Осыдан 126 жыл бұрын, 1893 жылдың қараша айының 25 күні даниялық лингвист, полиглот Вильгельм Томсен алғаш рет көне түркі жазуының кілтін тауып, ғылым әлемінде айрықша жаңалық ашқан еді. Осы кезден бастап, түркология тарихының жаңа парағы ашылған еді. Өз кезегінде бұл түркітанушылардың түркі жазба ескерткіштерін толық аударып шығуына жол ашты. Уақыт өте келе, оған ХХ ғасырда Түркі елдерінің ғалымдары – түрік, қазақ, әзербайжан, өзбек және басқа да зерттеушілері қосылды.
Көне түркі жазуын зерттеуге В. В. Радлов, Н. М. Ядринцев, С. Е. Малов, А. Н. Бернштам, X.Н. Оркун, П. М. Мелиоранский, О.Банг, Г. Й. Рамстедт, В.М. Насилов, И. А. Батманов, А. Н. Кононов, Дж. Клоусон, Д. Немет, Т.Текин, А. М. Щербак, С. Г. Кляшторный, Г. Айдаров А.С. Аманжолов, М. Жолдасбеков, Қ. Өміралиев, И.Л. Кызласов, С.Я. Байчоров, Д. В. Васильев, О.Ф. Серткая, А. Йылмаз, А. Режебли, Ч.Жумагулов, К.Табалдиев, К.Конкабаев, Н.Усеев, Л. Болд, Ц. Баттулга, Р. Мөнхтулга және т.б. түркологтар зор үлес қосты.
Ғылыми айналымда бұл жазуларды «руна (руникалық) жазулары» деп атап кеткен еді. Оның себебі жазудың құпиясы ашылмай тұрғанда, бұл жазулар бір қарағанда ежелгі скандинавия халықтарының «руна» жазбаларына ұқсайтын. Алайда ғылыми зерттеулер оның түркілердің төл жазуы екенін анықтады. В.Томсеннің ең алғашқы оқыған сөздері «Түрк» және «Тәңір» болды.
Көне түріктер осы төл жазуын бітіг //бітік (bitig) деп атаған. Ол ежелгі таңбалардан (графемдік) негізінде жасалған, 40 таңбалы әріптен құралған. Өз кезегінде ол көне түрк тілінің табиғатын дәлме-дәл таңбалай білген «фоно-морфемдік» (дыбыстық-мағыналық), әрі көптеген түрк диалектілерін бір емлеге бағындырған әмбебап таңба-әріпті жазу. Түрк бітіктің фонологиялық құрылымы дауысты, дауыссыз дыбыстардың дара және буынды оқылымымен ерекшеленеді.
Түрк Елінде түрік бітік арқылы бұйрық беру, жарлық шығару, үкім айту, мөр-таңба басу, елші жіберу, хат алмасу және т.б. мемлекеттік маңызды іс-құжаттар жүргізіліп отырды. Қағанның алтынмен апталған таңба-мөрін сақтаушысы – «tamγačï»тамғачы», «алтын тамған тархан», ал іс-құжат хатшысы – «bitikči»бітікші» деп аталды. Ел тарихы қағандардың бұйрығымен ұрпаққа аманат ретінде түрік бітікпен қағазға хатталып, тасқа «мәңгі» (beŋgütaš»беңгүташ) бітіктастарда (bitigtaš»бітіктас) басылды. «Мың жылдық түмен күндік бітік жазуыммен біліктілігімді бекем тасқа қашадым» дейді ер жүрек түрктер. Барлық түркі тектес этностарға ортақ әрі түсінікті түрк бітік тез арада ұланғайыр аймаққа кеңінен таралып әмбебап жазуға айнала білді.
Қазіргі өлшеммен алғанда бұл жазулардың мәтіні орта көлемдегі кітапты құрайды. Көне түркілердің эпиграфиялық материалдары көптеген тарихи, мәдени, географиялық, саяси деректер бар, сол кездегі халықтың өмірінен, таным-түсінігінен, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен толық, әрі нақты хабар береді. Тарихи оқиғалар тізбегі Ұлы қағандардың жорықтары жыраулық-жорықтық үлгідегі ықшам және шешен тілмен баяндалған. Сондықтан көптеген зерттеушілер оларды көркем шығармаларға жатқызады. Жазбаларда көк түрктер дәуіріндегі болған оқиғалар сипатталып, географиялық атаулар, сол кездегі ру-тайпалардың атаулары мен орналасу, таралу аймағы сипатталған. Түркі жазба ескерткіштері кейінгі дәуірлерде Ұлы Далаға келген әртүрлі діндердің төл жазуының ықпалынан уақыт өте қолданыстан шығып, халық жадысында ұмыт болған.
Түрк бiтiктiң кеңiстiк аумағы бүгiнгi Моңғолиядан бастап Алтай, Тува, Хакасия – Енисей, Абақан, Кем өзені, Бурятия – Байкөлi, Лена, Саха, Шығыс Түркiстан – Тұрпан ойпаты, Дунхуань, Миран, сонымен қатар, Қазақстан – Ертiс, Талас, Iле, Сыр, Едiл, Жайық өзендерi, Ферғана, одан ары Солтүстiк Кавказ, Шығыс Еуропаны қамтиды. Бұл бүкiл Еуразия құрлығын алып жатқан орасан зор аймақ екені белгілі. Көне түрк бітігі бүгінгі түркі тектес этностардың байырғы рухани мәдениетінің куәсі әрі ортақ мирасы болып табылады. Демек көне түрк бітік – дүние жүзі өркениетіндегі шоқтығы биік ірі мұралардың бірі.
Тарихи-деректанулық тұрғыдан «Орхон ескерткіштері» оның ішінде Білге қаған, Күлтегін, Тонықұқ, Ел етміш қаған (Мойынчұр, Тариат ескерткіші), Тэс, Сужи және т.б. бітіктастары мен ескерткіштерінде Орталық Азия тарихына байланысты мол деректер бар. Ал, Енисей, Талас, Алтай ескерткіштерінде тарихи оқиғалардан гөрі эпитафиялық сарындары басым. Тұрфан, Мираннан табылған нұсқаларда наным-сенімдік мазмұнды мәтіндер көптеп жазылған.
Қазір Еуразия көлемінде түрк бітікпен бәдізделіп өрнектелген 700-ден астам ірілі-кішілі бітіктас, ескерткіштер, жартастағы және түрлі зат-бұйымдардағы мәтіндер тіркеліп отыр.
Қазіргі таңда Халықаралық Түркі академиясында көне түркі жазуын зерттеп, аударумен айналысатын «Түркология, алтаистика және моңғолтану» бөлімі қызмет істейді.
Сонымен қатар, Академия тарапынан түркологияға елеулі үлес қосқан зерттеушілерге арналған, «Вильгельм Томсен» атындағы медаль шығарылған. Бұл мәртебелі медальмен қазіргі таңда түркология саласында тың жаңалық ашып, іргелі үлес қосқан 23 адам марапатталған.
Сонымен қатар,осы тарихи оқиғаға байланысты назарларыңызға Академияның маманы Н. Базылханның Қазақстаннан табылған көне түркі жазуы туралы мақаласын ұсынамыз (PDF нұсқасы).
twesco.org сайтынан алынды
6alash ұсынады