Ел дамуының әр кезеңінде халық тауқыметін арқалап, көштің басында, желдің өтінде жүрген азаматтарымыз аз емес. Замана да әр тұста өзіне қажетті ұл қыздарын өмірге әкеліп, сол дәуірдің қозғаушы күші болдырып отырғаны баршаға мәлім.
Себебі марғасқалардың тұтас бір кезеңнің келбетін айқындап, қоғамды алға сүйреген, дамысын жеделдеткен өмір жолын, елге сіңірген ерен еңбегін пайымдай келе оларды замана талабымен туған деген ойға еріксіз келеміз. Міне, осындай тау тұлғаларымыздың бірі – Жәнтекей-Тайлақ рулы Қабдыл Шәбіұлы еді.
Қабаң өзінің іскерлігі мен қабылетінің арқасында ел басқару ісінің өнегелі үлгісі, биік шыңы болып тарихта қалды. Ол басқару саласында «ең, ең» деген жоғарғы рекордтарға ие. Мәселен, 1955 жылдан бастап Баян-Өлгий, Қобда, Хэнтий, Увс, Хөвсгөл аймақтарының басшысы қызметін 24 жыл бойы үздіксіз атқарып, еліміз тарихында жергілікті жерді басқару қызметін ең көп атқарған тұлға, жалғыз қазақ ретінде тарихта қалды. Сонымен қатар, қай өлкенің жұмысы жүрмей тұралап тұрса, сол жерге жіберілетін, өзіне сеніп тапсырылған өкіметтік шаруаны шырқ үйіріп, аяғынан тік тұрғызатын іскерлік қасиетін кезінде Ю.Цэдэнбал да аса жоғары бағалап, «біздің өрт сөндірушіміз» деп көтермелеуі – Қабаңның тұғыры биік, өресі кең тұлға екенін айқындайды.
Қабдыл Шәбіұлы 1923 жылы қазіргі Шыңжан-Ұйғыр автономиялық районының Алтай аймағы, Қызылтас өлкесінде дүниеге келіпті. Қаршадайынан әкеден жетім қалған ол қарт әжесі, анасы, інісімен бірге 6 жасында аймағымыздың қазіргі Аққөл өлкесіне қоныс аударады. Бар болғаны 9 жасынан Ақкөл жалғастыру базасында еңбек етіп, нәпақа таба бастайды. Тағдыр тауқыметін кеше жүріп өз бетімен хат танып, 1943 жылы есепші қызметіне тағайындалады.
Қабаңның іскерлік қабылеті жас кезінен көзге түсіп, 1945 жылы аймақтық Партия комитеті жалындаған жасты Моңғол Халық Революциялық жастар комитетіне нұсқаушы, екі жылдан кейін Дене шанақтыру басқармасының басшысы етіп тағайындайды. Ал, 1948 жылы МХРП-на мүшелікке ілесіп, іле шала аймақтық Революциялық Жастар одағының бірінші хатшысы лауазымына көтеріледі. Осылайша өзінің алғырлығы, зейінділігінің арқасында ерте ер жетіп, 1952 жылы Мәскеу қаласындағы Комсомолдар орта мектебіне оқуға жіберіледі.
Мәскеуде 1 жылдай болып оқуын тәмамдап келген Қабаң Орталық партия комитетінің қаулысы бойынша Увс аймағының Революциялық жастар одағының бірінші хатшысына, 1953 жылы партияның Саяси бюросының шешімімен Баян-Өлгий аймағының Халық депутаттар хуралы атқару әкімшілігінің башысы лауазымына тағайындалып, 1959 жылға дейін жұмыстайды. Осылайша ол кісінің ұзақ жылдық басшылық қызметіне жол ашылады.
1959 жылы наурыз айының 8-і күні Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының Орталық комитеті жанындағы Партия жоғары мектебіне оқуға түсіп, 1962 жылы оқу орнын үздік үлгеріммен тәмамдайды. Жоғары білім игеріп келген жас маман сол жылдан Хэнтий аймағы атқару әкімшілігінің басшысы, 1964 жылы Увс аймағының Партия комитетінің бірінші хатшысы, 1965 жылдан 1976 жылға дейін Қобда аймағының, 1976-1979 жылдары Хөвсгөл аймағы атқару комитетінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Ол кісінің іскерлігі мен қандай да бір мәселені созбақтап соз бұйдаға салмай дер кезінде шешіп отыратын басты ерекшелігін Сарай Асқанбайұлы өз естелігінде: «Қабаң басқарған жылдарда аймақтың ісі оңалып, ілгері басып тұрды. Аймақтың жауаптылары ол кісіні «Автомат Қабдыл» деп атап жүрді. Өйткені, іске жауапты, әрі шешімді азамат еді. Қандай шаруаны да тез шешетін. Сондықтан да ел солай айтқан болу керек. Мен аймақ әкіміне 1970 жылдың аяғында тағайындалдым. Үкімет жері маған «Қабаңа барып кеңес ал» деді. Мен Қобдада Қабаңның кеңсесінде 3 күн отырып, анда-мұнда барып шаруасымен танысып, көп үйреніп қайттым» деп аса жоғары бағалайды.
Қабдыл Шәбіұлы алғаш Баян-Өлгий аймағының әкімі болып тағайындалғанда аймақ бойынша 12 бірлестік, 443 мүше, бар болған 14 мың басты ортақ мал болыпты. Әрі аталған бірлестіктер нығайып, аяғынан тұрмаған, халық бірлесіп еңбек етудің мән-маңызын толық түсіне бермеген, малшылар бірлестікке кіруден гөрі жалтарып қалыс қалуды көздейтін аумалы-төкпелі кезең болса керек. Осындай қиын-қыстау шақта аймақ тізгінін ұстаған Қабаң өкімет пен халық көпшіліктің қолдауына сүйеніп, аймақ бойынша бірлестіктендіру қозғалысын өрбітіп, маманды кадрлармен қамтамасыз ету, малшыларға ортақ шаруашылықтың маңызын түсіндіру жұмыстарын пәрменді ұйымдастырады. Нәтижесінде 1959 жылы Қабаң жұмысын өткерерде аймағымыз бойынша 35 бірлестік құрылып, ортақ дәулеттің жалпы сомасы 2 есеге ұлғайып 7,6 миллион төгрөгке жеткен екен. Сонымен қатар, себетті қаша, қора салу жұмысын тиімді ұйымдастырғанның нәтижесінде бірлестіктердегі барлық ұсақ малдың 98 пайызы, ірі қараның 92 пайызы жылы орынжайлы болдырылады.
Қабаңның өзге аймақтарда атқарған жұмыстары да жемісін беріп, мал басы өскен, құрылыс, тете құрылым, өнер, білім беру, мәдениет, т.б. салаларда айтулы табыстарға жеткенін сол кезде бірге жұмыстаған үзеңгілестері өз естеліктерінде мақтанышпен жазады.
1980 жылы денсаулығы сыр беріп, Мәскеу қаласында 2 айдай емделеді. Әрмен қарай жергілікті жерде ауыртпалығы көп жұмыс атқаруы қиынға түскен соң Хөвсгөл аймағының басшысы қызметінен босап, Улаанбаатар қаласында қоныс аударады. Ел астанасында Моңғол Халық Республикасының Министрлер кеңесінде ұйымдастырушы қызметін атқарып жүріп 1989 жылы дүниеден өтеді.
Сурет: Орталық стадионның ашылу рәсімі
Биыл қоғам қайраткері Қабдыл Шәбіұлының дүниеге келгеніне 95 жыл толып отыр. Аталмыш мерейтойға орай аймақтық АӨҚ-ы Басқармаларының қаулысымен Өлгий қаласының Орталық стадионына Қабдыл Шәбіұлының есімі берілді.
Өз өмір тарихын ұлан байтақ Моңғол даласына адал еңбегімен, ақыл парасат, іскерлігімен айшықтап жазып кеткен Қабаңның есімі ел есінде мәңгіге сақталары хақ. Әл талай естеліктер жазылып, жұмыс тәжірибесі зерттелері сөзсіз.
Елін сүйген асыл ердің арман мұраты, үлгі өнегесі жас ұрпаққа ой салып, намысына қамшы басып, шамшырақ болып жана бергей, ағайын.
Нұрболат ӨНЕРХАНҰЛЫ