Жуырда Семей өңіріне, оның ішінде Қазақстандағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне жол түскен болатын. Алған әсерлерімді сөзбен өрнектеп жеткізу мүмкін емес.
Абай атамыздың мұражайы қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұсынысы бойынша Ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нің Халық комиссарлары кеңесінің сәуірдегі қаулысымен құрылған екен. Сол жылы ақын мұражайының тұңғыш экспозициясы Абай Семейге келгенде түсіп жүрген үйлердің бірі – Бекбай Байысовтың шаңырағында (қазір сақталмаған) ашылыпты. Бізге бұл жөнінде Абай мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева айтып берген болатын.
Музей ашылған күннен бастап, Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақов қызметке алынып, Абай туыстарының, ұрпақтарының, замандастарының қолында сақталған ұлы ақынға қатысы бар заттар жинала бастайды. Сондай-ақ, Абайды көзі көрген адамдардың естеліктері, ақын шығармалары қағазға түсіріліп, музей қорына қабылдау жұмыстары да қолға алынады. Бүгінгі таңда музей қорында барлығы 20 мыңға жуық экспонат болса, оның 11 500-ден астамы негізгі қорда. Солардың арасында Абай Құнанбайұлына тікелей қатысты жәдігерлер де бар.
Қазіргі таңда Абайдың бейнесі сақталып қалған екі фотосурет қана белгілі. Иә, 1896 жылы Ділдәдан туған тұңғыш ұлы Ақылбай мен Әйгерімнен туған Тұрағұлмен түскен фотосурет музей қорына түскен алғашқы жәдігерлердің бірі. Семей қаласындағы Н.Кузнецов деген фотограф түсірген бұл суретті Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Мұхтар Әуезовтен алып келген деседі.
Ал екінші фотосурет 1903 жылы киіз үйдің ішінде түсіріліпті. Онда Абай, ұлдары Мағауия мен Тұрағұл, немерелері Пәкизат, Әубәкір, келіні Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі) және әйелі Еркежанның бейнелері бар. Бұл фотосурет те музей қорына М.Әуезов арқылы 1959 жылы түскен екен.
Музей қорындағы тарихи құндылығы басым тағы бір жәдігерді атап өткеніміз дұрыс. Ол Абайдың 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған хаты. Бұл хат Мұсахан Балтақайұлы қолжазбаларының ішінен 1997 жылы араб графикасынан қазіргі әріпке аударма жасау кезінде табылыпты. Хат жұқа ақ қағазға жазылған. Түпнұсқа. Жоғарғы шетінің оң жағы, орта тұсының сол жақ шеті және төменгі шетінің сол жағы ұзақ сақталуға байланысты жыртылған.
1885 жылы Абайдың Семейдегі орыс достарының бірі Нифонт Долгополов жаз мезгілінде Абай ауылында екі айдай болып, қайтып келгенінде, Семейдегі өлкетану музейіне қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты елуден астам зат тапсырыпты. Бұл заттардың барлығы Абай ауылынан әкелінген заттар екен. Олар асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піспек, табақ, шыныаяққап, әшекейлі құтылар, бесік, ұршық сынды үй-ішінің жабдықтары; айбалта, найза, шоқпар сияқты қару-жарақтар; көрік, төс, қысқаш (ұста саймандары) және қобыз, сыбызғы, асатаяқ, домбыра сынды музыка аспаптары да болған. Тіпті, күнделікті тұрмысқа қажетті қара сабынға шейін тапсырылыпты.
1963 жылы «Ертіс» газетінің қыркүйектегі нөмірінде Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған. Ғалым арнайы Абай мен Долгополов тапсырған заттарды өлкетану музейінің экспозициясынан, қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздеп, анықтау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде Қ.Мұхамедханов Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан көрінеді. Бір жылдан кейін Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттардың 17-сі ақынның өз музейіне беріледі. Қазіргі уақытта бұл экспонаттар Абай музейінің баға жетпес жәдігерлері.
КІСЕ БЕЛБЕУ. Ұзындығы – 110 см., бір кісе, екі оқшантайы бар делінген.
Белбеудің өзінде металдан жасалған 17 әшекей бар. Олар әр түрлі пішінде жасалған: төртбұрышты, тармақты жұлдызша тәрізді.
Кісенің биіктігі 18 см. жарты шеңбер пішінінде жасалған. Кісенің жоғарғы екі бұрышында шеттері ирек төрт бұрышты күмістелген металл әшекейлер бар. Ортасында он тармақты, диаметрі 6 см. үлкен жұлдызша және кісенің өн бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдызшалар орнатылған. Кісе жасалған терінің бетінде металл әшекейлермен үйлесе салынған өрнек те бар. Оюлар мен металл нақыштары әдемі үйлесім тапқан.
ҚҰРСАУЛАНҒАН КЕСЕ. Қазақ даласында фарфор жасау өндірісі болмаған. Қымбатқа түскен фарфор, фаянс ыдыстардың сынғаны болса лақтырмай, оларды әлі де қолдануға мүмкін болатындай етіп, құрсаулап жөндеп алуды сол заманда қазақ шеберлері өте жақсы меңгерген. Кесенің бір жақ шеті 4 үлкен, 1 кіші бөлшекке сынған екен. Осы сынған бөлшектер орын-орнына желімденіп қойылған.
Кесенің жоғарғы жиегін құрсаулаған металл пластинаны дөңгелей орнатқандағы жігі көрінбейді, тіпті қолға да білінбейді. Ал кесенің ернеуіне құрсау темір тұтасып кеткендей әсер аласыз. Себебі, ұста металды кесенің жиегіне соншалықты шебер жапсыра білген.
АСАТАЯҚ. Бұл – қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Оны ертеде абыздар мен бақсылар қолданған. Асатаяқтың ұзындығы 128 см. Сабы жұмыр ағаштан жасалған. Аспаптың басы сопақша жапырақ пішінді, шеті ирек жасалған. Екі беті де әшекейленген. Бетінде ағашқа арнайы сегіз ойық жасалып, оларға жез қаңылтырдан жасалған өрнекті, оюлы әшекейлер, тастар орнатылған.
СЫБЫЗҒЫ. Қазақтың үрлемелі көне музыка аспабы. Қурайдан, ағаштан, кейде жезден де жасалады. Ойылған ағаштан жасалған аспаптың ұзындығы 64 см. Ортасы ойылған екі ағашты бір-біріне желімдеп, алдымен жіппен орап, оның сыртынан малдың ішегі киілген. Бір жақ басының диаметрі – 1,7 см., екінші жағы – 2,2 см. Үрлейтін жағынан арасы 5 сантиметрден 3 ойығы бар.
ПІСПЕК. Қымыз пісуге арналған құрал. Піспек сабаның бойынан екі-ұш тұтамдай ұзын, төменгі жағына айқастыра бекітілген екі ағаш немесе төңкерілген тостаған тәрізді ағаш бекітіледі. Піспектің үлкендігі сабаның көлеміне қарай жасалады. Кезінде өлкетану музейіне піспек жалғыз емес, сабамен бірге тапсырылып, сабаның сақталмай қалуы әбден мүмкін дейді мамандар.
Піспектің ұзындығы 59 см., төменгі жағы жарты сфера тәрізді ойылып жасалған. Піспектің жоғарғы жағы төрт қырлы үшкір жебе сияқты. Піспек орта тұсынан кезінде қиғаштай сынған, сондықтан сынықтары бір-біріне жанастыра екі жерден мыс сыммен оралып, орнына бекітілген.
АЙБАЛТА. Ұлы ақынымыз тапсырған айбалта әшекейсіз, қара металдан жасалған, жүзі уақыт өте мүжіліп, сабы қолданыста көп болғандықтан ағашы жарыла бастаған.
Айбалтаның ұзындығы – 98 см., жалманы – 7,2 см., жүзі бас жағынан мүжілген, шүйдесі – 10,9 см., жалманының ұңғысы жағынан өлшемі – 2,5 см. Сағағынан сынып кетпес үшін айбалта ұңғысының шүйде жағы ұзынырақ жасалған және екі жағынан да бекітпе темір орнатылған.
ШОҚПАР. Қайыңнан жасалған. Ұзындығы – 86 см. Шоқпардың басы сопақша. Өлшемі – 12 х 7см. Сабының ұзындығы – 74 см., түбінен – 6 см. мөлшерде ағашта бүлдіргі өткізу үшін арнайы тесік жасалған, бірақ бүлдіргісі сақталмаған. Шоқпардың сағағы – 4,5 см., сабы түбіне қарай жіңішкерген.
Абай Құнанбайұлының өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлерін Семей қаласындағы Бас экспозиция залдарынан және Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі экспозициясынан көруге болады. Сондай-ақ, музей қорында Абай оқыған имам Ахмет Риза медресесінің шатырынан табылған алуан түрлі тақырыптағы 250 кітап сақтаулы. Арасында діни кітаптармен бірге әлем тарихы, география, астрономия, математика, биология, анатомия, тіл-әдебиетке байланысты оқулықтар, шығыс ақын-жазушыларының шығармалар жинақтары да кездеседі.
Ұлы тұлғадан қалған баға жетпес осындай құнды жәдігерлерді қаз-қалпында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан музей қызметкерлерінің еңбегіне ризашылығымды білдіруді де ұмытпадым.
Маржан ТҰРЫСБЕКҚЫЗЫ