Ақ жауын себезгілеп тұр. Ұсақ тамшылар ауада қалқыған жұқа тұманға араласып кеткен. Күн жаңбырлы болғанымен, жылы. Оны сылдырай аққан бұлақтың жұмсақ үні де аңғартады. Төңірек тып-тыныш. Оқта-текте, қалың ағаш арасынан әлдебір құс сайрап қояды.
Жарқышақ, көлбеу тасты паналап жатқан бала тітіркеніп оянды. Орнынан аунап кеткен екен. Бір жақ денесі болымсыз дымқыл тартыпты. Ұйықтап қалғанына таңданды. Еңбектеп, қайта түкпірге барды. Сосын, бұлт тұтасқан аспанға, тұман шөккен астыртқа қарады. Бәрі бұлыңғыр. Анық, көрнеу ештеңе жоқ. Ол түңілгендей екі тізесіне маңдайын сүйеп, құныса отырды. Өзегі төмен тартып, қарны ашқаны сезіледі. Ернін жаланып, жұтынды. «Жеміс теріп жесем бе» деп ойлады. Бірақ, аяқ басар шөп пен делдиген бұта-бүрген тегіс шылқыған су. Тиіп кетсе сау ете түскелі тұр. Қол созым ағаш арасына баруға қайрат қыла алмай, бойы шіміркенді. Қалай бағыт аларын, қайда жүрерін білмей дағдарған қалпы бүрісіп, көзі жасаурап отыра берді.
Осы сәт, қысқа сөйлеген адам дауысын құлағы шалды. Тізесіне қайта тастай салған басын жұлып алды. Түрінде үміт әлде қорқыныш екені белгісіз қимыжық леп ойқастайды. Екпеттей жата қалып, алдыңғы жаққа үдірейе қарады. Жаңбыр сәл сейілген еді. Буалдыр тұман кілкіген бұлақ бойынан бір-екі жаяу адамның қарасы шалына кетті. Баланың денесі діріл қақты. Әлгілердің жүрісі сондай шапшаң екен. Бозалаң тұманнан суырыла шығып, бұның тұсына жақын келді. Сол жерде аз аялдап, шолақ тілдесті. Олардың анық шыққан сөздерін естігенде, бұл орнынан қалай атып тұрғанын білмей қалды. Басын тасқа ұрып алғанына да қарамай, екеуіне тұра ұмтылды:
– Ағатайлар-ай, ағатайлар! Мені құтқарыңдаршы!
Сол екен, біреуі жалт бұрылып садақ кезеп, бірі шолақ семсерін жалаңдатып тұра қалды. Қас пен көздің арасында қару кезеген қос сайлауыт жалғыз баланың үрейін ұшырды. Бұталардың суын саулата жүгірген ол, далбырақтап жеткен күйі шорт тоқтады.
– Өлгің келмесе, тапжылма сол арадан!
Садақ ұстағаны зілді дауыспен бұйырды. Шірей тартқан жебенің көк сүңгі ұшы жаңбыр суымен жылт-жылт етеді. Ар жағынан садақшының суық көздері тесе қадалып тұр .
–Кімсің?
Бала кібіртіктеп, жұтқыншағы біразға дейін бүлкілдеді. Не айтарын білмейді.
– Мен… адасып жүрмін…
Садақшы сәл түсін жылтты. Адырнаны босатып, бір-екі адым алға аттады. Бала қорыққанынан тізерлеп отыра кетті.
–Тұр тез!
«Зірк» еткен дауыстан шошыған ол қалбалақтап, атып түрегелді. Анаған көзінің астымен жасқаншақтай қарады.
Шамасы, өзінен аз ғана үлкен балғын жас екен. Балапан мұрты тебіндеген ақсұр жүзінде ашу бар. Бойы сұңғақ. Қолдары да ерепайсыз ұзын көрінді. Белін қынай буған жалпақ қайыс белбеуде кере қарыс кездігі салақтайды.
–Неге тізерледің?
Бала қорыққанын жасыруға тырысты.
–Дәрменім құрып кетті. Ашпын.
–Өліп бара жатсаң да себепсіз тізе бүкпе! Әлде, жауға тұтқын болып па едің?
–Жоқ.
– Қай тайпадансың!
– Тайпа?..
Ол тағы үнсіз қалды. Басы салбырап, көзімен жер шұқып тұра берді.
– Қай тайпаның адамысың деймін. Сен кімсің өзі, қайдан шыққаныңды білмейтін?..
– Болды.
Кенет нәзік те қайсар қыз үні естілді.
– Болды, тергеп-тектемей қоя тұрайық. Алдымен есін жисын.
Соны айтты да жылдам басып, садақшыға жақындады. Өрілген қос бұрымы белін соққан, аққұба қыз бұған барлай қарады. Самайлықтан төмен сырғыған жаңбыр тамшыларын елейтін емес. Қимылы да ширақ. Кеудесіне көн теріден оқ қалқан байлапты. Иығы мен қолдарында да сондай тері қорғаныш. Барлығы құлын мүшесіне құп жарасып, сай келіп тұр. Әсіресе, тұңғиық қара көздері ғажап сырлы, мөлдір екен. Балаң жігіттің жүрегі дір еткендей. Жүзін тез тайдырып, төмен салды. Қыз жалаң семсерін білегіне жапсыра ұстап, оған тіл қатты.
–Үстің құрғақ қой. Қайда бой жасырып едің?
–Ана жерде. Тастың астына.
Қыз бен садақшы бір-біріне қарап, ыммен ұғысқандай болды.
–Жүр, баста! Сонда барамыз.
Көлбеу, жақпар тастың ығында құрғақ арша, ұшқат бар еді. Садақшы түтін шықпайтын ақсөңке қу шырпыдан таңдап, тез от тұтатты. Арқасына асып алған кішкене жорық дорбасынан қол басындай бірнеше кесек қақпыш ет алып шықты. Бала жігіт сонда ғана байқады. Садақшының қойнында жұдырықтай құс бар екен. Кішкене болса да, имек тұмсығы мен жасыл сағым ойнаған көздері жыртқыштық танытады. Құс иесінің иығынан түскен жоқ. Анда-санда ұсынған түйір етті, қағып алып, ілезде жұта салады. Олар өзек жалғап, су болған киімдерін кептірді. Садақшы ара-тұра киімінің сыртынан кеуде тұсын басып, әленені сипалап қойып отырды. «Алтын, күміс не ақша болар» деп ойлады бала жігіт. Өзі ет жеп әлденіп алды. Ана екеуіне бойы да үйрене бастаған. Ет тураған ұзын кездігін сүртіп, қынына салған садақшы оған қайта сұрақ қойды:
– Біздің жау емес екенімізді қайдан білдің?
– Сөздеріңді естіп, содан таныдым.
– Енді қайда барасың?
– Сендермен еретін шығармын. Елге жетіп алсам болды.
– Атың кім?
–Ізғұт.
–Менің атым Елгүдік. Мынау қарындасым Баршын. Еліміз Иерек тайпасы. Үнемі жау өтінде, шекара қорғаны едік. Аз бұрын Табғаш қолы шапты. Құжынаған әскер. Біз хабаршылар жасағында болатынбыз. Шұғыл осылай жөнелітті. Қаған ордасына барамыз. Тайпаның бар сарбазы жау бөгеп қалды. Аялдамай жүреміз. Ере алсаң ілес. Әйтпесе, аяққа оралма.
Осыны айтқан ол асыға орнынан тұрды. Құсы қойнына сүңгіп кетті. Жаңбыр саябырлағанымен, дала тұман, аспан сірескен бұлт. Елгүдік шоқы беткейін тінте қарап, үшкіл сабақтары біздей қадалып, тек бір жағына ғана тізіліп өскен шөп тауып алды. Оны жұлған жоқ. Көз салды да, кері бұрылды. Төмен түскен соң, бұлақты бойлап, ағыспен құлдай тартты. Қос хабаршының жаяу жүргенде аяқтары-аяқтарына тиер емес. Ізғұт екеуіне жүгіре ілесіп, кейде артта қалып, әрең келе жатыр. Тек Елгүдік кідіріп, биіктеу жерлерден әлгіндей шөп іздегенде ғана тыныстап қалады. Әлгі шөптің не сыры бар екенін түсіне алмай таң. Ақыры бір аялдағанда Баршыннан сұрады. «Бізүшкіл» деген шөп екен. Сабағы тек солтүстікке қарап өседі. Хабаршылар мен барлаушылар бұлтты күндері соған сүйеніп бағыт айырады.
–Аспандағы жұлдызға қараушы еді ғой, – деп күңк етті Ізғұт.
Баршын миығынан күлді. Қарақат көздерінде мысқыл ойнап шыға келді.
– Төбеңде үнемі жұлдыз жайнап тұрмайды. Аяғыңның астынан да жол көре білу керек.
Өздеріне ілесе алмай келе жатқаны аздай, қисынсыз сөйлеп болбыраған Ізғұтқа ол салқын қарады. Табиғат тілі, жауынгер жорығынан бейхабар жәутік көретіндей. Қайдан шыққаны, басына не күн туғаны белгісіз жұмбақ бозбалаға іші жылымайтын секілді. Әйтеу тілі бір, қаны жақын өз қағанының жұрты болған соң, Елгүдік те оны көп тектемеді. Өйтуге уақыт та аз.
Ұзамай жауын тоқтап, аспанның бұлты бір жақ шетінен түріле бастады. Екі аяғы шалынысып, дығыры құрыған Ізғұттың басына енді «бұлар неге жаяу» деген ой оралды. Бір кезде алда безілдеп бара жатқан екеу тоқтай қалды. Қарындасын сол жерде қалдырған садақшы құсын иығына қондырды. Оның аузына топтала өскен сындардай бұтаның қызғылт жапырағынан біреу тістетті де, биікке қарай өрледі.
Баршынға зорға жеткен Ізғұт, келе бұратылып отыра кетті. Қыздың түрінен шаршаған белгі байқалмайды. Айналаны сақтана шолып, жалаңаш семсерін айналдырып қояды. Қатты жүрістен бусанған болу керек, бетіне қызғылтым алау тепшіген. Қарақат көздерін жарқ еткізе төңкергенде, бүкіл әлем сонымен бірге аударылып кетердей. Аз демін алған бала жігіт оған ұрлана қарады. Балғын жүрек бір тулап өтті. Аңдаусызда жалт бұрылған қызбен көздері түйісіп қалғанда ғана, тез басқа жаққа бұрылып кетті. Сасқалақтап, ат туралы сұрады.
–Неге жаяусыңдар. Хабаршылар атпен жүрер еді ғой?
Жаны қиналғанда ғана ойына ат түскен Ізғұтқа ол қысқа жауап қайтарды.
–Атымыз өлді. Өзіміз әрең құтылдық.
–Кімнен? Аттарың неге өлді?
Ізғұт бойын жинап, тезірек жүрсін деген оймен Баршын өз жайларын толық айтып берді. Әсілі олар үш адам еді. Бастығы Тоғаты деген қарт хабаршы болатын. Қаған ордасын бейғам қалдыруды ойлаған табғаштар тіл жібермеуді мықтап ескерген. Хабаршылар шыға сала тастүйін сайланған шағын жау жасағы соңдарына түсті. Тауға іліне қуып жеткен. Қарт сарбаз аттары оққа ұшқан екі баланы тауға кіргізді де, өзі тосқауылда қалды. Ары қарай не болғаны белгісіз. Бұлар қашып, ұры жолдармен тауға сіңіп кетті.
– Ізімізге түскен жау көп еді. Олар бізді әлі қуып келері анық. Қолға түссек, табғаштар тірідей кескілейді, – деп сөзін аяқтады хабаршы қыз.
Аздан соң Елгүдік қайта оралды. Құсы жоқ. Ұшырып қоя берген сияқты. Ары қарайғы жолдарында әлгіндей қызыл жапырақты бұталар жиі кезікті. Бұлар ұсақ шоқылы, тал-терек аралас өскен жылға-жықпылы бар өңірмен келеді. Ізғұттың бойы сергіп, дызақ қаққанымен ойы аласапыран. Әлі қанша жүретіндері белгісіз. Екеуіне ілесіп шыдау бір басқа, «арттан қуған жаудың қолына түсіп, арам өлмеймін бе» дегенде тіпті үрейленеді.
Олар қараңғы үйіріліп, түн қоюланғанда кең жылғаны кеуделей келіп тоқтады. Осында, ағаш арасына тынығып алмақ. От жағуға болмайды. Елгүдік тұлыбынан малта құрт пен сірі боп кепкен құйрық май алып берді. Содан жеп, бастаудың суынан ішті де, әрқайсысы бір-бір ағаштың түбіне қисайды. Ізғұттан ұйқы қашқан. «Тірідей кескілейді» деген Баршын сөзі қайта-қайта құлағында жаңғырады. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіпті. Бір кезде шошып оянды. Түсінде көзі қанталаған табғаш оны қылышпен қақ бастан шапқалы жатыр екен. Тынысы жиілеп, денесі қалтырап кетті. Екі жағына алақтай қарап еді, Баршын терекке сүйенген қалпы ұйықтап отыр. Елгүдік жоқ. Орнында тері тұлыбы ғана жатыр. Таң сарғайып қалғандай. Атып тұрған Ізғұт сыбдырсыз барып, тері тұлыпты алды да, жылғадан шығып, безе жөнелді. Аспан ашық еді. Болымсыз желемік қана соғып тұр. Жер құрғаған. Артына жалтақтай қашып, екі нар бұтаның арасынан өте берген Ізғұт оқыс маңдайдан тиген соққыдан көзі жарқ ете қалды. Өкірген қалпы шалқалай ұшып түсті. Жан дәрмен басын құшақтап, бұтаның түбіне қарай тығылды. Аузы тыным таппай, жалынышпен айқайлап жатыр:
– Ағатай, жанымды қиыңдар. Мен хабаршы емеспін, адасып жүрген беюазбын. Өлтірмеңдер мені, өлтірмеңдерші…
–Ей, өлез неме! Үніңді өшір тез, тауды басыңа көшірмей!
Ызбарлана сыбырлап тұрған Елгүдік екен. Ізғұт сүмірейе басын көтерді. Шекесі ісіп шыға келіпті. Елгүдіктің бір қолында садақ, бір қолында тері тұлып. Ол Ізғұтты қоналқа орынға алып келді. Келсе, Баршын жоқ. Садақшы ақырын құйқылжыта ысқырып қалып еді, қыз ағаш басынан «дік» етіп секіріп түсті. Ағасына аспанды көрсетіп, «ұшты» деді. Елгүдік жата қалып, жерге құлағын жапсырды. Содан түрі бұзылып түрегелді. Ашумен кездігін суырып, Ізғұттың кеңірдегіне тақағанда, оның зәресі зәр түбіне кетті. Көзі алайып, дыбысы шықпай қалды. Осы кезде Баршын келіп, ағасының қолынан тартты. Оған қарап, үнсіз басын шайқады. Садақшы амалсыз кері шегінді, «жазаңды барған соң аласың, сатқын» деп, тістене күбірледі. Олар жөнеле бергенде, үстілерінен қанаттары суылдап бір топ құс ұшып бара жатты.
Көп өтпей дүбірлетіп, қуғыншылар да жетті. Үшеу екен. Арқаларында айқастырған қызыл жалаушалары желбірейді. Ұзын найзаларын жалаңдатып, төніп келеді. Осы кезде Елгүдік артына қайырыла тоқтады. Садағы өз бойына жетеқабыл ұзын болатын. Бірақ, адырна мен жақтаудың арасы сондай жақын еді. Енді, жебе салып тартқанда, жаңағы садақ шаңырақтың жарты шеңберіндей болып керілді. Зуылдаған жебе шауып келе жатқан жаудың біреуін мұрттай ұшырды. Қалғандары жырынды екен, садақшының өзге жебелерін шашақты қалқандарымен қағып-қағып тастады. Жетіп келген екеудің ұзын найзаларын Елгүдік пен Баршын дарытқан жоқ. Бірі садақпен, бірі семсермен серпіп жіберді. Бұл кезде Ізғұт бұтаның артына жасырынып, бұғып қалған. Табғаш жасауылдары қайта айналғанда, сумаң қаққан біреуі найзасын тура Елгүдіктің топшысынан қадады. Қапыда қалған садақшы да ақыра айқайлап, найзаны жұла тартқанда, жауы үстіне құлады. Екінші қолымен қарыстай кездігін шапшаң суырған Елгүдік, оны табғаштың кеудесіне бойлатып жіберді. Бірақ, өзі жүрелеп қалды, қайта тұра алған жоқ. Найзаны суырып тастағанда, топшыдан қызыл қан ытқыды. Осы сәт Баршынның кеудесіне мініп алған қуғыншының біреуі оның өз семсерін кеңірдегіне тақап, орып жіберуге таяп бара жатқан. Қыздың «аға» деген жан дауысы шықты. Елгүдік орнынан әрең тұрып, оларға қарай тәлтіректей ұмтылды да, шамасы кетіп, құлап түсті.
Баршынның жан ұшырған дауысы Ізғұттың жүрегіне инедей қадалды. Қарақұсша жарбиған қатыгез жаудың астында қыздың екі аяғы тыпырлап жатыр. Ажал алдындағы жанталас. Ол тағы шырқырап айқай салғанда, Ізғұт орнынан ұшып тұрды. Екі көзі Елгүдік лақтырып тастаған қанды найзада. Жүгіріп соған жетті. Іркілген жоқ. Көз ілеспес тездікпен, дұшпанның ту сыртынан найзаны ұрып жіберді. Табғаш шалқалай керіліп, екі көзі ақшия аунап түсті. Өлім тұзағынан құтылған Баршын тұра сала, ағасына жүгірді. Елдгүдік бір қолымен кездігіне сүйеніп, бір қолымен топшысын басып отыр екен. Енді бір сәт, ағалап жылаған қарындасының көзіндегі жасты сүртті. Баршынның бетіне жас аралас қан жұқты. Жаралы садақшы басын көтеріп, Ізғұтқа қарады. Жүзінде болмашы жымиыс лебі бар. Ишарат етіп, жанына шақырғандай болды. Ол жақын келді. Елгүдік кеудесіне қолын тығып, екі жерден қоңыр таспа бау тағылған бір зат алып шықты. Жып-жылтыр қылып әрлеген ақшулан жарғақ тері екен. Ортасына көк бояумен желке жүні күдірейіп, азу тісі ақсиған бөрінің басы салыныпты. Өрнектің шебер, жанды шетілгені сондай, көкжалдың көзіне қараған Ізғұт сескеніп қалды. Жанарында өкініш пен арман оты кезек алмасқан Елгүдік осы бөрібасы белгіге қимай қарап, недәуір отырды. Сосын оны Ізғұтқа ұсынды. Бар күшін жинап, бір-екі ауыз тіл қатты.
–Мынаны ал, Ғұн Қағанының әрбір ер жүрек, адал жауынгеріне берілетін белгі. «Мәңгі елдікті» мұрат тұтқан қағанаттың ортақ ұраны, өшпес киесі. Қаған жұртының қасиетті таңбасы. Бұл енді саған аманат. Сақта, соған лайық бол!..
Ол әлсіреп кетті. Аузынан қою қан бұрқ етті. Сонда да, бар қайратына сүйеніп әлсіз сыбырлады:
–Қарындасымды да саған тапсырдым. Елге тез хабар жеткізіңдер.
Осыдан кейін Елгүдік еңкейген қалпы бүктетіле берді. Қыршынынан қиылған балапан қарағайдай екі қолы жайыла екпеттей құлап бара жатты. Ізғұт пен Баршын оны оңап жатқызды. Көз жасын үнсіз төккен қыз ағасын құшып, өксіп жатыр. Ал, қолында бөрібас белгісі бар Ізғұттың қабағы қарс түйіліп, көзінен кек ұшқыны шашырады. Осы сәт құлағының түбінен әлдене «су» ете түскен. Садақшының титімдей құсы екен. Қайдан, қалай жеткені белгісіз. Келе иесінің иық тұсына қонды. Көздерінде жасыл сағым ойнап, мойнын тынмсыз толғайды. Елгүдіктің қан жапқан денесін жатырқап тұр. Кенет ат тұяғының дүбірі естілді. Тағы жау күткен Ізғұт шошына жалт қараған еді. Найзаны қолға алып, неге болса да дайындала бастаған. Бірақ, оған Баршын қолын көтеріп, «тоқта» дегендей ишарат білдірді. «Біздің барлаушы екен» деді сосын. Кереге жалы екі жағына жарыла төгілген, күдір мойын қара атты барлаушы лезде келіп қалды. Үсті айқыш-ұйқыш қару. Бетіне бөрі кейіпті бет қалқан киіпті. Көзі ғана жылтырайды. Сондай сұсты. Ізғұт еріксіз бір-екі адым кейін шегініп кетті.
Ол келе аттан секіріп түсті де, Елгүдіктің маңдайына маңдайын тигізді. Жайрап жатқан табғаш жасауылдарын бір шолып шыққан барлаушы, асығыс аттанатындарын айтты. Үшеуі тез қимылдап, Елгүдіктің бетін жасырды. Басына шоқитып тастан белгі жинады. Садақшының құсы енді сол тастардың үстіне барып қонды.
Ағасына қимай қарап тұрса да, Баршын көз жасын құрғатып алыпты. Ол енді тықыршыған қара атқа қарғып мінді. Артына барлаушы мінгесті. Олар дүсірлетіп жөнеле бергенде, Ізғұт найзаға сүйенген қалпы қала берді. Кенет, әудем жер барған Баршын қайта қайырылды. Бұған ат үстінен Елгүдіктің кездігі мен садағын ұсынды.
–Біз кеткен бағытпен бір күн, бір түн жүрсең артымыздан жетесің.
Осыны айтты да, тарта жөнелді. Жөнеле беріп, оған қара көзінің қиығын төңкеріп қалған. Сол қиықтан лап еткен сәуле шумақты жіптей созылып, Ізғұттың кеудесіне маталды. Оның бір ұшы қыз жанарында кетіп барады…
Айнала тастай қараңғы. Қолына Елгүдіктің садағын ұстап, беліне кере қарыс кездігін таққан Ізғұт түн пердесін жамыла жортып барады. Қойнында садақшының кішкентай жыртқыш құсы. Кеудесіне бөрібасы белгіні тағып алыпты. Азу тісі ақсиып, жотасы күжірейген көкжал оны қандай қауіптен де тайсалдырар емес. Бағыт айқын, жол анық. Алда Баршын кеткен із сайрап жатыр. Жүрегіне ерлік пен махаббат оты ұялаған жас оғлан «Мәңгілік елдің» туын көтерген Қаған ордасына қарай қасқая тартып келеді…
6alash ұсынады