Алды бақи, арты пәни бұл дүние кімдерді толқынына батырып, кімдерді ұшпаққа шығармаған дейсіз? Сұлудың да бір міні, пасықтың да бір артықшылығы болады-ау. Шерхан абыз айтқандай «Бір кем дүние» ғой баяғы. Біріктірушілерден гөрі, бүлдірушілердің аты тарих бетінде тым мәшһүр болып қалады емес пе?! Осындай тұлғалардың бірі ақсақ Темір аталған – Әмір Темір болатын. Әмір Темірді тарих парақтары: «ақсақ Темір, атақты монғол және түрік тектес халықтарының билеушісі, Темір әулеті империясының негіздеушісі. 1370 жылы мауереннахрды басып алып, 1405 жылға дейін 35 жыл билік құрған, 27 мемлекетті қол астына бағындырған «Әлем жаулаушысы».
Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылады. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып ақсақ болып қалған. Ол Темірлан (дұрысы темирленг, «Ленг» парсыша-ақсақ) ақсақ Темір атанады.» - деп бізге қалдырды. Осы бойынша ұқтық, қабылдаық. Сонда да мен, «Айбатынан ай жасырынған осынау тұлғаның кемдігін бетіне басып, лақап ат қойған қандай бір жүрек жұтқан жан екен» деп түршіге беруші едім...
Осынау нар күмән және сартап сауалға мына бір дерек жауап беріп тұрғандай ма қалай?
«Ар сақтар, ақсақтар және ақсақ Темір есімі. белгілі сәулетші, академик Герасимовтың айтуынша, ақсақ Темірдің кемтарлығы оның аяғына емес, шалбарына байланысты. Шынында мұндай даңыққұмар әрі қатал адамды көзінің тірісінде кемшілігін айтып, күлкіге айналдыру мүмкін емес. Ақасақтар – нағыз еуропейдор, көк көзді, аққұба адамдар, ежелгі Иран халықтарымен туыстастар, ежелгі сақтар. Темірдің есіміне тайпаның атауын қосақтауы табиғи нәрсе деп түсіну керек» (қазақтар. Тоғыз томдық анықтамалық. т.6. Р. Тоқтаров. Қазақстан даму институты, 1998 – Жыл, 381. ).
Екі көзқарастың қайсысы таразы басады? Ақсақ Темір шынмен ақсақ па?..
Қуаныш ІЛИЯАСҰЛЫ
6alash ұсынды