Өтүкен оюлары

Түркітанушы ғалымдар құнды еңбектерінде «Отыкен» немесе «Өтүкен» дейтін жер-атауын көп қолданады. Өйткені бұл жер – көне түркілердің ел болып, етегі жиналған, жұрт болып, жағасы құралған мекені. Түркітанушы ғалымдар құнды еңбектерінде «Отыкен» немесе «Өтүкен» дейтін жер-атауын көп қолданады. Өйткені бұл жер – көне түркілердің ел болып, етегі жиналған, жұрт болып, жағасы құралған мекені.

Осы далада туып, 740-шы жылдары жамбасы жерге тиген Шығыс Түркінің тоғызыншы қағаны Йоллығтегін бәдізінде: «...Өтүкен жерінде отырып, керуен жіберсең, еш мұңың жоқ. Сонда, түркі халқы, тоқ болатын едің...» десе, Шығыс Түркі хандығының іргесін қалаушылардың бірі – Тоныкөк абыздың күллі түркілерге қаратып айтқан атақты үндеуінде: «...Кім де кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Отыкенге келсін!» деген сөз бар.

Сонымен айтпағымыз: Өтүкен (Отыкен) түркінің алтын бесігі екен. Ол жер қайда қазір? Түркітанушы ғалымдардың пайымынша, «Өтүкен» дегеніміз – Моңғолия жеріндегі Қанғай жоталары. Осы өлкеде көне түркіге қатысты үлкен-кішілі тас жазулар, аса құнды ғұрыптық кешендер бар.

Бірақ осындағы түркітану мәселесінде әлі де зерттелмей жатқан дүние көп. Соның бірі – көне түркінің палеоэтнографиясы. Яғни көне бабаларымыз қолданған тұрмыстық бұйымдар мен қолданбалы өнер туындылары мұра ретінде (стилдік ерекшелігі, пәлсапалық мәні, көркемдік мазмұны, т.б.) әлі зерттелген жоқ.

Мысалы, Ұлан-Батырдың іргесіндегі Тоныкөк абыз кешенінде тас жазулармен қатар үлкен төрт тас кілем бар. Жалпақ тастың бетіне ас¬қан шеберлікпен қашалған ою-өрнектің сипаты керемет. Осыдан 1300 жыл бұрын тасқа бәдізделген ою мәнері сол қалпы сақталған. Тіпті бұл оюдың стилін дәл қазіргі қазақ оюлары арасынан да кездестіре аласыз. Бұл бір.

Екінші ғажайып дүние – 2003 жылы Қангай-Кентай өлкесіне жүргізілген қазба жұмыстары кезінде оюлы шапан табылды. Моңғол ғалымдары бұл жәдігерді ХІІ-ХIV ғасырларға тән, яғни Шыңғыс іргесін қалаған Моңғол хандығының мұрасы деген пікірге тоқ¬тапты. «Жоқ, олай емес, бұл ғұндар заманының жәдігері» деушілер де бар екен. Бірақ шапандағы ою-өрнектің стилі бүгінгі қазақ оюларынан аумайды. Қажет десеңіз, ұлт мұрасының жанашыры, оютанушы Арқалық қаласының тұрғыны Шөптібай Байділдиннің 2011 жылы жарық көрген «Ою ой, өрнек сал» дейтін кітабындағы 5000 түрлі оюмен шендестіріп көре салыңыз.

Мұны аз десеңіз, тағы бір жаңалық – 2012 жылы Отыкен даласының дәл орта қойнауы Қозғыр төбеден жас сәбиді орап жерлеген ХVІ ғасырдың сырмағы табылды. Басқаны білмеймін шығыс өлке қазақтарында мәйітті сырмаққа салып жөнелту рәсімі кейбір жерлерде әлі сақталған. Сырмақтың оюларына қарасаңыз, мұндай дүниені дәл қазір ауылдағы қазақтың әрбір үйінен табасыз. Оюлы шапан мен сырмақ қазір Ұлан-Батырдағы Тарих мұражайында сақтаулы тұр.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ