Бірнеше айдың алдында елордадағы Қазақстан Қарулы күштері Әскери-тарихи музейінің көшпелі көрме ұйымдастырылатын төменгі экспозиция залында, қазақ тарихына қатысты Омбы мұрағатынан жеткізілген, ХVIII ғасырға тән құжат-хаттарды көріп көзайым болған едік. Осындағы құнды жәдігерлер қатарынан қазақ ханы Абылайдың әр жылдары Қытай елінің императоры Цияньлунға жазған хат-хабарлары орын алыпты.
Көрме төріндегі 7 хаттың 5-уі ойрат-моңғол тілінде және тод (төте) жазуымен жазылыпты. Осындағы тод жазуының тарихына тоқталсақ, бұны 1648 жылы ойрат-моңғол оқымыстысы Зая Банди деген адам жасапты. Бұл кісі іргелі ұлыстың Солқанатын (Жоңғар) құрайтын моңғолтекті тайпалардың тілдік интонациясына бейімдеп, Шыңғыс қағаннан бері пайдаланып келе жатқан ұйғыр-моңғол жазуын реформалау арқылы тод жазуын ойлап тапқан екен.
Бұл жазудың басты ерекшелігі – тибет, санскрит, манжу тілдеріндегі әріптердің дыбысталу үндестігін толық сақтай алады. Сол себепті, ХVIII-ХІХ ғасырларда бұл жазу қытай-моңғол-қазақ қатынасының хат алмасу құралы болған сыңайлы. Бұл жазуды қазіргі Қалмақия Республикасы 1924 жылға дейін керектенсе, Шыңжаң өлкесіндегі моңғолтекті халықтар күні бүгінге дейін қолдануда.
Ал қазақ ханы Абылай не себептен орданың дипломатиялық хат-хабарын ойрат-моңғол тілінде тод жазуымен жүргізді. Оған тарихшылар жауап бере жатар.
Қазақ ордасы қытай және ойратпен қатынас қағаздарын тод жазуымен жүргізгені жайлы қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың жазбаларында айтылады. Ғалым өзінің бір еңбегінде: «Малайсары батырға жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен «тархан» атағын бергені жайлы құжат қалмақ тілінде тод жазуымен жазылған екен. Оны батырдың ұрпақтарынан алып туысым Абылай Ғаббасұлына оқыттым» дейді. Осыған қарағанда, қазақтың орда мәнсаптылары тод жазуын толық меңгерген сыңайлы.
Төменде жарияланып отырған екі хаттың мәтініне келер болсақ, бұл құжаттар ілгеріде ресейлік манжу-қытайтанушылар (Н.С.Яхонтова, Т.А. Пан) тарапынан зерттеліпті. Десе де, біз көрмедегі тұпнұсқа мәтінді Бейжіңдегі Қытай Халық Университетінің магистрі, ойраттанушы Л.Енхсаруыл (Энхсаруул) және Моңғолия Ғылым академиясының Тарих және археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, ойрат тілінің маман С.Амарбайырларға жіберіп, олардың оқыған нұсқасымен жоғарыдағы ресейлік ғалымдардың аудармасын салыстыра отырып, мәтінді қазақшаладық. Аңғарғанымыз ресейліктердің аудармасында қазақ ханын тым қораш һәм жалынышты етіп көрсетуге тырысқаны байқалады.
Бірінші хат
Бұл құжат туралы анықтамалықта: «Манж-қытай патшасы Цяньлунға 1757 жылы жазған Абылайдың хаты» делініпті.
Хаттың көне ойратша, қазіргі моңғолша және «Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг» атты екі томдықта жарияланған орысша нұсқасын салыстыра отырып, біздің түйгеніміз мынау:
«Ұлық мәртебелі патшаның құзырына үшбу хат жолдаймын. Менің бабам Эшим (Есім) хан, Янгир (Жәңгір) ханнан бері сіздің жарлығыңыз бізге жетпеген еді. Енді біз сіздің жарлығыңызды есітіп, оны қабыл алуға бек шаттандық. Мен, Абулай (Абылай) өз ұлдарыммен һәм қарауымдағы бұқарамен сізге бодан болдық. Сіздің тарапыңыздан болатын әрбір ұлық ілтифатыңызды қабыл көреміз. Жеті бас (адам), елші он бірміз.
[Құстұмсық қос мөрдің ішіндегі жазу]: «Қазақ ханы Абылайдың мөрі», «Абылайдың кіші інісі Әбілфейіздің мөрі».
Екінші хат
Бұл құжаттың мұрағаттық анықтамалығында: «Қазақ ханы Абылай манжу-қытайлық Цин империясының патшасы Цяньлунға Тарбағатай губернаторы арқылы ойрат тілінде 1774 жылы жіберілген хаты» делініпті.
Бұл құжаттың қазақша аудармасы жоғарыдағы тәсіл бойынша жасалды. Бұндағы мәтінде: «Тәңірінің жарылқауымен заман билеушісі жоғарғы мәртебелі Боғда иеме баяндаймын. Көкейімдегі ойым бұл. Біздің қазақтар ауызша ақылдасады, жазбаша баяндайды. Олар (басқа) адамдарға ұқсағанымен тағы құландар сияқты өзгеше жұрт. Иемнің жарылқауымен жайылымды болдық. Мал басымыз өсті. Жасағанның жарылқауымен иелігімнің шығыс шекарасы Чоргоға (Шорға) дейін, оңтүстіктігі Шарабэлге (Сарыбел) жетті. Ортасы Лэбси (Лепсі) ойпатын мекен етудемін. Бұлда тәңірдің берген сыйы. Мен түпкі мақсатым мен бүгінгі жағдайды пайымдай келе бодан болдым. Бұл ұрпақ болашағы үшін жасалған іс. Менің болашақ ізбасарларым сақтау үшін қызыл мөрлі билеуші таңбасын беруіңізді өтінем» деп жазылыпты.
Жоғарыдағы хатта айтылған кейбір жер атауларына тоқталсақ:
- Шорға (Чорга) – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылдық округіне қарасты шағын елдімекен. Қазақ батырлары 1750 жылы Тарбағатай өңірін ойраттардан азат ету үшін тарихымызда «80 күн Шорға соғысы» деп аталатын шешуші майдан осы жерде өткен.
- Сарыбел (Шарабэл) – қазіргі Алматы қаласынан солтүстік-шығыстағы Сарытауқұм шөлінен Қапшағайға дейін созылып жатқан кең өлке.
- Лепсі (Лэбси) – Жетісудың шығыс бөлігінде ағып жатқан өзен. Жоңғар Алатауынан бастау алып, оңтүстікте Балқаш көліне құяды. Алматы облысының Алакөл және Сарқанд ауданы жерінен ағып өтеді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
«Egemen Qazaqstan» газетінен алынды