Қазақстанда Туризмнің дамымауындағы 10 себеп

Туризм – мемлекет жарнамасы. Қазіргі таңда дүниежүзілік сипат алып отырған бұл сала тек табиғатпен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен, салт-дәстүрдің даралығымен де ерекшеленіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның орта Азияның туристік шаңырағына айналуына еш қиндық жоқ еді. Бірақ біз сол деңгейге жете алмай отырмыз. 


Біріншіден, Қазақстан Үкіметі туризмді дамыту жоба-жоспарын жасағанымен, еліміздегі туристік орындардың көбінің шарт-жағдайы көңілдегідей емес. Бәрі маусымдық сипатты саяхаттың шеңберінен шыға алмайды.
Екіншіден, туризм үгіті тебінсіз. Еліміздің көркем жерлерін таныстыр­ған бірер фильмнен басқа, туристік орындарды, туристерге жасалатын қолайлылықтарды таныстыратын ақпарат жоқтың қасы. Ғаламтордың өзінде туристерге Қазақстанның туристік жерлері туралы біліп, танысуларына мүмкіндік жасалмаған. Қызығушылық тудыратындай айтылып, жазылып, көрсетілмеген соң шетелдік турист түгіл, қазақстандықтардың өзі Отанымыздың әсем жерлеріне саяхаттап бармайды. Қазақстанда тұрып, Қазақстанның туристік орындары туралы білмейтін отандастарымыз да аз емес. «Біз шетелдің туристік компанияларымен байланыстамыз. Өкінішке қарай, олардың бәрі «сендерде туризм дамымаған, Қазақстанның туризмі туралы жұрттың көбі білмейді» деген ортақ уәж айтады. Бұл – шындық. Бірнеше каналдарда туризм үгіті жасалды, бірақ ол туристердің назарын аударатындай әсерлі емес. Демек, бізге үгіт, жарнама жетіспейді» деді «QTrih» туристік компаниясының басшысы Алма Бермағамбетова.


Үшіншіден, қазақстандықтардың туризмге деген түсінігі басқаша. Біздің азаматтарымыздың көбі Қазақстан территориясы ішінде ел көріп, жер көргенді саяхат санамайды. Мүмкіндігі жетсе, шетел асып саяхаттау санасына сіңген. Оның үстіне, табатын табысымен санағанда қазақстандықтар үшін туристік өңірлердің бағасы қымбат. Осыдан барып елімізде «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барған тиімді» дейтін көзқарас қалыптасқан. Азаматтарымыздың көзқарасындағы мұндай сыңаржақтылық ішкі туризмнің дамуына тұсау болып қана қоймай, ақшаның шетелге ағылуына да себеп болып тұр. «Дубайға 150 мың теңгеге 3 күнге барып келуге болады. Бірақ бұл ақшаға Бурабайдан 3 күнге қонақүй ала алмайсың. Өйткені Бурабайда 5 жұлдызды қонақүйдің бір күндік бағасы – 76 мың теңге. Əрине, Дубайда да бес жұлдызды қонақүйдің бағасы қымбат. Бірақ 150 мың теңгеге шетелде демалған қандай, Бурабайда демалған қандай?!». Жұрт осылай есеп соғады. Сосын да «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барған тиімді» деген көзқарас қалыптасқан» деді Алма Бермағамбетова.
Төртіншіден, соңғы кездері салынған жолдарды есепке алмағанда, Қазақстанның көп өңірлерінде жол нашар. Автобустары өте көне, жаз айларында пойыз билеті жетіспейді. Ұшақ билеті қымбат.
Бесіншіден, туристердің Қазақстанның әр облысындағы кө­рікті орындарын тез әрі ұтымды жолмен аралап шығуына тиімді саяхат жобасы жасалмаған. Әр облыс, аудан, қалалардың туризмге арналған ортақ жобасы жоқ. Туристердің көбі естіген, білген жеріне барып қана қайтады.
Алтыншыдан, Қазақстанның туристік орындары шетелдік турис­терді көптеп қабылдауға әлі дайын емес. Қонақүйлер жетіспейді, танымал саяхат орындарынан салынған қонақүйлердің бағасы шетел саяхатшылары үшін арзан болғанмен, бұл бағаны кез келген қазақстандық саяхатшылардың қалтасы көтере бермейді.


Жетіншіден, туристік орындардың инфрақұрылымдары кемелсіз. Мәселен, атағы әлемге айгілі Шарын шатқалында жібі түзу дәретхана жоқ. «Дүние жүзіне әйгілі Шарын шатқалында дұрыс дəретхананың болмауы кішкентай мәселе сияқты көрінгенімен, бұл Қазақстанның туризм саласына қаншалық көңіл бөліп отырғандығының бір дәлелі деп ойлаймын. Тақтаймен шегелеп жасап қойған дәретханалардың іші өте лас» деді «Алтын көпір» халық­аралық саяхат серіктестігінің директоры Амантай Тұрсынұлы.
Сегізіншіден, саяхатшыларға жол бастап, туристік орындардың басты ерекшелігін түсіндіретін туризм нұсқаушылары аз. Бар болса да, білімі, тіл қабілеті төмендеу. Кейбір орындар туризмге қызмет етудің маңызды буыны саналатын бұл түйінді ескерусіз қалдырған. Мәселен, жақында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасадым. Билет алып есіктен енген соң, қайда барарымды білмей, қайта барып, нұсқаушы сұрадым. «Оған қосымша ақша төлейсіз» деп ешқандай ұлттық немесе қызметтік киім кимеген 4-5 жігітті нұсқады. Уақыты шыға қалса саяхатшыларды бастап, ақша табатын делдалдар секілді. 2000 теңгесін беріп, ертіп жүрдім. Міне, бұл да Қазақстандағы туристерге қызмет ету саласының кенжелігінің көрінісі. Негізі, кірер билеттің бағасын жоғарылатып, кесене ішіне арнаулы нұсқау­шылар қойса, туриске де, жергілікті Үкіметтің қазынасына да пайдалы болар еді. «Түркістанда туризм саласы әлі дамымаған. Мәселен, біз қабылдаған туристер Түркістанға баратын болса, біз нұсқаушыны өзіміз қосып беруге мәжбүрміз. Себебі Түркістанда бірнеше тіл білетін нұсқаушы (гид) жоқ. Ал Үндістанның Тадж-Махалында қандай тілде, қандай нұсқаушы алам десеңіз де дайын. Өкінішке қарай, біз қазір ол деңгейге жете алмай тұрмыз» Алма Бермағамбетова. Ол да Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кірер билетін қымбаттату керек деп есептейді. «Бағаны көтеру арқылы сол тарихи орынды қорғауға қажетті қаржыны шығару керек. Үкіметтің берген қаржысына ғана сүйену туристік орынды кемелдендірудің бірден-бір қажетті шарты емес» деді ол.

Тоғызыншыдан, Қазақстанның визасын алудың қиындығы да шетел туристерінің жолын кесіп тұр. «Қазақстанның визасын алу өте қиын. Электронды виза беру жұмысы биылдан бастап атқарылмақ. Бірақ бұл әлі кемелденіп, толық қолданысқа енген жоқ. Қазақстанның визасын ала алмаған соң, елімізге келгісі келетін туристер де шарасыз­дықтан шетелге кетіп жатыр» деді Алма Бермағамбетова.
Оныншыдан, Қазақстанда «Туризмді дамыту» туралы көп айтылып, министрліктерде жоспары жасалғанымен, нақты атқарылып жатқан жұмыстар мардымсыз. Сөз бар, нақты нәтиже жоқ. Туризм табысының үлкен бөлігі жергілікті бюджетке түскенімен, жергілікті басқару органдарының туристік қызметті басымдық деп танымауы аталған саланың дамуындағы тежеуші факторы болып отыр.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

6alash ұсынады