«Ел қамын ойлаған, қызыл тілін қару еткен қазақ жыраулары әрқашан өз ойларын ашық айтқан» дейді қазақ тарихын суша сапырған, өз кезінің аса биік, шоқтықты жазушысы Ілияс Есенберлин. Сол қазақ жырауларының Жамбыл Жабайевпен дәуірлес жасаған біздің елдегі ең соңғы сарқыттарының бірі, бірі болғанда да бірегейі, қайталанбас тұлға – Ақыт Үлімжіұлы. Біздің елдегі, біздің ел әдебиетіндегі қызыл тілді ең шегіне жеткізіп пайдаланған, онан адамның ойына келмес ішкі өрнектер салып, тілдің ішкі көмес мүмкіндіктерін еркінше аша білген де осы Ақыт Үлімжіұлы. Сонан да тілдің пайда-зиянын ол мына бірнеше жақтан тұрақтандырған.
Бірінші, тілдің қасиетін, адамға ықпалын дұрыс жақтан тұрақтандырған. Сонан да ол сөз бен жырды қызыл тілге байлап түсінеді. Бұл біздің «Сөз, тіл – ойдың туындысы» дейтін кім көрінген айта беретін дәстүрлі назарияларымызға сәл де болса бағынбай кетеді. Ол осы ұстанымына сәйкес «Ақыл мен зейін, жыр мен сөз қызыл тілден таралған» (1-том,184-бет) дейді. Бұл жерде қызыл тіл адами сипат алып тұр. Бұл бір қарағанда «Сөз – ойдың туындысы» деген дәстүрлі қағидамен сәйкеспейтіндей көрінгенімен, «Сөз ойдан туылады, сонан соң қайта айналып ой үшін қызмет етеді» деген қағиданы қазақы тұрғыдан айқындай түседі. Бұл осы тұлғасында тек ақытша ойлау жүйесіне жатады. Ақыт қызыл тілді құдырет тұрғысынан таныған. «Ақыл, зейін, жыр, сөз» бұлардың барлығы қызыл тіл алдында қанатсыз құс сияқты. Онсыз олардың бағы жанбайды, жолы да болмайды. Қызыл тілсіз олар бейне бір сақау, саңырау немесе бір меңіреу адам сияқты. Онымен еш нені тани алмайсың. Осы уағызын онан ары өркендеткен ақын енді бір тұста «Сөз базар, ақ қағазға салсам назар, мысалы қыз ұзатқан бейине жиын» дейді. бар нәрсе сол қызыл тілдің құдыретімен ашылады, жайнай түседі демекші. Дәл осы жерде данышпан Лұхпан Хакімнің «Қане, енді сіз сөйлеңізші, сіздің кім екендігіңізді білейік» деген сөзі келіп түседі еске.
Иә, данышпандар қашанда бір-бірімен үндесіп жатады. Оны ойдың түпкі қазығынан бір-бірінен мүлде бөле алмайсың. Әнеки, біздің әдебиет саласындағы бар білермендерімізді жинап алып, өзімізше ғылми талқы жасап, әркім әр жаққа тартып, өз уағыздарын өзеурей уағыздап, келісе алмай, аяғында «әркімнің өз көзқарас, пікірі бар» деген ене көкірек, беймағына сөзбен өзімізді өзіміз алдаусырататын шағымыз дәл осы жерде түкке де тұрмай қалады. Әуел десеңіз, осының өзі біздің әлі балаң, балауса күйдегі ақыл-ойдың адамдары екендігіміздің бұлтартпас дәлелі. Шынтуайтына келгенде, әркімнің өз көзқарсы болып отырған шағымыз, біздің дөйдалаға сөйлеп отырған шағымыз. Қараңыз, жаңа ерадан ары қарай есептегенде төртінші ғасырдың азаматы Аристотел, сонан соң араға мың жылдай уақыт салып туылған пайғамбар Мұхамед (с.а.у.), сонан соң тағы да 300 жылдай уақыттан соң жасаған дүниенің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фараби, онан ары тағы да араға мың екі жүз жыл салып туылған Абай мен Ақыт неге бірінің аузынан бірі түскендей сөйлейді? Неге әркімнің өз пікірі, көзқарасы болмайды? Мұның жауабы біреу. Жаратылыстың тегі өзгермейді. Болмыстың қағидасы ұқсас. Оны ешкім де өзгерте алмайды. Оған еш нені қоса да алмайды. Біз сол текке, ұқсастыққа жақындай алмай отырмыз. Сонан да аузы бекітілген домалақ бір күбі тауып алып, аузын таба алмай, ары-бері домалатып әуреге түскен бір топ маймылдай, болмыстың өзін быт-шыт қып отырған жайымыз осы. Ал Ақыт Үлімжіұлының бұл топпен керегесі қиылыспайтын түрі бар. Осыдан ары қарай ақын сөздің, қызыл тілдің қасиетін онан ары аша түсіп, «жанға жылы жақсы сөз, жүрекке шипа, еммен тең» дейді (1-том,307-бет). Бұл Ақыттың қызыл тіл қасиетін мүлде тереңдей түсінгенін көрсетеді. Ашалап айтқанда, Ақыт тілді адам жанымен, рухымен үндестіре, кірелестіре түсінген. Ол біз сияқты «Тіл – адам пендесінің қатынас құралы» деп қарабайыр түсінбеген. Сонан да тілді тек дыбыс тұрғысынан ғана түсінетін арзанқол ойлау жүйесінде болмаған. Тілді адам пендесі сөйлейді, сонымен бірге, тілдің өзі де сөйлейді деп түсінген.
Тілдің адам пендесінің рухына тоғытылып жататынын білген. Ал, шындап келсек, тіл – рухтың сөлі. Бұны атамыз қазақ құдды Ақыт құсап түсінген. Сонан да олар бұл көзқарастарын «жаман сөз ауыз садағасы, жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді» деген тіркестермен бейнелейді. Түс жорығанда сәпсім жақсылыққа қарай жориды. «Қаупың неден болса қатерің сонан» деген сөз де осы аяның төлі. «Тіл тиді» деу де осыған жөптелгі. Тілде құдырет бар. Бұл жерде бір тылсымның кеніші жабулы жатыр. Ашуланғанда, қуанғанда адам неге жылайды? Оның себебі, тағы да сол рух әлемінің аласапырандауынан келеді. Сонда сол әлемді аласапырандататын да осы тіл. Тіл – рухтың бөбегі. Ол әншейін ауаға дыбыс күйінде тарап жатқан сияқтанғанымен, іс жүзінде өзі туындаған рухтың жер ғана көтере алатын зілмауыр салмағын өзінің құпия аясы арқылы енді бір рухқа көшіреді. Бұл жерде адам рухының өрістестік қатынасы бар.
Бұл өрістің ендігі де, бойлығы да тіл. Мінеки, осы тылсым шырмау адам пендесін бір уақыттың ішінде айрандай ұйытып, бір уақыттың ішінде сүттей іріте алады. Ондай болса, тіл құдыретін танымау, тіл қойнауында ұйып жатқан кие мен тылсыматты түсінбеу әрбір ақыл-есті, саналы азаматтың басындағы қасыретке сакін. Ақыт міне осы қасыреттен құлан-таза күйде ғұмыр кешті. Ол тілді құдырет деп санады, кие деп білді. Сонан да «Жан дауасы жақсы сөз» деген терең пәлсапалық ой қорытты. Адам пендесінің жан жүрегін, рухын, барлық өзек өртеген сандалысты руханиялық күйін тек қызыл тілмен емдегісі келді, емдеді де. Сол үшін санасын сарықты, рухын тоздырды. Ол өз өмірінде, әсіресе қаламының ұшында «Зорлықты күш, төңкеріс» деген сөзді аузына да алған жоқ. Ол төңкеріс деген ұғымды енгелс дәріптегендей «бір топ құралды адамның, енді бір топ құралды адамды жаныштауы» деп анықтамады, қайта «ғылым-білім» деп анықтады. Дүниені өзгертетін де, адам мен адамды бір біріне теңестіретін де сол ғылым-білім деп білді. Оның ойынша адам пендесінің барлығы білімді, ғылымгер болса, олардың жүректеріне жылу ұялайды, бірін-бірі сүйеді, аялайды деп ұқты. Сонан да бар нәрсені ғылым, білім, ақыл – ес шешеді. Адам пендесі ғылым, білім арқылы озық ақыл-еске ие болады. Ал, озық ақыл-ес елдікті, бірлікті, адамдықты тудырады. Адамдық туады екен, былайша айтқанда, бар адам ақыл-есті болғанда бәрі бір-біріне теңеледі. Байы қайырымды, кедейі ақ жүрек болады деп тұжырымдады. Сонан да ақын «Түбі берік тура сөз, кезеп атқан мергендей» дейді (1-том,350-бет). Ақынның бар қаһарланғанда айтқан сөзі осы. Ақын үшін қызыл тіл құрал. Сонан соң, оның түпкі тегі берік болу шарт. Тіке мағынасынан айтқанда, ақиқат болу керек. Онан арғысы тура кезелу. Міне, сонда дәл нысанаға дариды. Қандай әдемі уағыз?! Ақынға жарасып-ақ тұр. Бұл жерде Ақыт күллі дүниені өзінің жүрегінің лүпілімен есептеген. Тек жетпей тұрған нәрсе ғылым-білім. Сол толықтанса болды. барлық адам өзі сияқты ізденгіш, жүрегі жылы, еміренгіш болады деп түсінген. Ақын осы мүлде тұрақтанып, өзінің ой жүйесінде кемел тапқан бекем тұжырымын онан ары дамытып, қызыл тіл адам пендесінің байлығы, қазынасы, бар адамға ортақ дүние, жаратылыс сыйлаған төл енші, онан бар адам ортақ игіліктену керек деп түйеді. Осы уағызының нәтижесі ғой ақынның «көкіректегі даяр сөз, қойынға салған ақшадай» дейтін шағы (1-том,65-бет). Бұл ақыттың руханиялық дәріптемесінің ең шегіне жеткен шағын білдіреді. Бұл өзі тек ақытша ойлау жүйесінің ең биігіне жетіп, белгілі идеялға айналған мүлдемдік күйі. Ақыт қызыл тілдің, сөздің өзін ақша дейді. Дәл осы жерде кезіндегі араб пәлсаптарының бірі айтқан мына сөз еске түседі. Бір данышпан араб пәлсабы өзінше жетілген бір шәкіртін ертіп, патшаның алдына барса шакірті қайта қайта иінін келтіріп мақтай берсе керек. Оның сұлу сөзі мен данышпан пәлсаптың құрметіне патша бұларды мол сыйлықпен аттандырыпты. Қаладан былай шығып алған соң пәлсап шәкіртіне:
– Шакіртім, есіңде болсын, пара беру дана адамға жараспайды,- депті.
– Қайдағы параны айтасыз ұстазым?- депті шакірті түсінбей.
– Манадан бергі шы?
– Қайдағы пара ол манадан бергі?
– Сөздерің шы?
– Сөз дейсіз бе?
– Иә!
– Ол қалайша пара болады?
– Қандай сөз деп ойлайсың сен оны?
– Біраз мақтадым. Онан басқа не? Өзі де мақтауға тиісті адам ғой.
– Иә, мақтауға тиісті адам екенінде шек жоқ дейік.
– Онда не тұр?
– Солай болса да адамды бетіне ондай мақтауға болмайды. Одан адамның жаны көпсиді, рухы қозады, жүрегі рақаттанады. Білсең пара есебінде апарып берген мол да асыл дүние адамның жанын көпсітеді, рухын қоздырады, жүрегін рақаттандырады. Мінеки, ролы бірдей болды ғой. Олай болса, артық қолпаш сөз бен асыра мақтау қандай шын болған күннің өзінде де пара есепті. Бұл тұрғыдан алғанда, сен аса кінәлі адам есептісің.
– Кешіріңіз, ұстазым,- депті сонда шәкірті, – Мен бұл жолы бұлай болғанда аса ауыр күна өткізген екем, бірақ осындай ұғым сіздің маған берген дәрістеріңіздің ішінде жоқ қой.
– Әрине, жоқ болады да.
– Неге?
– Бұның себебі, шынайы білім көзге көрініп, қолға ұсталып жүрмейді. Ол адам рухы арқылы сіңеді. Бұны жалаңаш мағынада түсіндіру керек болса, менің саған бергенім шелек-шелек сүт сияқты да. Ал, сенің қабылдайтының соның нәрі, маңызы. Тура мағынада айтқанда, әрбір үйренушінің бір ұстаздан дәріс алып тұрып, әр түрлі болып шығуы, міне, осының себебі. Сен сол сүтті сүт күйінде жұта берген екенсің-ау, - депті ұстазы. Міне, көрдіңізбе, данышпандар сөздің өзін жалаң сөз күйінде түсінбеген. Оған өзіндік әр беріп, оны басқа нәрсеге айналдырып жіберген.
Бірәқ, әр түрлі атаған. Ақыт Үлімжіұлы оны ақша десе, мынау араб пәлсабы пара дейді. Иә, қызыл тілдің құдыреті шексіз. Сонан да халқымыз айтқан ғой, «тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп. Ойлап отырсаң, тіл бұл жерде де өзінің сүйектік мағынасынан мүлде басқа мағына алып кеткен. Міне, осы қасиетті мақалдың енді бір қырын Ақыт «майда ақылды, жұмсақ сөз тас болса да еріткен» дейді (1-том,161-бет). Мұндағы «жұмсақ сөз» дегені жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін, адам рухын жандандыратын сөз. Шын мағынасында сөздің, қызыл тілдің әдемі ән сияқты немесе өлең текті адам рухының паруанасына айналған сұлу да көркем күйі. Сонан соң ол дәл өзі сияқты майда ақылдың мәпесімен жүзеге асады. Бұндағы ақыл оның мөлдір де таза шын тұлғасы. Тілдік тіркесімізде «Бір сөз бар, құлаққа майдай жағады, ол – өтірік. Бір сөз бар құлаққа түрпідей тиеді, ол – шындық» деген оралым да бар. Мына жердегі «жұмсақ сөз» міне осыдан басын ашып алуға тиіс. Бұл біздің күдігімізден туған жарнақы күй. Ақын жұмсақ сөздің алдына майда ақыл деген сөзді қосып, бұлайша азғындаудың жолын әу баста кесіп тастаған. Сөз бұл тұста ақылмен, мінезбен қоянқолтық кірелесіп кеткен. Осы жерде есімізге халқымыздың «елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген аталы сөзі түседі.
Осыдан ары ойластыруға болады. Сонда «елші мен жаушы» неге сүйеніп елді біріктіріп, неден жаңылып елді жауластырып жүр? Осының бәрі сөздің, қызыл тілдің қасиеті. Хадисте мынадай аса данышпандықпен айтылған бір сөз бар: Мынадай үш түрлі жағдайда мейлі не десеңіз де сөзіңіз өтірікке жатпайды. Бірінші; жауласқалы тұрған екі елді (халықты) достастыра алсаңыз, екінші; ажырасқалы тұрған ерлі-байлыны татуластыра алсаңыз, үшінші; кетіскелі тұрған екі досты біріктіре алсаңыз қандай әдемі уағыз?! Қандай әдемі пәлсапа?! Мынау күллі дүние жүзіне аяғынан тік басып келген адам пендесінің үстінен төгіліп тұрған арай ғой баяғы. Міне, іздесеңіз, қызыл тілдің қасиеті деген. Ал, осыны Ақыт Үлімжіұлы «Майда ақылды, жұмсақ тіл» дейді. Қандай әдемі қойылым? Қандай әдемі пәлсапа?! Осыған жалғап ақын тағы да «Жарым ырыс делінер, жақсы шыққан лебізің» дейді (1-том,138-бет). Тілімізде «ырыс» деген бір сөз бар. Өзі тым ескі сөз. Жасы да ересек, тіпті оның әуелгі тумыс мағынасы «қан бодауына алынған мал немесе құн», бертінгі өзімізге аса жатық мағыналары «байлық, береке, дәулет, тәлей, несібе» дегендерді қамтиды. Қалай түсінсең де байлық деген ұғымнан жатсып кетпейді. Ал, лебізіңіз арғы тегінен қарағанда парсыда да, шағатайда да лапыз тұлғасында келіп,«сөз» деген мағынада келеді.
Түбіріндегі «лап» араб, парсыда «ерін». Ираннан кірген мағынасы «құр сөз, мақтан». Қазіргі ұйғұрлардағы «лап ұрмақ» болып жүрген осы сөз. Айналып келіп тағы да «қызыл тіл» деген сөз болып шығады. Бұл жерде Ақыт жақсы сөз байлығыңның жарымы деп тұр. Сонда осы байлықтан игіліктенетін тек тыңдаушы ғана емес, айтушы да. Бұл оның заттық байлықтан аса бір көрнекті парқы есепті.
Әне, сондықтан әр адам сұлу сөйлеуді, жағымды, әдемі сөйлеуді армандайды. Әр адам сұлу да жағымды, әдемі сөзді естігісі келеді. «Мақтан адам пенделерінің бөлінбес еншілерінің бірі» дейді екен данышпандар. Әрқандай адамда азды-көпті мақтан болады. Онан олар арыла алмайды деген сияқты бір сөзді Абай да айтқан. Бұл сөздің, қызыл тілдің аса құнды жақтары. Енді оның құн тұрғысынан арзандап кетер шақтары да болады екен. Оны Ақыт «ер сынарға сөз арзан, таңдағандай табыннан» деп өрнектейді (1-том,158-бет). Бұл шын мағынасынан алғанда, сөздің арзандаған шағы емес, қайта сол сөзді пайдаланушының, істетушінің, өзінің арзандаған шағын көрсетеді. Бұл тұрғыдан айтқанда, сөз бен адам бір тұлға болып шығады. Сондықтан кімнің кім екендігі сөзінен белгілі дейміз. Араб пәлсабы ғалидың адам тілінің астына жасырынған болады дейтіні де осы. Осыдан ары Ақыт сөздің, қызыл тілдің орны мәселесі жөнінде ойластырады. Бұл сөздің қадыр-қасиеті мәселесіне жатады. Бұл жөнінде ой толғаған ақын «Кісіні көрсең сөз сөйле, құлағын сап тыңдаған» дейді (1-том, 149-бет). Бұл алдымен, кімнің кім екендігін біліп ал деген сөз. Сөздің құны түп мағынадан алғанда, сөйлеуші де емес, тыңдаушы да екенін Ақыт баяғыда ойластырып алған. Сонан да сөз құны айтушыда тумыс мағынасында сақталады да тыңдаушы да азынды күйіне көшеді. Әуел десеңіз, сөздің осы азынды күйі көп кездерде өзінің тумыс мағынасы құсап көрінеді де айтушыны обалды етеді. Өйткені бұндағы обалды тудырушылар көп, сол себепті сөз көп кездерде өзінің қарсы мағынасында қызмет атқарады. Бұл өзі қызыл тіл басындағы әлмисақтық зауалды күй. Сонан да мен бір шығармамда «Сөз тағдыры зымыран атты құсқа ұқсайды. Ол ұшып барып, бір жерге қонғанда онан әбден бұлғанып, тозып ұшады. Өйткені онда тұрған адамдар аса моты, надан, білімсіз адамдар еді. Сонан да олар бұл сөз құлақтарына іліне сала ойпыр-ай мынау неткен нашар сөз деп, оған өздерінің миғұла, есуас сөздерін қосып, бұзып таратады. Анау құстың бұлғанып ұшқаны сол. Ал, ол ұшып барып енді бір жерге қонғанда онан тотықұстай түрленіп, құлпырып ұшады. Өйткені онда тұрған адамдар аса білімді, оқымысты, ғалым адамдар еді. Сонан да олар бұл сөз құлақтарына іліне сала ойпыр-ай мынау неткен ұлағатты әдемі сөз еді деп, оған өздерінің данышпан, ғұламалық сөздерін қосып түрлендіріп аттандырады. Анау құстың құлпырып, түлеп ұшқаны сол» деген едім. Енді ойлап отырсақ, сөздің құнын түсіріп жүргендер айтушылар. Тіке мағынасынан айтқанда, ақындар, жазушылар емес екен. Тыңдаушы жұрт халық екен. Міне, осыны әуелдің әуел шағында түсінген Ақыт Үлімжіұлы сөзді құлағын сап тыңдаған адамға ғана айт, албаты қор қылма дейді. Сөйте тұрып өзі неге сөйлей берген? Оның себебі, бұл жерде тіке, бетпе-бет көрнек жоқ. Сөз жалпы жұртқа, елге меңзелген. Сондықтан сөйлемей де болмайды. Баяғыда араб пәлсабы Пашарғабиып нәсихат сұраушыларға «Жұртты толық түсінген болсаң, сөзіңді айтып түсіндіре бер, сен жұрт толық түсінбеді деп алаңдама, өйткені түсінік деген 500 теңгеден бір теңге шығарған зекет сияқты» деген екен. Ақыттың мынау ойы әне сонымен астасады. Ақыт осыдан ары енді сөздің, қызыл тілдің кері бағыты жөнінде сөйлейді. Қызыл тіл керазу ат сияқты дейді ол. Сондықтан оны әрқашан ақылмен, терең ой-санамен бекітіп, тізгіндеп, тежеп ұстаудың керектігін айта келіп «аузына ие болмаған ұрынады қараға» дейді (1-том,316-бет). Бұл әлгі халық аузындағы тілдің «бас жарадысына» барып саяды. Шындап ойласақ, әрқандай нәрсенің екі бағыты болады. Сонан да оң бағытында қандай кереметтер жарата алса, теріс бағытына қайтқанда да сондай сұмдықтар жасай алады. Бұл пәлсапа. мысалға от пен суды алсақ та бұл нәрсені түсініп алу онша қиынға соқпайды. Мәселе оны қалай пайдалана алуда. Мынау қасиетті тіл де сондай. Оның адамдарды ынтымақтастыра алу қасиеті қандай күшті болса, оларды тоз-тоз қып ыдырата алу қасиеті де сондай. Тіл – адам рухының жан тамыры, рухтың паруанасы әрі дұшпаны.
Мақұлдасқанда, бақылдасқанда, жауласқанда, баурасқанда пайдаланатынымыз осы тіл. Арамызды ашатын да, қосатын да осы тіл. Жүрегімізді аялайтын да, осатын да осы тіл. Олай болса, бұған немқұрайды қарау бүкіл тірлігімізге, рухани әлемімізге, тектік тағдырымызға, болашақ бағдарымызға опа етпегенмен тең. Бір түрлі сөз көп адамның аузынан естілгенімен, сіз тек соның біріне ғана алданасыз.
Өйткені ол шақта оның тілінен бал тамып тұрады да сөзінен май тамып тұрады. Сіз әне сол бал мен майға алданасыз. «Адам тіліне аспандағы бұлт та азады» деуіміз міне осыдан. «Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі» деу де осы уағыздың төлі. Сонау бір шақтарда әуейі араб патшаларының бірі түс көрген. Ояна салып бас уәзірін шақырған екен, ол жайды естіген соң түс тәбіршілерін шақыртыпты. Түсінде патшаның бар тісі саудырап түсіп қалыпты да тек бір ғана тісі аман қалыпты. Бұны естіген тәбіршінің бірі: «Тақсыр сіздің барлық туыс-туғандарыңыз түгел қырылып қалады екен де сіз жалғыз қалады екенсіз» депті. Әлгінде ғана не іс болсада бүкпелемей ашық айтасыңдар, әйтпесе бастарың алынады деген патша мынаны естігенде бұлан-талан болып, әлгі тәбіршінің басын алдырыпты. Екінші тәбірші: «тақсыр, бұл түсіңіз аса сауапты түс екен. Сіз барлық туысыңыздан ұзақ жасайсыз» депті. Бұған қатты разы болған патша оны есепсіз ділдә беріп жолға салыпты. Көрдіңіз бе, екеуінің айтқаны да бір сөз еді. Бірақ сөздің арғы тегіменен жұмысы жоқ әулекі патша оны екі түрлі ұққан. Бұл жерде біз ғибырат алатын тағы да екі түрлі нәрсе бар: Бірі, қызыл тілдің ішкі мәнерімен жұмысы жоқ тыңдарман; енді бірі, сөзді өзінің таза шешендік мағынасынан емес, жалтарма қулыққа пайдалана білген айтушы. Осыны ескерген Ақыт бұл пара ойын онан ары сабақтап «Сәлем борыш, сөз қулық заман болып, Аман жүру бір мүшкіл осындай да» дейді (1-том,199-бет). Сонда Ақыттың нақақтан-нақақ қолға алынып, жазалы болуына сәлем-борышқа, сөз-қулыққа айналған заманның пенделері аман жүруіне мүшкілдік тудырып отырған жоқ па? Ақынның дәл ұсталардан аз ғана бұрын жазған өлеңіне кезек берейік:
«Халықтың қамы деген қайран сөзім,
Тиген бе тебіздерге болып жасын?
Соншама тебітеді төңіректеп,
Бойына сіңірмей жүр ішкен асын.
Кейде талығып,
Кейде шалығып,
Кейде жалығып,
Отырмын қамығып» дейді ақын (2-том, 564-бет). Осыдан-ақ көруге болады. Демек, ақын елі үшін еңіреп кеткен. Кеселдің бәрі қулық сауған, бойында халықтың, елдің мүддесі емес, өзінің ыпылас, арам мүддесі ғана бар. Ғұмырбақи соны қөрек етіп күн кешкен әлгі «сөз қулық» пенделерден келген. Бұны онан ары дәлелдер болсақ ақынның «Құлаққа сөзім жақпаса, Тынышың кетер мазадан» (1-том, 168-бет) деген бір тармақтары онан ары әрлеп, адалап, айқындай түседі. Бұндай қасырет бір Ақыт емес, бар ақынның басындағы ескі тарихтан жалғасып келе жатқан лақса қасырет. Себебі, әрқандай ақынның жыр жолдары әсте жеке басы үшін тумайды. Олар тумысынан тартып ел мен қоғам көтерген әрқандай күрес пен қозғалыстың алдында жүреді. Бұл тұрғыда олар қан майдан соғыстың алдыңғы шебіндегі атойшы сарбаз сияқты. Ақыт міне осылардың ішіндегі ең баһадүр сарбаз. Бұл жерде ерекше еске алатын тағы бір мәселе бар. Мейлі қандай себеппен болсын, халықтың, елдің жүрегінен жол тапқан, олардың мұң-мұқтажына жоқшы болған сөз бен қимыл сол халықтың қастасы мәңгі өзі үшін өзеуреп келген занталақ өзімшілдер үшін аса ауыр зауалды күй болмақ. Олар ондай шақта барын салып, алдымен сол сөзді шығарып жүрген немесе сол қимылдың ту ұстаушысы болып жүргендерді жоғалтуды, олардың көзін жойуды ең басты міндеттері санайды. Әне сонан да әлгінде ақын айтып отырған «Сөз қулықтарын» жанын сала істетеді. Құдды ақынның өзі айтқандай «ашындырсаң момынды, заһардай ашты тіл шыққан» дегені сияқты (1-том,165-бет). Бұндай шақта олар өзін сол бейкүна момынның орнына қойып, удай ашты тілмен бар заһарлы әрекеттерін іске қосып, анау өздерін сорлатқан улы жыланды жоғалтуға тырысады.
Рас, жыртқыш аңдар үшін қоңыр аңдардан асқан жауыз жоқ. Өйткені олар өз денелеріне бұлардың азығын жасырып алып, қасақана алып қашып жүргендей көрінеді. Жау болмай не болды? Ақын жырлары үшін анау занталақтардың да ойы осы. Егер сол ақын өйтіп қақсанбаса, бұларға да жұрттың қате түсінігі болмас та. Өштесу пиғылдары өз көкейлерінде өзінен өзі сөніп қалар еді. Міне, көрдіңіз бе, ақын айтып отырған сөздің құдіретін?! Осыдан ары ақын жұртты мүмкіндігінше орынды сөйлеуге, әсте албаты сөз сөйлеп, пәле-қала тудырмауға үндейді. Бұл уағыз Ақыт жырларының жұрт тілі және адам пендесінің ақыл-ойын көрнектеудегі басты қасиет, сөзді қалай пайдалануды жөнге салу тұрғысындағы оқырмандар ескере бермейтін тағы бір қыры. Ақын жұртты ақылды, ибалы, аз сөзді, сөзді мүмкіндігінше орнына түсіріп сөйлеуге болмаса үнсіз болуды, сол арқылы тыныш, береке-бірлікті болып, әдемі тұрмыс кешіруге шақырады. Ақын өзінің бұл уағызының бір тұсын «Құр уайым, құрғақ сөз, не болады бақырған?» дейді (1-том,163-бет). Сонан ары және «Пайдалы сөз болмаса, сөз не керек шатылған» (1-том, 163-бет) деп бұл уағызын онан ары шегелей түседі. Бұл жерде Ақыт қатты жақтырмайтын, ақын ғана емес, күллі жұрт жақтырмайтын екі түрлі сөз бар: бірі; «құрғақ сөз»; енді бірі; «шатылған сөз». Екеуі де ақын уағыздап отырған «ақылды, ибалы, аз сөзді» болу қағидасына сай келмейді. Оның керісінше, біреуі түк бітірмейді де, енді бірі, ел арасына жік түсіріп, жұртты бүлдіреді. Бұндай сөз емес, бұндай мінезді адамдардың болуы қоғам үшін, ел, халық үшін аса пайдасыз.
Қысқасы, Ақыт Үлімжіұлы жай ғана ақын емес, толық идеялды дана да данышпан пәлсап. Не жөнінде сөйлесе де халықтың, елдің мүддесін бәрінен жоғары қоятын халықтың, елдің нағыз біртуар ұлы.
Серік Қауымбайұлы
6alash ұсынады