Ерлан Нұрдықанұлы: Абыз туралы аңыз

(Ақыт ҮЛІМЖІҰЛЫНЫҢ рухына)


Жеті ықылым тілін ұғып,
Алтын мүйіз бұғы мініп,
Асқар-асқар таудан асқан абызым.
Ақша бұлтқа араласқан абызым.
Симас еді ақбас нарға артсам да,
Алпыс томға арқау болар аңызың.

Кербұғысын есінетіп,
Мұң мұхитын кешіп өтіп;
Зар заманда зар илеген абызым.
Көкірегін бесік етіп,
Әз ғаламды әлдилеген абызым.
«Оян, дала!»...
От бүріккен әз үнің,
О, абызым, сол ма сенің жазығың?!

Қасиетті қара тілмен,
Аққулардың қанатымен,
Су бетінде дұға жазған абызым.
Жеті жұртқа құлағы озған абызым.
Топырақтан салмақты, жапырақтан да нәзігім.
Хор қызына тақтың ба екен тана қып,
Қабырыңа тамшылаған қаз үнін.

Алтын сандық десе жөн-ау,
Кеудесі кен кешегі анау,
Абыздардың тұяғысың, әулием!
Аңыздардың қиялысың әулием!
Берекенің бесігі едің дауға ие,
Ақ бетіңе жақты сенің жау күйе.

Қара қазақ баласына,
Қараңғылау даласына,
Көкжал ата, көкірегің ауырды-ау,
Атар таңға санаң ұзақ сарылды-ау.
Теңізден де терең қайғың,
Жанеде

Топырақтан да ауырлау.

Жаты ықылым тілін ұғып,
Желден жүйрік бұғы мініп,
Жерді шарлап жүрсің ата әліге,
Ұлы рухың ұласады әріге.
Сақалыңнан тамған салқын тамшыдай,
Селіт етмін әр сөзіңнің дәміне.

Тарлан тарих таңдайында,
Маңғаз қазақ маңдайында,
Жарқырайды жасыл жырың – жаһұтың.
Аңыз – атың...
Абыз ақын, ақытым!!!
Көз жасына илеп арман, тілегін
Халқың саған сыйлады алтын тахытын.


1
Ақыт деп атым қалды,
Асыл кітап...
Ақыйық мұң!
Қанмен жазған хатым қалды,
Қатпарында тариыхтың.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

2

Тілі Найзағай шатырлаған,
Тісі тиірмендей шақырлаған,
Көзінен ажал оты лапылдаған,
Бұл-ақырзаман.

Ақырды ібіліске:
Қайда,
Аққу тағдыр, ақын ғалам?!
Шақыр маған!!!

Қара жер қақырап қаһарлы дауыстан,
Тозаң боп топырақ, қақбақ боп тау ұшқан.
Күн түнге ауысқан.

Аққайың шаштары шашылып,
Кетті кесәпәт тырнақта.
Көлдердің көрпесі ашылып,
Балықтар тулайды құрғақта.

Ап келді ақынды –
Такаппар.
Тым нәзік...

(ұл ғой бұл даланың тағдырын жырлаған)
Бақа-шаяндар басына ін қазып,
Қолын жыланмен шырмаған.

Ажал.
Сақ-сақ күледі
Тауды тауға ұрып.
Ақсыйып қанжардай ақ тісі.
Ғазал...
Ақ мамық қанаттан ақ нөсер жаудырп,
Жетті бір жақтан ғайыптың ақ құсы.

3

Ақ құс... 
Сені сүйемін,
Тағдырым тамырлас аққумен,
Ән-жырым сарындас гәккумен.
Ақ түс...
Сені сүйемін.
Ақпын мен!

Ақ мамық қанаттан ақ лағыл ән тарап,
Абыз ақынды ақ құс арқалап
Ұшады.
Хұсыни құс әні...
Құдайдай мерірбән құрлықтың құшағы,
Жасыл шар жайылған тірліктің нышаны.

Таулар мәңгі асқақ,
Батыр бабасы;
Жатыр жамбастап
Жаралы даласы.

Мұңлы әнге басады бұлақ бір,
Беймағлұм бұлақ па, жаңбыр ма?
Төрт жетім еңіреп жылап тұр,
Ақынның алдында.
Жетімдер:
Көктем... 
Жаз... 
Күз...
Қыс...

Таулар мәңгі асқақ,
Батыр бабасы.
Жатыр жамбастап,
Жаралы даласы.

Ғазал:
Қураған кекілдері,
Даламның жетімдері.
Ғаламның жетімдері!
. . . . . . . . . . . . . . . . .

4

Тар есік, тас бесік.
Тағдыры!  

...Көзін сүрт көгілдір таң нұры,
Бетін жу, ей, көктем жаңбыры.
...Адамның тағдыры,
Заманның тарлығы...
Барлығы –
Аққу тағдырлы ақынның зар-мұңы.

Ақынның көзінде,
От шашқан орасан ыза бар.
Көбелек қонады көзірге,
Ғайыптың періште қызы олар.

Ақиқат туындай
Ақ Жібек сақалы,
Сол аппақ сақалдан
Тамшылап, тамшылап,

тамшылап жатады:
Тәңірдің мақамы...
Мамырдың мақалы... 

Бес уақ намаз –
Бес аққу адасқан.
Қонарға жері жоқ,
Қоғалы көлі жоқ,
Бесігі – қара аспан.

Табыттар, табыттар, табыттар...
Тас сандық!
Ажал анталап қарайды есіктен.
Телміріп тұр жетім бостандық,
Тебеннің көзіндей тесіктен.

Бусанған атырап,
Жап-жасыл жапырақ,
Сап-сары сағыныш,
Ақ мамық атырап...

Елестеп төрт маусым бәрі де,
Бастайды-ау сұлулық әніне.
Көзіне жас байлап,
Көңіліне тас байлап,
Тамсанған тамбиғат дәміне... 
Жүгінген шариғат мәніне...

Даланың тағдырын,
Ананың зар-мұңын,
Толғайды барлығын –
Қан жұта қамығып.
Көктемнің жаңбырын,
Көгілдір таң нұрын,
Сағынып...

Қыс келіп
Аяғын құшақтап,
Көктем кеп
Таяғын құшақтап,
Күз келіп
Мойнына асылды...
Жаз келіп
Жас болып шашылды...

Төрт маусым – төрт жетім қаралы,
Искейді бәрінің басынан.
Бәрінің жүрегі жаралы,
Мұң исі аңқиды шашынан.

5

Ғазал:
Ғаламды саған тапсырдым, алла,
Даламды саған тапсырдым, алла,
Ақ сақалыммен ақ сайтан ойнаған,
Заманды саған тапсырдым, алла!
Ұясы өртенген балапандарым,
Баламды саған тапсырдым, алла.
Ұждан бер ұлға, ұят бер қызға,
Ұрпақтың ісін бастырғын алға...

Нағылдым, алла?
Нағылдым, алла!
Ишандым саған, табындым арға... 
Тас бесікке таңылдым, алла,
Тар есікке аңырдым, алла.
Тіземді бүгіп, маңдайым тыйген
Топырағымды сағындым, алла... 

Топырағыма тәнімді бөле,
Ақиқат нұрына жанымды бөле.
Ахырет етіп бермедің, алла,
Ағарып атқан таңыңды неге...

Кәріліктегі ғарып сапарымды,
Аяқтар болдым.
Құп алсаң деймін –
Жайнамаз етіп жайып сақалымды,
Жаназамды өзім шығарсам деймін...

6alash ұсынады