Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында атақты Қазтуған жырау өлеңдерінің төрт қолжазбасы, бір кітабы бар. Осы құнды деректерді бір-бірімен салыстырып көріп небір қызықты мағұлматқа ие бола аламыз. Айталық, үнемі қатар аталып кеткен Қарғабойлы Қазтуған деген тіркесте, бұл бір адам емес, Қарғабой сол ұлы көштің басындағы адам да, Қазтуған батыр басқа адам. Бұл «Қырымның қырық батыры» желілес жырының ішіндегі Қазтуған мен Қаоғабойдың ұзақ көшін баяндайтын жырда да солай білінеді. «Бабалар сөзі» 100 томдығының 51- томындағы жырларға түсінік бергенде Қ. Алпысбаев осындай пікірді айқындай түседі. Ал қолжазбалар арасында Қазтуған есімі Қазтаған деген атпен кезесетін де жыр бар. Төменде біз мысал келтірген өлең үзінділерінің кейбірі бұған дейін еш жерде жарияланбаған.
Кейбірі Мұрат ақынның жыры ретінде көрсетіледі. Бүгінгі күні Мұрат ақынға тән болып жүрген өлеңдер 1908 жылы Қазаннан шыққан «Мұрат ақынның кітабында», Қазтуғанның жыры ретінде беріледі.
Аса қызықты тағы бір мәлімет: «Қара ноғай, Сары ноғай қоныстан ауғанда Қазтуғанның айтқаны» деп аталатын қолжазбада, Қазтуған, Асанқайғы, Ер Абат, Шерқұтты би (тексте хан деп айтылады) арасындағы сөз тартыс тікелей осы ұлы тұлғалар аузынан беріледі. Және бұл жыр осыған дейінгі басылым көрген тарихи жырларда кездесе бермейді. Ғалым Сәлімұлы қолжазбасында кезіккен кейбір сұлу тіркестер де бұған дейінгі жарияланған жырларда жоқ. Ал бұрынғы жарияланған нұсқаларда бар тармақтарының өзі Қазтуған мен Мұрат Мөңке жырларында ішінара ғана ұшырасады.
Ғалым Әлікей Марғұлан аталған қомақты жырларды зерттеп, Қазтуған жырына келгенде, жыраудың шығармаларында кездесетін кейбір көне сөздерге түсінік жазған екен. Айталық, Әжіген – Әз Жәнібекті қысқартып айтқан болуы керек. Құлағына сырға салдырған – сол заманда еркектер де құлағына алтын сырға салып жүретін болған. т.б.
Өткен заманның ұраншысы, ұлы жыршысы болған Қазтуған жыраудың жырлары жазылған көне мұраларды бір-бірімен салыстырып, тұлғаларға (авторларына) меншіктеуде ағат кеткен тұстарын қайталай зерделеу бүгінгі зерттермендердің міндеті.
Төменде бұған дейін Қазтуғанның жыры деп мойындалған нұсқаларда көп кездесе бермейтін шумақтардан үзінділер келтірдік:
Күндерден күндер озғанда,
Күн тілекке толғанда,
Атайы қазақ баласы
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Жүзден-жүзден нар байлап,
Ақтылы қой өргізіп,
Қызығын халқым көрген жер.
Жалғыз өркеш нарларға
Қыз-келіншек жиылып,
Ойын-күлкі сауықпен,
Текемет, кілем артқан жер.
....................
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Жорғадан басқа мінбеген,
Сұлудан басқа сүймеген,
Қамқадан басқа кимеген,
Жауды көрсе жайнаған,
Жай тасындай қайнаған,
Мелиіп кәуір кез болса,
Кекілінен байлаған.
(Ғалым Сәлімұлы дәптерінен үзінді)
Мен кетемін, етемін,
Тәуекел Хаққа етемін,
Үргеніштің Амудария,
Тоқталмай онан да өтемін.
Қызылбастың оңынан,
Күншығыстың солынан,
Сол жерлерден болмаса,
Онан бергі жердерден
Бола алмас менің мекенім...
(Қара ноғай, Сары ноғай қоныстан ауғанда Қазтуғанның айтқаны)
Әдіра қалғыр Көк Жайық,
Аңырап қалды қонысым.
Қонысымнан ауған соң,
Кетпегей еді ырысым.
.............
Үй басына мал санап,
Адамға ақша төлерсің.
Амалың бар ма қайран жұрт,
Қайғыда жүріп өлерсің.
(Латын әрпіндегі нұсқадан)
Арнайы зерттеу емес, аңдатпа ретінде, бабалар мұрасын бағамдай білетін зиялы қауымға құлаққағыс ету мақсанда жазылған шағын жазбамыз осы.
Әділет АХМЕТҰЛЫ
Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің қызметкері
6alash ұсынады