- Қазақы дерт-дербезді мың адамның бойынан мысқалдап емес, бір адамның бойынан тұспалдап та аңғаруға болады.
- Әкім – сыйланған тұлға, ақын – ойланған тұлға.
- Тәнімізді жапырақпен жауып жүретін тағы шағымызда, қабат-қабат киінген бүгінімізден әлде қайда арлы екенбіз деп ойлаймын.
- Махаббат трагедиямен мәңгі, ал, мұратына жеткен, баяшат махаббатты мәңгі дегеннен көрі тұрмыс деп атаған жөн.
- Қазақ тіршілікті «жалған-ай» деп жалғыз ауыз сөзге сыйғызған. Ал, мен болсам өмірлік жарымның бойынан да шынайылықтың нышанын іздеп әбігермін.
- Өзім білмейтінім әйтеуір біздер ертеңгі өмірді қалай өтірік бастау үшін түнімен бас қатырып әзірміз.
- Айналайын ана тілім десейші, тереңдікпен биіктікке қалай-қиналмай-ақ бара білесің? Сені солай «сойқан» сөйлеткен Жұмекендей ақынға Жұма сайын тағызым етпесем кінәлі адамдай күй кешемін.
- Жұмекен жұмбақ емес, өзін-өзі шешіп тұрған ақын. Есесіне «қоян-бұлтақ» заман жұмбақ, ол күлкіден – күңіреніс, бақыттан – сор, сордан – бақыт іздеген дарын.
- Ақын деген бір-ақ рет ұйықтайды.
- Аңғал халқым мені де ақын дейді-ау.
- Дос болам десең қайыр қылмай-ақ қой, қайрылып қарасаң болды.
- Есіркеу – адам табиғатындағы ең жексұрын нышан.
- Шектен тыс кішпейілдік – не жасықтықтың, не аярлықтың белгісі. Ал «мәуелі ағаш» иілсе оның жөні бір басқа.
- Гете, Байрон, Пушкин есімдерін екінің бірі біледі, оларға табынды, ал Абайды қанша халық біледі? Мәселе қазақ тілінің салауатында, ықпалында, болмаса Абай кімнен кем?
- Біз басқалардың алдында өз ана тілімізді сөйлеуден де арланатын дәрежеге жеттік. Ұлт үшін, ұрпақ үшін осыдан өткен зауал жоқ.
- Сенім болмаған жерде серт селге кетеді.
- Ешбір адам қолы жеткен нәрсесін қадірлеп көрген емес, есесіне ертеңіне емініп, бүгінін бүлдіреді.
- Ұлтын сүймегеннің ұрпағынан үміт күтпе.
- Рухани үрей халқы үшін де, жалпы үшін де қатерлі!
- Жұтып тауыса алмадық, жұтылып кетпесек игі еді.
- Қырыққа келгенше қырымнан жатқаным жеткен шығар, енді менде ел құсап шалқалайын.
6alash ұсынады