Шыңғыс ханның мөріндегі жазу

«Мөңке тәңриин-дүр иеке Моғұл ұлұсұн далайы хану жарлық. Ел болға ергүн-дүр, көрбәсү бүсрәтүгүй, айудуғай!» Мұхтар Мағауин бұл жазуды:Сайыттан алынды

«Мәңгі тәңірінің күшімен Еке Моңғол ұлысы Далай ханының жарлығы. Ел болған жұрт, көріңдер, бас ұрыңдар, айдыныңдар!» деп аударған. Өзі түсінбеген сөздерді тұспалдай салған мәселен:

«Дүр – бекемдегіш жұрнақ,

Еке – ұлықтаушы жұрнақ

Ергүн – ерген, ерген – адам, халық, жұрт

Көрбәсү – көріңдер», - дейді. Бұл көне моңғол тілін білмегендіктен кеткен қателік. Шыңғысхан құрған Ұлы Моңғол мемлекеті найманның Таян ханының хатшысы Тататунғаны қолға түсірген соң ұйғыр жазуын қолданғанын білеміз. 1950 жылдары орыстың ықпалымен крилицаға көшкенге дейін Моңғолияда мемлекеттік жазу ретінде қолданылды.

Бұл жазуды моңғолдар 1990 жылға дейін «ұйғырлық жазу», «көне жазу» («Уйгаржин  бичиг», «хуучин бичиг»)  деп атап келген, қазір ұлттық жазу деп атап, мектептерде қайта үйретіле бастады. Бұған дейін жоғарғы оқу орындарында студенттерге пән ретінде кірді. Сондықтан Моңғолияда бұл жазудың тарихи үрдісі үзілген емес. Дәл осы ұйғыр жазуы бойынша  «Мөңке тәңриин-дүр» дегендегі «дүр» сөзі бекемдегіш жұрнақ емес,  барыс-жатыс септігінің жалғауы. (Моңғол тілінде барыс, жатыс септіктері бірдей. (өгөх-оршихын тийн ялгал) Айырмасы қазір моңғол тілінде барыс-жатыс септігінің жалғауы «дур», «дур» емес «д» болып қысқарып қалған.  «Мәңгі тәңірдің күшіндегі (күшімен, құдыретімен салтанат құрған)  деген мағына береді».  Ал «еке» – ұлықтаушы жұрнақ емес, моңғол тіліндегі «ұлы» (орысш-велики) деген сөз. «Далай», «ергүн», «көрбес-ү» сөздері моңғол тілінде қазір де қолданыста. (Керісінше қазақ тілінде қолданылмайды).  «Далай» – шексіз (теңіздей телегей) деген мағынадағы  атақ, дәреже. (Далай лама  –  будда дінінің дін басы) «Ергүн-дур» – халыққа, «Көрбесү» – қазақ тіліндегі көріңдер емес, моңғол тіліндегі «хүрвээс» – тию, жету (мөр басылған хат қолыңына тисе) деген сөз.  Сол сияқты «айудуғай» сөзі де моңғол тілінде айх-қорқу, айтугай, айхтун-қорқыңдар деген мағына береді. Жалпы мөрдегі 14 сөз қазіргі моңғол тілінде толықтай қолданыстағы сөздер. Өйтсе Шыңғысханның мөрінде жазылған сөздер қазақ тілінде деуге дәлел бола алмайды. Ал моңғол тілі мен қазақ тілі туыстас тіл болғанымен бір тіл еместігін ғалымдар әлде қашан дәлелдеген.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ

6alash ұсынады