Әдеп жүйесі – ұлт болмысының маңызды парасы

Қазақ халқының сонау тамыры терең көшпелілер мәдениетінен нәр алып, сан ғасырлар бойында сан алуан моралдық-этикалық тәнім түсініктер және тыйымдар түрінде қалыптасқан әдеп жүйесі ұлттық мәдениетіміздің іргелі құрамдас бөлігі болып табылады. Мәдениет арқылы ұлттың тарихы, этностық болмыс-бейнесі көрініс табады. Салт-дәстүр, әдеп жүйесі дегендер мәдениеттің өзегі. Ол – ұлттық болмысымыздың маңызды парасы ғана емес, мәдени құндылықтарымыздың ұлықтар сарасы. Рухани сұраныстан туындаған халқымыздың әдеп жүйесі әлеуметтік-мәдени даму үдерісінде жеткіншек ұрпақты нағыз адами кемелділік деңгейіне көтерудің, ақыл-ой, парасат биігіне жетелеудің арман-аңсарынан және дәстүр сабақтастығын қамтамасыз етудің қажетынен туып, біртіндеп қалыптасты. Ол ғасырлар тұңғиығында сан ұрпақтың талғам сүзгісінен өтіп бізге жетті. Оны халық дүние танымының көрінісі және өмір тәжірибесінің жауһары деп қабылдаймыз. Ал ұлтымыздың салт-дәстүр санатындағы осы әдеп жүйесін өзек еткен дәстүр тағылымына келсек, ол да халықтың ғасырлар бойы шыңдалған талғамы, бабаларымыздың парасат-пайымының бүгінге жеткен тәбәрігі және ұлттық ой-санамыздың ғасырлар керуенінде біртіндеп ержеткендігінің жемісі.

Әдеп жүйесі үлкен әрі киелі ұғым. Ол ұрпақ тәрбиесі, адамдар қатынасы, мұралдық өлшем, сөйлеу мәдениеті, қоршаған орта және жалпы табиғат түлектеріне мәміле сияқты сан алуан мазмұндарды қамтиды. Бұл жүйе мыңдаған шақырым байтақ далаға қанат жайған халқымыздың етномадени тұтастығын сақтауына мүмкіндік берді. Дәстүр тағылымының адам бойына ізгі кісілік қасиеттерді дарыта отырып, жалпы адамдарды өзімен де, өзгемен де жарасымды өмір сүруге баулитын, уақыт сынынан өткен үлкен мектеп екендігі дау тудырмайды. Қазақ халқы ұлттық әдеп талаптарын сан ғасырлар бойына ұрпақтан ұрпаққа сан салалы тыйымдар және мақал-мәтелдер нысанындағы даналық ғақлялар түрінде, аңыз-әңгімелер, билердің шешендік сөздері, төрелік үлгілері, даналық өсиет, әдет заңы және ақын-жыраулардың кереметтей толғаулары аясында тағы басқа формалар арқылы ұлт өкілдерінің құлағына құйып, бойына сіңіріп келеді. Өте-мөте тыйымдар адамның адаммен, қоғаммен және табиғатпен қарым-қатынасын реттеп, үйлестіріп отырады. Адам қоғамында оның араласпайтын саласы кемде кем. «Тыйымсыз елдің жастары – диюана» деп санайтын ұлттық ұғым жалпы қоғам мүшелерін үнемі тәртіптілікке, әдептілікке шақырып отырады. Қоғамға пайдалы мінез-құлыққа баулиды. Іштей түлеп, толысуды дәріптейді. Түпкіліктеп келгенде, қазақ халқының әдеп жүйесі аясындағы кісілік нормалары жалпы адамзаттық мәні бар этикалық қалыптарға саяды. Ол қазіргі өркениетті қоғамның талаптарымен де үндес. Бүгінгі таңда, біз қоғам жарасымдылығын дәріптеп отырмыз.

Бірлік – қазақ халқының өмір сүру философиясы. Мұндай философияның қалыптасуына мұрындық болған құдырет басқа емес, аялы табиғат. Басқаша айтқанда, уақыт пен кеңістікті игеру үшін қазақ қоғамында адамдардың бірін-бірі жатсынбай, біріне-бірі арқа сүйеп тіршілік ететуіне тура келді. Сондықтан ұлы дала құшағындағы көшпелі өмір адамдарға «Бірлік болмай тірлік болмайды» дейтін ақиқатты үйреткен, содан қазақ арасында «Адамның күні адаммен» дейтін дәстүр қалыптасқан дей аламыз. Татулық, жарасымдылық, бірлік-өмір сәні. Бұл қағидат қай заманда да күшін жоймайды. Ендігі жерде сол ел даналығын жете танып, халқымыздың сирек қасиетін дұрыс бағалай білудің өзі ұрпақтарымызға адамгершілігі мол азаматтықты мұра етіп қалдырудың және әр отбасын бақыт пен берекенің шаңырағына айналдырудың қажеттілігі деп түсінгеніміз жөн. Белгілі жырау шал ақын: «Ата-бабаң үлгісі қазылған қара жолмен тең» деп тауып айтқан. Ұрпақтар үшін бабалар тағылымына бас иіуден, өткенінен қызулы от алудан қымбат парыз жоқ. Сондықтан «Тегінен нәр алған тозбайды» дей отырып, «Балаңа басқұр қалдырғанша, дәстүр қалдыр» деген халық даналығын қашан да ұлағат тұтсақ рауа!

Халқымыз табиғатынан көпшіл, зердесі таза. Қазақпен жақын араласып, дәмдес, біліс болған қай халықтың өкілі болсын мұны мойындайды. Өзіміз де мейірімі ішкі әлеміне, жүрегіне орналасқан, қойдан қоңыр, жылқыдан торы қандас ағайындарымыздың кезінде түрлі жағдайлармен ауылдарына басқа жерден ауып келген өзге ұлт өкілдеріне төрін сыйлап, олардың кімі болсын жан шуағымен жылытып, жас баладай арқасынан қағып, басынан сипап отырғанына талай-талай куә болғамыз. Ал қазақ көршілері жер мойыны алысқа көшкенде сол мекенде тұрып қалған басқа халық тумаларының оларды сағына еске алып, егіліп отырғанын да көргеміз. Қытай ағайындардың бір өкілінің мемлекеттік беделді басылымдардың бірінде ұлттық болмысымыз туралы: «Қазақ халқы отанымыз тарихындағы сүбелі үлесі, озық көркемөнері, тіл-әдебиеті және ар-намысты жоғары ұстайтын ұлттық мінезі жақтарынан Жұңхуа ұлттары қара шаңырағының озат мүшесі болуға әбден лайық» деген оңды пікірі де көкейге қонады.

Шындығында кең пейіл мырзалық, ақ көңіл адалдық, салқын қанды сабырлылық – қазақ халқының ұлттық мінезі. Бұл қазақтың қай елге, қай өңірге қоныстанғанына қарамай бәріне ортақ мінез әрі ұлттық рухани тұтастығымызды тұлғалайтын дәріпті сипат. Иә, төрт төңірегін тәнті еткен жоғарыдағы ғажайып ұлттық мінезіміз халқымызға ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр тағылымнан ұзақ барыста қалыптасқанын біреу білсе де, біреу білмес. Дәстүрлі қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиелеудің үлкен мектебі отбасы болғаны әмбеге аян. Отбасы тәрбиесінің өзекті мазмұны дәстүр тәрбиесі еді. Текті отбасының ұрпағы кісілік жөн-жосықты жастайынан біліп өседі. Қазақ үшін текті деген өте киелі сөз. Сондықтан қазекем «Көргенсіз дегенге қорланба, тексіз дегенге қорлан» дейді. Оның құдыреттілігі сондай қоғамға өзінің тектілігін таныту үшін құлшынбайтын отбасы, басқаша айтқанда ат атандырып сүйек сындырудан арланбайтын қазақ баласы болмаған. Сондықтан халық тағылымын келешек ұрпақтың ғана емес, бүкіл ұлттың ізгі қасиеттерін қалыптастырудағы пәрменді қару десек артық айтқан болмаймыз. Бала жастан ананың ақ сүтімен бойымызға дарып, сүйегімізге сіңген халқымыздың адамшылықты ардақтайтын осына асыл қасиеттеріне түгел ие болып, оны ұрпақтарға мұра етіп қалдырғанға не жетсін.

Бірақ өзгелерден өзгешелігін сезінетін сана-сезім азайып бара ма, қайдам! «Салт-дәстүрге елеусіз қарау сол адамның жеке басын ғана емес, оның ұрпақ-әулетін де азғындауға ұрындырады» деген шындыққа бүгіндері көзіміз әбден жеткендей. Әйтеуір ұлтымыздың өкше басар жас буындары арасынан жігер лебі, ойлылық пен тартымдылығы ала бөтен, елге ажар боларлық нағыз азаматтар сиреп бара жатқандай. Қайта қаны сұйық, шырық бұзар тентектер мен бар бақытын құмыраның түбінен іздейтін, жігіттіктің көшесін ластап жүрген бөйкүйез бозымбайлар аздап болса да әр жерден төбе көрсетіп қалады. Биазылықтың, сезімталдықтың, сұлулықтың ұлағатындай көрінетін кешегі ақ маңдайынан адамгершілік рухы аңқып тұратын ашық жүзді аруларымыздың арасынан кіндігі кірлеп, белі жарқырап жүрсе де беті бүлк етпейтін жезтырнақ, судыршаш, шолақ етек, ашық омырауларды кезіктіргенде ертектерде айтылатын албастынының апасын көргендей еріксіз тыжырынып қалатынымыз бар. Ойсыз омырау соқтық та, жағымсыз жыртақ та, кім көрінгеннің етегін ұстап кете баратын пәруәйсіз пәруәнәлық та солардан табылады! 

Иә, осындай келеңсіздіктерге сол жастарымыз ғана кінәлі ма? Көргендіктің отбасыдан басталатындығын білсек, сонда ата-ана болған адамдардың дәстүр тағылымы жөніндегі түсінігі және өз жауапкершіліктерін сезінуі қай дәрежеде? Жас өспірімдерге ұсынар тағылымымыз не? «Ағаға қарап іні өсер» деген аталы сөз бар, ендеше, ағалар, әпкелер, сендердің өнегелерің қандай? Ауыл ақсақалдары сіздер-шы? Бұрынғы қазақ қоғамында бір үйден бірлі-жарым тентек шықса, оған ата-анасы ғана емес, ауыл ақсақалы да жауап беруге міндетті болған ғой. Бұл үшін кез келген ата-ананы, аға-әпкені және басқа да үлкендерді жазғырсақ, ол да әділетсіздік болар еді. Себебі бір кездері салт-дәстүр атаулыны ескілікке, кертартпалыққа жатқызып, оның көгенін үзіп, түп тамырына балта шабуға шақырған әпербақан науқаншылдық ауқымның бізді ес жиғызбағаны да шындық қой. Ол кезде таным солай, тағылым да солай. Енді соның бодауын беріп жатқан шығармыз. Несін жасырайық, білім ордасы мектеп, ізгілік ортасы қоғам жаңаша Тәрбие беріп қарық қылады деп өзінің кім екенін танытпайтын, ұраншылдықтан ары бара алмайтын әсерсіз ауқымшылдыққа тізгін бергеніміз де рас. Есік-терезені қоғам болып айқара ашып тастағанда да бір талайымыз соған да селт етпедік-ау. Ендігі жерде ұрпағымызды ізгілікке тәрбиелеп, жақсылыққа үйретеміз десек, бір буыннан екінші буынға толқындай ауысып Мирас болып келген дәстүр тағылымына оң баға бере отырып оның ролын сәулелендіру керек-ақ. Дәстүрден тайса, халықтық рухынан жазса, қандай халық болса да азатын көрінеді. Бүгіндері ашылған есіктен ізгілік те, жамандық та жол тапты. Ол қоғамдағы адамдардың іс әрекетіне, ақыл-зердесіне, ой-толғамына күшті әсер етуде. Қоғамда үлкен серпіліс пайда болды. Бірақ «Жетесіздердің көңіл түпкірінде жатқан азғырғыш ақ сайтандары мен қитұрқы пендешіліктері де ояна бастады». Оған қоса көбімізді салғырттық иектеді. Сонымен халықтық асыл қасиетіміздің біразын келімсек, жат құндылықтарға жаулаттық. Енді оған қамал қойсақ жарар. Оған қарсы қояр біздің бірден-бір құрыш қорғанымыз және бірегей қаруымыз – халықтың ғасырлық талғам дәстүри тыйымдары мен бабалар тағылымы болмақ. Тарихи таным – халық рухының қайнар көзі, дәстүр тағылымы – бүкіл адамзаттық сипат алатын керемет құндылық. Қазақ халқының рухи әлемінің ежелден мейлінше бай екенін осына құндылықтар Яғни оның этикалық тыйымдары мен халықтық даналықтары қапысыз айғақтайды.  

Кәкеш ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ 

6алаш ұсынды