мұсылман халифатында сол кездерде ең мықты ойшылдар, ғалымдар, философтар жиналып, іргелі іспен айналысқан. Тіпті осы қалада ғұламалар жиі бас қосатын «Білімпаздар үйі» де болыпты. Онда жас шәкірттерге дәріс жүргізген. Үлкен-үлкен ғалымдар бас қосып, ой жарыстырған. Әлемнің ең үздік ғылыми жетістіктерін дереу араб тіліне аударып, кітап етіп басып отырған. Оның себебі – кез келген ғалым араб тілін білсе, осындай ұлы қазынамен емін-еркін таныса алмақшы.

Әбу Насыр осындай аса елеулі тарихи кезеңде Бағдатқа келді, сосын да оның жан-жақты өсіп-жетілуіне мол мүмкіндік туды. Ол осы қалада бірқатар трактаттарын жазды. Аристотель мен Платон, тағы басқа ғалымдар еңбектерін жата-жастанып зерттеді. Маңызын ашты. Түсініктеме жазып, ой-өрісін барынша кеңейтті. Осы бағыттағы талас-тартысқа араласты, ортақ ойға жетелеуге мұрындық болды.

Сосын да ол Бағдатта өсіп-жетіліп, білімін тереңдетіп, ірі ғалым ретінде танылды.

Ол жазған философиялық еңбектер тереңдігімен қатар жүрген ғалымдарды таң қалдырды. Мойындамасқа шаралары қалмады.

***

Әбу Насырдың бұдан соңғы сапар соқпағы Шам (Дамаск) және Алеппо қалаларымен байланысып жатыр.

Бағдаттан соң Шам қаласына қоныс аударған бабамыз мұнда да ғылымға батыл беріліп, көптеген ғылым салалары бойынша еңбектер түзді. Трактаттардың басым бөлігі осы жерде дүниеге келгенін де ашып айтуға тиіспіз.

Осы жерде айта кету керек, ғылым жолына біржола ден қойған ғалым бабаны қолдаған бірден-бір адам – Алеппоның сол кездегі билеушісі Сайд ад-Дуаль Хамдани мырза. Ол кісінің түбі түркілік, кезінде қыпшақ даласынан жеткен кісінің ұрпағы саналса керек. (Кей тарихи деректер осыны растайды) Өзі өнерге, ғылымға өте жақын екен, кең сарайында үнемі өлең оқылып, ән шырқалып жатушы еді деседі.

Сондай күндердің бірінде Сайд ад-Дуаль қандасы Әбу Насыр туралы да естіп, өз сарайына шақырады. (Ал, бұл сарайда бұған дейін де көптеген шайырлар, ақындар, ойшылдар, сазгерлер емін-еркін тұрып, өз дүниелерін жазыпты) Осында тұрақтап, білім ұштап, трактаттарын жазуын қалайды. Әуелде бұған аса ықыласты болмаса да, тұрмыс жағдайы тым нашар бабамыз ылажсыз келіскен. Сөйтіп, біраз жыл Алеппо билеушісінің сарайында тұрып, ең үлкен еңбектерін жазыпты. Әрі тереңдеп ізденуге де мүмкіндік алыпты.

Онда баруға келісім беруге негіз болған тағы бір себеп – Әбу Насырдың емшілік қасиеті мен шипагерлігі. Сайды Ад-Дуаль баласы науқасқа шалдығып, оны емдетуге әдейі алдырған болуы да мүмкін.

Ойға салып қарасаңыз, бұны да жоққа шығаруға болмас.

Біздіңше, Әбу Насыр мен Сайд ад-Дуаль арасындағы осынау ыстық та ілтипатты байланыс тақырыбы түбінде кеңірек талданып жазылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бұл, әрине, басқа әңгіменің тақырыбы екені өзінен-өзі түсінікті.

***

Енді ойымызды түйіндеп кетелік.

Әбу Насыр әл-Фарабидің ең алғашқы білімін ашқан жері – өзі туып-өскен Фараб (Отырар) қаласы. Осындағы мол қоры бар кітапхана мен шағын медресе!

Бұл түсінікті жағдай.

Ал, одан соңғы сапары – әуелі Шаш, сосын Бұхара, одан кейін Хорасан болып жалғасса керек. Бұл шаһарлар сол замандарды өсіп-өркендеп, барынша дами түскен-ді. Ал, қала көркейсе, онда білім алуға да мол мүмкіндік тумақ. Әбу Насыр осы қалаларда кезек-кезек болып, фарсы, араб тілдерін толық деңгейде үйренген десе де болады. Өзінің ойлы трактаттарын араб, парсы және түркі тілінде емін-еркін жазып отырған. Бұл кезең туралы әлі де тоқталып, терең зерттелуі керек.

Содан соңғы табан тіреген жері – Бағдат.

Біз бұл қаладағы тұрмыс-тіршілігі мен атқарған жұмысы туралы жоғарыда аз-кем айтып өттік. Сосын да қайталап жатпаймыз.

Ең соңғы тұрағы – Шам мен Алеппо қалалары екен.

Әлбетте, бұл жердегі өміріне де аз-кем шолу жасадық. Негізінде, бабамыздың әбден толысып-піскен кезі осы шақ. Демек, алғашқы ғылыми-философиялық трактаттары өзі туып-өскен Отырарда басталса да, негізінен ең құнды еңбектері де осында жазылды деуге толық негіз бар.

Ғұлама ғалым, ойшыл-философ Әбу Насыр әл-Фараби сексен жасқа тақағанда сол Алеппо қаласында көз жұмыпты.

Оның мәйітін Алеппо билеушісі Сайд ад-Дуаль Хамдани арулап жуып, Шам қаласына әкеп жерлеуге тікелей басшылық жасаған.

Баба бейіті осы күнге дейін сол Шам қаласында жатыр. Мәңгі дамылдаған орны да – осы қасиетті топырақ!..

Әбу Насырдың ұстаздары кім болған?

Бізге дейін зерттеп, қайта-қайта оралып соғып, өз жазбаларына өзек еткен деректердің түйіндеуінше, Әбу Насырдың алғашқы ұстаздары, әрине, Отырар (Фараб) қаласында болғаны дау тудырмасы керек. Олардың есімдері кім? Мол қоры бар кітапхана орналасқан көне шаһарда білімі тасыған ұстаз-молдалардың аз болмағаны өзінен-өзі түсінікті. Алайда, ондай өнегелі ұстаздардың қандай үлгілі ісі мен жазба дүниелері болды – оны ашып айта алмаймыз. Себебі, тілге тиек етер жазба дерек жоқтың қасы. Сосын да бұл тұсын аттап өтуге мәжбүрміз.

Ғұлама ғалымның өмірінің екінші кезегі, әлбетте, Шаш, Бұхара, Самарқанд, Хорасан секілді ірі-ірі қалаларда өтті. Сол жерлерде білімін шыңдады, ақыл толықтырды. Әлбетте, бұл кезең де тарихи дерек-жазбаларда толық көрсетілмеген. Жазылып қалған болса да, бізге жетпей отыр. Бәлкім, алдағы уақытта баба өміріне қатысты қызықты деректер табылып та қалар. Бірақ, оған уақыт керек. Шыдам керек. Қазып зерттеп, тереңдеп зерделеу керек.

Бұдан соңғы кезекте – Бағдат шаһары айтылады. Мұнда Әбу Насыр жиырма жылға уақыт тұрып, оқуын жалғастырып, тіпті ұстаздық деңгейге көтерілген деген деректер бар.

Бағдат ол кезде Ислам халифатының астанасы болып тұрған-ды. Міне, осы кезеңді кейбір ғалымдар Мұсылман ренесансы деп те атайды. (Швейцариялық шығыстанушы Адам Мецтің еңбегі «Мұсылмандық ренессанс» деп аталады) Мұнда әр-әр жерлерден өте мықты, әрі білімді, әрі талантты ғалым-оқымыстылар жиналған-ды. Солардың көбісімен Әбу Насыр тығыз байланысты болған деседі.

Айталық, бұл жерге Грекия мен Римнан қуғын көріп, ығысып келген Юханна ибн Хайлан, Әбу Башар Митта, Әбу Бәкір бин Сираж секілді ірі-ірі ойшылдармен танысты, араласты.

Олар неге қуғын көрді? Сол замандарда философиялық ілімге терең бойлаған ғалым-ойшылдар дінге араласып, ақыр аяғында «көп құдайлық» ұғымы ел ішіне тарады. Сосын да шіркеу қызметкерлері олардың еңбектерін таратуды тежеп, мүмкіндігінше оқытпауға тырысып бақты. Бұл, өз кезегінде, ғылымның әрі қарай дамуына кедергі болды.

Грек ғалымы Әбу Башар Миттадан грек тілін үйреніп, грек тіліндегі маңызы терең ғылыми еңбектерді аударумен айналысты. Тіпті атақты Платон мен Аристотельге де осы ұстазы арқылы даңғыл жол ашты. Түпсіз тұңғиық философиялық еңбектерін түсінуге мүмкіндік алған деседі.

Ал, Юханна ибн Хайлан болса, медицина мен логиканың білгір маманы еді. Юханна Әбу Насырды қасына жақын тартып, әуелі логиканы қалай ұғыну керектігін үйретті. Кез-келген еңбектің астарын ұғыну үшін оның түпкі логикасын аңғара білу керектігін аңдатты. Ол сонымен бірге медицина ғылымына қалай бару керектігін айтты. Мелицина – ғылымдардың ішіндегі өте нәзігі, өте нақтылықты сүйетін саласы еді. Осыны әу бастан-ақ санасына құя түсуге күш салды. Әбу Насыр сосын да медицина саласына аса қызығушылықпен қараған. Тіпті бұл салаға терең бойлағаны соншалық, өзі де жүре-бара дәрігер, шипагер деген қосымша атақ алып кетіп еді. Кейінірек, бір ғасырдан соң дүниеге келген ізбасар-шәкірті Ибн Сина (Авицена) Әбу Насыр еңбектерін оқып, онан түсінгенін конспектілеп, кітап жазғаны айтылады. Өзін Әбу Насырдың шәкіртімін деп есептеген.

Әбу Насырдың өміріне ерекше ықпал еткен тағы бір ұстазы – Әбу Бәкір ибн Сираж атты ғұлама ғалым-ды. Ол астрономиялық ғылымның білгірі-тін. Аспан әлемін терең зерттеген көреген ғалым. Әбу Насырға бұл саланың қыр-сырын жетік білуді тапсырды. Содан да болар, Әбу Насыр бабамыз астрономия саласына да ерекше көңіл аударып, арнайы ғылыми еңбектер түзді. Трактат жазды.

Араб елінен шыққан ғалым-философ Әбу Юсуп әл-Кинди де Бағдат шаһарына келіп, өзінің философиялық еңбектерін жазған, аудармамен шұғылданған. Әбу Насыр оның да барлық еңбектерімен өте жақын таныс болған, сосын да өзіне ұстаз санайды.

Әрине, бұдан өзге де көптеген ойшыл-ғалымдар Әбу Насыр өміріне ықпал еткені сөзсіз. Бірақ, олардың барлығы жайында әзірге толық дерек болмай отыр.

***

Әбу Насыр ғұлама өмірінің соңғы жағында Алеппо шаһарында тұрып, өзінің ең сүйекті еңбектерін жазған-ды. Осы қалада тұрған кезде алдындағы және тұстас ғалым-ойшылдар арасында аса беделді болды, олардан үйрене жүріп өзі де үйретті.

Алеппоның сол кездегі билеушісі тегі түркілік, аса білімді, ерекше ақылды жан – Сайд ад-Дуаль Хамдани еді. Сол Хамданидың сарайында тұрып жатқан арабтың сері, әрі жауынгер ақыны Әбу Фирас (932-968) Әбу насыр бабамызға өте жоғары баға берген екен. Ол былай деп жазған: «Поэзия – дөңгеленген алтын түйе, оның басы – Әбу Насыр Мұхаммедке, өркеші – Әбу Нуасқа, иығы – Омар ибн Рабияға, кеудесі – Әбу Маммамға тиді, қалғаны – ішек-қарын – оны екеуміз (сарайдың жарапазаншы жыршысы екеуі) бөлісіп отырмыз...»

Осы келтірілген деректен бірден байқалатыны – Әбу Насыр бабамыз тек философияның, ғылымдардың ғана жүйрігі емес, поэзиядан да алдына жан салмайтындығы.

Оның ақындық қырлары туралы да кеңінен толғап жазылуы керек-ақ!

Шындығында, Әбу Насырдың поэзиядағы ұстазы кім екен?

Бұл да зерттеп-зерделеуді қажет ететін бөлек сала болып қала бермекші.

Әбу Насыр және Отырар кітапханасы

Қай заман, қай уақытта да теңіздей терең білімнің ордасы – кітап қазынасы жинақталған кітапхана болып есептелгені анық ақиқат.

Біз осы күнге дейін айтпай келе жатқан, айтсақ та атүсті әңгімелеп, барынша маңыз бермей жүрген бір сала – осы Отырар кітапханасы жайлы толғамды сөз. Тарихи әдеби жазба деректерге сүйенсек, көне шаһар кітапханасындағы кітап қоры Александриядағы кітапханадан соң, екінші орын алады делінеді. Бірақ, оны кім санап көріпті? Кім санақ жүргізіп, тақтайлап жазып қалдырыпты? Десе де, Отырардағы кітапхана тым жұпыны болмағаны, мұнда сол замандарда жарық көрген неше түрлі рухани қазыналар молынан орын алғаны рас та болар. Әйтпесе, «шөп басы қимылдар» ма!

Егер осыған бас шұлғитын болсақ, онда неге осы күнге дейін атағы зор кітапхана туралы мәселені терең көтеріп, өз биігінде әңгіме тақырыбына айналдырмай келеміз? Орны жоғалған жерде әңгіме де жоқ дегеніміз бе?

Әйгілі Әбу Насыр танушы Ақжан Жақсыбекұлы өзінің «Әл Фараби және Абай» деген кітабында былай деп жазып қалдырыпты: «...Біз Отырар төбенің басына шықтық. Көз жетер жерде ешбір ел көрінбейді, қала да жоқ. Жып-жылмағай құлазыған қиян дала... Бір кезде дүние жүзіне аты шыққан әйгілі қала қайда? Әл-Фараби оқыған медресе қайда? Атақты кітапхана қайда?.. Дуылдаған базар қайда? Қайнаған өмір қайда?..»

Жүрегіңді езіп, бойыңды құлазытып жіберер жолдар бұл!

Әрине, біз де куәміз, оның бірі де жоқ.

Тіпті атақты шаһардың өзі де тып-типыл жермен-жексен болып, жоғалған. Тарих мәлімдемесе, тап осы арада сондай ғажайып қала өмір сүргеніне ешкімді де сендіре алмас едің.

Қала қалай қирады, оның басты себепкері кім – бұл жайынан осы арада малта езіп, көп сөзділікке салынғанымыз жоқ. Көзіқарақты оқырман ондай кермек тарихты өзі де білетін шығар!

Біз осы жерден аса алыс емес, жақын маңда туғанбыз. Жас күнімізден білеміз.

Құлазыған қу медиен далада өткенге ой жіберіп тұрып, талай рет қиялға шомғанбыз. Қаланы қайта қалпына келтірсе ғой деп те арман бесігінде тербеліп едік сонау бір бала шақта...

Арман – әлі күнге арман...

***

Тағы бір алыс замандардан аңыз түрінде жеткен әңгімеге назар аудармасқа болмайды.

Әйгілі Отырар кітапханасын әу баста қолымен қаласып, кітаппен толтырып, негіздеп кеткен – атақты бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби делінеді. Осы дерек қаншалықты рас? Қаншалықты шындыққа жанасымды?

Енді рет-ретімен баян етіп байқалық.

Атақты Отырар қаласы атышулы Жібек жолының бойында орналасқан көне шаһар. Ал, сол замандарда ел мен елді жақындастырып, адам мен адамды табыстыруда Жібек жолы керуенінің маңызы өте зор болған. Өйткені, керуеншілер әр елдің заттары мен тауарларын тасушы ғана емес, сонымен бірге олардың мәдениетін, әдетін, ғұрпын, дәстүрін де ала келетін еді. Демек, қазақ топырағына алғашқы өркениеттің көшін бастаушы – осы Жібек жолы керуені десек, артық па?

Міне, сондықтан да мұндай керуен өз дәуірінде аса ықпалды әрі беделді болғаны өзінен өзі түсінікті.

Алыс-алыс елдерге сапарлап қайтатын керуеншілер, әрине, көп заттармен бірге әр сала бойынша жазылған түрліше кітаптарды, зерттеулерді, ғылыми еңбектерді де тасыды, оқуға ынталы жерге жеткізуге асықты.

Отырар шаһарында, асылында, сол кездерде білім алушылар көбейіп, білімге ұмтылу да молайған шақ болса керек. Үлкен кітапхана тұрғызылуы үшін ел халқының ықылас-пейілі ескерілмес пе!

Ал, Әбу Насыр секілді өте алғыр, білімге құштар жастың осы қалада тұруы тіпті де ғаламат болған. Ол әр кітаптың қадір-қасиетін білген, салмағын сезінген. Сол себепті де керуеншілер тасып жүрген кітаптардың ең маңыздыларын қалап алып, кітапханаға жинастыру – өзінің әдетіне айналған деген ой жорамалға жақынырақ.

Осы ретте анықтап айту кету керек, Әбу Насыр, кейбір жазба деректерде жазылып жүргеніндей, ес біле сала Отырарды тастап, асығыс-үсігіс аттанып кетіп қалған жоқ. Қазіргі есептеулерге сүйенсек, ол жиырма жасына дейін өз қаласында тұрған. Тіпті шағын медресе ашылған кезде сонда дәріс берген ұстаздың бірі деген дерек те иланымды. Шаһар – білімге құштар қала болған сыңайлы.

Олай болса, алдымен айтарымыз – Әбу Насырдың Отырар кітапханасын негіздеуге тиісінше үлес қосқаны шындыққа жанасады. Бұл – бір.

Екіншіден, ол осында, жаңа біз айтып өткен медреседе ұстаздық қызмет атқарған болса, демек, өзінің күнделікті дәріс-сабақтарына қажетті еңбектерді кітапханаға жинастырып ұстауы, одан өзінің үздік шәкірттеріне пайдаланып отыруға мүмкіндік туғызуы әбден мүмкін. Қисынды-ақ!

Үшіншіден, бұны да қадап айтамыз, Әбу Насыр барлық құнды еңбектерін тек Бағдатта, Шамда немесе Алеппода ғана жазды деген пікір шындыққа үйлеспейді. Ол алғашқы философиялық һәм басқа ғылым салаларындағы трактаттарын осы Отырарда қағазға түсіре бастаған. Жиырма жас, қалай десек те, ақыл тоқтатқан, ойы толысқан кез. Ендеше, бұл жайлы да егжей-тегжейлі жазып көрсету – біз үшін міндет!

Айналып келгенде, бір нәрсе шындық.

Отырардағы мол қоры болған кітапхананың салынып, кітап қорының көбеюіне Әбу Насыр бабамыздың да тікелей қатысы бар. Ондағы өте құнды еңбектерді өз заманында бір емес, әлденеше рет парақтап, оқып шыққанына еш шүбә келтірмеуіміз керек.

Ендеше, егер осы шаһардағы көне кітапхана орны табылып қалып жатса, (оның түбі табыларына сенімдіміз) сөз жоқ, жыртылмай сақталған құнды дүниелерден ұлы бабамыздың да қолтаңбасын көріп қалар едік.

Біздің көкейімізде осындай ізгі арман көптен орнап, тұрып қалған... 

Көне Отырар кітапханасы – өз ұлтымыздың ежелгі мәдениетінің бұлжымас көрінісі һәм айнасы екенін де ұмытпаған абзал.

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

6alash ұсынады