Көптің көңіліндегі кейіпкер

ЖҰМАТАЙДЫҢ ЛӘЙЛАСЫ

Кезінде жатақхананың қара нанын бөлісіп жеген қаламдас дос Қазыбек Құттымұратұлының көңіліндегі сүйіктісіне арнаған студент шақтағы бір өлеңінде «Сұлулығы өзіңнен қандай екен, Жұматайдың Ләйласын көрер ме еді...» деген жолдар бар-тын. Шынында да жауһар жырлар иесі Жұматай Жақыпбаевты оқыған кез келген адам шайырдың өмірлік ғашығы әм музасы Ләйла аруды көріп, кім екенін білуге қызығушылық танытары анық.

Біздің шәкірттік шағымыз сол кез аты ауыздан түспей тұрған Жұматай ақынмен "ауырумен" басталған еді. Енді ғана ҚазМҰУ-дің студенті атанып, сол уақтағы дәстүр бойынша ауылшаруашылық жұмыстарында, Алматы маңындағы Шелек ауданында жүзімдікте жүрген кезімізде, 1990-жылғы қыркүйектің ортасынан ауа ақынның дүние салғаны туралы қаралы хабар жетті. Содан соң-ақ көзі тірісінде оншалықты еленбеген оның нағыз «екінші өмірі» басталып, аты гүрілдеп жүре берді.

Біз, қатарластар, өзіміз көзімізбен көріп үлгере алмай қалған қайран Жұмағаңның: 

– Сені, Ләйла, қара көзді киелім,

Қайыспайтын қара жерше сүйемін! – деп, енді бірде:

– ...Кетер күнім... Келер, келер ол дағы,

Бір қаралы шеру шығар жолға әлі,

Сол бір кезде жан баласы жыламай,

Ләйла, жалғыз сен өксісең болғаны, – деген, болмаса:

– Қанша ғажап азап шектім Ләйла деп,

Менен асқан бақытты адам жоқ, күнім! – деп кейде шаттана, кейде мұңая жырлаған туындыларын жатқа соғатынбыз. Оған еліктеп жыр жазып, ақынның өзіне өлең арнағандарымыз да аз емес. Шайырдың көзі тірісінде шыққан қалыңдығы пышақтың қырындай ғана үш жинағының сирек даналары арамызда қолдан қолға өтіп жүріп тозды десек болады. Соның бірі – «Ләйла» атты кітапшасы. «Тәкаппар аппақ жүзінде Тарыдай бір мең бар...», «Ханшадай өзін ұстаған, Қара алмас көзді, бал ерін» Ләйланың Жұматай өлеңдеріндегі детальдардан құралып, әрі қарай қиялымызбен сомдалып-өңделген сұлу бейнесі әрқайсымыздың көкейімізде сол кезде орын тепкені рас. Ал өмірдегі Ләйла Бейісбекқызы Досмұхамбетованың сонау 60-ыншы жылдардан бері Мәскеуде тұратынын білдік осы мақала алғаш жазылған 2008-жылы.

Ләйла Бейісбекқызы Досмұхамбетова

(Жұматайдың Ләйласы осы)

Қосылуына тағдыр жазбаған, бірақ Жұматайдың жырына өмірлік өзек болып, көптің көңіліндегі аңсарлы бейнеге айналған «Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ» сол Ләйланың анасы Балапан Арынова мен туған сіңлісі Майра Қабдулова (кейінгі тегі) астанамызда тұратыны туралы мағлұмат құлағымызға тигенде, жүздескенше асықтық. Алдымен телефон арқылы тілдестік, алайда Балапан апаймен кездесуіміз кешеуілдей берді. Сол жылы қаңтардың 5-і күні жасы 84-ке толған кейуана ауырып қала берген соң, ақыры қызы Майрамен жолығуды қанағат етуге тура келді.

– Өздеріңіз де білетін боларсыздар, Ләйла мен Жұматайдың арасында айтарлықтай терең, тығыз қарым-қатынас болмаған ғой. Жұматай онымен бірер рет қана кездесіп, тек бірнеше рет үйге шығарып салған сияқты... Анамның жұмыс бабымен біздер Талдықорғанға көшкенімізде Ләйла сондағы кешкі орыс мектебінде оқыды да, Жұматай соған қарама-қарсы орналасқан қазақ интернатында жатқан екен. Сол кездері танысса керек, – деді кейіпкеріміздің сіңлісі Майра.

Жұматайдың өзінің:

Шығармай жүрдім бір де естен, 

Ұмытып ұйқы-күлкіні,

Бір рет қана тілдескен

Бейнеңді сенің күн-түні, – деп, және:

Он жетімде сені көрдім, көрдім де,

Көрмей сені тұра алмайтын болдым мен! – деп жазғандары сол шындықтан азды-көпті сыр аңғартса керек.

Ләйланың Жұматай алғаш көрген жоғары сынып оқушысы кезі

– Ләйла екеуміздің арамыз 8 жас, ол жоғары сыныпта оқығанда мен бастауыштағы баламын. Талдықорғанның жанындағы Еркін деген ауылда тұратын біздің үйге дейін Жұматай қаладағы мектепте оқитын Ләйланы шығарып салған кездері болған, ал ол едәуір жер, – деп еске алды Майра Досмұхамбетова-Қабдулова бізбен әңгімесінде.

Ләйла 1946-жылы 4-қазанда дүниеге келген. Ол – үйдің тұңғышы, Майра кенжесі екен. Араларында үш ұл болыпты, бірі сәби кезінде шетінесе, қалған екеуі 45, 47 жастарында қайтыс болған. Ал әкелері Бейісбек балалар үйінде өскен, Ұлы Отан соғысына қатысқан кісі екен. 1984-жылы 64 жасында өмірден өтіпті.

–  Ләйла тәтем кейін ҚазМУ-ге түскен соң Мәскеу университетіне ауыстырылған. Ол кезде үздік оқып, ерекше көзге түскен студенттерді Мәскеу, Ленинград тәрізді сол кездегі Одақтың үлкен қалаларына жіберетін дәстүр болған ғой. МГУ-дің тарих-архивтану факультетін бітірген соң практикада болған Ләйла сол қалада біржола қалып қойды. Мен 7-сыныптан бастап Одақ көлемінде бірнеше рет олимпиадаға бардым. Соның бірінде Воронеж арқылы Мәскеудегі Ләйлаға соққанымда оны әлдебіреу «Сөйлесу пунктіне» телефонға шақырып, мен ере бардым. Телефон шалады деп күтпеген болса керек, алғаш тұтқаның ар жағындағы адамның кім екенін сұраған соң Ләйла таңырқаған үнмен «Жұматай?..» деп дауыстап, сәл кідіріп барып есіне түсірді. Солайша олардың бір-ақ рет телефонмен сөйлескеніне куә болған едім.

Мәскеу Мемлекеттік университетінің І курс студенті кезінде

Сіңлісі Майраның айтуынша, Ләйла жасөспірім шағында қатарластары арасынан ерекшеленіп тұратын алғыр, талапты, батыл, өткір жан болыпты. Барлық нәрсені үйреніп алғанша асығады екен. Орыс мектебінде оқығанымен, қазақтың жалпақ тілінде ауызекі еркін тілдесе алған. Гитара тартып, сахнада ән салатын, ептеп өлең шығаратын да болған. Жақсы оқығаны үшін «Артек» лагеріне де барып, тіпті онда пионерлердің дружина кеңесінің төрайымы болыпты. «Үйге кейін алғысхат келді, лагерьде бірге болған достарынан да Одақтың әр жерінен көпке дейін хаттар келіп жүрді. Сонда тек қана Жұматай емес, оған көп адам ғашық болған ғой, ойлап отырсақ. Егер осында оқып, елде қалса, ол бір атақты адамға айналар еді деп ойлаймын» дейді Майра Бейісбекқызы.

Осы мақаламыздың алғаш «Айқын» газетінде шыққан нұсқасында (28- ақпан, 2008-жыл, № 37(974) әйгілі «Гауһартас» фильмін түсірушілердің Ләйлаға бас кейіпкер рөлін ұсынып, қолына сценарийді беріп, бірталай айналдырғанын жазған едік. Алайда ол қате дерек боп шықты, сіңлісі Майра артынан өзінің жаңылысқанын, кейін анасынан нақтылағанын жеткізді. Ол кезде біздің мақаламыз жарияланып кеткен еді. Сондықтан оқырмандарға ескерте кетуді жөн көрдік. Бірақ Ләйлаға бірнеше фильмге түсу ұсынысы жасалғаны рас екен. Өкінішке қарай әртіс-актер дегенге үрке қарайтын сол кездің түсінігімен әке-шешесі қарсы болып, «оқуыңды бітіріп ал» деп, рұқсат бермей қойыпты. «Мамам «Біліміміз болса да, біз сол кезде надан екенбіз» деп өкініп отырады, – деді Майра апай ол туралы».

Ләйла анасы Балапан апаймен

Бұл мағлұматтар Ләйла жөнінде алғаш («Қазақ әдебиеті» газетінің 2005-жылғы 21-қазандағы санында) жарық көрген Сайлаубай Тойлыбаев деген автордың мақаласындағы жайттарды толықтыра түседі. Онда Балапан апай Ләйланың тіпті оқушы кезінде «Асока» аталатын операда басты рөл ойнағанын да айтады.

Ләйланың Жұматай жырларынан басқа да өнер туындыларының тууына себепші болғаны хақында Сайлаубай Тойлыбаев жазған тағы бір дерек –  әйгілі композитор Әсет Бейсеуовтың «Меңді қыз» әнінің Ләйлаға арналғандығы.

Талайдың шабытына қозғау салған сол ару Ләйла тағдырдың жазуымен Мәскеуде ұлты басқа бір азаматпен (Сахаров) бас қосқан. Өз отбасы (аман болса, қазір жасы қырықтар шамасындағы) Митя-Дмитрий атты жалғыз ұлы бар екен. Қыз кезіндегі Досмұхамбетова деген тегін сақтап қалған.

Ләйла ұлы Дмитрий екеуі

«Тәтем тұрмысқа кеш шықты, – дейді Майра – Бірақ оған талай, тіпті басқа ұлттың жігіттері де ғашық болған, өйткені көркіне ақылы сай, мінезі де тартымды, көпшіл еді өзі де. Ләйла алғаш өзге ұлт өкіліне, шет жерге тұрмысқа шығатынын айтқанда үй іші қарсы болып, сол себепті ол біраз уақыт ешкіммен хабарласпай, қатынаспай, томаға-тұйық қалды».

Әрине, кейіпкеріміздің байырқалы, тыныш өміріне көлденеңнен килігудің жөні жоқ. Сондықтан Ләйланың тіпті қосағының аты-жөнін жария етуді де қаламаған Майра апайды оның Мәскеудегі мекенжайын сұрап, қинай алмадық. Білгеніміз – Ләйла қызметі арқылы алған Мәскеудегі үйінде тұрып жатыр екен. Зейнет демалысында көрінеді, бірақ әлдебір жеке фирмада жұмыс істеп жүрсе керек. Мәскеуден елге жылда келіп тұрады. Жұматайдың өлеңдері, кітаптары, өзі туралы жазылған мақала – бәрін көрген, біледі. Олар ішкі дүниесінде қандай сезім толқыныстарын тудыратыны енді, әлбетте, сіз бен біз үшін беймәлім, қадірлі оқырман.

Жұматайдың Ләйласы – астанамыздағы Мұхитаралда (2007-жыл)

Айтпақшы, Майра апайдың айтуынша, Ләйла мен Жұматайдың жұбайы Зайда кезінде бір ауылда, Мұқырда тұрған. Сол уақта-ақ Жұматайдың Ләйлаға ғашық екенін айналасындағы біраз жұрт білген көрінеді. Ол кезде барлығы жас, ішінде Ләйланың Шәмшәгүл деген туыс тәтесі бар, біріне бірін сырттай таңып, қалжыңдасып жүреді екен. Жұматайдың бірі – өлеңіне, бірі – өміріне серік болған Ләйла мен Зайданың алыстан туысатын өзара ағайыншылығы да жоқ емес болса керек.

«Айқынға» шыққан мақаламыздың алғашқы нұсқасы

Р.S. Бүгінде интернеттен оп-оңай табуға болатын Ләйланың фотосуреттерін жұртшылық назарына осы мақаламен бірге ең алғаш біз ұсынған едік. Қазір олар көптің олжасына айналды. Алғаш жарияланғанда «Айқара» газетінде қызмет етіп жүрген жорналшы ініміз Арнұр Асқар: «Біздің жігіттер мақалаңызды қырылып оқыды. Біраз пікірлесіп, қызу талқылады. Бұрын өлеңнен білетіні болмаса, ешқайсысы өңін, суретін көрмеген ғой Ләйләнің» деп маған өз әсерін айтқаны әлі есімде.

Міне, Жұматайдың Ләйласының өмірдегі бейнесінің жарияға шығуының тарихы осындай.

...Жалпы, сұлулық дегеніміз шартты ғой. Ең соңынан, қазір ойымызға келіп отырғаны: қаламдас ініміз, ақын Рахат Әбдірахманов өзінің Жұматайға арнаған бір өлеңін «Бар сұлулық Ләйлада емес, анығы – Сол Ләйланы сүйе білген жүректе!» деп түйіндеген еді. Сол сөзде көп шындық бар-ау, негізі...

(Ләйланың суреттері сіңлісі Майра Қабдулова-Досмұхамбетованың жеке мұрағатынан алынды)

Батырболат АЙБОЛАТҰЛЫ

(фэйсбук парақшасынан алынды)

6alash ұсынады