Жетім өскен қыз едіңіз панасыз,
Енді бүгін жатқан байтақ даласыз.
Ел анасы болдыңыз сіз,
Болмай ше!
Он азамат,
Он балаға анасыз!
Адам жаны өрілмеген таспадан,
Адам – адам,
Ұғама оны тас надан,
Он баласы бар ананы бүгін де,
Он есе артық сыйлау керек басқадан!
Қызыл шақа сәби үшін егесте,
Көрместі де көрдіңіз-ау,
Көбі есте.
Бір он жылға қартайтқанмен,
Әр қайсысы
Он-он жылдан жасартты да емес пе?!
Өмір көші бақытқа бет бұрарда,
Уақыт шіркін бір орында тұрарма?!
Немереңіз бір команда бүгін де,
Жиеніңіз, аз дегенде, бір ария!
Білмесек деп дүниенің қысымын,
Шотқа қағып табысы мен түсімін.
Жаялықтан қашқан жандар бір кезде,
Жүр қазірде ермек қылып мысығын!
Бесіктегі немерені «Күнім!» деп,
Отырсаңыз сіз теректің түбінде,
Қиынынан қашқан жандар сәбидің,
Ит жетектеп қыдырады бүгін де!
Қыдырыңыз, күй шертіңіз, ән салып,
Қайғы сізді қумайды енді қамшы алып.
Қанша келін, қанша күйеу балаңыз,
Құдалар мен құдағилар қаншалық!
Арасында ошақ пенен бесіктің,
Айдай кездер өтіпті, рас, есіттім.
Саны қанша енді міне күн сайын,
Сізді күтіп сағынатын есіктің.
Болашақты болмайды екен еш біліп,
Бар ғұмырын өткізем деп хош қылып.
Бөбек үшін қимағандар кештерін,
Баспанаға симайды енді кешкілік!
Жортқанменен қалмайды ғой із құмда,
Жүрмеген соң ұлың онда, қыз мұнда.
Қалтасында жүз мың қалмақ біреудің,
Бір мұрагер жоқ бірақ сол жүз мыңға!
Бесік жыры ашады адам мінезін,
Бесік жыры – ең сүйікті әуезім.
Он балаға ана болған адамға,
Он бірінші бала болам мен өзім!