ҚЫЗЫЛҚҰМДАҒЫ ҚАЗАҚТАР...

Бүгінде көптеген түркі халықтары тұрып, тіршілік ететін Өзбекстанда барлық халықтардың мәдениетін дамытуға кең жол ашылған. Бұл жағдай, тіпті туризм саласында да ескерілген. Соның айқын айғағының бірі – Науаи облысы, Кенимех ауданындағы «Дөңгелек» ауылы аймағындағы жазғы демалыс орыны.

Бұл ауылға Өзбекстан Республикасы Туризмді дамыту мемлекеттік комитетінің ұйымдастырған медиа-туры кезінде жолымыз түсті.

Науаи облысы шөлді аймақ болғанымен, шетелдік саяхатшыларды өзіне тән ерекшелігімен қызықтырады. Кенимех ауданындағы «Дөңгелек» ауылы маңындағы жасанды көл – Айдаркөл жағасындағы жазғы демалыс орны туристер үшін ыңғайлы да, ерекше. Онда тігілген қазақты киіз үйлері экзотиканы қалайтын шетелдіктер үшін таптырмас қонақжай.

Қызылқұм шөлі ортасындағы көл жасанды болғанымен табиғаты тамаша. Көлді жағалай өскен қалың қамыстар, сәл әрірек тұрған сексеуілер көрмегенге қызық. Ауа таза, қоңыр самал есіп тұрады. Көл аймағындағы осындай ерекше табиғи өзгешелікті байқаған іскерлер мұнда демалыс орнын ұйымдастырып, әр маусымда саяхатшыларға қызмет көрсетуде.

Демалыс аймағында қызмет көрсететін «Qizilqum Safari» жауапкершілігі шектеулі қоғамы 2009 жылы құрылған. Аталмыш қоғамның басшысы Вохид Пирматовтың айтуынша, оның бұл жерде іс бастауына осындағы шопан отарына келген саяхатшылардың келуі түрткі болған. «Бұл жерге жағдай жасаса, туристердің келуі мүмкін екен ғой» деген ой оның туризм саласында кәсіпкерлікпен айналысуына ынталандырған.

Негізі, ең пайдалы нәрсе бұл адамның тапқырлығы ғой. Бүгінде өз идеясының жемісін көріп отырған іскер азаматтың алғашында 3 отауы болса, қазірде олардың саны 22-ге жеткен. Бұл – жыл сайын келіп жатқан саяхатшылар санының өсуін айқындайтын көрсеткіш. Қазақтың отауларын тігіп, Өзбекстандағы туризмнің дамуына үлес қосып жатқан кәсіпкер келген қонақтарға да қазақтың ұлттық тамақтарын ұсынуды жөн көрген. Мұнда еңбек ететіндердің барлығы жергілікті қазақтар.

Келген қонақтардың алғысына бөленіп жүргендердің бірі – Жұмақұл Мұсаев. Ол күнде кешке өтетін көңілді кеште домбырамен қазақтың халық әндерін, сондай-ақ көпшілік сүйіп тыңдайтын Шәмшінің әндерін нәшіне келтіріп орындайды. Жұмақұл Мұсаевтың орындауындағы әнді тыңдаған саяхатшылар оның өнеріне тәнті болып, қазақ музыкасымен таныстырғанына ризалығын білдіреді. Мұндай кеште шетелдік саяхатшылар мәдени демалуымен бірге, өзбек еліндегі ұлт арасындағы достық қарым-қатынастарының жақсы дамығанына және өнеріне деген құрметінің жоғары екеніне сезінеді.

Биылғы маусымда отауға және «Айдаркөлде» ұйымдастырылған демалыс орындарына 2500-ден аса еуропалық саяхатшы келген. Олардың көпшілігін Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Ресей және Жапония елдерінің саяхатшылары құрайды. Олардың арасында Қызылқұм табиғатымен танысып, жергілікті халық арасында «Феруза» көлі деп аталатын жасанды көлге жаз мезгілінде келіп, шомылмағаны үшін де өкініп жатқандары бар. Алдағы уақытта басқа мезгілдерде де келіп көргісі келетіндері де табылды.

Шынында да, бұл араның табиғаты жылдың әр мезігілінде өзінің сұлулығымен кез-келген жанды таңдандырады. Көктемде табиғат жанданып, шөлдің табиғаты да ерекше көріністе болады. Ал жазда Қызылқұмның құмы табаныңызды күйдіріп, денеңіздегі суықты қууға септігін тигізеді. «Айдаркөлдің» суы ащы, жағасы құмды болғандықтан көлге шомылғандар түрлі ауруларынан айығып кетеді дейді жергілікті тұрғындар.

Саяхатшылардың уақыттары қызықты өтуі үщін мұнда балық аулауға түйеге мініп, құм арасына саяхаттауға мүмкіндік жасалған. Отаулар мен көлдің арасы біраз жер болғандықтан саяхатшылар көлік ретінде түйелерді пайдалана алады. Балық аулауды ұнататын саяхатшылар көлден сазан, аққайраң, көксерке, тағы басқа балық түрлерін аулауына болады. Сондай-ақ бұл маңда Өзбекстанның үштен бір бөлігін балықпен қамтамасыз ететін фермерлік шаруашылықтары да бар.

Көлдің жан-жануарлар әлемі де өте бай. Олардың арасында суда тіршілік ететін құстар маңызды орын иелейді. Көлден халық киелі құс деп санайтын аққуларды, пеликандар мен балықшы үйректерді, ақ құтандарды, сол сияқты жыл құстары – қарабұзау, ақбас үйрек, қасқалдақ және қырғауылдарды да көре аласыз. Бұрын қарабұзау мен шағалалар сирек кездесетін болса, қазіргі кезде бұл құстардың саны артып, көлдің сәніне айналған. Атап айтатын нәрсе, қыста Айдаркөлде беті қатпайды екен. Сондықтан қыста да мұнда құстардың түр-түрі тіршілік етеді.

Алдағы уақытта Өзбекстан президентті қабылдаған қаулы негізінде Айдаркөлге шетелдік инвесторларды тарту, көлдің жағасына соңғы үлгідегі демалыс орындарын құру арқылы Науаи облысында эко-туризмді дамыту көзделген. Бұл өз кезегінде аймақ халқына арналған көптеген жұмыс орындары ашылады деген сөз.  

Айгүл ЕРКІНҚЫЗЫ

(Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында қазақ тілінде шығатын республикалық газет- "Нұрлы жол" газетінің тілшісі)

Түркістан газетінен алынды